Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбектері тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көзі (1990-2006 жж.)
МАЗМҰНЫ
Кіріспе
1. Н.Ә.Назарбаев еңбектерінің пайда болуын сынау
1.1Н.Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшеліктері
1.2 Н. Назарбаев еңбектерінің тарихи дерек көздері ретінде пайда болуының объективтілігі, тарихи жағдайы және оларды сыныптау проблемалары
2 Н.Ә.Назарбаев КСРО-ның ыдырау себептері туралы
2.1 КСРО-ның ыдырауының саяси себептері
2.2 КСРО-ның ыдырауының әлеуметтік-экономикалық себептері
3 Н.Ә.Назарбаев еңбектері тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігі тарихының дерек көзі
3.1 Н. Назарбаев тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қалыптастырудың алғышарттары мен маңызы, теориялық негіздері мен жолдары, ерекшеліктері мен кезеңдері туралы
3.2 Н. Назарбаев еңбектері Қазақстан Республикасында президенттік билік институтының пайда болу және қалыптасу тарихының дерек көзі
3.3 Н.Ә.Назарбаев еңбектері Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің атрибуттары тарихының дерек көзі
Қорытынды
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Келешек Қазақстан тарихнамасының өзекті мәселелерінің бірі – тәуелсіз Қазақстан Республикасының пайда болу, қалыптасу және даму тарихы болары күмәнсіз. ХХ ғасыр соңында адамзат тарихындағы ең алып империялардың бірі – КСРО-ның күйреуі нәтижесінде, әлем картасының бетінде бірнеше жаңа мемлекеттердің пайда болып,тарих сахнасына шыққандығы белгілі. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы. Бұл бірнеше мыңжылдық тарихы бар қазақ халқының өміріндегі жаңа кезеңнің, яғни ең жаңа тарихының басталуы болды. Қазақ халқы, осы елді мекендеген басқа да ұлттар өкілдерімен бірге, өз мемлекетін қайта құру ісімен айналыса бастады. Қорытындысында өз тәуелсіздігінің 15 жылдығын қазақ халқы әлем таныған ұлттық мемлекеті бар іргелі ел ретінде қарсы алды.
Қазақстан сияқты жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған, табиғи байлығы мол, өзіндік даму жолын таба білген елдің ең жаңа тарихы, әсіресе оның бастапқы кезеңі, атап айтқанда жаңа мемлекет ретінде дүниеге келіп, қалыптасу және даму тарихы кімді де болса қызықтырары даусыз. Ең алдымен ол, ұлт тағдыры үшін шешуші рөл атқарған аса маңызды тарихи құбылыс ретінде, осы елдің қазіргі және келешекте дүниеге келер жас ұрпағы үшін қымбат.Уақыт озған сайын қайта құрылған мемлекетіміздің алғашқы қалыптасу кезеңіне, яғни ірге тасының қайта қалану кезеңіне деген қызығушылықтың арта түсері, ол кезеңнің қарама-қайшылықтарға толы күрделі де, маңызды кезең ретінде жан-жақты зерттелері, оның тарихына арналған іргелі еңбектердің дүниеге келері анық. Сондықтан осындай заңды құбылысқа, яғни тәуелсіз Қазақстан Республикасының дүниеге келу, қалыптасу және даму тарихының терең зерттеліп, шынайы да, объективті жазылу ісіне дайындық осы бастан жүйелі де, ғылыми негізде жүргізілуі тиіс. Солардың бірі – тәуелсіз Қазақстан тарихының ірге тасын құрайтын деректік негізінің тарих ғылымының талаптарына сай дұрыс қалануы.
Тағдыр бізге бірінші рет өз тарихымыздың өтпелі кезеңдерінің бірінің ірге тасын ғылыми негізде және жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Ондай мүмкіндікті толықтай ұлт мүддесіне сай пайдалана білмеу үлкен қателік болар еді. Халқымыз бұрын да талай өтпелі кезеңдерді басынан өткерген. Бірақ, өз тарихының төл деректерін өз мүддесіне сай дер кезінде жинастыруға мұршасы болған жоқ. Өз алдымызға ел болып, ес жинай бастағанымызда Елбасының бастамшылығымен арнайы мемлекеттік “Мәдени мұра” бағдарламасын қабылдап, бүткіл әлемнен дерлік мәдени мұраларымызды, яғни тарихи деректерімізді іздеп тауып, жинай бастауымыз соның салдары.
Тарихи деректерімізді дер кезінде жинастырып, өткенімізді объективті жазуға пайдална алмауымыздың - көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтымыз, өз еркіміздің өзімізде болмауы сияқты объективті себептері мен қатар, тарихымызды ғылыми негізде жазу ісінің кеш басталуы, біздегі тарих ғылымының негіздерінің кеңестік кезеңде қалыптасуы, тарихшы мамандар даярлаудың ұлттық мүддеге сай жүргізілмеуі және ұлттық төл деректерімізді пайдалана білуге үйрететін деректану ғылымының болмауы сияқты субъективті факторлардың да әсері болғандығы белгілі. Демек, егер, бүгін біз ұлт талғамына сай объективті тарихымыз әлі жазылған жоқ десек, ол біздің табиғи-тарихи дамуымыздың заңды нәтижесі.
Сондықтан алдағы уақытта біздің алдымызда, бір жағынан, өткенімізден ақпарат беретін деректерімізді іздеп табу, жинау, жүйелеу, сақтау және деректанулық сыннан өткізу арқылы тарихымызды жазу міндеті тұрса, екінші жағынан, тәуелсіздік тарихының дерек көздері мен нақты деректерін осы бастан жүйелеп, деректанулық өңдеуден өткізу арқылы ғылымый айналымға тарту міндеті тұр.
ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев 2004 жылы 13 қазанда білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде: “Осы күнге дейін Қазақстанның ең жаңа тарихының бірде-бір қалыпты оқулығы жоқ. Біздің тәуелсіздігіміздің қасіретті оқиғалары және оны нығайту жолындағы біздің күресіміз зерттеу тақырыбына айналмаған”-деді [1, 4 б.].
Иә, Қазақстанның ең жаңа тарихын жан-жақты сараптап жазған объективті оқулықтың жоқ екендігі рас. Ал, бірақ, Қазақстанның ең жаңа тарихы саналы түрде бұрмаланып жазылған кітап жарық көріп те үлгерді. Ол кітаптың басты ерекшелігі, автордың өз тұжырымдарын біздің тарихымыз туралы шет елдіктер жасаған субъективті деректер арқылы жазуы. Бұл факті тәуелсіздігіміз тарихының деректері мен дерек көздеріне осы бастан мұқият қарауымыздың қажеттілігін тағы бір рет дәлелдейді.
Бүгінгі қазақстандықтардың басым бөлігінің тікелей қатысуымен жасалынған және жасалып жатқан тәуелсіз Қазақстан тарихы, қазіргі ғылым мен техниканың даму деңгейіне сай, әр түрлі формада, әр түрлі мақсатта және әр түрлі мазмұнда, әр алуан дерек көздерінде бейнеленді және бейнеленуде. Осыларды белгілі бір жүйеге келтіріп сыни талдау,олардан шынайылық деңгейі мен ғылыми құндылығы жоғары мәлімет ала білу Қазақстан тарихшыларының басты міндеті. Ал, ол, өз кезегінде, тарихшылардан дерек көздеріне деректану ғылымының талаптарына сай талдау жасай білуді талап етеді. Осындай, деректану ғылымының тұрғысынан келуді талап ететін, тәуелсіз Қазақстан тарихының маңызды жазба деректерінің үлкен бір тобын ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбектері құрайды.
Тағдырдың жазуымен тарихымыздың ең бір күрделі кезеңінде ел басшылығына ие болған Н.Ә. Назарбаев, ел басқару ісімен қатар көптеген еңбектер жазып, тәуелсіз Қазақстан тарихының деректік негізін қалауға да өз үлесін қосып келеді. Елбасы ретінде Н. Назарбаев еңбектерінде тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихы ең алғашқы күндерінен бастап-ақ, барлық қырынан дерлік бейнеленген. Сондықтан Н. Назарбаев еңбектерін тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретінде пайдалана білмей ең жаңа тарихымызды ашып көрсету мүмкін емес.
Ең жаңа тарихымыздың өзекті мәселелерінің бірі – тәуелсіз Қазақстанның өз мемлекеттігін құру мәселесі. Тарихымыздың басқа да түйінді мәселелері сияқты, мемлекеттігімізді қайта құру мәселесі де тұңғыш Президентіміздің еңбектерінде жан-жақты айтылған, яғни деректану ғылымының тілімен айтсақ, Н.Ә. Назарбаев еңбектерінде мемлекеттігімізді қалпына келтіру тарихы, алғашқы нақты іс-шаралардан бастап, жан-жақты бейнеленген. Сондықтан Н. Назарбаев еңбектеріне тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қалыптастыру, нығайту және дамыту тарихының дерек көзі ретінде талдау жасау, тек деректану ғылымының ғана емес, жалпы Қазақстан тарихнамасының да өзекті мәселелрінің бірі болып табылатындығы күмәнсіз.
Егер, деректің әлеуметтік табиғаты, сол деректі жасаушы субъектің қоғамдағы орнымен анықталатындығын ескерсек, онда Н.Ә. Назарбаев еңбектері тұңғыш Президентіміздің өзі туралы құнды мағлұмат бере алатын маңызды дерек көздері міндетін де атқарады. Демек, Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіздік қарсаңында және тәуелсіздік жылдарында жазған еңбектері тек тәуелсіздік тарихының ғана емес, сонымен қатар оның Елбасы ретіндегі өз тарихының да, дәлірек айтсақ, өмірі мен қызметінің, саналы іс-әрекеттерінің, мақсаты мен мүддесінің, саяси көзқарасы мен қоғамдық және азаматтық позициясының қалыптасу және даму динамикасы тарихының да дерек көздері болып табылады. Сондықтан Н.Ә. Назарбаев еңбектеріне деректанулық талдау жасау, оның тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті ретіндегі де, әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға ретіндегі де бейнесін айқындап, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қайта құру және нығайту ісіндегі рөлі мен орнын аша түсуге көмектесері анық.
Демек, тақырыптың өзектілігі, яғни ҚР тұңғыш Президентті Н. Ә. Назарбаев еңбектеріне тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көздері ретінде деректанулық талдау жасаудың қажеттілігі еш күмән туғызбайды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың еңбектеріне тәуелсіз Қазақстан тарихының, оның ішінде мемлекеттігімізді қайта қалпына келтіру тарихының да, дерек көзі ретінде арнайы қарастырып, деректану ғылымы тұрғысынан талдау жасау мәселесі Қазақстан тарихнамасында алғаш рет қойылып отыр. Дегенмен, қойылып отырған проблеманы ашуға көмектесетін, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қалыптастыру тарихының маңызды деректер тобын жасаушы – Н.Ә. Назарбаевқа арналған еңбектер мен мемлекетті жаңадан қайта құру тарихы туралы жазылған еңбектер баршылық.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапқанасында 1993 жылдан Президент Назарбаев туралы электрондық мәліметтер банкі жүргізіледі және ол күнделікті ақпараттармен толықтырылып отырады. Соңғы көрсеткіштер бойынша, зерттеу жұмысының басты объектісі болып табылатын мемлекеттігіміз тарихының дерек көздерін жасаушы Н.Ә. Назарбаевқа және мемлекетіміз тарихына қатысты өз елімізде ғана төрт мыңнан астам әралуан жанрдағы еңбектер жарияланған және жариялануда. Егер, оларды тақырыптары мен мазмұндарына қарай бірнеше негізгі топтарға бөлсек онда: Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі және жеке тұлғалық қасиеттеріне арналған еңбектер; тікелей біздің зерттеу объектілеріміз – Президентке; президенттік институтар мен президенттік басқару жүйесіне; парламентке; конституцияға; құқықтық мемлекетке; мемлекеттік қызметке; мемлекеттік қауіпсіздікке; мемлекеттік рәміздерге; теңгеміздің шығуына; сыртқы саясатқа; дипломатияға; шекара; жаңа астана салу т.б. мемлекет құру мәселесі тарихына арналған еңбектер деп қарастыруға болады.
Әрине, олардың бәріне бірдей тарихнамалық талдау жасап, өз еңбектерімізде пайдалану мүмкін емес. Дегенмен, деректану ғылымы үшін атрибуция проблемасының, яғни дерек авторын анықтау проблемасының маңызы үлкен. Себебі деректерде сақталынған мәліметтердің шынайылық деңгейі мен ғылыми құндылығы дерек авторының жеке адами қасиеттерімен, тұлғалық бейнесімен, қоғамдағы орынымен, білім дәрежесімен, іскерлік қабілетімен, өмір тәжерибесімен т.т. тікелей байланысты. Демек, Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметіне, тұлғалық келбетіне, жеке басының қасиеттеріне арналған еңбекетер зерттеу жұмысымызда қосымша дерек көздері ретінде ерекше орын алатындығы түсінікті. Өйткені, деректерде салынған мәләметтердің ғылыми құндылығына, шынайылық деңгейіне әсер ететін дәл осы факторлар.
1990 жылдың 24 сәуірінде, республиканың сол кездегі ең жоғарғы заң шығарушы органы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде, Қазақ КСР-інің Президенті болып сайланғаннан бастап, демократиялық жағдайда бес үміткердің арасынан Қазақстан халқының 91 пайыздан астамының дауысына ие болып, 7 жыл мерзімге ҚР Президенті болып қайта сайланған 2005 жылдың 4 желтоқсанына дейін және одан кейін де баспасөз беттерінде қазақ және орыс тілдерінде жарияланған мақалар мен тұңғыш Президенттің өмірі мен қызметіне арналған зерттеу жұмыстарын және естеліктерді шартты тұрде бірнеше сыныптарға бөліп көрсетуге болады. Олар, біріншіден, туған жеріне, балалық және жастық шағына арналған М. Ақбиев [2 ], Б. Әбілдаұлы [3],Ә. Әзиев[4], К. Әмірова [5], Ж. Боржымбай [6],Б.М.Кенжебайұлы, Ж.Шайқақов [7], Е. Лұқпан[8], Қ.Машрапов [9],Қ.Омашев[10], Б. Сапаралының [11] еңбектері. Бұл авторлардың еңбектерінде келешек Елбасының туып өскен жері - Алатау бөктеріне орналасқан Шамалған елді мекені мен Ұшқоңыр жайлауынан бастап, әкесі Әбіш ақсақалдың отбасы, оқып білім алған, алғашқы мамандығына үйреген мектептері, жастық шағы, басшыға тән қаситетерінің алғашқы көріністері туралы айтылған. Демек, олардан келешек Елбасының ұлт тағдыры шешілер сәтте бар жауапкершілікті өз мойнына ала білген тұлға ретінде қалыптасуының негіздері, яғни терең тамырлары туралы құнды мәліметтер алуға болады.
Екіншіден, Н. Назарбаевты алдымен Республика көлеміндегі басшылардың бірі ретінде, кейіннен тұңғыш Президент ретінде жақсы білетін Республиканың бұрынғы бірінші басшысы Д. А. Қонаев[12;13], Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Ә. Кекілбаев[14;15], Мемлекеттік хатшылар О. Әбдікәрімов[16], И. Тасмағамбетов[17;18], Қазақстан Республикасының Үкімет басшылары С. Терещенко[19], Қ. Тоқаев [20], Н. Ә. Назарбаевтың қызметтес серіктері, сенімді көмекшілері: С. Әбдрахманов[21], Е. Ертісбаев[22], М. Қасымбеков[23-27], М.Құл-Мұқаммед[28-30], Б. Мұхамеджановтардың[31], Сұлтанов Қ[32] т.б. еңбектері. Бұл авторлардың еңбектерінде Н. Назарбаевтың республика басшылығына келуінен бастап, ең бір қиын-қыстау кезеңдердегі Елбасы ретіндегі іс-әрекеттері туралы мол мәліметтер кездеседі.
Н. Ә. Назарбаевқа қатысты мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалардың үлкен бір тобын, оның жеке тұлғалық бейнесіне арналған мақалалар құрайды. Олар негізінен Нұрсұлтан Әбішұлының ҚР тұңғыш Президенті болып сайлануына, 60 жылдық мерейтойына, 2005 жылғы Президенттік сайлауға орай жарияланған мақалалар. Бұл мақалаларда әр алуан мамандық иелері Н. Назарбаевтың ҚР Президенті ретінде атқарған нақты істері туралы айтып, өз бағаларын берген. [33-61].
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті туралы О. Бөкеев [69], О. Видова[70], Ж. Дәдебаев[71], С. Жүнісов[72], М. Жолдасбеков,А. Сйдінбек, Қ. Сағары[73], Д. Исабеков[74], З. Қабдолов[75],Қ. Қайсенов[76],У. Қалижан[77], Т. Медетбек[78], Ш. Мұртаза[79], Р. Нұрғали[80], Қ. Олжай[81], Н. Оразалин[82], К. Смайлов[83,84], Г. Толмачев[85] т.б. еліміздің белгілі ақын-жазушылары, әдебиеттанушы және тілтанушы ғалымдары мен жорналшылар да мақалалар мен еңбектер жазып, Елбасын әр түрлі қырларынан бейнелеген.
Н. Ә. Назарбаев еңбектеріне тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көздері ретінде талдау жасаудың зерттелу деңгейін анықтауда, еліміздің заңгер ғалымдарының еңбектері ерекше орын аладындығын айтуымыз керек. Ол, ең алдымен, біздің ең жаңа тарихымыздың басты ерекшелігі – құқықтық мемлекет құруымызбен байланысты. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік Декларациясынан бастап, біздің ең жаңа тарихымыздың барлық басты кезеңдері мен нақты нәтижелері, әр түрлі деңгейде және әр түрлі мазмұнда қабылданған заңдардың негізінде дамып отырғандығы белгілі. Демек, сол заңдарды Президент бастамшылығымен немесе тікелей басқаруымен жазған заңгерлердің, басқа да заңгер ғалымдардың еңбектері де мәселенің тарихнамалық жағын толықтыра түсері даусыз. Мысалы, ҚР ҰҒА академиктері С. Зиманов [86,87], С. Сұлтанов[88], Ғ. Сапарғалиев[89,90] т.б. өз еңбектерінде Н. Назарбаевтың еліміздің Ата заңын дайындаудағы, президенттік билік жүйесін қалыптастырудағы рөлі туралы айтса, көптеген заңгерлердің еңбектерінде осы саладағы Елбасы саясатының дұрыстығы, өміршеңділігі нақты фактілермен дәлелденген [91-97].
Қазақстан Республикасы тарихының аса маңызды дереккөздер тобының үлкен бір бөлігін жасаушы субъект ретінде, Н. Назарбаевқа қатысты пайда болған еңбектерге тарихнамалақ талдау жасау, Қазақстан Президентінің өмірі мен қызметіне қатысты жақын және алыс шетелдіктердің де әр түрлі мерзімді басылым беттерінде жариялаған көптеген пікірлері және мақалаларымен қатар, іргелі зерттеу еңбектерінің де дүниеге келгендігін көрсетеді. Мысалы, қырғыз ғалымы, саясаткері және дипломаты Жұмағұл Сааданбеков[98], азербайжан ғалымы Мұрат Байкал. [99], украйндықтар В. Базарянников, Л. Ежевский[100], ресейлік Д. Валовой. [101] т.б. Н. Назарбаев туралы зерттеу жұмыстарын жариялап, біздің елдің Президентін өз халықтарына таныстырған.
Н. Ә. Назарбаев туралы жеке авторлардың еңбектерімен қатар, ұжымдық еңбектер да дүниеге келді. Бұл орайда 2005 жылы жарық көрген “Азия асқарлары” атты ұжымдық еңбектің орны ерекше. Ол туралы кітаптың Н. Назарбаевқа арналған бөлігін қазақ тіліне аударып, “Газет ішіндегі кітап” ретінде жариялаған “Егемен Қазақстан” газеті: “Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше өткен Президент сайлауындағы жарқын жеңісі халқымыздың ауызбірлігін, асылын ардақтайтын қымбат қасиетін тамаша танытып берді.
Қазіргі Қазақстан жетістіктері әлемдік ауқымдағы құбылыстар қатарына қосылды. Осы арқылы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі дүйім дүние дидарындағы дара тұлғалар қатарынан ойып тұрып орын алды. Бұл ойымыздың кезекті бір айғағы – жақында Сыртқы істер министірлігінде тұсаукесері өткізілген “Азиатский прорыв” / “Азия асқарлары”/ атты кітап. Онда Азияның бес бірдей асқар тұлғасының – Түркияны түлетіп, түрік рухын түрлентіп кеткен Мұстафа Кемал Ататүріктің, Сингапур кереметінің авторы Ли Куан Юдің, Қытай ғажайыбының иесі Дэн Сяопиннің, Малайзияның мерейін биіктеткен Махатхир Мұхамедтің, Қазақстанды қарыштатып берген Нұрсұлтан Назарбаевтың жүзеге асырған реформаларының сыры терең ашып көрсеткен.”-деп жазды [102].
16 беттен тұратын газет ішіндегі кітапта Н. Назарбаевтың өмір жолы мен тұлғалық бейнесі, реформатр Президент ретінде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген табыстарындағы рөлі туралы айтылған.
Әрине, ҚР тұңғыш Президенті туралы еңбек жазған авторлардың бәрін бірдей атап шығу және олардың еңбектеріне тарихнамалық талдау жасау мүмкін емес. Дегенмен, бұл орайда Қазақстан тарихшыларының орны ерекше екендігі түсінікті.
Елбасының саяси портретін жасап, оның Президент ретінде атқарған істерінің тарихи маңызын көрсетуде тарихшы ғалымдар да әдәуір жұмыстар атқарды. Мысалы, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында тарихшы Б. Ағанов “Лениншіл жас” ( қазіргі “Жас Алаш”- С.С.) газетінде “Егемендік елшісі” атты мақала жариялап, алғаш рет Н. Ә. Назарбаевтың саяси бейнесін жасауға әрекеттенді. [103,104]. Кейіннен елімізге кеңінен танымал тарихшыларымыз М. Қозыбаевтың[105,106]., К. Нұрпейістің[107]., К. Есағамбетұлының[108]. т. б. еңбектері жарияланды[109-110]. Оларда Н. Назарбаевтың тарихи кезеңдегі атқарған істеріне талдау жасалынып, саясаткер ретіндегі қасиеттері айқындалды. Жақында Қазақстан ғалымдары Б. Аяған, К. Бұрханов және Б. Сұлтановтардың қазіргі Қазақстанның саяси тарихына арналған іргелі еңбектері жарық көрді. Онда Н. Назарбаевтың ҚР саяси тарихында алар орны ашып көрсетілген [111].
Дегенмен, өкінішке орай, кейбір Қазақстан тарихшыларының, уақыт сынын күтпей-ақ, тәуелсіздігіміз тарихын саналы түрде өрескел бұрмалаған оқулық жазып, жұртшылыққа тартып та үлгергендігін айтуымыз керек. Ол туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. Атабаев “Қазақ әдебиеті” газетінің 2003 жылғы 10 қазандағы санында жарияланған “Тарихымыз қашанғы бұрмаланбақ?” деген мақаласында: “Оқулық мемлекеттік-құқықтық даму тарихын ашық масқаралау мәнерінде баяндаған... Оқу құралы біздің Конституциямызды, заңдарымызды, құқықтық жүйемізді және жалпы мемлекеттік құрылысымызды силамаушылыққа, оларға нигилистік көзқарас қалыптастыруға бағытталған”-дейді [109]. Бұл факті тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарихының негізін құрайтын дерек көздеріне осы бастан ерекше назар аударудың қажеттігін тағы бір рет дәлелдейді ғой деп ойлаймыз.
Қазақстан тарихшыларының еңбектеріне тарихнамалық талдау жасау, бір жағынан, көрнекті кәсіпқой қазақ тарихшыларының Н.Ә. Назарбаевтың Елбасы ретіндегі қызметін алғашқы күндерінен бастап жіті қадағалап, объективті бағалай білгендіктерін көрсетсе, екінші жағынан, Қазақстан тарихнамасында ең жаңа тарихымыздың, атап айтқанда тәуелсіз мемлекетіміз тарихының да, оның басшысы ретінде Н.Ә. Назарбаевтың Президенттігі тарихының да арнайы зерттеу объектісіне айналып, өздеріне тиісті орындарын ала қоймағандығын көрсетеді. Ол тарих ғылымының өзіндік ерекшеліктерімен байланысты болуы да мүмкін. Әдетте, тарих ғылымында тарихи құбылыстар мен ондағы жеке тұлғалар бейнесінің ғылыми реконструкциясы белгілі бір уақыт өткеннен кейін ғана жасалынады. Біздің жағдайымызда тәулесіз Қазақстан мемлекеттігін одан әрі нығайту және дамыту процесі де, ондағы Н.Ә. Назарбаевтың жетекші ролі де жалғасуда. Демек, тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарихын, ондағы тұңғыш Президенттің рөлін жан-жақты тарихи тұрғыдан зерттеу ісі әлі алда. Біздің жұмысымыз сол үлкен іске дайындық қана.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Жұмысымыздың негізгі мақсаттары: біріншіден, ҚР тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың еңбектеріне тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің қайта қалыптасу, нығайу және даму тарихының маңызды жазба дерек көздерінің бірі ретінде деректанулық талдау жасау арқылы, ең жаңа тарихымыздың деректік ірге тасының осы бастан ғылыми негізде дұрыс қалануына үлес қосу, екіншіден, келешек зерттеушілерге тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назарбаев еңбектерін ҚР тарихының дерек көздері ретінде пайдалана білу және олардан шынайылық деңгейі жоғары мәліметтер ала білу жолдарын көрсету, үшіншіден, өз еңбектерін дерек көздері ретінде пайдалана отырып, Н.Ә. Назарбаевтың ұлттық мемлекеттігімізді қалыптастыру және дамыту ісіндегі рөлін айқындау. Осы мақсаттарға сай зерттеу жұмысының алдына төмендегідей міндеттер қойылды:
Н. Назарбаев еңбектерінің ҚР тарихының дерек көздері ретіндегі маңызы мен ерекшелігін анықтау мақсатында, дерек жасаушы субъект ретінде, автордың өмір жолын, мемлекет басшысы ретінде қалыптасу кезеңдері мен жеке тұлғалық қасиеттерін зерделеу;
Н. Назарбаев еңбектерінің дерек көздері ретінде пайда болуын сынау, яғни объективтілігін, тарихи жағдайын, сақталу формаларын анықтау / “Сыртқы сын”/;
Н. Назарбаев еңбектерін тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көздері ретінде мазмұндық, мақсаттық, хранологиялық принциптерге сай сыныптау;
Н. Назарбаев еңбектеріндегі КСРО-ның ыдырау себептері мен тәуелсіздік қарсаңында елде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және саяси ахуал туралы мәліметтерге талдау жасау;
Жаңа мемлекет қалыптастырудың теориялық негіздерін жасаудағы Н. Назарбаевтың қосқан үлесін көрсету;
Н. Назарбаев еңбектеріндегі тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігінің саяси негіздерінің қалыптасу, нығайу және даму тарихына қатысты мәліметтердің шынайылық деңгейін анықтау /“Ішкі сын”/;
Н. Назарбаев еңбектерін Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің атрибуттары тарихының дерек көздері ретінде талдау.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері Н.Ә. Назарбаевтың 1990 жылдың сәуірінде Қазақ ССР-ның Президенті болып сайланған күнінен бастап, 2006 жылдың қаңтарында ҚР Президенті міндетін атқаруға қайта кіріскенге дейінгі арлықты қамтиды. Осы жылдар аралығында дүниеге келген Н.Ә. Назарбаев еңбектеріндегі, тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының бейнеленуі дәрежесін анықтау зерттеу жұмысының негізгін құрайды.
Зерттеу жұмысының теориялық- методологиялық және әдістемелік негіздері. Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының ұлттық мүдде тұрғысынан шынайы жазылу қажеттігіне сай, зерттеу жұмысы деректану ғылымының өзіндік ерекшеліктерінен туындайтын – деректердің пайда болуының объективтілігі мен субъективтілігі, алғышарттары мен тарихи жағдайлары, сақталу формалары мен ерекшеліктері, деректерді сыныптау және сыни талдау қажеттілігі мен деректерде сақталынған мәліметтердің шынайылық және толықтық деңгейлерін анықтау сияқты теориялық-методологиялық қағидаларға, ғылыми зерттеудің объективтілік, партиялық және тарихилық сияқты жалпы ғылыми принциптеріне, арнайы және нақты ғылыми таным заңдылықтары мен методтарына негізделген. Зерттеу жұмысының барысында Еуропа мен Ресей деректанушыларының еңбектеріндегі деректерді талдау әдістемелері мен соңғы жылдары пайда болған ұлттық дерек көздеріне деректанулық талдау жасалынған Қазақстан ғалымдарының еңбектері басшылыққа алынды.
Диссертациялық жұмыстың практикалық маңызы. Жұмыстың практикалық маңызы мен қолданыс ауқымы өте кең. Онда жасалынған тұжырымдар мен алынған нәтижелерді тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарихын, оның ішінде жаңа мемлекет қалыптасыру тарихын да, ондағы тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың атқарған қызметін орта мектептерде және ЖОО оқып-үйренуде, сонымен қатар ҚР тарихын, Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметін зерттеуде пайдалануға болады. Диссертациялық жұмыс тәуелсіз Қазақстан Республикасы тарихының ғылыми деректік негізін қалыптастыру жолында жасалынған алғашқы зерттеу жұмысы болғандықтан, осы бағытта атқарылар келешек деректанулық жұмыстарда кеңінен пайдалынатындығы күмәнсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |