Қазiр адамзат өз өмiрiн ғарышсыз елестете алмайды. 1961 жылдың 12 сәуiрiнде Ю.Гагарин алғаш ұшқанда, ешкiм де дәл бүгiнгiдей бәрi мобильдi, бәрiн де ғарыштан бақылауға болатын заманға жететiнiн ойламаған болар?
Ғарышты игеру өмiрдiң барлық саласына жаңалық әкелдi. Мәселен, ауыл шаруашылығын дамыту керек делік... Ол үшiн ауа райының құбылысы, мал жайылымы, ауыз судың жеткiлiктiлiгi бақылануға тиiс. Ал оны бақылау тек ғарыш арқылы жүзеге асады. Жалпы Жердiң жасанды серiктерi елдiң географиялық жағдайын, геофизикалық өзгерiсiн, атмосферасын зерттейдi. Жер шарына қаупi бар апаттардың алдын алады.
Аңызға айналған Қорқыт бабамыз жер жәннатын iздеп, дүниенiң төрт бұрышын аралап, туған топырағы – Сыр өңiрiне қайта келедi. Сонда «бұл жер – жердiң кiндiгi» дептi. Жылдар өте ғалымдар «Байқоңырда жердiң тартылыс күшi аз, экваторға жақын, ғарышты ұшыруға ең қолайлы орын» деген қорытынды жасады. Академик С.Королев ғарыш айлағына орын iздегенде, бiрнеше өте күрделi шартты ескерген. Ғарыш айлағына айналатын жер бiрiншiден, экваторға жақын орналасуы тиiс әрi жерден ұшқан зымыран орбитаға барынша төте жолмен жетуге тиiс. Екiншiден, оның қасында мол сулы өзен болуы керек. Ондай мол сулы өзен сол кездегi Сырдария болатын. Сондай-ақ, ғарыш алаңына темiр жол өтiп, солтүстiк-батыс шалғайда кең жазық дала жатуға тиiстi едi. Байқоңырдың табиғаты осы шарттарға сай келдi. Демек, Қорқыт бабаның болжамы шындыққа айналды.
Биыл әлемнiң ең бiрiншi ғарыш айлағы — Байқоңырдың құрылғанына 59 жыл. Ал адамзаттың тұңғыш ғарышқа ұшқанына 54 жыл. «Байқоңырдың» құрылысы 1955 жылы басталған-ды. Алғашқы зымыран 1957 жылы тамызда ұшырылды. Бұл өңiрден Ю.Гагарин, Н.Леонов, Г.Титов, А.Лавейкин, Т.Әубәкiров, Т.Мұсабаев сынды ғарышкерлер аспан әлемiне саяхат жасады. Олардың әрбiр сапары қоғамға берген пайдасымен тарихта қалды. 1994 жылы Байқоңыр космодромын Ресейге жалға беру мерзiмi 20 жылға деп есептелсе, 2004 жылы қаңтар айында 50 жылға дейiн болып, мерзiмi ұзартылды. 1999 жылы 29 наурызда Ресей-Қазақстан комиссиясы кездесiп, бiрлескен хаттамаға қол қойды. Әрбiр зымыран 85 миллион доллар табыс әкеледi.
Осыдан екi-үш жыл бұрын «КаzSat-1,2,3» жер серiгi ұшырылды, бұл отандық жер серiгiнiң пайдасы зор. Ең бастысы, отандық телевизия, байланыс саласы дамып, көршiлес Қытай, Монғолия елiндегi қандастарымыздың тамашалауына, қолдануына мүмкіндік туды. Сондай-ақ, мұнайдың қорын анықтаудың да жолы табылды.
Мектеп сайтына «Байқоңыр ғарыш айлағының адамзат өміріндегі маңызы» деген тақырыпта оқушылардың қызығушылығын арттыратын танымдық шағын мақала жазыңыз. Мақалада тақырыпқа қатысты маңызды ақпараттарды жоғарыдағы мәтіннен алып, өз сөзіңізбен өңдеп(перифраза) пайдаланыңыз. 150-180 сөз
Бағалау критерийі:
Мақала құрылымы сақталады (кіріспе, негізгі, қорытынды)
Мәселе көтереді;
Ойын дәлелді жеткізу үшін мәтіннен ақпараттарды шебер өңдеп, перифразалап қолданады;
Мәселені шешуге ұсыныс береді
Сұраулы, лепті сөйлемдер арқылы оқырманға ой немесе үндеу тастайды, жұртшылықты шақырады.
Сауатты, қатесіз жазады
Достарыңызбен бөлісу: |