Еуразияшылдық идеясы контексіндегі Қазақстан түркітануы: мәселелері мен болашағы. Астана: «іс-сервис», 2009. Б. 184-191



Дата13.06.2016
өлшемі109.42 Kb.
#133786
Еуразияшылдық идеясы контексіндегі Қазақстан түркітануы: мәселелері мен болашағы. Астана: «ІС-Сервис», 2009. Б.184-191.

Түркі (қазақ)- монғол салыстырмалы фразеологиясының өзекті мәселелері

(Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, филология ғылымдарының докторы Г.Сағидолда)


Түркі-монғол тілдік байланысы, қарым-қатынасы – тіл білімінің тарихи-салыстырмалы парадигмасы аясында теориялық-методологиялық тұғыры қаланып, құрылымдық-жүйелілік парадигмасы шеңберінде дербес те сүбелі ғылым салалары деңгейіне көтерілген алтаистика, түркология және монғолтанудың көптеген мәселелерін бір арнаға тоғыстыратын, осы ғылым салаларына ортақ зерттеу нысаны ретінде ғылыми зерттеудің күн тәртібінен түспей келе жатқан өте ауқымды да күрделі мәселе екені белгілі. Тілдік жүйенің фонетикалық, морфологиялық және лексикалық деңгейлерінде біршама зерттелген бұл мәселені ендігі жерде «тілдегі адам факторы» қағидатын басшылыққа ала отырып, этнос мәдениетін, ой-таным, салт-санасын, дүниетанымын, сан ғасыр бойы жинақтаған іс-тәжірибесін, білім қорын этностың (халықтың, ұлттың) тілі арқылы зерттеп зерделеу мүддесін көздейтін антропоцентристік бағыттағы ХХІ ғасыр лингвистикасының келелі мәселелерімен ұштастырудың маңызы зор. Осы орайда түркология мен монғолтанудың ғылымдарының әрқайсының фразеология саласында қол жеткізген жетістіктеріне сүйене отырып, түркі-монғол салыстырмалы - салғастырмалы фразеологиясын қалыптастыру – түркі-монғол тілдік байланысы, қарым-қатынасы мәселесін жаңа қырынан, мүлдем басқаша зерттеуге мол мүмкіндік тудырады.

«Фразеология» дегеніміз, біріншіден, «белгілі бір тілдің сөздік құрамында орныққан фразеологизмдердің жиынтығы, әлемі, қазынасы», екіншіден, «фразеологизмдерді зерттейтін ғылым саласы» 1, 94. Фразеологизмдер - «құрамындағы сыңарлары өте тұрақты болып келетін, қолданысқа әрдайым даяр қалпында жұмсалатын, «тұрақтылық», «тұтастылық», «тиянақтылық», «түйдектілік», «бөлек бітімділік», «бейнелілік» сияқты басты қасиеттерімен сипатталатын тұрақты сөз тіркестері» 2, 140-149 ғана емес, «қандай да бір күрделі ұғымды, идеяны, ойды мазмұнды көркем бейнемен атайтын» 3, 27, «қоғамдық-әлеуметтік, шаруашылықтық, діни т.б. экстралингвистикалық факторлар ауанымен пайда болып» 4, 591, тілдің ішкі заңдылықтарына сай қалыптасып, тұрақтанатын, «ойдың сан алуан эмоционалдық-экспрессивтік реңкін көрнекі етіп жеткізуге қабілетті күрделі тілдік құрылымдар» 5, 202. Олардың «образдылығында және метафоралы ауыспалы қолданыстарында, компоненттер құрамында, жалпы ұғымдық тұтастығында халықтың күн-көрісі, тұрмыс – тіршілігінің мазмұндық белгілерінің жинағынан тұратын мәдени ақпараттық ішкі құрылым болады» 6, 157.



Этникалық мәдениеттің «із-таңбалары» –мифологемалар, архетиптер, салт-дәстүрлер, тарихи оқиғалар мен материалдық элементтері көрініс табатын фразеологизмдердің ішкі құрылымын зерделеу – «белгілі бір ұғым-түсініктер арқалаған тілдік бірліктердің пайда болуының жалпы заңдылықтарының ойлау, тіл және шындық болмыспен қарым-қатынасын түсіндіретін» 7, 249, зат пен құбылысқа атау берудің тілден тыс себептерін ашып көрсетуді, атауға негіз болған заттың (құбылыстың) негізгі белгілерін, басты қасиеттерін анықтауды мақсат ететін аталым (номинация) процесіне зер салуды міндеттейді. Өйткені фразеологизмдер бойында аталымның бірінші және екінші деңгейлерінің екеуі де орын алады. Фразеологизмнің прототипі болушы еркін сөз тіркесінің тура мағынасы білдіретін ұғым-түсінік алғашқы атау болатын болса, ауыс мағынада адамға қарата қолданылатын ұғым-түсініктің бейнелі, көрнекі атауы екіншілік атау болып саналады. Фразеологизм бойында тоғысатын аталым процесінің біріншілік және екіншілік деңгейлері арасын «қоғам <> табиғат <> адам», «табиғат <> төрт түлік мал <> адам», «кеңістік <> уақыт <> адам», «салт-дәстүр <> жөн-жосын <> адам» т.б. үштағандық тұтастықтардың тағанаралық қарым-қатынастары арқылы сипатталатын ассоциативтік параллельдер жалғайды. Соның нәтижесінде ішкі құрылымда айнала шындық болмыстың өзінен, яғни табиғат, өмір, қоғам тіршілігінен алынған, тілдік ұжымға етене таныс суреттің (еркін тіркес арқылы сипатталған) ой елегінен қайыра өткізілген бейнесі, яғни фразеологизмнің образы түзіледі. Фразеологиялық деңгейде тұрақталған образ нақты өмірлік жағдаяттармен тығыз байланыста болады. Фразеологизмнің образы неғұрлым айқын болған сайын, тіркестің идеялық мағынасының айқындалағы, айшықтылығы, эмоциональдық-экспрессиялық күші, нысанаға дөп тиер өткірлігі соғұрлым арта түседі.

Образдың айқындылығы фразеологиялық тура мағынаның айқындылығына, ол арқылы сипатталатын өмірлік жағдаяттың, дағдылы іс-әрекеттің, заттың, қимылдың вербальды көріністерінің анық болып келуіне қатысты болады. Мәселен, қазақ және монғол этностарының мал шаруашылығына байланысты жинақтаған білім-тәжірибелерін, сондай-ақ адам мен малдың мінез-құлық, жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы арасындағы ұқсастықты жасаған пайымына негіз еткен «ешкімде қақ-соғы жоқ, өте момын, жуас адам» деген мағынаны білдіретін қазақ тіліндегі қой аузынан шөп алмас, монғол тіліндегі хэвтээ хонь үргээхгүй (сөзбе-сөз: «жатқан қойды үркітпейтін»), адамның «ерсі мінез, ебедейсіз қимылын» бейнелеп атайтын қазақ тіліндегі тайлақ түйедей тайрандау, монғол тіліндегі тэмээ туйлчихсан юм шиг (сөзбе-сөз: «түйе ойнақтағандай»), «біреуге бостандық беру», «біреуді өз еркімен жіберу» мағынасындағы қазақ тіліндегі басынан жүгенін сыпырып қоя беру, монғол тіліндегі жолоогий нь эвхээд тавих (сөзбе-сөз: «тізгінін бос қою») т.б. екі тілде бірдей мағынаны білдіретін, ұқсас образға негізделген фразеологизмдер. Сол сияқты қазақ тіліндегі ат басын бұрмау, ат ізін салғанды қою фразеологизмдеріне монғол тілінің мориныхоо амыг эргүүлэхгүй болох (сөзбе-сөз: «атының аузын бұрмау») тұрақты тіркесі толық эквивалент бола алады. Малға жайлы жайылым бабымен бірде алыс, бірде жақын қыс қыстап, жаз жайлайтын ауылдар арасында бір-бірімен хабарласып, хал-жағдайды білісіп тұру түркі-монғол этикасындағы дәстүрлі үрдіс болып саналады. Қазақтар үшін де, монғолдар үшін де ұзақ уақыт еш хабар-ошарсыз кету жаманаттың белгісі ретінде, ал ат арытып, әдейі іздеп келмеу немесе ауыл тұсынан өтіп бара жатып, ат басын бұрып, сәлем бере кетпеу әдепсіздіктің, я болмаса ортадағы араздықтың нышаны ретінде қабылданады. Мұндай түркілер мен монғолдардың рухани мәдениетінің сан алуан қырына байланысты лингвомәдени түсініктерді бейнелейтін тілдік оралымдар қазақ және монғол тілдерінің фразеологиялық қорларында молынан кездеседі. Олардың көбісінің образдық – фондық негізі номадтық салт-дәстүр жүйесіндегі түркі-монғолдық ортақтықтарға жетелейді. Мәселен, «Монголын нууц товч», «Чингисийн чадиг», «Алтан товч» тәрізді ортағасыр монғол жазба ескерткіштері тілінде дэрэ абун үкүсү, үхэхдээ дэр авч үхье формаларында кездесетін тұрақты тіркестің түп негізін монғол ғалымы Ш.Гаадамба ХІІІ ғасырға дейінгі монғол этносының адамды жерлеу рәсімімен байланыстырады: «Ежелгі монғолдарда ел-жұртқа абыройлы , бай, дәулетті адам қайтыс болғанда көріне құлын түсіріп, оны өлген адамның басына жастық етіп жастауды үш рет қайталайды екен. Мұндай сынды көтере алмаған құл иесіне жастып болып бірге көміледі екенде, ал сынақтан аман қалса, бас бостандығын алып, қайтыс болған адамның руы үшін ең құрметті адамға айналады екен. Сондай –ақ жаугершілік замандарда шайқас алаңында мерт болған қолбасшыны жерлегенде, оның басына жастық етіп, қан майданда қайтыс болған қанды көйлек қарулас серігінің денесін жастаған көрінеді» 8, 124-125. Монғол тілінің дэр аван үхэх (сөзбе-сөз: «жастық ала жатып өлу») фразеологизмі білдіретін мағынасы, лексикалық құрамы, арқалаған образы, стилистикалық қызметі жағынан қазақ тіліндегі «есесін жібермей, кегін ала өлді» деген идеяның бейнелі атауы болатын жастығын ала жатты тұрақты тіркесімен толық сәйкесіп, қазақ және монғол тілдеріне ортақ фразеологиялық қор түзуші фразеологизмдер қатарынан орын алады.

Қазақ және монғол халықтарының фразеологиялық қазынасында мағыналық-грамматикалық және құрылымдық-синтаксистік тұрғыдан бірдей түсіп жататын қаз.қанжығасы майлану // монғ. ганзага тослох > «олжалы оралу», қаз. кісі аузына қарау // монғ. хүний ам харах > «біреудің не дерін байқастау», қаз. бет пердесін жұлу // монғ. багий нь хуу татах > «шын болмысын әшкерелеу», қаз. жүрек қабы жарыла жаздау // монғ. үнхэлцэг нь хагарчих чахах > «үрейі ұшу, қатты қорқу», қаз. итке жем болу // монғ. нохойн идэш болох > «тапқан-таянғаны біреуге бұйыру», қаз. адам қатарына қосу // монғ. хүний зэрэгт хүргэх > «ер жеткізу» т.б. абсолют эквивалент фразеологизмдер де, қаз. жүзін жасыру // монғ. зүсээ буруулах (сөзбе-сөз: «жүзін бұру» ) > «төменшіктеу, имену», қаз. босаға борлату //монғ. босго борлох (сөзбе-сөз: «босаға ағарту» ) > «жиі кіріп-шығып, мезі ету» т.б. құрамында түркі-монғолға ортақ сөздер сақталып қалған сірі тіркестер де, қаз. ағы ақ, қызылы қызыл // монғ. улаан цагаанаараа ялгарсан, қаз. атты адам түсіп қарайтын, жаяу адам жатып қарайтын // монғ. морьтой хүн бууж хармаар, явган хүн сууж хармаар, қаз. күндіз ойдан, түнде түстен шықпау // монғ. өдрийн бодол, шөнийн зүүд болох тәрізді тағанаралық дыбыстық үйлесімділік пен ырғаққа құрылған, поэтикалық экспрессиясы күшті, теңеу, айшықты анықтауыштар, гипербола, ассонанс, аллитерация тәрізді көркемдеуіш-бейнелеуіш амал-тәсілдер арқылы көмкерілген көркем бейнелі фразеологизмдер қатары да орын алады. Мұндай поэтикалық фразеологизмдер қандай-да бір ойды, идеяны әсерлі де көркем, нақты да ықшам, бейнелі де көрнекті етіп жеткізудің тілдік құралы қызметінде жұмсалатын көркемсөз өнерінің көрікті де құнарлы үлгілері саналады.

Фразеологизмдер – дүние суретінің фразеологиялық фрагментін түзетін тілдік модельдер. Егер әлем, ғалам, дүние дегенді «адам және оның ортасының өзара байланысы» деп түсінетін болсақ, «дүние суреті – адам және орта туралы ақпараттардың өңделуінің нәтижесі [9, 16]. Ал дүниенің тілдік суреті дегеніміз – этностың әлем жайлы қордалаған білімінің, өмір сүрген ортасын игеру барысында сан ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық - мәдени тәжірибесінің тілінде көрініс табуы, бейнелеуі, шегенделіп бекуі» [10, 65]. Ю.Д.Апресян: «Дүниенің тілдік бейнесі реалді өмірдің объективті мазмұнын толықтыра отырып, көп жағдайда оны тіпті бұрмалауы мүмкін» –деп дүниенің тілдік бейнесінің ғылымға дейінгі сипатына тоқталып, тіптен оны дүниенің қарабайыр бейнесі ретінде атайды [11, 38].

Дүниенің қарабайыр бейнесінде лингвомәдени қауымдастықтың дүние-әлем туралы «қарабайыр» түсініктерінің біртұтас жүйесі, ұлттық сананың көне қабаттары, ұлттық ділдің тарихи қалыптасу этаптары көрініс табады. Сондықтанда ол этникалық дүниетаным мен этностың дүниені тануының, қабылдауы мен түсінуінің қайталанбас өзіндік ерекшеліктерін танытып, ұлттық реңкі арқалайды. Тіл иесінің дүниеге деген «қарабайыр» көзқарасы, әлемді игеру барысында жинақтаған іс-тәжірибесі мен қордалаған білімінің көне формалары көрініс табатын «біртұтас ұғым-түсініктер әлеміне» реконструкция жасау – дүниенің қарабайыр бейнесінің фразеологиялық фрагментін зерделеуді, оның аталымдық кодтарын (антропоморфтық, антропонимдік, зоонимдік, космонимдік, соматикалық, сандық, түр-түстік, мифтік персонаждық, т.б. ) шешуді міндеттейді.

Дүниенің тілдік суретінің фразеологиялық фрагментінде кодқа түсірілген этникалық мәдениетке, ұлттық ділге, дүние-әлемді қабылдау мен тануға т.б. қатысты концептуальдық ұғым-түсініктер де фразеологизмдердің ішкі құрылымында орнығады, бекиді. Мәселен, қазақ және монғол халықтарының әрқайсысының этникалық дара болмысын танытып, дүиені тануы мен қабылдауының өзіндік ерекшелігін көрсететін тілдік және этномәдени деректер қатарына киіз үйдің сүйек ағаштары мен жабдықтары, ер тұрман, төсек орын, ыдыс-аяқ, киім-кешек, сәндік және зергерлік бұйымдар атаулары сияқты заттық мәдени лексиканы, бас, қол, аяқ, жүрек т.б. соматизмдерді, арыстан, марал, қасқыр, түлкі т.б. жан-жануар аттарын, үш, жеті, тоғыз т.б. сан есім сөздерді өмірлік пәлсафалық, ұлттық дәстүрлік, тағылымдық, танымдық ұғымдардың коды қызметінде символдық мәнде жұмсаудан туындаған екі тілдің бейнелі фразеологизмдерін жатқызуға болады.

Киіз үй сүйек ағашының ішінде шаңырақ дәстүрлі тұрмыстық мәдениеттің символикалық-семантикалық жүгін арқалап, қазақ ұғымында «ұрпақ жалғастығын», «ру-тектің өміршеңдігін, я болмаса тоқтауын, тоқырауын, жойылуын» бейнелейді. Үш-үштен айқастырылып қосылатын күлдіреуіштің шаңырақ шеңбер ағашына бекітілуі – бір шаңырақ астынан өрбіп, өсіп-өнген жеті ата ұрпақтарының тектік бірлігін көрсетеді. Әулеттің дүниеден өткен соңғы ұрпағының бейіт басына қара шаңырақты қалдыру рәсімі де қазақтың дәстүрлі мәдениетінің ажырамас атрибуттарының бірі. Қазақ тілінің фразеологиялық қорында қара шаңырақ – «атадан кенже ұлға мирастыққа қалдырылып келе жатқан шаңырақ, яғни үлкен үй», шаңырақ көтеру – «отау тігіп, бөлек шығу, үй болу, үйлену» т.б. жағымды мәндегі, «үйдің бас иесіз қалуын» білдіретін шаңырағы құлау, шаңырағы ортасына түсу, «күл-талқанын шығару, шауып алу» дегенді білдіретін шаңырағына қобыз ойнату, шаңырағына ат ойнату т.б. жағымсыз мәндегі бейнелі фразеологизмдер орын алатын болса, «бір ауылға бас болу, ел қамын жеген азамат болу» дегенді білдіретін тооно өргөх («сөзбе-сөз: шаңырақ көтеру»), «үй берекесін келістіретін ақжаулықты әйелің» дегенді білдіретін тоонотой гэрт толгой холбох хүн (сөзбе-сөз: «шаңырақты үйде бас түйістірер адам») т.б тооно «шаңырақ» сөзінің қатысуымен жасалған тұрақты сөз орамдары монғол тілінің фразеологиялық қорында молынан кездеседі.

Әулет, тек, үрім-бұтақ жалғастығы төңірегіндегі түсінікте қазақ үшін шаңырақтың символдық мағынасы айрықша болса, монғол жұрты үшін символдық маңыздылық күш голомт – «қоламта», «от орны» ұғымына түседі: ариун голомт (сөзбе-сөз: «таза, киелі от орны») «ата мекен, туған жер» дегеннің бейнелі атауы болатын болса, «жеке шаңырақ көтеру, үй болу» дегенді голомт тулах (сөзбе-сөз: «қоламтаны сүйеу»), «қара шаңырақ иесі» дегенді голомт залгамжлагч (сөзбе-сөз: «қоламта жалғастырушы»), «қара шаңырақтың иесіз қалуын» голомт тасрах (сөзбе-сөз: «қоламта үзілу»), «тұқымын құрту, үрім-бұтағына шейін жою» дегенді голомты нь цайх (сөзбе-сөз: «қоламтасын қуарту») фразеологизмдері білдіреді. Мұндай фразеологизмдер арқылы көшпелі өмір салтын ұстанған екі этностың дүниетанымдық көзқарастар жүйесінде өзіндік ерекшеліктер орын алатынын байқауға болады.

Сонымен, сайып келгенде, фразеологизмдердің ішкі мазмұндық құрылымын, көркемдеуіш-бейнелеуіш амал-тәсілдер арқылы көмкерілетін сыртқы тұрпатын, грамматикалық құрылым-құрылысы мен компоненттік құрамын, мағыналық-мазмұндық өрісін, дүние суретінің фразеологиялық фрагментін түзетін тілдік модель және тілдік код ретінде жұмсалу қасиетін түркі-монғолдық деңгейде салыстыра-салғастыра зерттеу мынадай нақты мәселелерді ғылыми зерттеудің күн тәртібіне қояды:

1. Фразеологиялық эквивалентілік категориясы негізінде түркі (қазақ) және монғол тілдеріндегі фразажасам жүйелерінде орын алатын типологиялық ұқсастықтарды анықтау;

2. Түркі (қазақ) және монғол тілдеріне ортақ лексика - грамматикалық, құрылымдық - синтаксистік модельдерді анықтау;

3. Түркі (қазақ) және монғол тілдеріне ортақ фразеологиялық қорды айқындау;

4. Тілдік дүние бейнесінің фразеологиялық фрагменттерінің сандық, соматикалық, астрологиялық, зоонимдік т.б. кодтарын тіларалық деңгейде салыстыра отырып ашу;

5. Тілдік дүние бейнесінің фразеологиялық фрагменттерін түркі (қазақ)-монғолдық деңгейде қарастыра отырып, олардың концептуальдық өрісін, концептілік аясын зерделеу;

6. Бейнелі фразеологизмдерді жасаудың поэтикалық тілдік тетіктерін түркі-монғолдық деңгейде сипаттау;

6. Түркі (қазақ) – монғол екі жақты фразеологиялық кірмелік құбылысын зерттеу.

Бұл мәселелердің қай-қайсы үшін түркі және монғол халықтарының жазба ескерткіштері тілдерінің фразеологиясына, ауыз әдебиетінің эпос сияқты көлемді үлгілерінен бастап жыр-дастан, аңыз-әңгіме, ертегі, тұрмыстық жырлар сияқты жанрлардың поэтикалық сөз-образдар жүйесіне, сөздіктерде кездесетін тұрақты тілдік орамдарға, көркем шығармалар тіліндегі және публицистикалық мәтіндердегі фразеологиялық қолданыстарға жүгінудің маңызы зор. Демек, түркі және монғол халықтарының тарихи жазба мұраларынан, әдеби, тілдік, лексикографиялық, этнографиялық сипаттағы дереккөздерден алынған фразеологизмдерді жинақтап, жүйелеу, оларды тұрпат меже және мазмұн меже тұрғысынан тіларалық деңгейде сәйкестендіру, соның негізінде түркі (қазақ)-монғол тілдерінің фразеологиялық сөздігін жасау – ХХІ ғасыр басында ғылыми дамудың жаңа деңгейіне көтеріліп, гуманитарлық пәндераралық сипатта жүргізіле бастаған түркологиялық және алтаистикалық бағыттағы зерттеулерге қажет тілдік материалдық базаны жаңарту мен нығайту қажеттілігінен туындап отырған келелі мәселе.


Әдебиеттер:

1.Сыздық Р.Ғ. Абайдың сөз өрнегі. Алматы, 1995.

2.Жуков В.П.О смысловом центре фразеологизмов // Проблемы фразеологии. М.-Л., 1964.

3. Сыздық Р.Ғ. Эпос тілі және лингвистикалық поэтика мәселелері // Тілтаным.-2001. №1.

4.Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы, 1977.

5.Қайдар Ә.Т. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Алматы, 1998.

6. Смағұлова Г.Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық мәдени аспектілері. Алматы, 1998.

7. Манкеева Ж.Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. Алматы, 1997.

8. Гаадамба Ш. Нууц товчооны нууцаас. УБ., 1990.

9. Цивьян Т.В. Лингвистические основы балканской модели мира. Москва, 1990.



10. Маслова В.А. Лингвокультурология. – Москва, 2001.

11. Апресян Ю.Д. Образ человека по данным языка: Попытка системного описания // Вопросы языкознания.–1995. №1. С.37-67

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет