Ф-об-007/017 Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Патшалы Ресейдің жер мәселесінедегі отаршыл саясаты



бет4/9
Дата24.02.2016
өлшемі1.42 Mb.
#15792
1   2   3   4   5   6   7   8   9

2. Патшалы Ресейдің жер мәселесінедегі отаршыл саясаты.

Қамалдар салу мен отарлау қазақтардың дәстүрлі көші-қон жерлерінің бір бөлігін тартып алуға, олардың көлемін қысқартуға әкеліп соқтырды. Патша үкіметі жер мәселесінде отаршылдық шараларды біртіндеп жүзеге асырды.

1734 ж. патша үкіметі қазақтардың Жайықтың оң жағалауына өтуіне тыйым салу туралы мәселені тұңғыш рет қойды. 1742 ж. 19 қазанда Жайық өзені маңында, Жайық қалашығы мен салынып жатқан қамалдар маңында қазақтардың көшіп қонуына тыйым салатын жарлық шығарылды.

Жайық пен Еділ аралығында көшіп-қонып жүрген Қазақ ауылдарын Жайықтың сол жағалауына көшіруге бұйрық берілді. Бұл үшін Жайық атты казак әскерлерінен күшті әскер жасақтау, тіпті қазақтарға қарсы қалмақтардың әскери отрядтарын пайдалану бұйырылды, әрі қалмақтардың түсірген олжаларының өздеріне берілетінін айтып алдын-ала дәлелдендірілді. Қазақтардың Жайықтың оң жағалауына мал айдап өтпеу үшін патша үкіметі тіпті сорақылықпен 1747 ж. күзде Каспийге дейінгі Жайықтың бір беткейіндегі далаларға өрт қойды. Бірақ бұл шаралардың бәрі қазақтардың жерге деген ұмтылысын Жайықтың оң жақ бетіне өтуін тоқтата алмады. Жарлық жүзеге аспай қалды, үкімет амалсыздан қазақтардың Жайықтан өтуіне рұқсат беруге мәжбүр болды.

Бірақ 1756 ж. 2 қыркүйекте қазақтардың Жайық жағасына малын жаюға алғаш рет ресми түрде шек қойылды. Ал1757 ж. 24 желтоқсанда Кіші жүз ханы Нұралыға тапсырған орыс үкіметінің шешімдеріне қазақтардың Жайық өзенінен мал айдап өтуіне тыйым салу расталды.

Бақылау сұрақтары:

1. И. Кириллов бастаған Орынбор экспедициясы өз қызметін қашан бастады?

2. Патша өкіметі қазақтарға Жайық өзені маңында, Жайық қалашығы мен басқа да салынып жатқан қамалдар маңында көшіп қонуына тиым салған жарлығы қашан шықты?

3. Патша өкіметі қазақтардың Жайықтың оң жағалауында мал айдап өтпеуі үшін Каспийге дейінгі Жайықтың бір беткейіндегі далаларға қашан өрт қойды?

4. Петропавл бекінісі қашан салынды?

5. Барақ пен оның сыбайластары Әбілхайыр ханды қашан өлтірген?

6. XVIII ғ. ортасында Ресей Қазақстанды отарлауды неден бастады?

7. Сәмеке хан (Шахмұхаммед) қай жылдары ел биледі?

9. Әбілқайырдың өлімінен кейін, 1749 ж. Кіші жүзде екі дербес хан сайланды. Қай ханды қазақтар қолдап, Ресей қолдамады?

10.Орыс өкіметі қай жылы Кіші жүздің жасақтарын башқұрттардың көтерілісін басуға пайдаланды ?

11. Кіші жүз ханы Нұралының билік қурған жылдары?

12. 1737ж. сәуірде И. Кириллев қайтыс болған соң Орынбор өлкесінің губернаторы болып тағайындалған Ресейдің көрнекті мемелекет қайраткері, әрі тарихшысы кім?


6 лекция.

Тақырыбы: ХҮІІІ-ХІХ ғғ. біріші жартысындағы қазақ қоғамы.

Жоспары:

1. Экономикалық жағдай.

2. Сыртқы сауда.

3. Қазақ қоғамының әлеуметтік құрамының өзгеруі.



Лекция мақсаты: ХҮІІІ-ХІХ ғғ. біріші жартысындағы қазақ қоғамы: экономикалық жағдайы, сыртқы сауда, қазақ қоғамының әлеуметтік құрамының өзгеруі туралы студенттерге түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Экономикалық жағдай.

ХҮІІІ-ХІХ ғ. 1-жартысындағы қазақ қоғамының шаруашылық қызметін бір мағынада бағалау мүмкін емес. Экономикалық кәсіптердің сипатын қатаң бір формуламен және белгілі бір типологиялық шеңбермен байланыстыруға болмайды. Онда елеулі өзгерістер болғанына қарамастан, оның түрлері сан алуан болды. ХҮІІІ-ХІХ ғасырдың 1-жартысындағы экономиканың жай-күйін сипаттайтын материалдар соның алдындағы дәуірлердің деректерімен салыстырған кезде шаруашылықтың дамуы көп жағынан физикалық (географиялық орта, қуаңшылық және т.б.) факторларға да, саяси (саяси бағдардың ауысуы, көршілердің шабуыл жасауы, әр түрлі соғыстар т.б.) факторларға да тәуелді болғанын көрсетеді.

ХҮІІІ-ХІХ ғ. 1-жартысындағы шаруашылық дамуының барысы сауда көлемінің біртіндеп өсе түсуімен және сайып келгенде рынокқа тәуелділікпен анықталады. Осы кезеңдегі қазақтардың шаруашылығында болған елеулі өзгерістер – солтүстіктегі көршінің неғұрлым дамыған экономикасы ықпалының нәтижесімен жүзеге асты.

2. Сыртқы сауда. Қазақ жерлерін Ресейге қосуды тездетуге байланысты статегиялық міндеттерді шешу, Кіші жүздің солтүстік-батыс аудандары мен Ұлы жүздің бір бөлігін империяның шаруашылық даму жүйесіне біртіндеп тарту, Ресей мануфактуралық өндірісінің өнімін өткізетін арзан, қолайлы, жақын рыноктар іздеу ішкі және сыртқы сауданың дамуы үшін қолайлы жағдай қалыптастырды.

Әскери-тірек пункттері ретінде құрылған Орск, Орынбор, Петропавл,Семей, Өскемен т.б. бекіністер мен қоныстар, көшпелі қазақ халқы мен казак қоныстарының тұрғындары арасында шаруашылық қатынастардың орнатылуына қарай Ресейдің Қазақстанмен, Орта Азия иеліктерімен, Цин империясымен және Орталық Азияның басқа да елдерімен сауда байланыстарын кеңейтуде барған сайын маңызды рөл атқара бастады.

Сол кездегі Қазақстанның тарихи-географиялық жағдайлары себепті екі сауда орталығы: бір жағынан солтүстік-батыста Орск, Орынбор; екінші жағынан Семей, Өскемен, Омбы, Ямышевск, Железинск және басқалары құрылып, шектес елдермен сауда да солар арқылы жүргізілді. Сондықтан аталған орталықтар арқылы алыс елдермен сауда дамуының кезеңдерін, мөлшерін мән-жайларын аймақтағы халықаралық қатынастардың ықпалымен өзгерістерге ұшыраған сауда мәмілелерінің жағдайлары мен ауқымын анықтау, салыстыру тұрғысынан қарастыру әбден дұрыс тәрізді.

3. Қазақ қоғамының әлеуметтік құрамының өзгеруі.

Қоғамдық еңбек бөлінісі мен қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық жіктелу барысы қоғамдық міндеттерді жүзеге асырудағы одан әрі мамандандыруды туғызды және соның салдары ретінде көшпелілердің әлеуметтік қатынастары құрылымында ерекше институттардың қалыптасу үрдісіне әкеліп соқты. Бұл орайда қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық құрылымы мен әлеуметтік топтарға бөлінуі сәйкес келмеді, ал кейде бір-біріне тіпті қайшы келіп отырды. Адамның әлеуметтік мәртебесі әсте де барлық уақытта бірдей оның экономикалық әл-ауқатымен анықталған емес, ал соңғысы өз кезегінде, барлық уақытта бірдей оның биік мәртебесіне тәуелді бола бермейді. Қазақ қоғамының әлеуметтік бөлінуіне тән ерекшелік индивидтердің «ақсүйек» және «қарасүйек» саралануы болды. Бірінші әлеуметтік топ оның әлеуметтік оқшаулығы және қоғамдық қатынастар құрылымындағы мәнінің зор болуы себепті ешкімді өткізбейтін индивидтердің мәртебесі жабық корпорациясы болды. Оған аристократиялық екі сословие – төрелер мен қожалар жатты.

Ақсүйектерден айырмашылығы «қарасүйектердің» сословиелік- корпорациялық топтарының мәртебесі ашық болды, оған жеке қасиеттері мен мүліктік жағдайына қарай кез келген индивид қол жеткізе алатын.Оларға билер, тархандар, батырлар, ақсақалдар санаттары жатты. Алайда қазақ қоғамының еркін қауымдастар деп анықталатын көпшілік бөлігі сословиелік белгілері бойынша сараланған емес, қазақтардың үстем тобынан оның айырмашылығы осы болатын.
Бақылау сұрақтары


  1. ХVІІІ – ХІХғ. 1-жартысындағы қазақ қоғамының ерекшеліктері.

  2. ХVІІІ – ХІХғ. 1-жартысындағы қазақ қоғамындағы экономикалық өзгерістер.

  3. Қазақ қоғамындағы экономикалық өзгерістердің себептері.

  4. Қазақ-Ресей сауда қатынасы.

  5. Қазақ – орыс сауда қатынасының ірі орталықтары.

  6. Қазақ – Қытай сауда қатынасы.

  7. Қазақстанның Орта Азия мемлекеттерімен сауда байланыстары.

  8. Қазақ қоғамының әлеуметтік құрамындағы өзгерістердің себептері

  9. Қазақ қоғамындағы «ақсүйектер», оған кіретін сословиелер.

  10. Қазақ қоғамындағы «қарасүйектер», оған кіретін сословиелер



7 лекция.

ІІ. ХҮІІІ ғ. 50 жж. – ХІХ ғ. бірінші ширегіндегі Қазақстандағы саяси үрдістер.

Тақырыбы: Абылай ханның Отанды жаудан азат ету жолындағы күресті ұйымдастыруы.

Жоспары:

1.Абылай тегі, жастық өмірі.

2. Абылай хан –ұлы қолбасшы батыр, азаттық күресті басты ұйымдастырушы

Лекция мақсаты: Абылай ханның тегі, жастық өмірін, оның азаттық күресті басты ұйымдастырушы ретіндегі ролін ашып көрсету.

Лекция мәтіні

1.Абылай тегі, жастық өмірі.

Қазақ халқының Ақтабан шұбырындыдан соң қайта оңалуы, кемеліне келіп, біртұтас мемлекет ретінде қалпына келуі –Абылай хан есімімен байланысты. Абылай (шын аты Әбілмансұр ) 1713 ж. (кей деректерде 1711 ж.) Түркістан билеушісі Уәли сұлтанның шаңырағында дүниеге келген.

Абылайдың 13 жасында ауылын жау шауып, әке-шеше, туыстарынан айрылған ол, қызметшісінің көмегімен қашып құтылған. Осы кезден-ақ Абылайдың бойынан ірі қайраткерге тән қасиеттер байқала бастаған. Ақылымен, ержүректігімен, табандылығымен ерекше көзге түскен. Қашып жүргенде аты-жөнін жасырып, «Сабалақ» атанған Абылай әкесімен ағайындас Орта жүз ханы Әбілмәмбет сарайындағы ақсүйектерге қосылады. 15 жасынан бастап жоңғар шапқыншылығына қарсы күреске белсене араласады.

Абылай хан – ХҮІІІ ғасырда тарихымыздың аса ірі тұлғасы. Абылайдың дара тұлғасы, қолбасшылық таланты мен саяси көрегендігі қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығы мен Ресей, Қытай империясының көз алартушыларға қарсы күресіне байланысты қалыптасқан күрделі тарихи кезеңде көзге түсті. Абылай қазақ халқының тағдыры қыл үстінде , қылыш жүзінде тұрғанда ел бірлігін ұйымдастырып, үш жүздің басын қосып, жауға тойтарыс берді. Сол арқылы қазақтың келешегі жасалды.



2. Абылай хан –ұлы қолбасшы батыр, азаттық күресті басты ұйымдастырушы

Жас Абылайдың ел тізгініне жеткен кезі-ежелгі біртұтас қазақ мемлекеті құлап, жеке биліктерге ыдырағанына жиырма жылдай болып қалған. Ақтабан шұбырындыға ұшырап , қырылып –жойылған халық енді қайтып бас көтерместей, ешқашан ес жимастай көрінген өте ауыр кезең еді. Қазақтарды ығыстырып, қырғынға ұшыратып, Жетісуды, бүкіл оңтүстік өңірді жаулап алған, Жоңғар хандығы біздің ата жұртымызға біржолата орнығуға ниет еткен.

Орталық Азиядағы ахуалды, әскери іс пен саяси жағдайды анық байыпталған Абылай Отанды қорғау, қалмақ басқыншылығынан құтылу мәселесін 1- ші кезекке қояды.

Діні бір, тілі бір, Орта Азия хандықтары қазақтарға қол ұшын бермейді, қайта әлсіреген Қазақ хандығының жақсы жерлерін алып қалуға тырысады. Ал Ресей болса да көмектеспейді. Оның саясаты белгілі. Сондықтан Абылай туған халқының қажыр-қайратына ғана сенеді. Елді жауға қарсы жұмылдырып, Қазақ Ордасының әскери қуатын арттырады. Үш жүзді біріктіріп, Отанды қорғауда азаттық күреске бастайды. 1739 ж. күзде Қалдан-Сереннің таңдаулы әскербасы Серден 30 мың әскермен Сары-Арқаға басып кірді . Бейқам болмаса да, дәл осы кезде шабуыл күтпеген қазқтар ығысы соғысқанымен, жаудың бетін қайтарады.

Бірақ көп ұзамай Қалдан-Сереннің тағы бір қолбасы Сары–Мәнжі бастаған қалың қол шығады. Абылайдың басшылығындағы қазақтардың көп шығынға ұшыраған қорғаныс соғыстары бүкіл қыс бойына созылады.

1740 ж. күзде Септен бастаған ойрат әскері қайтадан Сары-Арқаға қарай шабуылдады. Бұл жолы жауды күтіп сақ отырған Абылай қарсы шабуылға көшеді бірнеше үлкен-кішілі ұрыста қалмақты ойсыраған шығынға ұшыратады, бетін қайырып, ел іргесін бекітеді.Алайда, қыс ортасында 1741 ж. ақпан айында Септен мен Қалдан Сереннің үлкен ұлы Лама Доржы бастаған 30 мыңдық ойрат әскері жолындағының бәрін жайпаған жаңа жорыққа шығады. Бұл жолға қанды шайқастар қыстан озып, жазға ұласады. Қысқы майданда Есілге, Тобылға дейін ығыса ұрысқан қазақтар жазға қарай қайтадан күш алады. Абылай үлкен майдан ашып, шешуші бір ұрыста жоңғар қолын талқандайды, тарихи деректердің айтуынша, бұл ұлыста қалмақ әскерінің оң қанаты түгелге жуық қырылыпты.

1741 ж. Бүкіл жаз бойына созылған аумалы–төкпелі күрес үстінде екі жақ та көп шығынға ұшырайды, екі жақта алға қойған мақсаттарына жете алмайды . Бірақ жоңғардың заманы бірте-бірте өте бастағаны, ал әлсіреген қазақ елінің күш-қуаты толыса бастағаны айқын көрінеді.

Міне осы кезде, яғни 1741 ж. жазда небәрі 200 адаммен ғана жолдғынға шыққан Абылай тұтқиылдан қалың әскерге кездесіп, қоршауда қалады, арпалыса соғысқан шағын жасақ түгелге жуық қырғын тауып, сұлтанның өзі тұтқынға алады. Содан 1743 ж. қыркүйекте босатылғанға дейін тұтқында болады. Қалдан Серен өз тұтқыны Абылаймен 1743 ж. қазақ-жоңғар арасында бейбіт келісім жөнінде шарт жасасады. 1745 ж. Қалдан Церен қайтыс болғаннан кейін нояндар арасында таққа таластық өрістеді. Құдіретті әміршінің өзінің өсиетіне орай, қалмақ нояндары Қалдан цереннің 2-ші ұлы Цедан Доржыны қонтайшы сайлады. Оның билігі ұзаққа бармайды, көп ұзамай оны таққа таласқан ағасы Лама Доржы өлтіреді, өзі қонтайшы болып сайланады. Лама Доржының қарсыластары таққа таласушылар - Дауаци мен Әмірсана 1751 ж. күзде қазақ Ордасына - Абылай ханға қашып келіп бас сауғалайды. Жоңғар билеушісі Дауаци мен Әмірсананы дереу қайтаруды талап етеді. 1752 ж. күзінде Абылай Ұлытауда үш жүздің басшы өкілдерін жиып, кеңес ашты. Біраз ел басылары оның ішінде Әбілмамбет хан да бар қонтажының қаһрынан қорқып, қашқындарды ұстап беруді ұсынады. Абылай ойрат елшілеріне: “Дауаци мен Әмірсана өз аяқтарымен келді, ата дәстүрімізде пана сұрап келген мейманды жауға бермейді” деп мәлімдейді. Лама Доржы 1752 ж. қыркүйекте Сайын –Белек, Батұр-Үбашы дейтін қолбасылары бастаған 20 мың әскерімен елшетіне тиеді. Осы қырғын соғыста қалмақ әскерін тас талқан етіп жеңеді. Жоңғар мемлекетінің іріп-тозу кезеңіне бет алғанын анық аңдып, уақыт ұтуға тырысады, жауын жеңе тұра бітім туралы ұсыныстарымен елшілік аттандырады. Ал, Лама Доржы бітімге көнбейді. Осы кезде Абылай Дауаци мен Әмірсананың 150 нөкеріне таңдаулы 500 сарбаз қосып, қиғаш жолмен Жоңғарға ,Лама Доржы ордасына аттандырады. Бар әскері майданға кеткен, қорғаусыз қалған хан ордасын шауып, Лама Доржыны өлтіреді. (1753 ж. 12 қаңтар ) Енді Дауаци билікке келіп, Абылаймен келісім бойынша қзақ жеріндегі соғысып жатқан әскерлерін елге қайтарып алады.

1753-1754 жж. Бөгенбай, Қабанбай, Керей Жәнібек, Жанатай, т.б. батырлар бастаған қазақ жасақтары қысы жазы демей әлденеше рет Жоңғарды шауып қайтты. Ауыр жеңілістерге ұшыраған, жаны қысылған Дауаци тіпті орыс үкіметінен көмек сұрайды. Дауаци мен Әмірсана арасындағы ақырғы шешуші бір соғыста ойсырай жеңілген Әмірсана Қытайға қашады. Бірақ Абылай тоқтамайды. Дауаци 1754 ж. күзде біржолата талқандалады. Күзгі жеңіс қысқы майданға ұласады. Сөйтіп, ешбір халықтың тарихында болмаған 150 жылдық, тіпті кейбір деректер бойынша 200 жылдық қазақ-ойрат соғысында қазақтар түпкілікті жеңіске жетеді.

. Бақылау сұрақтары

1. Абылай ханның шығу тегі.

2. Абылай ханның өмір сүрген жылдары?

3. Абылай хан неше жасында өзінің тұңғыш тарихи ерлігін жасады?

4. Абылай ханның шын есімі?

5. Жоңғар агрессиясына байланысты Абылай ханның ұстанымы, оның Әбілхайыр,Сәмеке т.б. хандардан айырмашылығы қандай болды?

6. Абылай хан қай жылдары Қалдан Цереннің тұтқыны болды?

7. Абылай ханның және барлық қазақ хандарының тегі шыңғыс ханның Жошыдан туған қай ұрпағынан тараған

8. Абылай жас күнінде “Сабалақ” деген атпен кімнің түйесін бақты?

9. Абылайдан пана сұрап, Орта жүзге қашып келген Жоңғар тағына таласушылардың бірі?

10. Абылай хан 1741-1743 жж. қай елдің тұтқыны болды?

8 лекция.

Тақырыбы: Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты.

Жоспары:

1. Абылай ханның ішкі саясаты, оның реформалары.

2. Абылай ханның сыртқы саясаты.

Лекция мақсаты: . Абылай ханның ішкі және сыртқы саясатын, оның жүргізген реформаларын студенттерге түсіндіру.

Лекция мәтіні

1. Абылай ханның ішкі саясаты, оның реформалары.

ХҮІІІ ғ. 70 жж. басында Қазақстанда жалпы қазақ ханын сайлауға барлық жағдайлар қалыптасты. Бірден-бір лайықты кандидатура ықпалы Абылай болатын, қазақ даласының ең беделді әміршісі болған еді. 1757 ж. Цинь билеушілерімен жазысқан хаттарында ол өзін хан деп атаған. Сондықтан Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін 1771 ж. үш жүздің игі жақсылықтары Түркістанда Абылайды ақ киізге көтеріп, үш жүздің ханы етіп жариялады.

Бүкілхалықтық мойындауға және үш жүздің ханы атағына қарамастан, Абылайдың билігі шексіз болған жоқ. Сұлтандардың біраз бөлігі, әсіресе Барақ пен Әбілмәмбет ханның ұрпақтары Абылайды тақты заңсыз иеленді деп санады. Түркістан мен Сырдарияның ортаңғы ағысында билікті бөліскен Сәмекенің баласы Есім мен Әбілмәмбеттің баласы Болат өздерін хан деп атай берді. Хан билігіне наразы кейбір ру басылары оны тіпті әскери күшпен құлатуға да тырысты. Дағдылы құқықпен шектеулі Абылай сұлтандар мен рубасылардың бетімен кетуін ауыздықтауға ұмтылды. Абылайдың орсан зор беделі қазақтарды ханға бағынышты ұстады. Осындай кезеңде Абылай қазақ хандығының саяси жүйесін көбірек орталықтандыру жағына қарай өзгерту қажет екенін өте жақсы түсінді. Бұған жету үшін хан бірнеше бағытта әрекет жасады.

Біріншіден, Абылай биліктің орталықтандырылуын нығайтуға ұмтылды. Ол жүздер мен үлкен бірлестіктерді басқаруға дәстүрлі қазақы кісілік рухы негізінде бір орталық буындары элементтерін енгізуге ұмтылды. Ханның көптеген балалары осындай билеушілер рөліне кірісті. 1774 ж. Әділ сұлтан Ұлы жүздің бір бөлігінің билеушісі болып тағайындалды. Солтүстік-шығыс Жетісуда оның басқа бір баласы Сүйік, Орталық Қазақстанда Қасым билік етті.

Орталық билікті күшейту үшін Абылай қолданған шаралардың екінші кешені – бір тұлғаның қызметіне және оның тұлға ретіндегі қасиеттеріне сүйену. Мәселен, дағдылы құқықтың дәстүрлі түсініктеріне қарамастан, Абылай хан қылмыскерлерді өлім жазасына кесуге үкім шығару құқығын өзі алды. Бұл міндет бұрын билер қазылығында ғана болатын.

2. Абылай ханның сыртқы саясаты.

Абылай ханның сыртқы саясаты. Абылайдың сыртқы саясаты да икемділігімен және ымырашылдығымен сипатталады. Оның Ресей мен Қытай сияқты күшті мемлекеттермен қатынастарының Орталық Азия мемлекеттерімен қатынастарынан едәуір айырмашылығы болды. Отаршыл империялардың күш-қуатын өте жақсы ұғынған хан, бір жағынан, Ресей протекторатынан бас тартпай, екінші жағынан, өз иеліктерінде екі державаның да ықпалы күшеюіне жол бермей, олармен қатынастарда барынша икемділік танытуға тырысты. «Қазақтар әуел бастан-ақ екі жақтылықты ұстанды, - деді цин императоры өзінің 1779 ж. жарлығында, - ...Абылай бізге бағынған кезде Ресей Абылайдың өз боданы екенін, сондықтан біздің оны өз бодандығымызға қабылдамауымыз керек екенін мәлімдеп, наразылық жіберді. Біз сонда былай деп жауап қайтардық: «Сіздер Абылайды өз адамымыз дейсіздер. Егер сіздер оны жақсылап басқарсаңыздар, ол ешбір жағдайда бізге бағынуға өтпеген болар еді... Ал сіздер, орыстар, бұған қалай кедергі жасай аласыздар?.. Егер болашақта мұндай оқиға бола қалса, сақтық жасау керек». Абылай қытайдың өкімет орындарын өзінің адалдығына үнемі иландырып отырды, екінші жағынан, ол мәселені «Ресей сарайына әлдеқайда ынталылықпен... ал қытай ханымен хат жазысуды бір нәрсе үшін, оған бағынышты қырғыз-қайсақтарға қытайлардың реніш көрсетіп, қысым жасамауы үшін жалғастырып» отырған сияқты етіп көрсетті. Хан өз иеліктерін агрессияшыл көршілерінен осылайша қайіпсіздендіріп қана қоймай, жекелеген пайда келтіруге де тырысты.

Абылайдың оңтүстіктегі көршілерімен қатынастары басқаша болды. Абылайдың күш салуы арқасында қайтадан қазақ аймағына айналған Жетісуда қырғыздармен қақтығыстары жалғаса берді және Абылай оларға қарсы ара-тұра жорықтар жасап тұрды. 1774 және 1779 жылдары сондай жорықтар жасалды. Соңғысы қырғыз руларының бір бөлігінің Қазақ хандығына бағынуына жеткізді. Ташкентпен және Ходжентпен соғыста Шымкент, Сайрам, Созақ және Ташкент қазақтарға қайтарылды. Сонымен, Абылай ханның ХҮІІІ ғ. 70 жж. Сыртқы саяси қызметі Қазақ мемлекетінің бірлігін қалпына келтіруге, оның халықаралық аренадағы жағдайынның нығаюына жеткізді.
Бақылау сұрақтары:


  1. Абылайдың билікке келуі.

  2. Абылай ханның билікті орталықтандыру жолындағы әрекеті.

  3. Абылайдың қазақ елінің әр аймағында билік құрған ұрпақтары.

  4. Абылай ханның сот жүйесіне енгізген реформалары.

  5. Абылай ханның сыртқы саясатының сипаты мен ерекшеліктері.

  6. Абылай ханның Ресей мен Қытай империялары арасында ұстанған саясаты.

  7. Абылай ханның Ресеймен қатынасы.

  8. Абылай ханның Қытаймен қатынасы

  9. Абылай ханның тұсындағы қазақ-қырғыз қатынасы.

  10. Абылайдың оңтүстік өңірді қазақ хандығына біріктіруі.

  11. Абылай ханның қазақ мемлекеттін нығайтады және қазақ халқының болашағына жол ашудағы тарихи орны мен ролі.



9 лекция.

ІІІ. ХҮІІІ ғ. аяғы ХІХ ғ. басындағы отаршылдыққа қарсы күрес.

Тақырыбы: Қазақтардың Е.И.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысуы.

Жоспары:

1. Көтерілістің себептері мен алғы шарттары.

2. Көтерілістің барысы.

3. Жеңілу себептері және тарихи маңызы.



Лекция мақсаты: Е.И. Пугачев бастаған көтерілістің себептері мен алғышарттарын, көтерілістің барысын, жеңілу себептері мен тарихи маңызын ашып көрсету.

Лекция мәтіні

1. Көтерілістің себептері мен алғы шарттары:

а) Каспий және Жайық бойындағы шұрайлы жерлерді қазақтардан тартып алып, ол жерлерді орыс помещиктеріне бөліп беру;

ә) Патша жазалаушы отрядтарының шабуылдары;

б) Жайық бойында патша үкіметінің бекіністерді көптеп салуы.

1773 ж. 20 қыркүйекте Пугачев қазақтарға арнайы үндеу таратты. Үндеуінде ол қазақтарға жер мен суын және тәуелсізігін қайтарамын деп уәде етті.

1773 ж. қарашаның 17-нен 18-не қараған түні – Нұралының өкілі Зәбір молда Усиха өзені маңында Пугачевке жолықты. Нұралы хан сондай-ақ Досалы, Ералы, Айшуақ сұлтандар көтерілісті қолдады.

Ал қарапайым қазақ шаруалары басты арманы Пугачев уәде еткен жер мен тәуелсіздік болғандықтан, олар да көтеріліске белсене қатысты.

2. Көтерілістің барысы.

Көтеріліске негізінен Кіші жүз және Орта жүз қазақтары қатысты. 1773 ж. қазанның басында Кіші жүз қазақтары Жоғарғы және Төменгі Жайық бекініс шептеріне, ондағы барлық бекініс қамалдарға шабуылдар жасады. Қазақтар Жайық бекінісін қоршауға қатысты. Кулагин бекінісін басып алды. Орынборда қоршауға 2000 қазақ белсене қатысты. Қазақ жасақтары Татищев бекінісінің маңында Устимовтың отрядын, Елек қалашығының қасында Кузьминнің отрядын, Кендірлі маңында Темныйдың отрядтарын талқандады.

Орта жүз қазақтары де белсене қатысты:

1. 1773 ж. қазанда Пресногорьковск бекінісіне, Троицк, Гагаревск редуттарына шабуыл жасады.

2. 1773 ж. желтоқсанда 600 дей жасақ Озерная мен Губерминская бекіністерін қоршады.

1774 ж. күзде қарауыл, қыпшақ, керей т.б. рулардан құрылған топтар Пресногорковск, Петропавл, Верхнеозерная бекіністеріне шабуылдады.



3. Жеңілу себептері және тарихи маңызы.

Пугачев көтерілісі жеңіліп, 1775 ж. 10 қаңтарда оның басшылары дарға асылса да, Қазақстандағы көтеріліс 2 жылға дейін тоқтаған жоқ.. Батыс Қазақстанда Байбақты,Тама, Табын руларынан құралған жасақтар қажырлықпен күресті. Солардың бір бөлігін ағайынды Жанболат пен Тасболат Айбасовтар басқарды. Сырым батыр да ерлігімен ерекше көзге түсті. Соңына таман Сапура деген қазақ әйелі де көтерілісшілерді бастап ерлікпен күресті.

1776 ж. аяғына қарай көтеріліс тоқтатылды. Қазақ жасақтарының жөнді қару-жарақтары болмады. Қозғалық жақсы ұйымдастырылмады. Сонымен жақсы қаруланған патша әскерлеріне қарсы тұра алмады. Көтеріліс жеңілді.1773-1775 жылдардағы шаруалар көтерілісінің қазақ халқы үшін маңызы зор болды. Оған қазақ елінің бірталай бөлігінің қатысуы және оның елеулі күшке айналуы патша өкіметінің отарлу саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы бастуы, болашақ күрестерге негіз болды.
Бақылау сұрақтары

1. XVIII – XIX ғ.ғ. ұлт-азаттық көтерілістердің негізгі шығу себептері

2. 1773 – 1775. ж.ж Е.И Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қай жүздері қатысты?

3. Кай көтерілісте қазақ жасақтары Татищев бекінісінің маңында Устимовтың отрядын, Елек қалашығының қасында Кузьминның отрядын, Кендірлі маңында Темныйдің отрядын талқандады

4. Нұралы ханның Пугачевпен келіссөз жүргізуі.

5. Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне белсен қатысқан қазақ сұлтандары.

6. Пугачев көтерілісне Кіші жүз қазақтарының қатысу себебі

7. Пугачев көтерілісі кезінде Кіші жүз қазақтары қандай ұрыстарға қатысты.

8. Қазақ халқына үндеу жариялаған және ол үндеулерінде қазақтарға адалынан жер мен су азық-түлік, жем шөп, еркіндік беретіннін айтқан көтеріліс басшысы

9. Орта жүз қазақтарының Пугачев көтерілісіне қатысуы.

10. Көтерілістің жеңілу себептері.

11. Көтерілістің тарихи маңызы.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет