Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Факультеті: Журналистика
Кафедрасы: Баспасөз және Электронды БАҚ
Тақырыбы: Түріктер мен Жібек жолы
СӨЖ
Орындаған: Сұлтанбай Данияр
Тексерген: Тасилова Н.А.
Алматы, 2024ж
Түріктер мен Жібек жолы
Еуразияның жекелеген халықтары мен мәдениеттерінің байланысын тарихта ең ұзақ, әрі ұдайы түрде қамтамасыз еткен Ұлы Жібек жолы шамамен 12 800 шақырымға созылған негізгі бағыты Қытайдан Испанияға дейін созылып жатқан байтақ жол.
Ұлы Жібек жолы сан алуан халықтар мемлекеттер және мәдениеттер арасындағы тарихи байланыстардың көп бағдарлы желісін тудырғаны соншалық үнемі осы негізде оны қайта қалпына келтіру, одан да тамаша
коммуникациялық қызмет деңгейіне жеткізу қажеттілігі әрдайым туындап отырған. Қазіргі таңда мұның түркі әлемі үшін үлкен маңыз тудырып отырған жағы мынада: Ұлы Жібек жолының қажеттілігі мен пайдалану шарттары қаншалықты өзгеріп отырса да, оның қызметін қайта қалпына келтіріп, ұдайы қолданыста болуын қамтамасыз еткендер - ең алдымен түркі халықтары, олар құрған мемлекеттер мен империялар болатын. Қысқартып айтқанда, әлем тарихы мен өркениеті үшін Ұлы Жібек жолының маңызы қаншалықты үлкен болса, түркі халықтары да оның осы күнге дейін келіп жетуінде, жұмысын жалғастыруында соншалықты үлкен рөл атқарған.
«Жібек жолы» ұғымын алғаш рет ғылыми айналымға 1877 жылы неміс географы Фердинанд Рихтгофен ендірген болатын. Атынан да көрініп тұрғандай, Шығыс Азиядан, нақты айтқанда, Қытайдан Жерорта теңізі елдеріне негізінен жібек саудасының жолы ретінде қызмет атқарса да, уақыт өте келе ежелгі дүниенің одан да кең мәдени-сауда байланыстарын қамтамасыз еткен аса қажетті коммуникация кұралына айналған. Алайда Ұлы Жібек жолының әртүрлі қауіп-қатерге толы болғанын, сондай-ақ тағдырының да әр түрлі кезеңдерде белгілі бір әскери-саяси күштердің, мәдени-экономикалық орталықтардың орын алмастыруына, геосаяси жағдайларға тікелей тәуелді болғанын да ескеру керек. Әр түрлі деңгейде өзгеріп отырса да, негізгі бағыттарын сақтап қалған Ұлы Жібек жолы негізінен түркі мемлекеттері мен мәдениеттері орналасқан аймақтардан өткендіктен, түркі әлемі түрлендіруші саяси өркениет жүйесі ретінде Еуразиядағы барлық геосаяси өзгеріс жағдайларында аталмыш сауда жолының үнемі қолданыста болуын қамтамасыз еткен басты фактор ретінде қызмет атқарған.
Осы күнге дейін даму процесі жалғасып жатқан Транс-
Еуразия коммуникация жүйесінің іргетасы Ұлы Жібек жолы өз қызметін бастамастан көп бұрын біздің заманымызға дейінгі IV-III мың жылдықтарда қаланған еді. Сол кезде Месопотамия мен Эламнан Үнді ойпаты мен Памир тауларының етектеріне дейін созылып жатқан жолдар жақсы мәлім болатын. Осы жолдар арқылы Таяу Шығыс елдерінің саудагерлері Бадахшан лазуритін тасымалдайтын. Адамзаттың ең ежелгі өркениет мекені болып саналатын Хараппа мен Мохенджо-Дароны екі өзен арасы - Месопотамиямен жалғайтын оңтүстік керуен жолдары болған. Месопотамия мен Үнді ойпатының мәдени орталықтары арасындағы сауданы өз қолдарында
ұстап тұрған эламдықтар біздің заманымызға дейінгі IV-III мыңжылдықтарда Орта Шығыста қалаға дейінгі және сондай-ақ алғашқы қала орталықтарын бір-бірімен байланыстырған көп салалы коммуникация желісін құрған. Жалпы алғанда, Еуразия кеңістігінде көшпелі халықтардың мәдениетін, алғашқы өркениет қоныстарын екі жакты байланыстар деңгейіне көтеріп, олардың сауда-саттығына және тәжірибе алмасуларына жағдай туғызған көне керуен жолдары мүмкіншіліктерінің артуы нәтижесінде бұрынғыдан да көбірек тармақталып, ал халықтар бір-бірін жақыннан танып, сауда және мәдени байланыстарында бір-біріне көбірек сенім артатын болған. Еуразия континентінде түрлі бағыттарда тармақталған бұл жолдар кейде жетекші сипатта болған. Осы жолдардың ұдайы қолданылғандары, ұзақ уақыт мәдени қоныстарды бір-бірімен байланыстырғандары «үйреншікті бағыттар» ретінде көбірек беделді болып, сенімді жол ретінде танылған. Осылайша, бұл жолдардың арасында ең басты ірі жолдардың желілері айқындалған. Ұлы Жібек жолы маңызы жағынан дәл осындай тарихи қажеттілік нәтижесінде пайда болып, ғасырлар бойы кеңейіп, жаңа саяси-географиялық шекараларды басып өтіп, Еуразияның тарихи, әрі геосаяси тұрғыда ең маңызды жолына айналған болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |