Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызы
Филология ғылымдарының докторы,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің профессоры
Бапан Тұраналыұлы
Бапан би Ақмола облысының Ерейментау ауданы жерінде қоныстанған Бөгенбай батырдың Тұраналы атты баласынан туған. Өмір сүрген дәуірі – ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысы. Бапан – Бөгенбай батырдың тұңғыш немересі. Заманында елінің бас биі болған. Оның тамаша шешендік сөздері билік, кәсіп сөз ретінде, дала тәртібінің бұлжымас қағидасындай, бидің көзі тірісінде де, одан кейін де маңызды, бағалы болған. Бидің ақылының тереңдігі, мейлінше әділдігі, салмақты сөз иесі болғандығы жайлы Байсерке абыз:
Шығарайын кесектеп,
Ішімдегі қапамды.
Салмақтадым тұсымда,
Әр топтағы адамды.
Оқшау жаралған адам ғой,
Ішіме қарай тартайын,
Қанжығалы Бапанды ,-
деп, Бапан бидің сөзін, қызметін әрқашан халық мүддесімен байланысты келетіндігін арнайы атап көрсетеді. Әйтеуір содан ба, Омбы мен Қазақстанның солтүстік өңірінде «Мынау Бапандай екен!» деген мақтау сөз әлі күнге дейін естіліп, тиісті жерінде айтылып та жүр.
Шежіре бойынша Бапанның ұлы бабасы Әлдекүн, Әлдекүннен – Ақша батыр, Ақшадан – Бөгенбай, Бөгенбайдан – Тұраналы, Тұраналыдан Бапан би туады. Алайда Бапан есімі аталарының байлығы, батырлығы арқылы емес, ел аузында кең тараған билік сөздеріне байланысты әйгілі болды. Омбы өңірі мен Павлодар, Ақмола облыстарында оның билік-шешендік сөздері көп сақталған. Билік сөздерінің тақырыбы белгілі-белгісіз тарихи оқиғалармен астарласқан.
Біздің қолымызда Бапанның: «Жағалай ел қонбаса», «Тұрлыбек Көшеновке айтқаны», «Кісі болар кісіні, кескінінен танимын», «Баласы өлген Рақымға айтқан көңілі» деген шешендік толғау, арнау, дау сөздері бар.
Бапан би тарихта орны бар белгілі адамдарға, байларға, сұлтандарға арнап айтқан сөздері көп. Олардың ұнамды-ұнамсыз қылықтарын сөз еткен. Сондықтан кейбір сөздері мысқылға, кекесінге толы болып та ұшырасады. «Тура биде туған жоқ» дегендей емкішге бетің бар, жүзің бар демей, біреудің байлығынан да, беделінен де тартынбай сөйлейтін болған.
Бес дуанды басқарған статс кеңесшісі Тұрлыбек Көшеновтің баласы Нөгербек, қасында Омбыдан келген геолог офицері бар, бірде Бапан бидің ауылына келеді. Бапанның ауылы Ерейменнің ең көрікті көлі – Қоржынкөлдің жағасы екен. Ерейменді бір кезде ноғайлылар, қалмақтар қоныстанған тұста Қоржынкөлді қоршаған таулардың сайларынан алтын қазған белгілер қалса керек. Мұны білетін Нөгербек Ерейменге геолог офицерді арнайы ертіп әкеліпті. Нөгербек би аулына келген шаруасын айтқанда, оған Бапан:
Маған би атын халқым берген еді,
Саған шынжырды жандарал берген еді.
Өз жерінде су шыққандай,
Өзге жерден шешек шыққандай,
Шұңғырлауға мынауыңды неге әкелдің?,-
дейді. Әрине, бұл оның офицерді, оның жеріңді қазамын, алтын іздеймін дегенін ұнатпауы еді. Әңгімені асқындырмай құтылмақты ойлайды. Сонымен офицерге Дарқан ұста соққан ата Бөгенбайдың қылышын, Нөгербекке қамшысын сыйлыққа беріп құтылыпты. Кейін көп жылдар өткен соң осы Шытырымбет, Масалы, Ақсулардан алтын қазылған екен деген сөз бар. Сонымен бірге, би мәзірін басынған Тұрлыбек Көшеновтің өзіне Бапан:
Саған бір уыс топырақты ұлық берген,
Маған бір уыс топырақты халық берген.
Саған берген топырақ көзіңе түсер,
Маған берген топырақ көріме түсер
Сен шеніңе мәзсің,
Мен еліме мәзбін.
Сенің қоқайыңнан қорықпан,
Халқым барда мен тарықпан,-
деген екен. Осының өзінен бидің елдің ер-намысын жоқтаушысы, басын қосушысы екендігін көреміз. Қазақ жұртының бірлігін көздеп, келімсектерді жақтаушы адамдарды әшкерелеуші деп түсінеміз. «Сен шеніңе мәзсің», «Саған бір уыс топырақты ұлық берген» деген сөздерде нақты шындық жатыр.
Бапанның сұрақ-жауап ретінде берілген «Кімді қалай танисыз», «Ел дегенің немене?» толғау сөздерінде айтайын деген ойының астарында айқын әлеуметтік сыр көрінеді. Кісі болатын кісіні кескінінен, кісі болмайтынын мүшесінен, жомарт болатын кісіні қабағынан, сараңды табағынан, тұйық жігітті жүрісінен, сұйық әйелді күлісінен танимын; ақын жігітті кейпінен жазбай тану үшін сөз шебері ғана болу аз, ел қамын жеген ақылды, білімді адам болу шарт деген тоқтам жасайды.
«Ел дегенің немене?» толғауында өмір заңдылықтарын әсерлі жеткізу үшін өзіндік тың бейнелеу әдісін орынды пайдаланған. Сөздің ретін, кілтін тауып суреттейді. «Суы тұзды болмаса, мал-жаның сусындамаса, кіші үлкенді тыңдамаса ел дегенің немене?», «Елі үшін құрбан болып, абырой-бедел қонбаса, ер қадірі болмайды»,- деп түйіндеу арқылы биліктің, шешендіктің мағынасы мен күші асқақтап тұр.
Бапан өз тұсында Арқа жерінде өткен тарихи оқиғалардың бірталайына араласқан деседі. Мысалы, Баянауылдың дуанбасы Шоң би өз еліне салынған мол «қара шығын» салығына Ерейментау елін ортақ етпек мақсатында көп әлекке түскен. Ондай жағдайда екі дуаннан Ақмола мен Баянауылдан екі еселене салық түсетінін сезген Ерейменнің билері Бапан мен Жанболат Шоң ұсынысынан бас тартады. Павлодардан қазақ-орыс отрядын жіберткен Шоң ақыры қарсылық көрсеткендер қанжығалының он бір адамының оққа ұшуына себепкер болады.
Тағы бір мына тарихи оқиғаға Бапан би қатысқаны туралы дерек бар.
Қасым сұлтан балалары Кенесары мен Наурызбайдың қолдаушысы Нұрқан төре /Нұрмұхамед Сыздықұлы, Абылай ханның ол да қанжығалы еліне әкім болған немересі/ Бапан мен Жанболат билерді өз жеріне еріксіз көшіріп алу үшін күш салады. Кенесары бүлігінің әділетсіздігіне көзі жеткен Бапан Нұрханмен келіспейді. Ызалы Нұрхан Торғайға барып әскер әкеледі.
Бапан мен Жанболат елдерін күшпен көшіріп алмақшы болады. Екі би елдерін қозғамай, өздері уақытша Сарысудың басындағы Бапанның нағашысы – тарақты Байғозы батырдың елін паналап көшеді. Бірақ, Нұрханның жандай шаптары олардың ізімен Сарысуға жетіп, Бапан мен Жанболат елдерін тағы да Бапан: «Мал бауырын көтергенше» қала тұруды өтінеді. Нұрхан адамдары бұған келісіп, екі бидің жылқыларын айдап, оған қоса Бапанның Сәбелең деген баласын аманатқа алып кетеді.
Көп уақыт өтпей Ерейменнен Тіленші, Сабанбай батырлар қол жинап, билердің жылқыларын, Сәбелеңді іздеп кетеді. Батырлардың баланы ғана арашалауға шамалары келеді. Екі бидің алалы жылқылары Нұрханның жендеттері қолында қалып қояды. Осылай, Ереймендік екі биге кедейлік төнеді.
Бапан би сөздерінің бірсыпырасы осындай ел арасындағы даулармен байланысты туып отырған.
Алтай жағында Жанбота деген бай қолында ұры-қарақшы ұстайды екен. Жанботаның ұрылары Сібірден ұрланған малдарын айдап келе жатып, жолда Ереймен елінің төрт айғыр үйірін де малдарына қосып әкетеді. Ереймен қуғыншылары ұрылардың ізімен барса да, мал дауын шеше алмай қайтады. Даугерлер бұл іске Бапанның араласуын сұрайды. Бапан бірнеше кісі ертіп, Жанботаға барып:
Адал жүрек болмаса,
Сөзіне опа қылмаса,
Түзулікті бұрмалап,
Өтірікті шыңдаса,
Би дегенің немене?
Арыңды сатпа, малың сат,
Жалған айтып болма жат.
Жат болдым деп жындансаң,
Жүрегіңде қалар дат.
Тегінде жөндеп берерсің.
Бекер айтты деп жүрме,
Түбінде бір сенерсің,-
деп, атына мініп жүріп кеткенде, Жанбота артынан кісі шаптырып, айыбын мойындап, қанжығалының малын түгел қайтарып, шапан жауып, қонақ еткен деген сөз сақталған. Бапанның бұл сөзінде ру күшінен гөрі, жүйрік ой, жүйелі сөздің күші басым түседі. Бұл шешендік сөздер ішіндегі шешендік дауға, оның ішінде мал дауына жатады. Жанботаның жанды жеріне тиіп, ұрымтал оймен ғана тиісіп, өз дегеніне жетеді. Бұл сөздері халық өмірімен тығыз байланысты болғандықтан осы кезге дейін ұмытылмай жеткен. Оның сөздері жастарды билікке, шешендікке тәрбиелеу құралы ретінде де маңызды болды. Шынында да, оның өз баласынан бастап, жуықта ғана қаза болған бесінші ұрпағы Қазыбек Нұралин ақсақалға дейін ұтымды сөзді, ұлағатты билікті, уытты өлең шумақтарын айтыс-тартыс құралы етіп пайдаланады.
Бапан би сөздерінің табиғаты, өзіндік ерекшелігі, тәлім-тәрбиелік қасиеттері жас ұрпаққа қонымды әсер етеді. Әңгіме – осы үлгі-өнегені жас ұрпақтың өз кәдесіне жарата білуінде.
Достарыңызбен бөлісу: |