7-тақырып: Етті аусыл ауруына қарсы тексеру.
Аусыл (Aphthae epizooticae) жұқпалы, контагиозды жіті түрде өтетін індетті ауру. Қой, ешкі, шошқа, мүйізді ірі қара, жылқы және оған қоса, жабайы жануарлар: бұлан, марал, киік, жабайы шошқа, енеке, қркешті сиыр ауырады. Жас малдар аусылмен жиі және ауыр түрімен ауырады, көбінесе өліп тынады. Адамдар аусылмен ауырған сиырдың, қойдың, ешкінің сүтін ішкен кезде, ауру малды сауғанда және ауру мал етін сойып, өңдеген кезде зақымданады. Қоздырғышы. Риновирус туысына жататын вирус, заттардың бетінде 150, мал қиында 168, сұйық мал нәжісінде 40, қалдық суларда 103 күнге дейін сақталады. Қышқылдық ортаға өте төзімсіз. Еттің жетілу үрдісі кезеңінде 48 сағат, бірақ та, мида, лимфа түйіндерінде қышқылдық ортаның көп өзгермеуіне байланысты 8 айға дейін сақталады. Мұздатылған еттерде 700 күнге дейін, тұздалған және ысталған ет өнімдерінде 40-50, тұздалған еттің лимфа түйінінде 194, мал жүнінде 50, адам киімінде 100 күнге дейін сақталады. Сүттегі аусыл вирусы 65 0С - та 30 минут, 70 0С - та 15 минут, 80 - 100 0С - та бірнеше секундта өледі. Аусыл қоздырғышын 2% ыстық күйдіргіш натрий ерітіндісі тез арада өлтіреді.
Сояр алдындағы диагностика. Малдардың дене қызуы көтеріліп, ауыздың кілегей қабықтарында, дененің жүн жоқ жерінде аусылдың жарасы көрініп тұрады. Жараның ішіндегі зат алғашында түссіз, сонан соң бұлыңғыр тарта бастайды да тез іріңге айналып кетеді. Жараның ең жоғарғы сатысы: ашық қызыл түсті жара маңайындағы эпителий қабығы кебірсіп жарылып терісі түсіп жатады.
Сойғаннан кейінгі диагностика. Патологиялық өзгерістерді ауыз қуысынан, сирақтардан, желіннен, шошқаның танауының ұшынан жараларды және мес қарынның кілегей қабығында, ұлтабарда, жалбыршақ қарында және ішектерде (он екі елі) әр түрлі деңгейдегі афты, эрозиялар байқалады. Аусылдың қатерлі түрінде, әсіресе, миокардиопатикалық түрінде мүшелер мен ағзаларда клиникалық белгісі яғни, жара - афтысыз түрінде анық өзгерістері білінеді. Жүректің бұлшық еттері жұмсарып, түсі бозғылттанып кетеді. Осымен қоса қарыншалардың қабырғасында жүрек қалқаншасында, жүрек қалқаншасы мен қарыншасын бөліп тұратын аралық етте әр түрлі көлемде кездесетін сұр, не сұрғылт сары ошақтар – нүкте, не сызықшалар түрінде болады, сондықтан да шұбар ет деген ат содан шыққан. Көкбауыр қалыпты жағдайда. Өкпеде диффузды ісік, шықшыт, жұтқыншақ арты, өкпе, шажырқай, шап лимфа түйіндерінде – гиперемия және ісік байқалады. Қаңқаның бұлшық еттерінде, әсіресе, сан, арқа, қол және шайнау бұлшық еттерінде сұр не сұрғұлт-сары түсті ошақтар болады.
Ауруды ажырату диагнозы. Шошқа, мүйізді ірі қара тілмесінен бактериологиялық зерттеулермен ажырата білу қажет.
Ветеринариялық - санитариялық бағалау және жүргізілетін шаралар. Аусылмен ауырған, не күмәнданған малдың ұшасын, ішек-қарынын консерві, не пісірілген шұжық дайындайды. Егер ондай жағдай болмаса қайнатады. Егерде бұлшық еттерде сұр не сұрғұлт-сары түсті ошақтар байқалса және сирақтарда, желінде және басқа мүшелерде іріңді жара болатын аусылдың ауыр түрінде ұшаны және ішкі мүшелерді техникалық утилизацияға жатқызады. Егерде бұлшық еттерде бірнеше некроз ошақтары кездессе, зақымданған еттерді ғана утилизацияға жатқызып, басқа еттерді бактериологиялық жолмен салмонеллезге тексерген соң шұжық жасауға босатады. Сүйектерді (бас, дене) 2,5 сағат қайнатады. Эпизоотиялық қауіптілігіне байланысты ауру күдікті және еріксіз сойылған малдардың еті мен ет өнімдерін ашық қазанда ет ішіндегі температура 800С болғанынша 3 сағат қайнатады. Сойыс өнімдері болған бөлмені алдымен механикалық жолмен тазартып, 2% -тік ыстық (70-800С) каустикалық сода ерітіндісімен дезинфекциялайды.
Достарыңызбен бөлісу: |