Ғылыми мақала «Абайдың қара сөздері студент көзімен»



Дата15.03.2024
өлшемі42 Kb.
#495649
Ғылыми мақала




Ғылыми мақала
«Абайдың қара сөздері студент көзімен»

2021-2022ж.ж


Абайдың қара сөздері студент көзімен

Хакім Абай шығармашылығы сана деңгейінің биігіне шыға алған оқырманның ғана ойына ой қосар еректігімен бөлек. Бөлек дейтін себебіміз, Абай өлеңін болсын, ғақлияларын болсын өзгеге еліктеуден гөрі өзіне сынмен қарап жазуды әдетке айналдырған таза талант иесі. Оның өз туындыларына деген асқан талғампаздығы шынында өз жемісін жегізіп,кейінгі ұрпақ санасына тереңдей сіңді. Бос сөз, арзан күлкі, құр қалжыңды өнер деп санамаған ұлы ойшылдың шығармашылық әлемі тұнып тұрған дала пәлсапасы іспетті. Онда тәрбие де, дәстүр де, тәртіп те көрініс тапқан деуге болады. Соның бір дәлелі, Құнанбай ұлының оқыған сайын жаңа ой түйетін 45 қара сөзі еді. Бұл қара сөз- қара қазақтың ауылда өскен қара баласының қараңғы санасына сәуле шашарлық қуатқа ие болды. Өз қоғамының терең ойлы пәлсапашысы - Абайдың ғақлия жазудағы мақсатының бірі - өз ойы арқылы толық адам концепсиясын жасау болды.Өзінен мін іздеуден жалықпаған ол - өзгенің адам ретінде толық деңгейге жетуін қалаған секілді. Адам жаңа жас қосқан сайын, өмірге деген жаңа көзқарасқа ие болатынын ескерсек, менің оқушы кездегі Абай қара сөзін ұғынуыммен студент кездегі түйген ойымның арасы жер мен көктей.


Нақтылы мәліметтерге сүйене отырып, Абай ең алғашқы қара сөзін 1890 жылы яғни ,45 жасында жаза бастағанын білеміз. Дана қазақта «қырық-ердің жасы»-деген ерекше, мәнді сөз бар. Қазақтың даналығы сонда бұл сөз кейіннен барып, ғылымда нақтылы дәлелдеуге қол жеткізген еді. Яғни,ғылым- биологиялық ерекшелігі бойынша ер адамның санасы, әйел адамның санасына қарағанда кештеу дамыйтындығын айтқан болатын. Демек, ер адам үшін ақыл тоқтатар жас бұл қадірлі қырық жас дейміз. Сонымен қатар, қырықты қадірлі деуіміздің де мағынасы тереңде екенін айтқым келеді. Өмірдің түрлі соқпағынан өтіп, өзіндік орта қалыптастырып, үлкен әулетке басшы болған ердің қырық жасын қалай қадірлі демессің?! Бірақ,сол көптен күткен қырықында қадірлі болмақ түгілі қара бет болып жатқандар қанша ма? Ал,Абай ол қатардан бой көрсетуден қорқып ,өзінің қырқының қадірін осы 45 қара сөзін жаза отырып, түсінген дерсің.
Ол ең алғашқы қара сөзінде «ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын,кімде-кім ішінен керекті сөз тапса,жазып алсын,я оқысын,керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі...»-деген еді. Оқырман ретінде біз Абайдың өз сөзі өзінікі болған күйде қалды деп айта алмаймыз. Сөздері арқылы оның ішкі әлеміне ене отырып, ақ қағаз бен қара сияны серігі еткен Абайдың еңбегі еш кетпегеніне көзіміз жетеді. Бұл еңбекті жария ету барысында да ақынның асқан шеберлігін байқаймыз. Ол ең алғашқы оқырмандары ретінде, қара сөздер жинағын өз қолымен санасы ояу, жүрегі таза жас ұрпаққа өзі іздеп барып, тапсырған екен. Оның дәлелі ретінде өзінің бауырына басып, тәрбиелеген немересі, Мағауияқызы Уәсиләнің естелік әңгімесін алға тартамыз. Уәсилә әкесінің балаларын сауаттандыруға үлкен көңіл бөлгендігін және сондай күндердің бірінде өздерін оқытып жатқан молдаға кітап ұсынып, оны балаларға қоса оқытуын тапсырғандығын айтады. Ал бұл кітап-әкемнің өзінің қара сөздер жинағы екенін кейін білдім деп іштегі толқынысымен бөліседі.
МәшҺүр Жүсіп Көпеев 1889 жылғы «Баянауылдан хабар,Абай творчествосы туралы мәлімет» деген мақаласында «Абай біздің соңғы пайғамбарымыз»-деп ақынға ерекше баға берген еді.Бұл бағаның құр мақтан үшін немесе жалмаңдаған жағымпаздық ойдан туған беталды сөз емес екенін анық аңғарамыз. Себебі,Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қандай асқан ақыл иесі,сабырлылықтың символы,көркем мінездің адами үлгісі болатын болса,қазақ ақын-жазушыларының ішіндегі осындай қаситтер бойынан табылған дара тұлға, ол әрине -Абай еді. Сондай көрегенділіктің хас шебері - Абай, қара сөзінде адамның бойындағы мінез-құлық, қадір-қасиет, жаманды-жақсылы ойдың әрбіріне түсінік берген. Соның бірі-Абайдың жиырма бірінші қара сөзі.Онда ол адамға қанмен сіңген қасиеттің бірі–мақтанға айырықша тоқталады. Мақтанның екі түрі бар,оның бірі-үлкендік,екіншісі-мақтаншақтық деп өзінше жіктеп береді. Ол екеуінің айырмашығы «демесін» мен «десін» деген ойдың болуында дейді. Бойында мақтанның үлкендік деген түрі кездесетін адам «өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен» деп азаптанады да, екінші, мақтаншақ деген біреуі «демесін» емес, «десін» дейді. Яғни, бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін деп жанталасып өмір сүретінін айтады. Сол арқылы үлкендік-ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі екенін оқырманға жеткізгісі келеді.
І.Жансүгіровтің «Қазақта қажы деп- Құнанбай қажыны айта аламыз»-деген пікіріне сүйенер болсақ, Құнанбайдай әкеден туған Абайдың да діннен алыс емес екенін білеміз. Ол медрессе оқып,қырағат оқуды меңгеріп, діни сауатын ашты. Ал сол сауатын қара сөздерінде қолдана білді ме деген сұраққа жауап іздесек, оның он үшінші, қырық бесінші, жиырма сегізінші қара сөздерін түсініп оқып, көңілге бекіткеніміз абзал. Ұлы Абай он үшінші қара сөзінде иманға сипаттама берсе, қырық бесінші қара сөзінде сол иманның шын негіздеріне тоқталады. Яғни,иманның шын негіздері: ғылым, махаббат, әділет. Қоғамның дамуы үшін осы үштікті бір деңгейде ұстай білу маңызды. Себебі, «бұлар Жаратушы Иеміздің ісі, он сегіз мың ғаламды меңгеретін басты заңдары» - деп нақтылайды.Сол секілді, жиырма сегізінші қара сөзінде адам баласы қиыншылыққа түссе, яки бір жамандық жасаса Құдай Тағаланың жаратуы, бұйрығы деп бәрін өзінен іздемейтіндігіне реніш білдіреді. Оны мына бір сөзімен түсіндіруге тырысады. «Жоқ,сен жақсылық, жамандықты жаратқан-Құдай,бірақ қылдырған Құдай емес,ауруды жаратқан-Құдай,ауыртқан Құдай емес,байлықты,кедейлікті жаратқан-Құдай,бай қылған,кедей қылған Құдай емес деп,нанып ұқ...»
Қарап отырсақ,Абай көбіне адамның қатесі өзінің бойында өріліп жатқандығын алдыға тартып,көп сөз сөйлейді. Ал сол қателікпен күрес ешқашан тоқтамай,өмір бойы болып жататындығын оқырманға ескертіп отырады. Шәкәрім жастарады «Өмір зая болмастық өнер үйрет,ақылыңды аяма бізге делік»-деп Абайдан білім ізденуге шақырғаны көпке таныс. Сондай Абайдың білімді болам деген балаға берген насихаты отыз бірінші,отыз екінші қара сөздерінде көрініс табады.Отыз бірінші қара сөзінде бойға сіңірген білімді ұмытпаудың алтын ережесін ұсынса,отыз екінші қара сөзінде білім үйренуге ынталы адамға үлкен беріктік керек. «Бұл беріктік,бір ақыл,ар үшін болсын!»-деп білім,ғылымға жол нұсқайды.
Айтпақ ойды қортындылар болсам, қара сөздерді қарай отыра «қырқында қамал бұзған» талай қазақтан, қырық бесінде қырық бес қара сөз жазған дана Абайдың бірнеше саты биік екенін байқадым. Елбасының «Менің балаларым мен ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы,Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс.»-деген сөзіне құрметім артты.Расында,Абай сөзінің өміршең екеніне толық көзім жетті.


Пайдаланған әдебиттер:

  1. Абай.Энциклопедия.-Алматы:» «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы

  2. Абай Құнанбаев «Қара сөздер» жинағы

  3. МәшҺүр Жүсіп Көпеев «Баянауылдан хабар,Абай творчествосы туралы мәлімет»,1889 ж.

  4. Ілияс Жансүгіров «Абайдың сөз өрнегі» Көптомдық шығармалар жинағы. - Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2005ж. Төртінші том.

  5. Н.Ә.Назарбаев «Абай аманаты» мақаласы.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет