24.06.2015 ж. жарияланды
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовке
|
Депутаттық сауал Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Депутаттық сауалымыз соңғы кезде Ресейдің кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілген Ұлы Отан соғысы жылдарында 28 панфиловшылардың Дубосеково разъездінде жасаған ерлік істеріне Ресей мемлекеттік мұрағатының директоры Сергей Мироненконың күмән тудырған сөзі болып отыр.
Сергей Мироненко өз сөзінде: «Қиялға сенуді қою керек. Дубосеково түбінде 50 неміс танкілерін тоқтатқан ешқандай да 28 панфиловшылар болған емес. Және «Ресей — ұлан-ғайыр, бірақ шегінерге жер жоқ – артымызда Москва!» деген қанатты сөзді Клочков айтты деген де жалған»- деп айтуы. Бұл-жас ұрпақтың патриоттық санасына тікелей жасалған шабуыл. Екінші дүниежүзілік соғыста фашист басқыншыларынан Мәскеуді қорғау шайқасы әлдеқашан тарихтан өзінің өшпес орнын алған. Ол шайқасқа Қазақстанның жауынгерлерінің қосқан үлесі орасан. Ол туралы «Большая Советская энциклопедиясында», ондаған, жүздеген документальдық шығармалар да жазылған.
Басқаларын айтпағанның өзінде 1943 жылы «Красное Знамя» журналында жарияланған әйгілі Александр Бектің «Волоколамское шоссе», Б.Момышұлының «Генерал Панфилов», «Біздің генерал», Ф.Селифановтың «Панфиловшылар», П.Кузнецовтың «Кеңес Одағының Батыры И. В. Панфилов», А.Усеновтің «Біз панфиловшылармыз» тағы басқа шығармаларды айтсақ та жеткілікті.
Кезінде батыс майданының қолбасшысы болған Маршал Г. К. Жуков Жоғарғы бас қолбасшыға берген мәліметінде Панфилов және оның дивизиясы туралы былай дейді: «Ұрыстың ең қиын жағдайларында да Панфилов бөлімдерді басқара отырып, парасатты басшылық етті. Мәскеу түбінде ұрыста дивизия бөлімдері өздерінің позицияларын ұстап тұрумен қатар, жойқын қарсы шабуылдарға шығып, жаудың 2-ші танк дивизиясын, 29-шы моторлы, 11-ші және 110-шы жаяу әскерлер дивизияларын талқандады, 9000 жаяу әскері мен офицерлерін, 80-нен астам танкін, көптеген соғыс құралдары мен минометтерін жойды».
Осы жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындап, жаппай ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткені үшін 316-шы дивизия 1941 жылғы 17 қарашада Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ал келесі күні 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы атағына ие болды. Алматы облысының бір ауданы, Алматы қаласындағы көше И. В. Панфилов есімімен аталса, Алматыда 28-гвардияшы-панфиловшылар атындағы парк пен биыл Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70-жылдығына орай Астанада батыр-генералға ескерткіш орнатылды. Мәскеу түбінде Дубосеково разъездінде 28-гвардияшы-панфиловшыларына арналған ескерткіш-кешені бар. 28-гвардияшы-панфиловшылардың ерлік істеріне күмән тудырып, қоғамда теріс көзқарас қалыптастырғысы келген Ресей лауазымды қызметкері Сергей Мироненконың жауапсыз, дерексіз сөзі Қазақстан-Ресей арасындағы байланысқа әдейі нұқсан келтіру үшін айтылған арандатушылық деп қарастыруға болады.
Қазақстан-Ресей Еуразиялық Экономикалық Одақтық қарым-қатынастар аясында мұндай ұшқары пікірлерге жол берілмеуі керек. Отан қорғау жолындағы қанды қырғында құрбан болған мыңдаған жауынгерлердің рухын қаралаушылық, көпе-көрнеу тарихты бұрмалаушылық әрекеттерді болдырмауға тек Қазақстан емес Ресей жағы да мүдделі екендігін екі жақты кездесулер, келіссөздер кезінде еске салу орынды деп санаймыз.
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
Осыған байланысты, жоғарыда көтерілген мәселелерді «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауалды Сізге жолдай отырып, осы мәселелер бойынша жауап жобасын жазбаша беруіңізді өтінеміз.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары,
М. Әшімбаев
А. Тасболатов
Қ. Сұлтанов
В. Рогалев
Б. Ертаев
В. Косарев
Ж. Жарасов
Е. Бектұрғанов
Достарыңызбен бөлісу: |