Фонетика туралы түсінік. Сөйлеу мүшелері және олардың тіл дыбыстарын жасаудағы қызметі. Дыбыс. Әріп. Фонема.
Фонетика (гр. Phone- дыбыс, phonetikos- дыбыстық ) – тілдің дыбыстық жүйесін зерттейтін тіл білімінің саласы. Фонетиканың қарастыратын мәселелері мыналар: тіл дыбыстарының пайда болуы, олардың іштей жіктелуі, бір- біріне әсері, буын, екпін, тілдің дыбыстық жағы мен жазудың ара-қатынасы, орфография, орфоэпия т.б. Фонетика дыбыстардың жасалым (артикуляциялық), айтылым (акустикалық) және естілім (перцепциялық) белгілерін зерттейді. Ол тілдегі дыбыстарды төрт түрлі тұрғыдан қарастыратындығы белгілі: қызметі, жасалымы, айтылымы және естілімі.
Дыбыс – сөздердің мағыналары мен тұлғаларын ажырататын ең кіші тілдік бірлік, ол - сөздің өмір сүруінің формасы. Оны фонема (грек. Phoneme – дыбыс, үн деген сөзден шыққан) деп те атайды.
Тіл дыбыстары – адамның дыбыстау мүшелері қызметінің жемісі. Дыбыс тілдің бір жақты единицасы: дыбысталады, бірақ мағынасы жоқ. Ал олардың белгілі бір тілде қалыптасқан тіркестері мағыналы сөздерді білдіреді. Дыбыстар – тілдің мағыналы единицалары – сөз бен морфемаларды (сөз бөлшектерінің) құрастыратын материалдар қызметін атқарады.
Фонема – сөздер мен морфемаларды құрастырып, оларды бір-бірінен мағына, форма жағынан ажыратуға септігі бар тілдің ең кішкене бөлшегі. Ол сөз мағынасы мен тұлғасын түсіндіреді. Фонема туралы ілімнің алғаш негізін салған орыс және поляк тілін зерттеуші– И.А.Бодуэн де Куртенэ.
Әріп – дыбысқа берілген шартты, графикалық таңба. Дыбысты айтамыз және естиміз, ал әріпті жазамыз және көреміз. Әріпті оқу дегеніміз – дыбысты айту. Әріп пен дыбысты шатыстыруға болмайды. Әріп кейде жеке дыбысқа сәйкес келсе (мәселен, о, ө, ұ, ү,), кейде бір әріп (мәселен, ю, я) бірнеше дыбыстың қосындысын (иұу, йүу,иа) өрнектейді. Кейбір әріптердің (ь, ъ) дыбыстық мәні жоқ.
Сөйлеу мүшелері,оның жұмыс жасау ерекшелігі. Адамның сөйлеу мүшелері – артикуляция мүшелері, артикулятты аппарат. Олар, өзінің негізгі функциясынан бөлек тіл дыбыстарын жасауға қатысатын адамның дене мүшелері болып табылады. Сөйлеу мүшелері: а) дыбыс жасауға қажетті ауа ағынын тудыратын және өткізетін тыныс алу мүшелері (өкпе мен кеңірдек тарамдары); ә) дыбыс жасауға тікелей қатысатын сөйлеу мүшелері болып екі топқа бөлінеді
Адамның сөйлеу аппараты I – мұрын қуысы; II – ауыз қуысы; III – дауыс түтігі; IV – тамақ (кеңірдектің кеңейген жоғарғы тұсы); V — өңеш (тамақ жүретін жол). 1 – тістер; 2 – еріндер; 3 – қатты таңдай; 4 – жұмсақ таңдай; 5 – тілшік (увула); 6 – жұтқыншақ; 7 – тіл (a – тіл алды, б– тіл ортасы, в – тіл арты, г– тіл түбі).
a – бойлық қиық: 1 – жұтқыншақ; 2 – жалған дауыс шымылдығы; 3 – қалқан шеміршек; 4 – нағыз дауыс шымылдығы; 5 – дауыс саңлауы; 6 – кеңірдек шеміршегі. б – көлденең кесік: 7 – желбезек шеміршек., 8 — сақина шеміршек. Сөйлеу мүшелерінің әрқайсысының белгілі бір қызметі болады. Бірақ олардың әрқайсысының қызметі өз алдына жеке – дара болмай, бірінің қызметі екіншісіне бағынышты және өз ара тығыз байланыста болады. Сөйлеу мүшелерінің жиынтығы сөйлеу аппараты деп аталады.
Критериалды бағалау жүйесінің механизмі, құрылымы және құралдары
Критериалды бағалау жүйесінде білім алушының тұлғасы емес, оның жұмысы ғана бағаланады; білім алушының жұмысы басқа білім алушылардың жұмыстарымен емес, эталонымен (өте жақсы орындалған жұмыс үлгісімен) салыстырылады; эталон білім алушыларға алдын ала белгілі болады. Оқытып-үйреткенді ғана бағалауға болады, сондықтан бағалау критерийі – оқу мақсаттарының нақты көрінісі.
Біз бағалауды қолданудың барлығын үлкен екі категорияға топтастыра аламыз: оқу үшін бағалау және оқуды бағалау. Аталған екі бағалау түрінің де білім жүйесінде және сыныпта өзіндік атқаратын рөлдері бар. Бұл жерде - әрбір бағалау түрінің кең ауқымдағы түсінігі, оқушыларға қажет емес бағыттардан гөрі, көбірек көңіл бөлетін тұстарда олардың атқаратын қызметі маңызды болуы мүмкін. Аталған бағалау типтерінің білім беру жүйесіндегі рөлі әр түрлі.
Оқу үшін бағалау және оқуды бағалау деп нені атаймыз?
Оқу үшін бағалау – сапаны жақсарту
Оқуды бағалау – сапаға қатысты шешім шығару
Оқуды бағалау – оқудың өз нәтижесіне жеткенін анықтайтын бағалау түрі. Оқуды бағалау оқушының қазіргі уақытта не оқып білгенін жинақтау болып табылады. Негізінен, ол келешек оқытуға үлес қосуға бағытталмаған, оның үстіне көпшілік көп мән беретін тестілеу әдісі оқыту үдерісіне кері әсерін тигізуі мүмкін.
Оқу үшін бағалау керісінше үдеріс жүріп жатқанда орын алады. Бұл бағалау түрін біз оқушы қажеттілігін анықтау үшін, өзіміздің келесі әрекетімізді жоспарлауға, өз жұмыстарын жақсартуға, кері байланыс жасауға және оқушылардың жетістікке жету жолында өз жұмыстарын көріп бақылауы үшін қолдана аламыз. Әрқайсысы оқушының білім алуына өзіндік ықпал жасап, келесі қадамда нені жасау қажеттігін анықтауға көмектеседі.
Оқуды бағалау – белгілі бір уақытта оқушы жетістігін жинақтап көрсететін бағалау түрі. Ол оқу үдерісі аяқталған соң жүреді. Оқу үшін бағалау оқып-үйрену үдерісі жүріп жатқан кезде мұғалімдер мен оқушыларға өздерінің оқытуы мен оқуынан хабар беріп отыру үшін қолданылады. Оның мақсаты – оқушы білімінің жиынтық бағасы қойылмай тұрып, үдеріс жүріп жатқанда үйренуді қалай жақсартуға болатынын анықтау .
Оқу үшін бағалау оқушылардың уәжі мен қызығушылықтарын арттыруда үлкен рөл атқарады. Ол оқушыларға өздерінен күтілетін оқу нәтижесін көруді қамтамасыз етіп, өз оқуларын бақылап, дамытып, жақсартып отыруға мүмкіндік береді.
Критериалды бағалау жүйесі шеңберінде бағалау 2 түрге бөлінеді: қалыптастырушы бағалау; жиынтық бағалау (бөлім, тоқсан, оқу жылының қорытындысы бойынша).
Оқу жылы барысында оқудың ілгерілеуі, үлгерімі туралы мәліметті жинау үшін бағалаудың екі түрі жүзеге асырылады: қалыптастырушы және жиынтық бағалау. Жиынтық бағалау өз кезегінде бөлім/ортақ тақырыптар бойынша жиынтық бағалау, тоқсандық, орта білім беру деңгейі бойынша жиынтық бағалаудың рәсімдерінен тұрады.
Бағалау тәсілдері критериалды бағалаудың түрлеріне, пән мазмұнына қарай ерекшеленуі мүмкін. Қалыптастырушы бағалау оқу үрдісінің ажырамас бір бөлігі болып табылады, тоқсан барысында мұғалім тарапынан жүйелі өткізіліп отырады. Қалыптастырушы бағалауда баға, балл қойылмайды, мұғалім мен білім алушы арасында үздіксіз кері байланыс қамтамасыз етіледі. Қалыптастырушы бағалау кезінде білім алушылардың қателесуге, оны түзетуге құқығы бар. Бұл білім алушылардың мүмкіндігін анықтауға, қиыншылығын табуға, оң нәтижеге қол жеткізуіне көмектесуге, дер кезінде оқу үдерісін түзетуге мүмкіндік береді.Қалыптастырушы бағалаудың әртүрлі формада(ауызша, сауалнама, жазба жұмысы, тәжірбиелік жұмыс, зертханалық жұмыс, жоба, тест және т.б.) жүзеге асырылады және жиынтық бағалау өткізгенге дейін мұғалім мен білім алушыға оқу үдерісін түзетуге, ықтимал болатын кемшіліктер мен жетіспеушіліктерді жоюға мүмкіндіктер береді. Тоқсан бойы жүргізіледі.
Грамматикалық сабақтарының түрлері. Грамматикалық талдау, жаттығулар түрлері
Тақырып түсіндірілгеннен кейін жаттығу жұмыстары орындалады. Жаттығу нәтижесінде оқушылар алған теориялық білімдерін практикада тез де дәл қолдана алу дағдысына ие бола алады. Біріншіден, оқушының білімін нақтылайды, әрі нығайтады. Екіншіден, өздігінен жұмыс істеуге жаттықтырады, ой қабілетін арттырады. Шәкірттердің алған білімдерін бекіту мақсатында жүргізілетін жаттығуларда мынадай талап қамтылуы тиіс:
1.Белгілі бір жаттығуларды орындау үшін сол жаттығуларды орындай алатындай білімі болуы шарт;
2 Оқушылар жаттығуды не үшін орындайтынына, оның қандай пайдасы барын түсінгенде ғана оны саналы орындайды .Жаттығуларды түсініп орындағанда ғана белгілі бір дағды қалыптасады;
3 Жаттығу оқушының қызығуын, ынтасын, ықыласын арттыруға тиіс. Ол үшін жаттығу түрлендіріліп берілуі шарт. Өйткені, бір сарынды жаттығу оқушылардың зейінін, қабылдауын, белсенділін нашарлатады;
4 Жаттығулар кездейсоқ болмай, белгілі бір жүйемен орындалып отыруы шарт;
5 Жаттығу жұмыстары тек таяуда өткізілген материалдарға негізделмей, бұрын өтілген кейбір материалдарды да қамтуы керек;
6 Бір жаттығу ұзақ уақытқа созылмауы тиіс. Әсіресе балалардың жасы неғұрлым кіші болған сайын,жаттығу да қысқа уақытқа мөлшерленеді де, үнемі жиі- жиі қайталануға негізделеді;
7 Шығармашылықты талап ететін жаттығулар көбірек болуы тиіс. Жаттығу арқылы оқылып жатқан материалмен жүргізілетін оқу әрекеті жүзеге асырылады. Жаттығуларды орындау негізінде оқушылардың ақыл – ой әрекеттері, ақыл- ой әрекетінің қызметі қалыптасады, дамытылады.
Жаттығулар бір мақсатқа бағытталған, өзара байланысты әрекеттердің тұтастығын көрсетеді. Ол әрекеттер тілдік және ой операциясының күрделенуіне байланысты бірінен соң екіншісі орындалады.
Дамыта оқыту жүйесіндегі қай деңгейдегі жаттығу болса да, оның орындалу логикасы мынадай қадамдардан тұрады:
Оқушы өзі танып- білуі тиіс болып отырған таным нысанын басқалардан айқын ажырата алады.
Оқушы өзінің танып – білуі тиіс таным объектісінің сыртқы белгілерімен саналы түрде танысады.
Оқушы нақты қандай заңдылықты «Ашу» керектігін оқу міндеті ретінде өзіне дұрыс белгілеп алады.
Оқу тапсырмаларының негізінен жазба түрде орындалуын қажет ететін логикалық тілдік жаттығулардың арқалайтын жүгі салмақты, өйткені бұл жаттығулар арқылы оқушы сөз таптарының грамматикалық ерекшелігін танудың нық әрі сенімді баспалдағын қалайды және оқушы үшін маңызды болып табылатын жазу, орфография ережелерін меңгереді.
Грамматиканы оқытуда жаттығу жұмысының мәні зор. Оқушылар грамматикалық материалды оқулық пен бағдарламаға сай білгендерімен (терминдерді меңгереді, анықтамаларды индуктивтік жолмен есте қалдырады), жаттығу жұмыстары жүргізілмесе, ол ұзаққа бармайды, ұмытылып қалады. Сондықтан да мұғалім оқушыларға грамматикадан саналы да терең, тұрақты да берік білім бергісі келсе, жаттығу, дағдыландыру жұмыстарын жүргізу арқылы олардың дағдыларын қалыптастыратын және қалыптасқан дағдыны тілдің басқа да ұқсас құбылыстарына тасымалдай алатын (ережелерді жаңа фактілерге қолдана алатын) жаттығу әдістерін білуге тиіс. Жаттығу нәтижесінде оқушылар алған теориялық білімдерін практикада тез де дәл қолдана алу дағдысына ие болады. Жаттығу арқылы балалардың алған білімдері нығайтылып, нақтыланып қана қоймайды, сонымен қатар өз беттерімен жұмыс жасауға, ойлау қызметіне дағдыланады. Өйткені оқушылар жаттығу процесінде үздіксіз анализ-синтез жасайды, бір тұлғаны екінші тұлғамен салыстырады, абстракциялайды, жалпылайды, жаттығу арқылы білімін жүйелейді. Грамматикалық жаттығулар, оқушылардың қандай тілдік материалмен жұмыс жасауына қарай, фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік және лексикалық болып бөлінеді.
Фонетикалық жаттығулардың міндеті- балалардың айтылған буындар мен дыбыстарды жақсы айыра алуын және оларды балалар дұрыс, анық айтып берулерін қамтамасыз ету. Фонетикалық жаттығулар арқылы кейбір балалардың, жоғарыда көрсетілгендей, тілін тістеп сөйлеу, сақауланып сөйлеу, қайсібір дыбысты қалдырып кетіп сөйлеу немесе «с» мен «ш», «р» мен «л», «ж» мен «з» сияқты дыбыстарды шатастырып айту кемшіліктері жойылады. Мұндай кемшіліктер оқуға да, жазуға да зиян келтіретіні сөзсіз.
Бастауыш сыныптарда фонетикадан берілетін мағлұматтар мен фонетикалық жаттығулар тек дұрыс жазу, емле үшін ғана пайдаланылып қоймайды, сонымен қатар балаларды әдеби тіліміздің нормасын сақтап оқуға үйрету үшін де (орфоэпия) пайдаланылады. Оқу сабақтарында, балалардың жауаптарында, әңгімелерінде байқалған орфоэпиялық қателер теріс айтылған сөздер түзетіліп, сөз ішіндегі, сөз шекарасындағы дыбыстардың құбылуы ескеріліп отырады. Сонымен қатар тілімізге басқа тілдерден енген термин сөздердің дұрыс айтылуы да практикалық жаттығулар арқылы үйретіледі.
Морфологиялық жаттығулардың мақсаты- ана тілінің морфологиялық құрылысын оқушыларға саналы түрде меңгерту. Мазмұны жағынан морфологиялық жаттығулар екі түрлі болады; 1) сөз тұлғасын оқу барысындағы жаттығулар, 2) сөз таптарын оқу барысындағы жаттығулар.
Сөз тұлғасын оқу барысындағы жаттығулардың сөздің морфологиялық құрамын, мағыналы бөлшектерін, морфемаларды саналы түрде меңгеріп алу үшін мәні зар. Сөздің морфологиялық құрамын талдау, көбінесе сол сөздің мәнін дұрыс ұғынып алуға жәрдем етеді, сөздің мағыналы әрбір элементі- түбір, жұрнақ, жалғау- бұлардың әрқайсысы өзінше сөзге мән береді, ал осы мәндердің жинағы бірігіп, сөздің жалпы мағнасын тудырады. Морфемаларды соның ішінде жұрнақты айыра білудің балалардың тілін жетілдіру үшін де зор мәні бар. Өйткені бұл жаңа сөздер жасауға және сол сөздерді орынды жерінде қолдана білуге мүмкіндік береді.
Сөз тұлғасына байланысты жүргізілетін жаттығуларға мынандай талаптар қойылады: 1) алдымен, мүмкіндігіне қарай, негізгі түбірлерді, онан әрі туынды түбірлерді, ең соңында түбірлес сөздерді талдайтындай жағдай жасалады, 2) белгілі бір сөздердің ішінен негізгі түбірді тапқызу үшін, сол негізгі түбірден жасалатын туынды сөздермен салыстыру жұмысы ескеріледі, 3) туынды сөздер мен негізгі түбірді ажырату барысында мағына жағына назар аударылады.
Сөз таптарын оқыту барысында жүргізілетін жаттығулар сөздерді белгілі бір топқа біріктіріп, жүйелеуге үйретеді, жаттығу жұмыстарының барысында оқушылар әрбір сөз табының қасиетін, ерекшеліктерін саналы түсінеді, септік, көптік, жіктік, тәуелдік жалғауларын меңгереді, оларды жазбаша, ауызша сөйлегенде дұрыс, орынды қолдана алады.
Сөз табы бойынша жүргізілетін жаттығулар:
1) текстен керекті сөздерді тапқызу,
2) керекті сөздерді қосып, өздіктерінен сөйлемдер немесе әңгіме құрастыру,
3) сөздің мағынасын түсініп, сөйлемдегі қызметін байқату,
4) сөздердің лексикалық жағынан болсын, грамматикалық жағынан болсын, қалай өзгеретінін аңғарту,
5) мағына және тұлға жағынан қандай ұқсастық, айырмашылық барын салыстыру арқылы анықтау,
6) ұқсас сөздерді топтату,
7) байқағанқұбылыстары жөнінде жеке-жеке қорытындылар шығару сияқты жұмыстарды қамтиды.
Достарыңызбен бөлісу: |