Ислам әдебі тақырыбын жалғастыра отыра, бүгінгі дәрісіміздің тақырыбы «Ішу әдебі» болады



Дата18.07.2016
өлшемі117.74 Kb.
#206491
Ішу әдебі
Ислам әдебі тақырыбын жалғастыра отыра, бүгінгі дәрісіміздің тақырыбы «Ішу әдебі» болады.

Құрметті бауырым, біліңіз сахабалар [Аллаһ оларға разы болсын] арқылы жеткен әдептерді үйренсеңіз, сіз Пайғамбарымыздың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] әдебін үйренген боласыз. Осы пайдалы дәрісті таңдағанымыз, мұсылман бауырларымыз сүйікті Пайғамбарына [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] ұқсап, еріп, сауаптансын, Аллаһ Тағаланың разылығын алсын деген ниетте едік. Аллаһ тағаладан өзім үшін, сіз үшін осы жемістерді сұрай отыра, ішу әдебіне бисмилләһ деп кірісейік.


Бірінші әдеп «Бисмилләһ» деп бастау»

Яғни Аллаһтың атымен деп бастау. Оған дәлел, Омар ибн Әби Сәләмә [Аллаһ оған разы болсын]: «Кішкентай кезімде, мен дастархан басында Пайғамбардың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] тізесінде отырдым. Қолым ыдыстан ыдысқа ауысып отырды (яғни дастарханның мына жерінен бір, ана жерінен бір жеп отырдым). Сонда Аллаһ елшісі [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] маған: «Ей бала, Аллаһтың атымен баста, оң қолыңмен же және алдыңнан же» дегенін жеткізген.[Бухари, Муслим]. Ғалымдар бұл хадис жеу сияқты, ішуге де қатысты деген. Яғни мұсылман бір нәрсе ішерде «Бисмилләһ» сөзін айтып және оны ұмытпауы керек. Әрі қарай иншаллаһ Пайғамбарымыздың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] қалай ішкенін сипаттаймыз.


Екінші әдеп «Отырып ішу»

Негізінде бұл тақырыпқа бізде екі хадис бар. Оның бірі Абу Саид аль-Худриден [Аллаһ оған разы болсын]: «Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]тұрып ішуді тыйған» деген хадисі. [Муслим]. Екіншісі, Ибн Аббастан [Аллаһ оған разы болсын]: «Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] зәмзәм суын тұрып ішкен»деген. [Бухари, Муслим]. Бұл екі хадисті байқасақ, бір-біріне қарама-қайшылық білдіріп тұр. Біріншісі, тұрып ішуге тыйым салып, ал екіншісі тұрып ішуге рұқсат етіп тұр. Ғалымдар бұл екі хадисті қосып мынадай тұжырымға келген. Дұрысы отырып ішу, ал егер белгілі бір себеп туса, онда тұрып ішуге рұқсат. Қандай себеп болуы керек? Ғалымдар екінші хадисті түсіндіре, бұл Пайғамбарымыздың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] қоштасу қажылығы еді. Зәмзәм құдығының басында халық көп болған соң, зияны өзіне, яғни адамдардан зиян тиіп қалады деген Пайғамбар [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] тұрып ішкен екен.

Сонымен, негіз, отырып ішуіміз керек. Тек арнайы себеп болған жағдайда ғана тұрып ішеміз.
Үшінші әдеп «Оң қолыңмен ішу»

Харис ибн Уахбин аль-Хузейнадан[Аллаһ оған разы болсын]: «Маған Пайғамбарымыздың әйелі Хафса [Аллаһ оған разы болсын] айтты: Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] ас жерде, бір нәрсе ішерде, киімде де оң қолын қолданатын еді. Ал басқандай жағдайда сол қолын қолданады»дегенді жеткізген.[Абу Дауд]. Хадисті түсіндіре кетсек. Ас, тамақ жерде оң қолмен жейтін еді. Су, шай, сүт т.б. нәрсе ішкенде де оң қолын қолданған. Киім кигенде оң жақтан бастап киген. «Ал басқада сол қолын қолданатын еді» дегені киімін шешерде, сол жақтан бастап шешкен деген мағынада. Міне, осы Пайғамбарымыздың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] әдебі, ақлағы. Адам осы әдептерді қайталай отыра, сүйікті Пайғамбарына ұқсап, одан ол ләззат алады.

Шынында ғибадатты махаббатпен жасауда өзіндік, бөлек бір дәм бар. Біліңіз сенімнің, яғни иманның дәмі болады. Кейбір адамдар иманды тек діни жоралар деп түсінеді. Олай емес, сенімде өз ләззәті, дәмі бар. Оның дәмін және оны сезуге болатынына бізде дәлел бар. Ибн Аббастан [Аллаһ оған разы болсын]Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]: «Иман дәмін Аллаһты жаратушы деп, Исламды дін деп, Мухаммедті [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] пайғамбар деп өз ризалығын білдірген ғана татады (сезеді)»деген. [Муслим]. Бұл хадис иманның, яғни сенімнің дәмі бар екенін және оны сезуге болады екенін білдіріп тұр. Енді, бұл хадис бізді тағы бір сұраққа итеріп тұр. Біз білеміз, бұл дүниеде екі түрлі дәм бар. Біріншісі тәтті, екіншісі ащы. Енді иманның дәмі қайсысы, тәттісі ме, әлде ащысы ма? Оған Пайғамбарымыздың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] өзі жауап береді. Бухари мен Муслимнің хадистер жинақ кітаптарында Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]: «Аллаһ және оның елшісін бәрінен жоғары сүйген, адамды тек Аллаһ үшін сүйген және Аллаһ күпірліктен құтқарған соң, сол күпірлікті жек көріп, тозаққа тасталудан қорыққан адам иманның тәтті дәмін татады» деген. Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]ащы, қышқыл деген жоқ, тәтті деді. Бұл тәтті дәмді, біз ғибадатымызбен сезе аламыз. Мысалы: намаз оқығанда, ораза ұстағанда, ағайындық қатынасты үзбей және барлық Аллаһ разылығы үшін жасалатын амалдарымызда ықылас танытсақ сезе алады екенбіз.

Сол үшін бауырым, Пайғамбарымыздың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]артынан еріп, иманның тәтті дәмін татайық.

Сонымен не ішсек оң қолмен ішіп, Пайғамбарымызға [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]ұқсауды ниет етейік. Осы ішуіміз ғибадатқа айналып, сауаптанамыз. Себебі, Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] бір сөзінде «Амалдар ниетке байланысты. Расында, әрбір адам ниет еткеніне қол жеткізеді» деген.[Бухари, Муслим]. Пайғамбарға [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]ұқсауды ниет етсек, Аллаһ тағала біздің бұл ісімізді жақсы амалдар қатарына жазып, сыйлығымызды береді иншаллаһ.
Төртінші әдеп «Ыдысқа дем алмау».

Яғни су, шай т.б. сол сияқты нәрсені ішіп жатып дем шығарғымыз келсе ыдысқа емес, жанға қарай шығаруымыз керек. Әрине, содан соң ішуімізді жалғастыра береміз, бірақ ыдысқа дем алмаймыз. Медицина ғалымдары ыдысқа демалуымызбен микроб қондырамыз деп айтады. Бірақ бұл бізді мазаландырмайды. Өйткені Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]бізге тек екі өмірде пайда беретін нәрсені бұйырды. Аллаһтың сәлемі, игілігі болсын сізге я Аллаһ елшісі. Бухари мен Муслим жеткізген хадисте Абу Қатада [Аллаһ оған разы болсын]: «Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]: «Егер сендерден біреу бір нәрсе ішпекші болса, ыдысқа дем алмасын»дегенін айтты.

Тыңдадық та бойұсындық я, Аллаһ елшісі [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын].

Қымбатты бауырым, осы көркем әдептерді біз өз балаларымызға да үйретуді ұмытпайық.


Бесінші әдеп «Ішімдікті екі немесе үш жұтымнан жұту»

Яғни, «бисмилләһ» деп бір жұтып, кейін «алхамдулиллаһ» деп айту. Кейін қайта «бисмилләһ» деп екінші жұтып, тағы да «алхамдулиллаһ» деп айтамыз. «Бисмилләһ» деп үшінші жұтым алып, сосын «алхамдулиллаһ» деп айту. Оған дәлел Анас ибн Малик немересі Сумама [Аллаһ ол екеуіне разы болсын]жеткізген хадис.

Анасті [Аллаһ оған разы болсын] білеміз. Пайғамбарымыздың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]қызметшісі, қолында он жыл қызмет қылған сахаба. Пайғамбарымыздың қолына келгенде он жаста еді. Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]дүниеден өткенде жиырма жаста болған. Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]жасаған берекелі дұғадан өмірі ұзақ болған. Өзінің 90 баласының өмірден өткенін көрген. Және бай болған. Өзі айтқандай: «Менің бақшам жылына екі рет жеміс береді» деген. Бұның бәрі Пайғамбарымыздың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]берекелі дұғасынан еді.

Сол Анас немересі Сумама [Аллаһ ол екеуіне разы болсын]: «Атам бір нәрсе ішерде екі немесе үш деммен ішіп, ал Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] үш деммен ішетін еді»дегенін айтты.[Бухари, Муслим].


Бұл кісі [ШейхУәхидӘбдуәс-СәләмБәли] ғылыми дерек көзін жинай отыра, Пайғамбарымыздың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]қалай ішкенін сипаттайтын сахих хадистерді іздеген. Аллаһ тағаладан дұға сұрап, мақсатына жетті. Бұл хадисті жеткізген адам Пайғамбардың жанынан қалмаған, дүние, саудасын білім үшін тастаған, сол үшін бұл кісі бәрінен көп хадис білген. Ол сахаба Абу Хурайра [Аллаһ оған разы болсын]. Бұл хадис Фатхуль аль-Бари кітабында жазылған. Абу Хурайра [Аллаһ оған разы болсын]: «Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] бір нәрсе ішсе үш деммен ішкен. Ыдысты аузына жақындатқанда «бисмилләһ» деп ішіп, алыстатқанда «алхамдулилләһ» дейтін. Осылай ол үш мәрте істейтін»деген.[ат-Табарани, Хафиз ибн Хажар]. Егер бір нәрсе ішкіңіз келсе, осы сүннетпен жүріңіз. Медицина ғалымдары осы мәселені дәлелдеген, шөлдеген адам суды бірінші кішкене жұтқаны жақсы, содан соң дем алып тағы оданда көбірек ішкені жақсы, сосын тағы дем алып, кейін шөлін қандырғанша ішкені жақсы дейді. Яғни, үшке бөліп отыр. Олар: «Осы жолмен ішкен адам біріншіден көп ішпейді. Екіншіден, бұл бүйрек ауруынан сақтайды. Үшіншіден, су адам денесіне жақсы қортылады» дейді. Ал бірден ішсең тоймайсың, ауруға шалдығасың және асқазанға зиян болады. Ал енді сүйікті Пайғамбарымыздың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] хадисін оқиық. Анас ибн Малик [Аллаһ оған разы болсын]: «Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] үш деммен сусынды ішіп айтты. «Шынында осылай тойымды, шипалы және жанға жайлы». Анас: «Мен де осылай ішемін»деді.[Муслим]. Осы хадисті түсіндіре кетсек, «осылай тойымды» яғни, осылай ішсең тоқ боласың. Ал бірден ішсең тоймай қаласың. «Шипалы» дегені аурулардан сақтанасың. «Жанға жайлы» яғни, денеге жеңіл қорытылады. Қазіргі кезде медицина бұл туралы енді айтып жатыр, ал Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]олардан озып айтқан. Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]өздігінен айтпайды. Бұның бәрі уахи, яғни Алладан.
Алтыншы әдеп «Ішетін нәрсеге үрлемеу»

Абдуллаһ ибн Аббас [Аллаһ оған разы болсын]: «Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] ыдысқа дем алуды және үрлемеуді тыйған»деп айтқан. [Тирмизи]. Яғни, шай ыстық болса, суығанша тұра тұрып немесе ыдыстан ыдысқа сапырып, суыту керек. Және де кейде ішімдікке қоқым тұрып қалады, бұл жайлы жоғарыда айттық. [Жеу әдебіндегі 8-ші әдепті қараңыз].

Кейбір адамдар сүннетті уахи емес, яғни Аллаһтан емес дейді. Бірақ біз Аллаһтан деп айтамыз. Оған дәлел бір сахаба Омар ибн Хаттабқа [Аллаһ оған разы болсын]келіп: «Мен Пайғамбарға [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]уахи түсіп жатқанын көргім келеді»дейді. Сол уақытта Пайғамбарымызға [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]бір кісі қажылық сұрақтарымен келеді. Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]сәл үндемей қара терге түседі. Омар әлгі сахабаны: «Бері кел, қара» деп шақырып, Пайғамбардың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]шатырын көтереді. Сахаба Пайғамбарымызға [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]уахи түсіп, қара терге түсіп жатқанын көреді. Содан соң Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]: «Әлгі кісі қайда?» дейді [яғни сұрақтарымен келген кісі]. Ол кісі өз жауабын алып кетеді. [Бухари]. Бұл жерде айтайын дегеніміз сүннеттің де уахи, яғни Аллаһ тағаладан екеніне дәлел.
Жетінші әдеп. «Местің[торсықтың] аузынан ішпеу»

Әбу Хуруйрадан [Аллаһ оған разы болсын], ол:«Аллаһ елшісі торсықтың немесе местің аузынан ішуден және көршісінің дуалына қазық қағуына кедергі жасаудан қайтарды»деген. [Бухари]. Торсық теріден жасалған соң, аузынан ішіп жатқан уақытта адам байқаусыздан үстіне төгіп алуы мүмкін. Екіншіден, қазіргі уақытта адамдар пластмас шөлмек қолданады. Сен екі адам болып ішіп тұрсаң, қасыңдағы адам жиіркеніп ішпей қалуы мүмкін.



Сегізінші әдеп «Суды оң жағыңдағыға беру»

Мысалы сіз су сұрадыңыз. Сіздің оң, сол жағыңызда адамдар бар. Сол кезде оң жағыңыздан бастайсыз. Оған дәлел Анас ибн Маликтен [Аллаһ оған разы болсын] жеткен хадис. Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]сол Анастың үйінде болғанда, сумен араласқан сүт ұсынады. Сүтті ішіп болған соң, Пайғамбарымыздың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]сол жағында Абу Бакр [Аллаһ оған разы болсын] оң жағында бір бәдәуи тұрады. Ыдысты бәдәуиге беріп қояды деген Омар [Аллаһ оған разы болсын] Пайғамбарымызға [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]: «Я Аллаһ елшісі, Я Аллаһ елшісі Абу Бакрге беріңіз, Абу Бакрге беріңіз, ол қасыңызда тұр» дейді. Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]ыдысты бәдәуиге береді. Сосын ол [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]: «Аллаһ шариатында жағыну жоқ. Бірінші оң жақ, сосын басқалары» деп айтады. [Бухари, Муслим]. Хадиске қысқаша түсінік беріп кетсек. Сүтті сумен араластырды дегені, арабтар сүтті солай сұйықтандырып ішкен. Бірақ әрине сүтті сатқанда олай жасауға болмайды. Исламда ол харам. Және де Абу Бакрді [Аллаһ оған разы болсын] айта кетсек, оның иманы бүкіл үмметтің иманымен өлшесек Абу Бакрдің иманы басып кетеді. Бірақ Аллаһ елшісі [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] оң жақтан бастады. Бұл бізде сүннет. Сол жағыңызда бай адам тұрса, оң жағыңызда жай адам тұрса да, оң жақтан бастайсыз.


Тоғызыншы әдеп «Алтын және күміс ыдыстан ішпеу» Молшылықта өскендер, әуестенгендер осындай ыдыстарды қолданады. Ал исламда оған тыйым салынған. Хузейфа [Аллаһ оған разы болсын]Пайғамбарымыздың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]: «Жібек кимеңіздер, алтын-күміс ыдыстардан ас, су ішпеңіздер. Шынында бұлар олар үшін бұл өмірде, ал біздер үшін анау өмірде» дегенін жеткізген. [Бухари, Муслим]. Яғни, «олар үшін» дегені мұсылман болмағандарға, ал «біздер үшін» дегені мұсылмандарға, яғни жаннатта иншаллаһ. Сол секілді Муслим жеткізген хадисте Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]: «Кім алтын-күміс ыдыстардан (бір нәрсе) ішсе, ол ас қазанына тозақтың отын құйып жатыр» деген.
Оныншы әдеп «Ішкізуші соңынан ішеді»

Мысалы қолыңызда су бар және қасыңызда біреу тұр. Өзіңіз ішпей бірінші оны сусындандырасыз содан кейін өзіңіз ішесіз. Оған дәлел Абу Қатада [Аллаһ оған разы болсын] жеткізген хадисте Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]: «Ішкізуші соңынан ішеді» деген. [Муслим].


Он бірінші әдеп «Жатарда ыдыс бетін жабу»

Яғни ұйқыға кетерде ыдыстардың ауыздарын жабу керек, ол ас болсын, су болсын. Бұл біздің қарындастарымызға қатысты. Бухаридің хадистер жинағында Жабир ибн Абдуллаһ [Аллаһ оған разы болсын]:Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]: «Ыдыстарды жабыңыздар, торсықтың аузын байлаңыздар, есіктерді құлыптаңыздар, балаларды үйге кіргізіңіздер, шамдарды өшіріңіздер» деген. «Балаларды үйге кіргізіңіздер» яғни кеш, күн батар уақыты, себебі жындардың тола шығатын уақыты. «Шамдарды өшіріңіздер» мысалы тышқан секілді жәндік тиіп кетіп, үй өртеніп кетуі мүмкін. Бірақ біздің бұл әдеппен қатысты Пайғамбарымыздың [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]: «Ыдыстарды жабыңыздар» сөзі. Тағы сүннет амалдардан ыдыс бетін «бисмилләһ» деп жабу керек. Оған дәлел Бухаридің хадистер кітабындағы Жабирдің [Аллаһ оған разы болсын]жеткізген хадисі. Ол: Пайғамбарымыз[Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]:«Балаларды күн батарда кіргізіңіздер, себебі бұл уақыт шайтанның шығатын уақыты, ал күн батқан соң шығарыңыздар». Есіктерді «бисмилләһ» деп жабыңыздар. Шамдарды «бисмилләһ» деп өшіріңіздер. Торсықтың аузын бисмилләһ деп байлаңыздар. Ыдыс-аяқтарыңызды бисмилләһ деп жабыңыздар. Ең болмағанда кішкене таяқпен» деген. Яғни сіз ыдысты жабатын нәрсе таппасаңыз кішкене таяқпен, мысалы қарандаш секілді нәрсемен бисмилләһ деп жабасыз. Неге жабу керекпіз. Себебі жыл ішінде бір түні жерге ауру түседі екен. Ол ауру жабылмаған ыдыстарға қонады екен. Бұған дәлел Жәбир [Аллаһ оған разы болсын]:«Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]: Ыдыстарды жабыңыздар. Бөрдек ауыздарын байлаңыздар. Себебі жылда оба ауруы түсетін бір түн бар. Егер оба ауру жабылмаған ыдыстың, байланбаған бөрдектің қасынан өтетін болса, міндетті түрде ол ауру соған қонады»дегенін естідім.[Муслим].


Он екінші «Ішіп болған соң «алхамдулиллаһ» сөзін айту». Яғни ішу басында «бисмилләһ» ал аяғында «алхамдулилләһ» деп айтамыз. Бұл сүннеттерді бұлжытпай, тастамай орындайтын болсақ, құрметті бауырым, Аллаһ разылығына ілінуге мүмкіндігіміз бар. Оған дәлел Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]: «Шынында Аллаһ астан, сусыннан кейін Аллаһты мадақтайтын құлына риза болады».[Муслим]. Осы әдебімізге қатысты сіздерге бір керемет хадис таптым. Бұл хадисті Абу Дауд жеткізген. Пайғамбарымыз [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын]бұл дұғаны астан, бір нәрсе ішіп болған соң «Бізді тамақтандырған, сусындандырған және оны жеңіл сіңімді қылған және оған жеңіл шығыс берген Аллаһқа мақтау-мадақтар болсын» деп айтатын.Бұл хадисті түсіндіре кетсек. Аллаһқа шүкір бізді тамақтандырды, сусындандырды және оны бойымызға жеңіл сіңуімен нығметтендіріп қойды. Өйткені сондай адамдарды көреміз ас қазаны ештеңе қабылдамайды, қортуы қиын. Мысалы бір миллионерді алайық. Өзінің жұмысшыларына ас бермекші болады. Кішіпейілдігін көрсетіп олармен бірге отырады. Дастархан ризыққа толы, ет, балық, қазы-қарта, жүзім, қымыз-шұбат дегендей. Бірақ бай нанға сыр қосып жеп отырады. Оған жұмысшылар ет ұсынады. Ол: жоқ, рахмет менде артрит ауруы бар. Жесем ауырып қаламын. Оған палау ұсынады. Ол: «Менде қант диабеті, жесем өліп қалуым мүмкін» дейді. Субханаллаһ кедейлер қалағандарын жеп отыр. Аллаһ оларды денсаулықпен нығметтендіріп қойған. Ал байды бұл нығметтен мақұрым қылып қойған. «Жеңіл сіңу» яғни организмді жақсы жұмыс жасатып қойған, тамақты жақсы қорытатындай етіп. Және «оған шығыс берген» яғни қажеттілігімізді жеңіл орындаймыз. Ондайда адам кездеседі дәреті шықпай қиналатын. Бұның бәрі нығмет.
Есіме бір уақиға түсіп отыр. Бір халиф адамдарынан бір кесе су сұратады. Су әкелген қызметші: «Сізге сұрақ қойсам бола ма?» дейді. Халиф: «ия, бірақ тез» дейді. Қызметші: «егер елде шөл болса осы бір кесе суға не берер едіңіз?» дейді. Суын ішіп болған соң Халиф: «Мүлкімнің жартысын берер едім» деп жауап береді. Әлгі қызметші: «Ал бұл су бойыңыздан шықпай қалса [дәретіңіз жүрмей қалса] оның шығуына не берер едіңіз?» Халиф: «Бүкіл мүлкімді берер едім» дейді. Сонда қызметші: «Сіздің мүлкіңіз сонда бір дәреттің шығуына тұрмайды екен» деп айтқан.

Яғни бұның бәрі Аллаһ тағаладан нығмет.


Сөзімнің соңы Аллаһқа сансыз мақтау мадақтар болсын. Пайғамбарымызға [Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын] және оның сахабаларына[Аллах разы болсын] сансыз салауаттар болсын деп аяқтаймын.

Ішу әдебі
Бірінші әдеп «Бисмилләһ» деп бастау»

Екінші әдеп «Отырып ішу»

Үшінші әдеп «Оң қолыңмен ішу»

Төртінші әдеп «Ыдысқа дем алмау»

Бесінші әдеп «Сусынды бір екі немесе үштен жұту»

Алтыншы әдеп «Ішетін нәрсеге үрлемеу»

Жетінші әдеп. «Местің аузынан ішпеу»

Сегізінші әдеп «Суды оң жағыңдағыға беру»

Тоғызыншы әдеп «Алтын және күміс ыдыстан ішпеу»

Оныншы әдеп «Ішкізуші соңынан ішеді»

Он бірінші әдеп «Жатарда ыдыс бетін жабу»

Он екінші «Ішіп болған соң «алхамдулиллаһ» сөзін айту»

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет