Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереже


Сатып алуды реттеу тәртібі туралы



бет25/31
Дата19.06.2016
өлшемі2.51 Mb.
#148266
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   31

Сатып алуды реттеу тәртібі туралы

ХАТТАМА

І. Жалпы ережелер


1. Сатып алуды реттеу туралы ХАТТАМА Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың XVII бөліміне сәйкес әзірленген және сатып алуды реттеу тәртібін айқындайды.

2. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 88-бабында және осы Хаттамада пайдаланылатын ұғымдар мынаны білдіреді:

«веб-портал» – сатып алу туралы ақпаратқа қол жеткізудің бірыңғай орнын беретін Интернет желісіндегі мүше мемлекеттің бірыңғай ресми сайты;

«тапсырыс беруші» – мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, бюджеттік ұйым (оның ішінде мемлекеттік (муниципалдық) мекемелер), сондай-ақ мүше мемлекеттің сатып алу туралы ұлттық заңнамасында айқындалған жағдайларда, осы заңнамаға сәйкес сатып алуды жүзеге асыратын өзге де тұлғалар. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында қызметі осы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатын сатып алуды ұйымдастырушыны құру (жұмыс істеуі) көзделуі мүмкін. Бұл ретте, сатып алуды ұйымдастырушыға тапсырыс берушінің сатып алу туралы шартты (келісімшартты) жасасу жөніндегі функцияларын беруге жол берілмейді;

«сатып алу» – мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу, бұл арқылы тапсырыс берушілердің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы және мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларда, бюджет қаражаты, сондай-ақ өзге қаражат есебінен өзге де сатып алу, сондай-ақ сатып алу туралы шарттарды (келісімшарттарды) орындауға байланысты қатынастар түсініледі;

«сатып алу туралы ақпарат» – сатып алуды жүргізу туралы хабарлама, сатып алу туралы құжаттама (оның ішінде сатып алу туралы шарт (келісімшарт) жобасы), осындай хабарламаларға, құжаттамаға енгізілетін өзгерістер, сатып алу туралы құжаттаманы түсіндіру, сатып алу процесінде жасалған хаттамалар, сатып алу рәсімінің нәтижесі туралы мәліметтер, сатып алу туралы шарттар (келісімшарттар) және осындай шарттарға жасалған қосымша келісімдер туралы мәліметтер, сатып алу туралы шарттың (келісімшарттың) орындалу нәтижесі туралы мәліметтер, мүше мемлекеттің сатып алу саласындағы уәкілетті реттейтін және (немесе) бақылайтын билік органдарына шағымдардың түсуі туралы, олардың мазмұны және осындай шағымдарды қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешімдер туралы, осындай органдар берген нұсқамалар туралы мәліметтер. Сатып алу туралы ақпарат веб-порталға міндетті түрде орналастыруға жатады;

«ұлттық режим» – әрбір мүше мемлекет сатып алу мақсаттары үшін мүше мемлекеттердің аумақтарынан шығарылатын тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге, осындай тауарларды ұсынатын, жұмыстарды орындайтын және қызметтерді көрсететін мүше мемлекеттердің әлеуетті өнім берушілеріне және мүше мемлекеттердің өнім берушілеріне ұлттық тауарларына, жұмыстарына және көрсетілетін қызметтеріне, сондай-ақ осындай тауарларды ұсынатын, жұмыстарды орындайтын және қызметтерді көрсететін әлеуетті өнім берушілер мен өз мемлекетінің өнім берушілеріне ұсынылатын режимнен кем емес қолайлы режимді қамтамасыз етеді деп көздейтін режим. Тауардың шығарылған елі Одақтың кедендік аумағында қолданылатын, тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларына сәйкес айқындалады;

«электрондық сауда алаңының (электрондық алаң) операторы» – мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес электрондық сауда алаңына (электрондық алаңға), оның жұмыс істеуі үшін қажет бағдарламалық-аппараттық құралдарға иелік ететін және (немесе) оның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, заңды тұлға немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;

«өнім беруші» – өнім беруші, орындаушы не мердігер болып табылатын және сатып алу туралы шарт (келісімшарт) жасалған тұлға;

«әлеуетті өнім беруші» – кез келген заңды тұлға немесе кез келген жеке тұлға (оның ішінде дара кәсіпкер);

«электрондық сауда алаңы (электрондық алаң)» – электрондық форматта сатып алу жүргізу үшін мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалған Интернет желісіндегі сайт. Бұл ретте, мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында электрондық сауда алаңы (электрондық алаң) веб-портал болып табылады деп белгіленуі мүмкін, сондай-ақ электрондық сауда алаңдарының (электрондық алаңдардың) шектеулі саны айқындалуға тиіс;

«электрондық сатып алу форматы» – Интернет желісін, веб-порталды және (немесе) электрондық сауда алаңын (электрондық алаңды), сондай-ақ бағдарламалық-аппараттық құралдарды пайдалана отырып жүзеге асырылатын сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімі.

3. Осы Хаттаманы қолдану кезінде, егер мүше мемлекет заңнамасының ережелерінен осы Хаттамада белгіленгеннен өзге мағына болмаса, мүше мемлекеттің заңнамасын осы Хаттамаға сәйкес келтіру талап етілмейді.
IІ. Сатып алу саласына қойылатын талаптар
4. Мүше мемлекеттерде сатып алу мынадай тәсілдермен жүргізіледі:

ашық конкурс, ол атап айтқанда, өткізу кезеңдерін және алдын ала біліктілік іріктеуді көздеуі мүмкін (бұдан әрі – конкурс);

баға ұсыныстарын сұрату (баға белгіленімдерін сұрату);

ұсыныстарды сұрату (егер бұл мүше мемлекеттің заңнамасында көзделсе);

ашық электрондық аукцион (бұдан әрі – аукцион);

биржалық сауда-саттық (егер бұл мүше мемлекеттің ұлттық заңнамасында көзделсе);

бір көзден не жалғыз өнім берушіден (орындаушыдан, мердігерден) сатып алу.

Мүше мемлекеттер конкурсты және аукционды электрондық форматта ғана өткізуді қамтамасыз етеді және сатып алудың басқа тәсілдерін жүзеге асыру кезінде электрондық форматқа көшуге ұмтылады.

5. Конкурс өткізу арқылы сатып алу осы Хаттамаға № 1 қосымшаның 1 – 4-тармақтарында көзделген талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылады.

6. Баға ұсыныстарын сұратуды (баға белгіленімдерін сұратуды) жүргізу арқылы сатып алу осы Хаттамаға № 1 қосымшаның


5-тармағында көзделген талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылады.

7. Ұсыныстарды сұратуды жүргізу арқылы сатып алу осы Хаттамаға № 1 қосымшаның 6-тармағында көзделген талаптар ескеріле отырып,осы Хаттамаға № 2 қосымшада көзделген жағдайларда, сондай-ақ егер бұл мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында белгіленсе, осы Хаттамаға № 3 қосымшаның 10, 42, 44, 47, 59 және 63-тармақтарында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.

8. Аукцион жүргізу арқылы сатып алу осы Хаттамаға № 4 қосымшаға сәйкес, осы Хаттамаға № 1 қосымшаның 7 және
8-тармақтарында көзделген талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылады.

Мүше мемлекет сатып алу туралы өз заңнамасында аукцион өткізу арқылы сатып алу жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің неғұрлым ауқымды тізбесін белгілеуге құқылы.

9. Тауар биржасында биржа тауарларын (оның ішінде, осы Хаттамаға № 4 қосымшада көзделген тауарларды) сатып алу жүзеге асырылуы мүмкін.

Мүше мемлекет өз заңнамасында сатып алу жүзеге асырылуы мүмкін тауар биржаларын айқындауға құқылы.

10. Бір көзден не жалғыз өнім берушіден (орындаушыдан, мердігерден) сатып алу осы Хаттамаға № 3 қосымшада көзделген жағдайларда, осы Хаттамаға № 1 қосымшаның 10-тармағында көрсетілген талаптар ескеріле отырып жүзеге асырылады.

Мүше мемлекет сатып алу туралы өз заңнамасында осы Хаттамаға № 3 қосымшада көзделген тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің тізбесін қысқартуға құқылы.

11. Мүше мемлекет біржақты тәртіппен сатып алу туралы өз заңнамасында сатып алуды өткізу аяқталғанға дейін әлеуетті өнім берушілер туралы ақпараттың құпиялылығын сақтау қажеттілігіне байланысты сатып алуды жүзеге асыру ерекшеліктерін, сондай-ақ ерекше жағдайларда 2 жылдан аспайтын мерзімге - тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерін сатып алуды жүзеге асыру ерекшеліктерін белгілеуге құқылы.

Осындай ерекшеліктерді белгілеуге қатысты шешімдер осы Хаттаманың 32 – 34-тармақтарында көзделген тәртіппен қабылданады.

12. Тапсырыс беруші сатып алуды дербес не сатып алуды ұйымдастырушының қатысуымен жүзеге асырады (егер мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында сатып алуды ұйымдастырушының жұмыс істеуі көзделген болса).

13. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында жосықсыз өнім берушілердің тізілімін қалыптастыру және жүргізу көзделуге тиіс, оған:

сатып алу туралы шарттар (келісімшарттар) жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілер туралы;

олармен жасасқан сатып алу туралы шарттар (келісімшарттар) бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған өнім берушілер туралы;

орындау барысында өнім беруші сатып алу туралы құжаттамада белгіленген әлеуетті өнім берушілерге (өнім берушілерге) қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіні немесе оның жеңімпаз болуына мүмкіндік берген, осындай талаптарға сәйкес келетіні туралы анық емес ақпарат бергені анықталса, тапсырыс берушілер біржақты тәртіппен сатып алу туралы шарттарды (келісімшарттарды) бұзған өнім берушілер туралы мәліметтер енгізіледі.

Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында мүше мемлекеттің жосықсыз өнім берушілері тізіліміне құрылтайшылар, алқалы атқарушы органдардың мүшелері, өнім берушілердің жалғыз атқарушы органының функцияларын орындайтын тұлғалар туралы мәліметтерді енгізу көзделуі мүмкін.

Жосықсыз өнім берушілер тізіліміне енгізу осы тармақтың екінші – төртінші абзацтарында көзделген мәліметтер расталған (фактілер анықталған) кезде, сот және (немесе) мүше мемлекеттің сатып алу саласындағы уәкілетті реттейтін және (немесе) бақылайтын билік органының шешімі негізінде 2 жыл мерзімге жүзеге асырылады.

Мәліметтері жосықсыз өнім берушілер тізіліміне енгізілген тұлға осы тізілімге енгізілгеніне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.

Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында осы Хаттамаға № 3 Қосымшаның 1 және 6-тармақтарына сәйкес айқындалған әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілерді жосықсыз өнім берушілер тізіліміне енгізу бөлігінде ерекшелік көзделуі мүмкін.

14. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасымен осы мүше мемлекеттің жосықсыз өнім берушілері тізілімінде және (немесе) басқа мүше мемлекеттердің жосықсыз өнім берушілері тізілімдерінде қамтылған мәліметтерді негізге ала отырып, тапсырыс берушінің сатып алуға қатысуға жіберуді жүзеге асыру құқығы немесе міндеті көзделуі мүмкін.

15. Мүше мемлекеттер:

1) сатып алу туралы өз заңнамасына сәйкес, тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлерін сатып алу кезінде әлеуетті өнім берушілерге қойылатын қосымша біліктілік талаптарын белгілеу арқылы;

2) осы Хаттамада белгіленген өзге тәсілдермен сатып алуға қатысуды шектейді.

16. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы ұлттық заңнамасымен:

1) сатып алу шарттарына өнім берушілерге және әлеуетті өнім берушілерге қойылатын кез келген өлшенбейтін сандық және (немесе) әкімшілендірілмейтін талаптарды енгізуге;

2) сатып алу туралы құжаттама талаптарына сәйкес келмейтін әлеуетті өнім берушілерді сатып алуға қатысуға жіберуге;

3) сатып алуды жүргізу хабарламасында және (немесе) сатып алу туралы құжаттамада көзделмеген негіздемелер бойынша әлеуетті өнім берушілерді сатып алуға қатысуға жіберуден бас тартуға тыйым салу белгіленеді.

17. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, әлеуетті өнім берушілерден сатып алуға қатысқаны үшін төлемақы алуға жол берілмейді.

18. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасымен сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз ету, сондай-ақ сатып алу туралы шарттың (келісімшарттың) орындалуын қамтамасыз ету туралы туралы әлеуетті өнім берушілерге қойылатын талаптар белгіленуі мүмкін.

Мүше мемлекеттердің сатып алу туралы заңнамасымен сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз ету, сондай-ақ сатып алу туралы шарттың (келісімшарттың) орындалуын қамтамасыз ету мөлшері мен нысаны белгіленеді. Бұл ретте, сатып алу туралы шартта (келісімшартта) аванс төлемі көзделген жағдайды қоспағанда, сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз ету мөлшері - сатып алу туралы шарттың (келісімшарттың) бастапқы (ең жоғарғы) бағасының 5 пайызынан (сатып алудың бағдарланатын құнынан), ал сатып алу туралы шарттың (келісімшарттың) орындалуын қамтамасыз ету - сатып алу туралы шарттың (келісімшарттың) бастапқы (ең жоғарғы) бағасының 30 пайызынан (сатып алудың бағдарланатын құнынан) аспауға тиіс. Мұндай жағдайда, сатып алу туралы шарттың (келісімшарттың) орындалуын қамтамасыз ету мөлшері - аванс мөлшерінің кемінде 50 пайызын құруға тиіс.

Егер сатып алу туралы шарт (келісімшарт) өнім берушіге аванс беру туралы талапты қамтыған жағдайда, өнім беруші одан бас тартуға құқылы.

Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасымен сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етудің және сатып алу туралы шарттың (келісімшарттың) орындалуын қамтамасыз етудің кемінде 2 тәсілі (түрі) белгіленуге тиіс.

Бұл ретте, сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз ету және сатып алу туралы шарттың (келісімшарттың) орындалуын қамтамасыз ету ретінде, атап айтқанда мыналар:

тапсырыс берушінің банктік шотына енгізілетін кепілдік ақшалай жарна;

банк кепілдігі қабылданады.

Сатып алу мақсаты үшін банктік кепілдіктерге қойылатын талаптар мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленеді.

Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасы тапсырыс берушінің сатып алуға қатысуға өтінімді қамтамасыз етуін және осындай заңнамада көзделген жағдайларда, әлеуетті өнім берушілерге және өнім берушілерге сатып алу туралы шарттың (келісімшарттың) орындалуын қамтамасыз етуді уақтылы қайтаруын қамтамасыз етуге тиіс.

19. Сатып алу туралы құжаттамаға және өзге құжаттарға сатып алуды жүргізу кезінде - сатып алу объектісінің сипаттамаларын бейнелеудің барынша дәл басқа тәсілі болмаған (мұндай жағдайларда сатып алушы сатып алу туралы құжаттамаға «немесе баламасы (сол тектес)» деген сияқты сөздерді қосады) жағдайларды қоспағанда, тауар белгілеріне, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларына, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына, өндірушіге немесе өнім берушіге талаптар немесе нұсқамалар қосылмауға тиіс. Сатып алынатын тауардың осындай тауарлардың үйлесімділігін қамтамасыз ету қажет болған кезде (оның ішінде, негізгі (белгіленген) жабдықты толық жабдықтау, жаңғырту және толық жарақтандыру) тапсырыс беруші пайдаланатын тауармен үйлеспейтіні - ерекшелік болып табылады.

Тапсырыс беруші халықаралық шарттарда және Одақ құқығын қорғатын актілерде және (немесе) мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген техникалық регламенттерге, стандарттарға және өзге де талаптарға сәйкес айқындалған, сатып алу объектісінің техникалық және сапалық сипаттамаларына қатысты стандарттық көрсеткәштерді, талапты, шарттық белгілеулерді және терминологияны белгілеуге құқылы.

20. Сатып алудың нәтижелеріне өздері мүдделі жеке тұлғалар (оның ішінде конкурсқа, аукционға, баға ұсыныстарын сұратуға (баға белгіленімдерін сұратуға) немесе ұсыныстарды сұратуға қатысуға өтінімдер берген жеке тұлғалар), конкурсқа, аукционға, баға ұсыныстарын сұратуға (баға белгіленімдерін сұратуға) немесе ұсыныстар сұратуға қатысуға өтінімдер берген әлеуетті өнім берушілер қызметкерлері не әлеуетті өнім берушілер (оның ішінде әлеуетті өнім берушілердің қатысушылары (акционерлері), олардың басқару органдарының қызметкерлері және әлеуетті өнім берушілердің кредиторлары болып табылатын жеке тұлғалар) өздеріне ықпал етуге қабілетті жеке тұлғалар, сондай-ақ сатып алу саласында бақылауды тікелей жүзеге асыратын сатып алу саласындағы мүше мемлекеттің уәкілетті реттейтін және (немесе) бақылайтын билік органдарының лауазымды тұлғалары комиссия (оның ішінде конкурстық, аукцондық және белгіленімдік) мүшелері бола алмайды.

21. Сатып алу туралы шарт (келісімшарт) мынадай міндетті талапты:

1) сатып алу туралы осындай шартта (келісімшартта) көзделген міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тараптардың жауаптылығын;

2) ақы төлеу тәртібін, сондай-ақ тапсырыс берушінің сатып алу нәтижесінің сатып алу туралы шартта (келісімшартта) белгіленген талаптарға сәйкестігіне (оның ішінде, саны (көлемі), жиынтығы, сапасы бойынша қабылдап алуды жүзеге асыру тәртібі туралы қамтуға тиіс.

22. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында мыналарға:

1) мүше мемлекеттің заңнамасында көзделмеген жағдайларда, әлеуетті өнім берушілердің және өнім берушілердің санын шектеуге әкеп соғатын, сатып алу туралы шарттың (келісімшарттың) талаптарын белгілеуге;

2) сатып алу туралы шарт (келісімшарт) бойынша міндеттемелерді басқа тарап тиісінше орындамаған және мүше мемлекеттің заңнамасында көзделмеген жағдайларда, тапсырыс берушілердің және өнім берушілердің шарттық міндеттемелерді орындаудан біржақты бас тартуына;

3) мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, шарттық міндеттемелердің орындалу талаптарының өзгеруіне, оның ішінде сатып алу туралы шарт (келісімшарт) бағасының өзгеруіне тыйым салу көзделуге тиіс. Сатып алу туралы шарттың (келісімшарттың) бағасын пропорционалды төмендетпейінше тауарлардың санын, жұмыстар көлемін, көрсетілетін қызметтерді азайтуға жол берілмейді.

23. Мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайларда, бірнеше өнім берушілермен сатып алу туралы шарт (келісімшарт) жасасуға жол беріледі.

24. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасымен тауарды немесе жұмысты сатып алуды, кейіннен қызмет көрсетуді, қызмет мерзімі ішінде пайдалануды, жеткізілген тауарды немесе жұмысты орындау нәтижесінде құрылған объектіні (өмірлік цикл шарты (келісімшарты)) жөндеуді және кәдеге жаратуды көздейтін сатып алу туралы шартты (келісімшартты) жасасу туралы талап белгіленуі мүмкін.

25. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасымен нақты сатып алуға қатысты сатып алу туралы құжаттың ажырамас бөлігі болып табылатын сатып алу туралы шарт (келісімшарт) жобасына оны орындаудың (оның ішінде, сатып алу нысанасына байланысты емес) қосымша талаптарын енгізу қажеттігі көзделуі мүмкін.

26. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасымен әлеуетті өнім берушінің және (немесе) өнім берушінің сатып алу туралы шарт (келісімшарт) бойынша тапсырыс берушіге барлық бірлесіп орындаушылар және қосалқы мердігерлер туралы ақпаратты беру міндеті көзделуі мүмкін.

27. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасымен сатып алу туралы шартты (келісімшартты) банктік сүйемелдеу көзделуі мүмкін.

28. Мүше мемлекеттер сатып алу туралы шарттарды (келісімшарттарды) электрондық форматта жасауға 2016 жылдан бастап көшуге ұмтылады.

29. Мүше мемлекеттер ақпараттық ашықтықты және сатып алу айқындығын қамтамасыз етеді, оның ішінде мыналар арқылы:

1) әрбір мүше мемлекеттің веб-портал құруы;

2) сатып алу туралы ақпаратты, жосықсыз өнім берушілер тізілімін (оның ішінде, орыс тілінде) веб-порталда орналастыру;

3) мүше мемлекеттің сатып алу саласындағы нормативтік құқықтық актілерін (оның ішінде, орыс тілінде) веб-порталда жариялау;

4) электрондық сауда алаңдарының (электрондық алаңдарды) шектелген санын және (немесе) веб-порталды - электрондық форматта сатып алутуралы ақпаратқа және егер мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында бұл көзделген болса, осындай сатып алуға байланысты электрондық көрсетілетін қызметтерге рұқсат берудің бірыңғай орны ретінде анықтау;

5) сатып алу туралы ақпаратқа, веб-порталға орналастырылатын жосықсыз өнім берушілердің тізілімі мен актілерге кедергісіз және тегін қол жеткізуді ұйымдастыру, сондай-ақ осындай ақпарат, тізілім мен акті бойынша мәліметтерді барынша кеңінен іздеуді қамтамасыз ету арқылы қамтамасыз етеді.
ІII. Ұлттық режим және оны қамтамасыз ету ерекшеліктері
30. Мүше мемлекеттердің әрқайсысы басқа мүше мемлекеттердің аумақтарынан шығатын тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге қатысты, сондай-ақ осындай тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді ұсынатын басқа мүше мемлекеттердің әлеуетті өнім берушілері мен өнім берушілеріне қатысты сатып алу саласындағы ұлттық режимді қамтамасыз етеді.

31. Мүше мемлекет сатып алу туралы өз заңнамасында белгіленген біржақты тәртіппен ерекше жағдайларда ұлттық режимнен кемінде 2 жыл мерзімге алып қоюдарды белгілеуге құқылы.

32. Мүше мемлекеттің сатып алу саласындағы уәкілетті реттейтін және (немесе) бақылайтын билік органы күні бұрын, бірақ осы Хаттаманың 31-тармағына сәйкес, алып қоюды белгілеу туралы актіні қабылдаған күнге дейін 15 күнтізбелік күннен кешіктірмей жазбаша нысанда Комиссияны және әрбір мүше мемлекетті оны қабылдау қажеттігін негіздей отырып, осындай актіні қабылдау ниеті туралы хабардар етеді.

Осындай хабарламаны алған мүше мемлекет тиісті консультациялар жүргізу туралы ұсыныспен, оны жіберген органға жүгіне алады.

Көрсетілген хабарламаны жіберген мүше мемлекет консультациялар жүргізуден бас тарта алмайды.

33. Комиссия осы Хаттаманың 31-тармағына сәйкес мүше мемлекет қабылдаған, алып қоюды белгілеу туралы актінің күшін жою жою қажеттігі туралы шешімді - оны қабылдаған күнінен бастап 1 жыл ішінде қабылдауға құқылы.

Комиссия көрсетілген актінің күшін жою қажеттігі туралы шешім қабылдаған жағдайда, шешім қабылдаған мүше мемлекет
2 айлық мерзімде осындай актіге тиісті өзгерістер енгізуді (күші жойылды деп тануды) қамтамасыз етеді.

Комиссияның осы Хаттаманың 31-тармағына сәйкес актілерді қабылдау туралы хабарламаларды және олардың күшін жою мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің өтініштерін қарауы, сондай-ақ Комиссияның осындай актілердің күшін жою қажеттігі туралы шешім қабылдауы Комиссия айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

Осы Хаттаманың 31-тармағына сәйкес қабылданған актінің күшін жою қажеттігі туралы Комиссия шешімі күшіне енген күннен бастап 2 ай өткеннен кейін, өзіне қатысты көрсетілген шешім шығарылған мүше мемлекет оны орындамаған жағдайда, мүше мемлекеттердің әрқайсысы біржақты тәртіппен осындай мүше мемлекетке ұлттық режимді қолданбауға құқылы. Бұл туралы хабарлама Комиссияға және мүше мемлекеттердің әрқайсысына дереу жіберіледі.

34. Егер мүше мемлекет осы бөлімде көзделген міндеттемелерді орындамаса, басқа мүше мемлекеттер Комиссияға жүгінуге құқылы. Комиссия қарау нәтижелері бойынша мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

1) бұзушылық фактісінің болмауы;

2) бұзушылық фактісін және мүше мемлекеттің анықталған бұзушылықты жою қажеттігін тану.

Егер анықталған бұзушылықты жою қажеттігі туралы шешім қабылданған күннен бастап 2 ай өткеннен кейін, өзіне қатысты осындай шешім шығарылған мүше мемлекет оны орындамаса, басқа мүше мемлекеттердің әрқайсысы біржақты тәртіпте осындай мүше мемлекетке ұлттық режимді қолданбауға құқылы.

Бұл туралы хабарлама Комиссияға және мүше мемлекеттердің әрқайсысына дереу жіберіледі.


ІV. Сатып алуға қатысу кезінде тұлғалардың құқықтары

мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету


35. Мүше мемлекеттердің әрқайсысы сатып алу туралы өз заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша шаралар қабылдайды.

36. Сатып алу саласында тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету көлемі Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 88-бабымен және осы Хаттамамен және мүше мемлекеттің сатып алу туралы өз заңнамасында анықталады.

37. Сатып алу саласында тұлғалардың құқықтарын және заңды мүдделерін қамтамасыз ету, сондай-ақ сатып алу туралы мүше мемлекет өз заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында, мүше мемлекеттердің әрқайсысы өз заңнамасына сәйкес, сатып алу саласында уәкілетті реттейтін және (немесе) бақылайтын билік органдарының болуын қамтамасыз етеді. Бұл ретте, осы функцияларды бір органның орындауына рұқсат беріледі, оның құзыретіне, атап айтқанда, мыналар:

1) сатып алу саласында бақылауды (оның ішінде, тексеру жүргізу арқылы) жүзеге асыру;

2) сатып алу туралы мүше мемлекеттің заңнамасын бұзатын сатып алуды жүзеге асыру кезінде, тапсырыс берушілердің, сатып алуды ұйымдастырушылардың, электрондық сауда алаңдары (электрондық алаңдар) операторларының, веб-порталдар, тауар биржалары операторларының, комиссиялардың және өзге де тұлғалардың әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) қатысты шағымдар мен өтініштерді қарау жатады. Бұл ретте, сатып алуға қатысуға өтінімдер беру мерзімі аяқталғанға дейін жасалған, сатып алуларды жүзеге асыру кезінде, тапсырыс берушілердің, сатып алуды ұйымдастырушылардың, электрондық сауда алаңдары (электрондық алаңдар) операторларының, веб-порталдар, тауар биржалары операторларының, комиссиялардың және өзге де тұлғалардың әрекеттерін (әрекетсіздіктерін) кез-келген әлеуетті өнім беруші ғана емес, өзге де тұлға сатып алу туралы мүше мемлекеттің заңнамасымен белгіленген тәртіпте шағымдануға құқылы;

3) мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және анықтау, сондай-ақ көрсетілген бұзушылықтарды болғызбау бойынша (оның ішінде, орындау үшін міндетті осындай бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беру және осындай бұзушылықтар үшін кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту) шаралар қабылдау;

4) жосықсыз өнім берушілер тізілімін қалыптастыру және жүргізу жатады.
V. Сатып алу тиімділігін арттыратын және әлеуметтік

функцияларды іске асыруға бағытталған

шараларды қамтамасыз ету
38. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы ұлттық заңнамасымен сатып алуды жоспарлау туралы талап белгіленеді.

39. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы ұлттық заңнамасында сатып алу тиімділігін арттыратын мынадай нормалар:

1) сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге (оның ішінде тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің шекті бағасына) және (немесе) тапсырыс берушілердің функцияларын қамтамасыз етуге нормативтік шығындарына қойылатын талаптарды белгілеу жолымен сатып алуды нормалау;

2) сатып алуға қоғамдық бақылауды және оны қоғамдық талқылауды жүзеге асыру;

3) демпингке қарсы шаралар қолдану;

4) сарапшыларды, сараптамалық ұйымдарды тарту көзделуі мүмкін.

40. Мүше мемлекеттің сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелері мен кәсіпорындарына, мүгедектер ұйымдарына, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ әлеуметтік бағдарланған коммерциялық емес ұйымдарға сатып алуды жүзеге асыру кезінде артықшылық белгіленуі мүмкін.

Осындай артықшылық белгілеу туралы ақпаратты тапсырыс беруші сатып алуды жүргізу туралы хабарламада және сатып алу туралы құжаттамада көрсетеді.

41. Құқық қолдану практикасының, ақпаратпен алмасудың неғұрлым өзекті мәселелерін, заңнаманы жетілдіру және үйлестіру, әдістемелік материалдарды бірлесіп әзірлеу проблемаларын талқылауға өзара мүдделік болған кезде, Комиссия сатып алу саласындағы мүше мемлекеттердің уәкілетті реттейтін және (немесе) бақылайтын билік органдарымен бірлесіп, мемлекеттік (муниципалдық) сатып алу мәселелері бойынша сарапшылар мен басшылар деңгейлерінде жылына кемінде 3 рет жиналыс өткізеді.

________________

Сатып алуды реттеу тәртібі

туралы хаттамаға

№ 1 қосымша



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   31




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет