Жоспар:
Күйіс малының ас қорыту ерекшеліктері.
А) Мес қарын
Б) Жұмыршақ
В) Қатпаршақ
С) Ұлтабар
Қарын микроорганизмдері және олардың маңызы.
Көмірсулардың қарында қорытылуы.
Күйіс қайыру механизімі.
Күйіс малы қарнының қимылдары.
Ащы ішектегі ас қорыту процестері.
Тоқ ішектегі ас қорыту.
Нәжіс бөлу (дефекция).
Күйіс малының ас қорыту ерекшеліктері.
Күйіс малы қарнының құрылысы өте күрделі ,ол төрт бөлімнен тұрады. Олар мес қарын, жұмыршақ, қатпаршақ және ұлтабар. Алғашқы үш бөлімді алдыңғы (қосалқы) қарын, ал ұлтабарды - нағыз қарын деп атайды. Түйе қарны үш бөлімнен тұрады, оларда қатпаршақ болмайды. Алдыңғы қарынның кілегей қабығы көп қабатты жалпақ эпителиймен қапталады, онда без болмайды. Қарынның әр бөлігінің өзіне тән ерекшеліктері болады.
Мес қарын – алдыңғы қарынның ең үлкен бөлімі. Оның сыйымдылығы ірі қарада 100-300 л, қой мен ешкіде -12-20 л.
Мес қарын бүкіл құрсақтың сол жақ бөлігін алып жатыр. Мықты ет белдемдерімен және қатпарларымен ол бес бөлікке бөлінеді. Оң және сол ұзынша қатпарлар мес қарынды дорсальдық (үстіңгі) және вентральды (астыңғы) қапшықтарға бөледі. Үлкен көлденең қатпар қарын қапшықтарынан кіреберісті (сағаны), ал Х тәрізді қатпар – артқы дорсальдық және вентральдық құрыштарды бөледі. Мес қарын қатпарлары жынды екшеп, құрыштарға бағыттап отырады. Қарынның кілегейлі қабығы беткейді көбейтетін көптеген еміздікше түзеді. Олардың арасы микробтардың өсіп – дамуы үшін қолайлы орта болып табылады.
Жұмыршақ- кішкентай домалақ ағза. Оның сыйымдылығы ірі қарада 5-10 л, ал қой мен ешкіде 1,5-2 л. Мес қарын кіреберісінен оны орақ тәрізді қатпар бөледі. Жұмыршақтың кілегейлі қабығы дәнекер ұлпа негізінде бал арасының ұясына ұқсас тормала құрайды. Жұмыршақ мес қарыннан түскен жынды екшкп, оның қорытылуға дайын сұйық бөлігін қатпаршаққа өткізеді де, ірі бөлшектерді мес қарынға кері қайтарады. Мес қарын мен жұмыршақта жын физикалық, химиялық және микробиологиялық өңдеуден өтіп, жақсылап майдаланып, әбден сұйылғанға дейін аялдайды. Мес қарын жиырылған кезде жынның біраз бөлігі жұмыршаққа өтеді. Жұмырщақтың қатты жиырылуы кезінде ол қайтадан мес қарынға оралады. Осылай әрлі- берлі қуаланған жын массасы бөрітіп, жұмсарып, оның уақталған үлесі екшеленеді де, қатпаршаққа өтеді.
.
Күйіс малының қарны: 1 - өңеш; 2 - мес қарын; 3 - өңеш науасы; 4 - жұмыршақ; 5 - қатпаршақ; 6 - ұлтабар.
Мес қарын еш уақытта бос болмайды. Онда жын 70-90 сағатқа дейін аялдайды. Мес қарындағы жын қалдығына мал жаңа қабылдаған азықпен үстемеленіп отыр.
Өңеш- мес қарын кіреберісі мен жұмыршақтың шекарасына жалғасады, сондықтан мал жұтқан азық жентегі жұмыршаққа да, мес қарын кіреберісіне де түседі. Сақа малда ішкен судың 85-90 пайызы бірден мес қарынға, 15 пайызы жұмыршаққа, 1- пайызы қатпаршаққа құйылады. Өңеш жұмыршақтың түбінде қатпаршаққа дейін созылып жататын, ернеулері шала түйіскен жармалы түтікшеге айналады. Оны өңеш науасы деп атайды. Өңеш науасы ернеулерінде ет талшықтары мен жүйкелер орналасады. Жас төлдер сүт емген кезде өңеш науасының ернеулері бір-бірімен қабысып, пайда болған түтікше арқылы сүт қатпаршақ каналы бойымен бірден ұлтабарға өтеді.Сақа малда өңеш науасының ернеулері қатайып, толық түйіспейді де, жұтылған сұйық мес қарын мен жұмыршаққа құйылады.
Өңеш науасының ернеулері рефлекс нәтижесінде түйіседі. Төл енесін емгенде ауыз қуысындағы рецепторлар тітіркеніп,импульс орталыққа тепкіш арқылы сопақша мидағы жұту процесін реттейтін орталыққа бағытталады.Орталықтан өңеш науасының ернеуіне қозу толқындары кезеген жүйке құрамындағы талшықтармен беріледі. Осыдан ему қимылдары өңеш науасы ернеулерінің түйісуін күшейтеді. Сақамалға ас тұзының, натрий сульфатының, қанттың, хининнің ерітінділерін бергенде, өңеш науасының ернеушелері түйісіп, ерітінділер мес қарын мен жұмыршаққа түспей, бірден ұлтабарға өтеді. Малдың бұл қасиетін дәрі-дәрмек бергенде ескерген жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |