Жаһандық экономика және Қазақстан Әскери экономика



Дата25.02.2016
өлшемі202.85 Kb.
#21476

2007-03-03:

Жаһандық экономика және Қазақстан
Әскери экономика

Өсу үстіндегі мегарыноктардың ара­сын­да қару-жарақпен сауда да бар. Қарсы тұру және қауіпсіздік экономикасының көлемі қырғи-қабақ соғыстың соңындағы көлемнен жоғары деп бағаланады. 2006 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік әскери экономиканың көлемі 1 трлн. 58 млрд. долларға жуықтайды.

“Oxfarm Іnternatіonal” фирмасының ба­ға­лауы бойынша 2005 жылы әлемдік қару-жарақ рыногының 82 пайызы Ресейдің (22,9 млрд. еуро), АҚШ-тың (22,3), Фран­цияның (6,8), Германияның (4,4) және Ұлыбрита­ния­ның (3,1 млрд. еуро) үлесіне келіпті. 2006 жылы әскери мақсаттағы өнім­дерді жеткізіп беру 101,1 млрд. дол­лар­ға дейін өскен, соның ішінде АҚШ – 45,3, Ресей – 20,2, Ұлыбритания – 13,6 млрд. доллар болған.

Таяу Шығыстың және Солтүстік Афри­каның үлесіне жалпы қару-жарақ им­пор­ты­ның 39,5 пайызы тиеді. Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қару-жа­рақ­ты сатып алу көлемі 8,9 млрд. доллар (ры­ноктың 23 пайызы), НАТО мен Батыс Еуропаның көлемі – 8,5 млрд. доллар (22%) болып отыр. Қытай, Жапония, Оң­түс­тік Корея, Тайвань және Таиланд – Шы­ғыс Азиядағы қару-жарақты аса ірі импорттаушылар. Оңтүстік-Шығыс Азия елдері де қорғаныс шығындарын ұлғайтты.

Қазақстанда қару-жарақты – ату қару­ларын, теңіз торпедолары мен басқа да біре­гей мақсаттағы қаруларды шығару жө­нін­де елеулі әлеуетке ие бірқатар ірі кә­сіп­орындар бар. “Қазақстан инжиниринг” ұлт­тық компаниясы ресейлік компания­лар­мен бірлесіп те, сол секілді дербес те ай­тар­лықтай бәсекелі рынокқа шығуды жос­парлап отыр. Кейбір жобалар іске асыру кезеңіне көшкен.

Төтенше экономика

Соңғы жылдары жаһандық экономи­ка­ға климаттың ықпалы күшейіп отыр. Тұр­лау­лылық пен аман қалу төтенше эко­но­ми­касының қалыптасуы барған сайын өзек­ті бола түсуде. Сойқан қасіреттер, қам­сыздандыру төлемдерін қоса алғанда, 2004 жылы 190 млрд. доллар, 2005 жылы 270 млрд. доллар залал келтірді. 2004 жылы тір­кел­ген 650 табиғат апаттарының тең жар­тысы дауылдар мен тайфундардың үле­сі­не келеді. 2005 жылғы 1 желтоқсанға дейін 26 тропикалық шторм тіркелсе, олар­дың 14-і дауыл ретінде аталған. БҰҰ са­рап­шыларының мәліметтері бойынша, соң­ғы 150 жылда дауылдардың мұндай саны байқалмаған.

Климат жағдайларын бағдарламалық модельдеу саласында жұмыс істейтін ма­ман­дар мұндай қауіпті маусымдар кәдуілгі құбылысқа айналатынын ескертеді. “Munіch Re Foundatіon” корпорациясы әлемдегі сойқан қасіреттерден келетін залалдар мен олардың құрбандықтарының саны өсе беретініне сенімді.

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарымен салыстырғанда табиғи катаклизмдер саны 2 есе, экономикалық залалдар 6,7 есе, сақ­тан­дыру шығыстары 13,5 есе өскен. Сой­қан қасіреттерді зерттеудің америкалық ор­та­лығы 1975-1982 жылдары әлемде 1,5 мың­ға жуық, 1983-1992 жылдары 3,5 мыңға дейін, 1993-2002 жылдары 6 мыңға дейін апаттар тіркелгенін айтады.

Бүкіләлемдік метеорологиялық ұйым­ның мәліметтері бойынша Жердің үстіңгі бетіндегі орташа ауа температурасы 2006 жылы 0,42 градусқа жылыған. Жер шары­ның солтүстік бөлігінде ол 0,58, оңтүстік бө­лігінде 0,26 градусқа өскен. Бүкіл ХХ ға­сыр­да температура 0,7 градусқа көтерілген. Соңғы 30 жылда жылу қарқыны орта есеп­пен әр он жыл сайын 0,18 градусты құ­ра­ған. Мұның өзі Африканың оңтүстігінде, Австралия мен Қытайда ұзаққа созылған құрғақшылыққа, Шығыс Еуропа елдерін­де­гі көктемгі су тасқындарына ұрындыр­ған. Климаттың өзгеруі Қазақстанға да қатысты болды. А.Грязновтың (Қарабалық тә­жірибе стансасы) көп жылғы бақылау­лары­ның қорытындылары бойынша соңғы жетпіс жылда Солтүстік Қазақстандағы қысқы орташа температура 3,6 градусқа өскен, ал қыс екі аптаға қысқарған. Жазғы ба­рынша жоғары жауын-шашын 40 күнге ауысқан.

130-дан астам елдің 2,5 мың ғалымнан тұратын климаттық өзгерістер жөніндегі үкімет­аралық тобы ұсынған баяндама­ла­рын­да 50 жыл бойғы жаһандық жылыну­дың кем дегенде 90 пайызы табиғи отынды жағу жөніндегі адамдардың қызметімен бай­ланысты екенін атап өтеді. Сарап­шы­лар­дың болжамдары бойынша 2100 жылға қарай планетадағы орташа температураның көтерілуі 1,8-ден 4 градусқа дейінді құрай­ды, мұның өзі Әлемдік мұхит деңгейінің 18-59 сантиметрге көтерілуіне соқтырады, аптап пен құрғақшылық кезеңдері жиілей түсіп, циклондар күшейеді. Климаттық ми­гранттар саны шамамен 200 млн. адамға жетеді. Көмірсутегі тотығының атмос­фераға бұрынғы және болашақ шығарылуы жылыну мен Әлемдік мұхит деңгейінің көтерілуін жеделдетеді, дейді Ресей ака­де­миясының корреспондент мүшесі А.Ябло­ков. Ол болашақта әлемдік экономика елеу­лі өзгерістерге түсетінін айтады. ІЖӨ өсуінің проблемасы екінші тұрғыда қалып, басқа – аман қалу проблемасы шиеленісе түседі.

Мамандардың есептеулері бойынша әлемдегі жетекші елдердің табиғат қорғау мақсатындағы жыл сайынғы инвес­ти­ция­лары кем дегенде 350 млрд. долларға жетуі тиіс. Жаһандық жылыну жағдайында оның салдарын жоюға арналған шығындар жы­лына 7 трлн. долларға дейін өсуі мүмкін. Бұл залал екі дүниежүзілік соғыс және 30-шы жылдарғы экономикалық тоқырау келтірген шығыннан да асып түседі.

Бірқатар оқымыстылар мен мамандар мұндай түңілушілік болжамдарды бөліс­пей­ді. Олардың пікірінше, климаттың өзгеруін қоғам бақыламайды. Тек экономикалық өсу ғана болашақтың нақтылықтарына бейім­делудің мемлекеттік ресурстарын қа­лыптастыруды қамтамасыз етеді. Біздіңше, қазақстандық климат зерттеуші М.Бай­дал­дың қорытындылары ақиқатқа әлдеқайда жақын, ол “80-ші жылдардың басында температура көтерілуінің 30 жылдық циклы басталып, 2012-2014 жылдарға дейін созылады”, деп санаған болатын.

Қазақстанда төтенше ахуалдардың ал­дын алу және зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жөніндегі ТЖМ, ғылыми жобалау ұйымдары жұмыс істейді. Сейс­ми­калық төзімді құрылыстардың сенімділігін қамтамасыз етудегі ҚАЗСҒЗИ-дің жетіс­тіктері айтарлықтай. Тиісті министрліктер мен мекемелердің Каспий қайраңының және басқа да өңірлердің экологиялық мониторингін жүргізіп отыруы талап етеді.
Көлеңкелі экономика

Әлемдік экономиканың өзгеріссіз қа­лып отырған атрибуты – оның көлеңкелі саласы, көлеңкелі экономиканың ауқымы өсе түсіп, түрлері мен факторлары сан­алуан болып отыр. Барған сайын таралып отыр­ған түрлері ретінде жария емес, кри­ми­налдық, қосарланған, жалған экономи­каның қолдан алмастырылған, контрабан­да­лық өнімдерді шығару мен сатуды айтуға болады.

Көлеңкелі сектордың барынша жоғары үлесі Грекияда (ІЖӨ-нің 29%-ы), Италияда (27,8%), Испанияда (23,4%) және Бель­гияда (23,4%) байқалып отыр. Бұл үлес Ир­ландияда, Канадада, Франция мен Гер­ма­нияда 14,9-дан 16,3 пайызға дейін жетеді. Көлеңкелі сектор үлесінің барынша төмен көр­сеткіші – Австрияда (9,1%), АҚШ-та (8,9%) және Швейцарияда (8%). Кейбір ба­ғалаулар бойынша АҚШ-та көлеңкелі эко­номика жыл сайын 700 млрд. дол­лар­дың, Италияда 310 млрд., Ұлыбританияда 190 млрд. доллардың тауарлары мен қызметтерін өндіреді. ЕО елдерінде 10 млн. адам, тұтастай алғанда ЭЫДҰ елдерінде 17 млн. адам көлеңкелі экономикада жұмыс істейді. ХВҚ-ның есептеулері бойынша 2003 жылы әлемдік жасырын сауда көлемі 8 трлн. долларға жуықтаған.

Жартылай жария экономикада оф­фшор­лық аумақтар айрықша орын алады. Осы заманғы оффшорлық индустрия әлем­дік қаржы мәмілелері көлемінің жарты­сы­на жуығын қамтитын жаһандық бизнеске ай­налған. Кейбір мәліметтерге қарағанда “жетілік” елдерінің Кариб бассейніндегі және Тынық мұхиты аралдарындағы са­лық­тан жалтару орындарының эконо­ми­касына 1985-1994 жылдарғы тікелей инвес­тициялары бес еседен астамға өсіп, 2 трлн. долларды құраған. Халықаралық эконо­ми­калық қызмет үшін жеңілдікті жағдайлар жасаған 80 мемлекет пен аумақтың қатарына АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Фран­ция, Жапония кіреді.

Сарапшылардың мәліметтеріне қара­ған­да, британ қазынасы 1994-1999 жыл­дары британ оффшорлық аумақтарынан тікелей немесе жанама салықтар түрінде 8 млрд. доллардай алған. Ұлыбритания сауда флотының оффшорларда тіркелген жиын­тық пайдасы сол жылдары 6 млрд. дол­лар­ды құраған. Кайман аралдарында 500-ден астам оффшорлық банктер, соның ішінде әлемнің 50 аса ірі банкінің 43-і тіркелген. Париж криминология институтының мәлі­меттеріне сүйенсек, әр жылы оффшорлық аймақтарда 500 млрд. доллардан 1,5 трлн. долларға дейін тазартылады екен.

Контрафактілі өнімдер шығару, кейбір мәліметтер бойынша, әлемдегі ең жедел өсуші бизнеске айналды. 2004 жылы оның көлемі 512 млрд. доллар деп бағаланған. Кон­трафактілі өнімнің жаһандық индус­трия­сы өсу және әлемдік рынокқа кіру жеделдігінің деңгейі жөнінен трансұлттық корпорациялардың алдына шықты. Қолдан жасалған тауарлардың әлемдік көлемі 2025 жылы 2 трлн. долларға жетеді деп күтілуде.

ЕО-ның кеден органдарының мәлімет­тері бойынша 1998-2000 жылдары ұсталған контрафактілі өнімнің саны 10 есе өскен. Оларды ірі шығарушылар қатарында Қы­тай, Филиппин, Вьетнам, Ресей, Украина, Бразилия, Пәкстан және Парагвай бар. Көлеңкелі экономиканың бұл секторында Қытай мен Ресей көш бастап келеді. ҚХР-дің үлесіне жасанды тауарлардың әлемдік өн­дірісінің үштен екі бөлігі келеді. Ресейде бұл саладағы жұмыспен қамтушылық 9 млн. адамнан асады. ТМД атқару коми­те­тінің есепті мәліметтері бойынша, бұл ел­дер бюджетінің салықтың жеткілікті түс­пеуі­нен ғана залалы 10 млрд. долларды құрайды.

АҚШ-та контрафактілі өнімдер сатудан келетін жыл сайынғы залал 40 млрд. доллардан, ЕО елдерінде 40 млрд. фунт сте­рингтен асып түседі. Фонограммалар өндіріс­шілері халықаралық федерация­сы­ның мәліметтеріне сәйкес 2004 жылы 4,6 млрд. долларға 1,2 млрд. қарақшылық ком­пакт-дискілер сатылыпты. Контрафактілі аудиоөнімдер үлесі әлемдік рыноктың 34 пайызына, фармпрепараттар 10 пайызына жетіпті. ДДҰ мәліметтеріне қарасақ, бұ­рын­ғы КСРО кеңістігінде сатылатын бар­лық дәрілердің 20 пайызы жалған өнімдер екен. Африка мен Азия елдерінде ондай препараттардың үлесі 30 пайызды құрайды.

ҚР Ұлттық статистика агенттігінің есеп­теулері бойынша, Қазақстандағы кө­леңкелі экономиканың деңгейі ІЖӨ-нің 22 пайызына жетеді. Үкіметте ол төмендетіліп көрсетілген деп біледі. Кейбір бағалаулар бойынша ол 40 пайызды құрайды, ал кей­бір салаларда одан да жоғары. Мәселен, 2000-2003 жылдары киім сату көлемі 287,89 млрд. теңгені, ал импорт 12,77 млрд. тең­гені құраған. Егер 153,8 млрд. теңгеге ба­ға­ланған тоқыма және тігін бұйымдарын шығарудың жалпы көлемінен шамамен 10-20 пайыз киім әзірлеудің үлесіне келетінін ескерсек, бұл саладағы көлеңкелі өндірістің ау­қымы туралы пікір түюге әбден болатын сияқты.

Барлық дерлік өндірілетін тауарлар контрабандасының әлемдік көлемі өсіп отыр. Кейбір мәліметтер бойынша жыл сайын 400 млрд. дана сигарет өнімдері са­ты­лады. Бүкіл әлемде табыстардың ысырап болуы жыл сайын 25-30 млрд. долларға же­теді екен. Сирек және экзотикалық хайуан­дар мен өсімдіктер контрабандасының әлемдік рыногы 6-15 млрд. долларға баға­ланады.

Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен контрабанданың негізгі нысандары сұң­қар­лар (араб елдеріне жіберілетін), балықтың бекіре түрі және олардың уылдырығы (АҚШ пен Еуропаға жөнелтілетін), қара­құй­рық пен қарақұйрықтың мүйізі (Ко­реяға, Қытайға, Жапонияға жөнелтілетін) болып қалуда.

Интерполдың мәліметтеріне қарағанда, ұр­ланған автомобильдерді сатудан түсетін жыл сайынғы табыс 21 млрд. доллардан асып түседі. Бұл сома ірі автомобиль кон­церні­­нің жылдық пайдасынан асып түседі екен.

Халықаралық адам саудасы етек жаюда, оның көлемі 12 млрд. доллар шамасында. Бұл сауда жақсы ұйымдасқан, көп ретте халықаралық ірі қылмыстық ұйымдардың жаһандық бизнесіне айналған. Әлемдегі әйелдер күштеп әкетілетін негізгі елдер қа­та­рында Ресей, Украина, Белоруссия, Мол­дова, Болгария, Румыния, Албания, Таиланд, Қытай, Вьетнам, Нигерия бар. Әлемде жыл сайын сатылатын 2 млн. адамның 170 мыңы ТМД елдерінің үлесіне келеді. Трафиктің жартысы – балалар, 100 адамның 96-сы – әйелдер мен қыздар. Бұл сау­даның үштен екі бөлігі секс-индус­трия­ға қызмет етеді, қалғандары жат елде зор­лық­пен жұмыс істеушілерге айналады. Кри­миналдық бизнестің осы сегментінің негізгі операторлары туристік ұйымдардың, жұмыс күшін жалдаушы агенттіктердің бетпердесімен әрекет ететін фирмалар бо­лып табылады. Интернет-сауда бұл биз­неске жаһандық сипат берді.

Секс-индустрияның барынша ірі ры­но­гы Германия болып табылады, мұнда Шы­ғыс Еуропа мен ТМД-дан шыққан жарты миллионға жуық әйел жезөкшелер ретінде жұмыс істейді. Әйелдерді көп ретте күштеп апа­ратын елдердің қатарында Кипр Рес­пуб­ликасы, Түркия, Біріккен Араб Әмір­ліктері, АҚШ, Италия, Франция, Израиль, Голландия, Жапония, Оңтүстік Корея, Грекия, Үндістан, Таиланд, Канада мен Австралия бар. ЕО мәліметтері бойынша еуропалық шекараларды жыл сайын шама­мен 700 мың әйел заңсыз кесіп өтеді екен.

Халықаралық ұйымдар адам саудасына қарсы кең ауқымды науқандар өткізуде. Мұндай саудаға қарсы жаһандық бағдар­ламаны БҰҰ-ның есірткі мен қылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқармасы жасаған болатын. Заңсыз көші-қонға қарсы күрес сондай-ақ Халықаралық көші-қон жөнін­дегі ұйым тарапынан жүргізіледі.

Әлемдік адам саудасы саласына Қазақ­стан да тартылған. Халықаралық көші-қон ұйымының зерттеулеріне сәйкес жыл сайын 5 мыңға дейін әйел Қазақстаннан әке­тіледі екен. 2004 жылғы ақпанда адам саудасына қарсы күрестің ұлттық жоспары қа­былданған. Сол жылғы қарашада Қа­зақ­стан БҰҰ-ның 1949 жылғы адам саудасына қарсы күрес туралы конвенциясына қосылды.


Криминалдық экономика

Есірткілердің заңсыз өндірісі, кон­тра­бандалық жеткізілуі және жасырын саты­луы криминалдық экономикада жетекші орын алады. БҰҰ сарапшыларының баға­лау­лары, бойынша есірткі индустриясының айналымы жылына 400 млрд. доллардан асып түсіп, есірткімен операциялардың кірістілігі 300-ден 2000 пайызға дейінді құ­райды екен. Әлемдік есірткі рыногы транс­ұлттық криминалдық бизнестің барлық қасиеттеріне ие болып, жаһандануда, заң­сыз есірткі айналымына 170 ел тартылған. Көлемі жағынан ол 90 елдің ІЖӨ-сінен артық. Есірткі “Алтын үшбұрыш” және “Алтын ай” деп аталатын мемлекеттердің экономикасында елеулі рөл атқарады.

Есірткіге үйірсек 180 млн. адамның 144 миллионы каннабисті тұтынады, олар не­гізінен Африкада, САР-да амфетаминдік қа­тардағы қоздырғышты (САР) (“экстази”, амфетамин) – 29 млн. кокаинді – 14 млн., опиаттарды 13,5 млн. адам пайдаланады. Не­гізгі есірткілерді өндірушілерден: ко­каин­­нен – Колумбия (кокидің 80% алқабы), Перу, Боливия, марихуанадан – Ауғанстан (апиын көкнәрінің 70% алқабы), Мьян­ма, синтетикалық есірткіден – Ни­дер­ланды, Германия, Польша көш бастап келеді. Каннабис алқабы 120 елдің аумағында 670 мыңнан 1850 мың гектарға дейінгі алқапты алады екен. Жыл сайын осынау есірткі түрінен 30 мың тоннаға дейін өнім жиналатын көрінеді.

Кейбір деректерге қарағанда Ауған­станнан жыл сайын 4 мың тоннаға дейін көкнәр әкетіледі, ал бұл шикізат 2,8 млрд. доллар тұратын героин өндіруге жетеді.

120 мемлекет өз аумақтарында сораның заңсыз өсірілетінін хабарлаған. Тәркілену саны мен көлемі жағынан Интерпол негізгі өндіруші 67 мемлекетті атап көрсетсе, олардың 22-сі Африка континентінде, 15-і – Азияда, 13-і – Еуропада, 13-і – Аме­ри­када орналасқан екен.

Жабайы сораның ең үлкен алқабы Ресейде (1 млн. га) және Қазақстанда (400 мың. га) орналасқан. Сора шайырын ең ірі өндіруші Марокко (50 мың. га) болса, сора шө­бін негізгі өндірушілер қатарында Колум­бия (5 мың. га.), Мексика (3,7 мың. га) бар. Жабайы сораның бүкіл алқабының 2,3 мың гектарынан ғана есірткі үшін шикізат жинауға болатын Қазақстан сора өндіруші негізгі елдер қатарына жатқызыл­маған.

Түрлі бағалаулар бойынша жыл сайын есірткі бизнесінің нәтижесінде алынған табыстан әлемде 300 млрд. доллар, Ресейде кем дегенде 9-10 млрд. доллар мөлшерінде қаржы қатарға енгізілетін көрінеді.

БҰҰ БА-ның 1998 жылғы арнаулы сес­сиясы 2008 жылға қарай есірткі тұтынуды 50%-ға қысқартуға қол жеткізу жөнінде ше­шім қабылдады. БҰҰ-ның психология­лық түңілушілікті еңсеру туралы үндеуі барлық елдерде кеңінен қолдау тапты. Қытайда, Үндістанда, Түркияда, Пәкс­тан­да, Гватемалада, Ливанда, Египетте есірткі алқаптары толықтай жойылды. Апиын алқабын Вьетнамда – 90%, Лаоста 30%, коки алқабын Боливияда – 78%, Перуде – 50% қысқарту мүмкін болды. Мақсатты ша­ралар нәтижесінде АҚШ-та есірткі ай­налымы 40%-ға, кокаин тұтыну 70%-ға қыс­қарды. Осы мақсатқа 5,6 млрд. доллар қар­жы жұмсалған. Тұтастай алғанда әлемде коки алқабы мен оны жинау 20%-ға – 705 тоннаға дейін қысқарды.

Қазақстанда 2005 жылы тәркіленген ге­роин­нің мөлшері 300-400 келіге дейін өсті. Жалпы жыл сайын тәркіленетін есірткі 20 тоннадан асады. Есірткі республикаға Ауғанстаннан түседі. БҰҰ ақпараты бой­ын­ша бұл елде апиын түсімі 2006 жылы 5 мың тоннадай болыпты. Ал дайын героин­нің қоры 500 тоннадан асатын көрінеді. Осылардың үштен бірі Қазақстан арқылы Ресей мен Еуропа елдеріне апаруға арнал­ған. Оның кем дегенде 11%-ы ҚР аума­ғын­да қалып қояды екен. Республикаға Еуро­па­дан экстази, ЛСД таблеткалары секілді синтетикалық есірткілерді әкелу ұлғая түсуде.

БҰҰ жәрдемімен Алматы қаласында Орталық Азия өңірлік есірткі бизнесімен күрес жөніндегі үйлестіру орталығы құ­рыл­ды. 2006 жылы Қазақстанда 6,5 мың есірткі қылмысы анықталып, есірткі сататын 3 мыңдай нүкте жабылған, 17 тонна есірткі, соның ішінде 370,5 келі героин тәркі­ле­ніп, есірткі трафигінің бірқатар халықара­лық арналары жабылған, есірткі заттары­ның ірі партияларын тасымалдаумен және сатумен айналысқан алты ұйымдасқан қылмыстық топ жойылған.


Әлемдік ресурстар

Әлемдік дамуды ресурспен қамтамасыз етуде энергетиканың рөлі өсіп барады. Электр энергиясын әлемдік тұтыну болжам бойынша 2030 жылға қарай екі еселеніп, 2003 жылғы 13,6 ТВт/сағаттан 26,4-ке жетпек, ал дамушы елдерде үш есе өспек. Мұндай өсімді қамтамасыз ету үшін 10 трлн. доллар инвестиция немесе жыл сайын 350 млрд. доллар талап етіледі. Энергия тасымалдаушыларды тұтынуда құрылымдық өзгерістер жүреді. Көмірдің үлесі 38%-ға дейін төмендесе, газдың үлесі 29%-ға дейін өседі, су энергия ресурстары 13%-ға дейін қысқарып, ядролық отынды тұтыну 9%-ға дейін кемиді, қайта пай­да­ланылған көздер 6%-ға дейін артады. Үш есеге дейінгі ең жоғары өсім газ негізіндегі электр энергиясын өндіруде болады деп күтілуде.

Қазақстан энергия тасымалдаушылар рыногындағы өз үлесін арттырып келеді, мұнда оған мұнай өндіруде 19-шы орын, газдан – 13-ші, ураннан – 3-ші, көмір өн­діру­де 10-шы орын тиесілі. Республика өн­діру­шілердің әлемдік рейтингінде өз көр­сет­кіштерін іс жүзінде жыл сайын жақ­сартуда. Таяудағы уақытта мұнай өндіруден – 9-шы, газ өндіруден – 10-шы, ураннан – 1-ші, көмірден 9-шы орынға шығу көзделуде. Бұл жетістіктер елді энергия тасымалдаушылардың жетекші әлемдік жеткізіп берушілер қатарына шығарады.

Өнеркәсіптік шикізат базасын нығайту жалғасып келеді. 119 елде минералдық ши­кізат­ты өндірудің жалпы көлемі 3,2 трлн. доллардай болатын 11,4 млрд. тоннадан асып түсті. Көмір өндіру – 4,8 млрд. тон­наға, мұнай – 3,6 млрд, газ – 2,7 млрд., темір рудасы – 1,5 млрд., цемент – 2,2 млрд., түсті металдар өндіру 170 млн. тон­на­ға жетті. Бұл салада 3 млрд. тоннадан ар­тық өндіретін Қытай, 2,2 млрд. тоннаға жет­кен АҚШ, 1,5 млрд. тонна өндіретін Ресей көш бастап келеді. Жетекші елдер қа­тарында Үндістан (600 млн. тонна), Австралия (590 млн. тонна), Сауд Ара­бия­сы (550 млн. тонна), Канада (395 млн. тонна), Бразилия (370 млн. тонна), Иран (290 млн. тонна), ОАР (270 млн. тонна) бар. Қазақстан 249 млн. тонна өндіру көлемімен әлемде 11-ші орын алады. Өнімдердің 37 түрі бойынша оған 1-шіден 19-шы орынға дейін тиесілі.

Көптеген ресурстардың өсіп бара жат­қан тапшылығы әсіресе дамыған елдерде қайталап өндіруді кеңейтуге мәжбүрлеуде. Қазіргі кезде қара, түсті және сирек метал­дар­дың 70-тен 50%-ына дейін айналымға қай­талап қосылуда, немесе металл сынық­тары мен қалдықтардан алынуда. Әлемдік қайталама индустрия дами түсуде. АҚШ-та қорғасын аккумуляторлардың 95%-ы кәдеге жаратылып, қайта өңделеді. Әлемдік қорғаныс өнеркәсібінде бұл өнімнің 60%-ы қайталама шикізаттан өндіріледі. Қазақстанда мұндай көрсеткіш шамамен 10%-ды құрайды.

Азық-түліктің әлемдік өндірісі, кейбір мәліметтерге қарағанада, 5,5 млрд. тонна­дан асып түскен, соның ішінде млн. тонна есебімен, дәнді дақылдар 2005,5, көкөніс пен картоп – 1010, жеміс – 633, сал­қын­да­тылған сусындар – 467, сүт – 446,6, май – 385,3, ет өнімдері – 264,3, қант – 141,9, балық өнімдері 128,8 болған.

Азық-түліктің өндірілуі Қытайда 1,1 млрд. тоннаға, АҚШ-та – 627,8 млн., ЕО-да – 575,6 млн., Үндістанда – 349,4 млн., Бра­зилияда – 212,2 млн., Ресейде 175,5 млн. тоннаға жеткен. Әлемде 13-ші орын ала­тын Қазақстанда мұндай өнімді жыл сайынғы шығару 31,2 млн. тоннадан асып түскен. Әлемдік аграрлық рынокта отыз позиция бойынша ол 1-шіден 35-ші орынға дейін алса, соның ішінде 11 өнім түрі бойынша алғашқы ондыққа кіреді. Азық-түліктің айтылған түрлерін өндіруді жан басына шаққанда ҚР орташа әлемдік деңгейден, сондай-ақ Қытайдың, Үндістан­ның, Ресейдің, Украинаның, Пәкстанның осындай көрсеткіштерінен озық тұр. Елеулі резервтеріміздің бар екенін Бүкіләлемдік банктің мәліметтері де дәлелдейді: респуб­ли­ка ауыл шаруашылығында еңбек өнім­ді­лігі Шығыс Еуропадағыдан 5 есе төмен екен.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшыларының пікірі бой­ын­ша, ауылшаруашылық саласы таяудағы 20 жылда халық саны жыл сайын 80 мил­лионға өсіп отырған жағдайда да сұра­нысты қанағаттандыруға қабілетті екен. Азық-түлікті әлемдік тұтынуда Қытайдың, Үндістанның, сондай-ақ Аргентина мен Бразилияның үлесі өседі деп күтілуде. Азық-түлікті әлемдік тұтынудың артуына Африка және Латын Америкасы елдерінде табыстың ұлғаюы ықпал ететін болады.

Қазақстанның азық-түлік өндіруді үш есе өсіруге әлемдік ресурстарға қосылатын өз үлесін ұлғайтып, әлемнің аса ірі он аграрлық елінің қатарына қосылуға нақты мүмкіндігі бар.
Еңбек ресурстары

Әлемдік жұмыс күшінің 80%-ы дамушы елдердің үлесіне келеді және олардағы эко­номикалық өсу қарқынына сай болу үшін 2015 жылға қарай ол елдерде 430 млн. жаңа жұмыс орнын құру керек болады. 15 жылда әлемде қызметкерлер 471 млн. адам­ға ұлғаяды. Бұл ретте жұмыс орнының саны Үндістанда 30%-ға (142,4 млн.), Қы­тайда – 65 млн-ға, АҚШ-та – 12,5 млн-ға, ЕО-да 8,4 млн-ға өседі. АҚШ пен ЕО ел­де­рін­де жаңа жұмыс орындарының басым көп­шілігі қызмет көрсету саласында ашылады.

Дүние жүзінің 150 елі жұмыспен қам­ты­лу мен лайықты еңбекті ұлттық және ха­лық­аралық саясаттың негізгі міндеті деп анықтаған.

Әлемдік еңбек рыногында жұмыс күші­нің көші-қоны өсе түсіп, оның көлемі 1960 жылғы 3,2 млн. адамнан 1995 жылы 35 млн. адамға дейін өссе, ол 2005 жылы 191 млн. адам болған.

Жұмыссыздық қыспағын көріп отырған көптеген елдер үшін жұмыс күшін сыртқа шығару экспорттың маңызды бөлігі болып табылады. Көші-қон ағынын қабылдаушы елден экспорттаушы елге кері ақша ауда­рым­дары ілесе жүреді. Бұл құбылыс ауқым­ды сипат алуда. Мұндай экспорттың валюталық түсімі соңғы жылдары дамушы елдерде барынша жоғары қарқынмен жүріп жатыр – жылына 10%-дан келеді. ХВҚ-ға 57 ел жұмыс күшін экспорттаудан түсетін табыстары туралы мәлімет беріпті. Олардың көпшілігі үшін бұл валюталық табыстардың аса маңызды көздерінің бірі болып табылады. 2001-2004 жылдар аралығында ақша аударымдары 48,7%-ға өсіп, 126 млрд. долларға жетсе, 2005 жылы 167 млрд. доллар болған. Өзінің резидент емес азаматтары есебінен түсетін ақша аударымдарын жинақтауда Үндістан (23 млрд. доллардан астам) және Қытай (20 млрд. доллардай) көш бастап отыр. Пәкстанда жұмысшылардың шетелден ақша аударымдары тауарлар мен қызметтер экспортының түсімінен 5 есе артық. Бұл көрсеткіш Египет үшін 40%-ды, Марокко үшін – 50, Түркия үшін – 60, Үндістан үшін 80%-ды құрайды.

Барынша көп ақша аударушы мемле­кет­тер қатарында АҚШ (35 млрд. дол­лар­дан артық), Сауд Арабиясы (15 млрд. дол­лар) Швейцария (14 млрд.), Германия (11 млрд.) және Люксембург (6 млрд. доллар) бар.

Еңбек мигранттары көп ретте ресми емес жолмен аударып, әр елде әрқилы ата­ла­тын ақша аударымдарының – фей-чиен (Қытай), падала (Филиппин), хунди (Пәкс­тан), хуи куан (Гонконг), кса-вилаад (Сомали) және фей кван (Таиланд), хавала (БАӘ) көлемі жыл сайын 20%-ға өсіп, 180-200 млрд. долларға бағаланады.

Орталық Азияда жұмыс күшін экспорт­таудан Өзбекстан, Тәжікстан және Қыр­ғызстан елеулі табыс тауып отыр; олардың еңбек күштерінің нақты артықшылығы 7-8 млн. адам деп есептеледі. ІІМ-нің баға­лауы бойынша Қазақстанда 1,2 миллион­нан аса адам негізінен жасырын түрде жұ­мыс істейді. 400 млн. доллардан 1,4 млрд. долларға дейін өз елдеріне ақша жөнел­тетін бұл еңбек мигранттарының 570-820 мыңы Өзбекстаннан, 400-700 мыңы Қыр­ғызстаннан, 50-100 мыңы Тәжік­станнан деп есептеледі. Қазақстан қабылдайтын еңбек мигранттарының саны жағынан әлемде тоғызыншы орын алады.



Көлік әлеуеті

Әлемдік экономиканың жаһандануы жағдайында көлік интеграциялық үдеріс­тер­дің аса маңызды факторы ретінде көрі­неді. Қаржы, еңбек және тауар әлеуетін қамтып, кеңейте түскен арналар жүйелі түрде АҚШ-Еуропа-Оңтүстік-Шығыс Азия және Қытай үштағанында шоғырланады. Еуропа мен Азия арасындағы трансконти­ненталдық көпір қызметін өзінің геостра­тегиялық рөлін іске асыратын Қазақстан орындауда.

2004 жылы сыртқы сауда қатына­сын­дағы негізгі жүк тасымалы теңіз көлігінің үлесіне келді. Теңіз кемелері 6,76 млрд. тон­на әрқилы экспорттық-импорттық жүк­терді тасымалдаған, мұның өзі сыртқы сау­дадағы бүкіл жүк көлемінің шамамен 80%-ын құраған. Ал енді теңіз тасымалындағы бүкіл көлемнің 34,3%-ы – 2,32 млрд. тон­насы танкер флотының үлесіне келеді, яғни осынша мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдаған.

Кемелер 2004 жылы 4,44 млрд. тонна құрғақ жүк тасымалдаса, соның 1,59 млрд. тоннасы тауарлардың бес түріне – астық­қа, көмірге, рудаға, боксит пен фосфатқа келген екен.

Теңіз тасымалының әлемдік рыногы нағыз өрлеуді бастан кешуде, кеме жасау верфтері тапсырыстар астында қалып, жаңа кеме жасаудың бағасы бұрын-соңды болмаған деңгейде өсіп отыр.

Қазақстан теңіз тасымалын өрістете түсуде. Ақтау, Атырау, Баутино, Құрық порттары кеңейтіліп, нығайып келеді. Олар ар­қылы мұнай тасымалдау көлемі жыл сайын­ғы 10 млн. тоннадан 2015 жылға қарай 38 млн. тоннаға дейін, құрғақ жүк бой­ынша 3 млн. тоннаға дейін өспек. “Қаз­мортрансфлоттың” танкер флоты 3-тен 41 кемеге дейін ұлғайып, Ертіс және Жайық арқылы өзен тасымалының тран­зит­тік әлеуетін қалпына келтіру шаралары қолға алынып жатыр.

Көлік қызметінің әлемдік рыногында жүк жеткізудің контейнерлік әдісіне бағ­дар­лану нәтижесінде жүк ағыны барған сай­ын өскелең бола түсіп, халықаралық жүк тасымалының контейнерлендіру үр­ді­сін танытады. 1986 жылдан бастап әлемде контейнерлік тасымал көлемі жылына орта есеппен 8-10%-ға ұлғайып отыр. 2003 жы­лы, “Drewery Shіppіng Consultante” мәліметі бойынша ол 280 млн. контейнер TEU (контейнерлік тасымал көлемінің өлшем бірлігі ретінде 20 фунттық баламаны пайдалану қабылданған) болған екен.

Қазіргі кезде Батыс Еуропа мен Шығыс Азияның арасында 250 млрд. доллар тұратын 6 млн. TEU-ден астам жүк тасы­мал­данады. 2005 жылдың басында әлемде сыйымдылығы 7,2 млн. TEU 3,2 мың кон­тейнер тасымалдаушы кеме болған. 2004 жылы Гонконг порты 21,93 млн., TEU, Син­гапур – 20,6 млн., Шанхай – 14,57 млн., Шеньжень – 13,65 млн., Пусан порты 11,43 млн. TEU өңдеп шыққан. Гон­конг тәулігіне 60 мың контейнер өңдеп, жайғастырады екен. Теңіздегі контейнерлік тасымалдың көшбасы – “Maersk SeaLand” компаниясына әлемдік осындай тасымал­дың 16%-ға жуығы тиесілі болса, екінші орын­дағы MSK компаниясы 10%-ын тасымалдапты.

Қазақстан контейнерлік тасымалдың әлемдік жүйесіне белсене кірісіп отыр. Достық-Алашаңқай арқылы 2003 жылы – 22 мың TEU, 2005 жылы 94 мың, 2006 жылы 145 мың TEU өтіпті. 580 мың TEU-ге дейін ұлғайту күтіліп отыр. Бұл саладағы белгілі маман Н.Есенғариннің пікірі бой­ын­ша, ондай мақсатқа қол жеткізу үшін бар­лық жағдай бар, үш контейнерлік пойыз маршрутын, қосымша контейнерлік терминалдар ұйымдастыру және басқа бірқатар шаралар қажет. Транзиттік мар­шрут­тардың ұлғаюымен бірге жылына 24 мың контейнерлік бірлікке арналған тер­ми­налы бар Ақтау портының маңызы арта түспек.

Авиациялық жүк тасымалы бүгінгі таң­да азаматтық авиацияның ең жедел өсуші қызметі болып табылады. Жүйелі авиата­сы­малдың әлемдік рыногы 50 млрд. дол­ларға бағаланады. Болжам бойынша 2015 жылы ол 105 млрд. доллардан асып түседі. Алдағы 20 жылда жолаушы тасымалының көлемі 2 еседен астамға өспек, соның ішінде Азия-Тынық мұхиты өңірі 2025 жылы әлемдік тасымал рыногының үштен бірін алатын көрінеді.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, авиациялық жүк тасымалының рыногына қызмет көрсету үшін таяудағы 20 жылда 3600-ге дейін авиалайнер керек болады, оның 800-і зауыттарда жасалса, қалғаны пайдаланудағы жолаушы лайнерлерін қайта жабдықтау есебінен толықпақ.

Қазір “Боинг” компаниясы шығарған барлық жүк ұшақтарының үлесіне әлемдегі авиациялық жүк тасымалының 90%-дан астамы келеді. Еуропаның авиажасаушы “Aіrbus” мәлімдеген есептеулер бойынша, 2025 жылға дейін әлемдік авиатасымал рыно­гының сұранысы 22,7 мыңға жуық жаңа магистралдық жолаушы және жүк ұшақтарын құрайды. Олардың жалпы құны 2,6 трлн. долларға жетпек.

Алматы қаласының халықаралық әуе­жайы қазірдің өзінде жылына 4,5 мыңнан аса транзиттік жүк авиарейстеріне қызмет көрсетеді. Ол Орталық Азиядағы аса ірі хабқа айналып келеді. Қазақстанның бір­қа­тар әуежайлары (Астана, Атырау) іске қо­сылуымен республиканың авициялық жүк тасымалындағы әлеуеті шұғыл өседі. “Қазаэронавигация” РМК республика аумағының үстімен өтетін әуе дәліздерінің санын 63-ке дейін жеткізді, қызмет көрсе­тілетін бұл дәліздердің ұзақтығы 63 мың шақырым болып отыр. 2009 жылға қарай бұл көрсеткіштер 3 еседен астамға ұлғаяды.

Еліміздің газ тасымалдау желісі 10 мың шақырымнан асып, жалпы өткізу қабілеті 190 млрд. текше метр болды. Мұнай құ­быр­ларының ұзындығы 7,4 мың шақырым­нан асып, өтетін мұнай көлемі 40 млн. тон­наға жуықтады. “ҚазТрансОйл” және “Қаз­ТрансГаз” компаниялары мұнай-газ ресурстарын әлемдік аса ірі тасымалдау­шы­лар қатарына кіреді. Бұл тұрғыда Қазақ­стан тиісінше 4-ші және 11-ші орындар алады. Таяудағы жылдары бұл көрсеткіш­тер өсе түспек. “Қазақстан темір жолы” АҚШ-тың, Қытайдың, Үндістанның, ЕО-ның, Ресей мен Украинаның компания­лары­нан кейін жүк тасымалының көлемі жа­ғынан әлемдегі аса ірі темір жол ком­панияларының жетілігіне кіреді.

Қазақстанға 2015 жылға дейінгі көлік стратегиясының негізінде халықаралық тасымал көлемінің өсе түсуі жағдайында ел­дің бірегей көлік транзитінің мүмкін­діктерін барынша тиімді пайдалану керек.
Тікелей инвестиция

Әлемдік экономикадағы өсудің ма­ңыз­ды факторы тікелей шетелдік инвести­цияларды (ТШИ) тарту болып отыр. 2006 жылы олардың көлемі 1,2 трлн. долларға жетті, мұның өзі 2005 жылғыдан 22%-ға көп. Барлық инвестициялардың үштен екі бөлігі он елдің үлесіне келеді. 2005 жылы мұндай инвестицияларды молынан алушы елдер қатарында Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Франция, Люксембург, Нидерлан­ды, Гонконг, Канада, Сингапур және Гер­мания болды. Бразилияның, Мексиканың, Ресей мен Үндістанның даму үстіндегі ры­ноктары ТШИ-ді көптеп алушы жиыр­малықтың санатында саналады. 2005 жылы инвестицияның барынша үлкен көлемін – 164 млрд. долларды Ұлыбри­тания тартқан екен, бұл елге келген ТШИ-дің жалпы көлемі 219 млрд. долларды құрайды. АҚШ-та бұл көрсеткіш 106 млрд. доллар.

Азияның дамушы елдері бұл саладағы өздерінің қатыстылығын ұлғайта түсуде. Оңтүстік, Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Океания елдері 2005 жылы 165 млрд., Батыс Азия елдері 34 млрд. доллар тартқан. Тікелей шетелдік инвестициялардың өсу қарқыны бойынша дамушы елдердің ара­сында Қытай көшбасшы болып табылады. Бұл елге келіп жатқан инвестициялар ағы­ны 2006 жылы 86,5 млрд. долларға жеткен. Салыстыру үшін айта кетейік, 2005 жылы Ресейге келген ТШИ көлемі 14,6 млрд. дол­ларды құраған. Бұл тұрғыдағы Украи­на­ның жетістігі – 7,8 млрд. доллар. 2005 жылы Африка елдері рекордтық көрсет­кішке қол жеткізіп, 28,9 млрд. доллар, Үндістан, 6,5 млрд. доллар тартқан.

ТШИ-дің елеулі бөлігін трансұлттық корпорациялар қалыптастырады. 2004 жылы оның негізгі көлемі (88%) транс­шекаралық қосылулар мен сатып алуларды қамтамасыз етуге бағытталған. Олардың жалпы саны 6134-ке жетсе, мұның 141 мә­мі­лесі құны 1 млрд. доллардан артық бола­тын мегажобалардың санатына жатқы­зыл­ған.

Дамыған елдер алатын ТШИ-дің 90%-дан астамы сол елдердің өздеріне келеді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінен 2006 жылы ТШИ-дің шығуы 566,9 млрд, келуі 554,3 млрд. доллар болған.

ТШИдің ішкі салалық құрылымында өзгерістер жүріп жатыр. 1990 жылдан бастап негізінен сауда мен қаржы саласына бағ­дарланып келген ТШИ электр энер­гети­касына, телекоммуникацияға, сумен қамтамасыз етуге, іскерлік қызметтерге бағдарланып отыр.



Қазақстанға 2004 жылы 8,3 млрд. доллар ТШИ тартылған болса, 2005 жылы ол 6,6 млрд. долларды құрады. Жалпы арна 46,2 млрд. долларға жеткен (Орталық Азияға келген жалпы ТШИ көлемінің 80%-дан астамы). Тартылған ТШИ-ді жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдік көшбасшылар тобында келеді.

Авторы: Рахман АЛШАНОВ, “Тұран” университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор.
“Егемен Қазақстан” Республикалық газеті" ААҚ, 2006

Конец формы

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет