«Ислам және қазақтың мәдени дәстүрлері» «Мәдениет және дін»


Рулық, тайпалық жүйе мен жүздік құрылымдардың киелілік сипаты және түркі мемлекеттігі



бет6/24
Дата11.12.2023
өлшемі131.22 Kb.
#486160
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24
Ислам және қазақтың мәдени дәстүрлері

Рулық, тайпалық жүйе мен жүздік құрылымдардың киелілік сипаты және түркі мемлекеттігі
Сабақтың жоспары: 1. Исламдық билік жүйесінің өзгеру себептері
2. Түркілердің ислам дінін қабылдауы мен мемлекеттің билік жүйесінің өзгеру себептері
3. Көне түркілік билік жүйесінің қайта қалпына келтіруде Йасауи жолының ролі.
Рухани билік пен саяси билік арасындағы тартыс ислам тарихының басынан бері жүріп келеді. Діндарлар өзіне халифті бағындырғысы келді. Халифтер өз кезегінде дінге ықпал еткісі келді. Формалды түрде халифтар зайырлы және діни биліктің иесі болып көрінгенімен шын мәнінде, діни процестерге ықпалы бола қойған жоқ. Оған Аббас әулетінен шыққан халифтардың дінді өздеріне бағындырмақ болған әрекеттері дәлел бола алады. Мұның өзі діни билік пен саяси биліктің бірлігі туралы жалпы исламдық қағидаға қарамастан дін мен мемлекеттің екі бағытта дамығандығын көрсетеді.
XI ғасыр қарсаңында исламдағы мемлекеттік билік жүйесі де өзгерді. Алғашында қолына бар билікті шоғырландырған халифтар уақыт өте келе өзгелердің қолына берілген биліктің заңдылығын куәландырып отыратын қауқарсыз тұлғаға айналды. Бірақ, ол сырттай қарағанда, Жаратушының жердегі таңдауына лайық, Құранда айтылатын «Халық алдына шығарылған қауымның таңдаулысы болып көрінді». Құран (3:10). Мемлекетті басқару қолында әскери билігі бар билеушілер қолына өтті. IX ғ. өзінде саяси жағдайдың өзгеруі мемлекетті басқару жүйесінің өзгеруіне, діни-рухани билікті мемлекетті басқару жүйесінен шеттетуге әкелді. Мемлекетте қалыптасқан әскери басқару аппараты күн өткен сайын Ирандық басқару жүйесіне көшіп, халифқа мойынұсынудан бас тартты. Олар саяси, экономикалық билік жүйелерін өз қолдарына шоғырландырды. Олар дінге де билік жүргізгісі келді. Бірақ, олар өз билігіне шариғат талаптарын емес, сасанидтік, византиялық мемлекетті басқару тәжірибесін негізге алды. Алайда, исламда өзге діндердегідей жеке діни институттар болмағандықтан, зайырлы мемлекет басшысы қоғамның барлық саласында дін заңдарының, шариғаттың мүлтіксіз орындалуын қадағалауға тиіс болды. Сондықтан кез-келген билеуші өзінің айналасына «дін адамдарын» топтастырды. Бірақ, бұл «дін адамдарының» қоғамдағы орнының төмендегенін білдірмейді. Дін адамдарының абыройы мен ықпалы халық арасында жоғары болды. Ғұламалар мен өзге діни қызметкерлер қала мен қыстақ халқы арасында қоғамдық пікірді қалыптастырды. Қоғамдық пікір XI-XII ғасырларда әртүрлі топтар арсындағы билік үшін күрес кезеңінде шешуші роль атқарды. «Дін адамдарының» қала мен қыстақ халқы арасында ықпалының күшті болуының себебі, олар сол халықтың өкілдері болатын. Көптеген ғұламалар сол саудагерлер мен ұсақ қолөнершілер арасынан шықты, солардың арасында өмір сүрді, солардың мүддесін қорғады. Мысалы, атақты Ханафи мазхабының негізін салған Абу Ханифа мата сататын саудагер еді. Сол себептен осындай ешкімге тәуелді емес факихтер жасаған шариғат заңдары, шындығында, қала халқының идеологиясы болып қалыптасты.
Мұхаммед Пайғамбардан кейінгі халифат пен одан бөлініп шыққан мемлекеттердегі мемлекетті басқару жүйесінің бұлайша өзгеруі, исламдағы дін мен саясаттың, руханилық пен зайырлылықтың бірлігі туралы дін талаптарын бұзды. Алайда, зайырлы мемлекет теориялық жағынан рухани билікке үкімі жүрмеген кезде, әртүрлі бағыттағы діни топтарды бір-біріне қарсы қойып, өздерінің саяси бағытына сай келетін топтарға қолдау көрсетіп отырды. Мысалы, саманилер 943 жылы ши‘алық ілім негізінде мемлекет құрмақ болған кармат-исма‘илиттер қозғалысын басқаннан кейін, саманилер үкіметі «карматтармен күресті» өздерінің саяси қарсыластарына қарсы қолданылатын күрес құралына айналдырды. Бұл өз кезегінде мемлекет саясатын қолдайтын «конформистік бағыттағы діни оқымыстылардың» пайда болуына, «ахл ал-сунна уа-л джама‘а» ілімінің шығуына себеп болды.. Мұның өзі Мауараннахрда дінтану ғылымы аясының тарылуына әкелді. Одан кейінгі ғасырларда ислам дінтануы тоқырауға, одан дағдарысқа ұшыраған кезеңдерді басынан өткізді.
Орталық Азия мұсылмандарына одан кейінгі кезеңде жаңа леп берген, ислам қоғамын қайтадан дұрыс жолға бастаған сопылық жол Йасауийа тариқаты болды. Бірақ ол процесс толық күш алмай жатып, Хорезмшах Мұхаммедтің экспансиялық саясаты нәтижесінде тоқтап қалғаны, Қарахан мемлекеттері толығымен Хорезмшах қол астына түскені тарихтан белгілі. Шыңғыс хан шапқыншылығы да сол тарихи кезеңнің жалғасы еді. Одан кейін құрылған Алтын Орда мемлекетінде йасауийа тариқатының мемлекеттік идеология болып қалыптасуы ислам тарихында бұрын болмаған, Құран аяттары мен Пайғамбар хадистеріне барынша жақындатылған билік жүйесін қалыптастырды. Осы кезеңде Мұхаммед Пайғамбар мен оның серіктерінен кейінгі ислам тарихында алғаш рет саяси билік пен рухани билік арасында теңдік дәрежесі қойылған, біріне-бірі мойын ұсынатын, биліктің екі жүйесі де аттап кете алмайтын ортақ төреші - шариғат билік құрған дәуір дүниеге келді. Ханы да, қарасы да, биі де, байы да шариғатқа бағынған билік жүйесі құрылды. Осы кезге дейін қалыптасқан билік жүйесі толығымен өзгерді. Хан сайлауына, өзге де күрделі мәселелерге қатысты шақырылатын Жошы әулетінің құрылтайы өз қызметін тоқтатты. Хан жеке заңды билік иесі ретінде тақ мұрагерін өзі тағайындайтын болды.
Осы кезеңде Алтын Ордадағы биліктің киелілігі туралы, ол биліктің тек Шыңғыс хан әулетіне тиесілігі туралы түсінік қалыптастырылып, ол түсінік ислам дінінің билік туралы талаптарымен сәйкестендіріліп, тарихи тұрғыдан көне түркілік билік жүйесімен байланыстырылды. Исламда Жаратушының жердегі билігін жүргізуші билік иесіне бағынудың өзі киелі, діни парыз ретінде қарастырылған. Өйткені, ислам дінінде абсолюттік билік иесі тек Ұлы Алла. Оның жердегі әміршісіне бағыну, сол Ұлы Жаратушының өзіне бағыну болып табылады. «О, дінге сенгендер! Аллаға бағыныңдар, оның жіберген елшісіне бағыныңдар және өз араларыңнан шыққан билік иесіне бағыныңдар»- деген Құран аяттарында айтылатын талаптар толығымен жүзеге асырылды. Сөйтіп, Өзбек хан өзінің мұсылман қауымына билік жүргізу құқығын толығымен заңдастырды.
Ал, Шыңғыс хан ұрпақтары билігінің киелілігін тарихи тұрғыдан заңдастыру да өзекті мәселелердің бірі еді. Өйткені, түркілерде «биліктің киелілігі» мәселесі өте қатаң бақылауға алынатын. Билеуші әулеттен шықпаған билеушілерді түркілер ешқашан мойындаған емес. Оған мысал ретінде Түргеш қағаны Сулықтың өзі түркілік билеуші әулет өкілі болмағандықтан, өз билігін заңдастыру үшін, Батыс Түрік қағанатының билеушілері болған Ашина әулетінен әйелдікке қыз алуы соған дәлел бола алады. Сол кезеңдегі Шыңғыс әулеті билеушілері Алтын Орданы билеген Өзбек ханның да, Иранды билеген Ғазан ханның да түркілердегі биліктің киелігі туралы талабын жақсы түсінгенін көреміз. Шыңғыс хан шежіресін көне түркілік билеуші Оғыз хан әулетінен таратуы соның айғағы. Және ол Ғазан хан тапсырысымен жазылған Рашид ад-дин Фазуллах ибн Абу-л-Хайр Али Хамаданидің қаламынан шыққан «Жами‘ат-Таварих» атты кітапта толық көрініс тапты. Ол кітапта Шыңғысхан Оғыз хан әулетінен шыққан шығыстүркілік билеушілер әулетінен екендігі дәлелденді. Демек, Шыңғыс хан әулетінің билігі ешқандай сырттан келген түркі халықтарына жат халықтың билігі емес, керісінше, Қарахандық, Оғыздық билеушілерден кейінгі көне түркілік билік жүйесін қайтадан қалпына келтірген көне түркілік билеушілердің заңды өкілі.
Бұл процесті көптеген зерттеушілер дәл анықтағанымен, оның толық мән мағынасын көрсетіп бере алған жоқ. Мысалы, Қазақстандық белгілі шығыстанушы В.П.Юдин Алтын Ордада бұл идеологияның қалыптасуын шамандық, буддалық, мұсылмандық концепциялар мен Шыңғыс ханның мемлекет туралы доктринасының бірігуінен пайда болды, - деп есептеді және ол көзқарастар жүйесін «чингизизм» деп атады. Ал, татар зерттеушісі И. Л. Измаилов «чингизизм» деп аталған бұл көзқарастар жүйесінің саяси сана құрылымында өз орны бар екенін айта отырып, бұл құбылыс тек Шыңғыс хан әулеттерінде ғана емес, басқа европалық, азиялық билеушілер арасында осындай идеологияға сүйенген билеушілер болғандығын, олардың қатарында француз императоры Ұлы Карл, норвегтерде «мәңгі патша» Олаф, чехтарда «әулие патша» Вацлав сияқты тағы басқа билеушілер болғандығын атап көрсетті. «Егерде - дейді ол, - біз бұл құбылысты тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, онда «чингизизм» - саяси қауымдастықпен билеуші әулет арасындағы бірлікті көрсететін тәңірлік қуат иесінің саяси бейнесі». Алтын Ордадағы биліктің киелілігі мәселесі осылай діни тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да қамтамасыз етілгеннен кейін, ендігі кезекте оны мемлекеттің құрылымдық жүйесін қайта құру арқылы нығайту мәселесі қойылды. Сөйтіп, Өзбек хан мемлекеттің бұрынғы құрылымдық жүйесін толығымен өзгертті. Бұрынғы Жошы ұрпақтары иелігіндегі ұлыстар толық ыдыратылып, олардың орнына жаңа рулық тайпалық құрылымдар құрылды. Мемлекет ішіндегі жүргізілген реформаларға қарсылық білдірген, білдіруі ықтимал, мемлекет саясатына қарсы сепаратистік әрекеттерге бару мүмкіндіктері бар ұлыстарды билеп отырған Жошы ұрпақтарының барлығы биліктен шеттетіліп, олардың орнына ұлыс билері, ру, тайпа билері отырғызылды. Алтын Орданың Өзбек хан тұсындағы мемлекеттік құрылымы туралы әл-Омари былай деп жазады.: «Бұл сұлтанның билеушілері –төрт ұлысбегі. Олардың ішіндегі дәрежесі үлкені беклер бегі деп аталады. Барлық күрделі істер, мәселелер осы төрт әмірдің еркімен шешіледі. Егер олардың бірі болмаса, бәрібір оның аты жарлыққа жазылады. Сонымен бірге беклербегі бүкіл әскери істермен айналысты, түменбасыларды, мыңбасыларды басқарды, сыртқы саясатты қадағалады, жоғарғы соттың қызметін атқарды. Ал, мемлекеттің қаржысы мен азаматтық істерді басқару уәзірдің қолында болды. Бұлардан басқа, ұлыстарды басқаратын төрт қарашы би мен жетпіс қалалар мен өлкелерді басқаратын 70 түменбасы (билер) болды».
Біз жоғарыда Жошы ұлысы ислам дінін, атап айтқанда йасауийа тариқатын мемлекеттік идеология ретінде қабылдағаннан кейін Алтын Орда мемлекетінің мемлекеттік билік жүйесінде болған өзгерістерге, мемлекеттік биліктің саяси билік, рухани билік болып екіге бөлінгендігіне, соның ішінде, хан билігінде қандай өзгерістер болғандығына талдау жасадық. Ендігі кезекте рухани билік жүйесі Жошы Ұлысында қандай роль атқарды, оның мемлекеттің саяси басшылығына, ханға ықпал ету мүмкіндігі қалай болды, мемлекеттің құрылымдық жүйесінің өзгеруімен пайда болған түркі халықтарындағы рулық, тайпалық, жүздік құрылымдары мен ол құрылымдық жүйелерді басқарған билер институтының тарих сахнасына шығу себептеріне тоқталмақпыз. Бұл билер институтының қалыптасуына сол кездегі Жошы ұлысында күрделі реформаларды жүргізіші тұлғалар - Әулиелер көп еңбек сіңірді.
«Әулие» араб тіліндегі «уали» сөзінің көпше түрі. Әулиенің Құрандағы мағынасы – Алланың досы немесе Алланың қорғауындағы адам. Алғашқы сопылық авторлар ат-Тустари мен ал-Джунайд, ал-Харраз (ІХ-Х) сияқты кісілердің айтуына қарағанда, әулие діни құлшылықтың шегіне жетіп жетілген, Жаратушы туралы ілімді толық меңгерген кісілер. Әулие өз іс-әрекетімен жаратушыға жақындап қоймайды, сонымен бірге, олар Құранда айтылған «ең әділетті қоғам» құру үшін шаршамай, талмай еңбек етеді. Себебі, әулие өзінің іс-әрекетін қара басының мүддесі үшін емес, Жаратушының қалағанын іске асыруға арнайды. Сондықтан, олар өздерін Алланың жердегі өкілі сезінеді. Осы «ең әділетті қоғам құру» идеясының тууы исламдағы көптеген тариқаттардың пайда болуына ықпалын тигізді.
Алтын Орда мемлекетіне келіп, Өзбек ханды ислам дініне мойынұсындырған йасауийа тариқатының өкілдері – жоғарыда аттары аталған әулиелердің де түпкі мақсаты Жошы ұлысында «әділетті қоғам» орнату болатын. Қожа Ахмет Йасауи мен оның шәкірттері өзінің дәстүрлі мәдениетінен айырылған, ислам дінін қабылдаған түркі халықтарын, ислам дінінің аясында қайтадан түркі мәдениетіне бет бұрғызу үшін қолдан келгеннің бәрін істеді.
Жалпы Жошы ұлысын исламдандыру мен мемлекеттің құрылымдық жүйесін қайта құру тереңнен ойластырылған реформа еді. Мақсат – сол кезеңдегі әлемдегі ең әділетті қоғамды қалыптастыру болатын. Сол себептен де рулық, тайпалық жүйе басшылығына дін адамдары – йасауийа шайхтары шықты. Олар өте терең білімді болды және әділдік пен адалдықтың ту ұстаушылары, әділетті қоғам орнату жолындағы күрескерлер еді. Олар өздерін Ұлы Жаратушының жердегі көлеңкесі ретінде сезінді. Олар өздері ғана таза, әділ болып қойған жоқ, жалпы қоғамды, қарамағындағы халықты соған тәрбиеледі. Алайда, олар өздерінің бұл еңбегін жеке-дара атқарған жоқ. Бидің қасында сол идеологияны, тәрбиені жүргізуші йасауийа тариқатының өкілдері – қожалар болды. Алғашқы қайта құрылған рулық, тайпалық жүйе басындағы рухани жетекшілер-билер уақыт өте келе сол ру, тайпалардың атасына айналды.
Бақылау сұрақтары. 1. Рухани билік пен саяси билік пен саяси билік арасындағы қайшылықтың туу себептері неде?
2. Ислам дінін қабылдағаннан кейінгі түркінің мемлекеттік жүйесі қандай өзгеріске түсті?
3. Көне түркілік билеу жүйесінің өзгеруіне қандай фактор ықпал етті?
4. Түркі-ислам мемлекетінде мемлекеттік жүйенің қайтадан түркілік сипат алуына қандай діни-рухани үдеріс ықпал етті?
5. «Әулие» - деп кімдерді атады? Олардың ортағасырлардағы түркі тарихындағы орны қандай?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет