Идея мен көркемдік шешімнің Өзгеруі



Дата13.11.2023
өлшемі0.49 Mb.
#483149
draması qazaq


1 М.ӘУЕЗОВТІҢ ДРАМАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ АВТОРЛЫҚ
ИДЕЯ МЕН КӨРКЕМДІК ШЕШІМНІҢ ӨЗГЕРУІ

Қазақ халқын төрткүл дүниеге танытуға, оның әдебиеті мен мәдениетін әлемдік дүниеге көтеруге өлшеусіз мол үлес қосқан заманымыздың ұлы суреткер жазушысы, кемеңгер ғалымы Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасының қалың әлеуметке әлі де кеңінен танылмай, жете ашылмай, айтылмай келе жатқан жәйттері баршылық. Арнайы сөз еткелі отырған тақырыбымыз – «М.Әуезовтің әңгімелері мен драма жанрындағы шығармаларының авторлық идеясы мен көркемдік шешімін табу». Ең алдымен әдебиет теориясы тұрғысынан авторлық идея жайлы сөз қозғамас бұрын, авторлық қолжазба дегеніміз не екенін анықтап алайық. Яғни, ол – “әдеби шығарманың, автордың өз қолымен жазылған түпнұсқасы. Шығарманың авторлық қолжазбасы болуының үлкен мәні бар. Бұл авторлық текст басылымдар тұсында қандай өзгеріске ұшырағанын білуге, пайымдауға қажет жағдайда ғылыми-текстологиялық түзетулер жасап, алғашқы нұсқасын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Авторлық идея – текст басылымдарының барысында автордың шығармадағы идеясын түпнұсқадағы идеямен астастырып, ауытқымау негізгі көзделетін мақсат”, - дейді академик З.Ахметов [1, 31 б.]. «Алдымен М. Әуезовтің 1932 жылға дейінгі қолжазба, шығармашылық мүлік, мұрасы оның әдеби-мемориялдық мұражайында да ертеректе ғалымдар қарастырған Семей, Ташкент, Алматы, Мәскеу, Петербург архивтерінде де сақталмаған. Сондықтан да бұл арнада жұмыс жасаудың өзі біршама ауыртпалықтарымен кездессе де, көптеген ғалымдарымыздың еңбектері арқау болды» [2, 52 б.]. Сондай дүние-мүліктер туралы ғалымдардың кездестірген бірер мағлұматына деректер келтіре кетейік.


Мұхтар Омарханұлы Әуезов шығармашылық саладағы ізденіске толы, мағынасы терең еңбектері үшін халқынан алған алғысымен қатар әміршіл-әкімшіл жүйе қиянатын да көп көрді. 1934 жылғы «Ашық хатында»: «Менің әдебиет пен саясат жолында бұрын қандай адам болғаным туралы Қазақстанның партиялық-кеңестік жұртшылығы өзінің қоғамдық сынын айтқан болатын. Ол сол ашық, нық айтылған дұрыс сын еді. Ондағы берілген баға бойынша мен бай мен алашордашыл оқығандардың салт-санасын әдебиет жүзінде іске асырушы кісі болғам. Осы жай бар жұртшылыққа да, менің өзіме де мәлім. Бұл сияқты тарихи дұрыс сана қажет болған, менің өз ісімнен туған әділ сынды жасаушылар кімдер болды? Ол – Қазақстанның партиялық-кеңестік баспасөзі. Соның ішіне жылдар бойына сын ретімен, айтыс ретімен тексеру жүргізген ҚазАПП тобының төңкерісшіл-марксшіл сыншылар, жазушылар, газет қызметкерлерінің сындары болды» -деп жазды [3, 183 б.].
Кеңестік билік алдыңғы толқын алаш зиялыларын «Ескі интеллигенция» өкілдері ұлтшылдар деп атап, оларға күдікпен қарады. Алдымен олардың рухани, мәдени сала мен саясатқа араласуына қарсылық көрсетілді де, уақыт өте келе саяси тұрғыда ашық қуғындалды. Коммунистік партия саясаты мен идеологиясын насихаттау, ұйымдастыру партиялық мерзімді басылымдарға жүктелді. Партиялық сын, мойындау хат, ашық хат, қазақ зиялыларының бір-біріне жазған «ашық хаттары немесе ұлт зиялыларының партия мен өкімет ұстанып отырған саясатқа иланып, бірін-бірі мерзімді басылымдарда айыптау, сынау кеңестік кезеңде кең орын алды. «Сыбағама қу заман сені берді өз кейіпкерінің аузымен айтқызғандай, заңғар жазушымыз Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің өмірі мен қызметі кеңестік қызыл империя қыспағында өтті. М.Әуезов шығармашылығына қарсы сан мәрте шабуыл жасалып, ұлтшыл деген атау оның көлеңкесіндей өмір бойы еріп жүрді»[4, 24 б.].
Қазақстанда ұлт зиялыларына қарсы саяси қуғын-сүргін Ф.Голощекин билікке келгеннен кейін тіпті қыза түсті. «Ұлтшылдарды», «Оңшылдарды», «солшылдарды», «зиянкестерді» партия көсемдері іздеп тауып бірінен соң бірін абақтыға жауып жатты. Партия сыншыларының көзі М.Әуезов шығармашылығына түсті. 1927-1928 жылдары басылған «Жыл құсы» атты жинақтың №2 санында Жұмабай Орманбайұлы «Қаракөз» деген мақаласында: «Қаракөзде пролетариат әдебиетінің иісі де жоқ, оның жолына да қайшы, пролетариат салтына да сыймайды. Тілегіне келмейтін бөтен... Бізде Мұхтардың атағына сенетін, ізіне сыйынатын, еретін азаматтар әлі де бар. Мұхтар пролетариат тілегіне келтіріп, кітап жаза білмейді. Жаза білсе де жазбайды. Мұхтардан өзіміздің қойшымыз әдемі жазады», - деп сын айтты [5, 35 б.]. Көп ұзамай 1929 жылы 30 желтоқсанда М.Әуезов ұлтшыл жазушы атанып тұтқындалды. Түрмеде жатып ОГПУ прокуроры Столбова мен ОСО тергеушісі Поповқа өтініш жазған. Онда Ә.Байділдиннің берген жауабындағы және Ф.Голощекиннің Қазақстанның 10 жылдығына арнап жасаған баяндамасындағы негізсіз пікірлер жөнінде өзінен жауап алуды өтінген. 1930 жылды 12 желтоқсанында тұтқында отырған М.Әуезов Қазақ Өлкелік Партия комитетіне және Ф.Голощекинге «өтініш хат» жолдады. Онда М.Әуезов 1930 жылдың 6 желтоқсанындағы 58 статьяның 7 және 11 тармақшалары бойынша тағылған айыптың кейбір тұстарымен келіспейтінін мәлімдеген. Түпнұсқадан үзінді келтірейік: «по предъявленному мне от 6. XII обвинению по ст.58 п.п 7 и 11 и по формулировке его я понял, что будто я состоял в организации Досмухамедова Тынышбаева исполняя задания этой организация пытался своей деятельностью, осуществить идейное влияние ее в советских органах, наперекор всем важнейшим мероприятиям советской власти, в отраслях как: землеустройства, печать, школа и проч.., и будто бы вел линию подрыва этих плановых государственных мероприятий.
Никогда в жизни не будучи бы один день на роботе в каком бы то ни было хозяйственном учреждении, вопрос об экономической контрреволюции, вытекающей из смысла п.7, считаю ни в какой мере не относящимся к себе.
Кроме того, с 1924 г., я не работал на территории Казахстана (до 1928 года учился, живя в Ленинграде, а с 1928 года до ареста работал в Ташкенте, состоял научным сотрудником СОГУ)… Касаясь выступления в печати, обращаю ваше внимание на то, что идеологическая борьба в казахской периодической печати длилась в виде дискуссии в течение ряда лет, и я ни одной статьи не выступил (после 1922-1923гг) в защиту позиции той литературной группы, к которой меня заочно причислили, единственным напечатанным произведением после 1926 года является повесть «Қилы заман», но как историческая повесть, она не имеет непосредственного отношения к сегоднишнему дню. А напечатанными учебными пособиями за последние годы я только помогал казахской начальной школе» [6, 57 б.].
М. Әуезов түрмеден 1932 жылғы 10 шілдедегі «Казахстанская правда» және «Социалды Қазақстан» газеттерінде «қателіктерін» мойындап «Ашық хат» жарияланғаннан кейін босатылды. Партиялық мерзімді басылым беттерінде «Ашық хат» жариялап, ұлт болашағы үшін күрестің басқа әдісіне көшу себебі ғалым Қайым Мұхаметханов естеліктерінде баяндалады. Ахмет Байтұрсынұлы Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезовке: сендер жассыңдар. Біз сияқты саясатта аттарың шығып, әйгіленіп қалған жоқсыңдар. Біз жаздық, жаңылдық – деп айқайласақ та олар сенбейді және түрмеден шығармайды. Осы тұзақтың түскені-түскен. Сендер қателіктеріңді мойындап ашық хат жазыңдар. Бәріміз бірдей өліп кетсек, арманымызды алдағы күнге кім апарады. Екіншіден: сендер әлі ешнәрсе тындырған жоқсыңдар. Халықтың парызын өтеңдер. Үшіншіден: бұлар сендерге сенеді. Сондай-ақ, олар халыққа бізді жексұрын көрсетуі үшін «қатесін мойындайтын» адамдарды іздеп отыр. Оған сендер лайықсыңдар. Бұл да күрестің бір түрі» -деп ақыл айтқан [7, 186 б.]. Ұлттық идеядан нәр алған жастар жағы алдыңғы толқын алаш зиялыларын рухани ұстаз тұтты, оларды аса құрметтеді. Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезовте рухани ұстаз, кемеңгер ғалым Ахмет Байтұрсынұлының ақылын алып, ел үшін, еркіндік үшін күрестің басқа бір жолын іздеуге бел буғаны байқалады. А.Байтұрсынов айтқандай жоғарыда аталған партиялық газеттер «Алаштың екі көсемі өздерінің қателіктерін мойындады!» деген үлкен тақырыппен М.Әуезов пен Ә.Ермековтің қателіктерін мойындаған «Ашық хатын» басып, алаш зиялыларының ұстанған бағыты мен идеясының «халыққа қарсы» бағытталғанын дәлелдеуге тырысты.

1.1 “Еңлік – Кебек” пьесасындағы өмірлік шындық пен көркемдік шешім


Әдебиеттану ғылымында өмір және өнер, өмірлік шындық және көркемдік шындық төңірегінде талас пікірлер көп. Кейбір эстетиктердің айтуынша, көркемдік шындық – өмірді әшекелейтін бояу; көркемдік шындық тек суреткердің қиялында ғана туады; бұл таза эстетикалық категория; ал болмыста негізі тамыры жоқ.


“Біз осының үшеуіне де қосылмаймыз”, - дейді академик Р.Нұрғали [8, 102 б.]. Ұлы неміс жазушысы Гете былай деген: “Мен шығармаларымда тек данышпандық арқасында ғана жазған жоқпын, олардың тууына мың сан дүние адамдар нәр берген. Олар – ақымақтар, һәм ақылдылар, естілер һәм есіріктер, балалар, жігіттер, һәм шалдар; бәрі де бастарындағысын, не ойлайтындарын, қалай тірлік етіп, қандай қарекет қылатындарын айтқан. Мен үшін ештеңе де қалған жоқ”.
“Көркемдік шындық – өмір шындығының жазушының ой-елегінен, творчестволық көрігінен өтіп, қорытылып, әдеби шығармалардағы баяндалған, көркем суретке айналған қалпы. Көркем шындық өмірдегі шындықты кең толғап түсіну, терең сезіну, оған жазушы өз қатынасын білдіру арқылы туады” [1, 193 б.].
Көркемдік шындық жазушы қиялы арқылы екшелген, сұрыпталған, идеологиялық мақсат тұрғысынан бейнеленген шындық. Бұл өмірлік шындықтың көшірмеі емес. Ол – шашылып жатқан, араласып жатқан жүйесіз, үзік-үзік құбылыстардың басын біріктіреді; соны сұрыптайды. Бұл орайдағы ең шешуші фактордың бірі – суреткер қиялы. Мұхтар Әуезов өзінің шығармашылық қаз-қадамын неден, қандай шығармадан бастады? Бұл әрине, жай жеңсік - қойлықтан туып отырған жоқ. Оны анықтап айырудың әдеби, ғылыми-танымдық маңызы бар екені сөзсіз.
1917 жыл. Маусымның жетінші жұлдызы. Бұл күнді Абай ауылы ерекше ықыласпен күтті. Және сол тағатының таусылғанына орай есте қаларлықтай болып өтті. Ойын- сауық жағына жастар құлшына кірісті. Одан Мұхтар да шет қалмады. Суырып салма ақын Әубәкір, әнші – Жебірейіл, домбырашы, скрипкашы – Зікайыл сияқты жастар бас қосып: «Әкемнің кенже қызының тойында ел-жұртқа тосын өнер, мәдениеттің жаңа түрін көрсетейік. Абай дәстүрінің өшпегенін, өскенін байқататын болсын», - десті. Ақын өмірден көшкен соң оның сөзін ұстап қалған Тұрағұл да ел таныған шешен бидің бірі болатын. Дәстүрді, халық тарихын жақсы білетін. Сол кісінің әңгімесінен ұшқын алды ма, жоқ Мағауияның «Еңлік-Кебек», не Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» дастанын скрипкаға қосылып орындау туралы ұсынысынан әсерленді ме, белгісіз, әйтеуір жиырма жасар Мұхтар: «Осы айтқан мандолин, скрипка, сырнайларының барлығы қазір қыр қазағына, оның ішінде Абай аулына таңсық емес. Одан өзгеше, бұрын сахарада болмаған, әкеміздің өзі де армандап кеткен тосын сый жасайық. Оқиғалы ойын қояйық», - деп ұсыныс айтады [9, 124 б.].
Сол отырыста Мұхтар «Еңлік-Кебек» туралы пьеса жазуға уәде етеді. Рольде ойнайтын адамдар да бекітіледі. Әйгерім рұқсатын берді. Өзінің сегіз қанатты екі ақ үйін жапсарластыра тігуге келіседі. Ол туралы Николай Анов мынадай естелік қалдырыпты:
-«Бірде Мұхтар екеуміз Абай бульварының бойында серуендеп жүрдік. Мұхтардың көңілдене қалған сәті екен. Ол маған: «Кел, отырайық. Мен саған «Еңлік-Кебекті» қалай жазғанымды және ол пьеса маған не үшін қымбат екенін айтып берейін. Есіңде ме, «Абайдың үшінші кітабындағы мына жер. Пьесаның өмірі сахнада басталады ғой. Ал, төңкеріске дейін қазақша театр жоқ болған. Сол кезде маған да, пьесама да тосын оқиға жол ашты. Ғашықтардың қабірінен он бес шақырымдай жерде Абайдың екінші әйелі Әйгерім немересі Ақышты ұзатып жатты. Міне, сол кезде менің достарымның біріне жас отау иелеріне сый ретінде «Еңлік-Кебекті» қоюды ұсындым» -деп айтып беріпті [10, 268 б.].
Әңгімені Николай Иванович араға үзақ уақыт өткізген соң қағазға түсіргендіктен де кейбір сөздердің жалпылама баяндалғаны байқалады. Мұхтардың Мағауияның «Еңлік-Кебек» поэмасы бойынша пьеса жазғанын айтады. Ол кезде Шәкәрімнің атын атауға рұқсат етілмеген де, оның «Жолсыз жаза» дастанын аузына алмаса керек... Екіншіден пьеса Ақыштың тойына қатыссыз, одан бұрын жазылды деген емеурін бар. Ол - жаңсақ. Каникулда жүргенде, Тұрағұлдың көмегімен Шәкәрімнің дастаны бойынша сахналанған.
Тобылғы мен қараған бүршік атып, ойпат пен белес ақша гүлге малынып, хош иіс аңқыған шақта Мұхтар салт атпен Еңлік-Кебектің қабіріне қарап тұрып: кейін өзінің романында Абай арқылы айтқызған: «Бұл қос мола-ішінде аса бір ауыр сыр бүккен молалар. Шанда бір осы тұсқа соғып өткенде әлдебір арылмаған қарызым бардай боламын. Ақындық парызым сияқтанады» -деген ой келген де шығар, кім білсін? [11, 254 б.]
Ералы жазығының ортасындағы жалғыз төбеден бүкіл аймақ тегіс көрінеді. Шыңғыс тауларының беталысындағы көлденең жатқан бел кіші орда. Соның бүйрек тұсында, ұры қалта сияқты жасырынып біткен жартастың қуысында – Еңлік пен Кебек мекен еткен. Алты – жеті шақырым оның оң жағында – Ақшоқы. Қос мұңлықтың баласы соның басында құндағында ораулы қалған. Ал, мына екі ортадағы жазықта екеуі ат бауырына сүйретіліп өлтірілген. Сол жазықта - әне, Әйгерімнің кос киіз үйі тұр. Оқиғалы ойын сонда болмақ. Ол ойынды, сол бір «жолсыз жазаны» жүзеге асырған билердің ұрпақтары да көрмек. Кейбірі, тіпті, өздері қатысады. Рушыл, аруақшыл желіккен жұрт өз аталарының қатыгездігіне түңіліп, жазғырып қарай ма, жоқ, өре түре келіп, жанжал шығара ма? Шындығын айтқан Мағауия мен Шәкәрімге өкпе артып, өштескен адам аз ба еді. Ондай «ит көрген ешкікөзденгендердің» бетін Абай қайтарған. Ал бұған кім араша түседі?
Тұңғыш шығарманың жазылу азабымен қоса Мұхтарды осындай күдіктер де қатты толқытты. Сондай сәттер де жүрегін орнықтырып, батылдана түсу үшін, шындықтан ауытқымауға тырысу үшін «Еңлік - Кебектің» қабірінің басына барып, іштей өзін-өзі қайраған. Оның мұндай толғаныста жүрген кезін ағасы Разақ талай байқапты. Разақты Абай жақсы көріп, іш тартады. Әзіл аралас өлең де шығарған. Мұхтардың бар қиындығын көтеріп, елуінші жылдарға дейін «не керек» еді дегізбей, әкесінің орнына әке болған кісі. Семинарияда оқуда жүргенде де Райхан осы үйде қалған. Сол Разақ «Еңлік – Кебекті» жазу тұсындағы Мұхтардың бір мінезі жөнінде жазушы Кәмен Оразалинге мынадай естелік айтыпты
«Мұхтар менің атымды мінген бойда Кіші ордадағы Еңлік – Кебектің тығылып жатқан үй тасына барып, жолдан зиратына соғып қайтқан екен. Бұл кезде «Еңлік – Кебектің» жазылып бітіп, қойылмақ болып жатқанын кейін білдім» [12, 35 б.].
Мұхтар тек пьеса авторы емес, сонымен қатар спектакльдің режиссері де болды. Гете өзінің пьесаларын өзі қойып, маскараттар ұйымдастырды. Сөйтіп, неміс ұлттық театрының дамуына үлкен үлес қосты. Ал Мұхтар үшін бұл – қажеттілік еді. Ол «Еңлік – Кебек» арқылы мұқым бір халық өнері жанрының көзін ашты. Сол ойынды бала кезінде журналист Ғайса Сармурзиннің әсері мынадай:
«1917 жылдың жаз айы. Біздің ауыл биыл да Абай ауылдарына қанаттасып, Ойқұдықта отырған-ды. Оразбайдың Медеуінің баласы Саниязға Тұрағұлдың Ақыш деген қызын ұзатқалы жатқан. Той болардан бірер күн бұрын: «Еңлік-Кебек» жайында Мұхтар жазған «пьеса» деген бір жаңа ойын ойналды екен» деген хабар естідік. Сол «пьесса» деген ойынды көруге құмартып, бірнеше бала тай-құнанмен шапқылап сол ауылға келгенбіз. Ышқырымыз толған асық. Реті келсе, алдыңғы ауылдағы Жәкіммен ойнап (Мағаштың кіші баласы Жағыпарды Жәкім дейінбіз), әнеукүнгі ұтқызған кенейлерімізді қайтарып алу да ойымызда бар.
Сөйтсек, ойынның көкесі «пьеса» екен. Екі киіз үйді тіркестіріп тігіпті. Сол үйдің бірі Мұсабайдың Бестеми деген баласының үйі екенін дөдеге үзіктерінен байқадық. Ойынға жұрт көп жиналыпты. Төр алдында жүк жасау жиналыпты. Ойнаушылар бөтен киімдер киіп, өңдерін өзгертіп, бірнешеуі сақал-мұрт жасап, Жапал деген қойшысы (Тұрағұлдың Жебеші) бетін күйелеп те алыпты. Оларды кім екенін дауыстарынан ғана айырасың. Ұзын шаш тағынып, үстіне шағи көйлек, дүрия шапан, басына кәмшат бөрік киген Еңлігі - Әуездің Ахметі, Кебек боп ойнағаны – Ақкенже, Матай шалы – Бестеми, оның кемпірі – Жағыпар, Абызы – Зікайыл, ал шымылдықты ашып-жауып тұрғаны Сәлімғазы екен. Әлгі жүк жиналған төр алдына біреуі келіп, біреуі кетіп жатады. Әйтеуір сөздің бәрі Еңлік пен Кебек жайында екенін ғана аңғарасың. Бір мезетте «билер» дауласып кеп кетті... Сонда отырған бір бидің: «сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын болсаң, мен билік айтпаймын!»-деген ажарлы дауысы саңқ ете қалды. Дәл осы сәтте бұдан бір жыл бұрын менің атам мен Әуез ақсақал әңгімелесіп отырғанда Мұхаңның дәптеріне жазып алған осы сөзі есіме түсе кетті. Сөйтсем, кейін аңғардым, Мұхаң сол кездің өзінде- ақ әңгіме, сөз тыңдағанда өзіне керектісін жазып алып отырады екен» [9, 127б.].
Иә, «Еңлік- Кебектің» де жазылуын, оның түұңғыш рет қойылуын көрген адамдар болған. Сол куәлар мен қоса Мұхтар өмірінің талай-талай жұмбақтары да ғайыпқа айналды. Қуанышқа орай осы пьессаның дүниеге келуіне себепші болған Ақыш Тұрағұл қызымен жүздесіп қалудың сәті түсті. Он шақты жыл бойы сыр тартып, ой суыртпалықтап біраз дерек алдық. Ол кісінің әрбір сөзінің астырынан талай-талай қымбат оқиғалардың жаңғырығы естілелді. Сондықтан да тым ұзақтылығына қарамастан, ол мәліметтерді толық келтіре алмадық. Бұл- тек «Еңлік – Кебектің» алғашқы қойылымының жайын ғана қамтымайды. Сонымен бірге Абай мен Мұхтардың арасындағы рухани өзектестіктің тамырынан да мағлұмат береді. Ақыш Тұрағұл қызының әңгімесінен үзінді:
«Әлі есімде 1917 жылдың жаз айы. Көк бас көтеріп, гүл шешек атқан мезгіл. Мен де сол жылы он жетіге толып, Оразбайдың Медеуіне келін болып ұзатылғалы жатқанбын. Той жасау қамына да кірісіп, бәрі еңсерілді. Жаз жайлаудағы, биенің байлаудағы кезі. Өзге ағайын туысқанның бәрі Шыңғыс асып, жайлауға көшті. Біз төрт ауыл қоныста қалдық. Әйгерім апа мен Тұрағұл ағаның және Әуез ақсақалдың екі ауылы. Онда Ералы жазығының шалғыны кесе өткен құлынды жығып, атты адамның етегіне оралытып еді ғой. Теңіздей тербеліп, жайқалып тұратын Ойқұдықтамыз. Той күні ерекше жаңалық болды. Әйгерім шешемнің сегіз қанат отауының іші жастарға толды. Мен таң қалдым. Өйткені, Әйгерім шешем мен бірге әкемнің (Абайдың) кенже әйелі бауырына басқан, Әйгерімнің туған қызы Кенженің үйін қосақтап тігіп жатыр. Кенженің куйеуі қайтыс болып, жыл толғаннан кейін осында көшіріп алғанбыз. Ол Мұсатайдың ауылының жігіті болатын. Сегіз қанат сырлы үйге өрнекті шимен керегені ұстаған. Сөйтсем, қаладан келген Мұхтар бастаған жастар «Еңлік – Кебек» ойынын көрсетпек екен. Ол кезде пьесса дегенді солай айтатынбыз.
Күндіз Әйгерім шешемнің үйінде «Еңлік - Кебек» қойылды. Төрт ауылдың адамдары түгел тамашалады. Егер ұмытпасам, кісі басы елу тиыннан билет алды ғой деймін. Оны Семейде оқитын кедей қазақ жастарына жинап табыс етуге ұйғарыпты» [13, 256 б.].
Мұхтардың шығармашылық қайнар көзінің бастауында Тұрағұл Абайұлы тұрды. Ол адамның ақыл – кеңесі, рухани қолдауы және ел арасындағы беделі жас жігітке шешуші ықпал жасады. Жаңа жол тапты. Мұхтардың әр қадамын қатты қадағалап, қамқорлық көрсетті. «Еңлік – Кебек» пьесасы Тұрағұл болмаса жазылмас та еді. Билердің айтысын, әр кейіпкердің мінезі мен өмірін Мұхтарға өз үйінде отырып қағазға түсірткен де Тұрағұл. Ең алғашқы мақаласын газетке бастырған да сол адам [14, 365б.].
Мұқабасына «Еңлік - Кебек» үш перделі, бес суретті трагедия (қайғылы қал) тарихи әңгіме, ескі қазақ тұрмысынан деп жазылған бұл жинақ 1922 жылы Орынбор қаласындағы «Мемлекеттік баспасөз бөлімінің кіндік қазақ баспаханасынан » жарық көрді. Алғы сөз де сол басылымға арналған пьессаның алғашқы нұсқасымен «Сөз басының» жазылуының арасында бес жыл уақыт бар. Театр зерттеушісі Бағыбек Құндақбайев 1917 және 1922 жылғы нұсқаларды мүлдем салыстыруға болмайды деген пікірді ұсынады. Әрине, солай. Киіз үйге, қарапайым ойын-сауықшыларға арналған пьессаның өзгерек болуы заңды. Бірақ, кейіннен түзеп, өңдегенде қандай – қандай өзгерістер енгізілді, ол арасы Бағыбек Құндақбаевқа да бізге де, өзге жұртқа да беймәлім. Және Мұхтар Әуезовтың өзі 1943 жылғы нұсқасы туралы сан рет ескертсе де алғашқы үлгіні өзгерткенін еш жерде ескертпейді. Соған қарағанда ішінара текстік жөндеулер енгізілгенімен, оқиғаны құру жүйесі, кейіпкерлер әрекеті, олардың саны онша көп өзгеріске ұшырамаған – деп жорамалдауға негіз бар. Сондықтан біз де 1922 жылғы кітапқа түпнұсқа ретінде жүгінеміз. Басқа қолжазба сақталмаған. Мұхтар Әуезовтың жиырмасыншы жылдардағы толқымалы көңіл күйі, алабұртқан жастығы, жан дүниесінің, ақыл – ойының буырқанған қуат - күшінің ыстық табы анық білінеді. Есіле шешілген шешендік те, өр дауыс та, кейде кілт түңілуге ауысып сала береді. Романтизмді, өз тілімен айтсақ «сарнамашылықты» құлақ күйі етіп алған да, сыншыл реалистік бағытқа иек тіреген жас таланттың тырнақ алды туындысының кіріспесінде және Нысан абыз толғауында батырлықпен, жыраулықпен, серілікпен күн кешкен өткен өмірді аңсау сарыны да қылаң беріп, қобыз үні арқылы күңіріне естіледі [14, 364 б.].
«Поэзияның шыңы – трагедия... Өлеңмен жазылған драма – көрермендерді идеялық-психалогиялық тұрғыдан тәрбиелеу үшін аса қажет»-дейді, «Еңлік-Кебекті» орыс тіліне аударған ақиық ақын Илья Сельвинский [16, 4б.]. Жиырма жасар Мұхтардың трагедияны таңдауы да тегін емес. Бұл «Жолсыз жаза» оның сол кездегі жүрек буырқанысын, санадағы ой сабылысын, көзқарасын жеткізуге толық мүмкіндік береді.
Ол «Еңлік-Кебек» трагедиясы арқылы бүкіл феодалдық қоғамға, әлі де сол тозған дәуірден етек-жеңін жиып ала алмай «феодализмнің қураған мүйізінен» тас қып ұстап тұрған билерге шырға тастады.
Жазу-ол үшін рухани қажеттілік, ой соқтылықтан арылудың ең сенімді жолы еді. Қағазға жазылған тарихи шежіре тапшы болса да:
Өткен адам болады көзден таса,
Өлді, өшті, оны ешкім ойламаса.
Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,
Керектісін ескеріп ұмытпаса,-
деп, Шәкәрім айтқандай, Мұхтар атадан балаға ауыз екі әңгімеленген аңыз дастандарға сүйенеді [17, 357 б.]. Мысалы:
Пьесадан бұрын дүниеге келген Мағауияның «Еңлік-Кебек», Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» дастандарындағы адамдардың да, жердің де аттары бірдей. Үшеуіндегі оқиға да, тартыс та ұқсас. Сондай-ақ оқиғаның желісі де «Жолсыз жазаның» жолымен тартылған. Дастандағы пейзаждардың, тұрмыстық сипаттардың барлығы сахналық көрініске ауысқан. Диалогтардағы сөздердің арасына Шәкәрімнің өлеңдері шумақ-шумақ күйінше сол қалпында алынған.
Алғашқы шымылдық ашылғанда Нысан абыз сахнаға щығады. Дастанда абыздың әйелі Таңшолпан жоқ. Пьесада ол да сәуегейдің бірі болып көрінеді. Оқиғаның ұйытқысы «Жолсыз жазада» да, «Еңлік-Кебекте» де Нысанның Кебек батырдың болашағы туралы бал ашуынан басталады. Екі шығарманың жанрлық ерекшелігіне қарай бірі-өлеңмен, екіншісі-қара сөзбен баяндалғаны болмаса мағыналарында ешқандай айырма жоқ. «Еңлік-Кебектің» бірінші нұсқасында (1917) Мұхтар Шәкәрімнің «Жолсыз жазасының» сахналық нұсқасын жасағанын жорамалдауға болады. Кейін баспаға дайындағанда қайта өңдеп, тың оқиғалар мен кейіпкерлер қосып, дербес шығарма дәрежесіне көтерген. Соның өзінде де 1922 жылғы нұсқасында Шәкәрім дастанының ізі, ұзын ырғағы сақталған. Шындыққа көз жеткізу үшін шағын бір үзіндіні салыстырумен шектелеміз. Өзге ұқсастықтарды талдау барысында зиялы оқырманның өзі де аңғарар деп үміт артамыз. Сонымен:
«Жолсыз жаза», Абыздың толғауы:
Шырағым бал аштым деп мал алмаймын,
Ол үшін саған ақы сала алмаймын.
Жаман айтсам жабығып қала көрме,
Жанның сөзін жасырып қала алмаймын.

...Мұңлы дауысы щықса зарлап,


Ықтиярсыз кетеді бой шымырлап.
«А» дейді де тыңдайды анда-санда,
Құлағына кеткендей жан сыбырлап...

...Нысан Абыз қысылып, батқан терге,


Қарады да сөйлейді Кебек ерге,
«Ажалдың биік қабақ сұрлау құздан,
Батырым ондай қызға көңіл бөлме.

«Еңлік-Кебек», 1922 жылғы нұсқа:


«Абыз: Ал піріңмін, піріңмін, - піріңнен туған еріңмін.
Аз ұл олжай ішінде- таңдап бір қонған жеріңмін. (Бақсының сарынынан бірталай сөзді өлеңдетіп айтып келіп, анда-санда маңқылдап, былдырлап) Мұндай шіркін не дейді?!... Алтын берсең алмаймын, айтқаныңа нанбаймын.(Сілкініп басындағы тақиясын ұшырып жібереді, аздан соң қызуланып тағы сөйлейді, үйдің іші шылдырлайды, аздан соң шаңқ етіп) Қыз?!.. Қыз ба? Не дейді? Сұрлау?.. ей... ой, шіркін... жартас дейді (Үйдің іші тағы да шылдырлайды, тоқтап терін сүртіп алып, басын шайқап) Батырым! Сұңғақ бойлы, биік қабақ, сұрлау қыздан ажалың бар. Ол қыз жартас түбінде кез болады, кез болса, кешікпейді, тез болады, сақтықта қорлық жоқ, осы сөзді есіңе ал!» [18, 20 б.].
Бірі – шәкірт, бірі – ұстаз екі адамның жазған шығармаларының өзара ұқсап тұруының пәлендей айып-шамы жоқ. Мұхтарға «Жолсыз жазаны» Ақыштың ұзатылу тойына қойылуына рұқсатын берген Шәкәрімнің өзі. Оған делдалдық жүргізген – Тұрағұл. Сондықтан бұл арада таңданатын ештеңе жоқ. Және дәл сол Жидебайда, пьесадаға кейіпкерлердің ұрпағының ішінде тұрып поэмаға қандай да бір өзгеріс енгізудің өзі мүмкін емес-тін. Екіншіден, Мұхтардың өз жаңалығы да бар. Ол – оқиғаның өзегін билер айтысына құрды. Бұл феодалдық қоғамның ірі қайраткерлерінің образы арқылы әлеуметтік жағдайдың сырын ашуға желі тартты. Трагедияның түп тамырын шешендік өнерімен, билер кеңесі арқылы ашқан ең үздік туындының бірі осы «Еңлік-Кебек» . Үшіншіден, сол тұста Еуропа мен Ресей сахналары символизмнің шарпуында болатын. Мұхтар Әуезовтың өзі Метерлинктің абстрактілі пьесаларын сүйіп оқып, қатты еліктеп «Қыр суреттері» атты символикалық әңгімелер жазғаны да мәлім. Нысан абыз сияқты көріпкел-балгердің ол үшін ерекше жұмбақ құбылыстың, ішкі тұспалдың сәтті тоғысындай көрінуі заңды да. Көзсіз болашақтағы тағдыр зауалы алдын-ала анықталып қойылғанына қарамастан Кебек пен Еңліктің (Метерликте-соқырлар) сол дүлей күшке қарсы жүруі де адамзаттың әлдебір тығырыққа кеп тірелетінін меңзейді [8, 187 б.].
Яғни, адам жақсылыққа қанша ұмтылғанмен де жазмыштың пешенеңе жазғанына көнесің, одан аса алмайсың деген тұспал.
Он жетінші – жиырма жетінші жылдардың арасында Мұхтар Әуезов осы бір түңілуге толы толғанысты, эмоциялық экзотиканы «шығармашылығындағы сарыны бөлек көңіл күйі етіп алып еді. Пьесадағы идеялық нысана, өңдеулер мен толықтырулар, сахналық шешімдер қақында Рымғали Нұрғалиев пен Бағыбек Құндақбаев өз монографияларында егжей-тегжейлі қарастырғандықтан да, біз тек тарихи тұғалардың өмірлік деректеріне тоқталамыз [15, 348 б.]. Еңлік-Кебек оқиғасы қай заманда өтті, оған себепкер болған кімдер? Бұл да жауабын табуға тиісті түйткілі толғаудың бірі. Шығарманың өмірлік шындығына көз жеткізу де қызықты жайт. Алайда, одан гөрі ғасырлар бойы екі елдің арасына сынадай қағылған осынау қасіретті оқиғаның түпкі себебін табу - өткен өмірді білу үшін де қажет-ау.
Адал махаббатың құрбаны болған ғашықтар жайлы алғашқы хикая 1892 жылы «Дала уалаяты» газетінің №31-39 сандарында «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөз» деген атпен басылды. Содан кейін Мағауияның «Еңлік-Кебек», Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» дастандары ел арасына тарады. 1900 жылы «Дала уалаяты» газеті «Қазақтың тұрмысынан хикая» деген атпен аңыз-хиссаны қайталап жариялады. Дастандарда да, қара сөзен баяндалған әңгімелер де, пьесада да оқиға Кебектің аң аулап жүріп, Нысан Абы0зға жолығуынан басталады да жарыса өрбиді. Біз тарихи оқиғаның нақтылығын сақтау мақсатымен осы үш нұсқаны ретіне қарай алмастыра пайдаланамыз.
Оқиға өткен мезгіл 1975-1980 жылдардың шамасы. Тобықты мен Матай тайпасы жер үшін таласып, кісі өліп, бірі құныкер, бірі жығынды болып тұрған аласапыран шақ. Сыртқа шықпаса да «ата жаулықтары» басылмай, демігіп, қыжыл көбейе түскен. Елде біресе өшіктірген Кеңгірбай мен Еспенбеттің уақытша ішінен тыншыған кезі. Тоқтамыс батырдың атақ-беделі кеңінен тараған тұс. Кебек оның жамағайын інісі.
Сол бір қасіретті күні Еңлік пен Кебекті Ералы жазығының шығысындағы Шұбар төбеге жерлепті. Ол – маң жазықтың ортасындағы бәйге, той, жиын өткізілетін, жамбы тігілетін ойын-сауық орны болатын. Енді махаббат құрбандарының мазары орнады. Жыл өткесін тастан қалқа тұрғызады. Атақты Біржан сал мен Абай басын бұрып, мүнәжат етіпті. (Екі арасы 10-15 шақырым). «Орда тауындағы әйгілі тас қалау шебері Рыскелді дегеннің Мамай батырға зират тұрғызғанын естіп, Біржан оны шақырып алып Еңлік-Кебектің қабірін қайта сандықтап, құйма кірпіштен шағын мұнара тұрғызған. Қабір сандықшасының тұрқы тұтас, құбыла жақ басы екі айыр болған. Бұл қабірдегі екі адамды білдірген ишара болса керек, кейін мұнара құлап, ізі қалған». Жоқ, ізі өшкен жоқ. өшуі мүмкін емес [19, 65 б.].
Сонымен, қашанда көркем шындықтың негізінде өмірлік шындық жатады. Кейбір жазушылар қаһармандарын тірлікте болған адамның бейнесіне лайықтап жасайды.

    1. «Қаракөз» трагедиясындағы авторлық идея мен көркемдік концепция

Абай дүниеге келген Қасқабұлақтың жотасын тіле өткен Семей-Қарауыл жолының күнбатыс жағында екі жүз метрдей жерде мәрмәрмен көмкерілген мұнара тұр. Ол Махаббат мұнарасы. Қазақтың Ромеосы мен Джульеттасының рухы жатыр.
Тағдыр мен тауқымет, махаббат пен ғадауат. Серілік пен сергелдең. «ақынның құмарлығына елтіген уыз жастар» мен зар еңіреген көшпелі Заман. Ойы екіге жарылған адамның Ақыл азабы, Есіле көсіліп шаттанып, егіле жылау Мұхтар шығармаларының ішінде тек «Қаракөздің маңдайына жазылған сыбаға. Жазушының бірде-бір шығармасы дәл осындай қарама-қайшы сезімдердің шарпуына, күрделі құбылыстың қақтығысына құрылған емес, шығармашылық тарихы өте ауыр, бұралаң мен қатпары мол, шығармашылық психологиялық тұрғысынан алғанда да қилы-қилы сезім күйді қамтыған, жазушы мен кейіпкер ойының араласып кеткені сондай, қайсысы кімнің сөзін жеткізіп отырғанын ажыратуы қиын туынды да осы «Қаракөз». Көкірегіне жиылған запыранды, жан тебіренісін Сырым боп сыртқа шығарған М.Әуезовтың «ащы даусын» естіртетін де «Қаракөз». Біресе, «Арқаның қоңыр желі садақ оғына жыртылған жүрегін жалғады ма» - деп сонау елесі өшкен дәуірді; біресе, «Қарауылдан аңқып ұшқан алғыр құсы Сырымдай бүгінгі жігіт қиыннан тоят іздейме екен?»-деп, біресе: «бұлаң жігіт, кермарал ерке тотыны» елестетіп, көңілі алып-ұшқан Әуезовтың бұл кездегі жан дүниесінің толғағын аңғартқан да «Қаракөз». Кейін сан өкіндіріп, ашындырып-аялаған да –«Қаракөз» [20, 129 б.].
Тағдырдың талқысына салып, тәлкілеуге ұшыратқан да, болашақтағы зауалдың алғашқы қара құйыны боп соққан да, осы «Қаракөз». Соның ішінде, пьесаның алдындағы «ескі пішінді шал, үлкен ақсақалдың» толғауы Мұхтарға «жүрегін жыртқан садақ оғындай» қадалды. Абыз бейнесіндегі ақсақал «хан мен қара, би мен бек, ана мен баланың қиялын тербеткен» жыршысындай көрінеді. Әлеуметшіл сыншылдар әр сөз бен әр ноқаттың арасынан жасырын сыр, емеурін іздеді. Олар үшін «Қаракөз» соны аңсаған зар, көшпелі әлемнің жоқтауы ғана еді. Ал бір ысып, бір суыған творчество адамының көңіл-күйіне пысқырып та қарамады. Сырымның, Қаракөздің қабірі басындағы монологынан құранның уағызын естігендей боласың. Кедейшіл сыншы Жұмабай Орманбайұлының пікіріне сүйенсек, «Қаракөздің» халыққа беретін тағылымы мынау:
«Қазақтың қойылмай келе жатқан жаман әдеттері: молаға түнеу, оны жебеді деп соған сену, өлі аруақтың құрметі мен құдайдың рақымын түсіру... Енді пролетариат үстемдігі езілген ұлт, бүтін еңбекшілерді теңгеремін, оларды социалшыл тұрмысқа жетектеймін деп отыр. Ол үшін түрлі әдістер, жолдар іздеп отыр. Бір жағынан шаруасын, екінші жағынан жауыз байлардың қолындағы саяси билікті алып, үшінші жағынан салт-сананы байлардың қолынан алып, осы күштің бәрін сол еңбекшілердің пайдасына жұмсайды. Байлардың пайдасына жұмсалып жүргендегі түрін өзгертеді, олардың күшін байларға қарсы қояды. Олай болса «Қаракөз» нені көрсетіп отыр? Байлардың сол молаға түнеуін, аруақ, құдайға жалбарынуын, оған құдайдың, аруақтың анық жебейтінін, ғашықтардың ақіретте бір-біріне қосылады дейтіндерін анықтап, еңбекшілерге Сырым мен Қаркөзді дәлел қылып көрсетіп отыр... «Қаркөздің» бұл жағынан біздің қарсы тапқа тиетін пайдасы көп, бізге зияннан басқа келтіретін пайдасы жоқ. Ендеше, біздің пролетариат әдебиетінен орын алмауы керек» [21, 64 б.].
Иә, Мұхтар Әуезовтың есімін «әдебиеттен сызып тастауды» талап еттірген де «Қаракөз». Бұл Мұхтар Әуезовке жасалған алғашқы шабуыл, бірінші атылған оқ. 1928 жылы пролетариат сыншыларының басын біріктірген-«Құс жолы» жинағы шықты. Сонда «Қаракөз» атты аты шулы мақала басылды. Жинақтың мақсаты-таза кедейшіл әдебиет пен «сұлу, бірақ байшыл» әдебиеттің арасын «ажырыту», яғни жік тастау. Шет қақпай қалған жазушының мүддесін қорғау үшін Мағжан Жұмабаев Ташкент қаласында «Алқа» атты әдеби ұйым ашты. Көркем шығарманың тек-тамырын, табиғатын түсінуді былай қойып, әлеуметшілдер, Мұхтар мен Мағжанның, Жүсіппектің аузынан шыққан әр сөзді тәжіке етуге көшті. Әсіресе, «Қаркөздің» прологы қатты сынға ұшырады. Бір сөйлемді жеке-жеке жіліктей бөліп алып, келеке-келемежге айналдырды [14, 345 б.].
«Қаракөздің» барлық маңызын, түйіні осы прологында көрінуі керек. Сонда қандай маңыз, түйіні көрінеді, мұнда кімдердің өмірін жоқтайды? «Қаракөз» өткен дәуірлерде даланың еркін ескен желі, осы күні еспейді дейді. Осы күн жел неге еспейді. Жел еспейтін ақсап қалып па? Жоқ олай емес. Еркін ескен желіндей үстем болушы тап жоғалды деп көксейді, би мен хан-қараның сері жігіті шығады» [21, 36 б.].
Бұл сыншылдықтың бастауы ғана. Еркін ескен жел-үстем тап емес, жастықтың, махаббаттың шалқыған шаттығы, ақынның шабыты екенін Жұмабай Орманбайұлы түсінбей отырған жоқ.
Бұл-«жалынның» кіріспесі ғана. М.Әуезовке ашық түрде алғыс та, қарғыс та жіберген...
Иә, сол «Қаракөз». Осыншама авторды сүйініш-күйінішке ұшыратқан бұл пьеса арқылы Мұхтар Әуезов суреткер көзімен, кейіпкер қимылымен өзінің барлық ойын жеткізді. Санына қылбұрау салған құлынның шұрқыраған даусы жеті қат аспанды жарып өткені сияқты, «Қаракөз» оның жеке басының да көкей кесті күйі еді.
Ол-сонысымен де қымбат. Сонысымен де күрделі. Сондықтан да сиқырлы сұлу сияқты-тылсым күшке, қылықты құдіретке ие. Тұла бойын еріткен сезімін де, сорғалаған тілін де, тереңдегі тебіренісін де, серілікпен өткен күндердің сағынышын да, көзі қиса да көңілі қимаған жан азабын да, әйтеуір табиғат берген таланттың барлық қасиетін «Қаракөзге» сарқа жұмсап, көкірегінің ащы өтін жарып жібергендей таусыла жырлайтын себебі не? Өйткені бұл Мұхтар Әуезовтың жастық шағымен, Шыңғыстаумен, сүйген жары-Кәмиламен қоштасу еді. Ешкім оларды айырған жоқ. Бірақ ажырамасқа лажы да жоқ. Саналы түрде, суық ақылмен таңдап алған азапты жол!
Барлық құпия – Қаракөзді жоқтап, Сырымның аузынан айтылған осы сөзде жатыр: «Кімді іздеп өмір сүрем?» [20, 70 б.].
Бұл сұрақтың жауабын табу, 1925 жылы екі арудың ыстық жүрегінің ортасында қорғасындай балқып, сынаптай толқып жүрген Мұхтар Әуезов үшін-ғұмырлық таңдау, ертеңгі күннің тіршілік мұратын шешумен бірдей еді.
Дала шежірісі академик Әлкей Марғұланның марқұм жұмсақ креслоға шалқайыңқырап, шапанын қаусыра жамылып, сиреген бурыл бұйра шашы даланың ақ шашақты селеуіндей сепсіп, арасында құмыға даусын ішіне тарта күліп, кейде «біз тек француз коньягін ішетінбіз», кейде «біз де серіміз, екеуміз де білеміз ғой», «Әй, Мұхтар» деп желпінгенінің өзі жарасып, арасында: «Ой Шыңғыс кел, келе ғой»-деп немересімен ойнай отырып, көп күндерде мол сыр айтып еді. Біз баспасөз бетінде жарияланған, қолжазба күйінде көрсеткен материалдарына иек артып, естелігін сол өзі айтқан әңгімелерімен қоса Тұрсын Жұртбай өзінің ғұмырнамалық-толғауында келтірген екен.
Әлкей Марғұлан: - «Семейдегі педтехникумда жүрген жылдарында Мұхтармен сырлас, дос болдым. Ол сол кездегі аса белгілі қазақтың бірі еді. Мен төрт жыл бойы Мұхтардың қасында жүріп, әңгіме-пьесаларын қолжазба түрінде оқыдым. әрі ұстаз, әрі дос еді. Ленинградқа кететін жылы қыстыгүні Мұхтардың ауылынан мықты айғыр жеккен шана келді. Мұхтардың күтуші іспетті серігі бар. Пысық, жақсы жігіт екен. Мені шақырып жүрген. Аттанып кеттік. Жиырма шақырымнан соң қатты боран басталды. Ештеңе көрінбейді. Тау алқымындағы үйге келсек, ұйысқан қалың керуен. әйгілі Күшікбайдың қақаған кезеңі. Әлгі жігіт лып етіп кетіп қалып, екеуімізді бөлек үй тауып орналастырды. Кілең Ташкенттің көпестері. НЭП-тің кезі ғой.
Әйтеуір үш күн дегенде әрең жеттік. Абай ауылы-аяулы ауыл. Күніне екі-үш қонақ. Ойын-сауық және төсекті жайлы салады. Не ғыласың ән, музыка. Оркестрге қосылып, неше ұлттық әуен салады. Зікәйіл үнемі жеңін түріп жүреді. өзі солбыр киінеді, өнерлі еді. Жағыпар - пысық, сері. Оның домбыра тартысы ғажап. Жебірейілді Мұхтар керемет сыйлап, қатты ұнататын. Ол дегенің қандай әнші, қандай талант. Үшеуі де Абайдың ұрпағы. Бірінен бірі өтеді. Мен Мұхтарға екі тазы сыйладым. Тегін тазы емес, текті тазылар. Мені танып, кеудемді иіскеп, әбігерге түсті. Біреуін Шәкәрім сұратқан екен. Мұхтар бермепті. Немере ағасы Раздық ұстайды екен. Қыстыкүні болса да ойын-сауық қуамыз. Аққасқамен аңға шығамыз. Саятқа Шәкәрім шақырған еді. Жолымыз қиыстау болып, қанаққа бара алмадық. Мұхтардың кәрі досы Кәріқара-Өтекелді қалмайды қастан. Ұзын бойлы, таза киінген адам. Содан қызықпен қалаға қайттық [9, 8 б.].
1925 жылдың жаз айында Мұхтар оңаша шығарып алып:
-Әй, Әлкей, енді Ленинградқа оқуға жүрердің алдында Шыңғысқа бір барып, сайран салып қайтайықшы. Құмарымыздан шыға қызықтайық әншілік, серілік өнерін көрейік. Заман қалай болады. Басымыз қосыла бере ме? Енді қашан көреміз елді? Менде бір толқу бар. Арылайықшы дерттен, - деді.
-Қайдағы дерт. Е, барсақ-барайық. Неге түңілесің?-дедім. Үндемеді.
Шындығында да «Қаракөздің» бірінші нұсқасында әр сөздің астарында екі ұшты емеурін мен мағына, ерекше толқу сезімі аңғарылады. Ойдың өзі-екіге жарылған. Бар мен жоқтың, аспан мен жердің, шындық пен қиянаттың арасында лықсып жүреді. Бұл – шығарманы жазу кезіндегі көңіл күйдің ерекше тебіреністе болғанын дәлелдейді. Кейіпкердің жан-дүниесімен біте қайнасып кеткендіктен де оларға жаны ашып, тіпті, жылаған творчество иелері бар. «Татьяна тұрмысқа шығайын деп жатыр» (Пушкин), «Құдай-ай, Наташа шынымен Бзуховқа тие ме» (Толстой)-деген күйініштермен көп кездескен. Творчество психологиясының ең жұмбақ құбылысы да осы. Өнер адамдарының шығарма жазу үстіндегі ақыл-ой, жан жүйе ерекшелігін көп зерттеген ғалым В.С.Ротенберг «Творчество құбылысын зерттеудегі психофизикалық алғы шарттар» атты еңбегінде: «Творчестводағы әлеуметтік астар алатын және оны тудыратын күштің бірі-адам өміріндегі шектеулер, әсіресе, жүзеге асыруға тыйым салынған моральдық мәселелер. Содан барып, суреткердің ішкі қайшылығы неғұрлым тереңдеген сайын, оның рухани қажеттілігі, әсіресе, махаббатқа деген құштарлығы неғұрлым сәтсіздікке ұшырыған сайын, соғұрлым шығармашылық белсендігі арта түседі. Бұл деректердің шындығына- ұлы адамдардың толысқан шағына тап келген өміріндегі ең жақын адамынан айырылғаннан соңғы шығармашылық ірі дүниелерін жазуы көз жеткізеді. Жаныңа түскен қасіретті, махаббат азабын жеңудің ең сыйымды жолы – творчество» - деп жазды [22, 75 б.]. Дәл осындай тебіреністі булығуда Мұхтар да басынан кешірді. Іштегі құсалы ойы буырқанып сыртқа шықты. Әсіресе Кәмила мен өзін немерелес деген жала жанын түршіктірді. Сондықтан да Сырым мен Қаракөз де, пьесада немерелес болып суреттеледі. Қос ғашықтың қазасына себепкер де сол- туысқандық. Бұл қасіреттің басталуы сол . Зады «Қаракөзді» жазуға итермелеген рухани толғаныстың бірі осы ащы запыран болса керек.
Ал жалпы поэтикалық, лирикалық кейіпкер - Мұхтардың өзі-ақ болсын. Бірақ қандай тарихи оқиғаларды жалпы желіге негіз етті? Ондай сипаттағы өмірлік деректер бар ма еді? Бар және дәлелді. Алайда, шығарманың ішіне үңіліп, талдамас бұрын «Қаркөздің» жазылу тарихынан және оның мақсатынан қысқаша мағлұмат бере кетейік.
«Қаракөз» 1925-1926 жылы, Мұхтардың Ленинградқа жол жүрерінің алдында ғана тәмәмдалды. Шыңғыстың баурайындағы сән-сауық пен серуеннің әсерімен шабыттанған жазушының сөздерінен әсершіл, асқақ шалқу сезімінің лебі еседі.
Ғайса Сармурзиннің естелігі «Қаракөзді» жазу кезіндегі Мұхтардың көңіл күй психолгиясын аңғартады: «Сол жылы Мұхаң «Қаракөз» пьесасын аяқтап, Семейде театр өнеріне тікелей араласып жүрген кезінде менің ол кісімен көбірек жанасуыма тура келген еді. «Қаракөздің» әр актысын бірнеше дана етіп көшіріп, оны алдағы қойылуына басты рольдер атқаратын артистерге беру міндетін Шаймерден екеуміз алғанбыз. Бірнеше күндей кешкі шам жағылысымен Мұхаңның пәтеріне келіп жүрдік. Шаймерденнің почеркі жақсы болғанымен, Мұхтардың араб әрпімен жазылған қиын почеркін мен тез айырамын. «Екі жарты бір бүтін болып», «Қаракөздің» әрбір сөйлеміне, көркем тіліне қызыға отырып, көшіре беретінбіз [19, 117 б.].
Бір демалыс күннің ішінде Мұхаң бізді үйіне қондырып, пьесаны аяқтап шығу жұмысын тапсырды. Екеуміз ұзақ отырып көшіріп, жатқанбыз. Бір мезетте ояна келсем, Мұхаң таң сәріден электр шамын жағып, жазу жазып отыр екен. Иығында қаракөл жағалы, қара түсті күзен ішік. Түсі өте суық. Анда-санда қарсы алдына үлкен ойлы көзімен қадала қарап қалады да шапшаң жаза жөнеледі. Ақ қағаздың үстіне жорғақтаған қарандаштың жерді дүбірлете тайпалып бара жатқанындай естіледі. Ешнәрсеге алаңдауға шамасы жоқ. Сәл дыбыстың өзін де жақтырмайтын сияқты...
Тек үйдің іші күн нұрымен жарық бола бастаған кезде ғана қарындашының ұшын ақырғы жазған сөзінің соңына тық еткізді де, орнынан тұрып, құлашын жая бір керіліп: «Жігіттер. «Қаракөз» тамам болды, уф-уф!»- деп демін бір-ақ алды.
-Мына жазғаным эпилогы еді, оқиыншы, ұнар ма екен сендерге,-деді де, өзінің майда қоңыр үнімен, ырғақты сарынмен оқи бастады:
-Құйыл сөзім, құйыл енді тиылмай,
Таудан аққан тас бұлақтың суындай» деп келіп ...
«Құдретім, қылығыма куә бол!»-деп бір тоқтаған екен [14, 256 б.].
Шәкірт жерлестері пьесаны көшіріп бітісімен, Мұхтар Әуезов пьесаны ойын-сауық үйірмесіне ұсынды. Семейдегі театр сахнасының сол кездегі белсенді сауыққойы Ғалиакбар Төребаев:
«1925 жылдың күзі. Үш сабақтан кейінгі 20 минуттық үлкен үзілісте Мұхтар мені шақырып алып, өзінің «Қаракөз» атты пьеса жазғанын айтты» -дейді [23, 94 б.].
Мейлі, піспеген, толыспаған нұсқасы болса да, Семейде жазған соңғы шығармасы осы «Қаракөз». Қайтып Мұхтар Әуезов Семей топырағында көркем дүние тудырған жоқ. Бұл шын мәніндегі жанына ерекше ыстық қаламен, аяулы адамдармен өнері арқылы қоштасуы болып қалды. Ел азаматы атандырған, тәрбиелеп өсірген қала Мұхтарды алыс сапарға, құтты жолға тосын сыймен шығарып салды. «Қаракөзді» сахнада көріп барып жазушы Ленинградқа аттанды. Сол тілектестердің ішінде кейін Мұхтардың басына қиын-қыстау күн туғанда да достығынан айнымаған : Ахметбек Шикібаев, «Оқыған азаматтың» прототипі-Смағұл Әмзеұлы, тете інісі Ахмет Әуезов бар еді. Соның бірі Ғайса Сармурзин:
-«Енді сол «Қаракөздің» қолжазба күйінде тұңғыш рет қалай қойылғанын айтайын. Семей қаласындағы қаратаяқтарды – қазақ зиялыларын жақсы білетін Мұхтар «Қаракөзде» ойнауға қатынасатындарды өзі іріктеп алған екен. Соларды бері жақтағы (Жаңасемейдегі) Қайым Мұхаметқановтың үйіне жинатып пьесадағы рольдерді әрқайсысының икемі мен даусына, денесі мен кейпіне қарай өзі бөліп берді. Қаракөз рөлін Өжен деген мұғалім, Сырым рөлінде Ахмет Әуезов пен Смағұл Әмзин, Наршаны - Сүлеймен Ержанов (финанс қызметкері) пен Ахметбек Шикібаев, Асан сал рөлінде Дүйсебай Есенжолов деген мүғалім және басқа рөлдерді басқалары ойнайтын болды. Солардың ішінде маған «Жар-жар» айтатын төрт салдың біреуінің рөлі тиген ді.
Репетиция көбінесе Луначарский клубында өтеді. Оған Мұхаңның өзі қатысып, режжисердің қызметін көбінесе өзі атқарады. «Қаракөз» пьесасы Қызылорда қаласындағы тұңғыш қазақ театрының ашылуына байланысты репертуарды қорландыру мақсатымен жарияланған Қазақстан халық коммисариятының бәйгесіне жолданған. «Қаракөз» 1926 жылы бірінші бәйге алды. Үлкен сахнаға шықты, жеке кітап боп жарық көрді.

«Қаракөздің» қиын да, қызықты тағдыры осылай басталды [15, 365 б.].


Зады, Ахмет Байтұрсынов бастатқан қазақ зиялыларының жолын кесу 1926-1927 жылдары басталса-ақ керек. «Аса құпия» белгісі қойылған бір нұсқада 1927 жылы 14 мамыр күні №88 жарлықпен БКП(б) қазақ аймақтық комитеті секретариятының шешімі бойынша баспа жоспарынан Ахмет Байтұрсыновтың «Мәдениет тарихын», Т.Шопанов пен А.Байтұрсыновтың «Оқу хрестоматиясын», М.Әуезовтың «Қазақ әдебиеті тарихы» кітабын алдырып, тастайды және мұны барлық оқу ағарту комиссариаты саласындағы мекемелерге хабарлауды тапсырды. «Әдебиет тарихының» ізі өшіп қалды, қашан қолға тиетіні белгісіз. Табылса рухани ұлы олжа болар еді [24, 116 б.].
Бұл ызғар көп ұзамай Мұхтар Әуезовты да қари бастады. Дос ниеттің орнына дұшпандық қысас жасалды: «Бізде Мұхтардың атағына, ізіне сиынатын, еретін азаматтар әлі де бар. Мұхтар пролетариат тілегіне келтіріп кітап жаза білмейді. Жаза білсе де жазбайды. «Мұхтардан өзіміздің қойшымыз әдемі жазады» дегенде: «Қойшы түгіл Мұхтардың жазғанын мен де жаза алмаймын» - деп ашуланатын «үлкен» азаматтарымызда бар. «Қаракөз» бәйге түгілі, басылғанына таң қалды. «Қаракөзді» мұнан былай еңбекшілердің театрына қоюды доғарып, тараттырмау керек деген шешім қабылдады. Дін құралы, қиялилардың құралы, қазақ еңбекшілерінің әдебиетін бұлғамай, еңбекшілерді байлардың әдебиетіне үгіттеп, үндетпей тез арада тиісті орындар қарап, «Қаракөзді» зерттеп, керекті шарасын қолдансын» («Құс жолы»,№2 1928 жыл Орынбор).
Шындығында да солай болды. Көп ұзамай «Қаракөз» сахнадан алынып тасталды. Бірақ Мұхтар Әуезов өзіне тиісті парызын өтеп еді.
1926 жылы күзде, біз бір шаңырақ астында тұруға шешім қабылдадық. Мен алдағы уақытта күтіп тұрған қиыншылықтардан сақтандыру үшін маған өзнің болашағы туралы Семейдегі бір көріпкелдердің болжауын айтты. Ол көріпкел Мұхтар Омарханұлына белгісіз жазу үлгісіндегі кітап бойынша бал ашқан, әдеттегідей қолдың әжімдеріне қарамаған. «Оның айтуы бойынша мен өте-өте белгілі адам боламын. Үш рет үйленеді екенмін, үшінші әйелім үйленгеннен кейін менің өмірімнен ғайып болады екен. Мен 56 жасымда өледі екенмін, оған дейін үш рет пышақтан жарақат алады екенмін» -деді, Мұхтар Омарханұлы Әуезов [15, 368 б.].
Жаңғырмайтын жан сарайы, жазылмайтын жан жарасы да көмескіленіп, ұмытыла бастайтын мезеттер де кездеседі. «Қаракөздің алғашқы нұсқасы мүлдем өзгеріп, сарыны әуенге ауысса да, алыстан естілген сыбызғының сызылған үні созылып жеткендей әсер қалдырады.
Егер де, «Қаракөздің» екінші нұсқасында шығарманың алғашқы реңін әлсіреткен, «сал-серілердің, бұлаң жігіт, кер марал ерке тотылардың» аяқ астынан әнін де, сәнін де ұмытып, зарлай жөнелудің мәнісі ашылмай қалатындай көмескі қалған көркемдік себеп болса – ол осы туыстық қарым-қатынас. Мұхтар Әуезов екінші нұсқадағы алғы сөзінде: «Шығарманың ерте күндегі қателіктерін жойып, жаңғырған жаңа вариантын алдарыңызға ұсынамын»,- дегендегі қателіктің үлкені, серілер сахнасы, прологы болса, екінші немере адамдардың ғашықтығы еді. Кейінгі нұсқада Сырым мен Қаракөздің арасы «алты атаға» шегеріледі. Бұл орайда кінаны жазушыға артудың еш қисыны жоқ. Ол өзгертулер, 1932 жылы 10 шілдедегі «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланған ашық хатында: «Менің өткендегі жазушылық қызметімнің айқын белгілері «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» сияқтылар еді. Бұлар бүгінгі төңкеріс дәуірінен алынған тақырып бойынша төңкеріс тематикасын әдейі аулаққа жайылып кеткендікті және ұлтшыл жазушылардың табына кеткендікті білдіретін нәрселер» -деген сөзінен соң жасалды [12, 40 б.].
Тұрпайы социологиялық сын-махаббаттың өзінен таптық астар іздеп, көркем өнердің шарттары мен заңдылықтарын назардан тыс қалдырған кезеңде, тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл ел көлеміндегі өнер иелері сыртқа қақпайланды. Өзгені былай қойғанда, махаббат мәселесінің өзіне өшпенділікпен қарап, Қаракөз бен Сырымды жазаға тартуға шақырды. Екеуінің ғашықтығы қылмысқа саналды. «Еңлік-Кебектен» артықшылығы болмаған Қаракөз бен Сырымды екі ру бірігіп неге ат құйрығына таңбайды. Оның үстіне Сырым мен Қаракөз қазақ елінің тарихында болмаған істерді істеді, бір әкенің балалары. Бір-біріне ғашық болып, жігітшілік жөнінде масқара болып отыр. Ол күндердегідей елге мұнан артық өлім бар ма, бұл екеуін ат құйрығына тағуға ол күндегі қандай ру қарсы болды?.. Тіпті қазір де заңда жол бермейді ғой. Қаракөзді оң жаққа тастап кетіп неге екі ел болып сөзге келмейді... Мұндай оқиға сол күндегі қазақ дәстүріне ешбір уақытта болған жоқ. Ол күндегі ру заңына сырт болуы мүмкін емес- деген өз зерттеулерінде Тұрсын Жұртбай [14, 261 б.].
Жазылу, үкім кесу тұрғысынан алғанда ҚазАПП сыншысы Кеңгірбайдан да, Көкенайдан да, Еспенбеттен де асып түсті. Мұхтарға деген жеккөрініш оның шығармасындағы бас бостандығы үшін күрескен қыздың тағдырына ауысып кетті. «...Қаракөз сияқты бұзылып барған әйелді «ит көзі түтін танымайды» қылып ит қорлықпен жер-ошақ басында өлтірмей ме, жазушы Қаракөзді бұлай етіп көрсетпейді, қайта Қаракөз барған жеріне айыбының үстіне үстем болады»-деп те ақыл береді.
Сонда, «Әйел теңдігі», «қалың мал жойылсын» деп ұран тастаған «кедейшілердің» бұл үкімін қалай түсіну керек? «Таяғым тисе басқа, тимесе-тасқа»- дегеннің кері бұл. Көздегені-Қаракөз емес, Мұхтар. Реалистік өнер заңдылығы ол оғаштықтардың орнын толтырды, тиісті бағасын берді. Бірақ та Мұхтар Әуезов кейбір шығармаларындағы әуелгі авторлық позициясы мен тұспалына қайта оралып, орнына қоюға үлгере алмады.
Бұл енді жазушы мен шығарма арасындағы байланысты реттеудегі тағдырдың рақымсыздығына жатады. «Қаракөздегі» оқиға желісі өрбитін негізгі ұйтқы анықталды. Басты себеп – немерелес уыз жастардың туысқандық шекарадан аттап өтіп, ағайындықтан ашықтыққа, асықтыққа жетелеуі. Көркем шығарманың өмірлік дерегін, демек, осы «немерелес ғашықтардың» айналасынан іздейміз. Ондай оқиғалар ілгірінді-кейінді дәуірлерде, алыста емес, сол Абай ауылында, ол ұлы ақынның көзі тірісінде өткен өзі де араласқан жайлар. Бір емес бірнеше оқиғаның басын құрайды. Кейіпкерді көркем кестелеудің тәжірибесі мол. Соның бір саласы: «Ең керекті, қисынды оқиғалармен типтік жайларды тырнақтап жиып, солардың басын қосып, көркем қиалдың еркіне беру қажет. Жинай жүріп өзіңмен салыстырасың, өз бойыңнан не қарақшының, не қиялшылдың, не қызғаншақ әйел, сайқал мен сарамастың мінезін іздейсің»-деп А.Н.Толстой айтқан жол. Мұхтар да «Қаракөзді» жазғанда сол тәсілді қолданған. Мұнда өмірдегі төрт түрлі оқиғаның өзегі жымдаса өрілген деп зерттеді өз зерттеуінде Тұрсын Жұртбай [22, 34 б.].
Сонда Сырым кім, Қаракөз кім?
Жалпы жауабын табуға болады. Сол үшін де әңгіме қозғалып отыр. Бұл ретте, мына жайды оқырманға құлақ қағыс етеміз. өзге жұрттардағы әдебиет тану ғылымы шығармашылық психологияның құрылысы оның жазушы өміріндегі орны, прототиптердің аты-жөні, тарихы, қайсысының қандай «үлесі бар», тұрған үйі, отырған орындығы, тығылғын үңгірі, қыдырған бағы қайсысы? Қай прототип қандай дәрежеде көркем бейнеге айналған, әр сөздің астарындағы емеурін арқылы кімді, нені меңзеп отыр, бәрі-бәрін қамтыған зерттеулер көп.
Сонау жиырмасыншы жылдары 29 жасар Мұхтар Әуезовтың жүрегін тербетіп, сағынған елді көз алдына елестетіп отырып, дүние жүзі әдебиетінің асыл жиһаздарымен таныса жүріп жазған «Қаракөз» трагедиясының дүниеге келу тарихы да Грибоедовтың «Ақылдың азабы» комедиясы сияқты тарам-тарам тарауға бастайды. Тек айырмасы қазақ әдебиет танушыларының арсында «Қаракөздің» қандай оқиғадан өзек етіп алғаны, қандай тарихи деректерді пайдаланғаны, трагедияның желісіне негіз болған адамдардың өмірі туралы нақты ізденістер мен пікір, болжамдар әзірше өріс алған жоқ.
«Қаракөз» трагедиясының прототиптерін іздестіру барысында бір қызықты ұқсасатыққа кезіктік. «Ақылдың азабы» сияқты терең тамырлы қаһарманы Чацкийдің бір өзіне төрт адамның бейнесін біріктіргендей. «Қаракөздің» де өмірде болған төрт оқиғаның негізінде жазылғанына көз жеткіздім. Олар кімдер? Қай заманда өмір сүрген «Қаракөз» трагедиясында сол оқиғалар қалай тұжырымдалып, жинақы бейнеге ұқсап, бір шығармаға біріктірілген. Мұхтар Әуезов сол оқиғамен қалай танысты? [25, 67 б.]
Қарт Шыңғысты мекендеген адамдардың тағдыры Мұхтар шығармашылығында ерекше дара, оқшау орын алады. Американ жұрты Нобель сыйлығының лауреаты Ульям Фолькирді Миссисипи штатының «меншікті қаламгері» десе, Мұхтардың да «Шыңғыстаудың жыршысы» деп аталуға толық хақысы бар.
«Қаракөз» трагедиясы да сол өңірдегі, оның ішінде ұлы жазушының өзі араласып өскен Абай ауылы төңірегіндегі оқиғалардың негізінде өрбіген. Трагедиялық тағдырдың себеп-сырын жеткіншек жасынан жүрегіне тоқыған Мұхтар Құнанбайдың Айғыздан туған офицер ұл, Абайдың тетелес інісі Халиолла Өскенбаевтың сондай-ақ, сол Құнанбайдың Күнкеден туған немересі, сал-сері Әміре Құдайбердиевтің, Шаған өзенінің сағасындағы Ғалия мен Ниязбек атты ғашықтардың және «..Жазушының өзі басынан кешіп, куәгер болға

н бір уақиғаны «Қаракөзді» жазу кезінде пайдаланған. Зейін қойып, назар аударған жанға қай көріністің қай оқиғаға қатысты екендігі оңай аңғарылады. Пьесаның алғаш нұсқасында Қаракөз бен Сырымның немерелестігін тағы да еске саламыз. Оны баса көрсетудегі мақсатымыз талдау барысында анықталады [22, 135 б.].


Бірінші прототип:
Өткен ғасырдың екінші жартысында аға сұлтан Құнанбай өзінің ұлы Халиолланы орысша мектепке береді. Ол 1859-1867 жылдары Омбыдағы Кадет корпусында, кейін 1867-1868 жылдары Мәскеудегі III Александр атындағы әскери училищеде оқып, офицер шенін алды. Халиолла Шоқан Уалихановпен таныс, өйткені оның інісі екеуі бірге оқыған. Және Уалихан мен Құнанбай да өзара жақын қарым-қатынаста болған. Халиолла демалыс кезінде Шыңғысқа бара жатып Семейдегі Тінібайдың немере қызы Айғанымды ұнатып көңіл қосады. Тінібайдың екінші ұлы Меңдібайдың әйелі Құнанбайдың қарындасы, Халиолланың әпкесі. Бірақ Айғаным Меңдібайдың басқа әйелінен туады. Яғни қандық жақындығы жоқ. Біз тарихи мәліметтерді толығырақ беру үшін екінші бір жорамалды да ұсынамыз. Онда-Құнанбайдың кенже қарындасы Тінібайдың өзі тоқалдыққа алған Халиолла бәйбішесінен туған қызға ғашық болады. Шариғат жолы бойынша Тінібай да, Құнабай да Халиоллаға қарсы болған делінеді. Қалай болған күнде де бір шындық анық. Ол-Халиолланың әпкесі Мәкіш Тінібайдың үйінің босағасын аттаған. Халиолла - сол Мәкішті тоқалдыққа алған адамның бәйбішесінің қызына ғашық болады деп көрсетілген Т.Жұртбай зерттеулерінде [14, 154 б.].
Екінші прототип:
...Ол - Сарыарқаны әнге бөлеген күміс көмей сал Біржанның серігі, кезінде серілік құрып, қызылды-жасылды киініп, астындағы сәйгүліктерінің жал-құйрығына түрлі-түсті шүберек тағып, сән-сауықтың дауы болған Әмір Құдайбердиев. Бұл да Халиолланың інісі. Шәкәрім ақынның туған ағасы. Құнанбай үлкен бәйбішесі Күнкеден туған жалғыз ұлы Құдайбердінің баласы. Әмір жеті жасында жетім қалып, үлкен үйдің еркесі атанып өседі. Өзі өткір, өжет, өнерлі екен. Бозбала шағында ән айтып, 30-40 жас шамасында арқаны әсем әуенге бөлеп, ел-жұртты аралаған. Оның салдық өнеріне Құнанбай наразылық білдіріп, қатты азапқа салып, арбаның артына таңып тастаған. Сонда да өткір тілімен Құнанбайды түйреп, алған бетінен қайтпаған. Әмірдің салдық өнері, Үмітей қызбен арадағы мейірімге толы қимас махаббаты, «Абай жолы» эпопеясының «Жайлауда», «Оқапта» атты тарауларында тамылжыта суреттелген [9, 397 б.]. Сондағы бөлімде Әмір мен Үмітейдің ғашықтық сыры кең толғанып, мұңлы сырға ұласады. Бұл оқшау үзіктегі оқиға «Қаракөздің» сюжетімен сабақтас. Әсіресе, екі ғашықтың оңашада табысып, мұң-шерін ағытып тұрған жеріндегі қыз күйеуінің ұстап алуы, сонда екеуінің бір-бірінен ажырамауы, тіпті кейбір сөйлемдер мен диологтарға дейін өте ұқсас. әрине екі шығармада айырмашылықтар да бар. Ол проза мен драматургия сияқты әдебиеттің екі ұдай жанрының ішкі заңдылықтарынан туындаған өзгерістер [14, 155 б.].
Романда да, драмада да, Әмір мен Үмітей, Сырым мен Қаракөз аталас. Туыстығы жеті атадан барып тоғысады. Екеу де бір ауылдан. Қос шығармада да қыздың ұзатылуы сәтті суреттеледі. Адал да арманды сүйіктісін қимаған Үмітей Әмірге өз ойын еркін жеткізеді.
- «Мені өзің ұзат, қасымда бол», - деп зар тілегін білдірсе, трагедияда Қаракөз Сырымға:
- «Сен мені ертең ұзатқан жерге келесің. Тіпті мені барар жеріме де апарып саларсың. Әйтпесе бір емес, екі өлгенім... Мені апарып салмасаң, көзімнің жасын кім тияр?» деп берілген «Қаракөз» пьесасында [27, 431 б.].
Сырт көзге «Қаракөздің» оқиғасы түгелденген тәрізді. Негізгі оқиға іс-әрекет, тартыс-бәрі де Халиолла мен Әмірдің өмірінен өріліп біткен тәрізді. Бірақ Шыңғыс өңіріндегі өмір сүрген тағы бір қос мұңлықтың – Ниязбек пен Ғалияның қайғылы қасіретті хикаясы еріксіз назар аударады. Тоғжан ару ұзатылып барған Шаған өзенінің бойында өскен екі жас бір-бірінен қосыла алмай, арманда өтеді. Ғалия құсаланып, дертке ұшырайды. Әке-шешесі оңаша үйге қамап қойып, ұшықтауға кіріседі. Бақсы балгердің дауасыз емі арманды аруды есінен тандырып, шерменді халге түсіреді. Шағанның тоғайын аралап, біресе сақ-сақ күліп, біресе жылап, бұтадан қорқып, шошымалы ауруға ұшырайды. Екі сөзінің бірінде: «Тоғай! Қалың тоғай! Ниязбек!»-деп қайталаудан танбайды. Сол бейшаралық күйден қалпына келе алмай, далада адасып өліпті.
Бұл оқиғаны Семей облысының Абай ауданына қарасты Шаған селосының тұрғыны Мұқан Асқаров айтып берді.
Оқиға төңкеріс кезінде болыпты. Мұхтар Әуезов жас кезінде Шаған өзенінің жағасына талай ат басын тіреген. «Оқыған азамат», «Қыр әңгімелері», «Қаралы сұлу» әңгімелерінің прототиптерінің мекені бұл. Сорлы Ғалияның қасіретін естігенде, қаламгердің жүрегін тебіренткен. Әсіресе трагедияның соңғы көрінісіндегі Қаракөздің шошынуы, тоғайды жиі-жиі айтуы, сандырақтаулары Ғалияның мүшкіл халын көзге елестетеді. Ой иірімі, сөз толғамы, суреттеудің дәлдігі Мұхтар Әуезовтің бұл оқиғаны да өзінше пайдаланғандығын меңзейді. Осының барлығы Қаракөз-типтік бейне деген ұғымға саяды. Әуезов мол материалдарды кең толғап, қиыннан қиыстырып, ұштастыра қолданған [28, 244 б.].
«1927 жылы маусым айында біз осы тұңғыш пәтерімізге тіркелдік, бірақ та мен ата-анамның қолында тұра бердім де, Мұхтар Омарханұлы жаз бойы елде болды. 1927 жылы 4 қыркүйекте Мұхтар Омарханұлының 5 күні Ленинградта болатын турылы Мәскеуден соққан жеделхат келді. Оны «өзіміздің бөлмеде» қарсы алу үшін таңертең сонда бардам, жолай Мальцев базарына соғып табақ пен май және тағы бірдеңелерді сатып алдым-бұл біздің үйдің алғашқы бұйымдары еді... Содан кейін, әуелі 1927 жылы 31 желтоқсанда дүние келген тұңғышымыз - Елдосты күтумен, кейін оны мәпелеумен күн кештік» - дейді Ленинградтағы күндер жайлы Валентина Николаевна өзінің еске алуында деп берді Қабдолов өз зерттеулерінде [29, 256 б.].
Кәдімгі үй-ішінің тіршілігі. Бірақ та Мұхтар үшін сондай шабытты шақ еді. Себебі «Қилы заман», «Қараш-қараш», «Хан Кене» осы кезде, айналасы алты айдың ішінде жазылған. Смағұл Садуақасоқа дәл осы кезде өзі туралы: «27-28 жылы «Сұғанақ сұр» деген повесть жазып едім, баспаға шықпады. 27-жылдың күзінен бері «Қараш-қараш» деген повесть жазып, «Жаңа мектепке» жібердім. Аяғына жақында «Қилы заман» деген бір ұзақ әңгіме жазып, Госиздатқа жібердім. Ірі жазғандарым осы» деп мағлұмат беріпті [20, 85 б.].
Міне бұл тараушада «Қаракөздің» жазылу тарихынан мағлұмат берілді. Жазушы өмірімен қаншалықты байланысты екендігі туралы, негізгі прототиптері жайлы, көркемдік шындықтың автор идеясына қаншалықты байланысты екендігі ашылды деген ойдамын.



    1. «Хан Кене» трагедиясының тағдыры және әдеби сында бағалануы

Елінің еркіндік жолындағы қаһармандық күресін жырлаған шығармасы үшін М.Әуезовтің көп қуғын көріп, ауыр жапа шеккенін баян ететін бір мысал – “Хан Кене” трагедиясының тарихы.
М.Әуезов бұл шығармасын 1928 жылы жазған. Көп уақытқа шейін театр сахнасына шығаруға жолдама берілмей, алты жылдан кейін ғана қазақтың республикалық мемлекеттік театрының сахнасында бірінші рет қойылған. Трагедияның алғашқы сахналық көрінісіне байланысты баспасөз бетінде қилы-қилы және бір-біріне қарама-қайшы, әсіресе, авторды жазғыруы басым пікірлер көп айтылған. Осыларға байланысты трагедияны сахнада көрсетуге уақытша тиым салынған. Баспасөз жүзінде “Хан Кене” жарты ғасырдан аса уақыт бойы жарық көрмей, жабулы қазан астында жатты да, 1983 жылы ғана басылып шықты. М.Әуезов түрмеден шыққан соң да қуғындау жалғаса берді. 1933 жылы Абай шығармаларын жинап баспаға ұсынды [30, 176 б.].
Жинаққа «Абайдың туысы мен өмірі» деген еңбегін қосқан болатын. Жазушы бұл еңбегі үшін де «идеалист», «байшыл» деп айыпталды. 1933 жылы 11 қыркүйекте ОГПУ-дың Қазақстандағы құпия-саяси бөлімі «аса құпия» деген белгімен Қазақ Өлкелік БК(б)П-не, Л.Мирзоянға жолдаған Қазақстан әдебиет майданындағы күрестің қысқаша тарихын «Баяндау хатта» «ашық түрдегі алашордашы және олармен тығыз қарым-қатынас жасаушыларға алдымен Алашордашының көрнекті өкілі Әлімхан Ермеков ... Өз идеясынан бас тартпай келе жатқан, Алашордашының көсемдерінің бірі Мұхтар Әуезов» -деп қазақтың екі зиялысының есімін ерекше атап, олардың қызметі мен шығармашылығына тоқталды [31, 131 б.].
1934 жылы республиканың драма театрында қойылған «Хан Кене» трагедиясы М.Әуезовтың бүкіл өмірі бойындағы айыптау мен сынауға арқау болды. Жазушының 1951 жылдың 20 сәуірінде Қазақстан кеңес жазушылары одағы жанындағы партия ұйымының ашық жиналысында сөйлеген сөзінде: «Мен 1928 жылы «Хан Кене» пьесасын жазған едім. Бұл шығармада автордың ұлтшылдық дәріптеу бағыты айқын көрініп еді. Алғашқыда бұл пьеса театр сахнысында да қойылмады, басылып та шыққан жоқ, тек қолжазба күйінде ғана қалды.
Бес жыл уақыт өткен соң, 1932 жылы театр қызметкерлерінің пьесаға біраз түзетулер жасап бер деген сөзін ескере отырып, мен пьесамды едәуір өңдедім. 1934 жылы пьесаның премьерасы қойылды да, репертуардан алынып қалды. Өйткені, пьеса саяси мазмұны жағынан қате, кеңес жұртшылығына керексіз болды.
Сол кезде менің пьесам туралы да, Кенесарының өзі жөнінен де дұрыс пікір айтқан Мүсірепов жолдас болды. Ол қазақ еңбекшілерінің патша өкіметіне қарсы күрескен Кенесары қозғалысынан емес, 1916 жылғы оқиғалардан іздеу керек дегенді айтты, ал, Кенесарыны халықтың қас жауы , кертартпа хан деп атады. Осыдан кейін мен бұл пьесаға қайтып оралған жоқпын» -деді [31, 57 б.].
«Хан Кене» пьесасы сахнада қойылысымен ағарту, мәдениет істерін басқаратын партиялық органдар арнайы кеңес шақырып, пьесаны талдады. «Хан Кене» пьесасы туралы «Ұлтшыл» деген үкім шығарып, пьеса театр репертуарынан алынады. Партияның үгіт-насихат бөлімі баспасөз басқармаларына арнайы тапсырма беріп, «Хан Кене» мен оның авторына қатысты партия пікірін кеңес жұртшылығының алдына жайып салу, сөйтіп қоғамдық пікір қалыптастыру мақсатын іске асыруға кірісті
Ғ.Мүсіріпов «Социалистік Қазақстан» газетінің 1934 жылғы 24-25 маусымдағы сандарында жарияланған мақаласында «Хан Кене» пьесасы ұлтшылдықты үгіттейді, көрші отырған екі республиканың еңбекшілері арасында советтік туысқандық - Сталиндік достық сезімге араздық пен сенімсіздіктің шоғын тастайды деп бағалады. Мүсірепов мақаласында қырғыз халқына жасаған Кенесары жорығының реакцияшыл екндігі туралы да мәселе көтерілді [31, 134 б.].
1934 жылғы «Социалды Қазақстан» газетінің №133 санында С.Сейфуллиннің «Хан Кене туралы» пікір алысу ретіндегі мақаласын жариялады. С.Сейфуллин «Айман-Шолпан», «Хан Кене» туралы айта келіп: «...
Бұл екі нәрсе қазақтың ескі әдебиетінде белгілі әңгіме, жырлар екенін жұрт біледі. Әсіресе, «Хан Кене» қазақ тарихының белгілі бір дәуірімен байланысты нәрсе...» - деп нүкте қойып кеткен [32, 29 б.]. Бұдан мақала авторының Хан Кене туралы ой-пікірін толып баяндап жеткізуге партиялық өктем саясат мүмкіндік бермей тұрғанын көрсетсе керек. Олай дейтініміз С.Сейфуллинннің өзі де осы мақала жарияланардан сәл ілгеріректе «Азия» (Европаға), «Пионерлерге», «Көкше қасиеттері» және басқа да қазақ халқының хандарын, батырларын және басқа жақсы игілерін жырлаған шығармалары үшін «Сейфуллиншілдікке» айыпталған болатын [33, 115 б.]. Мақала партиялық тапсырмамен жазылғанмен автор «жазушы өзінің жазуына нені тақырып қылып алса да ықтияр өзінікі» деген пікірімен шығармашылық жұмыстарға партиялық өктемдік пен қысымға қарсылыған сездірді. «Толық тарихы жазылмаған Қазақ ССР республикасына тарихи кітаптар қажет нәрселердің бірі. Тарихи әңгімелерді қолға алуы Мұхтардың дұрыс қызмет қылғандығы деп білеміз. «Хан Кене» дұрыс көрсетілмегенімен тарихымыздың белгілі бір дәуірінің мәселелерін көтеріп отыр, сонысының өзі пайдалы» [32, 30 б.] деп тарихи шығармаларға партиялық саясат пен идеология аясынан аса алмай біржақты баға берушілерге қарсы өз пікірін білдірді. С.Сейфулиннің салмақты жазылған мақаласында Қазақ тарихы үшін деректік мәні зор ақпараттар басым екенін де айта кеткен орынды. Мақаладан бірнеше мысалдар келтірейік. Біріншіден, автор «Хан Кене» пьесасының қойылуын, көрермендердің Кенесары, Наурызбай, Бопай сахнаға шыққанда ерекше қол соғып қошаметпен қарсы алуын немесе отызыншы жылдардың аласапыранынан әбден күйзелген халықтың көкіректегі өксігі көз жасы болып келіп қалғанын да жасырмай жазған. Қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күрескер батырлардың әр қимылына залдағылар сүйсіне қол соғуын көркем сөз арқылы әсерлі жеткізген. Ұлттың тарихи тамырларын, елдік пен батырлықты баяндайтын, ұлттың рухын көтеретін пьеса, 1931-1932 жылдардағы алапат аштық пен асыра сілтеуден әбден қалжыраған халықты бір серпілтіп тастағаны байқалады. Екіншіден, қазақ мәдениетінің тарихы үшін аса қажет алғашқы театр қойылымдары, әртістер шеберлігі, киім үлгілері туралы да мәліметтер бар. Үшіншіден, С.Сейфуллин Кенесары қозғалысына қатысты ел аузында сақталған, қариялардан естіген тарихи деректер келтірген. Ақмола өңірінің азаматтары ретінде бұрынғы Ақмолы, қазіргі Қазақстан астанасы орналасқан қалаға қатысты да маңызды деректер келтіреді. Мақалада: «... осы күнгі Қарағанды облысына қараған жерлерде сол заманда патша әскерлері салған Ақтау қаласын шапқан. Ақтау қаласының қазір орны жатыр, тас қорғаны тастан салынған үйлері, қазған терең орлары әлі де бар. Патша заманында салынған Ақмола облысының картасында сол Ақтау қаласының орны «бұрынғы әскер бекінісі» деп жазылған еді. Сонан соң қала бұрынғы орнынан көшіп 25 шақырымдай жерге барып қайтадан қала салып бекінген Ақмоланың қазіргі орны сол екінші орны. Бұл екінші орынға орнаған Ақмолаға тағы да шабуыл жасап, қаланың ішінде соғыс болғаны жайлы мәліметті архив зерттеулерінен көруге болады [34, 20 б.].
Кеңес өкіметін орнатуға бар күш-жігерін жұмсаған С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық шығармасында алаш зиялыларын, сын мақалаларында Мағжан Жұмабаев, Нәзір Төреқұловты батыл сынаса, XX ғасырдың отызыншы жылдырында әміршіл-әкімшіл жүйе зобалаңын «Қызыл ат» және «Біздің тұрмыс» шығармаларында дәл ашып көрсетті. Аталған шығармаларды оқып отырып автордың жаңа жүйеге деген көзқарасының өзгергенін зерделеуге болады. Жоғарыдағы «Хан Кенеге» арналған мақаласында да М.Әуезовке айтар сынын көркемдеп былай жеткізген: «Ұлтшылдықты жасыл түске мысал қылып, социалды шындықты қызыл түске мысал қылсақ, «Хан Кене» пьесасы үлкен жасыл жайманың әр жеріне қызыл, қызыл болғанда қошқыл қызыл жамаулар жамаған сияқты болып шыққан. Және жасыл жайма құлпырған асыл жібек сияқты болып шыққан. Театрға келген жұрттың көбі әлгі қошқыл қызыл жамауларға көңіл тоқтатпайды. Көңілін жасыл жайманың көлеміне тоқтатады» [31, 134 б.].
«Хан Кенеге» арналған сын «Социалды Қазақстан» газетінің 1934 жылғы №135 жарияланған Ілияс Жансүгірұлының «Қата қайда?» мақаласында айтылды. Мақалада: « «Хан Кене» Мұхтардың бізге келгенше жазылған пьесесі. Мұхтар бұл пьесесінде де бұрынғы пьеселері «Еңлік-Кебек», «Каракөздердің» сарынымен қазақ елінің ескілігін арман қып, ескі хандардың жұрнағы «елім» деген ұлдарын, Кене хандардың өлімін, қаһармандығын мұраттаған, жоқтаған пьесесі... Пьесені түзету туралы менің айтарым:-пьесенің бұрынғы желісі, бұрынғы идеясы өзгермей түзелмейді. Мұны Мұхтар «жаңа пьесе жазу деп ұғатын көрінеді. Әрине жаңа болып көрінуі керек... Сондықтан театр «Хан Кенені» түзеймін дегенде бұрынғы пьесенің құрылысын құрбан қылып, «Хан Кенені» қайтадан жазу керек» [35, 33 б.]. Қ.Жармағанбетов 1951 жылы 20 сәуірінде Қазақстан кеңес жазушылары одағы жанындағы партия ұйымының Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыс пен оның жеке тұлғасына қатысты мәселені талқылауға арналған партия жиналысында жасаған баяндамасында: «1934 жылы осы пьесаның драма театрында қойылуымен байланысты республикалық газеттерде әртүрлі түсініктегі әртүрлі авторлардың мақалалары жарияланды» - деу себебі осыдан [31, 63 б.].
М.Әуезовтың қолжазба мұрасында «Хан Кене» пьесасының қазақ , орыс тілдерінде әртүрлі нұсқалары сақталған. Баспаға автордың өз қолымен емле қателерін түзеткен, сызып, қосып, жеке сөздерге, сөйлемдерге өзгерістер енгізіп, латын әрпімен басқан. «Хан Кене» театрда қойылуына байланысты баспасөз пікірлерінде тек біріңғай пьеса тексті емес, негізінен спектакль кемшіліктері – режиссура шешімі, сахналық қосымшалар кеңірек сөз болғаны жоғарыда редколлегия алғы сөзінде де айтылған. Драмматург сол пікірлерді ескеріп, 1934 жылы пьесаның қайта қаралған соңғы нұсқасында бір кезде сын айтылған диуана кемпір, қобыз сарыны, орынсыз ән-жырлар, Кене, Наурызбай т.б. өлтірулі желілерінің, режиссер жамауларының бәрін де өз қолымен алып тастаған, әдеби өзгерістер енгізген [36, 27 б.].
Жазушының жиырма томдық шығармалар жинағын дайындау барысында «Хан Кене» қолжазбасы бойынша біздің тарапымыздан да біраз тексталогиялық жұмыстар жүргізілді. Текст, қазіргі емле ережесіне сай түзетіліп, кеткен қателерді жөндеді. Оқиғалар желісі бұзылмағанымен жеке көріністерді реттеуде сандардың кейде қайталанатын, кейде аттап кететін тұстары кездесетін. Баспаға ұсынғанда прологтағы бірінші, екінші, үшінші көрініс деп салалау сол күйінде қалдырылады да, ал перделер бойындағы рет сандар қысқартылып, бірінғай көрініс деп алынады деген екен өз зерттеулерінде Қ. Мұхаметқанов [37, 79 б.].
№75 папкеде («Хан Кене» пьеса, 1928 жыл) пьесаның араб әрпімен жазылған алғашқы нұсқасы, ал №76 папкесінде оның жолма-жол аудармасы сақталған. Осы екі текстке қатысатын кейбір адамдар, жарлы-жақыбайлар, кейіпкерлер жас шамасын айқындайтын автор жазбалары, біраз көріністер, диалаг-монологтар, соңғы 6-пердеде баспаға ұсынылып отырған кейінгі нұсқада біржолата қысқартылған. Ең алғаш «Хан Кене» пьесасы 1934 жылдың бас кезінде театрда бір рет қойылып, тоқтатылған тұста әр-түрлі сын-пікірлерге орай драматургтің қайта қараған ең соңғы жаңа редакциясы деп танылды [34, 20 б.].
1934 жылы сахнаға шығып зор табыспен қойылып жатқан «Айман-Шолпан» комедиясы да көп ұзамай сынға ұшырады. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1939 жылғы №47 санында жарияланған С.Мұқановтың «Халық қазынасын дұрыс пайдаланайық» деген мақаласында «Айман-Шолпан» поэмасының идеялық мазмұны – тап тартысы екендігін М.Әуезов дұрыс ашып көрсетпеді. Көтібар, Арыстан, Айманды сықық бейнелі типтерге айналдырып жіберді деген пікір білдірді. Аталған мақалада: «Бұл қателігі үшін Мұхтарға екі себеппен қатты айтуға болады: бірінші- Мұхтар сауатты, әдебиет заңын, әсіресе драматургия заңын жақсы білетін адам: екінші- Мұхтардың бұл пьесасы, тарихи және саяси зор мәні бар бір документтен кейін жазылды, ол - Орталық Комитеттің тілі - «Правда» газетінің 1936 жылғы «Батырлар» деген пьесасы туралы мақаласы. «Правда» - «Батырлар» пьесасын сынағанда, сахнадан алдыртып тастағанда, «тарихты, халық әдебиетін, халық сүйген образарды теріс бұрды» деген саяси айыптармен алдырды. Осы сигналды Мұхтардың ескерерлік жолы бар-ақ еді. Мұхтар бұл документті көре тұра ескермеді. «Батырлар» пьесасындағы залалды пікірді сол күйінде қайталады» деп кіналаған [37, 79 б.].
М.Әуезовтың жоғарыдағы сын мақалаға жауабы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1939 жылғы №49 санында жарияланды. «Жақсы сынға жан пида» атты жауап мақалада: « «Жүз жыл бойы халық сүйген Көтібар» деп өзеурейді жолдас Мұқанов, бұл араға келгенде сізге қатты айтуға келеді. Бір шығарманың ішінде әрі зорлық істеп жылатушыны бірдей сүйген ел көрдің бе? Оқушы көрдің бе? Әдейі жалған айтпаса, қатар қостаған сыншы көрдің бе?
Халық Көтібарды феодалдық, реакциялық мінездің адамы етіп, жүз жыл бойы мысқыл етіп, күлкі етіп көрсетеді. «Өтпес жарлық – бойға қорлық»... «Айман-Шолпан» деп ат қоюы да сол қыздардың феодал зорлығы заманында шеккен азабы қандай еді дегенді білдіргені ... Қара шоқпар, зорлықшыл, озбыр Көтібар болды.
Ендеше мұраның да мұрасы бар. Жақсы көріп алуға тұрары бар да, тұрмасы бар, сен мұра деген осы екен деп Көтібардың қара шоқпарына ғана жабысып, соны ғана сіресіп, құшақтап қаласың. Ақбөкен екен деп қарды атқан аңғал мерген боп қаласың. «Батырлар» сынын көре-біле тұра автор сондағы зиянды пікірді әдейі қайталап отыр» демексің.
«Сынай көрме» деп сенің қаламыңа ешкім жармаспайды. Бірақ айтпағыңды дәлелдеп, таратып алып, объективті келіп қорытсаң болмай ма?... Ал мына сының құр «тас-талқан қылды» дегеннен басқа нені айтты?... «Батырлар мен либретто екеуі бір жерге қосылмайды. Және ананың қатесін көріп, соны барып қайталайды демек- мәдениетті сын емес, ол сын пікірі емес, сыннан да, әдебиеттен де сырт жатқан, оларға жанасы жоқ «пікірше». Автор идеясын сөз де қылмай, ұғынбай да, ұғынғысы да келмей құр белден шалып, «арсалаң да күрселең» деп аптығып келіп, жалған қорытындыға ұмтылу керегі сын емес «жаптым жала, жақтым күйе» болғаны», -деп қорытады Мұхтар Әуезов [37, 78 б.].
Коммунистік партия әміршіл-әкімшіл жүйені қалыптастыру кезеңінде қазақ зиялыларын бір-біріне қарсы қою арқылы қазақ халқының рухани санасын партия саясатымен улау, халықтың ақыл-ойын, есінен адастыру саясатын жүзеге асырды. Әміршіл-әкімшіл жүйе толық орнағаннан кейін де, коммунистік партия саяси жүйені сақтап қалу үшін партиялық мерзімді басылымдарды партияның үгітшісі әрі ұйымдастырушысы, бұқара халықты коммунистік рухта тәрбиелеуші саяси құрал ретінде пайдалана берді. БК(б)П Орталық Коммитетінің «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы 1946 жылғы 14 тамыздағы, «Драма театрларының репертуары және оны жақсарту шаралары туралы» 1946 жылдың 27 тамызында қаулы қабылданды. Қаулыда «Әдебиет және Исскуство» журналы мен «Қазақстан» альманағының идеялық көркемдік жағынан үлкен кемшіліктері бар екені көрсетілді. Аталған кемшіліктерді жоюға арналған Алматы қаласы әдебиетшілері мен көркем өнер қызметкерлерінің жиналысы өткізілді. Осы мәселе жөнінде арнайы қаулы қабылданды. Жиналыстың қаулысында «Әдебиет және Искусство» журналы мен «Қазақстан» альманағында жарияланған Ш.Хұсаиновтың «Сөнбес шырақ», Ғ.Мүсіреповтың «Ер Қаптағай», С.Мұқановтың «Біздің заманның батырлары» романының үзінділері, ақындар Қ.Шаңғытбаевтың, Ж.Тілековтың, В.Копытинның, А.Мухареваның өлеңдері идея мен көркемдік жағынан төмен шығармалар деп атап көрсетілді [34, 21 б.].
Аталған жиналыста М.Әуезов есімі үш рет кінәлілер қатарында аталды. Біріншіден, «Майдан» альманағының 1945 жылғы №3 санында басылған «Абай» романының екінші бөлімі тарауларында автор озбыр феодал Құнанбайды мақтап, феодалдардың-байлардың әдет-ғұрыптарын дәріптеген. Екіншіден, «Әдебиет және Искусство» журналының редколлегиясының мүшесі ретінде М.Әуезов журнал тағдырын ойламаған. Оның жұмысына мүлдем қатыспаған, журналда не басылып, не қоятынын білмеген, журналдың идея және көркемдік жағын жақсартуда, оны Қазақстан халқын, жастарды тәрбиелеудің айбынды құралына айналдыруда іс жүзінде көмек көрсетпеген [33, 116 б.].
1947 жылы қаңтар айында Қазақстан К(б)П Орталық Коммитетінің «Қазақ ССР Ғылым Академиясының тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» арнаулы қаулысынан кейін М.Әуезов шығармашылығына шабуыл қайта жалғасты. 1947 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің 14 наурыздағы санында «Профессор М.Әуезов өткендегі қателерінің шырмауында» деген С.Баишевтің көлемді мақаласы жарияланды. Мақала авторы: «... тіл және әдебиет институтының жұмысындағы орын алған сорақы саяси қателер мен бұрмалаушылықтар Қазақ ССР Ғылым Академиясының белді қызметкерлерінің бірі профессор Әуезов жолдастың да басында, оның әдебиет жөніндегі ғылыми еңбектерінде бар» -деп жазды [38, 48 б.]. С.Байішевтің аталған мақаласында М.Әуезовке мынадай кінә тағылды: біріншіден қазақ әдебиетінің тарихын теріс жолмен жасауға жол салған. «Қазақ әдебиеті тарихының» сорақы саяси қателермен жазылған бірінші томын басқарып, редакциялаған М.Әуезов, екіншіден, ауыз әдебиетіне баға беруде, өткен заманның әдеби мұраларын меңгеруде бұрынғы қазақ буржуазияшыл – ұлтшылдардың контрревалюциялық теорияларын әшкерелеу былай тұрсын, қайта сол теорияның шырмауында қалып қойды, ал әдебиеттің кейбір мәселелері жөнінде сол буржуазияшыл бұрмалаушылардың салған жолымен, басқан ізімен жүріп отырды, үшіншіден, М.Әуезов ескі тақырыптардың әуеніне түсіп кетіп, жаңа өмірден, совет өмірі мен шындығынан қол үзген.
Арада жиырма жылдан аса уақыт өтіп кетсе де С.Байішевтің «М.Әуезов қателіктерінің тамыры оның басында болып өткен бұрынғы кездегі ұлтшылдық ірі қателермен жалғасып жатыр. Ол «қазақ буржуазиясының идеологы», «қазақ буржуазияшыл ұлтшылдарының тобында болып, көпке дейін жас қазақ совет әдебиетіне қарсы күрес жүргізді» - дегенді арланбай айтуға аузы барды [39, 115 б.]. Өзіне жабылған жаладан арылар жол іздеген М.Әуезов отыз жылдық жазушылық, ғылыми-зерттеу және он бес жылдық Қазақстанның жоғарға оқу орындарында жасаған еңбегінен тек антисоветтік бағыт іздеп жүйелі түрде ізіне түсіп келе жатқан партиялық мерзімді басылымдар, оның ішінде 1947 жылғы 14 наурыздағы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған айыптау мақала туралы И.Сталинге хат жолдады. Хатта мақаланың ҚК(б)П Орталық Комитеті үгіт және насихат бөлімінің тапсырысымен жазылып отырғандығы, республиканың рухани-мәдени саласында қалыптасып отырған саяси ауыр ахуал айтылды [34, 127 б.].
1984 жылы тамыз айында Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінде республиканың әдебиет мәселелеріне арналған насихат өткізілді. Мәслихатта Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың өзі ашты. «Қазақстан әдебиетінің жайы және өсу жолдары туралы» Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің насихат жөніндегі хатшысы Ілияс Омаров баяндама жасады. Баяндама бойынша жарыссөз үш күнге созылып, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Ғабдуллин, Л.Макеев, Д.Снегин және басқа барлығы 27 адм сөз сөйледі. М.Әуезов өз сөзінде бірсыпыра қазақ жазушыларының шығармашылығына тоқталды. Партиялық мерзімді басылымдар үздіксіз сынға алып келе жатқан, өзінің өткендегі елеулі «қателіктерін» тағы да атап өтті. Шығармашылық жұмысында қазақ халқының соңғы жүз жыл ішіндегі – XIX ортасынан XX ғасырдың ортасына дейінгі тарихын суреттейтін жеті роман жазу жоспарын айттты. Бұл романдар,- деді Әуезов,- бұрын артта қалған қазақ халқының көмегімен, өзінің тап жауларына қарсы күресте социализмге көрсетуге тиіс [25, 65 б.].
Сол жылдардағы Қазақстан К(Б)П Орталық Комитетінің хатшысы болған Ж.Шаяхметов қазақ мәдениеті мен әдебиетінің жанашыры болған азамат екендігі замандастары жазған естеліктерден белгілі [40, 216 б.]. Ол осы мәслихатта сөйлеген сөзінде партиялық бағыт ұстанған «сыншыларға» : «бізде кей уақытта шығарманы сынаудан автордың өз басын сынауға ауа береді... Біз сыншыларымыздан шығарманы әділетті сынауды, оның авторының барлық табыстары мен кемшіліктерін толық талдауды талап етеміз» - деді [39, 137 б.].
1953 жылы сәуір айында қазақ эпосын зерттеу мәселелері және оның жағдайы туралы арнайы пікір алысу (дискуссия) өткізілді. «Пікір алысу» деген аты болмаса негізінен қазақтың екі ғалымын: Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланды алдымен саяси тұрғыдан айыптап, соңынан саяси тұрғыда айыптап, соңынан саяси қуғын - сүргінге салуды жоспарлаған зауалды науқанның бастамасы болатын. Қазақ эпосы тарихы марксизм-ленинизм тұрғысынан зерттелінбей келе жатқандығы жөніндегі негізгі баяндаманы Мәлік Ғабдуллин жасады. Баяндамада қазақ эпосы тарихы мәселесін антимарксистік тұрғыдан зерттеушілер қатарында М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин және басқалардың есімдері аталды [41, 40 б.]. Жоғарыда аттары атлған әдебиетші-ғалымдар еңбектеріне сын - ескертпелер айтылды. Ғалымдар шығармашылығын саяси тұрғыдан талдау М.Әуезовтың қазақ халқының эпостық шығармаларын зерттеп жазған еңбектерінен басталды. М.Әуезовтың «Қазақ әдебиетінің қазіргі кезеңі», «Қобыланды батыр», «Қазақ әдебиеті тарихының очерктері», «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» деген мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалары мен «Қазақ ССР тарихы» 1 томының (1943 және 1949 жылдары шыққан) қазақ эпосы тарауына жазған «Қазақ әдебиеті тарихының очерктері», «Қазақ әдебиеті тарихы» 1 томы (1948 жыл. Редакциясын басқарған М.Әуезов) «буржуазиялық ұлтшылдық» бағытта жазылған деп айыпталды. М.Әуезовтың бұл қателіктерінің тамыры оның «Алашордада» болуымен тікелей байланысты екендігі де айтылды [42, 22 б.].
Әдебиет тарихын зерттеуде жіберген өрескел саяси қателіктері мен бұрмалаушылықтары жайлы, осы қателіктерін сынау және мойындау тұрғысында мерзімді басылымдарда ашық жазбауының өзі Мұхтар Әуезовтың бұрынғы концепциясының қалғанын көрсетеді,- делінеді [43, 45 б.]. Сөйтіп 1948 жылы М.Әуезовке Сталиндік сыйлық берілген, жазушы еңбегінің мүмкіндігінше объективті пікір білдірген М.Ғабдуллин, аталған «пікір алысуда» партия саясаты идеологиясын және оның көсемдерін қанағаттандыратын, ғылыми талдаудан алшақ бір жақты пікір айтуға мәжбүр болды. Мәлік Ғабдуллин ұлтын сүйген азаматты әміршіл-әкімшіл жүйе, бір партиялық өктем саясат осындай халге түсірді [44, 80 б.]. Бұл жайлы ғалым Тұрсын Жұртбай былай дейді: «Мәлік Ғабдуллин марқұм өзінің осындай арандатуға қалай түсіп қалғанын бертін жасырмай айтып, өзінің шәкірттерімен, Мұхаңның аруағынан, жанары тұманданып, күрсініп қойып, әңгімені үзбей айтып шығатын. өзінің қателігін ашық мойындаған бірден бір азамат осы - Мәкең, Мәлік Ғабдуллин. Бұл да батырға тән кесек мінез болса керек. Кейіннен М.Әуезов ашық хат жазып, алдынан өтті. Заманның арбауына түскен шәкіртіне ол кешірім жасап баспасөзден жауап берді. Өзінің кітабын «Кірбіңі кеткен көңілден» -деп қолтаңба жазды» [45, 134 б.].
Жоғарыда айтылған пікір алысуда сөз кезегі Әуезовке келгенде өз ойын ашық айтты. М.Ғабдуллиннің бүгінгі баяндамасына таңданысын да жасырмады. Жалған жаза жабылып, жаны жараланып тұрғанда, ұлы жазушы: «Я мог ответить на это и на самых законных оснаваниях, очень горькими и столь же резкими выводами о несправедливости М.Габдуллина, но я не сделаю этого, не сделаю из уважение критики Габдуллина обо мне» - деп ұстазға тән ұлылықты, қайталанбас тұлғаға тән биіктіктік пен ірілікті көрсетті [2, 57 б.]. Елуінші жылдары үдей түскен саяси науқан салдары М.Әуезовке Қазақстанда қызмет істеуге мүлде мүмкіндік қалдырмады. Ол жасырын түрде Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Мәскеуден 1953 жылы 18 мамырда «Литературная газета» редакциясында «Ашық хат» жолдады, алайда ол жарияланған жоқ. М.Әуезовтың аталған «Ашық хатында» Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, өткен тарихын түгендей бастаған тоқсанынша жылдары «Абай» журналында жарияланды [35, 25 б.].
Міне, әкімшіл-әміршіл жүйеге қызмет еткен партиялық мерзімді басылымдардың Мұхтар Әуезовке қарсы жүйелі түрде ұйымдастырған залалды науқандары осындай.
М.Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясы – Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің тарихи шындығын көркем тілмен жеткізген алғашқы трагедия [47, 36 б.].

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет