Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты



Дата13.07.2016
өлшемі235.18 Kb.
#195807
Етістік

  1. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты.

  2. Етістіктің түбірлері: негізгі және туынды түбір, біріккен, қосарланған, тіркесті түбір етістіктер.

  3. Етістік түбірдің семантикалық ерекшеліктері:

а) бұйрық райдың ІІ-жағымен сәйкес келуі;

ә) етістіктің түбір тұлғасында қолданылу сипаты;

б) етістік түбірдің жіктелу ерекшеліктері.

4. Негізгі және көмекші етістіктер.

5. Аналитикалық форманттар.

6. Күрделі етістік. Тіркесті түбір етістік. Етістіктің аналитикалық формалары.

7. Сыпат мәні.

8. Қалып етістіктерінің ерекшеліктері.



Әдебиеттер:

  1. Исаев С.М. «Қазіргі қазақ тілі» (морфология) курсы бойынша теориялық және практикалық сабақтың мазмұны (мет. құрал). А,2003. 81-85-б.

  2. Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. А,1966. 8-32-б.

  3. Исаев С.М. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. А,1992. 120-128-б.

  4. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А,1974. 233-241-б.

  5. Қазақ тілінің грамматикасы. І Морфология. А,1964. 124-154-б.

Белгілі бір сөз табының лексика-грамматикалық сипаты дегенде, алдымен, лексикалық мағынасының жалпылануы негізінде пайда болатын жалпы грамматикалық мағынасы, екіншіден, грамматикалық түрлену жүйесі яғни сөйлеу процесінде пайда болатын таза грамматикалық мағыналар мен оны білдірудің парадигмалық формалар жүйесінің жиынтығы, үшіншіден, сол топқа тән сөйлемдегі синтаксистік қызметі негізге алынады. Яғни белгілі бір сөз табының лексика-грамматикалық сипаты сөздерді таптастырудың негізгі үш приципіне негізделеді. Осы жағынан келгенде етістік те өз алдына жеке сөз табын құрайды.



Етістік – сөз таптарының ішінде ең көлемді де күрделісі болып саналады. Етістіктің ең күрделі сөз табы екендігі оның лексика-семантикалық ерекшелігінен, түбір тұлғасы мен оған үстелетін грамматикалық формалардың қат-қабаттылығынан, грамматикалық категориялардың әр-түрлілігінен, жаңа сөз жасау жүйесінен, қолданылу аясынан, сөйлемде атқаратың синтаксистік қызметінен, т.б. лексика-грамматикалық қасиеттерінен байқалады. Етістік зат есім секілді көне (сөз табы), басқа сөз таптарын жасауға негіз болған сөз табы.

Етістік семантикалық жағынан тілімізде қимылды, іс-әрекетті, процесті, әр-түрлі өзгеріс, құбылысты білдіретін сөздер болып табылады.

Кейбір еңбектерде етістікке «қимылдың немесе қимыл түрінде өтетін түрлі процестердің атын білдіретін сөз табы» (Маманов. ҚҚТ. 8-б.) деген анықтама беріледі. Дұрысында, «етістік қимылдың атын емес, нақ өзін білдіреді, қимылдың атын етістіктің кейбір тұлғалары ғана (қимыл есімі немесе тұйық етістік) білдіреді. Етістіктің семантикалық өрісі кең. «Оның себебі,-дейді А.Ысқақов, - ол семантика тек субъектінің іс-әрекетін ғана емес, табиғат ауқымында, қоғам өмірінде ұшырасатын, адамның абстракты ойы мен санасы арқасында туатын неше алуан амал, әрекет, іс-қимыл, қозғалыс, жай, күй, сияқты процестерге қатысты ұғымдарды түгел қамтиды. Етістіктің осы бай семантикасы, оның түр-түрі, қашан да болсын, мезгіл я шақ ұғымымен ұштас болады». (ҚҚТ,233). Етістіктерді іштей мағыналық, функциялық сипатына қарай бірнеше топтарға бөлуге болады. Мысалы: А.Ысқақов оларды: амал-әрекет етістіктері, қимыл-қозғалыс етістіктері (ауна, аудар, жылжы), қалып-сапа етістіктері (жат, тұр), ойлау-сөйлеу етістіктері (айт, жатты), өсу-өну етістіктері (балала, гүлде), бағыт-бағдар етістіктері (бар, кет, әкет), көру-есту етістіктері, мінез-құлық етістіктері деген сияқты топтарға бөлсе (ҚҚТ, 235) академиялық грамматикада:


  1. Объектімен тікелей байланысты іс-әрекетті білдіретін етістіктер: (же, іш, майла, жүр, көр, оқы) т.б. сабақты етістіктер.

2. Субъект қозғалысын, беталыс, бағытын болатын етістіктер: (кел, кет, түс, шық, жина, тара, тарқа).

3. Субъектінің қалпы, сапалық өзгеру процесімен байланысты айтылатын етістіктер: (ұйықта, оян, азай, көбей).

4. Бейнелеу етістіктері: (едірей, жыми, ырсылда, қызараңда, сайра)

5. Ішкі объектілі салт етістіктер: (құлында, гүлде). (ҚТГ, 127-128).

Етістіктер басқа да мағыналы сөз топтары сияқты түбір күйінде де, әр түрлі грамматикалық тұлғаларда да қолданылады деп жүрміз. Бірақ етістіктің осындай түр-тұлғаларының қолданылуында бірден сырт көзге іліне бермейтін ерекшеліктер бар. Ең алдымен ол ерекшелік, С.М.Исаев көрсеткендей,- етістіктің түбір тұлғасының лексика-грамматикалық сипатымен байланысты. Қазіргі қазақ тілінде етістіктің түбір тұлғасы сырт қарағанда етістіктің кейбір грамматикалық категорияларының формаларымен, атап айтқанда, бұйрық райдың жекеше ІІ-жақ анайы тұлғасымен сәйкес келеді. Сондықтан да қазақ тілінің грамматикасында, етістіктің түбір тұлғасына қимылды білдірумен бірге осындай грамматикалық мағыналар, яғни бұйрықтың және ІІ жақ анайы жекешелік мағына тән көрсетіледі де, «етістіктің түбірі – бұйрық райдың екінші жағы» деп анықталады. (Төлеуов, Сөз таптары. А,82-72).

Төлеуов: «Етістіктің морфологиялық белгілері мынадай: етістіктің түбірі ІІ жақ бұйрық райы болады да, оның басқа түрлері осы формасына қосымшалар қосылу арқылы жасалады. Яғни оның морфологиялық категориялары бұйрық райдан өрбіп жатады»,- дейді (Т,72).

Демек, ІІ жақ бұйрықтық мағына деген ұғым мен етістіктің түбірі бір ұғым болып түсіндіріледі.

Бұл анықтама бойынша етістіктің түбірі деген ұғым мен бұйрық райдың жекеше ІІ жақ формасы деген ұғым бір де, бұйрық рай етістіктің грамматикалық түрлену жүйесінің бір көрінісі емес, түбірге ғана тән семантикалық-грамматикалық сипат деген қорытынды туады. Ал дұрысында, профессор С.М.Исаев көрсеткендей, біріншіден, бұйрық райдың жекеше ІІ жақ формасында тұрған етістіктің бәрі бірдей түбір бола бермейді: сен кел, оқы дегендерді түбір деп танысақ, ал келтірме, оқытқызба дегендерді де түбір деп тану керек, екіншіден бұрықтың мағына түбірге тән грамматикалық мағына болса, яғни, ол грамматикалық түрлену формалары арқылы берілмей, түбірде әуел бастан бар және грамматикалық мағына болса, осы тұлғаның үстіне қосылған түрлену формаларында жұмсалғанда да, ол мағына сақтала беру керек, бірақ қимылдық мағына сақталады да, бұйрықтық мағына сақталмайды: келгенмін, оқыпсың т.б. дегенде ешбір бұйрықтық мағына жоқ. Демек, ІІ жақ бұйрық мағына түбірдің емес, етістіктің арнайы түрлену жүйесінің бір көрінісі болып табылатын таза грамматикалық мағына. Үшіншіден, ІІ жақ бұйрық мағына түбірге тән болса, арнайы грамматикалық формалары бар ІІ жақ сыпайы (сіз келіңіз) және көпше түрдегі бұйрық рай тұлғалары (сендер келіңдер) қайда кірмек? Төртіншіден, рай категориясы етістіктің грамматикалық түрлену жүйесіндегі таза грамматикалық категориясы, ол түбірден бүтіндей бөлек, ал бұйрық рай рай категориясының бір түрі ғана. Бесіншіден, етістіктің түбірі тікелей жіктелмейді, ал ІІ жақ бұйрық рай тұлғасы – жіктелудің бір грамматикалық, парадигмалық көрінісі болып табылады.


Етістік түбірдің грамматикада көрсетіліп жүрген бір ерекшелігі – олардың тікелей жіктелмеуі. Ал, бұйрық рай ІІ жағы жіктелу үлгісінің бір көрінісі, яғни сөйлеу процесі нәтижесінде пайда болатын грамматикалық мағына. Мұның өзі етістіктің түбірі - бұйрық рай ІІ жағы деген анықтаманың қате екендігін, етістік түбірі басқа сөз таптары түбір сияқты жеке тұрып қолданыла алмайтынын көрсетеді. Ы.Мамановтың «Түркі тілдерінде түбір етістіктер ешқашан басқа сөздермен тіркеске енбейді де, сол күйінде дербес сөйлем мүшесі бола алмайды. Етістіктер есімше, көсемше, қимыл есімі, рай формаларымен түрленгенде басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа еніп, сөйлем мүшесі қызметінде жұмсалады», деген пікірінің орынды екенін байқаймыз (М. ҚҚТ. -1-т 65-б).

Демек, етістіктің түбір тұлғасы қимылды, іс-әрекетті, процесті т.б. білдіреді және ол – етістіктің жеке сөз табы ретіндегі жеке тұрғандағы семантикалық белгісі, негізгі және грамматикалық мағынасы, ал бұйрық рай ІІ жағы – сол етістіктің сөйлеу процесінде басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсудің нәтижесінде пайда болатын грамматикалық нольдік форма арқылы көрінетін түрлену мағынасы, яғни категориялық мағынасы болып табылады.


Мен бар + айын Біз бар + айық

Сен бар Сендер бар + ыңдар

Сіз бар + ыңыз Сіздер бар + ыңыздар

Ол бар + сын Олар бар + сын



Негізгі және көмекші етістіктер
Етістік сөйлемде негізгі мәнде де, көмекші мәнде де қолданылады. Жеке тұғанда лексикалық мағынасы бар түрін немесе күрделі етістіктің негізгі мәнін білдіріп тұратын сыңарын негізгі етістік, күрделі етістіктің негізгі мәнін емес, грамматикалық мәндерін білдіретін сыңарын көмекші етістік деп атайды. Көмекші етістіктің мәнді, мәнсіз (Ы.Маманов) немесе толымды, толымсыз (Ысқақов) түрлері болады.

Мәнсіз етістіктер – е, ет, жазда, де.

Мәнді көмекші етістіктер: өз алдына лексикалық толық мағына білдіретін, дербес сөйлем мүшесі қызметін атқара алатын түбір етістіктер тұлғасындағы атауыш сөздер (барып келгелі, үре бастады).

Толымды көмекші етістіктер: ал, бар, бер, баста, бақ, бол, біт, жатыр, жүр, жөнел, жібер, кел, қал, таста, тұр, шық, қыл, ет (259. Ысқ.. ҚҚТ).

Толымсыз көмекші етістіктер: е (еді, екен, емес). Бұл көмекшілер өздері тіркескен сөздерге ешқандай да лексикалық мағына я реңк үстемейді, тек грамматикалық мағына ғана жамайды.
Аналитикалық форманттар.
Аналитизм – (гр.analysis – ыдырау) деген мағына береді. Сөздің аналитикалық формасы негізгі сөз бен көмекші сөздің тіркесінен жасалады. Сөздің аналитикалық формасының құрамына енетін негізгі сөз негізгі морфемаға (түбірге) барабар қызмет атқарса, көмекші сөз әр түрлі көмекші морфемаларға, яғни аффикстерге ұқсас қызмет атқарады. Мысалы: келе жатыр деген тіркесте негізгі лексикалық мағынаға ие болып тұрған сөз - келе етістігі, ал жатыр етістігінің дербес лексикалық мағынасы бұл тіркесте сақталмаған, ол көмекші морфемаларға ұқсас мағынаға ие болып, соларға тән қызмет атқарып тұр. Белгілі бір сөздердің тіркесінің сөз тіркесі емес, аналитикалық форма болу үшін, оның белгілі бір грамматикалық категориялардың мағынасын беруі керек.

Аналитикалық етістік я аналитикалық тұлға болу үшін, дейді А.Ысқақов,- біріншіден, негізгі етістік, екіншіден, оған қосылатын дәнекер форма, үшіншіден, көмекші қызметін атқаруға тиісті тағы бір етістік қатысуы керек. Аналитикалық етістік кемі осындай 3 компоненттің тіркесуі арқылы жасалады.

Аналитикалық етістік грамматиканың семантикасын білдіріп, оның көрсеткіші есебінде қызмет ететін соңғы екі бөлшегі – көсемше жұрнағы мен көсемше етістік - мағына жағынан да, қызметі жағынан да дәйім бірлікте жұмсалады да бір ғана форма ретінде қызмет етеді. Бұл грамматикалық форма аналитикалық қосымша я аналитикалық формант деп аталады.

Аналитикалық форманттың І компонентінің есебінде көсемшенің й (а, е), ып, (іп, п) жұрнағы қызмет етеді де, екінші компоненті ретінде толымды көмекші етістік жұмсалады.

Әрбір аналитикалық форманттың өзіне тән мағынасы бар:

1. – п, ал – форманты негізгі етістікке жалғанғанда субъект өзге істі қол тұрып, я басқа іске көшпей тұрып, әрекетті әуелі өзі үшін жүзеге асырып алуды қалайтындай мән үстейді: көріп ал, жұлып ал, сыпырып ал, жуынып ал, сөйлесіп ал.

й ал форманты сол амалды жүзеге асыру я орындау мүмкіндігін білдірерліктей

реңк жасайды. Мысалы: үйден шыға алмадым, бітіре аласың ба?

2. – п бар – амалдың бірте-бірте я үдеуін, я бәсеңдеуін білдіретіндей реңк үстейді. Мысалы: кетіп барады, тасып барады, бітіп барады т.б.

й бар амалдың мақсатын не одан жол-жөнекей істелетін амалды білдіреді. Мысалы: ала бар, қарай бар, сұрай бар.

3. – п бер амалдың бөгде адам үшін істелетінін көрсетеді. Мысалы: айтып бер, жазып бер, алып бер.

й бер амалдың тоқтаусыз жүзеге асуын білдіреді. Мысалы: жаза бер, ала бер,көре бер.

4. -п кел -й кел

өсіп келеді қорыта кел

көркейіп келеді сөйлей кел

5. -п сал -й сал

айтып салды ала сал

шығарып салды жаза сал

6. -п кет -й кет

қалғып кетті қисая кет

үсіп кетті құлай кет

Толымсыз көмекші етістіктер де аналитикалық форманттар жасауға қатысады:

– ып еді (айтып еді) – са игі еді (айтса игі еді)


  • қан еді (айтқан еді) – ушы еді (айтушы еді)

  • атын еді (айтатын еді) – а жатқан еді (бара жатқан еді)

  • ар еді (айтар еді)

Көмекші етістіктің қатысымен күрделі өткен шақ категориясын жасайтын мынадай аналитикалық форманттар қалыптасқан:

-ған екен (барған екен).



  • атын екен (баратын екен)

  • ады екен (барады екен)

  • са екен (барса екен)

  • ар ма екен (барар ма екен)

  • мақшы екен (бармақшы екен)

  • а жатыр екен (бара жатыр екен)

  • ып жатыр екен (барып жатыр екен)

тұр, жүр, отыр – арқылы (сөйлеп тұр екен).
Күрделі етістіктер қазақ тілінде өте көп қолданылатын формалардың бірі болып табылады. Олар құрамына және грамматикалық мағынасына қарай үш топқа бөлінеді: (ҚТГ, 155)

  1. Есімдер мен еліктеуіштердің көмекші етістіктермен тіркесуі арқылы жасалатын тіркесті түбір етістіктер: жек көру, таң қалу, ер жету, құр қалу, тарс ету, гүрс ету. Күрделі етістіктің бұл түрі ешқандай грамматикалық үстеме мағына білдірмейді де, лексикалық единица есепті қолданылады. Сондықтан да бұл форма сөз тудыру категориясына жатады.

  2. Еді көмекші етістіктің тіркесуі арқылы жасалатын күрделі формалар: оқыған еді, көрген еді.

  3. Көсемше тұлғасындағы етістікке көмекші етістіктің тіскесуі арқылы жасалатын формалар: оқып шыққан, келе жатыр. Күрделі етістіктер құрамындағы негізгі етістіктің мағынасына қарай «Қазақ тілінің грамматикасында» үшке бөлінген:

а) кесімді күрделі етістік.

ә) босаң күрделі етістік.

б) бейімді күрделі етістік.

Ал, Ысқақов оқулығында «Қалау мәнді күрделі етістік» түрі қосылған (63-б)

1. Кесімді күрделі етістіктердің алдынғы негізгі сыңары өткен шақ көсемше формасында жұмсалады, бұл тіркес іс-әрекеттің тиянақты кесімді түрде өтетінін білдіреді: (жеп қой, алып қой, айтып қой).

2. Босаң күрделі етістіктің алдынғысы келер шақ көсемше формасында жұмсалады да, бұлар қимылдың, іс-әрекеттің арнайы емес, жол-жөнекей, екінші бір іспен байланысты өтетінін білдіреді: ала кел, айта бар, кіре шық.

3. Бейімді күрделі етістік мақсатты келер шақ көсемше формасының (-ғалы, -гелі) қалып етістігімен тіркесуі арқылы жасалады: шығарып салғалы келіпті, құлағалы тұр.

4. Қалау мәнді күрделі етістік: ғы/гі, қы/кі форманты арқылы жасалады: барғым келеді, айтқысы келеді т.б.



Сыпат категориясы.

Қимылдың өтуі, ағымы, мезгілмен өлшенгенде, әр түрлі болады: тез, баяу, ұзақ болуы мүмкін. Мысалы: су қайнады, су қайнап жатты, су қайнап кетті. Бұлардың үшеуі де қимылдың өткен шақта болғанын білдіргенмен, бұлардың арасында семантикалық айырма бар.

Қимылдың осындай өту шегін, ағымын білдіретін етістіктің формасын сыпат категориясы дейміз. Сыпат категориясы 2-ге бөлінеді: созылыңқы және аяқталған сипат.


  1. Қимыл ағымы процесс түрінде өтетіндігін білдіретін етістік формасы созылыңқы сыпатқа жатады. Ол көсемше формалы сөздің қалып етістіктермен тіркесуі арқылы жасалады.

  2. Аяқталған сыпат – қимылдың, іс-әрекеттің ағымы мен өту шегінің аяқталғанын көрсететін етістіктің бір түрі. Ол көсемше формасының көмекші етістіктермен тіркесуі арқылы жасалады: қал, қой, таста, шық, сол, жібер, кет, бол, бер т.б: айтып шықты, жеп қойды, ашып тастады т.б.

Қалып етістіктің ерекшеліктері.

Амал-әрекеттің, қимылдың белгілі бір қалпын білдіретін етістіктер қалып етістіктер деп аталады. Оларға жатыр, жүр, тұр, отыр етістіктері жатады.

Біріншіден, бұл етістіктер, негізгі етістік есебінде қолданылады: ол отыр, ол әнгіме айтып отыр.

Екіншіден, бұлардың лексикалық мағыналары басқа, көмекші етістік ретінде аналитикалық формант құрағандағы беретін реңктері де әр түрлі.

Үшіншіден, қалып етістіктері жіктік жалғауды тікелей қабылдап, нақ осы шақ қызметін атқара береді.

Төртіншіден, тіліміздегі өзге етістіктерге етіс жұрнағы қосыла береді, ал қалып етістігінен өзге етіс форманты жасалғанымен, өздік етіс жасалмайды.

Бесіншіден, тіліміздегі басқа етістіктің негіздеріне толымсыз көмекші етістіктер тіркеспейді, ал қалып етістіктері негізіне тіркеседі: тұр еді, жүр еді. (Ыс.271-272)

Қазіргі тілімізде тек қалып етістіктері тікелей жіктеліп қолданылады. Жіктелуде ІІІ-жақ жіктік тұлғасы мен бұйрық райдың ІІ-жақ тұлғасы сырттай сәйкес келеді: ол тұр, - сен отыр, тек «жатыр» етістіктері ғана ІІІ-жақта «ол жатыр» болып, бұйрық райда ІІ-жақта ғана «сен жат» болып беріледі.

Қалып етістік есімдерше жіктеледі де, ІІІ жақта формасыз қолданылады. Қалып етістіктің бұндай ерекшелігі түбір тұлға емес екендігінен болып тұр. Қазіргі кезде түбір деп танылып жүргенмен, олар етістіктің белгілі формалары негізінде қалыптасқан да, онда сол формалардың грамматикалық қасиеті қалып қойған. Жатыр етістігінің «жат» түрінде қолданылуы оның түбір емес екендігін көрсетеді. Сондай-ақ отыр етістігі ол тұр – ол тұрұр тұлғасынан қалыптасқандығы белгілі. Ал тұр мен жүр де, етістіктің тұрұр, жүрүр тұлғаларынан қалыптасқан, кейін соңғы –ұр, –үр қосымшалары түсіп қалғанмен, оның грамматикалық қасиеті – процессуалды мәні сақталып қалудың нәтижесінде қалып етістіктері осындай ерекшеліктерге ие болған.Қалып етістіктері, бір жағынан, нақ осы шақтың көрсеткіші ретінде жұмсалса, екінші жағынан қимылдың, іс-әрекеттің өту сипатын білдіруге бейім тұрады. Көмекші етістік ретінде негізгі етістікпен тіркескенде сыпат мәні анық байқалады: бара жатыр және барып жатыр, келе жүр және келіп жүр т.б.
2 лекция Етістіктің лексика-грамматикалық

категориялары.


  1. Етістік категорияларының ерекшеліктері, түрлері.

  2. Салт етістік пен сабақ етістік.

  3. Салт етістіктің сабақтыға, сабақты етістіктің салтқа айналуы.

4.Етіс категориясы, мағыналық және тұлғалық сипаты.

А)негізгі етіс проблемасы;

ә)етіс түрлері.

5.Болымды және болымсыз етістік.



Әдебиеттер:

Маманов Ы. ҚҚТ. Етістік. А,1966. 34-53-б.

Хасенова А. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты. А, 1971.

Ысқақов А. ҚҚТ. Морфология. А, 74, 293-295-б.

Аблақов Ә. Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері. А,1986.

ҚТГ. 162-176-б.

ҚТ. Энциклопедия. 329-б. 333-334-б. 120-121-б.

Исаев С. ҚҚТСГС. 1998. 168-183-б.

Қалыбаева А. Қазақ тіліндегі етіс категориясы. А, 1951.
Етістік семантикалық мәні айқын болса да, грамматикалық сипаты сан-салалы, түрлену тұлғалары әр алуан сөз табы.

Етістік тұлғаларының жүйесін, оның грамматикалық сипаттарын түсіну үшін, етістіктің сөйлемде қолданылу ерекшеліктеріне назар аудару керек.

Біріншіден, етістік түбір тұлғасында тұрып қолданылмайды.

Екіншіден, етістік жіктеліп барып немесе тұйық етістік, есімше, көсемше түрлерінде ғана қолданыла алады: оқу үшін келді, жүре сөйлесті, оқығалы келді, айтар сөз т.с.с.

Үшіншіден, етістік түбірі қалып етістігі мен бұйрық рай тұлғасын есептелмегенде, тікелей жіктелмейді. Етістіктің түбір тұлғасына үстелетін грамматикалық форманың барлығы бірдей жіктеле бермейді. Мәселен, күшейтпелі етістік (ыңқыра, іңкіре), етіс, болымсыз етістік түрлері тікелей жіктелмей, есімше, көсемше, рай, шақ тұлғаларының бірі үстелгенде ғана жіктеледі.

Төртіншіден, етістік формаларының белгілі жалғану тәртібі бар: сөйле+т+кіз+бе+й+міз, айт+ыл+ыңқыра+ма+йтың т.б. Рай, шақ, есімше, көсемше тұлғалары етістік түбірге тікелей де жалғана алады: келген, келіпті. Сондай-ақ етіс, күшейткіш етістік, болымсыз етістік тұлғалары бірінің үстіне бірі қосыла берсе, рай, шақ, есімше, көсемше тұлғалары бірінен соң екіншісі қосылмай, біреуі ғана жалғанады: сөйле+т+кіз+бе+се+м. Бұның өзі етістіктің басқа тұлғаларына қарағанда, рай, шақ, есімше, көсемше тұлғалары грамматикалық сипаты жағынан қатарлас, реттес, мәндес, қызметтері жақын, ыңғайлас екендігін көрсетеді. Бұл сияқты ерекшеліктерді етістік формаларының білдіретін мағыналық сипатынан да байқаймыз.

Осындай семантикалық, грамматикалық-тұлғалық сипаты және қызметі жағынан етістіктің аталған категориялары бірдей емес.

Етістіктің сабақтылық, салттылық, етіс, болымсыз түрлері: семантикалық жағынан етістік түбірінен аз да болса айыруға болады, яғни етістік түбіріне жалғанғанда, оған мағыналық реңк үстейді, ал грамматикалық жағынан түбірдің грамматикалық сипатын сақтап қалады:



  • тікелей жіктелмейді,

  • сол күйінде тікелей қолданылмайды,

  • сырттай І-жақ бұйрық райдың анайы жекеше тұлғасына ұқсас келеді.

Осындай сипаттарын ескеріп, бұларды (салт–сабақтылық, етіс, күшейтпелі етістік, болымды-болымсыздық) етістіктің лексика-грамматикалық категориялары деп бөліп қарауға болады.

Ал етістік рай, шақ тұлғаларында тұрып, тікелей жіктеледі, өз бетімен қолданылады, түбірге жалғанғанда оның семантикасына ешбір әсер етпей, тек қосымша грамматикалық мағына үстейді. Сондықтан рай, шақ, іс-әрекет, амалдың өту сипаты, жақ категориялары етістіктің таза грамматикалық категориялары деп аталады.

Ал тұйық етістік пен есімше, көсемшелер грамматикалық категорияға жатпай, етістіктің ерекше грамматикалық түрлері болып табылады. Өйткені, тұйық етістік семантикалық жағынан қимылдың өзін білдірмей, атын, атауын білдіреді, грамматикалық жағынан етістікше түрленбей, зат есімше түрленеді, есімше есімдер орнына қолданылса, көсемше үстеу мәнін білдіріп, тікелей жіктеліп қолданылады. Грамматикалық жағынан есімше мен көсемше шақ категориясының грамматикалық көрсеткіші болып табылады. Сондықтан да бұлар етістіктің грамматикалық категориясы болмай, ерекше грамматикалық тұлғалары болып табылады.

Салт етістік пен сабақты етістік.

Етістіктің салттылық және сабақтылық сипаты оның жалпы грамматикалық семантикасына, яғни тура объектіні қажет ету-етпеуіне байланысты. (Ысқ 293)

Жалпы қимыл-әрекетті білдіретін етістіктер объектіге тікелей бағытталуы, тірелуі, сабақталуы жағынан және керісінше, қимыл объектіге бағытталмай, сабақталмай, жанай жүзеге асуы жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Табыс септігіндегі тура толықтауышты талап ету, меңгеру немесе меңгере алмау қасиетіне қарай тіліміздегі бүкіл етістіктер салт және сабақты болып екіге бөлінеді. Мағыналық тұрғыдан алғанда, негізінен, адамның еңбек процесін, қимыл-әрекетін білдіріп етістіктер табыс септігіндегі сөздермен тіркесіп, сабақ етістіктер тобын құрайды. Мысалы: ашу, айту, бағу, егу, жазу, себу, теру, кесу, ору, күреу, қамау, мүжу т.б. етістік сол қалпында тұрып-ақ, өзінің негізгі, ішкі мағынасы арқылы тура объектіні талап етіп, кімді? нені? деген сұрақтарға жауап беретін табыс септіктегі сөзге сабақталады.

Сабақ етістіктер салт етістіктерден мағынасына және табыс септігіндегі тура толықтауышты меңгеру қасиетіне қарай оқшауланады. Бұларды бір-бірінен ажырататындай өзіндік грамматикалық көрсеткіштері жоқ. Салттылық-сабақтылық мән етістіктің грамматикалық мағынасы арқылы түсініліп, сөйлеу процесінде тура толықтауышты меңгеру-меңгермеу сипаты негізінде көрінетіндіктен, бұл құбылыс етістіктің таза грамматикалық сипаты емес, әрі тікелей семантикалық, әрі синтаксистік-қатынастық қасиеттерінің көрінісі болып табылады. Сондықтан да, салттық-сабақтық сипатты етістіктің лексика-грамматикалық категориясы деп те таныған жөн»,- дейді. Хасенова А. (ЕЛГС, А, 197. 209-б).

Тіліміздегі барлық етістіктер не бірыңғай сабақты, не бірыңғай салт мәнінде қолданылады. Мысалы: Ол әріптерді тақтаға қолмен жазды. Сабақты етістіктер мен салт етістіктерді бір-бірінен айырып көрсетерліктей арнаулы морфологиялық көрсеткіштері жоқ болғандықтан, оларды дара қалпындағы мағынасына қарап бөліп айту кейде оңай емес. Бұл ең алдымен етістіктің омонимдік қасиетіне, көп мағыналылығына байланысты.

Мысалы: қарау – 1) бірденеге қарау (салт етістік),

2) бағу, мәпелеу (сабақ етістік).

Тарау – 1) шашты тарау.

2) үйді-үйіне тарау.

Салт-сабақтылық қасиеттері – тек түбір етістіктерге ғана емес, туынды етістіктерге де, күрделі етістіктерге де тән қасиет. Мысалы: кезу, қазу – түбір етістік, санау, арқалау – туынды етістік, айтып салды, жазып берді, алып келді – күрделі етістік, құлақ қой, айта сал, қызмет ет – күрделі етістік.

Сабақ етістіктер жасауда өзгелік етіс жұрнағы ерекше қызмет атқарады. Қазақ тіліндегі бүкіл салт етістіктер, өзгелік етістіктер жұрнағы арқылы сабақтыға айналады. Мысалы: жатқыз, тұрғыз, жүргіз, көндір, келтір, қуант, жүгірт т.б.

Салт етістік – табыс септіктегі тура толықтауышты меңгере алмайтын, тура объектіге сабақталмай-ақ, жанай жүзеге асатын етістік. Мұндай етістіктер жанама етістіктермен ғана тіркеседі. Мысалы: бару, қайту, келу, кету, кіру, жақындау, ұшу, ұмтылу, міну, жету, көну, қалу т.б.

Мұндай етістіктің лексика-семантикалық жағынан топтастырылуын профессор Ә.Аблақовтың «Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері»(А, 1986) деген еңбегінен қарап білуге болады.

Сабақ етістіктер мен салт етістіктерді өзара ұластыруда етіс жұрнақтары айрықша қызмет атқарады. Өзгелік етіс салт етістіктерді сабақтыға айналдыратын болса, ырықсыз, өздік етіс жұрнағы сабақтыны салт етістікке айналдырады. Мысалы: шөп жина+л+ды, құралдар ал+ын+ды, жуынды, таранды (ортақ етіс).

Етіс категориясының ішінде ортақ етіс етістіктердің салт, сабақтылық мәніне ешбір өзгеріс енгізбейді. Өзгеріс субъектілердің ара қатынасын көрсету жағынан көрінеді. Хат жазу – сабақты етістік; хат жазысу – сабақты етістік, бірнеше субъектілерге ортақ процесс.

«Етіс тұлғалары белгілі дәрежеде салт я сабақты етістік тудыру қызметін атқарса да, олардың грамматикалық тұлғалар жүйесі, категориялық көрсеткіші бола алмайды». (Исаев, ҚТСГС.173-б).



Етіс категориясы.

Етіс субъекті мен объектінің қимылға немесе қимылдың субъекті мен объектіге әр-түрлі қарым-қатынасын білдіретін етістіктің арнайы грамматикалық формалар жүйесі. Етіс категориясының лексика-грамматикалық сипаты қазақ тілі білімінде арнайы зерттелсе де, әлі тұрақты бір пікір жоқ. Зерттеушілердің бір тобы етіс тұлғаларын сөзжасам қосындысының қатарына жатқызады:

А.Ысқақов: етіс формаларында сөз тудыру қабілеті де, сөйлемдегі сөздердің синтаксистік құрылысын өзгерту қабілеті де болады»,- десе (297-б),

Академиялық грамматикада: «етіс қосымшалары жалғанған етістік туынды түбір деп саналады да, етіс қосымшалары етістік негізден етістік тудыратын жұрнақ деп аталады» (168, 170).

Етіс категориясын арнайы зерттеген А.Қалыбаева (Хасенова) да, «етіс қосымшасын лексикалық сипаты негізінде сөзжасам қосымшасы деп анықтау керек»,-деген (ЕЛГС, 210-211-б).

«Сөз жоқ,- дейді С.М.Исаев, - етіс жұрнақтары семантикалық сипаты жағынан сөзжасам қосымшасына жақын: кейбір түрлері жаңа сөз жасап, лексикалық единица ретінде сөздік құрамнан орын алған. Мысалы: таң асыру, қызды айттыру, үйге кіріп жылынды, үйді жылытты, ауруынан жазылды т.б. қолданыстағы етістіктер – жаңа мағыналы сөздер.

С.М.Исаев былай деп көрсеткен: «етіс тұлғаларының тіліміздегі етістік атаулының бәріне я белгілі бір тобына (ырықсыз, өздік етіс қосымшасы тек сабақ етістіктерге жалғануы) жалғана алуы, яғни әмбебап қасиеті, сөйтіп барып И.Мамановтың көрсетуіндей, грамматикалық абстракция жасай алуы, өнімділік-өнімсіздік, құнарлылық-құнарсыздық сипатының болмауы, соның арқасында қосымшалары жалғанған жердің бәрінде жаңа сөз тудыру қатарын құрай алмауы етіс қосымшасын сөзжасам қосымшасының қатарына қосуға болмайтындығын көрсетеді. Ал (қыз) айттыру, (таң) асыру, үйге кіріп жылынды, үйді жылытты, рұқсат беруді өтінді, бұған екеуі де келісті тәрізді жеке лексика болып, сөздік құрамнан орын алуы тек қана етіс қосымшасының жалғану нәтижесі емес, семантикалық процестің нәтижесі, яғни ішкі мағына дамуының нәтижесі деп қараған жөн. (ҚҚТСГС. 176-177-б).

Етіс тұлғасының ерекшелігі, етістік түбірге жалғанып, түбірдің грамматикалық сипатын өзгертпейді, яғни түбір етістіктерше:



  1. Сырттай бұйрық райдың ІІ жақ жекеше, анайы түрімен сәйкес келеді.

  2. Тікелей жіктелмейді.

  3. Етіс тұлғасында жеке қолданылмайды.

Осындай сипаттарына қарай етіс етістіктің лексика-грамматикалық категориясына кіреді.

Етіс категориясының түрлері жайында да талас пікірлер жоқ емес. Мектеп оқулықтары мен арнаулы курстарда негізінен төрт түрге бөлініп баяндалып келген бұл категория кейбір зерттеулерде 5-ке бөлініп жүр.

Академиялық грамматикада етістіктер негізгі, өздік, ырықсыз, ортақ, өзгелік етіс деп беске бөлінеді де: «Соның төртеуі әрқайсысы өзіне тән аффиксімен түрленеді, ал біреуі, негізгі етіс, зінің ондай аффиксі болмауы тұрғысынан ерекшеленеді. Сондықтан да етістік аффиксімен әлі тұлғаланбаған негізгі және туынды түбір етістіктерді тұтас алып, негізгі етіс деп атаймыз» (ҚТГ, 16а).

А.Ысқақов: «негізгі етістіктің арнаулы көрсеткіші болмайды. Оған әрбір түбір я туынды етістіктің де, күрделі етістіктің де негізі жатады дейді де, одан әрі, - негізгі етіс деп өзге етіс формаларына таяныш, негіз болатын, солардың түрлерін, мағыналарын, қызметтерін салыстырып айқындайтын форманы айтамыз», - дейді. Мысалы: бар, кел, оян, құшақта, ермек ет т.б. (Ысқақов. ҚҚТ, 297-б).

Бұдан негізгі етіс ұғымының етіс түбірі ұғымымен бірдей қаралғанын көреміз. Сонымен қатар негізгі етіс етіс категориясына негіз болады делінеді. С.Исаев: «...етістік түбірі деген тұлға ол категорияның бір түрі бола алмайды, категория шеңберіне енбейді, сол категория түбірлеріне негіз ғана болады. Сондақтан негізгі етіс деген етіс категориясының түрі жоқ, етіс категориясына негіз болатын негізгі, туынды, күрделі етістік түбірі деген ғана ұғым бар». Сол себепті Ы.Маманов етіс категориясының төрт түрін ғана көрсетеді. (ҚҚТ, 36)
Өздік етіс қимыл, іс-әрекеттің орындаушысына, іс иесіне тікелей бағытталғанын, қатыстылығын білдіріп, сабақты етістіктерден – ын, –ін, –н жұрнақтары жалғану арқылы жасалатын етістіктің түрі: киінді, тазаланды, сұранды. Мұнда іс-әрекет субъектіге қарай бағытталып, субъекті әрі тура объекті мәнінде қызмет атқарады. Өздік етіс жұрнақтары негізінен сабақты етістікке жалғанғанымен, барлық сабақты етістіктерден өздік етіс жасала бермей, тек қимыл, іс-әрекет субъектінің өзіне қарай бағыттала алатын сабақ етістіктерден ғана өздік етіс жасалады. Мысалы: айт, оқы, бер, ат сияқты сабақты етістіктерден өздік етіс жасалмайды, өйткені бұлардың тура объектілері субъект емес.

Сонымен бірге өздік етіс көрсеткішіне құранды қосымшалар – лан/лен, – дан/ден, – тан/тен де жатқызылады. Мысалы: ойлан, намыстан т.б. Бұл қосымша сөзжасамдық – ла/ле, – да/де, –та/те қосымшалары мен өздік етістіктің –н қосымшасынан құралған. Бірақ Ы.Маманов бұл қосымшаларды етіс тудыратын қосымшалар қатарына жатқызуға болмайтынын көрсетеді. Өйткені мұнда –н дербес морфемалық қызмет атқарып тұрған жоқ.



Ырықсыз етіс деп қимыл, іс-әрекеттің өздігінен орындалатынын білдіретін, қимыл, іс-әрекеттің тура объектісі оның грамматикалық бастауышы болу қызметін атқаратын сабақтас етістіктерден –ыл, –іл, –л, –ын, –ін, –н қосымшалары арқылы жасалатын етістіктің түрін айтамыз. Мысалы: кітап оқылды, үй тазаланды, астық жиналды. Объект: кітап, үй, астық.

Ырықсыз етіс сабақ етістіктерді салтқа айналдырады. Өздік етіс пен ырықсыз етістіктің ұқсастықтары да бар (-ын; -ін; -н;). Айырмашылығы, олардың білдіретін семантикасында: Ол дәрігерге көрінді (өздік). Алыстан қара көрінді (ырықсыз).



Өзгелік етіс қимыл, іс-әрекеттің тікелей субъектісінің өзі арқылы емес, екінші бір субъекті арқылы іске асатынын білдіріп, сабақтас етістіктерден белгілі жұрнақ арқылы жасалатын етіс категориясының бір түрі. Қосымшалары:

1) -ғыз, -гіз, -қыз, -кіз,

2) -дыр, -дір, -тыр, -тір (жаздыр).

3) -т (жасат, сөйлет).

Өзгелік етісте іс-әрекетті орындаушы субъект біреу емес, екеу болады: бірі – іс-әрекетті орындатушы (грамматикалық бастауыш), екіншісі – оны тікелей орындаушы субъекті, ол сөйлемде берілмеуі мүмкін, берілсе, барыс септік тұлғасында тұрып, жанама толықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: Жазуды жазғызды. (кімге? кім?).

Ортақ етіс қимыл, іс-әрекеттің бір емес, бірнеше субъекті арқылы іске асатынын білдіріп, -ыс, –іс, –с қосымшалары арқылы жасалады.

Ортақ етіс қосымшалары салт етістікке де, сабақ етістікке де жалғанып, ортақ етіс жасай береді. Мысалы: Олар хат жазысып тұрады. Қонақтар жайғалып отырысты. Сөйтіп ортақ етіс мағынасы мен қосымшасы етістіктің басқа түрлерінен сабақтылық-салттылық сипатқа бейтарап болуы негізінде ерекшеленеді. Оның тағы бір ерекшелігі қимыл атауын білдіруге бейім тұрады да, кейбіреулері зат есім болып кетеді. Мысалы: соғыс, айтыс, жүріс, байланыс т.б.

Сондай-ақ, етіс қосымшасы бірінің үстіне екіншісі жалғана береді. Оның тәртібі:


  1. өздік + өзгелік: – жуындыр.

  2. өздік + ортақ: - көрініс, желпініс.

  3. ортақ + өзгелік: сөйлестір.

  4. өзгелік + өзгелік: айтқыз+дыр.


Етістіктің болымдылық, болымсыздық категориясы.
Іс-әрекеттің жүзеге асуын білдіретін форма етістіктің болымды түрі деп аталады да, жүзеге аспауын білдіретін форма етістіктің болымсыз түрі деп аталады. Бұл екеуі бір-біріне қарама-қайшы мәнде жұмсалатындықтан, етістіктің болымды-болымсыздық категориясын құрайды.

Әдетте, етістіктің болымды түрі етістіктің түбір, туынды және күрделі формалары арқылы білдірілсе, болымсыз түрі соларға –ма/ме (барма) қосымшасы жалғану арқылы жасалады.

Етістіктің болымсыздық мәнін беретін басқа да аналитикалық жолдары бар, атап айтқанда, есімшенің –ған/ген тұлғасынан кейін – «жоқ» модаль сөзі, есімшенің –ған/ген, –атын/етін, –мақ/мек, –ар/ер тұлғалы негізгі етістіктерге емес көмекші етістігі тіркесіп жасалады. «Бірақ бұлар болымсыздық категориясына жатпайды, оның грамматикалық сипаты (түбірмен, ІІ жақ бұйрық рай тұлғасымен сәйкес келуі, тікелей жіктеле алмауы, етістіктің таза грамматикалық тұлғаларына негіз болуы) сәйкес емес». (Исаев, ҚСГС, 184)

Болымсыздық категориясы етістіктің лексика-грамматикалық категориясы.



  1. Түбір мағынасына аз да болса өзгеріс енгізеді.

  2. Етіс категориясы сияқты түбірдің грамматикалық сипатын сақтап қалады:

а) бұйрық райдың ІІ жақ жекеше, анайы тұлғасына сәйкес келеді;

ә) тікелей жіктелмейді;

б) сол күйінде қолданылмай, етістіктің таза грамматикалық категориясын жасауға негіз болады: рай, шақ, есімше, көсемше, тұйық етістік тұлғалары тек болымсыз етістіктің үстіне жалғана алады. Мысалы: келген жоқ, келетін емес т.с.с.

Тест
1.Өздік етістерді табыңыз:

А.салынды, алынды

В.сүртінді, таранды, жуынды.

С.отыру, жүру, бару

Д.отырмау, бармау.

2.Ол бізге хат жаздырды. Сөйлемдегі агенс:

А.ол

В.бізге



С.хат

Д.жаздырды

3.Күшейтпелі етістікті табыңыз

А.барыңқыра, айтыңқыра

В.бұрғыла, ұрғыла, түрткіле

С.төпеле, өлімсіре

Д.бар, айт, тапта.

4.Етістіктің түбір тұлғасы туралы грамматикада айтылып жүрген жаңсақ пікір:

А.етістік түбірі – бұйрық райдың ІІ жағы.

В.етістік түбірі бұйрық райдың ІІ жағына сәйкес емес.

С.етістік түбірі етіс жұрнақтары арқылы жасалады.

Д.етістік түбірі тікелей жіктелмейді.

5.Етіс категориясының анықтамасы:

А.қимылдың обьекті мен субектіге әр түрлі грамматикалық қатысын білдіретін етістіктің грамматикалық формалар жүйесі.

В.қимылдың болмысқа, шындыққа қатысын білдіретін етістік формасы.

С.қимылдың атауын білдіретін сөздер.

Д.қимылдың жүзеге асу шартын білдіретін формасы.

6.Етістіктің сыпат категориясын алғаш қазақ тіл білімінде зерттеген ғалым:

А.С.Исаев

В.А.Кононов

С.Н.Баскаков

Д.Н.Оралбаева

7.Түркологияда етістіктің аналитикалық формасының теориялық негізін салған қай ғалым?

А. А.Юлдашев

В.Н.Баскаков

С.А.Мещанинов

Д.Н.Кононов

8.Қазіргі қазақ тілі (етістік) оқу құралының авторы кім?

А.Н.Оралбаева

В.С.Исаев

С.Ы.Маманов

Д.А.Хасенова

9. «Сен жаралы жолбарыс ең, Мен киіктің лағы ем» (Абай). Осы сөйлемдегі «ем» қай сөз табы?

А. ем – зат есім.

В.ем – етістік.

С.көмекші етістік

Д. сын есім.

10.Етістік тікелей жіктеле ме?

А.жіктеледі.

В.жіктелмейді.

С.барлық түрі жіктеледі.

Д. кейде жіктеледі.

11.Агенс арқылы жасалатын етістіктің түрі:

А.өзгелік етіс.

В.өздік етіс.

С.ырықсыз етіс.

Д.көсемше.

12. «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» деген еңбектің авторы кім?

А. Н.Оралбаева

В.А.Қалыбаева

С.М.Оразов

Д.С.Исаев

13. «Қазіргі қазақ тіліндегі қалып етістіктер» еңбегінің авторы кім?

А.Н.Оралбаева

В.К.Аханов

С.М.Оразов

Д.А. Ысқақов

14.Мәнсіз көмекші етістіктерді табыңыз:

А.бар, кел, тұр, жүр.

В.е, еді, жазда, екен.

С.ой, қаз, қуа

Д.отыр, жатыр.

15.Ырықсыз етіс тұлғасында тұрған сөздерді көрсет:

А. салынды, айтылды

В. жуынды, киінді

С. кигізді, сөйлетті

Д. жаздырды, сөндірді

16. Одағайдан жасалған етістікті тап

А. сарт-сұрт етті

В. жарқ етті



С. тарсылдау

Д. уһледі






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет