«Ислам және қазақтың мәдени дәстүрлері» «Мәдениет және дін»


Түріктердің алғаш ислам дінін қабылдауы және оның түріктердің рухани, мәдени өміріне ықпалы



бет9/24
Дата11.12.2023
өлшемі131.22 Kb.
#486160
түріСабақ
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   24
Ислам және қазақтың мәдени дәстүрлері

Түріктердің алғаш ислам дінін қабылдауы және оның түріктердің рухани, мәдени өміріне ықпалы
766/767 жылы түркі халықтары өз тарихындағы жаңа кезеңге аяқ басты. Осы жылы түркі халықтары тарихындағы жаңа сипаттағы, негізгі идеологиясы ислам дінінің оппозициялық бағыты қайсанийа-мубаййидийа ағымын ұстанған Қарлұқ, Сырдың төменгі ағысында Оғыз түркі-ислам мемлекеттері дүниеге келді. Бұл мемлекеттердің негізін қалаған өз шежірелерін Али ибн Абу Талибтің ұлы Мұхаммед ибн ал-Ханафийа әулетінен таратқанымен өздері көне түркі билеуші әулет өкілдері еді. Мысалы, Қарлұқ-Қарахан мемлекетінің негізін салушы Абд ар-Рахим – Сатуқ Бұғра Қара хан өз шежіресін Мұхаммед ибн ал-ханафийамен байланыстырғанымен жергілікті билеушілер әулетінен шыққан болу керек. Оған мынадай дәлелдерді алға тарта аламыз. Біріншіден, «Насаб-нама» нұсқаларында Абд ар-Рахим баб, Абд ал-Жалил баб, Исхақ баб үшеуі де Али ибн Абу Талибтің ұлы Мұхаммед ибн ал-Ханафийа әулетінен екендігі жазылған. Шежіреде Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның Абд ал-Фаттах және Абд ал-Маннан атты екі ұлы болғаны айтылады. Исхақ баб пен оның туыстары осы Абд ал-Фаттах әулетінен екендігі жазылған.
«Насаб-намадан» өзге тарихи деректердің бәрінде Мұхаммед ибн ал-Ханафийаның Абдаллах ибн Мұхаммед, лақабы Абу Хашим атты және Али ибн Мұхаммед атты екі болғанын жазады. Абд ал-Фаттах және Абд ал-Маннан аты аталмайды. Екіншіден, Ибн ан-Надимның «Ал-Фихрист» атты еңбегінде тек Исхақ ат-Түрік аты аталып, Абд ар-Рахим-баб пен Абд ал-Жалил-баб аттары аталмайды. Үшіншіден, «Насаб-наманың» Арыс нұсқасында Абд ар-Рахим мен Абд ал-Жалил аттарының алдына «шах» деген атақ қосылған. Исхақ бабқа «Сіз Баб деп аталыңыз»,- деп шах Абд ар-Рахим шешім шығарады. Әрі исхақ бабтың ғана өзімен бірге жүрген елге «илму-хикмат» үйретуші тубба‘ ат-таби‘ндері бар. Төртіншіден, Исхақ бабқа ғана уақыфтық жер бөлінген. Ал, Абд ар-Рахим-баб пен Абд ал-Жалил бабтар бірден мемлекет билеушісі болып шығады. Бұл Исхақ бабтың ғана ислам орталықтарынан келгенін көрсететін тағы бір белгі. Бесіншіден, ортағасырлық жазба деректердің көпшілігі осы Абд ар-Рахим бабтың тікелей ұрпағы болып келетін Қарахандық билеушілер әулет өкілдерін Алып Ер Тоңға ұрпақтары деп есептейді. Мысалы, Рашид ад-дин өзінің «Жылнамасында» Самарқандтың қарахандық билеушісі Усманды Алып Ер Тоңға әулетінен деп есептейді. Осы пікірлерді «Насаб-нама» нұсқаларындағы деректермен салыстыра отырып, қарайтын болсақ, онда қарахандық билеушілер әулетінің Мұхаммед ибн ал-Ханафийа әулетінен емес, көне түркілік билеушілер әулетінен шыққандығына көз жеткізуге болады. Әрине, бұл жерде көне түркі билеушілер әулеті өкілдері қайдан жүр?- деген заңды сұрақ туындары анық. Бірақ түркілердің бұ жерлерде көне дәуірден өмір сүріп жатқанын ескерсек, онда түркі билеушілер әулеті өкілдерінің бұл жерлерде де болуына күмән келтіруге болмайды. Мысалы, Батыс түрік қағандығы Шегуй (609-618) мен Тон-Ябғу (618-630) заманында дәуірлеу кезеңін басынан өткерді. Мемлекеттің шекаралары кеңейтілді. Батыс Түрік қағандығының шекарасы Амударияның жоғарғы жағы мен Гиндикуш тауларына дейін жетті. Тон-ябғу Тохарстанды билеуді өзінің үлкен ұлы Тарды-шадқа тапсырды. Бұл деректер түркілік билеушілер әулетінің Орта Азида бұрыннан болғандығынан хабар береді. Ал, VIII ғасырда Усрушана билеушісінің аты Қара Бұғра екендігі, ол Сулық қағанмен бірге араб әскерлеріне қарсы соғысқа қатысқаны туралы дерек бар. Олай болса, қарахандық билеушілер әулеті көне түркі билеушілер әулетінен деп айтуға толық негіз бар. Түріктердің ислам дінін қабылдауы рухани, мәдени тұрғыдан сырттай қарағанда ілгерілеу болып көрінгенімен, шын мәнінде түріктер өзінің дәстүрлі рухани мәдениетінен толық ажырап, жаңа дін мен жаңа мәдениетті қалыптастыруға мәжбүр болды.
Түрік халықтарының ислам дінін қабылдауы түріктердің жаңа сатыға көтерілуіне ықпалын тигізді. Түріктер арасында ғылым мен мәдениет жылдам қарқынмен дамыды. Түріктер арасынан жүздеген ғалымдар шықты. Олар ғылымның барлық саласында ірі жаңалықтарды дүниеге келтірді. Бұл жалпы ислам мәдениеті мен ғылымына қосылған қомақты үлес болғанымен, мұның есесіне түрік халқының мәдениеті мен дәстүрі күн санап өше бастады. Әсіресе, рухани, мәдени салада бұл процесс өте жылдам жүрді. Ол кездегі түсінік бойынша ислам дінін қабылдау араб болу дегенді білдіретін. Мысалы, 728 жылы Бұхара қаласының шонжарлары арабтардың сол кездегі Мауараннахрдағы өкілі Ашрасқа мұсылмандық насихаттың пәрменділігі арқасында көптеген Түркістандықтардың араб болғандығын хабарлайды [30. с. 456].
Жергілікті халықтың ислам дінін қабылдауы олардың құқының арабтармен теңескенін білдіретін еді. Бірақ бұл арабтарды оншалықты қуанта қойған жоқ. Олар ислам дінін қабылдағандар алдына қатаң талаптар қойды. Дінге жаңа кірген кісіден сүндетке отырғызылуын, мұсылмандық парыздарды толық орындауын, жақсы құлықты болуын және Құраннан белгілі бір сүрені оқып беруін талап етті. Өйткені, мұсылман қоғамына қабылданған кісі жеке адамға салынатын салықтан құтылатын [35, с. 18]. Сол себепті, арабтар жергілікті халықтың құқының өздерімен бірдей болғанын қалай қойған жоқ. Түркілер ислам дінін арабтардан тікелей қабылдаған жоқ. Түркі халықтарына ислам діні парсы тілі арқылы келді. Өйткені, ханафилердің басшылығымен көптеген діни, методологиялық маңызы бар кітаптардың араб тілінен парсы тіліне аударылуы ислам дінінің Орталық Азия халықтарына парсы тілі арқылы таралуына ықпал етті. Бұл өз кезегінде ислам дінін қабылдаған халықтардың парсылануына әкелді. Ислам дінін қабылдаған түркі халықтары өздерінің дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен ажырап, толық парсылануға бет алды. Оған дәлелді ұзақтан іздемей-ақ, түркі ғұламалары тарапынана жазылған кітаптар ішінде XI-ғасыр ортасына дейін бірде-бір не діни, не ғылыми, не әдеби шығарманың жазылмауынан көруге болады. Тек, Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білік» атты еңбегі түрік тілінде жазылған алғашқы шығарма болды. Одан кейін Махмуд Қашқаридің «Диуан луғат ат-Түрік» еңбегі мен Ахмед Йүгнекидың «Ибат ал-Хақа’иқ» атты еңбектері дүниеге келді. Бұл шығармаларды түркі халықтарының қауіпті шепке жақындағанын білдіретін сол дәуір зиялыларының жанайқайы десе болады. Түркі халықтары өзінің тілін, дәстүрлі мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жоғалтып қойған жоқ. Солармен бірге, көнеден келе жатқан түрік мемлекеттігінің қалыптасқан жүйесін де өзгертуге мәжбүр болды. Оған түрік халықтарының ішкі қоғамдық қатынастарын реттейтін жүйенің шариғат үкімдерімен алмастырылуы тікелей ықпал етті. Бұл біртіндеп түркілік әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің қолданыстан шығарылуына әкелді. Көнеден келе жатқан некелік қатынас өзгертіліп, экзогамдық қатынастар эндогамдық қатынаспен алмастырылды. Рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастар осы кезге дейін сақталып келген рулық, тайпалық жүйелердің ыдырауына әкелді. Рулық, тайпалық жүйе түркі мемлекеттігінің басшысы – ханды осы рулық, тайпалық жүйе басшылары сайлап қоятын. Хан әркезде мемлекеттік мәселелерді осы ру, тайпа басшыларымен кеңесе отырып шешетін және әр ру, тайпа ерікті әскер шығарып, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс болатын. Мысалы, Түргеш қағанына келген араб елшісінің Түргештердің қағанымен болған әңгімеден түркі мемлекеттігінің жүйесін көруге болады. Ол оқиға Йақуттың «Муджам ал-Булдан» атты шығармасында былайша баяндалады: «Қаған мені шақырып алып, - Саған не керек? – деп сұрады. Мен, оны мақтай отырып, оның адасып жүргенін, исламды қабылдау керектігін айттым. Қаған менен – «Ислам деген не?» – деді. Мен оған ислам дінінің талаптары мен қағидалары туралы айттым. Сонымен бірге, нені істеуге болады, қай нәрсені істеуге тиым салынғаны туралы әңгімеледім. Оған қоса діннің міндеттері мен мінәжат жасау жолдарын баяндадым. Одан кейін қаған – «Мұсылмандар кімдер?» - деп сұрақ қойды. Мен «Олар қалалардың халқы. Олардың ішінде моншашылар, тігіншілер, етікшілер бар» - деп жауап бердім. Одан кейін Қаған маған бірнеше күн күте тұруды бұйырды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет