Хамитова марван арынқызы академик Ә. Х. Марғұланның ғылыми мұрасының Қазақстан музей ісіндегі маңызы



бет1/4
Дата23.02.2016
өлшемі381.5 Kb.
#7843
түріДиссертация
  1   2   3   4

ӘӨЖ 39+069.013] (574) Қолжазба құқығында



ХАМИТОВА МАРВАН АРЫНҚЫЗЫ

Академик Ә.Х. Марғұланның ғылыми мұрасының

Қазақстан музей ісіндегі маңызы

07.00.07 – Этнография, этнология және антропология


Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның



авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Этнология және антропология бөлімінде орындалды.

Ғылыми жетекшілер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Әжіғали С.Е.


тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент Бекназаров Р.А.

Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,

профессор Төлеубаев Ә.Т.


тарих ғылымдарының кандидаты

Исаева Ә.И.
Жетекші ұйым: ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов

атындағы Шығыстану институты


Диссертация 2010 жылы «24» маусым күні сағат 14.30-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңесінде қорғалады.

Мекен-жайы: 050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28.

Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).


Автореферат 2009 жылы «24» мамырда таратылды.



Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, тарих

ғ


ылымдарының докторы А.Т. Қапаева

КІРІСПЕ



Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ұлттық мәдениет – халықтың ежелден жалғасып келе жатқан өзіне тән өнері, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, дүниетанымы есебінде қалыптасып, жетіліп отырады. Рухани-мәдени мұраларымызды танып-білуде дәрменсіздік көрсету – қоғамымызда мәдени сабақтастық пен тұтастықтың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Сол себепті, жастардың бойына ата-бабаларымыздан жеткен тарихи-мәдени мұраларға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеу қажет.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 ж. 13 қаңтардағы «2004–2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы туралы № 1277 Жарлығы» [1], Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 12 ақпандағы «2004–2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы» № 171 қаулысы – тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, сақтау және қалпына келтіру жөнінде шаралар әзірлеу қажеттігіне байланысты қабылданған тарихи құжаттар. Сонымен қатар, қазіргі заманғы ұлттық мәдениетті, фольклорды, ұлттық қолөнерді, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды зерделеудің тұтас жүйесін құру арқылы қолда бар мәдени құндылықтарды сақтау, дамыту және ұтымды пайдалану мақсатына бағытталған құжаттар.

Сол себепті де музей ісі мәселесі және ұлттық мәдени мұра туралы сөз қозғағанда академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын зерделеуге қосқан үлесі ерекше екенін айтамыз. Әсіресе, ғалымның қазақ халқының тарихына, мәдениетіне, ескерткіштеріне арналған еңбектерінің музей ісіндегі және бабаларымыздан мұра болып жеткен мәдени құндылықтарымызды толық тануда алар орны туралы айту орынды.

Академик, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, белгілі ғалым тарихшы, археолог, этнограф, шығыстанушы Ә.Х. Марғұланның жалпы өмірі, ғылыми қызметі туралы осы уақытқа дейін шолу жасалған ғылыми мақалалар мен естеліктер жазылғанымен ғалым еңбектерінің музей ісімен байланысты жақтары нақтылы қарастырылмаған себепті, «Академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның ғылыми мұрасының Қазақстан музей ісіндегі маңызы» атты бұл диссертация осы тақырыпта жазылып отырған алғашқы зерттеу жұмысы.


Бүгінгі отарлық санадан азат санаға ауысқан қоғамдық ортада тарихқа деген тәуелсіз көзқарас қалыптасып, соның ішінде халық өнеріне, әсіресе сәндік қолданбалы өнеріне, халықтың салт-дәстүріне қызығушылық күннен күнге артып отыр. Бұл орайда, академик Ә.Х. Марғұланның қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын анықтап-зерттеуде қалдырған ғылыми еңбектерінің біріншіден дереккөздік, екінші тарихи-танымдық, үшіншіден тәрбиелік мәні ерекше. Қазақ халқының рухани, мәдени, тарихи мұраларын зерттеу нәтижесінде жазған ғылыми еңбектері, археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижелері, этнографиялық зерттеулері, көне және орта ғасыр сәулет өнеріне арналған зерттеу еңбектері, халықтың қолөнері туралы жазған, басқа да іргелі монографиялық еңбектері бүгінгі күні тарихи-өлкетану музейлері, археологиялық, әдебиет және өнер музейлері экспозицияларынан көрініс тапты. Сол музейлерде сақталып отырған сансыз ұлттық мұраны зерделеуде табылмас қазына көзі болып табылады.


Ә.Х. Марғұланның халқымыздың өткендегі ұзақ сүрлеу-соқпағын бүгінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында ертелі-кеш жер астынан, ел аузынан, мұрағаттардан жинаған этноархеолог ретіндегі зерттеу еңбектері, архитектуралық ескерткіштерді зерттеуі, этнография саласындағы, ауыз әдебиеті саласындағы зерттеулері, қазақ жазуының тарихы туралы еңбектері, шоқантануға қосқан үлесі – бүгінгі рухани байлығымыздың алтын қоры. Москва, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы қалалары музейлері, мұрағаттары мен кітапханаларында сақтаулы Қазақстан тарихы мен мәдениетіне байланысты деректерді тізіп, көрсетіп кетуінің бүгінгі күні Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруда қосар үлесі аз емес.

Филология саласындағы ғылыми-зерттеу еңбектерінде Ә.Х. Марғұлан алғаш рет халықтың жыр-аңыздарын тарихи дерек ретінде қарастырды. Материалдық құндылықтармен бірге, рухани құндылықтарды зерттеу еңбектері де бүгінгі музей ісіне үлкен үлес қосып отыр. Себебі, Ә.Х. Марғұлан өткен ғасырдың өзінде, тарихшылар, жыршылар, әдебиетшілер, этнографтар біріге отырып, жаңадан табылған жазба деректер мен материалдық ескерткіштерді салыстыра отырып зерттеудің қажеттігін түсіндірді. Бүгінгі таңда зерттеу жұмыстары мүмкіндігінше Ә. Марғұлан ұсынған этнотарихи тәсілмен жүргізілсе, Қазақстан музей ісі жаңа белестерден көрініп, Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы өз шешімін табары даусыз.



Екі рет репрессияға ұшырап «ұлтшыл» атанған академик Ә.Х. Марғұланның Қазақстан музей ісіндегі ғылыми еңбектерінің көрініс табуымен бірге, жас ұрпақты елін, жерін, бабалар тарихын сүюге, отаншылдыққа тәрбиелеуде үлкен өнеге. Ғалымның өмірі мен еңбек жолы, ғылыми зерттеулері де Республика көлемінде бірнеше музейдің ашылуына түрткі болды. 1986 жылдан Жезқазған облыстық өлкетану музейінің филиалы болып келген Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы археологиялық-этнографиялық музей Қазақ ССР-і Министрлер Кабинетінің 1991 жылғы 7 маусымдағы № 91-Р жарлығы бойынша өз алдына жеке ғылыми негіздегі музей болып құрылды. Себебі, аудан көлеміндегі мол археологиялық тарихи, мәдени ескерткіштердің бірегейі Орталық Қазақстандағы осыдан 3 мың жыл бұрын қола дәуірінде пайда болған беғазы-дәндібай мәдениеті – осы жердің төл мәдениеті. Осы аймақта 1947–1949, 1952 жылдары Ә. Марғұланның басқаруымен археологиялық экспедиция жұмыс жасаған болатын. Ғалымның туған жері Павлодар облысы Баянауыл ауданында, Екібастұз ауданы «Степной» елді мекеніндегі, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаштағы, Астана қаласындағы Ә.Х. Марғұлан атындағы мектептегі ғалымның өмірі мен еңбек жолына арналған музейлер, ҚР МОМ-дегі Ә. Марғұлан кешені, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Археология» залының ашылуы, Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғалымның 100-жылдық мерейтойы құрметіне ашылған «Археология» залы, т.б. осының дәлелі.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Халқымыздың рухани күшінің қайнар көздерін еліміздің түкпір-түкпірінен іздеп, тауып, мәдени мұрағаттардың сырын ашып, оның нәтижесін халық игілігіне айналдырып, халқына паш еткен ғалым Ә.Х. Марғұланның тұлғалық табиғаты, ғылыми мұралары туралы монографиялық немесе арнайы зерттеулер жоқ. Дегенмен, Н.А. Баскаковтың «Ғұлама ғалым», Л.Н. Гумилевтің «Кемеңгер», Л.Р. Кызласовтың «Алькей Хаканович Маргулан. К портрету ученого и человека», Р. Бердібаевтің «Ғалымның ойы ортақ», М.Қ. Қозыбаевтың «Дала перзенті», К. Ақышевтің «Археология атасы», «А.Х. Маргулан – археолог», Х.А. Арғынбаевтың «Заманымыздың заңғар ғұламасы», Ш.Ш. Шөкиннің «Марғұлан», Х.Ж. Сүйіншәлиевтің «Археология және әдебиет», У.Х. Шәлекеновтің «Ұлағатты ұстаз», С. Өтениязовтың «Түркі ғылымының төрінде Әлекең тұр», Ж. Құрманқұловтың «Ғалымдардың ғалымы Әлкей Марғұлан», С. Мұқановтың «Әлкей Хақанұлы Марғұлан – этноархеолог» [2], тағы басқа да ғалымдардың, Ә. Марғұланның шәкірттерінің ғалым-ұстаз туралы мақалалары, очерктері, деректі әңгіме, естеліктер жинақтары 2004 ж. «Ә. Марғұлан туралы естеліктер» [3] деген атпен «Білім» баспасынан, «Ғұлама» [4] атты естеліктер жинағы «Эко» баспасынан жарық көрді. Қазақ этнографиясының кітапханасы топтамасымен дайындалған 50 томдықтың «Труды по культуре письменности казахского народа» деп аталатын 8-ші томы [5] және С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің дайындауымен жарық көрген 48 томдық «Рухнама» топтамасының 26-шы томы Ә. Марғұланның өмірі мен еңбектеріне арналған. 1984 ж. жарық көрген «Әлкей Хақанұлы Марғұлан. (Қазақстан ғалымдарының биобиблиографиясы)» 2004 ж. ғалымның 100 жылдық мерейтойына қарсы толықтырылып, қайта басылып шықты [6]. М. Жолдасбековтың «Асыл арналар» жинағында, «Дала даналары: (тарихи тұлғалар)» жинағында т.б. Ә. Марғұлан туралы дерек-мақалалар берілген.

Әр жылдары атап айтсақ, 1989, 1990, 1992, 1997, 2000, 2002 жж. өткізілген «Марғұлан оқулары» ғылыми-практикалық конференция материалдарында В.А. Грошевтің «Академик А.Х. Маргулан и вопросы древней ирригации Центрального Казахстана», С.М. Ахинжановтың «А.Х. Маргулан и некоторые вопросы истории кыпчаков», Ә.М. Манапованың «Ә.Х. Марғұланның Жезқазған аймағындағы неолит ескерткіштерін зерттеуі», С.А. Қалиеваның «Әлкей Марғұлан және Маңғыстау өңірі», Х.К. Сулейменованың «Изучение культурного наследия А. Маргулана на интегрированных уроках» секілді зерттеу мақалалары жарық көрді.

2004 жылы Ә.Х. Марғұланның 100 жылдығына арналып өткізілген «Көшпенділер өркениеті мен рухани мәдениетінің тарихы» [7] атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарының 2 томдық жинағында О.С. Исмағұловтың «Этноантропологические идеи академика А.Х. Маргулана» [7, 40-б.], К.М. Байпақовтың «А.Х. Маргулан – выдающийся исследователь археологического наследия» [8, 7-б.], Б.Е. Кумековтің «А.Х. Маргулан как кипчаковед» [17, 28-б.], т.б. ғылыми мақалалар басылып шыққан.

Кеңестер одағы кезінде және одан кейін де Қазақстан музей ісін қалыптастыруға ат салысқан тұлғалар тақырыбы арнайы зерттелмеген. 1947 ж. Қазақ КСР ҒА № 8 «Хабаршысында» басылған Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі Ә.Х. Марғұланның ұсынуымен шыққан А.М. Жиреншиннің «Из истории Центрального музея Казахстана» атты мақаласы, музей ісіне арналған. А.М. Жиреншин Өлкетану қоғамының ғылыми қызметкері ретінде бірнеше жазғы этнографиялық экспедицияларға шыққан. Нәтижесінде халқымыздың мәдениеті мен тұрмысына байланысты бай этнографиялық материал жинап, 1942–1951 жж. аралығында директоры қызметін атқарған Орталық Мемлекеттік музей қорына өткізген болатын. Жиреншиннің 1948 ж. жазылған «Работа научной экспедиции Центрального музея Казахстана в 1947 году», 1950 ж. жарық көрген «Задачи краеведческих музеев Казахстана» атты мақалалар [9] өлкетану музейі қызметкерлеріне арналған әдістемелік материалдар жинағы көп жылдық ізденістер нәтижесі және музей ісін дамытуға қосқан үлес. Қазақстанда музейлері жүйесінің құрылуы мен олардың қызметін зерттеуде тарихшы ғалым С.Ш. Ахметованың еңбегі зор. С.Ш. Ахметова «Историческое краеведение в Казахстане» атты еңбегінің төртінші тарауын «Музейлік өлкетану мен ескерткіштерді қорғау ісінің дамуы» тақырыбына арнаған. Зерттеу жұмысында Қазақстандағы алғашқы өлкетану ісінің құрылуы мен дамуының қиын да мазмұнды алғашқы кезеңдері (1917–1932 жж.), колхоз-совхоздарда, түрлі ұжымдарда, оқу орындарында өлкетану бөлімдерінің, аудан, қала, облыстарда өлкетану қоғамдарының құрылу кезеңдері қарастырылған. Еңбекте «өлкетану ісін тиісті деңгейге көтеру – музей ісін дамытудың бірден-бір негізі» деген ой көтеріледі [10, 144-б.]. Ал, 1998 ж. Алматы қаласында өткен «Отан тарихының негізгі кезеңдерін музей экспозицияларында көрсету проблемалары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдарында [11] негізінен облыстардың әр түкпірінен келген музей қызметкерлері баяндамаларында өз музейлеріндегі кемшіліктер мен шешілуге тиісті мәселелерді көрсетумен шектелген.

Отандық музейтану ісінде, көбінесе Ресей Федерациясы Білім және Мәдениет министрліктері шығарған музейтану, мәдени-тарихи мұра мәселелеріне арналған ғылыми жинақтары, музей ісі туралы Н. Федоров, М.А. Разгон, И.М. Коссова, Е.Б. Медведева, М.Е. Каулен, Л.М. Шляхтина, С.Ф. Казакова, С.И. Сотникова секілді Ресей музейтанушы ғалымдарының «Основы музейного дела», «Культурное наследие и современный музей», «Музеология», «Музей и нематериальное культурное наследие» [12] т.б. еңбектер пайдаланылады.

Қазақстандық ғалымдар А.Е. Қайназарованың, А.Ғ. Ибраеваның, С.Т. Тайманның, М.З. Мұсаханованың зерттеу еңбектері [13] – Қазақстандағы музей жүйесінің қалыптасуы мен оның атқарған қызметтері жайында көлемді зерттеу еңбектер болғанымен жекеленген кезеңдерді қарастырған. Әр жылдарда музей ісі туралы жазылған зерттеулер – негізінен Қазақстандағы музейлердің жекелеген даму кезеңдеріне арналған. Көлемді еңбектердің бірі – 2004 ж. жарық көрген «Орталық музей еңбектері I-том».

Музей ісіне қатысты тұлғалар мәселесіне келсек, Б.Қ. Санақұлова өзінің «Қазақстан Республикасындағы музей құрылысы мен қызметі (1991–2004 жж.)» атты зерттеу еңбегінде бүгінгі таңдағы музейлердің қызметін сипаттап, Ұ. Ибрагимовтың музейлердің қалыптасуына сіңірген еңбегі, өнегесі мен ұйымдастырушылық қабілеттері туралы атап өткен.

Қазақстан музейі ісіне қатысты тұлғалар мәселесін көтерген үлкен шаралардың бірі – 2009 ж. қарашада ҚР Орталық Мемлекеттік музейі және ҚР БжҒМ Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бірлесе өткізген қазақтың көрнекті этнограф ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х. Арғынбаевты еске алуға арналған I - ші Арғынбаев оқулары болды. Негізгі екі бағыттан тұрған конференцияның бірінші бағыты – «Музей – ғылыми зерттеу институты» – деп аталған. Осы бағыт бойынша, музейлерде ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастырудың қазіргі формалары; ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі түрлері; музей және тарих ғылымы; музейлік археология; музейлік этнография және т.б. мәселер қарастырылған. Сонымен қатар, профессор Х. Арғынбаевтың ғалымдығы мен адами қасиеттері; отандық этнология ғылымының қазіргі күйі; қазіргі этнологиялық дискурстегі «этнос», «ұлт», «этникалық қатынастар», «мәдениет», «мәдени дәстүр», т.б. парадигмалар зерделеніп, талқыланған. Мұндай шаралардың, әрине, отандық этнология ғылымының және музей ісінің дамуына қосар үлесі зор.

Дегенмен, халқымыздың рухани және заттық мәдениетіне байланысты Ә.Х. Марғұлан мұрасы, оның музей ісіндегі көрінісі әлі толық мүмкіндігінде музей деректерін шендестіру арқылы зерттелмеді. Осы тұрғыда, академик Ә. Х. Марғұланның ғылыми еңбектерінің ұлттық мәдени мұраны танып білудегі және сол мұраның республика музейлері ісінде көрініс табуы, дереккөздік, материалдық және рухани мұраны бір тұтастықта қарастыру арқылы музейлік зерттеулерге бағыт берудегі маңызы тың тақырып деп есептеуге болады.

Зерттеудің нысаны. Республика музейлерінен көрініс тауып, отандық музей ісінің дамуына айрықша үлес қосқан академик Ә.Х Марғұланның көп қырлы ғылыми мұрасы.

Зерттеудің пәні. Ғалымның ғылыми, қоғамдық қызметі, Республика көлемінде түрлі музейлер қорында сақтаулы немесе музей ісінде қолданыста жүрген табылған олжалар, түрлі археологиялық, этноархеологиялық, этнографиялық, фольклорлық материалдар, нақты зерттеу еңбектері мен ашқан жаңалықтары.

Зерттеу жұмысының деректік негізі. Диссертацияны жазу барысында басты пайдаланылған ҚР БҒМ Біріккен ведомстволық мұрағаты, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мұрағаты, ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағаты қорлары материалдары болды. Сонымен қатар, диссертацияда Павлодар облыстық мұрағатынан алынған, ҚР Ұлттық кітапханасы қорларындағы құнды тарихи-этнографиялық басылымдар, ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасы сирек кітаптар қорынан кітаптар пайдаланылды.

ҚР Мемлекеттік Орталық музейі, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты музейі, ҚР Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі; Қарағанды, Павлодар облыстық; Семей қаласы облыстық тарихи-өлкетану, Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейлері; Қарағанды облысы, Ақтоғай аудандық музейі, Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейлерінде іздену-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, аталған музейлер қорларынан материалдар зерделенді.

Ә.Х. Марғұланның жеке мұрағатында жұмыс жасалып, ғалымның қолжазба еңбектері, фотоматериалдар сарапталды. Жеке мұрағаттан алынған қазақтың сал-серілеріне арналған, Шоқан Уәлиханов туралы зерттеу материалдары, «Кеңестік кезеңнің 50 жылы ішіндегі Қазақстандағы этнографиялық зерттеулер» [14] атты мақаласы, «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» жырына байланысты зерттеулері, «Еңбекпен өткен өмір» атты өмірбаяндық қолжазба [15], «Қазақ халқының эпикалық әңгімелері (миф, легенда, ертегі-жыр, аңызды әңгімелер) туралы тарихи-әдебиеттік зерттеулер» атты докторлық диссертациясының микрофильмі [16] т.б материалдар, музейлер қорынан және экспедициялар кезінде түсірілген кейбір фотосуреттер пайдаланылды. Сонымен бірге, академик Ә.Х. Марғұлан монографиялары, соңғы жылдары шыққан Шығармалар жинағының I–IV томдары, және басқа да ғалымдармен бірлесе жазылған ірі ғылыми еңбектері пайдаланылды [17–21].

Қазақстандағы этнография, этномәдениет мәселелеріне арналған отандық зерттеушілер Х.А. Арғынбаев, Е.А. Масанов, М.С. Мұқанов, Р.Д. Ходжаева, В.В. Востров, И.В. Захарова, Т.Қ. Бәсенов, Ө. Жәнібеков, С.Е. Әжіғали, Ш.Ж. Тоқтабаева, А.С. Сейдімбеков, А.У. Тоқтабай, С. Қасиманов еңбектеріндегі көтеріліп отырған тақырыпқа байланысты пікірлері басшылыққа алынды.

Сонымен қатар ғалымның қызы Д.Ә. Марғұлан дайындаған «Ә. Марғұлан туралы естеліктер», «Ғұлама» атты Марғұлан туралы естеліктер, мақалалар мен очерктер жинағы, «Тағылым: Археолог Ә. Марғұланмен кездесу» атты А. Мұсатайұлының естеліктер кітабы т.б. еңбектер пайдаланылды. Сол сияқты халықаралық, республикалық, облыс көлемінде өткізілген ғылыми-практикалық конференциялар, «Марғұлан оқулары» материалдары қолданылды. Еңбекті жазу барысында мерзімді баспасөз беттерінен және республикадағы мәдениет құрылысы тарихы жайындағы құжаттық жинақтардан, Қазақстандағы мәдени құрылыс мәселелерін зерттеуші жекелеген ғалымдардың зерттеулерінен тиісті материалдар алынды.

Тақырыпты зерттеудің мақсаты мен міндеттері.

Мақсаты: Академик Ә. Х. Марғұланның өмірі және ғылыми еңбектерінің музей экспозицияларындағы алатын орнын және бабаларымыздан мұра болып жеткен тарихи-мәдени заттық және рухани құндылықтарымызды жинап, зерттеп, сақтауда, Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруда көрсетіп отырған қомақты үлесін ашып көрсету. Осы мақсатқа жетуде мынадай міндеттер алға қойылды:

- Ә.Х. Марғұланның өмір жолы және ғалымның қазақ халқының әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері, ауыз әдебиеті, қолданбалы өнері, олардың тарихы туралы, өнер тарихы, археология, сәулет өнері туралы жазылған құнды да мол этнографиялық, этноархеологиялық мұрасының – жас ұрпақты ұлттық рухта, отаншылдық сезімде тәрбиелеудің басты құралы екендігін атап көрсету;

- Ә.Х. Марғұланның ғылыми-зерттеу еңбектерінің Қазақстан музей ісіндегі маңызын айқындау;

- Ә.Х. Марғұланның ғылыми мұрасының музейдің жаңа тұжырымдамалық үлгісін қалыптастыруы және дамуына әсерін ашып көрсету;

- музейлерде сақтаулы қазақ халқының тарихи-мәдени байлықтарын оң бағалап, оларды халық игілігіне жарату, халқымыздың ұлттық мәдениетін жаһанға танытудағы тарихи-мәдени мұраны зерттеудің ролі және этнографиялық музейтану ісінде Ә. Марғұланның ғылыми мұрасын зерделеу қажеттігінің маңызын түсіндіру;

- Отандық музей ісіне еңбек сіңірген тұлғалар мәселесін көтеру;



Зерттеудің жаңалығы.

- Қазақстан музейі ісіне қатысты ірі тұлғалар мәселесі алғаш рет зерттеу нысанына алынды;

- академик Ә.Х. Марғұланның ғылыми мұрасының музей ісіндегі алатын орнын сипаттауға арналған алғашқы зерттеу еңбек болуы;

- Ә.Х. Марғұлан еңбектерінің республика музейлері экспозицияларынан көрініс табуы алғаш рет ғылыми-практикалық жағынан көрсетілді;

- Музей ісінде негізгі зерттеу объектісі болып қаралатын материалдық құндылықтарды ғана емес, бүгінде музейдің жаңа тұжырымдамалық үлгісінің қалыптасуы деп қаралып отырған музей ісінде материалды емес рухани-мәдени мұраларды жинап, зерттеп, сақтауда Ә.Х. Марғұланның ғылыми еңбектерінің маңызы алғаш рет зерттелді;

- Музейлік затты зерттеу барысында Ә.Х. Марғұлан қолданған салыстырмалы-кешенді түрдегі зерттеу тәсілінің алғаш рет отандық музей ісінде маңыздылығы және құндылығы сипатталды;

- Ә.Х. Марғұлан еңбектерін зерттеу негізінде алғаш рет қазақ этнографиясына байланысты мәлімет (мысалы, ер-тұрман); Қазан төңкерісіне дейінгі Ресей суретшілерінің қазақтардың дәстүрлі мәдениетіне арналған шашыраңқы материалдары (суреттер, картиналар); сонымен бірге, XIX ғ. 2-ші жартысында Москва, Санкт-Петербург, Омбы қалаларында қазақ шеберлерінің қатысуымен өткізілген этнографиялық көрмелер туралы бұрын-соңды беймәлім болған мәліметтер жүйеленіп, жинақы кестелер түрінде көрсетілді.

- ҚР Мемлекеттік орталық музейінің археология және этнография залдары, ҚР Ә. Қастеев атындағы Өнер музейі, Ә Марғұлан атындағы Археология институты музейі экспозициялары және қорларындағы ғалымның шығармашылығына байланысты экспонаттар алғаш рет жүйеленді (жалпы тізім, тіркелу нөмірлері, т.б.).



Зерттеудің әдістері. Зерттеу жұмысында сипаттау, тарихи-салыстырмалы талдау жасау, деректанулық талдау, жинақтау, жүйелеу, т.б.ғылыми-практикалық әдістер қолданылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми-теориялық, әдістемелік негіздері. Ғалымның ғылыми зерттеулерінің құндылығын ашып көрсетуде, көтерілген басқа да мәселелердің сәтті шешімін табуында қазақ тарихы мен этнографиясының көрнекті өкілдерінің ғылыми еңбектері басшылыққа алынды. Басқа да алыс-жақын шетел ғалымдардың ой тұжырымдамалары мен пікірлері бағыт-бағдарлық, теориялық және методологиялық негіз ретінде қолданылып, қажетті тұстарда кеңінен пайдаланылды. Сонымен бірге диссертацияны жазу барысында, музей қорларына байланысты жаңа ұстанымдар және жеке мұрағат деректерін пайдалану ескерілген.

Зерттеудің практикалық мәні. Зерттеу жұмысы нәтижелері Қазақстан тарихындағы қазақ этнография ғылымының даму кезеңдерін талдауда, оқулықтар жазғанда, республика жоғары оқу орындарының қазақ бөлімі оқытушылары мен студенттеріне «Жалпы музейтану», «Этнографиялық музейтану», «Мәдениеттану» курстары бойынша мемлекеттік тілде жүргізілетін дәрістік және практикалық сабақтарда қосымша оқу құрал ретінде пайдалануға болады. Зерттеу жұмысындағы айналымға түсіп отырған тың деректерді халқымыздың мәдени даму тарихын, мәдениетін зерттеушілер пайдалана алады. Зерттеуде дәйектелген байламдар бүгінгі музей жұмыстарын уақыт үрдісіне сай ұйымдастыруда ескерілуі мүмкін.

Қорғауға ұсынылатын қағидалар.

- Академик Ә.Х. Марғұланның өмір жолы және ғылыми еңбектері- ұлтымыздың болашағы, қазақтың жас ұрпағын ұлттық рухта, отаншылдық сезімде тәрбиелеудің басты құралы;

- ғалымның ғылыми мұрасының еліміздің музейлері экспозицияларындағы алатын орны, халқымыздың ұлттық мәдениетін жаһанға танытудағы тарихи-мәдени мұраны зерттеудің рөлі мен маңыздылығы;

- музейдің жаңа тұжырымдамалық үлгісінің қалыптасуы деп қаралып отырған ғасырлар бойы бабаларымыздан мұра болып жеткен тарихи-мәдени мұраларды жинап, зерттеуде Ә.Х. Марғұлан еңбектерінің Қазақстан музей ісінің дамуындағы өзіндік үлесі;

- Ә.Х. Марғұланның ғылыми мұрасының бүгінгі таңда музейлердің жастарды өткен замандар мен қазіргі кезеңнің мәдени құндылықтарына назар аударуға, солардың рухани әлемін зерттеп, түсіндірудегі ықпалы;

- академик Ә.Х. Марғұланның археологиялық, жазба, тарихи-этнография-лық, мұрағаттық, музей қорларынан жинаған деректерін шендестіре отырып жазылған құнды еңбектерінің – бүгінгі тарихи-мәдени мұра мәселелерін толық зерттеп, зерделеуге қосқан үлесі.



Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Диссертацияда академик Ә.Х. Марғұланның өмір сүрген, ғылыми қызмет атқарған (1904–1985) жылдар, сонымен бірге, көптеген еңбектері жарық көріп, ғылыми-практикалық қызметі өз бағасын алып, ғылыми мұрасы көптеген отандық музейлерден көрініс тапқан соңғы 20-25 жылды қоса көрсеткен кең хронологиялық шеңбер қамтылған.

Зерттеу жұмысының жариялануы мен талқылануы. Жұмыстың негізгі мазмұны мен тұжырымдары негізінен 12 ғылыми мақалада, оның ішінде ҚР БҒМ ҒК бекіткен тізімдегі басылымдарда 7 мақала жарияланып, 5 мақала халықаралық және республикалық ғылыми конференцияларда баяндалған.

Диссертация Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Этнология және антропология бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып қорғауға ұсынылды.



Жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және көрнекі қосымшадан тұрады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет