Грамматикалық талдау
Жакишева Ж.К.-М.Жұмабаев атындағы №39 мектеп-гимназия мұғалімі
Жакишева М.К.-ҚҚББ әдіскері
Мектепте қазақ тілі пәнінен теориялық материалды жақсы ұғынып, алынған білімді тұрақтандырып, оқушының ол туралы практикалық дағдысын қалыптастырудың бірден-бір жолы-сөйлем талдау.Себебі ол талдау арқылы өтілген тілдік құбылысқа байланысты материалды оқушының құр ережені ғана жаттап емес, саналы түрде қабылдап, түсіне алғаны, алған білімін өз бетінше практикада қолдана білу дағдысы байқалады. Егер оқушы сөздің морфологиялық құрамын , яғни сөз қандай бөлшектерден тұра алатынын, сөйлем мүшелерінің анықтамалары мен сұрақтарын жақсы айтып тұрғанымен, сөйлемді дұрыс талдай білмесе, жекелеген сөздердің морфологиялық құрамын/түбірін, қосымшаларын, түрлерін/ анық ажырата алмаса, сөйлемдегі сөздердің байланысын дұрыс таба алмай, сөйтіп сөзге сұрақты дұрыс қоя алмай жатса, олардың ережелерін қанша жақсы білгенімен, оқушының білімі жеткілікті дей алмаймыз. Бұл жерде оқушы мәселенің мәнін түсінбей, құр ережелерді жаттап алған. Демек, сөйлемді грамматикалық жағынан дұрыс талдай білу, тілдік құбылыстардың мәнін оқушының нақты түсінуімен, грамматиканың практикалық жағынан дағдысының қалыптасуымен байланысты.
Амал не, оқушылардың көпшілігінің білімдері осы талапқа сай болмай жүр. Оны жылда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткізілетін қалалық, мектепішілік олимпиада қорытындысынан байқап жүрміз. Қалалық олимпиадаға ең озық оқушылар қатысады десек, сол оқушылардың білімді бөлігінің біразы сөйлем талдауға шорқақ, сөйлемді талдаудың техникасын жетік меңгермегендігін байқатып жүр. Сондықтан да бұл құралда сөйлем талдау үлгісі мен әдістері көрсетіледі. Талдау үлгілері бұрыннан қалыптасқан жолмен жүргізіліп отырды.Кейбір жағдайда уақыт үнемдеу мақсатымен және тілдік материал оқушының ойына толық жетіп, жедел қабылдануы үшін талдау сараланып жүргізіледі. Ондайда тым ұсақталып кетіп әр ұғымды айтқан сайын көп қайталанбау жағы да көзделді. Тағы бір мақсат-әр оқушы өз бетінше бөлек-бөлек талдап, талдаудың түрліше тәсілдерін жинақтай отырып, сөйлем талдау техникасын бір ізге түсіру, талдауды сөйлемдегі сөздер арасындағы грамматикалық байланысқа негіздеп, белгіліден белгісізге қарай табу әдісін бір ізге салып,талдаудың тұрақты тәсілін көрсетіп, шартты белгілерін қалыптастыру, тұрақтандыруда болмақ.
Фонетикалық талдау
Жалпы білім беретін мектептерде оқытылатын қазақ тілінің жүйелі курсының бір саласы-фонетика. Фонетика мектептерде мына көлемде оқытылады. Тіл дыбыстары деген не, дыбыстау мүшелері, олардың қызметі, тілдегі дыбыстардың құрамы мен түрлері, дыбыстардың үндесуі, екпін; буын; орфография және орфоэпия. Талап етілетін фонетикалық талдаудың көлемі: дауыстылардың 6-ға бөлінуі, /жуан, жіңішке, ашық, қысаң,еріндік, езуліктер/;дауыссыз дыбыстардың дауыс қатысына қарай 3-ке бөлінуі/қатаң, ұяң, үнді/ жасалу орнына қарай бөлінуі /ерін, тіс пен ерін, тіс, тіл ұшы, тіл алды, тіл ортасы, көмей/ жасалу жолына қарай/шұғыл, ызың/ бөлінуі.Соңғы бөлу мектеп бағдарламасында жоқ. Бұлармен бірге буын, дыбыстардың үндесуі мәселелері де фонетикалық талдаудан тыс қалмауы керек. Бағдарламалық материалдардың берілуі сатылы және жүйелі түрде өсуіне орай талдаулардың да күрделене түсуі сөзсіз.Осыған орай фонетикалық талдауды оңайдан қиынға қарай сатылап көшу керек.
Дауыссыз дыбыстарға талдау жасау
Дауыссыздардың дауыс, үннің, салдырдың қатысына қарай жіктелуі. Дауыссыздарды үшке бөлеміз.
-
Үнді дауыссыздар:й,л,м,н,ң,р,/у/,
-
Қатаң дауыссыздар: к,қ,п,с,т,ф,х,ц,ч,ш,щ.
-
Ұяң дауыссыздар: б,в,г,ғ,д,ж,з,һ.
Үні басымын-үнді дауыссыздар, тек салдырдан тұратынын -қатаң, үннен гөрі салдыры басымын-ұяң деп жіктеп жүрміз.
1.Ең алғашқы фонетикалық талдаулар-дауысты және дауыссыз дыбыстарды танытқызу. Мысалы, мына үлгіде:
1. Көлдің орта шенінде ноқаттай бір қара көрінеді. /Д.Ә./
Осы сөйлемдегі 2 сызықпен сызылған дыбыстарды дауысты, бір сызықпен сызылған дыбыстарды дауыссыз деп атап шығу керек.
К-д-сыз, Р-д-сыз, Б-д-сыз,Е-д-ты, т.б.немесе
2. Кейде жазылған сөйлемнің ішінен дауысты дыбыстарын бір бөлек, дауыссыз дыбыстарын екінші бөлек теріп алып, қоршаймыз да, олардың өзіндік белгілерін не ауызша, не жазбаша айтқызамыз., жаздырамыз.
Мысалы, мына үлгіде:
Ө,І,О,А,Е –дауыстылар, себебі:
1. Өкпеден шыққан ауа ауыз қуысында ешқандай кедергіге ұшырамайды.
2. Бұлармен ән салуға болады.
3. Сөздерді буынға бөледі.
4. Айтқанда дауыс шымылдығы дірілдейді.
5. Бұл дыбыстарды айтқанда дыбыстау мүшелері түгел қатысады.
6. Бұлар дыбыстау мүшелерінің жан-жақты қимылымен жасалады.
К,Р,Д,Т,Ш,Қ,И-дауыссыз дыбыстар, себебі:
1. Өкпеден шыққан ауа қандай да бір кедергіге ұшырайды.
2. Бұларда үн бәсең болады.
3. Сөздерді буынға бөле алмайды.
4. Айтқанда дауыс шымылдығы баяу дірілдейді.
5. Бұлар дыбыстау мүшелерінің біржақты қимылынан жасалады.
Ендігі талдау дауысты дыбыстар төңірегінде болмақ.
-
Дауысты дыбыстардың 6-ға бөлінуін түсіндіргеннен кейін кестемен жұмыс жасауға болады.
Жуан
|
Жіңішке
|
Ашық
|
Қысаң
|
Езулік
|
Еріндік
|
Бұл кестенің аралас түрін де толтыруға болады.
Бір графаны ғана толтыр
Тілдің қатысына қарай немесе жасалу орнына қарай
|
|
|
А, ы/и/,о,ұ/у/
|
ә, е,/э/,і,/и/ө,ү,/у/
|
Еріннің қатысына қарай немесе жасалу жолына қарай
|
|
|
А, ә, е/э/,і,/и/
|
О, ө,ұ,ү,/у/
|
Жақ пен иектің қатысына қарай
|
|
|
А, ә, е/э/,о,ө
|
Ы/и/,і,ұ,ү/у/
|
Бір ғана графа толтырылған қалғанын өзің толтыр
|
жуан
|
жіңішке
|
|
|
|
еріндік
|
езулік
|
|
|
|
ашық
|
қысаң
|
|
|
Тілсіз графаны өздерің шешіп, толтырыңдар
Осындай жартылай ашық, не мүлдем ашық кестелерді толтыру арқылы оқушылар дауысты дыбыстар бойынша алған білімдерін орнықтырады әрі логикалық ойын дамытады.
Дауысты дыбыстарды талдауға арналған фонетикалық талдау:
А-жуан, езулік, ашық дауысты;
Ә-жіңішке, езулік, ашық дауысты;
О-жуан, еріндік, ашық дауысты;
Ө-жіңішке, еріндік, ашық дауысты;
Е-жіңішке,езулік, ашық дауысты;
Ұ-жуан, еріндік, қысаң дауысты;
Ү-жіңішке, еріндік, қысаң дауысты;
Ы-жуан, езулік, қысаң дауысты;
І-жіңішке, езулік, қысаң дауысты;
И-жуан да жіңішке де, езулік, қысаң дауысты.-бұлай талдау арқылы уақыт үнемдейміз.
Демек, фонетикалық талдау-тіл дыбыстарының әрі практикалық, әрі теориялық мәселелерін үнемі қайталап, ауызша айтылған қағиданы іс жүзінде көрсете отырып, нығайтудың бірден-бір жолы.
Тіл дыбыстарынан кейінгі сөздің бөлшегі-буын. Сөздің құрамында қанша дауысты болса, сонша буын болатыны белгілі.Сөздерді буынға жіктеуде:
1.Ашық буын: Ә-ке, а-па;
2. Тұйық буын: от,өрт,ант;
3. Бітеу буын: бал, кел, бұлт.
Буынның жуан, жіңішке болуы дауысты дыбыстардың жуанды, жіңішкелігіне байланысты дей отырып, К-Г; Қ-Ғ дауыссыздарының да жуан –жіңішкелігіне байланысты болатындығын мысалдар арқылы /қа-ғаз,та-ға; кө-гіл-дір,и-не.лік/ түсіндірген жөн.
ІІ Грамматикалық талдау
Грамматикалық талдау
Грамматикалық талдау- грамматикада айтылған мағлұматтарға, ережелерге, анықтамаларға негізделіп жүргізіледі. Ол-оқушылардың логикалық ойлау қабілетін жетілдіруге, олардың ана тілінен алған білімдерін өмірде саналы қолдана алуына, емлелік және тыныс белгілері жөніндегі алған мағлұматтарын тұрақтандыру үшін қолданылады.
Мазмұны жағынан грамматикалық талдау екі үлкен салаға бөлінеді: Морфологиялық және синтаксистік талдау. Осы екі грамматикалық талдауды жүргізудің 2 тәсілі бар. Бірі-ауызша талдау, екіншісі-жазбаша талдау. Жазбаша талдау арқылы оқытушы оқушылардан грамматикалық ұғымдар мен олардың тілдік элементтерін жетік білуін оқушылардың ұқыптылығын талап етіп отыруы қажет. Сол арқылы оқушылардың сөйлемді дұрыс та толық талдау дағдысын қалыптастырады.
Морфологиялық талдау
Сөздің грамматикалық тұлғасын білмей тұрып, оқушының сөз байлығын дамыту мүмкін емес. Грамматикалық талдауды саналы жүргізу, сөзді дұрыс қолдану, олардың сөз тұлғасын жетік білуіне байланысты.
Морфологиялық талдаудың алғашқы баспалдағы-сөздерді тұлғасына қарай талдау. Ол үшін мына кестені пайдалануға болады.
Сөз құрамы
Түбір сөз
|
Туынды сөз
|
Қос сөз
|
Біріккен сөз
|
Сөз тіркесі
|
Қысқарған сөз
|
Жұрнақ
|
Жалғау
|
Ана
Қант
сан
|
Егін-ші
Қобыз-шы
|
Биік-биік
Ап-аласа
|
Аққу, тасбақа
|
Темір жол, қара торы
|
ҚарМУ,
ҰБТ,МАБ
|
Сөз тудырушы
|
1.Көптік
2.Септік
3.Жіктік
4.Тәуелдік
|
Біл-гіш, ас-паз
|
|
Сөз түрлендіруші
|
|
Көл-шік
|
Бұл кесте оқушылардың сөздерді құрамына қарай талда деген тапсырманы бірден түсінуге көмектеседі. Қазақ тіліндегі сөздерді құрамына қарай талдау аса қиындық келтірмейді.
Морфологиялық талдауда қысқарған белгілері арқылы талдаудың белгілі бір жүйесі болады. Мысалы:1. Түбір сөз, 2. Қосымша-жұрнақ, жалғау. 3. Сөз табы, негізгі-туынды, дара-күрделі, септік, көптік, тәуелдік, жіктік жалғау деген орын тәртібімен талдауға дағдыланған жөн.
Мысалы, сөздің құрамы мен сөз тұлғасының жиі кездесетін бір түрі:
Шеге-ле-ген-мін
Шеге-түбір
ле-сөз тудырушы жұрнақ
ген-сөз түрлендіруші жұрнақ
мін-жалғау
Сөздерді тұлғасына қарай талдау
Терезенің тұсында мектептің бағы бар.(Б.Соқпақбаев)
Талдау
Терезе-түбір, -нің-ілік с. жалғауы, тұс-түбір, -ы 3-жақ тәуелдік жалғау, -нда-жатыс септігінің жалғауы, мектеп-түбір, -тің-ілік септігінің жалғауы, бақ-түбір, -ы-тәуелдік жалғауының 3-жағы, бар-түбір.
Көлдің бурадай буырқануы Ботагөздің қуанышты сезімін өзгертпеді. /С.Мұқанов/
Талдау
Көл-негізгі түбір, -дің-қосымша, ілік септік жалғауы,бура-негізгі түбір, -дай-қосымша, сөз тудырушы жұрнақ, буырқан-негізгі түбір, -у-қосымша, тұйық етістік жұрнағы, -ы-3 жақ тәуелдік жалғауы, Ботагөз-күрделі морфема, біріккен сөз/түбір/, -дің-қосымша, ілік септік жалғауы, қуанышты-туынды сөз: қуан-негізгі түбір, -ыш-сөз тудырушы жұрнақ,, -ты-сөз тудыратын жұрнақ, сезім-туынды сөз: сөз-негізгі түбір, ім-сөз тудыратын жұрнақ, -і-қосымша, 3-жақ тәуелдік жалғауы, -н- қосымша, табыс септігі жалғауы.Өзгер-түбір, -т сөз түрлендіретін жұрнақ, өзгелік етіс жұрнағы –ді –сөз түрлендіретін жұрнақ, жедел өткен шақ жұрнағы.
Сөздерді құрамына қарай талдау-сөз таптарына бағытталған талдаудың алғашқы баспалдағы. Сөздерді бұлай талдау сөз таптарын түгелдей өтіп болғанша жүргізіле береді.Әрбір сөз табына қатысты грамматикалық категориялар мен грамматикалық формаларды өзінің атымен атаймыз.Мысалы, зат есімді өткенде, оның жұрнақтарын өзінің атымен атаймыз, «сөз тудыратын, сөз түрлендіретін жұрнақ» дегеннің орнына зат есімнен зат есім тудыратын жұрнақ тіркесін енгіземіз. Мұны мына мысалдан көреміз:
-
Зат есімді өткеннен кейін
Жаз бойына теңіз жағасындағы жұмыс бір тынған жоқ. /М.Иманжанов/
Талдау
Жаз-деректі, жалпы, жалаң түбір тұлғалы зат есім, бой-түбір, -ы-3-жақ тәуелдік жалғауы,-на –барыс септік жалғауы, теңіз-деректі, жалпы, жалаң, түбір тұлғалы зат есім, ілік септіктің жасырын түрінде тұр, ол келесі тәуелдік жалғауы /жағасындағы/ сөзбен байланысынан көрінеді. Жаға-түбір, -сы-тәуелдік жалғауының 3-жағы, -нда-жатыс септік жалғауы, -ғы- сөз тудырушы морфема. Жұмыс—деректі, жалпы, жалаң, атау тұлғалы зат есім, бір—негізгі түбір сөз, -тын-негізгі түбір сөз, -ған сөз түрлендіретін жұрнақ, жоқ-түбір сөз, 3-жақ жіктік жалғау тұлғасында тұр.
Қазақ тілі грамматикасында зат есімнің түбір тұлғасы, атау септік дегендер бір ұғым ретінде жұмсалады.
-
Сын есімді өткеннен кейін
Енді сол көп қыздардың ішнен бөлініп қалған бір ғана ұзын бойлы, ақ сары қыз бар./М.Әуезов/
Енді-түбір сөз, сол- түбір сөз, көп-түбір сөз, қыздардың-деректі, жалпы, жалаң,зат есім, түбірі-қыз, дар –көптік жалғауы, -дың-ілік септік жалғауы, іш-негізгі түбір сөз, -і-тәуелдік жалғауының 3-жағы, -нен-шығыс септік жалғауы, бөл-негізгі түбір сөз, -ін-сөз түрлендіретін жұрнақ, -іп-сөз түрлендіретін жұрнақ, қал-негізгі түбір сөз, -ған- сөз түрлендіретін жұрнақ, бір-түбір сөз, ғана-түбір морфема, ұзын бойлы-күрделі тіркесті түбірлер, -ды-сөз тудырушы жұрнақ, сөйтіп барып ол қатыстық күрделі сын есім, ақ сары-күрделі түбір, сапалық күрделі сын есім, қыз-деректі, жалпы, жалаң, атау тұлғалы зат есім, бар-негізгі түбір сөз.
-
Сан есімді өткеннен кейін
Төртінші шахтаға баратын-он екі адам./Ғ.Мұстафин/
Талдау
Төртінші-реттік сан есім: төрт-түбірі,-інші-қосымша , реттік сан есім жұрнағы, шахтаға-деректі, жалаң зат есім: шақта-түбірі, -ға-барыс септік жалғауы, бар-түбір сөз, -атын-сөз түрлендіретін жұрнақ, он екі-күрделі есептік сан есім, адам-деректі, жалпы, жалаң, 3-жақ жіктік жалғау тұлғалы зат есім, ол бұл жерде арнайы грамматикалық формамен беріліп тұрған жоқ, яғни формасыз нөлдік формада тұр.
-
Есімдікті өткеннен кейін
Осы оқиғаны Гүлмизаның өзі айтқан еді- маған./З.Ш./
Талдау
Осы –сілтеу есімдігі, түбір тұлғада тұр, бір-белгісіздік есімдік, түбір тұлғада тұр, оқиғаны-деректі, жалпы, жалаң зат есім: оқиға-түбір, -ны-табыс септік жалғауы, Гүлмиза-деректі, жалқы, күрделі зат есім, /Гүл-миза/, -ның –ілік септік жалғауы, өзі-өздік есімдігі: өз-түбір, -і-тәуелдік жалғаудың 3-жағы, айт-түбірі, -қан-сөз түрлендіргіш жұрнақ, е-түбір морфема, -ді-сөз түрлендіргіш қосымша морфема,/жедел өткен шақ жұрнағы/, маған-жіктеу есімдігі, түбірі-мен.
-
Етістікті өткеннен кейін
Етістік-грамматикалық категорияларға да, мағынаға дабай. Күрделі сөз табы. Етістіктің мағынасын, морфологиялық, синтаксистік белгілерін қаншалықты егжей-тегжейлі оқытқанмен, морфологиялық талдауда мұның бәрін қамтып, толық көрсету қиын. Дегенмен морфологиялық талдауда етістіктің грамматикалық белгілеріне мән беріп, көрсетіп отыру қажет. Ол белгілер мыналар:
Етістік
етіс (4етіс)
|
болымды болымсыз
|
салт сабақты
|
шақтары
|
райлары
|
көсемше
|
есімше
|
жақ
|
тұйық етістік
|
Сондықтан етістікті талдауда басқа сөз таптарына қарағанда барынша сақ, сергек болу керек.
Майпаны мен қандай білсем, Майпа Ардақты сондай біледі. /Ғ.Мұстафин/
Майпаны-деректі, жалқы, жалаң зат есім: Майпа-түбір, -ны-табыс септік жалғауы, мен-жіктеу есімдігі, атау тұлғада тұр, қандай -өлі түбір морфема,/әуелгі түбірі қан екені белгілі/, білсем-түбірі:-біл, -се-шартты рай жұрнағы, -м-1-жақ жіктік жалғауы, Майпа-деректі, жалқы, атау тұлғада тұрған зат есім, Ардақты-деректі, жалқы, жалаң зат есім: Ардақ түбірі, -ты-табыс септік жалғауы, сондай –тарихи тұрғыдан сол/сон/ түбірден және –дай жұрнағынан тұратын үстеу, біледі-сабақты етістік: біл-түбірі,-е-ауыспалы шақтық көсемшенің жұрнағы, -ді-жіктік жалғауының 3-жағы.
Жағалауда жарқыраған күн сәулесі мен мал жайылған шалғындар, егін даласы мен кішкентай қайың тоғайлар көрініп тұрды. /С.Голубов/
Талдау
Жағалауда-деректі, жалпы, туынды, зат есім: жаға-түбір, -ла-зат есімнен етістік тудырып тұрған жұрнақ, сонда жағала-туынды түбір етістік, -у-етістіктен зат есім тудырып тұрған жұрнақ, себебі, жағалау-бұл жерде зат есім, ал тарихи тұрғыдан келгенде бұл жұрнақ/-у/ тұйық етістік –да-жатыс септік жалғауы, тұлғасына саяды. жарқыраған- өткен шақтық есімше, жарық түбір, -ыра-зат есімнен етістік тудырып тұрған жұрнақ, -ған-өткен шақтық есімше жұрнағы, күн сәулесі-жалпы, күрделі зат есім:күн-түбір, -нің ілік септік жалғауы жасырын келген, сәулесі-деректі, жалпы зат есім,: сәуле-түбір, -сі-тәуелдік жалғауының 3-жағы, мен-түбір морфема, көмекші сөз/жалғаулық шылау/, мал-деректі, жалпы, дара зат есім, жайылған-өткен шақтық есімше тұлғасында тұрған етістік, жай-түбірі, ыл-ырықсыз етіс жұрнағы, -ған-өткен шақтық есімше жұрнағы, тоғайлар-деректі, жалпы, дара, зат есім, түбірі-тоғай, -лар-көптік жалғауы, көрініп тұрды-күрделі болымды етістік, көрініп-негізгі етістік, көр-түбірі, -ін-ырықсыз етіс жұрнағы, -іп-өткен шақтық көсемше жұрнағы, тұрды-көмекші етістік: тұр-түбір ет., ды-жедел өткен шақтың жұрнағы.
-
Үстеуді өткеннен кейін
Бұл бағана, кеште, Құнанбайдың қасында тұрған қаба сақал, қара Қамысбай еді. /М.Әуезов/
Талдау
Бұл-сілтеу есімдігі, бағана-мезгіл үстеуі, кеште-мезгіл үстеу: кеш-түбірі,-те-көнеленген жатыс септік жалғауы, Құнанбайдың-деректі, жалқы зат есім, Құнан-бай-біріккен түбір, -дың –ілік септік жалғауы, қасында-көмекші есім: қас-түбір, -ы-тәуелдік жалғауының 3-жағы, -нда-жатыс септік жалғауы, тұрған –етістік:тұр-түбір, -ған-өткен шақтық есімшенің жұрнағы, қаба сақал-деректі, жалпы, күрделі зат есім, қара-сапалық, дара сын есім, Қамысбай-деректі, жалқы, күрделі зат есім,/Қамыс-бай сөздерінен біріккен/, еді-болымды, өткен шақтық формадағы көмекші етістік, е-түбірі, -ді-жедел өткен шақ жұрнағы.
Үстеуді белгінің белгісі деп те атайды, себебі үстеунегізінен етістіктің жай-күйін, мекенін, мезгілін, білдіреді.Бірақ әр уақыттабұлай бола бермейтінін ескерген жөн. Мысалы,соншама адам қайда бармады деген сөйлемдегі соншама зат есімді анықтап тұр.
-
Еліктеуіш сөздерді өткеннен кейін
Гүлшаттың ызыңдаған даусы ызың-ызың естіледі./Б.Т./
Гүлшаттың-деректі, жалқы, дара зат есім: Гүлшат-түбір, -тың-ілік септік жалғауы, ызыңдаған-етістік, ызың-түбір/еліктеуіш сөз/, -да-еліктеуіш сөзден етістік тудырып тұрған жұрнақ, -ған-өткен шақтық есімшанің жұрнағы, даусы-деректі, жалпы, дара зат есім: дауыс-түбір,-ы-тәуелдік жалғауының 3-жағы, ызың-ызың-қайталана қосарланған еліктеуіш сөз, естіледі-болымды етістік: түбірі-есті-сабақты етістік,-л-ырықсыз етіс жұрнағы, -е-ауыспалы шақтық көсемшенің жұрнағы, -ды-жіктік жалғауының 3жағы.
-
Шылауды өткеннен кейін
Аздан соң орнынан тұрды да, аяғын селсоқтау басып үйге қарай тартты./Б.Т./
Аздан-мезгіл үстеуі: аз-түбірі,-дан-шығыс септіктің көнеленген түрі, соң-септеулік шылау, орнынан-деректі, жалпы, дара зат есім: орын-түбір,-ы-3 жақтық тәуелдік жалғау, соның әсерінен түбірдегі-ы түсіп қалып, орны болған –нан-шығыс септік жалғауы, тұрды-болымды, салт, өткен шақтың жұрнағы, да-жалғаулық шылау /екі сөйлемді байланыстырып тұр/, аяғын-деректі, жалпы, дара зат есім:аяқ-түбір, -ы-тәуелдік жалғауының 3 жағы, -н-табыс септігінің жалғауы, селсоқтау-үстеу /қимыл-сын/, селсоқ-түбір,-тау-сын есімнің салыстырмалы шырай жұрнағы, /кейде шырай жұрнақтарыкейбір үстеуге жалғанатын белгілі: тез-ірек, ақырын-дау, жоғары-лаут.б/, -ып-өткен шақ түбір, -ге-барыс септік жалғауы, қарай-септеулік шылау, тартты-етістік, тарт-түбір,-ты-жедел өткен шақтың жұрнағы.
-
Одағайды өткеннен кейін
Достарыңызбен бөлісу: |