ф.ғ. к. Исова Эльмира Адильхановна Қазақстан, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты Лексикография мен дидактиканың байланысы Қазіргі кезде қазақ тіл білімінде лексикографияның негізгі салалары қалыптасқан, даму, толығу үстінде. Лексикография ғылымының өз ішінде де жаңа салалардың бой көтеріп, қалыптасуда. Солардың бірі - оқу лексикографиясы. Лексикографияның теориялық мәселелеріне оқу лексикографиясы саласын қосқан ғалым В.В.Морковкин болды. Ол ғалым П.Н.Денисовтің қарастырған сөздіктер типологиясы мен сөздіктің элементтері мәселелеріне тағы да бес аспектіні қосты. В.В.Морковкин «лексикография» ұғымының мазмұнын ашу төмендегі мәселелер міндетті түрде ескерілуі қажет екендігін айтады. Оларға: Сөздіктік лексикология; Сөздіктердің типтері туралы ілім, Сөздіктің құрылымдық элементтері туралы ілім; Лексикографиялық құрастырманың негіздері туралы ілім; Бастапқы сөздіктік материалдар туралы ілім; Сөздік түзу ісін жоспарлау туралы ілім; Сөздік түзу ісін ұйымдастыру туралы ілімі жатады.Оқу лексикографиясы – лингвистика мен лингводидактиканың арасынан қажеттіліктен тундап, білім беруде оқыту, тілді меңгерту мәселелерін көздейді. Сөздік жасаушылар оқырманның тілді өзбетінше меңгеруіне жағдай туғызады. Ол оқырманмен белгілі бір қашықтықтан, оқу сөздігінің беттерінен тілдесіп отырады. Демек сөздік алдымен дидактикалық туынды, ол оқытуға, үйретуге арналған туынды болып табылады. Солардың қатарынан идеографиялық оқу сөздіктері де орын алады. Біртілді сөздікте негізінен оқырмандардың жас ерекшеліктері, білім дәрежесі, тілді білу деңгейі ескеріледі. Сөз мағынасы соған байланысты ашылады. Идеографиялық оқу сөздіктерінде сөздер мағынасы бойынша, тақырыптарға жіктеледі де белгілі тақырып төңірегінде топтасып, өзара мағыналық байланыста болады.
Тілді тақырыптық топтарға бөліп оқыту тиімді. Оның өзіндік бірқатар ерекшеліктері, артықшылықтарын орыс лексикогрфі Л. А. Новиков «Лингвистическое толкование художественного текста.- М.: Русский язык, 1979.-256с.» атты еңбегінде саралаған. Атап айтқанда: 1. Белгілі бір тақырып төңірегінде топтасқан сөздерді пайдалана отырып, жаттығу, тіл ұстарту, тіл дамыту жұмыстарын жүргізген әлдеқайда жеңіл; 2. Бір тақырып төңірегінде топтасқан сөздер есте сақтауға ыңғайлы; 3. Оқу материалын белгілі бір тақырып бойынша топтастыру оқушыларға тілдің өзіндік ерекшелігін, болмысын, сипатын түсінуге көмектеседі. Осы мәселелерді ескере отырып, жоғарыдағы екінші сынып оқушыларына арналған сөздік жасау жұмысын ары қарай саралауға болады. Адам өміріне қажет заттар. Ауа, су, тамақ, жылу, жарық. (күн) т.б. Идеографиялық оқу сөздіктерде кез келген лексикалық бірліктер беріле бермей, онда нақты бір тақырып бойынша шоғырланған мағыналар ғана ашылады. Сөздік түзуде алдымен қажетті тақырыптар анықталып, кейін әр тақырыпқа қажетті сөздер нақтыланады. Сөздік кешенді сипат алуы тиіс. Әр тарау өз ішінен тақырыпшалар мен шағын тақырыптарға жіктелуі керек. Идеографиялық оқу сөздіктердегі лексика алфавит тәртібімен берілмей, сөздердің мағынасына қарай жүйеленеді. Тақырыптық сөздіктерде сөздердің қолданылатын саласы, қарым-қатынас тақырыптары басты назарда болады. Идеографиялық оқу сөздіктерде тілдік материал ретінде белгілі бір тақырып айналасындағы сөйленістер мен мәтіндер алынады. Сөздер тақырып ортақтығына байланысты жүйелеу жолымен іріктеледі. Тақырыптық сөздіктерде түсіндірме сөздік материалдары қосымша көз, көмекші материал ретінде пайдаланылып, идеографиялық оқу сөздіктердің негізгі нысаны сөздердің тақырыптық бірлігі болып табылады. Мысалы, сөздікке енетін сөздерді жүйелегенде жанды зат есім атауларына адам мен жануарлар тобы енгізсек, жансыз зат атаулары мынадай тақырыптық топтарға жіктеледі: «Өсімдік», «Табиғат», «Отан» т.б. Аталған топтар одан әрі ұсақ топтарға жіктеледі. Идеографиялық оқу сөздіктерде тақырыптық топ - ең алдымен тілден тыс факторларды – тақырыптық лексика қолданылуының түрлі контекстерін сипаттайды. Сөздік түрі сөздердің сұрыпталуына байланысты. Идеографиялық оқу сөздіктерде енетін, іріктелетін сөздер қатарына бір мағыналы сөз, көп мағыналы сөздің лексика-семантикалық варианты, тұрақты сөз тіркесі, атауыш тіркес, еркін тіркестер қамтылуы мүмкін. Мысалы, Идеографиялық оқу сөздіктер түзуде түсіндірме сөздіктерді пайдалана отырып, сөздерді алфавит тәртібімен орналастырумен қатар ішкі мағыналық байланыста беруге болады. Мысалы, “Дене” сөзі. Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде төмендегіндей түсіндіріледі. Дене І.1. Адамның бүкіл тұла бойы, өн бойы. 2. астр. Жұлдыздар мен планета аралығындағы зат. Дене ІІ. Басым келу, басым түсу. “Дене” сөзіне байланысты жасалған тақырыптық топқа, дене мүшелері: аяқ, бармақ, бас, бет, көз, кірпік, маңдай, мұрын, омыртқа, саусақ, тізе, тіл, тіс, табан, тобық, шынтақ, қабырға, қас, қол, құлақ, шаш, тырнақ. Ішкі ағза: асқазан, бауыр, бүйрек, жүрек, жауырын, көк бауыр, тамақ, таңдай, өкпе, қан тамырлары, ми, жұлын, жүйке тамырлары сияқты микро тақырыпқа жіктеуге болады. “Дене” сөзіне қатысты лексика – семантикалық тобына, дене - кеуде, бой, сүйек, тән, ден, он екі мүше, тұла бойы, өне бойы, аза бойы, бітім сияқты сөздерді біріктіруге болады. Идеографиялық оқу сөздіктерінің тақырыптық микрожүйе құрастыруда сол тақырыпқа сәйкес сөзжасам модельдері, сөзжасамдық ұялар да ескерілуі тиіс. Көпмағыналы сөздердің әрбір мағынасы түрлі тақырыптарда берілуі мүмкін. Бұл сөздің дене – бой, сүйек, тән, ден – адамның бүкіл дене тұрқы, тұла – бойы сияқтысинонимдік қатары бар.Сондай-ақ қазақ тілінде төмендегіндей “Дене” сөзіне қатысты фразеологизмдер бар. 1. Дене бітімі – тұла бойы, тұлғасы, жаратылыс қалпы. Мысалы, Не үшін десең, дүниеде жүргенде туысың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазақ, дене бітімің, шыққан жерің – бәрі бірдей (Абай) [ҚТФС, 84 бет]. 2. Денесі түршікті [шошыды] – төбе шашы тік тұрды, аза бойы тітіркенді.Мысалы,...Жаңбырдың моншақ – моншақ тамшылары.Төмен қарай зырлап пәрменімен.... Денемді түршіктірді, шымшылады [ҚТФС, 84 бет]. 3. Ден тартты - іш тартты, іш бұрды [ҚТФС, 84 бет].4. Дені сау таза] – 1. Ауру емес, он екі мүшесі аман, тәні сау.2. Жаны, көңілі ақ [ҚТФС, 84 бет]. 5. Дені тетік – сырқаты тәуір [ҚТФС, 84 бет].“Дене” сөзіне қатысты мақал – мәтелдер: «Ұлықсыз жұрт - бассыз дене», «Хан – бас, халық – кеуде», « Әлсіз денеге ауру ұялағыш», «Азған денеге ауру үйір». “Дене” сөзіне қатысты сөз тіркестері: Дене – дене шынықтыру, денетәрбиесі, дене тазалығы, дене мүшелері, дене саулығы, қапсағай денелі, қушық денелі, бунақ денелі.
Идеографиялық оқу сөздікте түрлі сөз табына жататын сөздер ортақ мағынасына сәйкес бір семантикалық өріске жинақталуы мүмкін. Сондай-ақ белгілі бір семантикалық бірліктегі сөздерді жүйелі түрде шоғырландыру арқылы материалды іріктеуге болады. Мысалы: Адамдар мамандығының аттары: Дихан, егінші, диірменші, нубайшы, қамбашы, жүргізуші, комбайыншы, тракторшы, ограном, сатушы т.б. Сөздің мағыналық құрылымын сипаттаудың түрлі тәсілдері бар. Идеографиялық оқу сөздіктеріндегі мағынаның ашылуы тілдік материалдың ерекшелігіне және сөздіктің типіне, оның мақсат-міндеттеріне байланысты.
Әдебиеттер: 1.Денисов П.Н. Лексика русского языка и принципы ее описания.- М.: Рус. яз., 1980.- 253 с.
2. Морковкин В.В. Основы теории учебной лексикографии: Автореф. диссертация доктора филологических наук.- М., 1990.- 72с.
3. Новиков Л.А. Лингвистическое толкование художественного текста.- М.: Русский язык, 1979.-256с.
4. Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігі. «Дайк-Пресс». Алматы,2008ж.
5. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы, 2006ж.