Кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу деңгейі, деректік негіздері және ғылыми жаңалықтары, зерттеудің теориялық-әдістемелік негізі, мақсат-міндеттері, мерзімдік шегі және қорғауға ұсынылатын тұжырымдары айқындалған.
«Түріктердің Қазақстанға еріксіз көшірілуіне дейінгі тарихы мен жағдайы» деп аталатын бірінші тарауда түрік диаспорасының республикамызға депортацияланға дейінгі тарихы, қоныстану бағыты, саны, өсімі мен аймақтық орналасуы баяндалады. Ахыска түріктері кешеге дейін тоталитарлық жүйенің айтқанына көніп, айдағанына жүрумен келді. И.В. Сталиннің саясаты осы этностарды жазалау арқылы орыс және грузин этностарының өркендеуіне ашықтан-ашық жол ашты.
Жалпыға мәлім, Қазақстан өзінің территориясына ХVII ғ. бірінші жартысынан – ХVIII ғ. басынан бастап, еуропалық үлгідегі басқа этностарды қабылдай бастады. Бұл жүйе ХIХ ғ. екінші жартысында қайталанбайтын үдемелі сипатқа ауысты. Олар негізінен қатаң және ерікті түрдегі идеяны қолданды. Алайда Кеңес үкіметінің жеңіске жетуімен, бұл бағыт күш қолдану түріндегі мәнге ие бола бастады, республикамызды әртүрлі ұлттардың «полигонына» айналдырды. Демографиялық зерттеулердің қорытынды мәліметтері бойынша 1937-1938, 1941-1945 жылдары Қазақстанда депортацияға ұшырап, зорлықпен көшірілгендердің саны 1 млн. 500 мың адамды құрады.
Мұндай тәркілеу 1934-1944 жж. еңбекпен қоныс аудару, ал 1944 жылдан бастап арнайы көшіріп жіберу деген атпен аталды. 1944 ж. Грузиядан 81026 тұрғын (түрік-месхетиндер) қуғындалды, ал 1949 жылдың 1 қаңтары бойынша 2 300 535 адам арнайы қоныс аударылғындардың есебінде тұрды. Аталғандардың 1 835 078-і өмірлік көшіріп жіберу категориясына жатқызылды. Олардың 365 173-і шешен-ингуштер, 57 491-і қарашайлар, 31 873-і балқарлар, 77 279-ы қалмақтар, 186 535-і қырым-татарлары, 1 035 701-і немістер еріксіз қоныс аударылды. Депортацияға ұшырағандардың 17 мыңға жуығы жаңа жерлерге таратып орналастыру кезінде темір жол эшелондарында қаза тапты [3].
Түріктермен өштес Кеңес өкіметі олардың тілі өте ұқсас болғандықтан әуелі әзірбайжандарға теліп, кейіннен түбі бір болғандықтан бірігіп, кірігіп кетуінен қорқып, 1925-1940 жж. зорлап түріктердің ұлтын, тегін грузин деп өзгертіп, осы ұлттың тамырына «балта шапты». Зұлымдық әрекетті мұнымен де доғармай, кейін грузин болып жазылған әзірбайжандарды да орналасқан, мекендеген жерлерінен күштеп көшіріп жіберді. Сол уақытта ата-анасы құжатында «түрік» деп жазылса, баласы төлқұжат ала алмады.
Қазақстандағы түрік диаспорасының өздерінің сансыз өкілдері үшін, еріксіз қоныс аударуға ұшыратудың соңы тек 1944 ж. жағдай екендігі даусыз дәлел.
Республикамызға түрік-месхетиндердің алғашқы тобы, өз еріктерінен тыс күрдтер және армяндармен бірге 1938 ж. соңында қоныс аударылғандығын, ҚР ОММ мұрағат құжаттары дәлелдейді. Мысалы, олар № 13 Алматы облысының Іле ауданындағы Каучук совхозына тіркелген. Қоныс аударылғандардың тұрғын үй және тұрмыстық жағдайы тек абақты-лагерлермен салыстыруға болатындай, мүлдем ауыр көрініске тап болды.
Түрік-месхетиндерді жер аударудың дүмпуі өзіндік үлгідегі идеологиялық тұрғыда негізделіп, ұқыпты түрде жасалған. 1944 ж. 12 сәуірінде Грузияның ІІХК төрағасы Г. Каранадзе КСРО ІІХК төрағасы Л. Берияға күрд және әзербайжандардың бір бөлігі өздерінің елді-мекендерін тастап Тбилисиге келіп, осы жерде әлеуметтік зорлық-зомбылық тудырды деп жазды. Л. Берия 1944 ж. 24 шілдесінде өз хатында И. Сталинге КСРО-ның Грузиядағы шекаралық қауіпсіздік жағдайын жақсарту мақсатымен, осы мәселеге сәйкес Ахалцых, Адыген, Ахалкалак, Аспиндзы, Богданов аудандарындағы және Аджар АКСР кейбір елді-мекендерінен 16 мың 700 түрік, күрд отбасыларын күштеп қоныс аударудың керектігін жазды. Оған қоса Грузияның басшылары көрсетілген аймақтарындағы барлық мұсылмандардан құтылғысы келді. Месхетия мұсылмандарын күштеп жер аудару 1944 ж. 14 қарашасынан басталып, 1945 ж. қаңтарында аяқталды. Оның барысында 220 елді-мекеннен 86 мың мұсылман көшірілу жоспарланған, ал шын мәнінде 96367 адам күштеп қоныс аударылған. Осы тізімде түріктер 66823, күрдтер 8843, хемшиндер 13997 тұрғындарды құрады [3].
Түріктерге қатысты Кеңес өкіметі тағы да осы сияқты болжаммен, шағын этникалық топ өкілдеріне байланысты қалыптасқан империалық әдісті нақты пайдаланды. Оның себебі, И. Сталин қоныс аударылған этнос өкілдерін барған жерлерінде мұсылман халықтарымен сіңісіп кетеді деп ойлады. Бірақ, депортацияға ұшыраған халықтардың өздерінің ерекше тілі, діні, мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі болғандықтан, аталмыш саясат толығымен іс жүзінде орындалмай қалды.
Мұның саяси астары терең ойластырылып, яғни, жеткіншек ұрпақ және әсіресе балалар өздерінің тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпы мен тілін ұмыту үшін, оларды ассимиляциялауға бағытталған еді.
1944 ж. 11 қарашасының суық түнінде Грузияның оңтүстігіндегі Чороха және Куры өзен аралығында орналасқан Месхетия-Джавахетия, Ахыска, Ахалкелек, Аспиндза, Адыгон және Богданов аудандарының 220 – ауылынан жүз мыңнан астам түріктерді көшіріп жіберді. Түріктерге осылайша сатқындық туралы жалған айып тағып, туған жерінен қуып жатқан кезеңде де көптеген түріктер соғыста қан кешіп жатты.
Ағылшын жазушысы Роберт Конгуест бул туралы: 200 000 адамы бар түрік халқының отанынан айрылып, жат жерлерге күштеп қоныс аударылғандығы туралы 1968 жылға дейін Батыста ешкім білген жоқ деп қорытындылайды. Бұл оқиға Исландияның немесе Жаңа Зеландияның, Кувейттің немесе Алясканың бүкіл тұрғындары бір мезеттің ішінде із-түзсіз ғайып болып кеткендей болды, деп жазды.
Жиырма бес жылдай уақытқа дейін осы оқиға туралы географтар да шатасып келді. Олардың ойлауынша түріктер әлі сол аймақтарда және өздерінің бұрынғы жерлерінде тұрады деп есептеді. Ресми басылымдарда 1945-1958 жылдарға дейін жер аударылғандар туралы шынайы хабарлар беруге тиым салынды. Кеңестік энциклопедияларда ахыска түріктерін «тілдері оғыз тобына байланысты Анадолы түрікшесі, халқы түріктер. Бұл халық түріктерді жақсы көреді, олармен байланыс жасайды» деп жазды. Сонымен бірге, Ахыска, Ахелкелек аудандары стратегиялық аймақ болғандықтан, сенімсіз, тұрақсыз түріктер аталмыш жерлерден көшірілді деп, екі грузин профессоры жалған ғылыми мақалалар жазды.
Ахыска түріктерінің санына тарихи-демографиялық тұрғыдан назар аударсақ, 1939 ж. Кеңес Одағында жүргізілген Бүкілодақтық халық санағы бойынша Қазақстанда барлығы 6 093 507 адам тұрған, оның ішінде қазақтар – 2 313 674 адам, орыстар – 2 993 128 адам, түрік ұлтынан барлығы – 518 адам. 1944 ж. Қазақстанда болған қайғылы оқиғаның салдарынан кейін түрік халқының саны күрт өсті. Осы жылдың өзінде Қазақстанның төрт оңтүстік облысында 27 833 түрік халқының санағы тіркелген [22].
Бізге белгілі жайт, Қазақстанға жер ауып келген түріктердің статистикалық мәліметтері жоғары демографиялық көрсеткішпен белгіленді. Әдетте түрік диаспорасының көп балалы отбасы болып келуі дәстүрлі құбылыс. Осыған байланысты әрбір түрік отбасында 6-8 баланың дүниеге келуі міндетті болды. Себебі түрік халқының саны Қазақстанға еріксіз қоныс аударылған кезде күрт азайды. Бірақ, соған қарамастан олар жоғары демографиялық ұдайы өсімді сақтап отырды. 15 жылдан кейін – 1959 ж. халық санағының мәліметтері бойынша Қазақстанда барлығы 9916 түріктің ресми есепке алынғандығы жөніндегі деректермен толықтырылды.
Мұндай ақылға қонбайтын және шындыққа сәйкес келмейтін жағдай былайша түсіндіріледі: түріктерге балаларын өзінің нағыз ұлтымен тіркеуге алудан бас тартқызып, олардың көбісін этникалық әзірбайжандар деп, ал бір бөлігін өздерінің төлқұжаттарындағыдай грузиндерге жатқызды.
Ал, түрік-месхетиндер – 1970, 1979, 1989 жылдардағы халық санағы мәліметтерінде түрік-месхетиндер, түріктер санымен есепке алынған. Егер, 1970 ж. жүргізілген арнайы халық санағына келетін болсақ, онда бұрынғы 1959 ж. санақпен салыстырғанда түрік халқының әлдеқайда, тіпті, екі есе көбейгенін байқаймыз. Бұл бағыт біз зерттеп отырған түрік диаспорасының демографиялық үрдістеріндегі табиғи жоғары өсімінің көрсеткішін нақтылап береді. Көрсетілген статистикалық мәліметтер, түріктердің арасындағы этнодемографиялық жағдайды дұрыс, толығымен дәлелдеп бере алмайды. Оның себебі мынада: түріктердің негізгі бөлігі бұрынғысынша, өздеріне де, өз балаларына да, немерелеріне де өздерінің нағыз ұлтының атын алып бере алмады, бұрынғысынша әзірбайжан немесе грузин болып қала берді.
1970 ж. салыстырғанда 1999 ж. түріктердің халық санағының өсімі 57477 адамды құрады, қала халқының саны 14849 адамға көбейді, ауыл халқының саны 42628 адамға ұлғайды. 1979 ж. салыстырғанда барлық түрік халқының саны 50113 адамға өсті, оның ішінде қала халқының саны 12440 тұрғынға артты, ал, ауыл халқының саны 37673 тұрғынға көбейді. 1989 ж. салыстырғанда түріктердің жалпы саны 26458-ге өсті, қала халқының саны 8477 адамға ұлғайды, ауыл халқының саны 17981 адамға өсті [23].
Статистикалық мәліметтер бойынша тағы да түріктердің басым көпшілігінің (98,9%) республикамыздың төрт оңтүстік облыстары мен олардың орталықтарында және Алматы қаласында тұратындығын дәлелдейді.
Көрсетілген облыстардың ішінде Алматы облысы түріктердің орналасуы бойынша бірінші орын алады. Қазақстанда тұратын түрік халқының 38,6%, соның ішінде 37,3% ауылдық және 45,5% қалалық тұрғындар. (Алматы қаласы бойынша есепке алынбаған түріктер, барлық отандастарының санының 1,7% құрады). Республика көлемінде, Түрік халқының аймақтық орналасуы жағынан екінші орында Жамбыл облысы болып табылады. Мұнда Қазақстандағы барлық түріктің 34,6% шоғырланады, соның ішінде 36,6% ауылдықтар және 24,6% қала тұрғындары. Егер ауылдықтарды алатын болсақ, онда олардың басым бөлігі осы облыстың Жамбыл, Меркі, Байзақ аудандарында тұрады. Келесі кезекте Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша орналасуы жағынан түріктердің халық санағы өзіндік орын алады. Бұл мынаған 22,3,-20,2,-12,8% сәйкес келеді. Егер олардың аудандарға орналасуын алатын болсақ, түріктер Сайрам, Төле-би, Сарыағаш және Мақтарал аудандарында шоғырланған және бұл жерде олар қазақ-өзбек халқымен көршілес орналасқан. Соңғы кезекте түріктердің халық санағы бойынша орналасуы Қызылорда облысы болып табылады. Жалпы түрік халқы мұнда не бары 1,7% құрайды, соның ішінде 1,5% ауыл және 2,4% қала тұрғындары. Олар негізінен Қармақшы ауданының III Интернационал ауылында топталып орналасқан.
«Түріктердің арасындағы этномәдени және этнотілдік жағдайы» деп аталатын екінші тарауда ахыска түріктерінің этномәдени дамуының бағыт-бағдарлары мен этнотілдік жағдайы қарастырылады. Кеңестік дәуірдің ықпалы оның территориясында тұрып жатқан жүздеген этностардың, соның ішінде түріктердің дәстүрлі мәдениетінің бастауларын жүйелі түрде түбірімен күйретті. Жер аударылған халықтар өздерінің этномәдени дамуында үлкен қиындықтарды басынан өткізді. Күштеп қоныс аудару адамгершілік тұрғыдан ғана зиян емес, шаруашылықтың, кәсіпкерліктің біраз дәстүрлі түрлерін жоғалтуға алып келді. Саяси науқан жылдары өзге ұлттардың ешқандай негізсіз барлық жоғалтып алғандарын қайта дамытуға, сол халықтың ұлттық-мәдени құндылығын жандандыруға бағытталған шағын этностардың орталықтарын құру туралы пікірлер қалыптасты. Осының барысында 1991 ж. ақпан айында Алматы қаласында Қазақстандағы түрік қауымдастығының мәселелерін талқылап, жұмыстарына бағыт беретін «Түркия» ұлттық-мәдени орталығы құрылды. Бұл орталықтың бөлімшелері бүгінде республикамыздың әрбір облыстарында ашылған. Ал оның облыстық және аудандық филиалдары түрік диаспорасы тығыз тұратын қалалар мен елді-мекендерде: Шымкент, Тараз, Меркі, Қаскелең, Талғар, Есік, Сауран, Ленгер, Түргенде жұмыс атқарады.
Оңтүстік Қазақстанның облыстық мәдени орталықтарынан басқа олардың филиалдары: Сайрам, Түлкібас, Сарыағаш, Төлеби аудандық мәдени орталықтары жұмыс істейді. Онда жастар өз қалауымен кітапханаларға барады, неке, спорт залдар жұмыс істейді және қазақ, түрік, ағылшын тілдері оқытылады. 2003 жылдың 15 қаңтарында белсенді түрік жасөспірімдерінің – Жастар Клубын құрды.
ҰМО Қазақстан халықтары Ассамблеясының тең құқықты мүшесі. Мұндағы түрік диаспорасының өкілдері еліміздегі басқа да халықтар сияқты мемлекеттік мәселерді шешуге қатынасады.
1995 ж. 24 наурызында ҚР ҰМО қызметін өркендету және ұлттық мәдениетті сақтау үшін, Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылып, онда әртүрлі ұлт өкілдері бастарын құрап, татулықтың жаңа бір үлгісі тамаша қырынан ашылды.
Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінде 1991-1992 оқу жылында «Түрік тілі және әдебиеті» мамандығы ашылды. Сонымен қатар, «Түрік әлемін зерттеу» қоғамы мен Қорқыт ата университеті арасында 1992 ж. қабылданып қол қойылған хаттамаға сай, Қызылорда қаласында Түркия тарапының көмегімен 1992-1993 оқу жылында «Түрік тілі» мамандығы ашылды. Бүгінде осы мамандық бойынша жоғары білім алып шыққан түлектер саны 138-ге жетті.
1991 ж. 6 маусымында президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың № 329 Қаулысы бойынша Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды.
1992 ж. Қазақстанда алғашқы қазақ-түрік лицейлері ашылды. Аталмыш лицейлер Алматы, Көкшетау және Түркістан қалаларында ашылып, олардың саны ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев пен ТР Президенті Т. Өзалдың қолдауымен 1993-1994 оқу жылында 19-ға жетті. Қазіргі уақытта Қазақстандық түріктердің сұранысын ескеріп, жергілікті ахыска түріктері тұратын кішігірім елді мекендерде түрік тілі пәні жүргізілетін 50-ге тарта мектеп бар. Республикамыз егемендік алғаннан кейін түрік жастарының жоғары білім алуына кең мүмкіндіктер туды. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қолдауымен «КАТЕВ» Түрік халықаралық қоғамдық қоры ұйымдастырылды. Мысалы, «КАТЕВ» қоғамының қолдауымен Талдықорғанда және республикамыздың түрік этносы аз шоғырланған солтүстік аймақтарында Қостанай және Солтүстік Қазақстан (Петропавл) университеттерінде қазақ, түрік тілдерін оқыту іске асырылуда.
Қай заманда болмасын, кез-келген қоғамда елдің және мемлекеттің мерейі алдымен оның рухани байлығымен өлшенген. Түрік диаспорасының мәдени өмірінде рухани азық беретін өнердің бір түрі – театр. Осы саладағы алғашқы қадамдардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысында құрылған «Мико» кәсіптік түрік ән-драма театры.
Ұлттық кинематографияның дамуы да түріктердің мәдени деңгейінің шеңберін кеңейтіп, кино өнері көрермендерінің санын арттыра түсірді. Мұны этносоциологиялық зерттеу жұмысының қорытынды мәліметтерінен байқайтын болсақ, Меркі ауданы түріктерінің 36,2% киноға жиі барады екен.
«Түркия» түрік қоғамы жаппай жаңалықтар тізбегі арқылы Алматы қаласындағы басқа да ұлт өкілдерін және барша жұртшылықты Ахыска түріктерінің тарихы, мәдениеті және өнерімен таныстырады. Аталмыш қоғам 1999 ж. бастап республикалық «Ахыска» түрік газетін қазақ, түрік және орыс тілдерінде басып шығарады. 2003 ж. бастап Оңтүстік Қазақстан облысында ай сайын «Шаңырақ» газеті шығады. Газеттің басты мақсаты Оңтүстік Қазақстан облысындағы түріктердің және басқа да шағын этностардың мәдени орталықтарының қызметін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, мәдениетін жариялау, ұлттық диаспора өкілдерінің беделді, дарынды адамдарына, шетелдегі отандастарының өмірін насихаттау. Газеттің беделді авторлары – ҰМО-ның, жастар Одағының және диаспора ақсақалдарының көшбасшылары.
Ал радио тыңдау белсенділігі бойынша Жамбыл облысы, Меркі ауданында тұратын ахыска түріктеріне жүргізген сауалдарының көрсетуінше, олардың басым бөлігі радио тыңдарманына жатады екен. Бұл көрсеткіш түрік тұрғындарының арасында 56,1%. Бұқаралық-ақпарат құралдарының барлығының ішінде миллиондаған халықты бірден, тиімді әрі тез қамтитын түрі – теледидар. Осыған байланысты Жамбыл облысы, Меркі ауданында тұратын біз зерттеп отырған этнос өкілдерінің теледидарға қатысты рухани сұранысын, олардың жынысына қарай топтап анықтаған кезімізде, түріктердің мәдени қалауының әркелкілігін аңғардық. Меркі ауданының ауыл түріктерінің ішінде ер адамдардың 90,5% телебағдарламаларды тұрақты көрсе, ал әйелдер арасында бұл көрсеткіш 86,8% сәйкес келеді. Егер біз зерттеп отырған түрік халқының нақты музыкалық бейімділігіне келетін болсақ, сұрауға қатысқандардың ішінен түріктер бірінші орынға өз халқының әуендерін (60,4%) қояды, екінші және үшінші орындарға қазақ халқының әндері (42,2%), сонымен қатар жеңіл джазды және эстрадалық әуендер (40,4%) шығады. Мұнан бұрын қарастырылған бағыттар халық билеріне де қолданылады. Бұл жерде біз қарастырып отырған түріктер 59,6% дауыс бере отырып, өздерінің халық өнерінің бұл түрін басты орынға қояды. Олардағы мұндай жоғары көрсеткіш, орта және ересек ұрпақ өкілдері арасында (65,8 бастап 84,0% дейін) жетті.
Этнотілдік жағдайға тоқталатын болсақ, Қазақстандағы халықтардың тілдері саны мен атқарып келе жатқан қоғамдық қызметінің көлеміне қарай шартты түрде үш топқа бөлінеді: қоғамдық қызметінің ауқымы кең тілдер; қоғамдық қызметінің ауқымы тар тілдер; қоғамдық қызметі нашар дамыған тілдер [128, 51 б.].
Алғашқы топқа қазақ, орыс тілдері жатады; екінші топқа өзге тілдердің ішінде қоғамдық қызметі көлемдіректері – ұйғыр, дүнген, кәріс, өзбек, түрік т.б. тілдер жатады; үшінші топқа жататындар сөйлеушісі санаулы болып келетін, жазуы жоқ, отбасы ішіндегі қолданыстағы тілдер.
Түрік халқының этнотілдік жағдайы 1970-1989 жж. өз ана тілін білудің жоғары көрсеткіштеріне тән сипат алады, шамамен 90,8-96,4%. Мұның барысында бұл мәліметтер қалаға қарағанда ауылды жерлердегі деңгейдің әлдеқайда жоғары екендігін дәлелдейді. Себебі, түріктердің тығыз орналасқан көлемді бөлігі ауылды жерлерде тұрады. Сондықтан онда ана тілінде дұрыс сөйлеу бет алысының тек отбасы немесе туысқандарының арасында ғана емес, сонымен қатар көршілерімен және басқа да отандастарымен қарым-қатынас жасау мүмкіндігінің болуы. Қала, өзінің көп ұлтты құрамымен ерекшеленеді, ондағы тұрып жатқан жекелеген топтардың, яғни, шағын этностардың тілдерінің дамуына мүмкіндік туғыза алмайды. Екіншіден, біздің көзқарасымыз бойынша, өз уақытында тарихи отаны – Джавахетияда туылған, түрікше ана тілі ретінде жоғары деңгейде сөйлейтін қарт ұрпақтың бар болуы. Ал олардың әрдайым мәдениеттің дәстүрлі ережелерін, сондай-ақ ана тілі мен ұлттық менталитетті сақтаушылар болып табылатынын біз жақсы білеміз.
Басқа жағынан қарағанда, 1999 ж. санақта түріктердің ана тілінде сөйлеуінің кейбір төмен деңгейін байқалады. Ол түріктердің ішінде 75,5% құрайды, бұл түрік-месхетиндерде біршама жоғары – 87,7% болып шықты. Берілген көрсеткіштер олардың арасында қаладағылардың 63,3-70,0% және ауылды жердегілердің – 79,1-86,5% тең сәйкестігін береді. Мұндай жағдай, біздің көзқарасымызбен қарағанда, былайша түсіндіріледі. Біріншіден, тәуелсіз және көп ұлтты Қазақстан жағдайында қазақ тілінің мемлекеттік тіл және орыс тілінің ұлтаралық қарым-қатынас құралы ретінде рөлінің одан әрі нығаюымен байқалады. Осының барысында шағын этностардың тілдері, түрікшенің деңгейі қандай болса, таралу өрісінің шектеулілігімен сипатталады. Екіншіден, Оңтүстік Қазақстанда, оған түрік халқының тығыз орналасқан жерлерін қосқанда, жергілікті қазақ халқының мұнан былайғы шоғырлануы мен басымдылығынан байқауға болады. Үшіншіден, бұрынғысынша, ауылдан бөліп алып қарағанда, қалалы жерлерде, түріктер үшін олардың тілінің кең таралуына жағдай толық жасалмаған, яғни, оларда негізінен отбасы және туыстық қарым-қатынас жасау барысында ғана өз ана тілдерін қолданумен шектелген. Сондықтан, ана тілінің жоғары деңгейі, біз зерттеп отырған этностың тығыз орналасқан аймақтарында толығымен сипатталады. Жалпы алғанда, республикамыздағы шағын этностардың ішінде ана тілінде сөйлеу деңгейі бойынша месхет-түріктері өзбектерден кейін екінші орынды (97,0%) иемденеді, ал түріктер ұйғырлардан кейін үшінші орынды (81,3) алады [23].
Егер аймақтық аспектіде алатын болсақ, онда түрік тілін меңгеру дәрежесі бойынша бірінші орынды Алматы облысының тұрғындарының ауқымды бөлігі (42,3%), екінші – Алматы қаласының халқы (17,2%), үшінші – Оңтүстік Қазақстан облысы (13,4%), төртінші – Жамбыл облысы (9,8%), бесінші – Астана қаласы (1,9%) иемденеді. Көрсетілген тілде сөйлеудің бұлайша таралуы жоғарыда аталған себептерге ғана қатысты емес, сол сияқты біз есепке алған қалалар және ауылдардағы түрік диаспорасы өкілдерінің өзіндік санына байланысты түсіндіріледі.
«Неке және отбасы» деп аталатын үшінші тарауда түрік диаспорасының отбасы құрамы, ішкі отбасылық қарым – қатынас, бала тәрбиесі, үйлену және жерлеу-жөнелтуге байланысты әдет-ғұрыптары қарастырылады. Түрік диаспорасында отбасының ең көп тараған түрі нуклеарлы отбасы. Отбасының бұл түрі тек ахыска түріктерінде ғана емес, сонымен қатар республикамызда тұратын қазақ, орыс, татар, неміс, украин және т.б. этностар арасында да кең тараған. Екінші орында үш ұрпақты отбасы тұрады. Қазіргі кездегі түріктердің отбасы басқа этностармен, соның ішінде еуропалықтармен салыстырғанда өзінің халқының көптігімен ерекшеленеді. 1979, 1989 және 1999 жылдардағы санақ мәліметтері олардың отбасындағы адамдардың деңгейі 5,5-5,4-5,3 сәйкес келетіндігін дәлелдейді [22-23].
Олар дәстүрлік авторитарлы құрылымды ұстанады, яғни, отбасының басшысы ретінде барлық уақытта әке (ер адам) саналады. Ауыл түріктерінің ішінде хабаршылардың 54,8% өздерінің берген жауабында шешім қабылдау ерлердің қолында екендігін көрсетеді. Түрік диаспорасының тұрмыс-тіршілігіндегі отбасы мүшелерінің еңбек ету міндеткерлігі әйел мен ер адамның жасына қарай бөлінеді. Біз жауап алған түріктердің барлық жастағы топтары дәстүр бойынша үй шаруашылығын толығымен әйелдердің міндетіне жүктейтіндігін дәлелдейді. Ал оған өздерінің берген жауаптарының 89,4-96,7-96,2-97,6% сәйкестігін көрсетеді. Басқа жағынан қарағанда, дәстүр бойынша ерлердің рөлі жер өңдеу, мал бағу болсын, қосымша шарушылық жұмыстарында арта түседі. Әрине, тек қана ерлердің 65,1% арқасында жүзеге асатын ондай еңбекке физикалық көп күш қажет.
Басқа шығыс этностарындағы сияқты түріктер де отбасынан тыс жағдайда туысқандарымен байланыс жасауды басты орынға қояды. Бұл оларда өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты деп бөлінеді. Нақ осы туысқандық қарым-қатынастың маңыздылығы, біздің көзқарасымыз бойынша былай түсіндіріледі: а) оларды басқа этностармен қазақтармен, орыстармен салыстырмалы түрде қарағанда санының аздығы; б) негізінен әдет-ғұрыптары жақсы сақталған ауылды елді-мекендерде тұруы; в) олармен байланыстағы басқа этностарға ұқсас деңгейде қарағанда отбасының ауқымы үлкен және көпбалалы болуы; г) отбасындағы әр түрлі мерекелерді ұйымдастыру немесе жақындары қайтыс болған жағдайда оны жерлеу, жаңа үй салу құрылысы және басқа жағдайлардағы дәстүрлі өзара туысқандық байланыстың маңыздылығы. Түріктердің ішінде сұрауға қатысқан хабаршылар, күнделікті өмірде көршілерімен қарым-қатынас жасауды екінші орынға қойды. Олар бір-біріне кез-келген және қалаған уақытында қонаққа бара алады, туысқандық, көршілік көмек қажет болған жағдайда әрдайым қол ұшын береді. Түріктерде өзінің жақын туысқандарымен көрші болу өте жиі кездеседі. Үшінші орынды оларда жолдастары мен достарының деңгейі орын алады.
Түрік даспорасының ішкі отбасылық қатынастарындағы аса бір тартымды жағдай отбасының ынтымағы, бір-біріне деген сүйіспеншілік, көмектесу, құрмет көрсету. Отбасында екі үйлі ағайынды отбасы бірге тұратын жағдайлар кездеседі. Екі-үш аға-інінің табысы әкесіне беріледі. Ол қаржыға, шаңырақ астында балалар көбейгенше, үлкен балаларына жаңа үй сатып алады немесе тұрғызады.
Отбасында тұңғыш баланың дүниеге келуі – мерекелі, қуанышты оқиға, соның ішінде әсіресе ер бала туылса, ахыска түріктерінің отбасының барлық мүшелері құрмет көрсетеді. Бірден әйелдің беделі ауысады, ол отбасында да, өмірде де неғұрлым маңызды орын алатын болады, күйеуінің және отбасындағы басқа адамдардың үлкен құрметіне ие болады. Дүниедегі әрбір ата-ана баласының аман-сау жетілгенін қалайтыны бізге мәлім, сол себепті баласының тәрбиесіне бірінші күннен бастап назар салады. Соған байланысты Қазақстан түріктерінде балаға «кіндік шеше», («эбе») болу ғұрпы бар. Жаңа туылған нәресте «кіндік шешенің» күтімінде болады. Бала есейіп ер жетіп кеткенше оның қамқорлығына алынады. Алла нәсіп етсе оның үлкен тойында «эбе» басшы болады. Сонымен қатар, дүниеге келген балаға ат қою, есім беру ата-бабаларынан қалған дәстүр бойынша өте бір мәртебесі жоғары борыш, міндет болып саналады. Өйткені балаға берілген есім оның ертеңгі күні тағдыры мен өмір жолына үлкен қатысы бар деп есептеледі. Сол үшін балаға жақсы және қадірлі есімдерді беруге тырысады. Жаңа туылған балаға ат қою үлкендер тарапынан (үлкен ата, үлкен әже) беріледі. Әдетте жас нәрестеге көбіне пайғамбарлардың есімдері беріледі. Мысалы, олардың көбі аллаһ, пайғамбарлардың, әулиелердің есімдері негізінен: Расул, Әкбар, Мұхаммед, Ахмед, Вейсал, Рамза сияқты аттар қойылады. Кейбір есімдер атақты тұлғалардың, ойшылдардың, ақындардың аттары болып келеді. Мысалы, Ваһар, Асия, Испендияр, Гүлбаһар, Едлар, Чичек, Джиһангер, Ибраһим, Кемал, Мұзаффар, Гүлһаным және т.б. Келесі жағынан қарағанда, ұлдар мен қыздардың аттары олардың жаратылысындағы белгілерінің ерекшеліктеріне қарай да беріледі: шашының түсіне, көзіне, меңге және т.б. Басқа шығыс халықтарындағы сияқты қыздарды қымбат темірдің (алтын, күміс), тастардың (гауһар, меруерт) және аспан шырақтарының (жұлдыз, ай) аттарымен атайды.
Бесік ахыска түріктерінің әулетінде құнды дүниелердің бірі болып саналады. Бесікті көпке дейін сақтап, бірден-бірге мұра есебінде қалдыра береді. Бір бесік бір үйде 4-5 рет қызмет етуі мүмкін. Олардың бабалары бесік қаншалықты ескі болса, соншалықты асыл (таза) және киелі болады деп есептеген. Сондықтан бесік бір балаға емес, бір әйелден туған барлық балаларға тиесілі және оны ешкімге бермей көпке сақтаған.
Біз зерттеп отырған этнос өкілдерінде өте жақсы сақталған әдет-ғұрыптардың бірі баланы сүндетке отырғызу. Сүндет той Орта Азияның мұсылман халықтарында қыз ұзату, келін түсіру тойларынан да жоғары бағаланады. Бұл тойды кейде Өзбекстанда «ұлы той» деп те атаған.
Бәрімізге белгілі қай кезде болмасын тәлім-тәрбиесінің әрқашанда ортамызда алар орны және оған тәрбие беруде ата-ананың алатын орны ерекше. Ахыска түріктері бала тәрбиесінде баланы міндетті түрде жастайынан дінге бағыттайды, яғни, ислам жолына қояды. Түрік балалары әрдайым үлкендерге сыпайы қарым-қатынас жасайды, олардың аттарына – ата (деде), әже (нене), аға (абла) және т.б. сөздерді қосып айтады. Сондықтан, отбасы құрамы мен ішкі отбасылық қатынастарда және қазіргі заманғы түріктердің тұрмыс тіршілігінде, барлық қазақстандықтарға, сол сияқты түріктерге тән жалпылама белгілері байқалады. Олардың отбасы құрылымында екіұрпақтылық және үшұрпақтылық басым болып табылады. Басқа этностармен салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, ахыска түріктерінің отбасы өзінің адамның санының көптігімен ерекшеленеді, мұны балалардың орташа мөлшерімен айтуға болады. Түріктердің ішкі отбасылық қатынастары көптеген этникалық әдет-ғұрыптардың белгілерінің сақталуымен сипатталады. Мысалы, авторитарлы отбасының басым болуы, әке үстемдігінің талап етілуі, отбасында жас жеткіншектердің ересектерді құрметтеуі, туысқандық қарым-қатынастың берік сақталуы, дәстүрлі діни және басқа да отбасылық-қоғамдық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің бұзылмауы.
Некелесу түрлеріне келсек, біз зерттеп отырған этнос өкілдерінің некеге тұру, үйлену, үй болуға байланысты өзіне тән ерекшеліктері мен ұлттық салт-дәстүрі бар. Бұрынғы салт-дәстүр бойынша, қыз бен жігіт үйлену тойына дейін бір-бірін ешқашан көрмеген және сөйлеспеген. Олардың некеге тұру, отау тігу салтын ата-аналары өздері ұйымдастыратын болған: күйеу таңдап, қалыңдық қараған. Әке-шешелері балаларына адал жар мен жақсы келін алуды мұрат тұтып, бұл мәселені өз қолдарына алған. Мұның барысында жасалатын той рәсімдері толығымен екі жақтың бір-бірімен келісімі арқылы жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта мүлдем басқаша, түрік диаспорасының бойжеткендері болашақ жарымен неке қиярдан әлдеқайда бұрын танысады. Бұл уақытша ара-қатынас бірнеше айдан басталып бір жылға дейінгі аралыққа созылуы мүмкін. Егер болашақ жұбайлардың алдын-ала танысқан жерлеріне қарай көңіл аударсақ, онда біз мұны түрік хабаршыларының мынадай жауаптары арқылы бере аламыз: ойын-сауық кешінде немесе үйлену тойында (21,4%), жұмыста болмаса оқуда (20,9%), көрші тұрдық (17,0%) және т.б. Жаңа отбасын құру мәселесін бұлайша ата-аналарының келісімі арқылы шешу, күйеу жігіттің барлық жақын туысқандарымен мақұлданады. Мысалы, «Сіздің некеңізге жақын туысқандарыңыз қалай қарайды?» деген сұраққа, түріктердің ішінен сұрауға қатысқан хабаршылардың 93,2% өздерінің туысқандарының келісуін таңдады, оның ішінде 98,8% жігіттер және 89,9% қыздар.
1999 ж. республикалық халық санағының мәліметтері 20-24 жас аралығындағы некеге тұрған бозбалалардың соған сәйкес 31,0% және түрік ұлтының қыздарының 66,7%, ал 25-29 жастағылардың берілген көрсеткіштері 69,6-79,3% сәйкестікті құрады. Осымен шамалас бағыт біз зерттеп отырған түрік-месхетиндерге де қатысты сипатталады. Егер қала мен ауыл түріктерін салыстырсақ, онда дәстүр бойынша соңғы көрсеткіш жоғары. Мысалы, 20-24 жастағы түріктер соған сәйкес 32,8-67,9% құраса, ал 25-29 жастағылары 72,1-80,5% тең келді [23].
Ахыска түріктері некенің бұзылуын, әсіресе жас баламен ажырасуды барлық жағынан қолдамайды. Сондықтан Қазақстан бойынша олардағы ажырасудың ең төмен көрсеткіштері байқалады. Мысалы, 1999 ж. некедегі түріктердің арасында ажырасқандардың бар болғаны 2,9%, ал түрік-месхетиндерде – 2,3%. Түріктердегі неке тұрақтылығы статистикалық мәліметтермен және Меркі ауданы бойынша жүргізілген этносоциологиялық құжаттар арқылы толық анықталады. Мысалы, «Сіздің отбасыңыздағы болып жатқан оқиғаларды қалай бағалайсыз?» деген сұраққа, отбасылы түріктерден төмендегідей жауаптар алдық: қарым-қатынас өте жақсы – 28,1%, жақсы деуге болады – 37,3%, қанағаттанарлық – 16,7%, қанағаттанарлықсыз – 1,8%, жауап беруге қиналамын – 16,1% [23].
Қазақстандық түріктерде некеге тұруға қолайлы кезең жігітке де, қалыңдық үшін де 18 жастан басталады. Ер азамат ақыл-ойы толық жетіліп, өмірдің ащы-тұщысын біле бастаған уақытта шаңырақ көтереді. Сонымен бірге, арнайы орта және жоғары оқу орындарындағы білім алу, қазақстан әскері қатарында қызмет ету немесе әр түрлі өндіріс саласында жұмысқа орналасу неке жасын көтереді. Мысалы, 1999 республикалық халық санағының мәліметтері 20-24 жас аралығындағы некеге тұрған бозбалалардың соған сәйкес 31,0% және түрік ұлтының қыздарының 66,7%, ал 25-29 жастағылардың берілген көрсеткіштері 69,6-79,3% сәйкестікті құрады. Осымен шамалас бағыт біз зерттеп отырған түрік-месхетиндерге де қатысты сипатталады. Егер қала мен ауыл түріктерін салыстырсақ, онда дәстүр бойынша соңғы көрсеткіш жоғары. Мысалы, 20-24 жастағы түріктер соған сәйкес 32,8-67,9% құраса, ал 25-29 жастағылары 72,1-80,5% тең келді [23].
1999 ж. халық санағының мәліметтері Алматы облысы бойынша неке жасында некеге тұрған түріктер 65,1%, (еркектер 66,5% және әйелдер 63,8%), сол сияқты түрік-месхетиндер 61,5% (еркектер 65,5% және әйелдер 57,9%). Мүнан бұрын да атап көрсетілгендей ерлі-зайыпты жұп құрудың көрсеткіштері Жамбыл облысының ауылды елді-мекендерінде әлдеқайда басым Бұл облыстағы түріктердің арасындағы некелесудің толық көрсеткіші 68,0%, ал түрік-месхетиндер бойынша – 73,1%. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қарастырылған мәліметтер айтарлықтар шашыраңқы түрде байқалады. Егер облыс көлеміндегі некелесу көрсеткіштерін толығымен алып қарасақ, түріктерде ол 66,6% құрайды және түрік-месхетиндердің 67,9%, ал ерлер мен әйелдерді бөлек берсек олардың деңгейі әркелкі. Мысалы, ауыл түріктерінің еркектерінің мөлшері төмен болса, Мақтарал ауданында оның шамасы 66,2% [23].
Үйлену тойына байланысты мерекенің өзіндік ерекшеліктерін былайша талдап түсіндіруге болады. Оларды жүйелеп айтатын болсақ: құда түсу, елшілік (кыз истеме), келісімге келу (сөз кесімі), атастыру (нишан дейшмек), шарт жасау (кесім кесмек), хына түні (хна геджесі), қалыңдықты күйеу жігіттің үйіне әкелу рәсімін қарастыру (меслехет), келін түсіру тойы (гелин гетирмек), келіннің бетіндегі орамалды алу ( дувак ачымы), күйеу бала болу (эинштелие гитмек), құдалық немесе екі жақ бірін-бірі шақырып сыйлау (аяқдөнді).
Біз зерттеп отырған мәселеде оның жаңаша жақтарының пайда болуы байқалады. Біріншіден, оған олармен бірге тұрып жатқан, ең алдымен орыстар мен қазақтардың ықпалы әсер етуі. Екіншіден, Қазақстандағы түрік диаспорасының республикамыздағы басқа халықтар сияқты, сауда экономикалық қарым-қатынасының қиын жақтарын, қайта құрудың тигізген әсерін және т.б. өздерінің басынан өткізді. Аталмыш процестер біз зерттеп отырған этностың отбасы құрамының азаюын, екі ұрпақты отбасының кеңінен таралуын, ішкі отбасылық қатынастардағы жариялылықтың етек алуын, әйел-аналардың рөлінің өсуін және жастардың отбасындағы маңызды істерді шешуге араласуын байқатты. Жас ұрпақтың өз бетінше болашақ жар таңдауда және некеге тұруда дербестігі жоғарылады. Бұрынғыдай тек туысқандарымен немесе көршілерімен ғана емес, отбасынан тыс жерлердегі қоғамдық ортасы кеңіді. Олар ендігі жерде басқа да ұлттың өкілдерінің арсынан өздерінің достары мен жолдастарын тапты.
Түрік диаспорасының қайтыс болған адамды жерлеуге қатысты жасалатын салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына тоқталатын болсақ олардың қазақтардан айырмашылығы аз. Ислам дінінің заңы бойынша мұсылман халқында қайғылы қазаны орынсыз жерде немесе жол-жөнекей, жеңіл-желпі айта салуға болмайды. Осыған сәйкес біз зерттеп отырған түрік халқында салт бойынша ата-анасы, баласы немесе жақын-жуығы қайтыс болған жағдайда оны ең алдымен айтып жеткізеді немесе естіртеді. Өлікті жерлегенге дейін дәстүрлі әдеттерді сақтайды. Бұл туралы белгілі отандық этнограф С.И. Әжіғали «Жетісу қазақтарының салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптары» атты мақаласында үйленуге, баламен байланысты және жерлеу-жөнелту әдет-ғұрыптарын жан-жақты ашып көрсеткен.
Хабаршылардан алынған мәліметтер барысында түрік ақсақалдары ислам дініне сүйеніп, аталмыш сатл-дәстүрлерді жасау барысында көп мал союды, төгіп-шашуды менмендік әрі мақтаншылыққа жатқызады. Оны өз орнымен ел қатарлы орташа деңгейде, әркім өзінің шамасының жеткеніне қарай жасаған дұрыс деген тұжырым жасайды. Сонымен қатар, зират немесе қабір үсті құрылыстары бойынша олардағы ерекшелік – мазар ашық болу керек. Оның үстіне үй тұрғызылмайды және олай жасауды дұрыс емес деп есептейді.
Қорыта келе жерлеу-еске алу ғұрыптары, дәстүрлі-тұрмыстық мәдениеттің күрделі компоненттерінің бірі ретінде Қазақстандағы түрік диаспорасының арасында өз жалғасын табуда демекпіз.
ҚОРЫТЫНДЫ
Біз зерттеп отырған мәселе түрік-месхетиндердің барлық қайғылы тарихы мен басынан өткен жағдайларын көрсетеді. Бұл халық, пайда болғаннан бастап мұсылман-христиан ортасында, сонымен бірге олардың орта ғасырдан жаңа кезеңге қарай өтудегі мемлекеттік құрылымына үнемі басты назар аудартады. Түрік-месхетиндердің басына мұндай ауыр сын Грузияның Ресей империясының құрамына қосылғанынан кейін, ал кейінірек КСРО мен Кеңестік Ресейдің одақтас республикаларының қатарында болған кезеңде орнады. 1930-шы жылдардың ортасында КСРО және Грузия өкіметі жағынан ұлтқа қарсы қатаң қысым көрсету ашық жүргізіле бастады. Түріктерге қарсы Кеңестік жазалау тәртібінің мұндай түрін, бірнеше жыл бойы еліміздегі басқа да шағын этнос өкілдеріне қарсы жүргізіп келген өктемдігімен түсіндіруге болады. Мысалы, 1937 ж. – түріктерге, 1938 ж. – кәрістер мен ирандықтарға қарсы, 1941 ж. – Прибалтика, Бессарабия, Украинаның батыс облыстарының халықтары және Белоруссия мен Еділ бойының кеңестік немістеріне, саясат қолданды. 1943 ж. – қарашайлар мен қалмықтарға қарсы. 1944 ж. – қырым татарларына, гректерге, болгарларға, шешендер мен ингуштерге, балқарларға және басқа шағын ұлттарға қарсы. Көрсетілген халықтарды депортацияға ұшырату, біздің зерттеуіміз бойынша басқа халықтарда кездеспейді. Аталмыш халықтарға жаппай опасыздық жасады деген негізсіз жалған сілтемелер егер, тіпті олардың кейбіреулері сатқындық жасағанның өзінде ешқандай шындыққа сәйкес келмейді. Мұндайлар генерал Власов өз әскерін фашистік Германия жағына бірнеше рет алып өткен кезде, ең «ұлы» деп табылатын орыс халқының тарапынан да табылды. Ал оларға бола КСРО сатқындық жасады деп, бүтін орыс халқын ешкім кінәлі деп санаған жоқ. Ұлы Отан соғысы жылдары отанға сатқындық жасады деген жалпылама ойдан шығарылған сылтаумен, біз жоғарыда атап көрсеткен саны жағынан аз халықтарды Қазақстан, Шығыс Сібір және елдің басқа да аймақтарына толығымен депортация жасаудың алдын-ала дайындалған шараларын қолданды. Мұндай конституцияға және адамшылыққа қарсы шығарылған заңдар мен саяси ұйымдастырылған шаралар олардың ұлттық автономиясын жойғанға дейін, заң жүзінде толық жалғасын тауып отырды. Танымал құқықтанушы, академик М.Т. Баймахановтың ақиқаттың астын сызып көрсете отырып былай дейді: бұндай ойдан шығарылған «қылмыстар сот бөлімдерімен, ал тыңшылық және басқа да мәліметтер негізінде жазылатын. Сонымен қатар КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасына басқа немесе өзге халықтарды жауапкершілікке тарту, оларды автономиялық мемлекеттік формасынан айыру құқығы берілмеген, сондықтан конституциямен бекітілген компетенциясын артық пайдаланған». Бұл дүниежүзінде ешбір жерде кездеспеген, әдеттен тыс оқиға болып табылады. Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін иемденгеннен кейін біздің қоғамымыздың тек тіршілігінде ғана емес, сонымен бірге ұлттық саясатында да біршама өзгерістер болды. Қазақстан Республикасының ұлтаралық қарым-қатынасында мемлекет жүзеге асырған, ұлттық қарама-қайшылықты шешуге және ондағы барлық этностардың ұлттық талап-тілегін орындауға бағытталған ұлт мәселесі жан-жақты дәлелді жүйедегі өлшемге ие бола бастады. Олардың арнайы ұлттық тілдік-мәдени және басқа да бағдарламалары мен мемлекеттік конституцияның ережелеріндегі заңдарға сәйкес бекітілді. Қоғамдық және ұлтаралық келісімнің тұрақтылығына, ұлт саясатына бағытталған тәжірибелік ұсыныстардың қанағаттандарылуына тек республикамыздағы шағын этнос өкілдерінің ұлттық-мәдени орталықтары және «Түркия» түрік орталығының іс-әрекеті ғана емес, сонымен қатар 1995 жылдың 1 наурызында құрылған Қазастан халықтарының Ассамблеясы да ат салысады.
Зерттеу міндеттерінің орындалу деңгейі бойынша қысқаша қорытындыға келсек, диссертацияда баяндалған нәтижелерді ашуда және тақырыпты зерттеу барысында ел арасынан жинаған мәліметтері мен қатар этносоциологиялық материалдарды байланыстырып, оларды ұтымды пайдалана отырып, елімізде тұрып жатқан шағын этникалық топ өкілдерінің бірі түріктердің тарихын, этникалық және этномәдени өмірін, сонымен қатар түрік отбасы мен некелік қатынастарын, әдет-ғұрпын этнографиялық тұрғыдан қарастырдық. Ондағы зерделенген нәтижелер қоғам дамуы мен этнография тарихын зерттеушілерге аса құнды, жаңа деректер беріп отыр. Қазақстан түріктері бойынша деректер мен әдебиеттердің жоқтығына қарамастан, зерттеу міндеттерін орындауда Қазақстан түріктерінің мәселесі алғаш рет жан-жақты талданды.
Достарыңызбен бөлісу: |