Жаһандану жағдайындағы өзін-өзі айқындау мәселесі



Дата12.07.2016
өлшемі209.49 Kb.
#195188
Ә.Ө. Өмірбекова1, Ж.У. Қаңтарбаева2
1Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-нің доценті, филос.ғ.к.

E-mail: aliaomirbek@mail.ru



2Әл-Фараби ат. ҚазҰУ-нің аға оқытушысы, филос.ғ.к.

E-mail: kantarbaevaz@mail.ru


Жаһандану жағдайындағы өзін-өзі айқындау мәселесі

Қазіргі жаһандану үрдісі кең өріс жайып жатқан кезде біздің тәуелсіздік екпінімен жаңадан қадам жасап келе жатқан мемлекетіміздің беталысын айқындау қажеттілігі туындады. Осы туста дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің саяси-экономикалық іс-әрекеттері ғана емес, сонымен қатар өмір салты да үлгіге айналып бара жатқандығын байқау қиын емес. Ал басқа мәдени үлгілердің енуі бұқаралық санаға кері ықпал етіп, ұлттық құндылықтарды шайқалтуы мүмкін. Авторлар мақалада осы мәселені жан-жақты қарастырып, түйінді идея ретінде жаһандануды терістеу емес, оның кереғар ықпалдарын анықтау, батыстандыру деп батыс үлгілерін жоққа шығару емес, тек өзіндік ерекшелікті сақтай отырып, батыс мәдениетімен сұхбатты қалыптастыру, бұқаралық ақпарат құралдарының бұқаралық санаға әсер ету мүмкіншіліктерін анықтай отырып, оны ұлттық рухты көтеруге және ұлттық идеяны жаңғыртуға бағыттау, рухани адамгершіліктік құндылықтарды насихаттап, техниканың мүмкіншіліктерін дұрыс жолда игеру идеясын ұсынады.



Түйін сөздер: құндылық, бұқаралық сана, жаһандану, ұлттық өзіндік сана, ұлттық рух, ұлттық идея.
A.O. Omirbekova, Zh.U. Kantarbaeva

Problem of self-determination in the conditions of globalization
This article considers the problem of the spreading of the process of globalization, which was reflected not only in the political and economic spheres of human life, but also directly touched the spiritual world of modern man. Political and economic achievements of the most developed countries not only have influence, but their lifestyle is becoming a role model. The effect of other cultural samples on the mass consciousness can lead to the transformation of national moral values. The authors всесторенне considering this issue, offer their concluding ideas: no denial of globalization, and the definition of its negative influence; not the negation of all the Western samples (Westernization), but by keeping the originality (identity) to establish a dialogue with the Western culture; identifying ways of influence of the media on the formation of mass consciousness, to direct their activity on revival of a national idea.

Ключевые слова value, mass consciousness, national self-identity, globalization, national spirit, national idea
А.О. Омирбекова, Ж.У. Кантарбаева

Проблема самоопределения в условиях глобализации

В данной статье рассматривается проблема распостранения процесса глобализации, которая отразилась не только в политической и экономической сферах жизнедеятельности человека, но и непосредственно задела духовный мир современного человека. Политико-экономические достижения наиболее развитых стран не только имеют влияние, но и их образ жизни становится примером для подражания. Влияние чужих культурных образцов на массовое сознание может привести к трансформации нравственных национальных ценностей. Авторы всесторенне рассматривая данную проблему, предлагают свои заключительные идеи: не отрицание глобализации, а определение ее негативного влияния; не отрицание всех западных образцов (вестернизации), а сохраняя своеобразие (самобытность) наладить диалог с западной культурой; определив возможности влияния средств массовой информации на формирование массового сознания, направить их деятельность на возрождение национальной идеи.



Ключевые слова: ценности, массовое сознание, национальное самосознание, глобализация, национальный дух, национальная идея.
ХХ ғасыр көптеген қайшылықтарға толы, игілігі мен келеңсіздіктері қатар жүрген ғасыр болды. Бұл ғасырда қазақ қоғамы түбегейлі өзгерістерге ұшырап, жақсылықтар мен қиындықтарды бастан кешірді, яғни ХХ ғасыр қазақ халқы үшін сынақ ғасыры болды десек артық айтпаймыз. Себебі, бір жағынан, бодандық бұғауы мен тоталитарлық жүйенің қыспағына түстік. Санамыздың, тіліміздің, дініміздің бойкүйездік күйге түсуі соның салдары. Ал, екінші жағынан, қазіргі уақытта бодандықтан арылған қазақ халқы жаңа қиындықтармен де бетпе-бет келіп отыр. Бұл қазіргі әлемді қамтыған жаһандану үдерістерінен туындайтын қиыншылықтар, яғни қазақ ұлты мен Қазақстан қоғамының алдында жаһандық толқынымен келіп жатқан батыстандыруға, стандартталған унификацияланған бұқаралық мәдениетке, бірқалыпты ойлау мен бұқаралық санаға төтеп беру және осындай ықпалдарға қарамастан өзіндік ерекшелігін сақтап қалу және өзін-өзі айқындап алу міндеті тұр.

Қазіргі заманның қалалық өмірінде көрініс табатын қандай да бір жағдайлардың, көзқарастардың, оқиғалардың жоғары белсенді өзгермелілігі құндылықтардың тұрақсыздығына алып келеді және бұл заманауи үрдіс болып тұрғандығын мойындауымыз керек. Мысалы, бүгін аса сұранысқа ие болып тұрған әуен, сән үлгілері, тұтыну заттары ертең-ақ қоғаммен ұмытылып, басқаларымен алмастырылып кетеді. Өйткені бұқара – үнемі қозғалыста болатын, бейнесіз күш. Ол тұрақтылықтан гөрі өзгермелілікке негізделген. Қоғамдағы болып отыратын белгілі бір уақыттағы тұрақтылық пен тұрақсыздық адам болмысының өзгерісіне алып келеді. Осындай жағдайлардағы адам алдына қоятын шешім қабылдау талаптары немесе жауапкершілік жүктері өте ауыр болады. Осындай сынаққа қарамастан өзіндік «Менін» сақтап қалатындар кемде-кем. Материалдық игіліктерге тәуелді қазіргі заман адамы асқақтықтан гөрі пендешілікке бой алдырып, жат мәдениеттің жаулауына еріксіз түсіп отырады. «Бұнда кез келген тұрақтылық күмәнді, негізділік ескі, тәртіптілік пен принципиалдылық күлкілі болып саналады. Дүние құрылымы мен қоғамның релятивтілігі – міне, осылар бұқараның пайда болу сәтінен жасаған қоғамдық санадағы және дүниетанымдағы іргелі жетістігі болып табылады» [1, 31 б.]. Егер де, бұқаралық қоғам «басымдық танытатын бағдарлары мен ұстанымдары жалған құндылықтарды жоғары көтерсе, ауытқу (флуктация) жолына түссе, онда белгілі тарихи кезеңде көпшілік бұл құндылықтық жүйелердің шылауында болуы да мүмкін. Мәселен, біз қазір тұтынудың бағыты қоғамдық санадағы манипуляцияларға (жарнама, БАҚ-тың пайда іздеген қызметі, өнердің коммерциялануы) тәуелді болатын кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Әсіресе бұл құбылыс жастардың дүниетанымына, ұстанымдарына барынша ықпалын тигізеді. Рухани қажеттіліктер бірқалыпты постмодерндік типте қалыптасып, талғам мен құндылық өзінің көркемдік әрқилылығын жоғалта бастады. Бұл кез келген ұлттық мәдениетке, азаматтық келбетке нұқсан келтіретін теріс үрдіс. Ал ол өз кезегінде бұқараның іс-әрекеті мен санасында релятивизмнің жүзеге асуына негіз болды. Тіпті бұл жерде релятивацияға барлығы түседі. З.Н. Исмағамбетованың пікірінше, «Медианың ықпалымен мәдени объектілердің трансформациясы, олардың симуляциялық, жасанды заттарға айналуы орын алып отырады, соңғылары индивидтер санасының трансформациясымен нәтижеленеді. Демек, релятивизмнің қалыптасуы қоғамның өзгеруі жағдайында, әлеуметтік-мәдени дағдарыс кездерінде, бұқаралық және ақпараттық феномендердің экспансиясы кезінде іске асады. Мұндай қызығушылықтары мен құндылықтары ығыстырылып жатқан жаңа мәдени кеңістікке кіру үдеріс индивид санасының «мутациясы» мәдени шок ретінде қабылданады» [2, 21 б.]. Демек, қазіргі қоғамда болып жатқан аса жоғары деңгейлі экономикалық, рухани, саяси, мәдени, сән өзгермелілігі болашаққа деген көзқарасқа күмән тудырып, құндылықтардың да тұрақсыздануымен ықпал етеді. Бұқаралық санада бүгінгі және қазіргі сәтпен рахат өмірін кешіп қалу пікірі орнайды. Бара-бара адам жаттандырылған сана-сезіммен өмір сүруге үйренеді немесе, басқа сөзбен айтқанда оның теріс жақтарын байқағысы, өзіндік жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Бұл – бұқаралық санадағы құндылықтар релятивизмінің айқын формасы. Мысалы, бүгінгі күнде әділеттілік үшін күрес пен жұмыс орнын сақтап қалу сайысында, екіншісі бірінші орынға қойылады. Егер де ол қолайлы өмірге еш кедергі келтірмесе, әділеттілік үшін күрес белгілі бір әрекетке негізделеді. Сол сияқты құндылықтар бүгінде салыстырмалылығымен сипатталып, материалдық игіліктер өлшемімен өлшенеді. Бұл – қазіргі заманның ащы шындығы. «Құндыны қарапайым бағалыдан, қажеттіден, тиімдіден, пайдалыдан ажырата да білу керек. Шынайы сүйікті нәрселер құрал бола алмайды. Айырбасқа көнбейтін, орны толмайтын жоғары құндылықтар бар, әдетте оларды «баға жетпес» деп жатады» [3, 10 б.].

Әлеуметтік үлгілері мен жағдайларының жоғары деңгейдегі өзгермелігі, мысалы сән, саяси жүйелер, саяси жоспарлар, т.б. сенімсіздік, әділетсіздік сияқты сезімдердің пайда болуына ықпал етеді. Бұл қоғамда болашаққа үміт артылмайды, әркім «бүгінгі күнмен және осы сәтпен ғана өмір сүреді». Дегенмен қазіргі заман адамының өзгермелілікке (сәнге, техникалық жаңашылдықтарға, замана талабына) ілесе алмай қалуының өзі қорқыныш, үрей сезімдерін тудырады. Бейсаналылықтың белсенділігі мен ақыл-ойдың енжарлығы бұқаралық сананың тұрақсыздықтар мен күйзелістер кезінде өршіп, көпшілікті жаулауына әсер етеді. Қоғамдағы белгілі бір уақытта болатын тұрақтылық пен тұрақсыздық адам болмысының өзгерісіне де алып келеді. Қоғамдағы әлеуметтік құндылықтық қатынастар туралы Ғ.Ғ. Ақмамбетов былай деген еді: «...мораль арнайы әлеуметтік феномен ретінде қоғамдық болмыстың туындысы болып табылады және де қоғамның материалдық жағдайларының өзгеруіне байланысты оның адамгершіліктік санасы да өзгереді» [4, 52 б.]. Бұқара әлеуметтік институттарды, әлеуметтік қатынастарды және тіпті қоғамдық болмыстың негізін де толығымен өзгертуге қабілетті. Үнемі қозғалыста болатын, қайнап толқып қандай да бір өзгерісті қажет етіп тұратын бұқара дәстүр орныққан дәстүрлі қоғамды да өзгерте отырып, сол негіздің өзін ыдыратады, өзіндік құндылығынан айырады. Олар үшін тұрақтылықтан гөрі өзгермелілік, құндылықтардың замана талаптарына сай өзгеріп тұруы маңызды. Мұндай қоғамда барлығы салыстырмалы. Тіпті бұрын-соңды абсолютті болып есептелетін моральдық категориялар бүгінгі бұқаралық қоғамда салыстырмалы түрде қалады. Демек, құндылықтар да салыстырмалы-релятивтік өлшемдерге ие болуымен тұрақсыздықты сипаттайды.



Бұқара жағымсыз әсерімен қатар, жағымды жақтарымен де айқындалады. Қазіргі заманда дәстүрлі қоғамның құндылықтары мен бұқаралық мәдениет ықпалымен келген жаңашыл құндылықтар арасындағы бірқатар қайшылықтар байқалады. Өйткені қазіргі өркениет дәстүрлі консерватизммен, артта қалушылықпен ұштасады, ал жаңа толқынмен келіп жатқан жаңа құндылықтар тек бір сәттік болып табылады. Дегенмен, кейбір ғалымдардың (Э. Тоффлер, Масуда және т.б.) пікірінше, бұқаралық қоғамда таңдау мүмкіншілігі жоғары болғандықтан индивидтердің потенциалдық мүмкіншіліктері де дәстүрлі қоғамға қарағанда әлде-қайда жоғары. Өйткені бұқаралық қоғамда адам ақпаратты алуға және игеруге қабілетті болады. Сонымен қатар жалған мен ақиқат, игілік пен зұлымдық олардың сенімділігімен анықталады. Абсолютті құндылық ретінде бұл ұғымдардың бұқара үшін ешқандай маңызы жоқ, алайда егер қандай да бір пікірді игілікті ақиқат деп жарияласа, соған бұқара күмәнсіз сеніп, бар ынтасымен қызмет етеді. Тіпті бұл мұраттар үшін олар жан қиюға да дайын. Соқыр сенімнен құрылатын камикадзелардың іс-әрекетін осымен түсіндіруге болады.

Бұқаралық сана тарихи мұралар мен тарихи тағылымдарды ұмыт, жабулы қазан ретінде қалдыруға тырысады, өйткені онда қандай да бір ерекшеліктерді жоятын қалыпты, барлығына ортақ мәдениетті уағыздау орын алады. Қазіргі заманда мұндай «үлгілі» модель негізінде бұқаралық сана батыстық немесе америкалық мәдениеттер орныққан. Бұқаралық сананың қалыптастыратын, тарихи мирасы жойылған ізгі дәстүрлері мен құндылықтары жоғалған мәңгүрттік типтегі адамдардың болашағы да бұлыңғыр. Тарихи тағылымның өшірілуі бұқаралық мәдениетке артылған міндет тәрізді. ««Үшінші әлем» атымен таңбаланған экономикалық саяси әлеуметтік ахуалы әлсіз мемлекеттердің қай аға мемлекеттің жетегіне еру керектігін, оны қай үстем мемлекет қолдап, қайсысы шет қалуы дұрыс екені ашықтан-ашық таласқа түсе бастаған. Әлсіз ұлтты түрлі жаңашыл, заманауи, рухани-мәдени төңкерістердің эволюциялық сатысынан өткеріп, өздері секілді «мықты ұлттардың» өкілін жіберіп, тезірек жаңа деңгейге көтеру үшін жасалынып жатқан іс-әрекеттер жеткілікті. Жаһанданудың теріс жақтарының бұқаралық санаға қалай ықпал ететінін бір америкалық генералдың басқа халықтарды жаулаудың «икемді жолы» жоспарынан үзінді келтіре отырып, байқаймыз: «...Біз олардың ұлттық құндылықтарын жалған құндылықтарға байқатпай ауыстырып жібереміз. Осы жалған құндылықтарға сендіреміз. Қалайша? Әдебиет, кино, театр адамның ең лас сезімдерін жариялап көрсететін болады. Адам санасына – тән ләззаты, зорлық-зомбылық, екіжүзділік, тойымсыздық секілді теріс қылықтарды насихаттайтын өнер туындыларын қолдап, қорғаймыз. Арсыздық пен ұятсыздық, өтірік пен сұрқиялық, маскүнемдік пен нашақорлық, сатқындық, өзге ұлтты иттің етінен жеккөрушілік сезімдерін өршітіп, өзінің сол ұлттың өкілі болғандығына намыстанып, бойында бірнеше ұлттың қаны бар ұлтсыз екеніне мақтанатындарды бірте-бірте байқатпай көтермелей түсеміз. Ал мұның адамдарды тұңғиыққа тартып әкететін иірім екенін сезген азшылықты көпшіліктің алдында масқаралап отырамыз»». Жан түршіктірер, қорқынышты жаулаудың бұл жоспары өкінішке орай икемді түрде жүзеге асуда және оған жол беретін ұлттық қазығы әлсіз, рухы сөнген халықтар көбейе түсуде. Себебі тарихи қазығы, өткені жоқ халықты басқару әрі манипулизациялау оңай. Ол белгілі бір көсемдер үшін я болмаса белгілі бір саяси мақсаттарды көздейтін басқа «өркениеті» дамып кеткен елдер үшін тиімді. Олардың икемді саясаты өткеннің қателіктерін бетке ұстай отырып, алдағы «жаңа, идеалды өмірді» уәде ететін қияли, мифтік сананы қалыптастыруды көздейді. Бұқаралық санада ұлттық ерекшелік те өшіріледі. Демек, ұлттық рух, ұлттық намыс деген ұғымдар бірқалыптылық пен біртектілікке негізделген бұқаралық қоғамда түкке тұрғысыз, бос сөздерге айналады. Ле Бон мұндай жағдай туралы былай деп жазады: «Бір-бірінен алшақтатылған мыңдаған индивидтер белгілі бір кезеңдерде күшті эмоциялардың немесе ұлы ұлттық оқиғалардың ықпалына бір уақытта түсуі мүмкін, сонымен де рухтанған тобырдың барлық белгілерін өз бойына сіңіреді. Тұтас бір халықтың өзі де белгілі бір ықпалдың негізінде тобырға айналады» [5, 24 б.]. Бұл көзқарасты Г. Маркузе өзінің «Бірөлшемді адам» атты еңбегінде, З. Фрейд «Бұқаралық психология және адамдық Менді талдау» еңбегінде құптаған болатын. Ал Г. Шиллер былай деп жазады: – «Манипуляцияның ең үлкен жетістігі батыстық дамуды индивидуализм философиясындағы еркіндік тілінің жалғыз дұрыс анықтамасы ретінде пайдалану болып табылады. Соның негізінде манипуляцияның барлық құрылымы орныққан» [6, 134 б.]. Манипуляцияға, я болмаса басқа жат қылықты мәдениеттің ықпалынан сақтайтын, иммунитет ретінде халықтық мәдениетті айтуға болады. Себебі, халықтық мәдениет ол тамыры тереңде жатқан мәдени үлгілерге, адамдардың мақсат-мұраттарына, табиғатпен, қоршаған ортамен үндестікке негізделген жоғары өнер түрлерінің жүзеге асуы болып табылады. Бұл жерде мәдени шығармашылық әрекет арқылы халықтардың ойлау бейнесі мен интеллектуалдық даму деңгейін, өмірге бейімделу мүмкіншіліктерін аңғаруға болады. Ал бұқаралық мәдениет адамдардың әлеуметтік-мәдени өмірінде көрініс табады. Оның төмендегідей негізгі белгілері бар: бұқаралық қоғамда адамдардың элементарлық тұтынушылық сұраныстарына өте жақын, мәдени туындылардың кең ауқымға тарап, көптеп таралымға түсуі және қарапайымдатылуы, ол түсінікті болып беріледі. Мысалы, халықтық мәдениет сол халықтың өмір салтын, ұлттық рухын, дүниетанымын сипаттайтын болса, бұқаралық мәдениет ешқандай интеллектуалдық жұмысты қажет етпейтін, басты қатырмайтын, эмоционалдық жоғарғы сезім күйін кешуді қажет етпейтін мәдени фактор болып табылады. Сонымен қатар халықтық мәдениеттің мәні рухани тәрбие ғана емес, ол өмірлік тәжірибеден жинақталған рухани және материалдық құндылықтарды болашақ ұрпаққа мирас ету, ұрпақпен ұрпақты жалғастыру болса, бұқаралық мәдениетте, керісінше, құндылықтар тым тұрақсыз, тез өзгереді және тіпті уақыт өте терістеліп те жатады. Онда тарихи тағылым мен мәдени мұраның ешқандай қажеті жоқ, ол қазір осы сәтте сезілетін фактор ғана. Өйткені, бұқаралық мәдениет пен бұқаралық өнерде көркемдік орта өсіп келе жатқан ұрпақтың қалыптасуына қажетті әсемдікті шынайы жүрекпен қабылдауына бағытталмайды және гуманизмге бағыттайтын нәрселер басқа аспектіден көрсетіледі. Мысалы, қазақи ұлттық киімдерді алатын болсақ, қарағанда көз тоймайтын әсемдіктің, еңбектің көрінісі болып табылатын бұл киімдер жүректе бір жылу сезімін ұялататын, адамзатқа мейірімділікті туғызатын болса, батыстық үлгідегі киімдер, керісінше қатыгездік пен прагматикалықты көрсетіп тұрады. Сол себептен де ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік те қазіргі қоғамның үлкен тауқыметіне айналып отыр. Бұрынғы тарихи негіздері бар ұлттық эстетикалық қабылдауға сүйенетін ересек адамдардың дүниені қабылдаулары мүлдем басқа, ал қазіргі батыс үлгілерімен жүретін жастардың дүниеге деген көзқарасы мүлдем өзгеше болып келеді. Қазіргі біздің қоғамда заманауи үлгілердің негізінде батыстық немесе америкалық мәдени ықпалдың көрінісі (киім үлгісі, шоу-бизнес, клиптік мәдениет) айқын байқалады. Ұлттық мәдениет рухани құндылықтарға иек артса, ал бұқаралық мәдениет нарықтық қатынастарға сүйенеді, яғни сатылмайтын нәрсенің ешқандай құны жоқ, ар, ұят, абырой, қайырымдылық сияқты категориялар кейінгі орынға ығыстырылып, оның орнын ақша, байлық, капитал басады. Сондықтан да халық әлемдік мәдениет құндылықтарын игеруге уақыт пен күш-қуатын жұмсағаннан гөрі, қазіргі техногендік өркениет ықпалындағы өзінің ыңғайлылығымен, қолайлылығымен, игеруге деген жеңілдігімен және тиімділігімен айқындалатын тұтынушылық шоу мәдениетімен қанағаттанады. Яғни, «нарықтық қатынастар ұлт психологиясына менталитетіне елеулі әсерлерін тигізуде. Нарық қатынастары психологиясының әсерінің өрістеуінің арқасында және адамның адамгершілік, ізгілік сияқты қасиеттерінің заттануы, ұлттық этиканың орнына құбылмалы, ыңғайлы этиканың келуі жағымсыз жағдайларға, құбылыстарға итермелеуі мүмкін. Нарық кезінде ұлтымыздың рухани өміріне мән берілмесе ұлтымыздың моральдық-этикалық келбетінен айырылып қалуы мүмкін. Сол себепті ұлттың моральдық деградацияға түсуіне жол берілмеуі керек. Сапаның адамдарды дарақылық пен тоқмейлісесушілікке, арзан, жылтырақ тіршілік өмірге әкелуі мүмкін» [7, 118 б.]. Сонымен қатар, «бұқаралық мәдениет консьюмеризммен тығыз байланысты болғандықтан тауарлы фетишизмді насихаттайды. Яғни, қазіргі кезеңдегі құндылықтық қатынас пайдалылықпен, атақ-даңқпен тығыз байланысты болып кетті. Бұл өз кезегінде адамның жеке басына ғана емес, сонымен қатар жалпы қоғамға, түгелдей ұлтқа өзінің кері әсерін тигізуде. Бүгінгі күндегі біздің мемлекетіміздегі тәуелсіздік қанжығасы бұл бізге берілген бақ қана емес, сонымен қатар бұл үлкен жауапкершілік. Әлеуметтік-саяси еркіндікке жеттік деп бей-жай, қамқорсыз жата берудің қажеті жоқ. Өйткені, ең бастысы бұл біздің сана тәуелсіздігіміз, ұлт ретінде өзін-өзі айқындау мәселесі. Әсіресе жаһандану жағдайында бұл көкейкесті мәселеге айналғандығы айқын. «Бүгінгі күні ата-бабаларымыз берік ұстанған дәстүрлі құндылықтардың шайыла бастағаны байқалады. Кей тұста «ерліктің» «ездікке» айналып бара жатқаны көрініс береді. Ұл балалардың ұяндықпен қоса, ынжықтығы көбірек сияқты көрініп, алдыға түсіп кетіп жатыр. Ол күнделікті отбасылық өмірден де, қоғамдық өмірден де аңғарылады. Арзанқолдылық ғылым, әдәбиет, өнер тәрізді «рухани» мәдениет салаларынан анық байқалады. Мұндай келеңсіз құбылыстарда құндылық қайдан болсын, рух қайдан болсын. Тәуелсіздік алдық, мұны ең басты құндылық деп жүрміз. Халықаралық сахнаға таныла бастадық, оған шүкіршілік ету керек. Бірақ танылғанда қалай танылу керек. Даңғазалықпен емес, өз болмысымызға сай дара мінезбен, салмақтылықпен және орнықтылықпен. ... Рухы бар нәрсе құнды. Риясыз, өз болмысына сай болған шынайы дүние құнды.» [3, 118 б.].

Бұқаралық ақпарат құралдары бұрынғы дәстүрлі мәдени қоңдырғыларды идеологиясыздандыруға байланысты пайда болған кеңістік мәні мен мазмұны коммерциялық негізге құрылған видеотекалар мен жарнамалар арсеналының сюжеттерімен толтырылады. Бұл мағынада бұқаралық сана деструктивті, идеологиялық, конфессиялық және т.б. негіздердегі психологиялық манипуляцияға бейім келеді. Құқық қорғау орындарының кейбір мәліметтеріне қарағанда кино және видеоөнімдердің сюжеттік мазмұны мен қылмыстық істер арасында мағыналық байланыстар бар. «Қаталдық, қасіретнама, агрессия, қылмыс, эротика, зорлық, цинизм, т.с.с. негізгі сюжеттік линиялар пікірлесі барысында кәдуілгі (әсіресе жастардың) санада стереотипке айналып, еліктеудің нәтижесінде шындық өмірге енеді» [8, 56 б.].



Бұқаралық сана деген ұғымның өзі жалпылық, көптік дегенді меңзегеніне қарамастан, жатсыну үрдісі кең белең алады. Бұл адамдар арасындағы жатсынуды тудырып, жалғыздықты көбейтетіндігі анық. Дегенмен бұл жалғыздық өзін-өзі айқындауға негізделген жалғыздық емес, керісінше апаттық, қорқынышты жалғыздық. Басқалар сияқты болмаудың өзі қазіргі заман адамында үрей сезімін тудырады. Демек, қалай дегенде де ол барлығы сияқты болуға ұмтыла түседі. Адамдардың назары шығармашылық әрекеттің мазмұнынан және оның абсолюттік құндылығынан тұтыну заты ретіндегі салыстырмалы құндылығына аударылады. Ә. Нысанбаевтың пікірінше, «жеке адам мен қоғамның арасындағы тартысты шешу жеке мен жалпының механизмдерін есепке алуды қамтамасыз ететін азаматтық қоғамды қалыптастыруды білдіреді. Жеке адам өзінің кеудесін тік көтеруі керек, заттар мен нәрселер әлемін құндылықтың ең жоғарғысы деп атамауы тиіс. Әлеуметтік қатынастар мен индивидтердің заттар әлеміне байлануы ақыр соңында адамның деперсонализациясына алып келері анық. Индивид тұлғалық болмыстың өзіндік құндылық ретіндегі мәнін жоғалтатын анонимділіктің түссіз, бедерсіз үстемдігінің объектісіне айналуына жол бермеу керек. Индивид өзін тұлға ретінде, сонымен қатар тұтастықтың мәндік бірлігі дерегінде зерделенеді, қоғамдық өмірдің бастауы екендігін түсіну тиіс: салауатты қоғамды қалыптастыру адамдардың өзіндік дамуына тәуелді екені белгілі» [9, 86 б.]. Әрине, заттар әлемінде адамдық болмысты, өзіндік ерекшелікті сақтап қалу алдыңғы қатарға шығуы тиіс. Дегенмен бұқаралық сананы қалыптастыруда тұтынуға негізделген бұқаралық қоғамның зор ықпал ететіндігі белгілі. Индустриалдықтан кейінгі қоғам тұтынушылық ерекшелігімен бағаланады. Өндіріс пен тұтыну арасындағы тікелей құрылымдық байланыс сақталатын және тұтыну тәсілдері өндіріс тәсілдерімен анықталатын өндіріс қоғамында субъект енжар рецепиент ретінде өндірілген өнімнің енжар тұтынушысына айналады. Дәл осы жағдайлар «бұқаралық қоғамды» – тұтынушылар қоғамын қалыптастырады. Расында, заттық дүниеқұмарлықтан әбден тәуелді адамдар пендешіліктен бой асыра алмай, барлық адамдық, адалдық қасиеттерін ығыстырып қойып, дүние арпалысына көшеді. «Қазіргі әлем өз-өздерінің көшірмелері бола бастаған және өлімнің не екенін білмейтін, инертті, абстрактілі заттардың ғарышына айналды. Шынайылықты жоғалтып және барлық жасандыға айналған заттар мәңгілік сипатқа ие болып, «клондар әлемінің ішіндегі клондарға» айналды» [10, 40 б.]. Сөйтіп, тұтынушылық қатынастар қазіргі қоғамда басты фактор ретінде орнығады. Яғни, қазіргі заманда нарықтық тауарларды, ойын-сауықты тұтыну адамдардың өздерін зат арқылы тануын білдіреді. Тұтыну немесе заттар фетишизациясы тек қана тұтынудың талғамдық және эстетикалық сұраныстарын анықтамайды, сонымен қатар қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік иерархия мен қатынастарды орнатады. Ғ.Ғ. Ақмамбетов тұтынушылық қоғам мен тұтынушылық қатынасты былай сипаттаған еді: «Тұтынушылық қоғамның пайда болуымен бірге, тұтынушылық идеология да өсе түсті. Басқалардың мүдделері ескерілмейтін жеке пайда көру бұл идеологияның ең басты қағидасына айналды. Сондықтан буржуазиялық индивид белгілі бір мұраттарды жүзеге асыруға бағытталмайды, керісінше, материалдылық тәуелділік жүйесіндегі идеалдар “ыңғайлы” немесе «ыңғайлы еместікті» реттеу тәуелділігіне айналатын белгілі бір игіліктерді алуға бағытталған» [4]. Бүгінгі күндегі ұлттық мәдениет туындылары мен құндылықтарын біз тек тұтыну факторы арқылы байқаймыз. Мысалы, ұлттық нақышта жасалған заттарды біз тек интерьер үшін қажетті сувенир (тіпті бұқаралық тұтынуға арналған кезекті таралым) ретінде танитынымыз тым өкінішті. Бұл заттардың өзіндік шынайы мақсаттылығы мен мәнділігін жоғалтып, симулякрлармен ауыстырылып жатқандығын білдіреді. Заттар не болмаса өз қызметтілігін жоғалтып, белгі қасиетіне ие болады, я болмаса тұтыну контекстіне еніп, аурасын жоғалтады, не болмаса өзін шынайылыққа емес, керісінше абстрактілі саналатын белгілер қатынасына негізделген жүйе шеңберінде тұтынушылық басты фактор ретінде орнығады. Бұл заманауи көрініс туралы Ғ.Ғ. Ақмамбетов: «Қазіргі капиталистік қоғам нәтижесінде тұлғаның адамгершіліксіздігіне алып келетін жалған моральға тартуға кірісті. Капитализмнің адамзат алдындағы ең қорқынышты қылмысы – оның тұлғаны ұсқынсыздандырып, стандарттап, шынайы адамдық қасиеттерінен айыруы. Буржуазиялық идеологияның барлық құралдары – өнерден бастап жарнамаға дейін – және, ең алдымен, болмыстың жағдайларының өзі осы адамгершілікке қарсы мақсатына бағытталуын шарттандырады», – деп жазады. [4, 51-52 бб.]. Қазіргі замандағы бұқаралық сана субъектісінің тұтынушылық таңдауы бұқаралық ақпарат құралдарының делдалдық және тікелей қатынасы арқылы жүзеге асып отырады. Бұл жолда үлкен қызмет жарнамаға, арнайы бағдарламаларға және т.б. тапсырылады. Индустриалдық қоғамдағы ойланғысы келмейтін бұқаралық адам таңдау мүмкіншіліктерінің дайын түрде ұсынылғанын қалайды. Дегенмен бүгінгі күнде тұтыну факторлары мен олардың бұқаралық санаға әсерінің екі тенденциясы айқын байқалады (әсіресе ТМД елдерінде). Бір жағынан, жаһандық сипаттағы әлемдік унификацияланған стандартты тұтыну (заттық, экономикалық, рухани және т.б.) бүкіл әлемдік ортақ мәдени кеңістікке ену болса, екінші жағынан, өзіндік ұлттық ерекшелігі мен бірегейлігін қалай дегенде сақтап қалу. Сол сияқты индивидуалдылықтан айырылған адам, тұтынушы саясат саласындағы манипуляция құралына оңай айналады. Экзистенциалдық екіжақтылықтан құтылу үшін адам өзін әлеуметтік ұйымдармен сәйкестендіре отырып, өзінің тұлға екендігін ұмытып кетеді. Сонымен, егер М. Хайдеггердің терминологиясын пайдаланатын болсақ, адам тұлға болудан қалып, белгісіз «ол» (оно)-ға айналады. Ол «жағымсыз экстаз» атанатын күйге түсіп; өзін, өзінің келбетін ұмытады: енді ол тұлға емес, ол тек зат» [11, 310 б.]. Демек, жауапкершіліктен безе отырып, адам жасырынды атомға айналады. Адам алдында үлкен шығармашылық мүмкіндіктер ашатын еркіндік ауыр жауапкершілік жүгімен де жүктеледі. Яғни, қазіргі заман адамы жағымсыз еркіндіктен жағымды еркіндікке (Э. Фромм) өте алмағандықтан жалпы еркіндіктен бас тартуға тырысады. Мұндай еркіндіктен қашу фомаларының бірі көсемге өз өмірін табыстап, оның бағыныштылығына өтуімен сипатталады. Мұндай іс-әрекетте оған «тобырға айналдыруды» билік технологиясы ретінде пайдаланатын саясаткерлер көмек көрсетеді. Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады. Жауапкершілігі жоқ адамды еркін, азат деп айтуға болмайды. Демек, ол қандай да бір манипуляция мен басқаруға бейім келеді.

В.М. Бехтеревтің ойынша, «әр тұлға белгілі бір дәрежеде салт-дәстүрдің, қоғамның өндіретін формаларының, тіпті ондағы басым ырымдар мен ғұрыптардың құлы болып табылады. Тұлға тек барлығына ортақ тілді ғана пайдаланып қоймай, модаға еріп, қоғамдық пішіндегі көйлектерді киеді, белгілі бір дәрежеде ұлттық көзқарастарды, жалпымен қабылданған ережелерді ұстанып, барлығына ортақ мәдениетпен өмір сүреді» [12, 158 б.].

Табиғатынан құл болып табылатындар мәдениетке, өзіндік әрекетке, еркін белсенділікке қабілетсіз болады. Олар біреудің басшылығында болуды қалайды. Американы симуляция мен бұқаралық сананың көрсетікіші ретінде қарастыра отырып, Ж. Бодрийяр былай деп жазады: «Барлығы симуляция арқылы қамтылады. Көркем бейнелер – сурет арқылы, әйелдер – сексуалдық сценарий арқылы, ой – хат арқылы, терроризм – мода мен масс-медиа арқылы, оқиғалар – теледидар арқылы. Заттар осы жалғыз түсініксіз мақсаты үшін өмір сүретіндей көрінеді. Тіпті, мұнда мүмкін бұл әлемнің өзі басқа әлеммен жасалған жарнама шығар деген сауал туындай бастайды» [13, 98 б.].

Жаһанданудың кең таралуына кедергі жасайтын және өзіндік ерекшелігі бар ұлт ретінде танытатын бірден-бір фактор – ұлттық өзіндік сана. Жат қылықты құндылықтар, батыстандыруға негізделген мақсатталған әрекеттер рухани дінгегі әлсіз, ұлттық идеясы жоқ, ұлттық рухы сөнген халықты уландыру қашан да оңай жүзеге асады. Осы жолда бұқаралық мәдениеттің арзан өлшемдері кең пайдаланылады. Бұл жағдайды Н.Д. Сағадиев былай сипаттайды: «Әрине жаһанданудың жағымды жақтарын да ескеруіміз қажет, алайда оның табиғатын түсіндіру барысында жаһандану шекараларының кең ауқымға қанат жаюына мүдделі болып тұрған кейбір саясаткерлер мен кәсіпкерлерді қоғамдағы жалпыадамзаттық құндылықтарды орнату мүдделері емес, керісінше, өздерінің пайдакөздік мүдделері толғандыратындығын мойындауымыз керек. Ал мықты рухани-адамгершіліктік тамырларына сүйенетін кез келген ұлттық мәдениет мұндай пайдакөздік қызығушылықтарды жүзеге асыруда кедергі болатындығы анық. Сондықтан жаһандану үдерісін жақтаушылар тамыры тереңде жатқан мәдени құндылықтарды қарапайым төмен деңгейге түсіруге тырысады. Тек сонда ғана олар өздерінің космополиттік мақсаттарын еркін іске асыра алады Ал бұл жолда маңызды рөлді бұқаралық мәдениеттің арзан өнімдері атқарады» [14, 19 б.].



Шындығында, жаһандану толқынында адамның жекелігі, тіпті түгелдей бір ұлттың өзіндік ерекшелігі, даралығы батыстандырудың құралы болып табылатын бұқаралық мәдениеттің ықпалында жойылып кетеді, саясаттың немесе мақсаты бұлыңғыр қоғамның манипуляция объектісіне айналады. Әрине, бүгінгі таңда «Мәңгілік ел» ретінде қалыптасу стратегиясын жүзеге асыру мақсатында біз өзіміздің даму жолымызда батыстық экономикалық, мәдени, кәсіптік және саяси жолдарын негізге алатынымыз сөзсіз, әлемдік стандарт, әлемдік өркениет сияқты ғаламдық өзара әрекеттестік, қарым-қатынас негізінде мәдениеттердің бірі-біріне сіңісуі жүріп отырады, дегенмен «қазақстандық қоғамды түбегейлі өзгерту батыстың модернизациялану мен трансформациялану тәжірибесінен ойсыз көшіру негізінде жүзеге аспауы тиіс. Ол жаһандану кезеңіндегі Қазақстан дамуының нақты-тарихи жағдайлары негізінде жүзеге асуы керек. Сондықтан Қазақстандағы шығармашылық қабілеттерін аша түсетін өзіміздің кеңестік өткеніміздің оңды тұстары мен тарихымыздың дәстүрлі кезеңіндегі құндылықтардың жарамдысын қолдануға болады. Міне, солардың негізінде азаматтық қоғам институттарының консенсусы, қалыптасуы мен дамуы мүмкін» [9, 70 б.].

Әдебиеттер

  1. Надыров М.К. Социально-философское исследование феномена массовости: дисс... д-ра филос. наук: 09.00.11. – Бишкек, 2004. – 211 с.

  2. Исмагамбетова З.Н. Ценностный релятивизм в контексте массовой культуры // Современный человек в поисках души: Материалы межд. науч. конф. – Алматы, 2006. – С. 210-213.

  3. Сатершинов Б.М. Қазақтың құны қандай, қазақта адамның құны қандай // Қазақ әдебиеті № 1-2 (3427), 16-22 қаңтар, жұма 2015 ж. Б. 10.

  4. Ақмамбетов Ғ.Ғ. Проблемы нравственного развития личности. Алма-Ата. 1971. – 215 с.

  5. Лебон Г. Психология народов и масс. – СПб., 1995. – 232 с.

  6. Шиллер Г. Манипуляторы сознанием. – М.: Прогресс, 1980. – 326 с.

  7. Қожамберлиев Б. Әпенов Б.М. Ұлттық болмыс сипаттары // Қазақ философиясындағы антропологиялық дискурс және қазіргі заман: Халықаралық ғылыми конфер. материалдары. – Алматы, 2008. – 115-120 бб.

  8. Сатершинов Б.М. Қазіргі Қазақстан мәдениеті дамуының негізгі бағдарлары мен қайшылықтары: филос.ғыл.канд.. дисс.: 24.00.01. – Алматы, 2000. – 144 б.

  9. Нысанбаев Ә.Н. Егемендікке ие болу мен нығаюы жағдайындағы қоғамдық сананың эволюциясы және жаңа құндылықтық жүйесінің қалыптасуы // Тәуелсіз Қазақстан философиясы: Жиырма томдық. – Астана: Аударма, 2006. – 20 т. – 61-96 бб.

  10. Бодрийяр Ж. Пароли. От фрагмента к фрагменту / пер.с.франц. Н. Суслова. – Екатеринбург, 2006. – 200 с.

  11. Фромм Э. Анатомия человеческой деструктивности. – М.: ООО «Издательство АСТ-ЛТД», 1998. – 672 с.

  12. Бехтерев В.М. Психика и жизнь.– СПб.: Алетейя, 1999. – Т.1. – 256 с.

  13. Бодрийяр Ж. Америка / пер.с.франц. Д. Калугина. – СПб., 2000. – 204 с.

  14. Сагадиев Н.Д. Спасательный круг в потоке глобализации, или Массовая культура и национальная идея // Мысль. – 2006. – №3. – С. 19-23.

  15. Нечипоренко О., Нысанбаев Ә. Жаһандану жағдайындағы саяси-әлеуметтік және философиялық дүниетанымдық бағдарлардың өзгеруі // Тәуелсіз Қазақстан философиясы. – 20 т. – Астана: Аударма, 2006. – 255-289 бб.

  16. Телебаев Г.Т. Ценностные ориентации Казахстанцев: степень рациональности // Антропологический дискурс в казахской философии и современность: Материалы межд.науч.конф. – Алматы, 2008. – С. 82-87.

  17. Ғабитов Т.Х. Қазақ мәдениетінің типологиясы. Мәдениеттану: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 1998. – 203 б.

  18. Нуржанов Б.Г. Постмодернистская идентичность и контроверзы культурного релятивизма: место в глобальном дискурсе: Тезисы лекции для Летнего Университета «Глобализация и поиск идентичности Новыми Независимыми государствами». – Алматы: Казахстан, 2001. – С. 2.

  19. Орынбеков М. Ежелгі қазақтың дүниетанымы. – Алматы: Ғылым, 1996. – 168 б.

  20. Масанов Н.Э., Абылгожин Ж.Б., Ерофеева И.В. Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 296 с.

  21. Бурбаев Т.К., Бурбаева П.Т. Қазақ рухының өзекті мәселелері // Қазақ философиясындағы антропологиялық дискурс және қазіргі заман: Халықаралық ғылыми конференция материалдары. – Алматы, 2008. – 96-100 бб.


References

1. Nadyrov MK Socialno-philosophckoe issledovanie fenomena massowosti: diss... d-rа philos. nauk: 09.00.11. – Bishkek, 2004. – 211 s.

2. Ismagambetova Z.N. Cennostnyi relativism v kontekste massowoi cultury // Sovremennyi shelovek v poiskah dushi: Materialy mezhd. naush. conf. – Almaty, 2006. – S. 210-213.

3. Satershinov B.М. Kazakh kuny kandai, kazakhta adamnyn kuny kandai // Kazakz adebiety № 1-2 (3427), 16-22 January, zhuma 2015. P. 10.

4. Akmambetov G.G. Problemy nravstvennogo razvitia lishnosni. – Alma- Ata, 1971. – 215 s.

5. Lebon G. Psychologia narodov i mass. – Spb., 1995. – 232 s.

6. Schiller G. Manipulatory soznaniem. – M.: Progress, 1980. – 326 s.

7. Kozhamberliev B., Apenov B.M. Ulttyk bolmys sipattary // Kazak filosofiyasyndagy antropologiyalyk discurs zhane қazіrgі zaman: Halykaralyk gylymi conf. materialdary. – Almaty, 2008. – 115-120 bb.

8. Satershinov B.М. Kazіrgі Kazakhstan madenietі damuynyn negіzgі bagdarlary zhane kayshylyktary: filos. gyl. kand. diss.: 24.00.01. – Almaty, 2000. – 144 b.

9. Nysanbaev A.N. Egemendіkke ie Bolu men nygayuy zhagdayyndagy kogamdyk sananyn evolyutsiyasy zhane Zhana kundylyktyk zhүyesіnіn kalyptasuy // Tauelsіz Kazakhstan filosofiyasy: Zhiyrma tomdyk. – Astana Audarma 2006. – 20 tom. – 61-96 bb.

10. Jean Bodriyar. Paroli. Ot fragmenta k fragmentu / per.s.frants. N. Suslova. - Ekaterinburg, 2006. – 200 s.

11. Fromm E. Anatomiya shelovesheskoi destructivnosti. – M.: ООО «Izdatelstvo AST–LTD», 1998. – 672.

12. Bekhterev V.M. Psychika i zhizn. – SPb. : Aletheia, 1999. – T.1. – 256 s.

13. Jean Bodriyar. America / per.s.frants. D. Kalugina. – St. Petersburg., 2000. – 204 s.

14. Sagadiyev N.D. Spasatelnyi krug v potoke globalisazii, ili Massoviya kultura I nazinalnaiya ideiya // Mysl. – 2006. – № 3. – S. 19-23.

15. Nechyporenko O., Nysanbaev A. Zhaһandanu zhagdayyndagy sayasi-aleumettіk zhane filosofiyalyk dүnietanymdyk bagdarlardyn ozgeruі // Tаuelsіz Kazakhstan filosofiyasy. 20 tom – Astana: Audarma, 2006. – 255-289 bb.

16. Telebayev G.T. Zennostnye orientazi kazakhstanzev: stepen razionalnosti // Anthropologicheski discurs v kazakhskoi philosophii i sovremennost: Materialy mezhd.nauch.conf. – Almaty, 2008. – S. 82-87.

17. Gabitov T.H. Kazak madenietіnіn tipologiyasy: Madeniettanu oku kuraly. – Almaty: Kazakh Universitety, 1998. – 203 b.

18. Nurzhanov B.G. Postmodernistskaiya identichnost i controversy culturnogo relativisma: mesto v globalnom discurse: tezisy lectii letnego Universiteta "Globalizaziya I poisk identichnosti Nowymi Nesawisimymi gosudarstwamy." – Almaty, Kazakhstan, 2001. – C. 2.

19. Orynbekov M. Ezhelgі kazaktyn dynietanymy. – Almaty: Gylym, 1996. – 168 b.



20. Massanov N.E., Abylgozhin J.B., Erofeev I.V. Nauchnoe znanie I mifotworchestwo v sowremennoi istoriographii Kazakhstana. – Almaty Daik Press, 2007. – 296 s.

21. Burbaev T.K., Burbayeva P.T. Kazak ruhynyn ozektі maseleleri // Kazak filosofiyasyndagy antropologiyalyk discurs zhane қazіrgі zaman: Halykaralyk gylymi conferenciya materialdary. – Almaty, 2008. – 96-100 bb.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет