«Физика-информатика»



Дата15.01.2024
өлшемі23.71 Kb.
#489073
Баяндама тарих


Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті


Баяндама


Тақырыбы: Қазақ халқы қалыптасуының тарихи алғышарттары. «Қазақ» терминінің әлеуметтік, этникалық мәні мен мазмұны


Орындаған: «Физика-информатика»
мамандығының I курс
студенті Мұрат Мақсат
Тексерген: Тарих ғылымдарының
профессоры А.М.Зайнов


Атырау-2023
Қазақ халқы қалыптасуы үшін оған көптеген тарихи кезеңдерді басынан өткізуге тура келді және бұл процесс бірнеше ғасырға созылды. Қазақстанның ертедегі тарихын екі аумақты кезеңге бөлеміз. Біріншісі – үнді-еуропалық, екіншісі – түркілік. Алғашқы кезеңде Қазақстан тұрғындары үнді-еуропалық топтың ежелгі иран тобына кіреді. Бұл кез б.з.д. III-I мыңжылдықтарды қамтиды. Екінші кезең Қазақстан территориясына шығыс жақтан көптеген көшпелі тайпалардың, соның ішінде ғұндардың батысқа қоныс аударуына байланысты қалыптасады. Сақ және сармат тайпаларының жалғасы – үйсін мен қаңлылар ғұн тайпаларымен араласып, ассимиляцияға түскен. Б.з.д. I ғасырда ғұндардың бір бөлігі қаңлы тайпалық бірлестігімен көрші-қолаң отырды. Ал б.з. II ғасырының бірінші жартысында қоныс аударудың екінші толқыны барысында олар Шығыс Қазақстан мен Жетісуға қоныс аударып, VI ғасырға дейін өмір сүрген Юэбань мемлекетін құрды. Қазақстанның байырғы тұрғындары – үйсіндер мен қаңлылардың ғұндармен этникалық жақындасуы іске асып, үйсіндер мен қаңлылардың моңғолоидтік нәсілге өтуі басталды. Б.з. VI ғасырынан бастап Алтай, Сібір жақтан келген түркі тайпаларының басымдылығы байқалады. VI ғасырдың ортасында, 542 жылы Қазақстан жері түгелдей құдіретті, біртұтас мемлекет – Түркі қағанаты құрамына кірді. Одан соң Батыс Түркі қағанаты 603 жылы, Түргеш қағанаты 704-756 жылдары, Қарлұқ қағанаты 756-940 жылдары, Оғыз мемлекеті IX ғ.соңы мен XI ғ. басы, Қимақ қағанаты 893 жыл мен XI ғ. басы, Қыпшақ хандығы XI ғасыр мен 1219 жылдары, Қарахан мемлекеті 942-1212 жылдары өмір сүрді. Осы мемлекеттердің ішінде қазақтардың халық болып қалыптасуында, әсіресе, екі мемлекеттің тарихи рөлі ерекше болды. Біріншісі – Қарахан мемлекеті, екіншісі – Қыпшақ хандығы.
«Қазақ» сөзінің өзі қыпшақтар мекендейтін аймақта пайда болған деп санауға барлық негіздер бар. Бірқатар түркологтардың пікірі бойынша, «қазақ» терминінің бастапқы таралған жері шығыс Дешті Қыпшақпен байланысты болған. Қыпшақ тіліне тән осы фонетикалық ресімделуінде «қазақ» сөзінің пайда болуын А.Н. Самойлович уақыты жағынан ерте дегенде XI ғасырға жатқызған. Жазбаша әдебиетте «қазақ» термині 1245 жылы мәмлүк Египет мемлекетінің қыпшақтары ортасында қолжазба ретінде жасалған араб-қыпшақ сөздігінде жазбаша деректемелер ішінде бірінші рет кездеседі (Самойлович, 1927:5-16). Онда бұл сөз «үйсіз», «кезбе», «қашқын» деген мағыналарда беріледі. Бұл семантикада «қазақ» терминіне әлеуметтік мағына берілген және өз руынан, тайпасынан, мемлекетінен бөлініп шығып, тіршілік құралдарын соғыс істеріне қатысу арқылы тапқан адамдарды білдірген деп санауға мүмкіндік берді және ол қазақылық институтымен байланыстырылды. Жалпы, тарихи әдебиеттерде «қазақ» сөзінің түп-төркіні әртүрлі мағынада түсіндіріледі. Олардың кейбіреулері бұл сөздің түбірін қаз (жер қазу), қаш (қашқын) деген етістіктерден іздесе, келесі біреулері «қаз» (құс ретінде) және «ақ» сөздерінен шығарады. Яғни, «қазақ» сөзінің жалпы жұртшылық мойындаған нақты этимологиялық анықтамасы әзірге жоқ. Дегенмен, бұл сөздің алғашқы мағынасы «еркін», «үйсіз», «кезбе», сондай-ақ «ержүрек адам» дегенді білдіретініне ешкім де таласпайды. Қазақстан аумағында «қазақылық институты» (ел кезіп кету) бұрыннан болғанын біз араб географы Ибн әл-Факихтың Х ғасырда жазған еңбектерінен кездестіреміз. Ол оғыз билеушісі Балқиқ ибн Жабғу ұлының әңгімесі бойынша төмендегідей мәліметтер қалдырған: «Менің аталарымның бірі сол кезде патша болып тұрған әкесіне ренжіп, одан бөлініп кеткен. Ол өзіне серік ретінде жасақ мүшелерін тонаушылықты жақсы көретіндер арасынан таңдап алады. Олар жолында кездескендердің бәрін тонай отырып, елдің шығыс жағына кеткен». Бұл біздіңше «қазақылық жасаудың» ең классикалық түрі. Тек, Ибн әл-Факих қана «қазақ» терминіне синоним ретінде арабтың «сулуқ» деген сөзін пайдаланған. Жалпы «салақа» деген түсінік бәдәуилер арасында өз тайпасынан орын таппаған кедей және іскер адамдарды айту үшін қолданылады. Олар өз жасақтарын құрып, бақытын ел тонаудан іздейтін (Қазақстан тарихы, 1998:306). Екі көшпелі халықта әртүрлі айтылғанымен типтік жағынан бұл терминнің екеуі де мағынасы жағынан қазақылық институтына жақын. Ханзада Балқиқ ибн Жабғудың әңгімесі Сырдарияның орта және төменгі ағысында тұрған оғыз тайпалары билеушілері тарихымен тығыз байланысты. Бірақ, өкінішке орай Ибн әлФаких араб тіліндегі «сулуқ» терминінің оғызша синонимін бермеген. Оғыздар арасында бұл сөздің синонимі «қазақ» болуы, олар бұл сөзді қыпшақтардан алуы әбден мүмкін. Егер оғыздар мен қыпшақтардың көптеген ғасырлар бойы бірбірімен аса тығыз этносаяси және этномәдени байланысты болғанын ескерсек, осының нәтижесінде олардың генетикалық, тілдік, әлеуметтік және шаруашылық-мәдени тұрғыдан бір-біріне сіңісе бастағанын байқаймыз. Соған қарағанда «қазақ» сөзі IX-X ғасырлардағы Кимек қағанаты құрамындағы қыпшақ ортасында пайда болған деп есептеуге негіз бар. Осыған орай «қазақ» сөзінің алғашында ешқандай этникалық мәні болған жоқ деген қорытынды жасауға болады. Ол өз тайпасынан бөлініп кеткен, заңды билеушіні мойындамайтын және еркін өмірді ұнататын кез келген жеке, еркін адамды білдірген. Басқаша айтқанда «қазақ» термині мәні жағынан әлеуметтік ұғым болды: бұл мәртебеге ие болған адамның немесе топтың билеушіге, қоғамға, мемлекетке көзқарасы бірден байқалатын. «Қазақтар» деп өз тобынан бөлініп қалған, ел көп бармайтын жерлерде жүретін, өзін қарумен асырайтын адамдар айтылатын; олар қиын да қауіпті жолға түсіп, күтпеген жерден өз жауларына шабуыл жасады, дұшпанының малын айдап әкетті, т.б. Кез келген адам қазақ бола алатын; онда адамның қанына (түрік немесе парсы), шыққан тегіне (қарапайым малшы немесе асыл текті ақсүйек) көп назар аударылмайтын. Осыған байланысты түрлі кезеңдерде көптеген белгілі адамдар қазақ атанды. Олардың ішінде, атап айтқанда Тоқтамыстың баласы Жалал әд-Дин, Шибан әулетінен шыққан Шығыс Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайыр, оның немересі Мұхаммед Шайбани, Моғол билеушісі Саид хан, сұлтан Хұсайын Байқара, Бабыр, т.б. бар еді. Кейіннен олардың барлығы да өз елдеріне келіп, билеуші болды, кейбіреулері жаңа мемлекеттің негізін қалады (Шайбани хан, Бабыр). Қазақ болғандар өздерін «қазақылық жасадық» деп есептеді. Бір түсініктісі сол «қазақылық жасағандардың» өмірі тым қарапайым, тіршілігі кедей еді. «Қазақылық» деген ұғым салт басты, жалғыз дегенді білдірмейтін. Қазақтың жанында әйелі «қазақдашы» жүруі де мүмкін еді, кедей олар үлкен «қазақ қоғамына» («жамаат-и қазақ») бірікті. Мұндай қоғамдар кейде даладағы қарақшы топтарға айналатын, кейде жергілікті билеушіні тақтан тайдыра алатын өте елеулі күш болып саналды. Әбілхайыр ханнан бөлініп, қазақылық жасаған Керей мен Жәнібек бастаған топ міне осындай елеулі әскери күші бар ұжым болды. Оларға алғашында «өзбек-қазақтар» деген ат «Қазақ» термині және этнонимі таңылды. Дегенмен, бұл ат әлі этнонимге айналып үлгерген жоқ болатын, өйткені бұл кезде одан басқа «Әмір Тайбаланың қазақтары», «Шибан – қазақтар» және т.б. аттар да бар еді. Осыған қарап біз «өзбек-қазақ» деген термин Өзбек ұлысынан бөлініп шыққан деген ұғымды білдіргенін көреміз. Бір қызығы бұл уақиға халықтың есінде ұрпақтан ұрпаққа қалып, бірнеше жүздеген жылдар сақталған. XIX ғасырда этнограф А. Хорошкин бір қазақтың шежіресін сұрағанда ол: «менің аталарым өзбек болатын», - деп жауап берген. Керей мен Жәнібектің Жетісуға көшуі қазақ халқының этногенезінде елеулі рөл атқарды. Бұл көш оның құрамының қалыптасуына ғана емес, қазіргі аталуына да шешуші әсер етті. Ал көштің өзі өтпелі кезең болған секілді, өйткені көшіп келушілер алғашында екі атпен «өзбек-қазақтар» деп аталды. Әбілхайыр хандығы әртүрлі тайпалар мен руларды біріктіргенімен олардың барлығы ортақ атпен өзбек деп аталушы еді. Ал, өзбек-қазақтар жаңа бір саяси әрі субэтникалық қоғамға бірікті, бұл қоғам біздің ойымызша Керей мен Жәнібектің 1459-1460 жылдары Жетісуға қоныс аударуынан бұрынырақ пайда болды. Дегенмен, осы Жетісудің далалы өңірлеріне көшуден кейін барып, Орыс хан ұрпақтарының соңынан ергендерге берілген «қазақ» деген тарихи ат уақыт өте келе этнонимге айналған секілді. «Қазақ» терминін өздеріне ат ретінде қабылдау бір жағынан Өзбек ұлысында билеуші әулеттің өзгергенін көрсетті. Бұрынғы Шығыс Дешті Қыпшақты «өзбек» деген жалпылама атпен біріктірген Шибан әулеті енді өзінен күштірек болып шыққан Орыс хан әулеттеріне билікті беруге мәжбүр болды. Сөйтіп, Ұлы Далада Шибан әулетінің билігі аяқталды. Бұл жаңадан қалыптасқан жағдай Мұхаммед Шайбанидің сарай тарихшысы Ибн Рузбиханның еңбектерінде жақсы берілген: «сонау даңқты Шыңғыс хан заманынан бастап өзбектерге үш тайпа жатады. Оның бірі – Шибан әулеті қазіргі ұлы ханымыздың (Мұхаммед Шайбани хан) арғы аталары, олар бұрынғы заманнан күні бүгінге дейін билеушілер болып келеді. Екінші тайпа – қазақтар, олар бүкіл әлемге өздерінің күшқуатымен және ержүректілігімен танылған. Үшінші тайпа – маңғыттар, ал олардың билеушілері астрахандықтар... Бұл үш тайпаның билеушілері үнемі бір-бірімен соғысып жатады, бірін-бірі бағындырғысы келеді». Сонымен, XV-XVI ғасырлар аралығында Шығыс Дешті Қыпшақта бұрынғы Өзбек ұлысы біржола тарап кетті. Нәтижесінде, онда бір-біріне қарсы тұрған күштер пайда болды: өзбектер – Шибан әулетін қолдаушылар, қазақтар – Керей мен Жәнібектің қол астындағылар және маңғыттар (ноғайлар) – Едіге әмірдің әулетіне бағыныштылар. XVI ғасырдың бас кезінде өзбектер мен қазақтар біржола бөлінді, Мұхаммед Шайбани хан өзін қолдаушылармен бірге (Шығыс Дешті Қыпшақтың өзбектері) Темір әулетінен Самарқандты, Бұхараны, Хорезмді және басқа да иеліктерді тартып алды да, нәтижесінде 1501 жылы және 1511 жылы өзбектер билеген Бұхар мен Хиуа хандықтары пайда болды. Сөйтіп, Шығыс Дешті Қыпшақтағы тайпалардың бір бөлігі Қазақстаннан біржола ауып, өздерімен бірге «өзбек» терминін ала кетті. Олар жаңа жерде Мауереннаһрлық Шағатай мәдениетін қабылдады да, көпшілігі отырықшы тұрмысқа көшті. Ал, Дала қазақтары өздерінің көшпелі өмірін, бұрыннан келе жатқан салт-дәстүрлерін, қоғамдық құрылымы мен дәстүрлі мемлекет басқару жүйесін сақтап қалып, Дала өркениетін жалғастырды. Сөйтіп, XVI ғасырдың бірінші жартысында-ақ Мауереннаһрға кеткен өзбектер мен Дала қазақтары екеуі екі басқа ұлт болып қалыптасты. Міне, осы кезден бастап Шығыс Дешті Қыпшақ даласында «өзбек» термині біржола ығыстырылып, Дала тайпалары «қазақ» деген ортақ атпен аталатын болды. Ал, олар тұрған ел мен жердің аты – Қазақстан атауын иеленді.
Қорытындылай келе, Шығыс Дешті Қыпшақтың тұрғындары осы кезден бастап күні бүгінге дейін өздерін қазақ деп атағанымен XVII-XX ғасырдың бірінші ширегінде орыс тілді әдебиеттерде басқа этноним пайдаланылды. Ұзақ жылдар бойы орыстың тарихи әдебиеттерінде және тіпті ресми құжаттарда Қазақстанның жергілікті тұрғындары «қырғыздар», «қырғыз-қазақтар», «қырғызқайсақтар» (бұл жерде «қазақ» сөзі кемсітіліп, «қайсаққа» айналған) деп берілді (ал нағыз қырғыздардың өздері орыс тілді құжаттарда «қара-қырғыздар» немесе «жабайлы тау (дикокаменный) қырғыздары» деп аталған). Г.Ф. Благованың зерттеулеріне қарағанда «казах» сөзі («қазақ» атауының орыс тіліндегі нұсқасы) орыс тілді еңбектерде алғаш рет 1822 жылы пайда болды. 1865 жылы «қазақ» сөзі сөздіктерге енгізілді, ал 1936 жылдан бастап бұл сөз орыс тілінде ресми түрде бекітілді. Бұл атау осы жылдан бастап Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымын атау үшін ресми түрде қолданысқа енгізілді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет