Ғабит Тұяқбаев,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ,
қазақ әдебиеті және журналистика
кафедрасының доценті,
ф. ғ. к.
СЫР СҮЛЕЙЛЕРІ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ АВТОПОРТРЕТТІҢ ЖАСАЛУЫ
Автор бейнесі - әдеби шығармадағы суреткердің өз тұлғасының көріну қалпы [1.54]. Әдебиет теориясында бұл бірде автопортрет, бірде автор тұлғасы, бірде автор образы түрінде қолданыла береді. Қалай болғанда да автор бейнесінің көркем шығарма үшін мәні ерекше. Олай дейтініміз, кез келген өнер туындысы суреткер дүниетанымының жемісі, көрінісі. В.О.Виноградов: «Автор образы дегеніміз көркем шығарманың тұла бойына жайылып жатқан әрі оның барлық элементтерінің өзара байланысы мен әсер-ықпалын анықтайтын сөздік оқшау структура. Шығарма қойнауы мен оның жалпы көрінісіндегі бұл арақатынастардың типтері мен формалары автор образы арқылы айқындалмақ»,-дейді [2.152]. Автор бейнесі прозада көркем шығарманың өн бойынан – идеялық-композициялық құрылымынан, образдар жүйесінен, тіптен тілі мен стилінен айқын көрініс табады. Зерттеуші ғалымдар автор тұлғасын көркем шығармадағы психологиялық талдаумен де байланыстырады. Ал поэзия жанрында, әсіресе, сыршыл лирикада лирикалық кейіпкер сезімі мен танымы, ой-өресі арқылы көрінсе, енді бірде автордың өз бейнесін сомдауы арқылы көрініс табады.
Автордың өз бейнесін жасауы қазақ әдебиетінде ертеден бар үрдіс. Тіптен бүгінгі поэзиядағы осы көркем тәсілді дәстүр жалғастығы ретінде қарастырсақ та болады. Ал оның генезисін ақындық мадақ жырларымен байланыстырар едік. Мәселен, Қазтуған өзіне арнаған мадақ жырында:
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шәй жібек оққа кірісті,
Айдаса қойдың көсемі,
Сөйлесе қызыл тілдің шешені,
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы,
Қалайлаған қасты ортаның сырығы,
Билер отты би соңғы,
Би ұлының кенжесі,
Буыршынның бұта шайнар азуы,
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,
Бұлыт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын өтіп дінді ашқан
Сүйінішұлы Қазтуған,- [3.19]
деп көз алдымызға ерте замандардағы жорықшы –жырау бейнесін елестетеді.
Бір өлең жолы тұрмақ, бір сөзді тастап кетуге қимайтын көркем кесте. Жыраудың өз бейнесін жасауда қолданған әдеби ауыстыруларынан оның батырлық-азаматтық тұлғасы көрінсе, сөз әшкейінен ақындық таланты танылады. Ал Махамбет өз бейнесін:
Бозағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан.
Ел құтқарар ер едім –
Жандаспай ақыры бір тынбан.
Томағалы сұңқар мен едім...
...Шамдансам жығар асаумын,
Шамырқансам сынар болатпын,- [4.339]
деген халық ұғымында батырлық пен ерліктің, тазалық пен әділдіктің символы ретінде қалыптасқан сөз тіркестері мен сөздерді пайдалана отырып жасайды. Арадағы бірнеше ғасырлық уақыт алшақтығы әдеби дәстүр мен дәстүр жалғастығына кедергі бола алмаған.
Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің тізгінін тең ұстаған Сыр бойы ақындары осы дәстүрді жалғастырып қана қоймай жаңғырта, жаңарта түседі. Сыр сүлейі Балқы Базар өзі туралы:
Бұл жер түгіл төменгі –
Аштарханның бойында
Құмар дейді көрмекке,
Он екі ата байұлы.
Әлім менен шөменнің,
Мен едім даңлы шайыры...
...Мен – күпшек санды тел күрең,
Төсімнен тартса жетпейтін,
Жуандықтан айылы...,- [5.38]
деп жыр нөсерін төгеді. Екпін, ырғақ, ұйқас шабыт үстіндегі ақын бейнесін көз алдымызға әкеледі. Ақындық шабыты тасыған Базар жырау өз бейнесін жасауда сөз маржанын төгілдіреді. Бұл әсіре мақтау, қызыл сөздің тізгінін еркінше жіберу емес. Ақынға халық берген баға. Жырау сол халықтық бағаны көркем сөзбен жеткізуші ғана. Өлең жолдарынан ақын тұлғасы ғана емес, оның жақұт жырларының таралу аймағынан да хабардар боламыз. Балқы Базар тек Сыр өңірінде ғана емес, Қазақстанның батыс аймағында, сонымен бірге, Орта Азия қалаларында да танымал болған. Ол туралы әдебиеттанушы-ғалым Қ.Сыдиықов: «Атырау жырау, жыршылары Сарыарқа, Арал, Сыр, Орта Азия ақын-шайырларымен әркез кездесіп отырған. Балқы Базар – Атырау, Сыр ақындарының арасындағы алтын көпір іспетті»,-дейді [6.151]. Ендеше, ақынның өзі туралы осылай сөйлеуі де заңды.
Базар жыраудың автопортрет жасаудағы шеберлігі көрінетін тағы туындысы «Қайырға біткен шынармын» деп аталады. Толғаудың алғашқы өлең жолының өзінен ақындық суреткерлік анық көрінеді. «Қайырға біткен шынар» образды ойлаудың жемісі. Өз образын жасауда ақын тек шалқып, тасып кетпейді. Тағдырының бұралаңы мен бұлтарысын, өрі мен ылдиын өзін құрметтеген халықтан жасырғысы келмейді:
Мен – қайырға біткен шынармын,
Бітсе күнім сынармын.
Қайда жақсы бар десе,
Қауышқанша құмармын...
...Жарауы түскен жүйріктей,
Ілестірмей ешкімді,
Қызсам жалғыз шығармын!
Адам болса кеулінде,
Болмай қалмас бір арман.
Екі мұңлы бас қосса,
Іштегі шерін шығарған [5.48].
Заман қысымынан жанына батқан күңіренісін де өз тыңдармандарымен бөліседі. Өйткені ақын үшін ең жақыны да, сырласы да, мұңдасы да – халық.
Жетпіске жасым жетсе де,
Сөзіме құмар халқымның
Қайтқан жоқ кеулі қартынан.
Шынымен алсам кеудеге,
Қара тас судай балқыған –
Таусылмас қайнар кен едім
Кешегі жүйрік мен едім,
Жүлде алған байрақ алдынан [5.60].
Өзін қадір тұтқан жыр сүйер қауымға Базар да үлкен құрметпен қарағандығы байқалады. Ақынның ең бірінші ойлайтыны өзінен аталы сөз күткен әлеуметтің көңілін қалдырмау. Жалынды жырларымен халық көңіліне медеу, демеу болу.
Жалпы Базар жыраудың автопортреттері жалаң мадақ емес. Өз өмірін заманнан, қоғамнан бөлек қарастыра алмайтын ақын, өз бейнесін жасауда да бұл мәселені қаперінен шығармайды. Ішкі жандүниесі, заман салған ылаң, жан күрсінісі – барлығы Базар жыраудың авторпортреттерінен көрінеді.
Автопортретте тек ақын бейнесі ғана жасалады деп түсіну орынсыз. Ақынның өмірлік көзқарасы, оның шығармашылық лабораториясы, кейіпкерлер әлемі тағысын-тағылар автопортреттік өлеңдерде көрініс береді. Сыр сүлейлері арасында өзінің шығармашылық лабораториясы туралы кең толғаған ақынның бірі – Тұрмағамбет. Бұл ақынның «Шаһнаманы» аудару кезінде анық көрінеді.
1934 жылы парсы әдебиетінің классигі Әбілқасым Фирдоусидің мың жылдық мерейтойы дүниежүзілік деңгейде тойланып өтеді. Ақынды әлемге танытқан шығармасы «Шаһнама» бірнеше тілге аударылып жатады. Осы кезде «Шаһнаманы» қазақ тілінде сөйлету мәселесі көтеріліп, шығыс тілдерін жетік білетін мамандар іздестіріледі. Сол кезде Қазақ ССР Халық ағарту комиссариятының басшысы қызметін атқарған Тұрмағамбеттің шәкірті Темірбек Жүргенов өз ұстазының қарым-қабілетіне сеніп атақты шығарманы аударуға ұсыныс жасайды. Ақын келісімін алған соң мемлекет басшысы Л.И.Мирзоянның рұқсатымен Тұрмағамбетті Алматыға алдырып, шығармашылықпен айналысуға жағдай жасайды. Бұл туралы Тұрмағамбет:
О, баста оқығасын парсы, араб,
Жазушы ем романдар оған қарап.
Ұнатып оларымды оқығандар,
Ішкендей есіруші еді шарап.
Ондайша өнерімді есіткен соң,
Жүргенов шақырып ап шашын тарап.
Бұйырды «Шаһнаманы» сөз қылуға,
Ойласып Мирзоянмен ойға сарап,- [7.29]
дейді. Дастанды аударуды қай жылы, қай айда бастады, тіптен өзінің көңіл-күйі т.б. өлең арқылы баяндап отырған. Сондай жайдың бірі:
Білмеймін бұяғында ненің барын,
Қағазы жыртылған соң бірлі-жарым.
Қаламды «қап» дедім де қайта қойдым,
Қазғандай қазылы етке тоймай қарын,-
деп, Кеңестік цензураға деген наразылығын білдіруі. Тағы бірде:
Жойылып сексен қағаз шамасындай,
Шамалап тастап кеттім орта жерін,-
немесе
Анығы Кейқысырау кетіп қалды,
«Аллалап» Афрасиябтан алып арын.
Сол жерін іздете ме, іздетпей ме,
Кеңестің өзі білсін не қыларын,- [7.31]
деп тағы да кеңестік цензураға деген наразылығы мен қоса ішкі өкінішін де жасырмайды. Айналып келгенде ақын өз шығармасының оқырман қолына толық тимейтіндігін сезсе керек. Сондықтан да өлең арқылы дастанның аударылу тарихынан қалың оқырманды хабардар етумен бірге, қаншалықты түзеу-күзеу жұмыстарының жүріп жатқандығын да баяндап отырған. Тұрмағамбеттің бұл туындыларын да автопортреттік өлеңдерге жатқызамыз. Көріп отырғанымыздай, ақындық лаборатория, шығарманың жазылу тарихы, қоғамдық көзқарас сөз болады.
Әрине, Тұрмағамбеттің де ақындық шабытпен өз бейнесін жасайтын өлеңдері бар. Мәселен:
Жасымда назым сөзге шебер едім,
Өзімнен шебер кім?-деп кебер едім.
Әр түрлі хикая мен дастандардың,
Ширатқан шын жібектен көгені едім.
...Байтақтан басып озып бәйге алуға,
Кеуілдің кер бедеуін төбеледім.
Қас тұтып қатарыма келгендерді,
Асаудай ұсталмаған тебер едім...,- [7.62]
деп шабыттануы ақындық мадақ. Өлең Қазтуған, Махамбет, Базар жырларын еске түсіреді. Өз бейнесін жасауда ақын халықтық ұғымдарды (жібек, көген, бәйге, байтақ, бедеу, асау) кең, көсіле пайдаланады. Өлең табиғаты шығарманың алқа топтың алдындағы импровизациялық туынды екендігін танытады. Бір ескерер жай, Тұрмағамбет жазба ақындық өлеңдерінде өз бейнесін сыршыл лиризм арқылы ашуға ұмытыл жасағандығы.
Қорыта айтқанда, автопортреттік өлеңдер де ақындық, суреткерлік шеберліктің нәтижесі. Оларда образ сомдаудың, ішкі психологияны берудің түрлі әдіс-тәсілдері қолданылады. Сондықтан да бұл шығармаларды жанрлық, стилдік-тәсілдік, шеберлік тұрғысынан зерттей түсу әдеби-ғылыми қажеттілік.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Құлбарақов С. Әдебиет теориясы, Тараз, 2007.
-
Виноградов В.О. О теории художественной речи. Москва, 1971.
-
Мағауин М. Қазақ хандығы дәуріндегі әдебиет. Алматы, 1992.
-
Жинақ. ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары. Алматы, 1988.
-
Базар жырау Оңдасұлы. Жәмиғы қазақ бір туған. Алматы, 2008.
-
Сыдиықов Қ. Сарқылмас қазына. Алматы, 1996.
-
Ізтілеуұлы Т. Шығармалары. Алматы, 2007.
Достарыңызбен бөлісу: |