Ішкі су көлігінде жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасын және Ішкі су көлігінде жүктерді тасымалдау қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 маусымдағы №643 қаулысы
«Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңының 8-бабының 19) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Ішкі су көлігінде жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасы;
2) Ішкі су көлігінде жүктерді тасымалдау қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 8 маусымдағы
№643 қаулысымен
бекітілген
Ішкі су көлігінде жолаушылар мен багажды
тасымалдау қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ішкі су көлігінде жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңының 8-бабының 19) тармақшасына сәйкес әзірленген және ішкі су көлігінде жолаушылар мен багажды тасымалдау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағиданың қолданысы паромдарды қоса алғанда, Қазақстан Республикасының ішкі су жолдары бойынша жолаушылар мен багажды тасымалдауды жүзеге асыратын барлық жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – тасымалдаушы) қолданылады.
Алдағы навигацияға тасымалдаудың жоспарланған көлемі мен маршруттары туралы мәліметтерді тасымалдаушылар ішкі су көлігі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне (бұдан әрі – аумақтық бөлімше) ұсынады. Нақты жүргізілген көлемдер мен маршруттар туралы ақпаратты тасымалдаушылар аумақтық бөлімшеге есептіден кейінгі айдың 10 күнінен кешіктірмей ұсынады.
3. Ішкі су көлігінде жолаушылар мен багажды тасымалдау жолаушылар мен багажды тасымалдау шарттары негізінде жүргізіледі.
2. Жолаушылар мен багажды тасымалдау
4. Жолаушыларды тасымалдау тасымалдаушы ұсынатын шарттарға, ұзақтыққа, қашықтыққа және сапаға байланысты мынадай түрлерге:
1) көліктік;
2) туристік;
3) экскурсиялық;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де түрлер болып бөлінеді.
5. Жолаушылар мен багажды тасымалдау шарттары жол жүру билеті және багаж түбіртегі түрінде ресімделеді.
Экскурсиялық және туристік маршруттар бойынша жолаушыларды тасымалдау шарты жолаушылар топтарын тасымалдауға арналған жолдама немесе билет түрінде ресімделеді.
6. Сүйемелдеусіз келе жатқан және билеті жоқ болып шыққан балалар таяу порттағы (кемежайдағы) ішкі істер органдарының кезекші қызметкеріне беріледі.
7. Жолаушы тегін алып жүретін белгіленген норма шегіндегі қол жүгін қоспағанда, жолаушының жол жүруіне және оның багажын алып жүруге төлемді тараптар келісімімен немесе жалпыға ортақ пайдаланымдағы көлікпен жолаушының жол жүруі және оның багажын тасымалдау кезінде тасымалдаушы анықтайды.
8. Билеттерді сату өзен вокзалдарының билет кассалары арқылы жүргізіледі, ал маршруттың аралық аялдау пункттерінде билет кассалары болмаған жағдайда кемеде отыру үшін бос орынның болуы шартымен, сондай-ақ 50 километрден аспайтын қашықтыққа жолаушылар мен багажды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жолаушы кемесінің толу нормасына дейін тасымалдаушы жүзеге асырады.
9. Өзен вокзалдарының билет кассаларында ағымдағы сатумен қатар билеттерді алдын ала сату жүзеге асырылады.
10. Алдын ала сату кассаларында билеттерді сату 7 тәулік бұрын басталады және кеме жөнелтілгенге дейін бір тәулік бұрын аяқталады.
11. Ағымдағы сату кассаларында билеттерді сату кеме жөнелтілгенге дейін бір тәулік бұрын басталады және кеме жөнелтілгенге дейін 5 минут бұрын аяқталады.
12. Билет жоғалған және жолаушы өзен вокзалы кассасына немесе тасымалдаушыға кеме жөнелтілгенге дейін кемінде 1 сағат бұрын өтініш жасаған және жолаушының билетті сатып алу фактісін тасымалдаушы немесе өзен вокзалы растаған жағдайда билет төлем алынбай қалпына келтірілуге жатады.
13. Кеме жөнелтілгенге дейін жолаушы өзен вокзалының кассасына сатып алынған билетті қайтарған кезде оған билеттің төленген құны қайтарылады.
14. Жолаушы кемеге кешігіп қалған жағдайда билеттерді қайтару кезінде оған билет құнының 50 пайызына тең сома өтеледі.
15. Егер тасымалдаушы мұндай кідіру немесе кешігу еңсерілмейтін күштің салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, жолаушылар кемесін жөнелтудің кідіргені немесе межелі портқа оның кешігіп келгені үшін (қалалық және қала маңындағы қатынаста, сондай-ақ өткелдердегі тасымалдарды қоспағанда) тасымалдаушы жолаушыға әрбір кідіру сағаты немесе кешігу үшін тасымал төлемінің үш пайызы мөлшерінде, бірақ тасымал төлемінен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейді.
16. Жөнелту пунктінде кемені жөнелтудің кідіруіне байланысты жолаушы жол жүруден бас тартқан жағдайда, оған төленген жол жүру құны толық мөлшерде қайтарылады, сондай-ақ осындай кідіруге байланысты келген шығындар өтеледі.
17. Жолаушы жол жүруді емдеу мекемесінің құжатымен расталған сырқаттану салдарынан тоқтатқан кезде тасымалдаушы жолаушы билетінің қолданылу мерзімін сырқаттану уақытына ұзартады немесе билетті тапсырған кезде кемемен жүріп өтпеген жол бөлігі үшін жол жүру ақысын қайтарады.
18. Техникалық себептермен маршрут бойынша кеменің қозғалысы мүмкін болмаған жағдайда, жолаушыларға сатылған билеттер ақаулы кемені ауыстыру үшін тасымалдаушы ұсынған кемеде немесе осы маршруттағы басқа кемеде жол жүруге жарамды.
19. Жолаушы тасымалдаушы бұзылған кеменің орнына ұсынған кемеде немесе осы маршруттың басқа кемесінде жол жүруден бас тартқан жағдайда, оған төленген жол жүру құны толық мөлшерде қайтарылады.
20. Жолаушы кемеге отырған кезде тиісті түрде ресімделген билет пен жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.
21. Жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттағы тегі ұсынылып отырған билетте көрсетілген тегіне сәйкес келмеген кезде және билетте тегі болмаған немесе түзетілген кезде жолаушының кемеге отыруына жол берілмейді.
22. Жолаушы багажды тасымалдауға алдын ала тапсырады.
23. Тасымалдауға өздерінің мөлшерлері, орамы және ерекшеліктері бойынша кемеге қиындықсыз тиелетін және орналастырылатын бұйымдар мен заттар қабылданады.
24. Багаждың әрбір орны оны тиеу, қайта тиеу және түсіру кезінде алып жүруге мүмкіндік беретіндей етіп жабдықталады немесе құрылғылар болады. Ыдыс (орам) тасымалдаудың барлық уақытында заттардың сақталуын қамтамасыз етеді.
25. Ерекше сақтықты қажет ететін бейне- және аудиоаппаратура, басқа ұйымдастыру техникасы жүру жолында қайта тиеусіз тасымалдау кезінде сақталуын қамтамасыз ететін орамда, ал қайта тиеп тасымалдауға тек қатты орамда (жәшік пен торда) қабылданады.
26. Бейне- және аудиоаппаратураны, басқа ұйымдастыру техникасын ресімдеу кезінде олардың орамының жоғары жағына немесе бүйір қабырғаларының біріне тиісті жазу жазылады, мысалы: «Абай болыңыз, телевизор».
27. Багаж ақаулы орамда тасымалдауға қабылданбайды.
28. Кемшілігі бар, бірақ багаждың жоғалуына немесе бұзылуына алаңдаушылық тудырмайтын ыдыс (орам) тасымалдау құжаттарында осы кемшіліктер туралы белгісімен тасымалдауға қабылданады.
29. Багаж портқа немесе межелі пунктке келісімен багаж түбіртегін және жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуы бойынша алушыға беріледі.
30. Порттың немесе межелі пункттің әкімшілігі багаж келмеген, оны беру туралы жолаушы (алушы) талап еткен жағдайда, багаж түбіртегінің екінші жағына жеткізу мерзімі өткен соң «Багаж келмеді» деген белгі қояды, жылын, айын, күнін белгілеп мөртабан басады және жолаушыдан (алушыдан) өтініш алады, онда оған багаждың келуі туралы хабарлама жіберу үшін оның мекенжайы көрсетіледі.
31. Егер межелі портқа жеткізу мерзімі аяқталған соң отыз тәулік өткеннен кейін багаж келмеген болса, жоғалған деп есептеледі және багаждың құны осы Қағиданың 32 және 33-тармақтарында көзделген мөлшерде өтелуге тиіс.
32. Тасымалдауға құндылығы жарияланбай қабылданған багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымдағаны (бүлінгені) үшін тасымалдаушы мынадай мөлшерлерде және жағдайларда:
1) багажды жоғалғанда немесе кем шыққанда – жоғалған не кем шыққан багаж құнының мөлшерінде;
2) багаж зақымдалғанда (бүлінгенде) – багаж құнының төмендеген сомасы мөлшерінде, ал зақымдалған багажды қайтадан қалпына келтіру мүмкін болмаған кезде – оның құнының мөлшерінде жауапты болады.
33. Тасымалдауға құндылығы жарияланып қабылданған багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлінгені) үшін тасымалдаушы жарияланған құндылық мөлшерінде жауапты болады.
34. Табылған багаждың келуі туралы порттың немесе межелі пункттің әкімшілігі ол келген күні жолаушыға (алушыға) хабарлама жібереді.
35. Егер порттың немесе межелі пункттің әкімшілігі багаждың келуі туралы жолаушыны хабардар етпесе, онда ол хабарлама жіберілген күнінен бастап багажды сақтаудың мерзімі өткен күндер үшін төлем алу құқығынан айырылады.
36. Багажды жеткізу мерзімі багаж кеме қозғалысы кестесіне сәйкес жіберілген портқа немесе межелі пунктке жүру уақытымен айқындалады.
37. Алушы 3 ай ішінде талап етпеген багажды тасымалдаушы сатады. Талап мерзімі ішінде багаж түбіртегін ұсынушы тасымалдаушының талап етілмеген багажды сақтау және оны өткізу кезінде шеккен шығындарын шегеріп, түскен түсім сомасын алады.
38. Жолаушылардан тасымалдауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша түскен шағымдарды тасымалдаушы үш күн мерзімде қарайды, ол өткен соң өтініш берушіні шағымдарды қарау нәтижелері туралы және қабылданған шаралар туралы жазбаша хабардар етеді.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 8 маусымдағы
№643 қаулысымен
бекітілген
Ішкі су көлігінде жүктерді тасымалдау қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ішкі су көлігінде жүктерді тасымалдау қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Ішкі су көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі Заңының 8-бабының 19) тармақшасына сәйкес әзірленді және ішкі су көлігінде жүктерді тасымалдау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағиданың қолданысы Қазақстан Республикасының ішкі су жолдары бойынша жүктерді тасымалдауды жүзеге асыратын барлық жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – тасымалдаушылар) қолданылады.
Алдағы навигацияға жоспарланған тасымалдау көлемі мен маршруттар туралы мәліметтерді жыл басында тасымалдаушылар су көлігіндегі бақылаушы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне ұсынады. Тасымалдаудың нақты жүргізілген көлемі мен маршруттары туралы ақпаратты тасымалдаушылар есептіден кейінгі айдың 10 күнінен кешіктірмей су көлігіндегі бақылаушы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне ұсынады.
3. Ішкі су көлігінде жүктерді тасымалдау тасымалдаушы мен жүк жөнелтушінің арасында жүктерді тасымалдау шартын жасасу жолымен жүзеге асырылады, оған сәйкес тасымалдаушы жүкті сақтай отырып, шартта белгіленген мерзімде жеткізуге, ал жүк жөнелтуші жүкті келісілген көлемде қабылдауға және тасымалдау үшін төлем жүргізуге кепілдік береді.
Жүк тасымалдау шартында жүк тасымалдауды ұйымдастырудың басқа да шарттары белгіленеді.
2. Жүктерді тасымалдауға ұсыну және қабылдау
4. Жүкті тасымалдауға қабылдау айлақтарда көлік жүкқұжаты және өзге тасымалдау құжаттары бойынша жүргізіледі.
5. Жүктерді тасымалдау мынадай түрлермен жүзеге асырылады:
1) кемемен жөнелту – бір жөнелту пунктінде межелі бір портқа (кемежайға) немесе бір пунктке егер кемеде жүктің бір легін екіншісінен бөлу талап етілмесе, аралас көлік түріне кемені толық жүктеу үшін жеткілікті мөлшерде беру үшін бір және одан көп жүкқұжат бойынша тасымалдауға ұсынылған бір атаудағы жүк немесе біртектес жалпы жүк легі (бір маркалы көмір, бір сортты тұз және басқалары);
2) құрама жөнелтім – тасымалдауға бір көлік жүкқұжаты бойынша ұсынылатын, салмағы 20 тоннадан астам, бірақ кемені толық жүктеуді қамтамасыз етпейтін жүк легі. Жөнелтім мынадай жағдайда:
кеменің толық жүктелуі әртүрлі атаудағы жүкпен немесе атауы бір, бірақ межелі пункті әртүрлі жүкпен жүргізілгенде;
жүк жөнелтушінің талап етуі бойынша және тасымалдаушының келісімімен оған кеме әртүрлі жөнелту пункттерінен бір межелі пунктке жүк тиеу немесе аралас көлік түріне беру үшін ұсынылғанда;
біртектес жүкпен бір межелі пунктке, бірақ әртүрлі жүк алушыларға жүктің бір легін басқасынан бөле отырып, кеме толығымен тиелгенде;
бір жүк жөнелтуші бір межелі пунктке бір көліктік жүкқұжатпен жалпы салмағы 20 тоннадан асатын әртүрлі атаудағы жүк легі ұсынылғанда құрама деп есептеледі;
3) ұсақ жөнелтім – тасымалдауға бір көліктік жүкқұжатпен ұсынылатын салмағы 20 тоннадан аз жүк легі.
6. Жоғалудан, жетіспеушіліктен, бұзылудан және зақымдалудан сақтандыру үшін ыдысты (орамды) жүктер, олардың толық сақталуын қамтамасыз ететін жарамды ыдыста (орамда) тасымалдауға ұсынылады.
7. Жүк жөнелтуші жүкті тасымалдауға ұсынғанға дейін оның жол бойы тасымалдауға қолайлылығын және сақталуын қамтамасыз етеді. Жүкті тасымалдауға дайындау көлік құралдарының жүк көтергіштігі мен жүк сыйымдылығын және тиеу-түсіру жұмыстарының қолайлылығын барынша пайдалануды ескере отырып, жүзеге асырылады.
8. Жүк тасымалдауға ыдысты (орамды) сыртынан немесе жүк ыдыссыз (орамсыз) тасымалданатын болса, жүктің өзін қарау бойынша қабылданады. Қарау арқылы ыдыстың (орамның) ақаусыздығы, тасымалдауға жарамдылығы, таңбалануының болуы, пломбаның таңба іздері және олардың көлік жүкқұжатында көрсетілген деректерге сәйкестігі белгіленеді.
Егер сыртынан қарау нәтижесінде жүктің жолда жоғалу, жетіспеушілік немесе зақымдану қаупін туындататын кемшіліктер байқалған болса, жүктің сақталуын қамтамасыз ететін жай-күйге келтірілгенге дейін жүк тасымалдауға қабылданбайды.
Барлық елеусіз кемшіліктерді (бұрын пайдаланылған ыдыс (орам), жүктегі тот басу, майысу) жүк жөнелтуші көлік жүкқұжатында белгілейді.
9. Жүк салмағы таразыда өлшеумен, жүк орындарында көрсетілген жалпы салмақты есептеумен анықталады. Салмақты анықтау тәсілі көлік жүкқұжатында және жүкті тиеу-түсіру актісінде көрсетіледі.
10. Жүкті бір көліктік жүкқұжатпен порт (кемежай) қоймасына әкелуді жүк жөнелтуші бір күн ішінде жүзеге асырады. Жүкті неғұрлым ұзақ мерзімге әкелуге тасымалдаушының келісімі бойынша рұқсат етіледі.
11. Порт (кемежай) айлақтары жоқ пункттерде жүкті тасымалдауға қабылдауды кеме капитаны кеме бортында жүргізеді.
12. Тасымалдаушылар жүкті тасымалдауға оларды порттардың (кемежайлардың) қоймаларында және жөнелту пункттерінде немесе навигация ашылғанға дейін ауыстырып тиеу пункттерінде сақтау шартымен қабылдайды.
13. Навигация ашылғанға дейін тасымалдауға қабылданған жүкке көліктік жүкқұжатта, күнтізбелік мөртаңбадан басқа, «Жүк сақтау және навигация ашылғаннан кейін тиеу шарттарымен қабылданды» деген белгі жасалады.
Навигация ашылғанға дейін қауіпті, тез бұзылатын және үсуге бейім жүктерді сақтауға қабылдауға рұқсат етілмейді.
3. Жүкқұжатты және тасымалдау құжаттарын ресімдеу
14. Көліктік жүкқұжат жүк жөнелтуші жүкпен бірге ұсынатын негізгі тасымалдау құжаты болып табылады.
15. Көліктік жүкқұжатты жүк жөнелтуші бір жүк алушыға және бір межелі пунктке жіберілетін әрбір жүк легіне толтырады.
16. Бір көліктік жүкқұжат бойынша:
1) тез бұзылатын жүкті;
2) қасиеттері бойынша басқа жүктермен бірге сақтауға рұқсат етілмейтін жүкті;
3) ыдысты-дана жүкпен бірге үйілме немесе ақтарма жүкті тасымалдауды ресімдеуге рұқсат етілмейді.
17. Көліктік жүкқұжат анық және айқын шарикті қаламмен, сиямен, компьютерде толтырылады және жүк жөнелтуші қол қояды.
Көліктік жүкқұжатты түзетуге және тазалап өшіруге рұқсат етілмейді. Жүк жөнелтушіге түбіртек берілгеннен кейін тасымалдаушы көліктік жүкқұжатқа енгізген мәліметтердің өзгеруі мен толықтырылуы тасымалдаушының қолымен және күнтізбелік мөртаңбамен расталады.
Көліктік жүкқұжатқа барлық қосымшалар оның артқы жағының жоғарғы бөлігіне берік тігіледі.
18. Көліктік жүкқұжатты жасаған кезде жүк жөнелтуші мынадай бағандарды толтырады:
1) «Жөнелту порты (кемежай) және «Межелі порт (кемежай)» – тиісінше жөнелту және межелі порттардың нақты атаулары көрсетіледі;
2) «Жүк жөнелтуші» және «Жүк алушы» – тиісінше жүк жөнелтуші мен жүк алушының толық атауы көрсетіледі;
3) «Жөнелтушінің жазуы және белгілері» – айырым белгілері немесе жүк орындарына жазылған реттік нөмірлер көрсетіледі;
4) «Орындар саны» – жүк орындарының жалпы саны, әрбір жүк атауы және ыдыстың (орамның) әрбір түрі бойынша орындардың саны бөлек көрсетіледі;
5) «Орын жиыны (жазумен)» – жазумен орындардың жалпы саны көрсетіледі;
6) «Ыдыс (орам)» – ыдыстың (орамның) түрі көрсетіледі. Жүкті үймелі немесе ақтарма тасымалдауға ұсынған кезде «үймелі» немесе «ақтарма» деп көрсетіледі;
7) «Жүктің атауы» – жүктің нақты және толық атауы көрсетіледі;
8) «Жүк салмағын жүк жөнелтуші анықтаған» – жүк жөнелтуші үйінді және ақтарма жүктердің салмағын және ыдысты-дана жүктердің брутто салмағын көрсетеді;
9) «Тиеу ____________, Түсіру _____________» –
құралдармен құралдармен
қажет болған жағдайда жүкті тиеу-түсіру кімнің құралдарымен жүргізілгені көрсетіледі.
19. Көліктік жүкқұжат жасалған кезде тасымалдаушы мынадай бағандарды толтырады:
1) «№ көліктік жүкқұжат» – көліктік жүкқұжаттың нөмірі көрсетіледі;
2) «Жүкті әкелуге ____ айының ____ күні рұқсат етілген» – жүк порттың (кемежайдың) қоймалары арқылы ұсынылған кезде толтырылады;
3) «Жөнелту» – жүк тасымалдауға қандай жөнелтумен (кемемен, құрама немесе ұсақ) қабылданатыны көрсетіледі;
4) «Кеме» – жүк тиелген кеменің нақты атауы, нөмірі және үлгісі (өздігінен жүретін немесе өздігінен жүрмейтін) көрсетіледі;
5) «Тасымалдау қашықтығы» – су жолдары бойынша жөнелту және межелі пункттер арасындағы нақты және тасымалдау ақысын есептеу үшін қабылданатын есепті қашықтық көрсетіледі;
6) «Жүк салмағын тасымалдаушы анықтаған» – тасымалдаушы анықтаған үймелі және ақтарма жүктің салмағы және ыдысты-дана жүктің брутто салмағы көрсетіледі;
7) «Кеменің тиелу нормасы» – кеменің тиелуінің техникалық нормалары негізінде толтырылады;
8) «Төлемдер» – тиісінше «Жөнелту және межелі пункттерде» бағандарында тасымалдау ақысының мөлшері, сондай-ақ егер олар осы тасымалдау кезінде есептелген болса, тиеу, түсіру, сақтау және өзге де операциялар үшін алымдар көрсетіледі;
9) «Жөнелту кезінде немесе жеткізу кезінде алынған» – тасымалдаушының қолымен расталатын, жүк жөнелтушіден өндіріп алынған сома жазумен көрсетіледі.
20. Жүк тасымалдауға қабылданғаннан және жүк жөнелтуші (жүк алушы) барлық төлемдерді төлегеннен кейін көліктік жүкқұжатта, оның артқы жағының жоғарғы бөлігінде тасымалдауды ресімдеу күнін көрсете отырып, жөнелту портының (кемежайының) күнтізбелік мөртаңбасы қойылады. Сол жерде межелі порттың (кемежайдың) жүктің келуі туралы күнтізбелік мөртаңбасы қойылады.
4. Жүкті тиеу және түсіру
21. Жүкті кемеге тиеу және кемеден түсіру порттардың (кемежайлардың) айлақтарында жүргізіледі.
22. Жүк тасымалдау шартына сәйкес жүк жөнелтуші белгіленген уақытта жүкті кемеге тиеу үшін ұсынады.
23. Порттың (кемежайдың) иесі тиеу (түсіру) үшін жүкті алған кезде жүкті тиеу (түсіру) актісін жасайды, жүкті тиеу жүк тиеу және кемеде бекітудің техникалық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Жүкті үйіп және ақтара тиеп тасымалдау
24. Қиыршықтас, қиыршықтас-құмды қоспа, құм үйіп тиеліп өзен көлігімен тасымалданады.
Алебастрлы тас, шой тас, әк тас, қиыршықтас, шағылтас, дала шпаты, асфальт және басқа да минералдық құрылыс материалдары ақтара тиеліп өзен көлігімен тасымалданады.
Минералдық құрылыс материалдарының жеке кесектерінің салмағы 80 килограммнан асуына рұқсат етілмейді.
25. Жүктерді үйіп және ақтара тиеп тасымалдауға мамандандырылған кемелер (алаңдар) беріледі.
6. Тез бұзылатын жүктерді тасымалдау
26. Тез бұзылатын жүктерді тасымалдау кезінде белгілі бір режимді ұстауды немесе оларға жоғары немесе төмен температуралардың әрекетінен қорғау шараларын қабылдауды талап ететін жүк жатады.
27. Тез бұзылатын жүктер тасымалдауға қолайлы жай-күйде ұсынылады. Ыдыс (орам) жарамды, берік таза болуы және ағу іздері болмауы тиіс. Тасымалдаушының талап етуі бойынша жүк жөнелтуші жүктің жай-күйін тексеру үшін стандарттар мен техникалық шарттарды ұсынады.
Тез бұзылатын жүктер тасымалдауға пакеттелген түрде немесе контейнерлерде беріледі.
28. Тез бұзылатын жүктерді тасымалдау кезінде жүк жөнелтуші көліктік жүкқұжатпен бірге олардың сапасы мен жарамдылық жылын растайтын құжаттарды ұсынады.
29. Тез бұзылатын жүктер тасымалдауға оларды тиеу үшін кемелердің келу уақытын ескере отырып қабылданады.
30. Тез бұзылатын жүктер, егер құжатта көрсетілген тасымалдау мерзімі осы Қағидада белгіленген немесе тараптар келіскен жүкті жеткізу мерзімінен кем болса, тасымалдауға қабылданбайды.
Сырттан қарап тексеру кезінде табылған анық бұзылу белгілері бар (шіру, зең, дымқыл дақтар, шіріген иіс, ашу, сілекейлену, ыдыстан ағу іздері) тез бұзылатын жүктер тасымалдауға қабылданбайды.
Ыдыс ішіндегі жүктің сапалы жай-күйі және оның тауарлық сорттылығы тасымалдауға қабылдау кезінде тексерілмейді.
31. Портта (кемежайда) тез бұзылатын жүктерді сақтау үшін жабдықталған қойма үй-жайлары болмаған кезде жүк жөнелтушілер мен жүк алушылар жүктерді өзінің көлігімен кемеге әкеледі және тиісінше оларды кеме бортында алады.
32. Тез бұзылатын жүктер рефрижераторлық қондырғылармен жарақталған кемелерде, сондай-ақ арнайы осы үшін жабдықталған өзге де кемелерде тасымалданады.
33. Тез бұзылатын жүктерді (мұздатылған – етті, қосымша өнімдерді, эндокриндік шикізатты, балықты, балық сүбесін, жеміс пен көкөністерді, жұмыртқа өнімдерін; салқындатылған – мұз араластырылған ет пен балықты, ірімшік пен ірімшік массаларын, тоңазытқыштарда сақтағаннан кейін жұмыртқаны; суытылған етті; жаңа сауылған сүт пен кілегейді, қаймақты, сары май мен торта майды қоспағанда) жабдықталмаған, көбінесе өздігінен жүретін кемелерде тасымалдау мүмкіндігі туралы жүктің сапасын куәландыратын құжаттарда көрсетіледі.
Жүк жөнелтушінің талабы бойынша тасымалдаушы рефрижераторлық кемедегі температура журналын ұсынады, ал одан көшірмелерді береді.
34. Тез бұзылатын жүкті тасымалдауға арналған кемелердегі жүк үй-жайлары мұқият тазартылады, желдетіледі және санитарлық өңдеуден өтеді.
35. Мұздатылған және салқындатылған жүктерді тиеуге дейін рефрижераторлар трюмдері әдеттегі жүктерді тасымалдау үшін белгіленген температурадан 20 С төмен салқындатылады. Осындай жүктерді кемелерге тиеу тікелей тоңазытқыштардан, арнайы вагондардан немесе автокөліктен айлақтарда сақтаусыз жүзеге асырылады. Осындай тәртіппен межелі пункттерде кемелерден түсіру жүргізіледі.
36. Межелі пункттерде тез бұзылатын жүктерді түсіру мен беру басқа жүктердің алдында жүргізіледі.
37. Тез бұзылатын жүктерді түсіргеннен кейін кемелер қоқыстан тазартылады, қажет болған жағдайларда – ыстық сумен жуылады, желдетіледі және санитарлық өңделеді, ал корпустың ішкі қаптамасы және пиллерстер құрғақ шүберекпен сүртіледі. Ет пен балық өнімдерін тасымалдағаннан кейін әрқашан трюмдерді жуу жүргізіледі.
7. Жүктің салмағын анықтау
38. Жүктің салмағы кеменің шөгуі бойынша жүк операциялары уақытында балласт санының, кеме қорының (отынның, майдың, ауыз судың), сарқынды және шаруашылық лас сулардың өзгерістерін ескере отырып, оның жүкпен және бос су ығыстырғыштығының айырмасы бойынша мынадай формуламен анықталады:
G=(D r -g r )-(D 0 -g 0 ), мұндағы:
1) G – жүк салмағы, тонна;
2) g 0 мен g r – тиісінше бос және тиелген жай-күйдегі балласттың, кеме қорының, сарқынды және шаруашылық сулардың жиынтық саны, тонна;
3) D 0 мен D r – бос және тиелген кеменің су ығыстырғыштығы, тонна.
39. Орташа шөгуге байланысты кеменің су ығыстыруы шөгудің нақты өлшеулерін ескере отырып жасалған жүк шкаласы бойынша анықталады.
40. Бос және тиелген кеменің шөгуін жүк операциялары басталар алдындағы және аяқталғаннан кейінгі өлшеулер әрбір борт бойынша үш жерден мынадай тереңдеу маркалары бойынша жүргізіледі:
1) кеменің алдыңғы бөлігінде;
2) кеменің ортаңғы бөлігінде;
3) кеменің артқы бөлігінде.
Орташа шөгу барлық өлшеулер сомасын 8-ге бөлумен анықталады, әрі кеме шөгуінің ортаңғы бөлігіндегі (мидельдегі) мәні екі еселенеді.
41. Кемені тиеу немесе түсіру аяқталғанға дейін және одан кейін балласттың, ал қажет болған жағдайда отынның салмағы цистерналарды толтыру деңгейлерін өлшеу нәтижелері және тиісті калибрлеу кестелері бойынша анықталады. Қорлардың, соның ішінде отынның салмағы мен сарқынды және шаруашылық суларының салмағы қайта тиеу операциялары уақытында оларды алу немесе сарқынды және шаруашылық суларын тазалау станцияларына тапсыру жағдайларында ғана ескеріледі.
8. Кемелер мен контейнерлерге қойылатын талаптар
42. Тиеу үшін кемелер мен контейнерлер ыдыссыз тасымалданатын майда жүк легін тасымалдау кезінде жүктердің сақталуын қамтамасыз ететін техникалық жарамды жай-күйде, тиісті стандарттарда немесе техникалық шарттарда көзделден бастапқы қорабында немесе жеңілдетілген ыдыста, ал олар болмаған кезде – тасымалдау кезінде жүктің сақталуын қамтамасыз ететін орамда беріледі.
Бұл контейнерлерде азық-түліктік және өндірістік тауарлар, материалдық техникалық жарақтандыру заттары, азаматтардың жеке үй заттары тасымалданады.
43. Түсірілгеннен кейін контейнерге дезинфекция жүргізу немесе оны жуу талап етілетін жүктер, сондай-ақ кеме палубасына немесе контейнердің еденіне 15 кгс/см2 астам шоғырланған күш түсіретін ауыр салмақты жүктерді тасымалдауға рұқсат етілмейді.
9. Кемелер мен контейнерлерді пломбалау
44. Тиелген кемелер мен контейнерлер жүк жөнелтушінің пломбаларымен пломбаланады. Азаматтарға тасымалдауға ұсынылатын, үй заттары тиелген контейнерлер жүк жөнелтушінің қатысуымен кеме иесінің пломбаларымен пломбаланады, ал жүк жөнелтушілерге көліктік-экспедициялық қызметті жүзеге асыру кезінде осы көліктік-экспедициялық ұйым пломбалары қойылады.
45. Контейнерлер кемелер сияқты тәртіппен пломбаланады. Пломбалар мыналарға:
шпингалет үлгісіндегі құлыппен жабдықталған брутто салмағы 3 және 5 тонна болатын контейнерлерге тұтқасына қойылған құлып сабына бір-бір пломбадан, ал жұдырықшалы құлыппен жабдықталғандарға – соңынан жабылатын есіктің оң жапсырма құлпының ілмешекпен жабылған тұтқасына бір-бір пломбадан;
брутто салмағы 10, 20 және одан көп тонна болатын контейнерлерге соңынан жабылатын есіктің оң жапсырмасының сол жағында орналасқан құлпының ілмешекпен жабылған тұтқасына бір-бір пломбадан салынады.
46. Брутто салмағы 10, 20 және одан көп тонна болатын контейнерлерді пломбалаудан бұрын ілмешекпен жабылған тұтқа диаметрі 4 мм, ұзындығы 240-250 мм болатын күйдірілген сымнан жасалған бұғаумен бекітіледі. Бұғау тұтқаны және ілмешекті қамтиды (жабық күйінде), сым диаметрі 6 мм олардың арасы 30-35 мм болатын екі тесігі бар арнайы металл тілімше көмегімен соңына дейін жоғары бұралады.
Сымды бұғау тістегіштер немесе көрсетілген арнайы пластинка көмегімен шешіледі.
47. Бір жүкқұжатпен тиелген бірнеше контейнерлерді тасымалдау кезінде барлық контейнерлер бірдей бақылау белгілері бар пломбалармен пломбаланады.
10. Кемелердегі жүктерді орналастыру және бекіту
48. Кемелерде жүктерді орналастыру және бекіту Кемедегі жүктерді тиеудің, орындарын есептеудің және бекітудің техникалық шарттары бойынша жүргізіледі.
49. Кемеге жүк тиеу аяқталғаннан кейін жүк жөнелтуші мен кеме иесінің өкілдері жүкқұжатының беткі жағына «Жүк жөнелтушінің қатысуымен жүк Техникалық шарттарға сәйкес тиелді және кемеге орналастырылды» деген мазмұндағы белгіні өз қолдарымен куәландырады.
11. Кемені жүк тиеуге және жүкті түсіруге беру
50. Кемені немесе контейнерді жүк тиеуге (түсіруге) беру уақыты кеме иесінен жүк жөнелтуші (жүк алушы) тиісті хабарлама алған сәттен бастап есептеледі.
51. Түсірілгеннен кейін контейнерге дезинфекция өткізу немесе оны жуу талап етілетін жүктер, сондай-ақ кеме палубасына немесе контейнердің еденіне 15 кгс/см2 астам шоғырланған күш түсіретін ауыр салмақты жүктерді тасымалдауға рұқсат етілмейді.
12. Тасымалдау бойынша есептеулер
52. Тасымалдау бойынша есептеулер жөнелту пунктерінде жүзеге асырылады.
53. Жүргізілген тиесілі төлем жүкті беру пунктінде жүкқұжатта мөртаңбамен куәландырылады. Куәландырылған мөртаңбаға қарсы өндіріп алынбаған төлемдер межелі пунктте алынады.
13. Жүкті жеткізу мерзімдері және жеткізу мерзімін есептеу
54. Жүкті жеткізу мерзімдері жүк тасымалдауға қабылданған күннің 24 сағатынан бастап есептеледі.
Белгіленген тиеу күніне дейін жүкті тасымалдауға қабылдау кезінде жеткізу мерзімі осы жүк тиелген күннің 24 сағатынан бастап есептеледі, бұл туралы көліктік жүкқұжатта белгі жасалады.
55. Жүктерді жеткізу мерзімі жөнелту пунктінен межелі пунктке дейін барлық қашықтыққа есептеледі.
Шегінде жеткізудің әртүрлі мерзімдері белгіленген ішкі су жолдары бойынша жүк тасымалдау кезінде жалпы жеткізу мерзімі әрбір учаскеге жеке есептелген мерзімдер сомасы ретінде есептеледі.
56. Қосымша уақытты ескере отырып анықталған жүктерді жеткізу мерзімі тұтас ондыққа дейін дөңгелектеледі. Бұл ретте 0,5 тәуліктен кем қалдық назарға алынбайды, ал 0,5 тәулікке тең немесе одан асатыны тұтас тәулік ретінде қабылданады. Жүктің межелі пунктке келу уақыты көліктік жүкқұжатқа тиісті мөртаңба қоюмен куәландырылады.
57. Жүктерді жеткізу мерзімі әрбір басталған километрлердегі қашықтыққа (жол жүру нормасы) бір тәулік есебінен анықталады.
58. Белгіленген нормалар бойынша есептелген жүктерді жеткізу мерзімі мыналарға:
1) бір көліктік жүкқұжатпен салмағы 20 тоннаға дейінгі ұсақ жөнелтілімдермен тасымалданатын жүктерді жинақтауға және жөнелтуге 2 тәулікке;
2) өздігінен жүрмейтін кемелерде, сондай-ақ қойғыштарымен жұмыс істейтін өздігінен жүретін кемелерде мұнай құйылған жүктерді тасымалдаған кезде құрамды жинақтау мен қалыптастыруға 2 тәулікке ұлғайтылады.
14. Жүктерге билік ету, олардың мекенжайын өзгерту және қайтарылуы
59. Осы Қағидада мекенжайын өзгерту деп тасымалдауға қабылданған және жөнелту портында (кемежайында), жүру жолында немесе межелі пунктте жүктердің межелі пункттерін өзгерту ұғынылады. Осы Қағиданың қолданысы межелі пунктін өзгертпей жүк алушыны өзгертуге және бастапқы межелі пунктте түсірілген жүкті қайта жөнелтуге қолданылмайды.
60. Авариялық жағдайлар мен авариялық оқиғалардан басқа, мекенжайын өзгертуге рұқсатты күтіп, кемелерді жолда кідіртуге рұқсат етілмейді.
61. Жүктердің мекенжайын өзгерту жүк жөнелтушінің (жүк алушының) талабы бойынша жүргізіледі.
Бұл ретте жүк жөнелтуші (жүк алушы) тасымалдаушыға жазбаша өтініш береді, онда:
1) жүктің атауы мен салмағы;
2) көліктік жүкқұжаттың нөмірі және кеменің нөмірі;
3) жүк жөнелтуші және жөнелту порты (кемежайы);
4) бастапқы межелі порт (кемежай);
5) жаңа межелі порт (кемежай) және жаңа алушының атауы;
6) мекенжайды өзгерту себептері көрсетілуге тиіс.
62. Мекенжайы өзгерген жүктерді одан әрі тасымалдау үшін жаңа көліктік жүкқұжат жасалады.
63. Авария немесе авариялық оқиғалар салдарынан, сондай-ақ кемелердің шоғырлануын немесе тұрып қалуын болдырмау мақсатында жүктердің мекенжайын өзгерту жүк жөнелтушінің (жүк алушының) келісімімен жүзеге асырылады.
Жүктердің мекенжайын өзгерту бұл жағдайларда бастапқы көліктік жүкқұжат бойынша ресімделеді.
Көліктік жүкқұжатта межелі порт (кемежай) немесе жүк алушы түзетіледі және бұдан басқа көліктік жүкқұжаттың артқы жағында мекенжайын өзгерту туралы белгі жасалады.
15. Жүктерді сақтау, жібермеу және беру
64. Порттар (кемежайлар) тасымалдауға қабылдаған немесе порттарға (кемежайларға) жүк алушыларға беру үшін келген жүктер, сондай-ақ транзиттік жүктер кемеден кемеге, кемеден вагонға немесе вагоннан кемеге қайта тиелгенде қысқа мерзімді сақтау үшін олар жабық қоймаларға немесе ашық алаңдарға орналастырылады.
65. Навигациялық кезеңде порттардың (кемежайлардың) жедел қоймаларында кемелермен тасымалдауға жататын жүктерді, сондай-ақ сұрыптауға, орауға, маркалауға жататын жүктерді сақтауға рұқсат етілмейді. Ерекше температуралық режимді қажет ететін тез бұзылатын жүктер порттардың (кемежайлардың) қоймаларында оларды әкету үшін белгіленген мерзімнен аспай сақталады.
66. Жөнелту сәтіне дейін жинақтауды қажет етпейтін тасымалдауға қабылданған жүктер порттарда (кемежайларда) тегін сақталады. Тасымалдауға межеленген тиеу күнінен бұрын немесе навигация ашылғанға дейін берілген жүктер жүк тасымалдау шартында белгіленген шарттармен сақталады.
67. Межелі пункттерде порттардың (кемежайлардың) қоймаларына және айлақтарына келген және түсірілген жүктерді жүк алушылар мынадай шекті мерзімдерде әкетеді:
1) 4 сағат ішінде:
тірі, қиылған гүлдер; жас саңырауқұлақтар; шие, қызыл шие және өзге де жас жидектер, шабдалы;
еті бар жүктер (соның ішінде сойылған құс, жас құс еті, ет өнімдері), малдардың бас-сирағы және малдардың ішкі органдары;
сүт (қоюландырылғаннан басқа) және жаңа алынған кілегей;
балық (тірі, жаңа ауланған, мұздатылған), жаңа жасалған және мұздатылған балық өнімдері; ыстық сүрленген балық; балықтың тірі уылдырығы мен құртшабақтар; тірі шаян мен устрицалар, моллюска-крабтар;
мұз; ашытқы;
жарылғыш, улы және уландырғыш жүктер;
2) 8 сағат ішінде:
қарбыздан, картоптан, қызылша мен қырыққабаттан басқа, жаңа піскен көкөністер;
жүзім, алмұрт, өрік және шабдалыдан басқа жемістер;
жаңа сауылған сүттен басқа, сүт өнімдері; маргарин.
3) 12 сағат ішінде:
гүлдерден басқа, тірі өсімдіктер;
тірі жануарлар мен құстар;
түйірсіз, түйіршікті, бөлшектенген уылдырық;
аз тұздалған, тұздылығы 8-12% балық;
сыра, сіріңке;
4) 24 сағат ішінде:
жарылғыш, улы, уландырғыш жүктен және сіріңкеден басқа, қауіпті жүктер;
қарбыз, асқабақ, картоп, қызылша және қырыққабат;
былғары, тері, өңделмеген аң терісі;
шараптық спирт;
алколгольсіз сусын;
табак, әк, кәдеге жаратылатын шикізат және қыл-қыбырлар;
химиялық өнеркәсіп өнімдері; фосфор;
5) 48 сағат ішінде:
тұздалған, ашытылған, жібітілген, қақталған көкөністер мен саңырауқұлақтар, сондай-ақ көкөністерден жасалған повидло мен пюре;
қақталған, маринадталған, жібітілген жемістер мен жидектер, жемісті және жидекті повидло, пюре және қамыр, жеміс пен жидектен жасалған тосап;
жоғарыда көрсетілгендерден басқа, тұздалған, кептірілген, сүрленген, маринадталған балық және балық өнімдері;
кондитерлік және ұн өнімдері;
цемент; жерді тыңайтатын заттар;
6) 5 тәулік ішінде:
жоғарыда айтылғандардан және үй заттарынан басқа, өзге де жүктер;
7) 30 тәулік ішінде:
үй заттары.
68. Жүктерді сақтау және әкету мерзімі тасымалдаушының құралдарымен жүктерді түсіру сәтінен бастап есептеледі.
69. Өз айлақтарында жүк алушының құралдарымен түсірілген жүктер түсіру аяқталған сәттен бастап жүк алушы қабылдаған деп есептеледі.
70. Порт (кемежай) сақтауға қабылдаған жүктер мынадай қағидаларды сақтаумен қоймаға қойылады:
1) бір жөнелтімдегі барлық орындар қатар, маркалары, жүктің осы жөнелтімге жататынын білу үшін және жүк орындары санын есептеу үшін көрінетіндей сыртына шығарылып салынады, жекелеген жөнелтімдер бір-бірінен бөлек болуға тиіс;
2) қатардың биіктігі жүктің қасиетін, ыдыстың (орамның) беріктігін және қойма үй-жайының бір шаршы метріне түсетін рұқсат етілетін жүктемені ескере отырып қабылданады;
3) қоймалар мен алаңдарда:
қатарлар арасында – ені кемінде 1 метр, қойма есігінде – есіктің еніне тең, қатарлар мен қойма қабырғасы арасында – 0,5 метр өтетін жер қалдырылады:
4) жүктерді қоймаларда және ашық алаңдарда орналастырған кезде портішілік механикаландырудың (электр арбашалар, штабель төсегіштер, автокарлар және басқалары) еркін жылжуы мен маневр жасауын да қамтамасыз ететін өрт сөндіру және темір жол өтпелері бос қалдырылады;
5) жүк алушыларға көмек көрсетуді жақсарту және жұмыстарды жүргізудің қолайлы болуы мақсатында жүктерді сақтау кезінде оларды біртектілігі, бағыттары және иелері бойынша топтастыру қажет.
71. Порттар (кемежайлар) жүктің бұзылуының алдын алу үшін жүктерді ұдайы түгендеуді жүргізеді.
16. Жүктерді сату
72. Мынадай жағдайларда:
1) сақтау үшін ерекше жағдайларды талап ететін (тез бұзылатын) жүктерді сақтау мүмкін болмаған;
2) егер жүк тасымалдау үшін жүкті қабылдауды тоқтату мерзімі басталғанға дейін тасымалдауға қабылданса және Заңның 60-бабының 1-тармағында көрсетілген себептерді қоспағанда, рейсті жалғастыруға ұзақ кедергілер болуына байланысты кеме жолда кідірсе тасымалдаушы жүк жөнелтушімен (жүк алушымен) келісім бойынша шаралар қабылдайды;
3) егер жүк тасымалдау үшін жүк қабылдауды тоқтату мерзімі басталғаннан кейін тасымалдауға қабылданса және Заңда көрсетілген себептерді қоспағанда, рейсті жалғастыруға ұзақ кедергілермен байланысты жолда кідірсе және жүк жөнелтушіден (жүк алушыдан) төрт тәулік ішінде жүкпен не істеу қажеттігі туралы өкім түспесе, тасымалдаушы жүктерді сатуды жүргізеді.
73. Жүкті сатуды тасымалдаушы дербес немесе сауда ұйымдары арқылы жүргізеді.
74. Жүкті сауда ұйымдарына беру талап етілмеген жүктерді сату қоймалары арқылы жүргізіледі.
Тез бұзылатын жүктерді осы жүктер тұрған порттар (тасымалдаушы) тікелей сатады.
75. Сату орнына жүкті тасымалдау сату пунктіне дейін сәлемдеме ретінде және бастапқы көліктік жүкқұжатты қоса берумен жүргізіледі.
76. Жүктер құрамында тасымалдаушының және жүк жөнелтушінің (жүк алушының) өкілі бар комиссияның бағалауы бойынша беріледі немесе сатылады. Жүкті бағалау туралы комиссия мүшелерінің қолы қойылған акті жасалады.
77. Жүкті бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген салық төлемдерін есепке ала отырып, нарықтық бағалармен жүргізіледі.
78. Жүру жолында немесе порттарда (кемежайларда) жүктерді сатудан алынған ақша қаражатының сомасы (бұдан әрі – сома) тасымалдаушыға тиесілі сомасы шегере отырып, жүк жөнелтушіге (жүк алушыға) төлеу үшін нотариустың атына депозит шартында енгізіледі.
79. Тасымалдаушыға тиісті төлемдерді және оларды сатуға жұмсалған шығындарды шегер отырып, жүктерді сатудан алынған сома жүк құнын төлеген жағдайда жүк алушыға немесе басқа жағдайларда жүк жөнелтушіге аударуға жатады.
80. Егер жүктерді сатудан алынған сомалар тасымалдаушыға тиісті төлемдер мен жүктерді сақтауға және сатуға арналған шығыстарды өтеуге жеткіліксіз болса, тасымалдаушы түгел алынбаған соманы жүк жөнелтушіден өндіріп алуға құқылы.
17. Қауіпті жүктерді тасымалдау
81. Қауіпті жүктерді тасымалдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін Қауіпті жүктерді ішкі су көлігімен тасымалдау қағидасына сәйкес жүзеге асырылады.
18. Жүктерді басқа мекенжайға жіберу
82. Жүктерді басқа мекенжайға жіберуге кеме иесі мен жүк жөнелтушінің өзара келісімі бойынша рұқсат етіледі және жеке тасымалдау шартымен ресімделеді.
19. Кемені тазалау
83. Жүктен босатылғаннан кейін кемені жүк алушы қоқыстан тазартады, ал қажет болған жағдайларда – жуады.
84. Кемені тазаламағаны үшін жүк иесі кеме иесіне тазалау жұмыстарының құнын екі есе мөлшерде төлейді.
20. Актілерді жасау тәртібі
85. Тасымалдау кезінде туындаған жағдайларға байланысты коммерциялық актілер және жалпы нысандағы актілер жасалады.
Коммерциялық актіні жасауға мыналар:
1) жүктің ақауларын тапқан адам;
2) жүк алушы (егер ақау ол барда анықталса);
3) жүкті порттан (кемежайдан) немесе кемеден қабылдайтын басқа көлік түрінің өкілі;
4) порт әкімшілігінің өкілі немесе кемежай иесі;
5) жауапкершілігінде жүк болған адам тартылады.
86. Жүк толық (ішінара) зақымдалған (бұзылған) кезде жүк алушы жүкті порттан (кемежайдан) әкеткенге дейін жүк алушы жүктің бұзылу немесе зақымдалу дәрежесін анықтауды (сараптама белгілеуді) және коммерциялық акт жасауды талап етуге құқылы.
87. Актiні жасауға себеп болған мән-жайлар iс жүзiндегi барлық деректердi нақты жазумен сипатталады, сипаттамаға жорамалдар, болжамдар, тұжырымдар мен қорытындылар енгiзілмейді.
88. Коммерциялық акт компьютерде, түзетусіз және тазартып өшірусіз қаламмен немесе сиямен үш данада жасалады. Ол жасалған кездегі барлық толықтырулар немесе түзетулер ескеріледі және акт жасауға қатысқан адамдардың қолымен бекітіледі.
Бірінші данасы тасымалдаушыға тапсырылады, екіншісі жүк алушыға оның талабы бойынша беріледі немесе тасымалдау құжатына қосылады, ал үшіншісі порт әкімшілігінде сақталады.
89. Коммерциялық акт мынадай:
1) жүктің нақты атауы, жүк салмағы, жүк орындарының саны тасымалдау құжатында көрсетілген деректерге сәйкес келмеген;
2) жүк жоғалған, жетіспеген немесе зақымдалған (бұзылған);
3) тасымалдау құжаттары жоқ жүк, сондай-ақ жүксіз тасымалдау құжаттары табылған;
4) тасымалдаушыға ұрланған жүк қайтарылған жағдайларда жасалады.
Коммерциялық актілердегі деректер тасымалдау құжаттарының, өлшеулердің, зертханалық талдаулардың нәтижелері және басқалар негізінде көрсетіледі.
90. Жалпы нысандағы акт осы Қағиданың 89-тармағында көзделмеген мән-жайлар расталған жағдайда жасалады.
Жалпы нысандағы актіге акт жасау үшін негіз болған мән-жайларды куәландыруға қатысқан адамдар, бірақ кемінде екі адам қол қояды.
Акт жасауға қатысатын тараптар оған қол қоюдан бас тартуға құқылы. Жалпы нысандағы актінің мазмұнымен келіспеген кезде онда өз пікірін жазады.
91. Акт оны жасауды талап ететін жағдайлар айқындалғанда дереу жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |