Қытайдың мен Орталық Азия елдері арасындағы энергетикалық байланыстардың кейбір астарлары



Дата08.07.2016
өлшемі89 Kb.
#184519
Қытайдың мен Орталық Азия елдері арасындағы энергетикалық

байланыстардың кейбір астарлары
А.Р.Әліпбаев, доцент

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы қ.

Е-mail: aman19@mail.ru
ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Орталық Азия аймағындағы елдер халықаралық қатынастар жүйесінің жаңа қатысушыларының қатарына қосылғаны хақ. Орталық Азия аймағының басым бөлігімен шектесіп жатқан Қытай Халық Республикасы жаңа тәуелсіз елдермен саяси, экономикалық ынтымақтастықты қалыптастыру мақсатында жаңа саяси шынайылық негізінде өзінің сыртқы саяси, экономикалық стратегиясын тұжырымдады. Соның ішінде ХХ ғасырдың соңындағы Қытайдың экономика саласындағы екпінді дамуы оның энергетика көздеріне деген тапшылығын арттыра түсті. Олай болса, Қытай енді Орталық Азия аймағындағы энергетикалық әлеуетке ие мемлекеттермен тығыз қарым-қатынастар орната бастаған еді. Ондай орталықазиялық мемлекеттердің қатарына Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстанды қосуға болады. Мысалы, Қытай мен Қазақстан жиырма жыл ішінде саяси, экономика мәдени салалардың барлық жағын қамтыған ынтымақтастықты жетілдіре түсуде.

Екіжақты қатынастарда энергетика саласы да елеулі орынға ие. Сол ретте Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық ынтымақтастық «Мұнай және газ саласындағы ынтымақтастық туралы келісім» (1997 ж.), «Қазақстаннан Қытайға мұнайқұбырын салу туралы келісім» (1997 ж.), «Энергетика мен несие беру саласындағы кешенді ынтымақтастық туралы меморандум» (2009 ж.), «Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнайгаз саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім» (2009 ж.) сияқты екіжақты келісімшартттармен реттелуде [1].

Бұл екі елдің энергетика саласындағы ынтымақтастығын нығайта түсуде. Бүгінгі таңда жалпы екі елдің сауда айналымы 2013 жылы 28 млрд америкалық доллардан асты. Қытайдың Қазақстандағы инвестиция көлемі болса 26 млрд америкалық доллардан асуы, негізінен екіжақты энергетикалық ынтымақтастықтың нәтижесі [2]. Сондықтан да Қытай басшылары Орталық Азия мемлекеттерімен сауда – экономикалық байланыстарды барынша кеңейтуді көздеді, ал мемлекеттер негізгі сыртқы экономикалық және саяси бағыттарын заман талабына сай өздері таңдады. Жаңа түрдегі мемлекетаралық қатынастар, бүгінгі әлемде халықтардың даму жолын еркін таңдау құқығымен және көптармақты әлемде өз даму үлгісін қалыптастырудың жоғарғы деңгейімен сипатталады. Идеологиядағы, қоғамдық құрылыстағы, экономикалық даму деңгейіндегі, дәстүрлердегі, мәдениеттегі айырмашылықтар - ешбір елдер арасындағы жан-жақты байланыстардың қалыптасуына кедергі бола алмайды.

Орталық Азия мемлекеттерінің Қытаймен қатынастардағы құжаттардан көрінетін жаңа қатынастардың бұл қағидасы, осы елдердің халықтарының мүдделеріне сай келіп, мемлекетаралық байланыстардың жалпыға бірдей халықаралық өлшемдерін көрсетеді. ҚХР мен орталықазиялық мемлекеттер арасындағы мемлекетаралық қатынастарда халықаралық құқықта бекітілген аумақтық тұтастық пен егемендікті өзара құрметтеуді ерекше атап өткен жөн. Орталықазиялық елдердің үкіметтері Қытаймен дипломатиялық қатынастарын нығайту мақсатында Тайвань мен Тибеттің Қытайдың бөлінбес бөлшегі екенін, ҚХР үкіметінің бүкіл Қытайдың бірден-бір заңды үкіметі екенін нақты мәлімдеген болатын.

Өз кезегінде қытай басшылары өз мәлімдемелерінде Қытайдың орталықазиялық елдермен тату көршілік қатынастарын орнатып, әлемде өзіндік ықпал ету аймағын құруға, үстемдікке немесе күштеу саясатын жүргізуге ұмтылмайтындығын, керісінше мемлекеттердің әлемнің осы өңірдегі тұрақтылыққа, лаңкестікке, сепаратизмге, діни экстремизмге және есірткі саудасы мен тасымалына қарсы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған әрекеттеріне қолдау көрсетуге дайын екенін дәйектеуде.

Орталықазиялық елдер мен ҚХР үкіметтері шешімін іздеген аумақтық мәселелерді тек бейбіт түрде, келіссөздер арқылы шешумен келеді. Бұған ҚХР-мен Қазақстан, Қырғызстан, Ресей арасындағы шекара шебін айқындауға арналған бірқатар келісімдердің болуы куә.

Қытай басшыларының пікірінше, олар жүргізіп отырған сыртқы саясатының Орталық Азиядағы бес мемлекеттің сыртқы саясатымен сәйкестігі өте көп. Тараптарды олардың арасындағы байланыстардың көпжақты ынтымақтастықты орнату мақсатындағы ұзақ мерзімді және тату көршілік достық негізінде даму керек деген ортақ ой біріктіреді. Осы ойды айғақтай келе 2005 жылғы маусымда болып өткен сыртқы істер министрлерінің кеңесінде ҚХР-дың сыртқы істер министрі Ли Джаосин Қытай өзінің сыртқы саясатында әрқашан Орталық Азиядағы бес мемлекетке үлкен мән беретіндігін ашық атап өтті [3]. Қытайдың Орталық Азия өңірінде жүргізіп отырған стратегиясы негізінен оның дәстүрлі сыртқы саясат әдістеріне бағытталған. Бірақ соған қарамастан Қытай осы өңірдегі өзінің ұстанымдарын берік бекітіп, жетекшілік рөлге деген ұмтылысын ашық білдірмеуге тырысады. Бұл, жалпы қытайлық дипломатияға тән қасиет десе болады.

Дегенмен де, Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерінің арасындағы экономикалық байланыстардың тереңдей түсуіне отын-энергетикалық саладағы ынтымақтастық та өзіндік ықпалын тигізуде. Мұнай мен газ қорларына бай Орталық Азия өңірі шығыстағы Қытайдың ғана емес, бүгінгі күні бүкіл әлемнің алпауыт мемлекеттерінің назарын аударған стратегиялық маңызды аймақ ретінде саналады. Олай болса, Қытай үшін жақын аумақта орналасқан Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан сияқты елдермен энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамыту, яғни жақын маңнан энергия көздерін тасымалдау өте оңтайлы.

Көмірсутек қоры бойынша әлемде алдыңғы қатарлы орындардың бірін иеленетін Түрікменстанға Қытайдың іскерлік топтары қызығушылық танытып, оның аймағында екіжақты ынтымақтастықтың нығайуына «Синопек» Қытай мұнай-химия корпорациясы өз үлесін қосуда. Сонымен қатар ҚХР қойнауы пайдалы қазбаларға бай Өзбекстан Республикасына да аса қызығушылықпен қарайды. Геостратегиялық мағынада Парсы шығанағындағы, Каспий теңізі бассейніндегі және Тарим бассейніндегі бай қойнауларға жақын орналасуы Өзбекстан Республикасының маңыздылығын арттыра түсті. Сондықатан Қытай Халық Республикасы Өзбекстан Республикасының болашақта аймақтық және трансконтиненталдық коммуникациялардың түйісетін аумағына айналатындығын естен шығармайды.

ҚХР ел экономикасының дамуына, сонымен қатар мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде энергетикалық қорлардың рөлі жоғары екендігін жақсы түсінгендіктен, өзінің энергетикалық қауіпсіздігіне аса зор көңіл аударуда. Қытайдың аймақтағы сыртқы саясаты, оның ішкі даму артықшылықтарымен тікелей байланысты, яғни көмірқышқыл шикізаттары мен минералды қорларды импорттау мен экспорттау және өнім өндіруді дамытуға, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге негізделген.

Соған орай Қытай осы жылдар кезінде Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның экономикалық әріптесі болып табылады. Қытай осы мемлекеттердің маңызды экономикалық салаларына кең көлемде кіруге тырысуда, ол үшін мемлекеттердің энергетикалық және жүк тасымалдау салаларына инвестиция құюды арттырып келеді.

Сонымен бірге ҚХР жетекшілері ШҰАР-дағы Шыңжан - Шанхай «Батыс газ дәлізімен» жалғасатын бірнеше газ құбырларын салу мүмкіндіктерін қарастыруда. Бірінші нұсқа - Қазақстандағы Қарашығанақ газ кен орнынан жылына 25 млрд. текше метр өнімділігі және ұзындығы 3370 шақырымға созылған құбыр. Қарашығанақтың газ қоры 1,3 млрд текше метрге бағаланып отыр. Екінші нұсқа - Түрікменстаннан ұзындығы 2150 шақырым газ құбырын салу. Табиғи газ өндіру көлемі бойынша Қазақстан 2015 жылдары шамамен 50 млрд куб. м өндіру жобалануда, ал ішкі тұтынудың көлемі 16 млрд куб. м аспайды [4]. Олай болса, бұл көк отынды да Қытайға сату мүмкіндігі кеңейеді. Яғни екі ел арасында газ саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіншіліктері де мол.

Орталық Азия және Каспий өзенінің бассейні – бұл жаңа геосаяси бәсекелестікті жандандырған, мұнай өндіру саласының арта түскен өңірі. Орталық Азия мен Каспий теңіз бағыттары Қытай үшін өте қолайлы таңдау болып табылады. Бұл бағыт Парсы шығанағындағы мұнай өндіруші мемлекеттерге деген тәуелділікті азайтады. Сондай-ақ бұл аймақтан мұнай тасымалдау әлде қайда қауіпсіз, жылдам және мұнай-газ құбырымен жүзеге асырылады. Сондықтан орталықазиялық аймақ пен Каспий өңірі Қытайды өзінің тиімділігімен қызықтырады.

Қытайдың Орталық Азия аймағындағы басты мүддесі мұнай-газ саласы болса да, Қытай өзінің экономикалық саясатын аймақтағы басқа да энергетикалық салаларға бағыттаған. Қазақстандағы атомдық энергетика, Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстандағы электроэнергетика, сонымен қатар Қырғызстанның көмір саласы бойынша Қытай өзіндік жобалар құруда.

Қазақстан Қытай үшін Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ең маңыздысы іспеттес. Осындай тығыз байланыстардың негізі мыңжылдық тарихы бар және Жібек жолымен байланысты. Қазақстанның теңіз және теңіз жағалауларындағы кендерінің қорлары 37 млрд мұнай баррельге және 3,3 трлн текше метр газға тең. Бұл Республикаға әлемдегі алып мұнай өндірушілердің қатарына кіруге жол ашты. Жоспарланған белгілі қорлар, көбінесе Каспий бассейнінің арқасында, 6-8 трлн текше метр газға тең. Бұның бәрі көбінесе мемлекеттің батысында орналасады – Теңіз, Өзен және Қарашығанақ [5].

Қазақстан мен Қытай арасында энергетикалық салада бірқатар нақты шаралардың жүзеге асқандығын білеміз. Мәселен, 2006 жылы жылына 10 млн. тонна мұнайды тасымалдауға шамасы жететін алғашқы «Атасу–Алашаңқай» мұнай құбыры іске қосылса, 2009 жылдың қазан айында 20 млн. тонна мұнайды тасымалдауға мүмкіншілігі бар екінші «Кеңқияқ–Құмкөл» мұнай құбырының іске қосылғандығы баршамызға мәлім.

Сондай-ақ Қытайға Өзбекстан мен Қазақстан арқылы негізгі газ тасымалдаушы ел ретінде Түрікменстанды айтуға болады. 1996 жылдың сәуір айында да Қытай мен Түрікменстан арасында табиғи-газға байланысты келісімшартқа қол қойылып, соның нәтижесінде Түрікменстан Қытайға 2008 жылдан бастап жылына 30 млрд. текшеметр, 2010 жылдан бастап әр жыл сайын 50 млрд текшеметр газ экспорттауға келіскен болатын [6]. Қазіргі таңда бұл уағдаластық жүзеге асуда. Бұл жоба Қытай елі үшін шетелден табиғи газды тасымалдаудың ең алғашқысы еді. Екінші жағынан орталықазиялық газ құбыры Түрікменстан үшін өзінің нарық кеңістігін кеңейтуге мүмкіндік туғызды. Өйткені бұған дейін түрікмендік газ тек Ресей мен Иранға жіберумен шектелген болатын. Ал енді жаңа келісімдердің нәтижесінде Түрікменстан Қытайға жылына 65 млрд текшеметр газ экспорттауға келісті [7]. Көпжақты мұндай келісімдер екі елдің де экономикалық мүдделеріне сәйкес келуде. Достық келісімдер тек аймақтық қана емес, сонымен бірге ғаламдық деңгейдегі бейбітшілікті нығайтудың, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамудың ажырамас бөлігі болып табылады.

Осы бағыттта Қытай мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық та кең көлемде дамуда десе болады. Қытайдың энергетикалық саясатына сай 2010 жылы 9–11 маусымда Қытай ұлттық мұнай компаниясы мен «Өзбекмұнайгаз» арасында келісім жасалып өзбектер де Қытайға 10 млрд текшеметр газ экспорттауға келіскен болатын. Сол ынтымақтастықтың аясында биылғы жылы тамызда екі ел арасында технико-экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мақсатында, энергетика, жоғары технология сияқты салалардағы әріптестікті нығайтуға бағытталған бірқатар келісімдерге келгені аян. Осы келісімдердің негізінде Қытай мен Өзбекстан 2014-2018 жылдарға белгіленген стратегиялық әріптестік қатынастарын дамыту бағдарламасын қабылдайды. Осы келіссөздердің нәтижесі бойынша Өзбекстан президенті И.Кәрімов: «Біз жалпы құны 5,2 миллиард долларды құрайтын ынтымақтастық туралы 22 келісімдерге қол қойдық. Сауда келісімдерін ескеретін болсақ осы сапар барысында жасалынған келісімдердің жалпы құны 6 миллиард доллардан асады», - деп мәлімдеген еді [8].

Ия, Қытай Өзбекстанның сауда-экономикалық және инвестициялық ірі әріптестерінің бірі болып келеді. Нақтылайтын болсақ, соңғы алты жыл ішінде екі ел арасындағы сауда айналымының көлемі алты есеге өсіп, 2013 жылы 5,2 миллиард долларды құраған. Өзбекстанда бүгінгі күні 482 өнеркәсіп қытайлық әріптестердің қатысуымен құрылған, олардың жетпістен астамы таза жүзпайыз көлемінде қытайлық капиталға құрылған. Сонымен бірге Өзбекстанда ҚХР-дың 74 компаниясының өкілдігі ресімделінген [9]. Екіжақты қарым-қатынастар жылдан-жылға тек арта түсуде. Қытай Халық Республикасының Тәжікстанмен қарым-қатынастарына көңіл бөлетін болсақ, екі ел экономика, сауда және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты жетілдіруге бағытталған 2015-2019 жылдардың бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алды.

Соңғы алты жыл көлемінде Тәжікстан экономикасына салынған қытайлық инвестицияның ауқымы $500 млн деңгейіне жақындады. Әрине, ең алдымен тәжік-қытай алтын өндіру кәсіпорны «Зарафшон» тек 2013 жылдың өзінде $60 млн астам инвестиция салған еді. Сонымен бірге екіжақты таукен өнеркәсіптері де елеулі орынға ие. Екі елдің экономикалық ынтымақтастығы барысында 2013 жылы Түрікменстаннан қытайға бағытталған Трансазиат газ магистралының төртінші кезегін салуға Тәжікстанның да қатысуы үлкен мәнге ие болды. Бұл жобаның жүзеге асуы Қытай тарапынан төте $3 млрд астам инвестицияның құйылуына мүмкіндік туғызды [10]. ҚХР-дың Ұлттық мұнай және газ корпорацияларының (CNPC) Тәжікстандық мұнайгаз саласына енуі екіжақты ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне әкелері сөзсіз.

Ал, Қытайдың Орталық Азиядағы келесі ел Қырғызстанмен қатынасы да стратегиялық әріптестік негізінде электроэнергетика, мұнайгаз саласы, гидроэнергетика сияқты салаларда да кеңейе түсуде. Екі ел де өзара қызығушылық туғызатын энергетика саласындағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін мәлімдеп келеді. ҚР мен ҚХР арасында қол қойылған құжатта «Қырғызстан-Қытай» газқұбырын, «Датка-Кемин» электр желісін салу жоспарланған. 2013 жылы 11 қыркүйекте қол қойылған «Қырғызстан-Қытай» газқұбырын салу және пайдалану бойынша ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім екіжақты қарым-қатынастардың нығая түсуінің белгісі [11]. Жалпы тұрақты дамудың негізгі көзі халықты заманға сай энергиямен қамтамасыз ету. Сол ретте аймақтық елдер де тұрақты энергетиканы дамытуға ұмтылуда.

Қазіргі кезде Қытай экономикасының қарқынды дамуы, отын-энергетикалық жиынтықтың дамуының сәйкестілігімен қамтамасыз етілмеуде. Соңғы жылдары Қытайда, энергетикалық тұтынушы көздері үстемдік етуде, 2006 жылы оның пайдалану көрсеткіші басқа энергетикалық көздермен салыстырғанда 64%-ды құрады. Ұзақ уақыт бойы, Қытай көмір өнеркәсібінен бірінші орында тұр. Осы саланың керемет көп қорларына байланысты, оның Қытайда әлі де көп жылдар бойы негізгі энегетика саласы ретінде болып қалатыны айқын. Бірақ көмірдің энергетика саласында үстемдігі елдің экологиялық ахуалына кері әсерін тигізері сөзсіз. Олай болса, елдегі экологиялық жағдай да Қытайдың энергетикалық саласын қайта қарастырып, газ саласына көңілін аударуға мәжбүрлеп отыр.

Сонымен бірге болашақта Қытай автокөлік саны бойынша дүние жүзінде алдыңғы қатарға шығуы әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде энергокөздеріне деген қажеттіліктің ұлғая түсуіне әкелері анық. Қытайдың осы даму қарқынымен алдағы кезеңін болжайтын болсақ, кейбір сарапшылардың пікірі бойынша 2020 жылы мұнайды тұтыну 2000 жылмен салыстырғанда 2-2,6 есеге көбейгенімен, тек оның өндіруі энергокөздерінің шектеулігіне байланысты тым көбейе қоймайды дейді. Олай болса бұл өз кезегінде Қытайды сырттан тасымалдайтын мұнайға деген тәуелдігін 66-77 пайызға дейін көтеруі ықтимал [12]. Сондықтан да, Қытай Халық Республикасының Орталық Азия аймағындағы энергетикалық стратегиясы тек кеңейе түсері ешқандай күмән туғызбайды. Ал Орталық Азия елдері Қытайдың осындай қажеттіліктерін өзара тиімді негізде пайдалана білуі керек. Қытай жағы аймақтағы елдердің қиыншылықтарын ұтымды пайдаланып келеді. Мысалы, Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстанның мұнай мен газ қорларын барлаудағы күштері мен мүмкіншіліктері шектеулі, сондықтан олар мұнай мен газ саласын барлау мен өндірудегі құқығын шетелдік компанияларға беруге мәжбүр. Осыны пайдаланған Қытай, ОА аймағындағы мемлекеттерге энергетика саласында инвестиция құйып, өзінің энергетикалық стратегиясын жүзеге асыруда.

--------------------------



  1. Энергетическая политика КНР на современном этапе//http://www.dissercat.com/ content/energeticheskaya-politika-knr-na-sovremennom-etape (12 .03. 2013)

  2. Сунь Вэйдун, Временный Поверенный в делах КНР в Казахстане, Краеугольный камень китайско-казахстанского сотрудничества, участник строительства энергетического Шелкового пути – CNPC в Казахстане// Экспрес К №186 (18025) от 10.10.2014.

  3. Михеев В. Внешняя политика Китая при новом руководстве. // Азия и Африка сегодня 2005, №12 С.7

  4. Гуан Пан. Энергетическая политика Китая и обеспечение энергетической безопасности в Центральной Азии //Центральная Азия и Кавказ .Выпуск№ 6 (54)/ 2007. С.98-108.

  5. Бергер Я. Об энергетической стратегии Китая // Проблемы Дальнего Востока. -2004. -№3. - С. 120-13

  6. Волков В. Китай-Туркменистан: ставка больше, чем газ //http://www.centrasia.ru/newsA.php?st=1400218620 (15.05.2014)

  7. Туркменистан и Китай обсудили вопросы увеличения поставок газа //http://asgabat.net/ novosti/turkmenistan-i-kitai-obsudili-voprosy-uvelichenija-postavok-gaza.html (10.12.2014)

  8. Узбекистан и Китай подписали соглашения на $6 млрд// http://ria.ru/world/20140820/1020652093.html (20.08.2014)

  9. Там же.

  10. Алимов Р. Китай и Таджикистан сосредоточатся на укреплении стратегического партнерства// http://nm.tj/politics/15989-kitay-i-tadzhikistan-sosredotochatsya-na-ukreplenii-strategicheskogo-partnerstva-alimov.htm (04.01.2014)

  11. Темир Э. Кыргызстан и Китай расширят сотрудничество в энергетике //http://www.vb.kg/doc/273279_kyrgyzstan_i_kitay_rasshiriat_sotrydnichestvo_v_energetike.html (18.05.2014)

  12. Бергер Я. Об энергетической стратегии Китая//Московский центр Карнеги//URL: http://www.opec.ru/arhiv.aspx?ob_no=85913 ( 07.03.2011). 


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет