Студенттердің өзіндік жұмысы: Бруцеллезден сау емес фермада індет процессінің негізгі буындарына байланысты орындалатын күрес шараларды жоспарлау.
№ 12- сабақ
Тақырыбы: Шектеу және карантин қою, алу ережелері
Сабақтың мақсаты: Карантин мен шектеу қою және алу тәртіптерімен танысу,меңгеру.
Сұрақтар: 1. Карантин дегеніміз не?
2.Қандай инфекциялық ауруларда карантинқойылады?
3. Қандай инфекциялық ауруларда шектеу қойылады?
4.Карантинмен шектеу мерзімдері неге байланысты?
Құралдар және материалдар: Вет. заңдылық, практикум, методикалық ұсыныс, індеттік карталар.
Сабақтың мазмұны: Індет ошағының одан әрі ұлғаюына жол бермеу үшін жүргізілетін ең басты шара ретінде карантин және шектеу қолданылады.
Карантин (итальянша quarantena – қырық күн, сөзбе-сөз quaranta giorni) – жұқпалы аурудың таралуына қарсы бағытталған шектеу шараларының жиынтығы. Оның шарты бойынша індет ошағына күзет посты қойылып, ауру шыққан жерге апаратын жолға көрсеткіш және шлагбаум орнатылады. Кейбір аса қауіпті індет кезінде басқа елді мекендермен барлық қатынас тоқтатылып, автобус маршруттары өзгертіледі.
Карантин негізінен аса қауіпті жұқпалы аурулар шыққан кезде қойылады. Мұндай карантиндік инфекцияларға әр түлікте – аусыл, топалаң, бруцеллез, сиырда – оба, мәлік, қарасан, жылқыда – маңқа, мандам, жұқпалы анемия, делбе, қойда – шешек, ешкіде – кебенек, т.б. жатады. Карантиндік шаралар әрбір аурудың індеттік ерекшеліктеріне байланысты белгіленеді. Әдетте ауруға бейім малдарды әкелуге, немесе араластыруға тиым салынады. Кей жағдайда мал өнімдері мен шикізаттарын дайындау, жем-шөпті әкету тоқтатылып, базарлар жабылып, жәрмеңке мен мал көрмелерін өткізуге тиым салынады. Сиыр обасы, аусыл сияқты аса қауіпті аурулар кезінде барлық басқа шаруашылықтармен қатынастарды тоқтатуға тура келеді. Кейбір аурулар (аусыл, топалаң) кезінде карантинделген індет ошағының маңайында қауіп төнген аймақ (зона) белгіленеді. Бұл аймақта ауруға бейім жануарларды араластыруға шектеу қойылып, ветеринариялық бақылау күшейтіледі, ауруға қарсы вакциналау жүргізіледі.
Шектеу шаралары – карантиннен гөрі шарттары бәсеңдеу қарым-қатынасты тежеуге бағытталған тиым жолдары. Оларды тез тарай қоймайтын жұқпалы аурулар кезінде (мысалы, сарып, сақау) қолданады.
Карантин мен шектеу жұқпалы ауру байқалған сәтте тағайындалып, ауру басылған соң, яғни ең соңғы ауырған мал сауыққаннан немесе өлгеннен кейін біраз уақыт өткеннен соң барып алынады. Олардың алыну мерзімі аурудың жасырын кезеңінің және аурудан кейінгі микроб алып жүру кезеңнің ұзақтығына байланысты. Жасырын және микроб алып жүру кезеңдері неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым карантин мен шектеу кешірек алынады. Аса қауіпті аурулардан соң карантин алынғаннан кейін тағы да белгілі мерзімге шектеу қалдырылады. Мысалы, аусылдан соң карантин алынғаннан кейін бір жыл мерзімге шектеу сақталады.
Карантин мен шектеуді алар алдында мал қораларында қорытынды дезинфекция мен санитариялық жөндеу жүргізіледі. Сонымен қабат аурудың ерекшеліктеріне сәйкес бейім жануарлар вакциналануы тиіс.
Карантин немесе шектеу қою үшін қажетті құжаттар:
Індеттанулық талдау актісі
Сауықтандыру жоспары
Әкімшіліктің шешімі.
Карантин немесе шектеу комиссиялық тексерудің нәтижесі бойынша алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |