1 бөлім ету
Жаңа ақпараттық және педагогикалық технологияларға сүйеніп қашықтан оқыту қоғамның қажеттіліктерін өтеуге және алдағы уақыттағы көптеген мәселелерді шешу үшін өте икемді және тиімді. Алайда, қашықтан оқыту туралы қоғамдағы және ғылымдағы даулар диаметральды қарама-қарсы пікірлерді қалыптастырады: біреулер оны білім берудің жаңа әмбебап нысаны ретінде сипаттаса, екінші біреулер оны ақпарат таратудың құралдары мен әдістерінің жиынтығы ғана деп ойлайды. Сондықтан қашықтан оқытудың білім беру және қоғам үшін маңыздылығын анықтау үшін, көптеген ғалымдар мен философтардың еңбектерін, қашықтан оқытуды білім беру жүйесіне енгізу, оны қолдану және оның қандай нәтиже бергенін жан жақты талдап, зерттеуді қажет етеді.
Терминологиялық талдау – зерттеу объектісінің мәнін ашатын терминдердің және ұғымдардың мағынасын анықтау және нақтылауға бағытталған теориялық зерттеу әдістерінің бірі. Терминологиялық талдаудың нәтижесінде ғылыми тәсілдерді және ұстанымдарды белгілеуге негіз беретін дефиницийлер мен экспликациялар анықталады.
Ғылыми әдебиетте «қашықтан оқытудың» көптеген анықтамалары берілген. Қашықтан оқытуды ашық білім беру, үздіксіз білім беру, икемді білім беру, АКТ арқылы білім беру, виртуалды білім берумен, т.б. байланысты деп түсіндіреді. Біреулер оны ақпараттық технологиялар қолдану арқылы күндізгі, сырттай білім беру, дәстүрлі және инновациялық білім беру элементтерін біріктіретін оқыту тәсілі деп анықтаса, екінші біреулер оны тұлғаның жан жақты шығармашылық дамуын мақсат еткен өзіндік білім алу қағидатына негізделген педагогикалық технология деп түсіндіреді.
Алайда қашықтықтан оқытуды қазіргі кезде пайда болған жаңа тәсілдер қатарына жатқызу дұрыс болмас. Ол сонау XVIII ғасырда пайда бола бастаған оқыту әдістерінің біріне жатады. Оның эволюциясы мен ілгерілеуі соңғы 200 жылда ғылыми техникалық прогресс пен коммуникациялық технологиялардағы инновациялармен қатар жүріп келеді, сонымен қатар қашықтан оқытудың танымалдығы мен қажеттілігі күннен-күнге өсіп келе жатыр.
Қысқаша тарихи-терминологиялық анықтама бойынша, «қашықтықтан оқыту» терминін алғаш рет Висконсин университеті 1892 жылы сырттай (корреспонденттік курстар) каталогында қолданған және бұл сөз тіркесінің шығу тегі американдық болып табылады. XX ғасырдың 70-ші жылдардың ортасы мен 80-ші жылдардың басына дейін «қашықтықтан оқыту» термині тек «корреспонденттік оқыту», «үйде оқыту», «тәуелсіз оқыту» терминдерінің синонимі ретінде немесе олардың жалпылама баламасы ретінде қолданылды, ал орыс тіліне ол «сырттай оқыту» деп аударылды. Кейінгі жылдары қашықтан оқыту сырттай оқытудың барлық нысандарының жалпылама атауына айналды, ал білім беруде телекоммуникациялық технологиялардың қолданылуына байланысты жаңа бір мағынаға ие болды (Густырь, 2001: 450).
АҚШ зерттеушілері Moore M.G., Thompson M.M., Verduin J.R., Clark T.A. қашықтан оқытуды «білім беру ұйымынан тыс кабельді немесе жерсеріктік телевизия, видео- немесе аудиожазбалар, факс, модем, видеоконференциялар сияқты технологиялар арқылы білім беру бағдарламаларын тарату», - деп түсіндіреді (Мoore, 1997: 112).
Қазақстандық ғалымдар Ж. Караев, Е. Балапанов, Е. Есбосынов қашықтан оқыту ашық білім беру идеясын іске асыратын амалы және оның нәтижесінде қалыптасатын арнайы әдістемелік және әдіснамалық әдіс-тәсілдердің жиынтығы деп көрсетеді (Қараев және т.б. 1998: 140-148).
Ресейлік зерттеуші А. Долгоруков «қашықтан оқытуды – іс-әрекетті білім беру әдістемесін, қарқынды білім беру әдістерін, білім беру ақпаратымен қашықтықтан алмасу құралдарын (қағаз нұсқа мен электронды тасымалдаушы, жерсеріктік, телевизия, радио, компьютерлік желі, т.б.) қамтитін мамандандырылған ақпараттық білім беру ортасы көмегімен қалың бұқараға білім беру қызметінің кешені», - деп анықтайды (Долгоруков, 1999:102-117).
О. Околелов қашықтан оқыту – оқу үрдісін телекоммуникация, ақпараттық технологиялар, интернет құралдары негізінде ұйымдастыратын педагогиканың арнайы білім беру жүйесі деп сипаттайды (Околелов, 2000: 37-44).
Қашықтықтан оқыту білім алушы мен педагог қызметкерінің жанама (алыстан) немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы негізінде оқыту әдістемесі ретінде анықталады. Бұл жүйеде хат алмасу, аудио, бейне, компьютер және интернетті (Roffe, 2004: 335) қоса алғанда түрлі технологиялар комбинациясын пайдалану қарастырылған.
Бүгінгі қашықтан оқыту нұсқасы - бұл білім алушыға оқу мазмұнын 80%-дан кем емес бөлігін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және телекоммуникациялық құралдарды қолдану арқылы онлайн түрде жеткізу механизмі болып табылады (Allen, Seaman, 2008: 28).
Жоғарыдағы анықтамаларды ескере отырып, қашықтан оқытуды педагогика, психология, дәстүрлі білім беру тәжірибесін, аудивизуалды құрылғылар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пайдалану негізінде кез келген адамға өзін-өзі жетілдіруге, өзінің әрекет қабілеттілігі мен дербестігін сезінуге, мәдени және кәсіби деңгейін арттыруға жағдай жасайтын білім алу мен дағдыларды қалыптастырудың гуманистік нысан деп анықтауға болады.
Қашықтан білім берудің даму мәселесі бойынша барлық дереккөздер мен ғылыми зерттеулерді талдауды тиімді жүргізу, жинақталған ауқымды әрі сан қырлы материалды саралау үшін кезеңдеу әдісі қолданылды.
Қашықтан білім берудің даму тарихын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Қашықтан білім берудің бірінші кезеңі шамамен үш жүз жыл бұрын 1728 жылы пайда болды. Қашықтан білім беру тұрақты пошта қызметінің пайда болуымен басталды. Сол кезеңде қашықтан білім беру үшін қол жетімділік ерекшелігі тән болды. Сонымен қатар қашықтан білім беру жалпыға бірдей сауаттылықты арттыру және ағартушылықтың дамуына ықпал етті.
ХХ ғасырдағы өркениеттің даму қарқыны мен ҒТР жетістіктерінің нәтижесінде ақпарат көлемінің қарқынды өсуін, құрудың, таратудың және өңдеудің тұрақтылығын қамтамасыз ететін аудиовизуалды құралдар қоғамның көптеген қажеттіліктеріне жауап беріп, көптеген мәселелерін шешуге жәрдемдесті. Сөйтіп, адамзат қашықтан білім беруді дамытудың екінші кезеңіне аяқ басты. Бұдан былай қажетті ақпаратты жеке тұлға, топтарға тіпті жаппай қоғамға артық уақыт және қаржылай шығындарсыз, кез келген қашықтықта, аудио немесе видео түрде, көрнекі немесе ойын-сауық нысанда жеткізу үшін техникалық мүмкіндік туындады. Көптеген елдер аудиовизуалды құралдарды білім беру саласында қолданып, халық сауаттылығы мен білімінің әлдеқайда сапалы деңгейге көтерілуіне ықпал етті.
Қашықтан білім беруді дамытудың үшінші кезеңі ақпараттық және коммуникациялық технологияларды пайдалануға негізделген, олардың пайда болуымен жаңа мүмкіндіктер қалыптасты. АКТ қашықтан білім берудің бірінші және екінші кезеңіндегі түрлерін толықтыра алады және олардан тәуелсіз де қолданылуы мүмкін. Не болса да АКТ оқытушылар мен білім алушылардың ыңғайлы және өзара тиімді іс-әрекетін қамтамасыз етеді.
Жаңа кезеңнің басында графикалық интерфейсі бар дербес компьютерлер кең таралып, олардың көмегімен түрлі форматтағы мультимедиалық деректерді қолдануға мүмкін болды. Білім берудегі компьютерлердің пайда болуы мен пайдаланылуы оның мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтіп, компьютерлік оқытуды қалыптастырды. Содан кейін интернет желісінің пайда болуы қашықтан оқытудың дамуына серпін берді. Бүгінгі күні қашықтан білім беруде ең танымал әдісі – интернет арқылы оқыту. Мұның ең басты себептері – басқа технологияларға қарағанда интернет уақыт пен қаражатты үнемдеуге, жеке сабақтар мен кеңес алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге және оқу материалдарын дер кезінде алуға, сақтауға және қолдана алуға мүмкіндік береді.
Қашықтан білім беру тарихына қатысты оны феноменологиялық тұрғыдан қарау жетекші елдердің мысалында феноменнің тарихын зерделеу негізінде, бірақ ол туралы пікір шығармай, мүмкіндігінше зерттеліп отырған (XVIII - XXI ғасырдың басындағы білім беру жүйесі ретінде қашықтықтан оқыту) көріністерінің толық және бейнелі сипаттамасын жасау ретінде жүргізілуі мүмкін. Тағы бір нұсқа – дамыған елдердің барлық білім беру мекемелері үшін белгілі бір институттардың немесе тіпті жеке тұлғалардың нақты тәжірибесінен тиісті абстракциялау арқылы белгілер мен жетістіктерді анықтау қажеттілігі. Қоғамдық санада өткен және қазіргі кездегі қашықтан оқытуды ерекше қабылдаудың себептерін түсіндіруге болады. Сонымен қатар, қашықтан білім беруді зерттеудегі феноменологиялық тәсіл біртекті объектілермен (әр түрлі аймақтардағы білім беру мекемелері – АҚШ, Ұлыбритания, т.б.) салыстырғанда зерттелушінің ерекше ерекшеліктерін немесе зерттелетін феноменнің көрінуіне ықпал еткен факторлардың сипаттамасын (дамыған елдердегі бірегей білім беру ортасы - экономика, қоғам, бүкіл білім беру жүйесінің деңгейі, технологиялар, менталдылығы) қамтуы мүмкін. Бұл сондай-ақ отандық тарихи-педагогикалық үрдіс үшін осы құбылыстың рөлін, мәнін нақтылауға жәрдемдеседі.
Достарыңызбен бөлісу: |