Індетке қарсы шаралар



бет6/12
Дата02.03.2023
өлшемі48.21 Kb.
#470277
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
9-ТАҚЫРЫП

Өлтірілген вакциналарӨлтірілген вакциналарды тиісті ауру қоздырушы микробтарды әр түрлі әдістермен өлтіру арқылы даярлайды. Ол үшін бактерияларды тығыз немесе сұйық қоректік ортада өсіреді. Биологиялық өндіріс орындарында микроорганизмдерді арнаулы танкерлерде өсірудің кең тарауына байланысты көбінде сұйық қоректік орта пайдаланылады. Алынған микробтарды өлтіру үшін әдетте формалин, фенол, мертиолат (тиомерсал), ацетон, ал кей жағдайда жоғары температура, ультракүлгін сәуле, ультрадыбыс пайдаланылады. Осыдан келіп формолвакцина, фенол вакцина, мертиолат вакцина (тиомерсал вакцина), қыздырылған вакцина, дезинтеграциаланган (улътрадыбыспен талқандалған) вакцина, т.т. атаулар пайда болған. Осы аталған заттардың ішінде формалиннің әсері ерекше. Ол микробты өлтіріп қана қоймай, оның токсиндерінің улық қасиетін бейтараптайды. Формалинмен, бейтараптанған токсин анатоксин деп аталады, ол иммуногендік қасиетін толық сақтайды. Француз ғалымы Г.Рамон ашқан бұл жаңалық сіреспеге, дифтерияға қарсы вакциналар даярлауға мүмкіндік берді. Мұлдай вакциналар анатоксин вакциналар немесе анавакциналар деп аталады. Өлтірілген вакциналар тірі вакциналарға қарағанда иммуногендік қасиеті жағынан анағұрлым төмен. Бұл кемшіліктің аз да болса орнын толтыруға адъюванттардың көмегі бар. Адъюванттарды да Г. Рамон (1925) ұсынған болатын. Бірталай заттар: аллюминий гидрототығы, ашудастар (квасцы), өсімдік майлары, ланолин, лецитин, хлорлы кальций антигендердің иммуногендік қасиетін арттырады. Адъювантпен араластырылған антиген кіргізілген орында қабынған түйіршік (гранулема) түзіледі, соның нәтижесінде антигеннің организмге сіңуі баяулап, ыдырайтын және әсер ететін мерзімі ұзарады. Сондықтан мұндай вакциналарды деполандырылған (депо - қойма) деп те атайды. Лимфалық элементтердің молынан шоғырлануына байланысты қабынған түйіршіктерде антиденелердің 80% дейіні түзіледі. Адъюванттардың мутогендік қасиеті бар. Олардың әсерінен маңындағы және алыстағы сөл түйіндерінде, көк бауырда көптеген бұдырмақтар пайда болады. Бұл бұдырмақтар - белсендірілген лимфоциттердің шоғыры.
Микроорганизмдердің құрамында көптеген антигендер болады. Ауруға қарсы иммунитет пайда болуы үшін олардың барлығының маңызы бірдей емес. Тек қана протективті (қорғаушы) деп аталатын антигендер ауруға қарсы иммунитет тудыра алады. Энтербактериялардың протективті антигендеріне Vі-антиген, ішек таяқшасында К-антиген жатады. Осындай тазартылған протективті антигеннен даярланған вакциналар химиялық вакциналар деп аталады. Мұндай вакциналар организмде жайсыз реакциялар тудырмайды, ондай препараттардың болашағы зор.
Жануарларды иммундеу әдістері. Иммундеудің нәтижесі қолданылатын дәрмектің иммуногендік қасиетіне ғана емес, оны қолдану әдісіне де байланысты. Сонымен қатар жануарларды жаппай иммундеу оларды ауруға тексеру (аллергиялық тексеру, қан алу) сияқты көп еңбекті қажет етеді.
Жануарларды негізінен екі түрлі жолмен: жекелей және жаппай иммундеуге
болады. Дара иммундеу жануарлардың әрқайсысына жеке-жеке вакцина жіберу арқылы, ал топтап иммундеу жануарлардың тұтас бір тобына вакцинамен бірден әсер ету арқылы іске асырылады. Жекелей иммундеу кезінде вакцинаны бұлшық етке, тері астына, тері ішіне, тері үстіне жібереді. Бүл әдістерді парентеральдық деп атайды (ішекке соқпай, яғни ішек арқылы емес, деген мағынада). Парентеральдық жолға көк тамырға енгізу де жатады, бірақ бұл әдіспен іс жүзінде ешбір вакцина жіберілмейді. Энтеральдық жолмен яғни ішек арқылы, дәлірек айтқанда ауыз арқылы, яғни пероральдық жолмен, вакциналау әдісі кеңінен қолданылады. Сонымен қатар вакцинаны әр түрлі кілегейлі қабықтар арқылы да (танау қуысына, көз конъюнктивасына, клоакаға, емшек үрпіне) денеге енгізуге болады.
Вакцинаны денеге енгізу жолын таңдағанда ол дәрмектің антигендік физикалық және химиялық қасиеттері және тиісті аурудың ерекшеліктері ескеріледі. Мысалы, тері астына топалаңның және құтырықтың, бұлшық етке қысаға мен лептоспироздың, тері үстіне шешектің, танау қуысына парагрипптің, емшек үрпіне (интрацистернальдық немесе диалетикалық жолмен) колибактериоз бен қылаудың вакциналары жіберіледі.
Топтап вакциналау екі түрлі жолмен: ауыз арқылы (энтеральдық немесе пероральдық әдіс) және аэрозольдік (аэрогендік немесе аспирациялық) әдіспен іске асырылады. Бұл әдістер еңбек өнімділігін шұғыл арттырып, вакцинациялау жұмысын көп жеңілдетеді. Пероральдық әдіспен алиментарлық жолмен жұғатын, ал аэрозольдік әдіспен респираторлық жолмен жұғатын ауруларға қарсы егу жақсы нәтиже береді. Бірақ бұл заңдылық бұлжымайтын қағида емес. Іс жүзінде жаппай егетін әдістің екеуін де, аурудың табиғи жұғу жолы қандай болмасын (алиментарлық, аэрогендік, трансмиссивтік немесе жанасу арқылы) пайдалана беруге болады. Әйтсе де респираторлық инфекциялар кезінде аэрозольдік, ал алиментарлық инфекциялар кезінде пероральдік егу әдісі жақсы нәтиже береді. Өйткені организмді жұқпалы аурудан сақтандырғанда жалпы иммунитетпен қатар, орны шектелген иммунитет те үлкен рөл атқарады.
Аэрозольдік әдіспен құстарды, шошқаны, қойды, сиырды, терісі бағалы андарды иммундеу жөнінде біраз тәжірибе жинақталған. Құсты Ньюкасл ауруына, шешекке қарсы егу туралы ұсыныстар жасалған. Иммундеу нәтижесі аэрозольдің көлеміне байланысты. Ірі аэрбзольдер жоғарғы тыныс жолдарында шөгеді де, өте майда аэрозольдер өкпенің ең тереңгі бронхиолалары мен альвеолаларына өтеді. Аэрогендік әдіспен иммундеу үшін вакцинаны құрғақ немесе сұйық күйінде де пайдалануға болды. Әйтседе бірдей нәтижеге жету үшін сұйық вакцинаға қарағанда құрғақ вакцина анағүрлым көп мөлшерде қажет болады. Иммундеудің нәтижесі тірі вакцинаның аэрозоль күйінде тіршілігін сақтауына байланысты. Бүркілген вакцина штаммы жылдам кебуінің салдырынан тез өле бастайды. Оның тіршілігін сақтауы табиғатына, ортаның температурасы мен ылғалдығына байланысты. Аэрозольдік жолмен иммундеу үшін тірі вакциналар тиімді. Олардың ауада тіршілігін ұзақ уақыт сақтау үшін әр түрлі тұрақтандырушы қоспалар пайдаланылады. Ондай қоспалар ретінде қолданылатын кептірілген сүт, глицерин аэрозоль бөлшектерінің ылғалын сақтауға көмектеседі.
Аэрозольдік вакцина ретінде аз уақыт ішінде (1-3 тәулікте) иммунитет қалыптастыратын штаммдарды пайдаланған тиімді. Ондай вакцина адам мен жануарлар үшін қауіпсіз болуы керек. Аэрозольдік әдіс тез арада ауруды дауалауға мүмкіндік береді. Бірақ герметикаландырылған қора-жайды, тиісті аэрозольдік генераторлар мен бүріккіштерді керек етеді.
Пероральді иммундеу ең қарапайым және денеге бөгде заттың енетін табиғи жолы болып табылады. Бүл әдісті 1930-жылдары Безредка бактериялық ішек инфекциялары (дизентерия, іш сүзегі) кезінде жан-жақты зерттеген болатын. Бірақ ол кездегі вакциналардың жарамсыздығынан іске аспай қалды. Кейінірек бұл әдіс медицинада пайдаланыла бастады да, кейбір ауруға, мысалы полимиелитке қарсы егуде негізгі әдіске айналды. Ветеринарияда Ньюкасл ауруының ВІ және Ла-Сота штамдарынан даярланған вакциналарды тауыққа суға қосып ішкізеді.
Энтеральдік вакциналарды даярлағанда оларға қарын сөлінің қолайсыз әсері ескеріліп, таблетка жасағанда сыртын қышқылға төзімді қоспамен қорғайды немесе май, балауыз, смола сияқты қосындылармен толықтырады.
Пероральді иммундеу кезінде антиген ішекке жетпей, тіпті ауыз қуысында сіңіріле бастайды, мысалы, шешек вирусы мен аденовирустар. Жалпы ішек-қарын жолынан антигендік заттар қан мен сөлге өтіп, сөл түйіндері мен көкбауырда іркіледі. Мұндай жолмен иммундегенде гуморальдік, жасушалық және орны шектелген барлық иммунитет реакциялары іске қосылады. Ерекше атап өтетін жағдай антиденелер қанда ғана емес, секреттік А иммуноглобулин ретінде сілекейге, ішек сөліне, капроглобулин ретінде нәжіске шығады. Мұндай антиденелер ішекке тән жас төлдің инфекцияларынан қорғауда маңызды рөл атқарады.
Пероральді вакциналаудың тиімділігін шошқаның тілмесіне қарсы тірі вакцинаны қолданғанда Кулеско (1961) анықтаған. Өте жақсы нәтиже бұзауды колибактериозға иммундеуде алынды. Бұл үшін Сидоров пен Курашвили (1981) колипротектан деп аталатын дәрмек ұсынды. Торайларға колиэнтеро-токсемияға қарсы вакцинаны сумен ішкізу жақсы нәтиже береді. Диктиокаулез гельминтінің балапан құрттарына рентген сәулесімен әсер етіп, пероральдік жолмен иммундеу үшін пайдалануға болатындығы анықталды. Пероральдік әдіс жабайы жануарларды, мысалы қасқырға құтырықтың вакцинасын етке қосып беру арқылы, иммундеудің бірден-бір қолайлы жолы болып табылады.
Жануарларды жаппай иммундеуді жеңілдету мақсатында бірнеше вакцинаны бір мезгілде егуге болады. Бұл әдіс кешенді вакциналау деп аталады. Кешенді иммундеу кезінде әрбір вакцина жеке-жеке егіледі. Әр түрлі вакцинаны даярлаған кезінде араластырып қоспа (ассоциацияланган) вакцина даярлау биология өндірісінде жолға қойылып, дамытылып келеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет