Жарма ауданының әкімі Ә. М. Мұхтархановтың халық жиындарындағы есебі бойынша баяндамасының Тезистері 2014 жылы ауданның жергілікті атқарушы органдарының қызметі Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»



Дата27.06.2016
өлшемі339.17 Kb.
#162096
Жарма ауданының әкімі Ә.М.Мұхтархановтың халық жиындарындағы есебі бойынша баяндамасының Тезистері

2014 жылы ауданның жергілікті атқарушы органдарының қызметі Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде, ауданның жалпы дамуын айқындайтын экономиканың барлық саласындағы өндірілген тауар, жұмыс және қызмет көрсетудің жалпы көлемі 40,8 млрд. теңгені құрады немесе 2013 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,0 млрд. теңгеге артты. Осы саланың негізгі құрылымын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік және байланыс, кәсіпкерлік салалары құрайды. Соңғы уақытта өнеркәсіп өндірісі көлемінің артуы байқалып, ауданның негізгі экономикалық бағыты болып табылатын ауыл шаруашылық саласымен өнеркәсіп өнімі көлемі теңеліп отыр.

Кейінгі 2 жылда өнеркәсіп саласында өнім өндіру деңгейі 30 пайызға артса, ауыл шаруашылығында мұндай өсу қарқыны байқалмайды.

Жыл көлемінде өнеркәсіп кәсіпорындары жиыны 14 млрд. 586 млн. теңгенің өнімін өндіріп, 2013 жылдың деңгейінен 7 пайызға өсті. Жергілікті бюджетке кәсіпорындардан 462,0 млн. теңгенің салығы түсті, бұл меншікті кірістердің 35 пайызы.

Өнеркәсіп саласының даму қарқынының артуына ең алдымен «Казахцемент» ЖШС-нің өндіріс көлемінің өсуі оң ықпал етті. Кәсіпорында ауданның жалпы өнеркәсіп өнімдерінің 59 пайызы немесе жалпы құны 8,6 млрд. теңгені құрайтын 617 мың тонна цемент және 459 мың тонна клинкер өндірілді, бұл 2013 жылдың деңгейінен 42 %-ға немесе 3,3 млрд. теңгеге артық. Алдағы уақытта серіктестік цемент өндірісін жобалық қуаттылығына немесе жылына 1,0 млн.тоннаға жеткізуді жоспарлауда.

Кейінгі 3 жылда өнім өткізу нарығының болмауынан тоқтап тұрған «Теньши» ЖШС-гі тарапынан «Казцинк» және «Казахмыс» АҚ-мен өнімді жеткізу бойынша келісім жасалып, әктас өндіру бойынша дайындық жұмыстары басталды.

Өткен жылы аудандағы ең ірі өндіріс орны - «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің құрылтайшысы ауысып, канадалық компанияның орнына ресейлік инвесторлар - «Полиметалл» АҚ –ның (Санкт-Петербург қаласы) өкілдері келді.

Қазіргі таңда кәсіпорын зауыттың негізгі құрылысына инфрақұрылымды дайындау жұмыстарын жүргізуде. Жоба бойынша 2015 жылы жалпы инвестиция құны 4,3 млрд.теңгені құрайтын су таратқыш, су кернеуіш мұнара, тұрғындар қажеттілігіне көмір қазандығы, айналма жол құрылысы, ұңғымаларды бұрғылау және зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.

2015 – 2016 жылдары инфрақұрылымға және техника сатып алуға жұмсалатын инвестицияның құны 12 млрд.теңгені құрайды. Сонымен қатар, «Aim lab» ЖШС-гі жалпы құны 210 млн.теңгені құрайтын «Бақыршық» кен орнындағы өндіріс секторына арналған шунгит немесе наноқұрылымдандырылған көміртекті материалдарын өндіру зауытының жабдықтарын құрастыру жұмыстарын аяқтады. Өндіріс 1-ші тоқсанда басталмақ.

Жалпы, 2015 жылы барлық өнеркәсіп өндірістерінің тұрақты дамуын күтеміз.

«ВЭУ Шар» ЖШС-гі жел электростанциясының құрылысы («Казахцемент» ЖШС-гі шеңберінде) үйлестіру кеңесінде қаралуда. Жаңғызтөбе кентінде жобалық қуаттылығы 75 МВт, құны 189,0 млн.евроны (бастамашысы неміс компаниясы) құрайтын жел электростанциясы құрылысы жобасын жүзеге асыру қарастырылуда.

«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауының негізгі бағытына сәйкес елімізде инфрақұрылымды дамыту ісі қолға алынады. Бұл біздің ауданымызға да өзіндік оң ықпалын тигізетін болады. Яғни, алдағы уақытта жоспарланып отырған Алматы-Өскемен автокөлік жолдары құрылысы, Шар-Майқапшағай теміржол желісін салу, Семей-Ақтоғай-Алматы бағытында жоғары вольттық желілер құрылысы біздің аудан арқылы өтеді. Бұл шаралар ауқымды инвестицияның келуімен қатар, қосымша жұмыс орындарының ашылуына, бюджет кірісінің өсуіне зор ықпал етпек.

Сондай-ақ, жоғарыда айтылғандай, «Қазақцемент» ЖШС-нің жобалық қуатына шығуы, «Теньши» ЖШС-нің өндірісінің басталуы, «Бақыршық кен өндіру кәсіпорны» ЖШС жобалық жұмыстарының қолға алынуы, сорғы жабдықтары зауыты мен локомотив депосы өнім көлемін арттыра түспек. Бұл көрсеткіштер ауданның ауыл шаруашылығының орнына, өнеркәсіпті өңірге айналатын уақытта алыс еместігін көрсетеді.

Аудан халқының негізгі бөлігі ауыл шаруашылығымен айналысатындығын ескере отырып, бұл саланың көптеген шешімін күткен мәселелері мен іске асырылмай, назардан қалып жатқан тұстарына баса көңіл аударуымыз қажет.

Бүгінде аудан бойынша жан басына шаққанда жалпы өнімнің 55 пайыздан астамы ауыл шаруашылығының үлесінде.

Салада 527 шаруашылық құрылымы (514 шаруа қожалығы, 9 – ЖШС, 4 – мемлекеттік мекеме) жұмыс істейді.

Жыл қорытындысы бойынша 14 млрд. 980 млн. теңгенің жалпы өнімдерінің өндірісі (былтырғы жылғы деңгейде) күтіледі, оның ішінде мал шаруашылығы бойынша 11 млрд. 703 млн. және өсімдік шаруашылығы бойынша 3 млрд. 277 млн. теңгені құрады. Аграрлық сектор субъектілерінен 27,7 млн. теңгенің салықтары мен төлемдері түсті.

Ауданда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың салааралық «Агробизнес-2020» бағдарламасының 4 басым бағыты бойынша жұмыстар атқарылуда.

«Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде 550 бас ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 22 бас асыл тұқымды жылқы, «Алтын-Асық» бағдарламасы бойынша 65 бас асыл тұқымды қой малы сатып алынды. «Жайлау» бағдарламасы бойынша 15 жеке кәсіпкерге 1500 бас қой берілді. «Ырыс» бағдарламасы 2015 жылы жүзеге асырылмақ.

Сондай-ақ, ауылшаруашылық құрылымдары 260 бас асыл тұқымды бұқашықтар және 522 бас асыл тұқымды құнажындар сатып алды. Ірі қара малының тұқымдық түрлендіруіне 8 851 бас аналық бас қамтылған, бұл барлық аналық малдың 30 пайызы.

Ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту бағытында шаруашылық құрылымдары 215 млн. теңгеге 54 бірлік (2013 жылы - 75 млн. теңгеге 26 бірлік), оның ішінде «КазАгроФинанс» АҚ арқылы 33 бірлік ауыл шаруашылық техникаларын алды. 27 бірлік ауыл шаруашылық техникалары үшін, мемлекет тарапынан 27,5 млн. теңге мөлшерінде субсидия төленді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімінің 78,0 пайызын мал шаруашылығы өнімдері құрайды.

Ауданда 60 770 бас ірі қара малы, 218 000 бас қой мен ешкі, 20 629 бас жылқы, 364 бас шошқа және 34 000 бас құс өсірілуде немесе 2013 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ірі қара малы – 3,1 пайызға, жылқы – 21,0 пайызға, құстар - 3,0 пайызға өсті. Нақтылау жұмыстарының нәтижесінде қой-ешкі 4,4 пайызға, шошқа малы 13 пайызға төмендеді, яғни шынайы, нақты есебі жасалды.

2013 жылмен салыстырғанда мал шаруашылығының өнімділігі артып, ет өндіру – 8,6, сүт өндіру – 4,1, жүн өндіру – 9,0, жұмыртқа алу 4,8 пайызға ұлғайды. Барлығы 14,7 мың тонна - ет, 52,4 мың тонна - сүт, 520 тонна - жүн өндіріліп, 3 млн. 443 мың дана жұмыртқа алынды.

Ауданда 17 асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыс істейді, оның ішінде 1-уі өткен жылы жаңадан құрылды. 12 - мал бордақылау алаңы, 8 - қолдан ұрықтандыру пункті, 8 - дәріхана және 25 - мал қорымы бар.

Нақтыланған есеп бойынша ауданда: қазақтың ақ бас сиырының асыл тұқымды – 4 650 басы бар, оның жалпы малдағы үлесі – 7,6 пайыз, облыстық көрсеткіш 7,4 пайыз; етті - майлы жартылай қылшық жүнді асыл тұқымды «Байыс» қойының – 32 400 басы бар, оның жалпы малдағы үлесі – 16,5 пайыз, ал облыстық көрсеткіш - 10,7 пайыз; «Жәбе» типті асыл тұқымды жылқының басы – 1 983 бас, немесе оның жалпы малдағы үлесі – 9,6 пайыз, облыстық көрсеткіш 7,8 пайызды құрап отыр.

Ауыл шаруашылық мал бастарының тұқымдық түрленуіне қатысатын шаруашылықтарды қолдау мақсатында 143 шаруашылықтан 323 млн. теңгеге субсидия алуға құжаттары қабылданып, бүгінгі таңға оның 138 млн. теңгесі төленді.

Өсімдік шаруашылығы саласы бойынша 38,8 мың гектарға егін егілді (2013 жылы - 37,0 мың гектар). Оның ішінде дәнді дақылдар алқабы 2 828 гектарға кеміп, 12 692 гектарды құрады (2013 жылы - 15 520 гектар). Күнбағыс егістігі – 7 598 гектар (2013 жылы – 5 863 гектар) немесе 29%, картоп - 566 гектар (2013 жылы - 430 гектар) немесе 32%, көкөніс-бақша өнімдері 8 %-ға артты. Ылғал сақтау технологиясы 13,5 мың гектар жерге жүргізіліп, егістік алқабының – 34,7% құрады.

Егістік алқабынан жалпы түскен өнім: дәнді дақылдардан 12,7 мың. тоннаны құрап, 1 гектардан орташа түсімділігі 10,3 центнерден айналды. Күнбағыс өнімі - 2,5 мың тоннаны, картоп - 8,8 мың тоннаны, көкөніс және бақша өнімдері - 2,2 мың тоннаны құрады.

Үкімет тарапынан ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерін қолдауға жиыны 1 310 тонна арзандатылған дизель отыны, 82 млн. 850 мың теңгенің субсидиясы берілді.

Дегенмен, «Қалбатау асыл тұқымды мал зауыты», «Шалабай» ЖШС, «Жасар» шаруа қожалығы сияқты бірер ірі шаруашылықтардан басқа құрылымдарда егін өнімділігі төмен болды. Бұған басты себептер: шаруашылықтарда ауыспалы егістікті қолданбау, агротехникалық шаралар мен ғылыми негізделген мерзімдерді сақтамау, минералды тыңайтқыштар енгізбеу, соның нәтижесінде жердің құнарлылығының тозуына әкелуі секілді факторлардың жаппай орын алуы болып табылады.

Қалбатау ауылдық округінен «Рассвет», Бірлікшіл ауылдық округінен «Тайлақ», Қаратөбе ауылдық округінен «Қондыбай» шаруа қожалықтары өздеріне бекітілген егістік жерлерін игермеген.

«Арго» шаруа қожалығы бекітілген 12,0 мың гектардың 20%-ын ғана игеріп, нашар өнім жинады. Ауыл шаруашылығына кәсіби мамандар дайындайтын Жарма технологиялық колледжі бекітілген 857 гектардың 43%-на ғана астық егіп, гектарынан небары 1 центнерден ғана өнім алған. 2 308 гектар егіс алқабының 600 гектарына немесе 26%-ына ғана дән сепкен «Қарадонғал» ЖШС-гі өзінде егін оратын техниканың жоқтығынан астықты тым кеш жинады. «Олжас» шаруа қожалығы 100 га. жерге картоп отырғызғанымен, аудан халқына тиісті өнімін ұсына алмады.

Жалпы егістік алқабы бекітілген 80 шаруашылық құрылымдарының ішінде 500 гектардан жоғары егістігі бары - 15. Қалған 65 шаруашылықта орташа есеппен бекітілген жері 50-ден 500 гектардың арасында. Мұндай ұсақ шаруашылықтар тиісті агротехнологиялық талаптарды орындауға шамасыз.

28 шаруа қожалығы тек мал азығын дайындаумен ғана айналысады, бекітілген 6 203 гектар егістік жерге көп жылдық шөп егілген.

Жалпы аудан бойынша ауыл шаруашылық құрылымына бекітілген жер көлемі 1 млн. 420 955,0 гектар, оның ішінде егістік – 49 653,0, шабындық –50 мың 002, жайылым – 1 млн. 10 650,0 гектар. Дегенмен, бөлінген жер алқабы мақсатты пайдаланылмайды.

2014 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмыстарының барысында жалпы алаңы 16 639,0 гектарды құрайтын 6 агроқұрылымының 13 жер учаскесі иесіз жер есебіне алынды. Оның ішінде 2 960,0 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, 7 жер учаскесіне жасалған жер учаскесін жалға алу туралы шарттарын бұзу жөнінде талап арыздар сотқа жолданды.

Жер учаскелерін жалға алу шарттарын бұзу арқылы жалпы алаңы 33 408,0 гектар ауыл шаруашылық жер учаскелері аудандық жер қорына алынды.

Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші аудандарға ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін жоғары деңгейге жеткізу, яғни, тауарлы-сүт фермаларды құра отырып, сүт өндіру көлемін арттыру жөнінде тапсырма берді. Біздің ауданда кеңес кезеңінде төрт бірдей сүт шаруашылығы табысты жұмыс істеп тұрғандығын ескере келе, осы бағытта нақты шаралар атқаруға тиістіміз, оған негіз, мүмкіндік жеткілікті.

Өсімдік шаруашылығының өнімділігі, қайта өңдеу жұмыстарының деңгейі төмен.

Аграрлық секторды жаңа деңгейге көтеру үшін, «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша тұрғындар мен ауыл шаруашылығы құрылымдары арасында толыққанды түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қаржылай қолдауларды (субсидияларды, төмен пайызды несиелер) пайдалана отырып, 2015 жылы мал басын көбейту мен асылдандыруды, ауыл шаруашылығының техникаларының базасын жаңартуды жалғастыру; қайта өңдеу жұмыстарын жолға қойып, тауарлы-сүт фермаларын ашу; егістік алқабының тиісті агротехникалық талаптарды қолдана отырып, барынша игерілуін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруымыз қажет.

Осыған орай, субсидияларды тиімді пайдалану мәселесіне талдау жасап, қатаң бақылауда ұстау керек.

Құрылыс саласында 2014 жылдың 12 айында құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 3 378 млн. теңгені құрады, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 1 088,4 млн. теңгеге немесе 24,7 % кем. Облыстық жоспармен салыстырғанда 1 843,8 млн. теңгеге немесе 35,3 % кем.

Жыл ішінде Бірлік ауылында су құбыры құрылысы, Суықбұлақ кентінде электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, Қалбатау ауылында 120 мың текше метрлік тұрмыстық - қатты қалдықтар полигоны салынды.

2014 жылдың 12 айында 5 045 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (былтырғы жылмен салыстырғанда 111,6%-ға, облыстық жоспармен салыстырғанда 2 есе артық).

Құрылыс жұмыстарын жоспарлауда проблемалық мәселелерді ескере келіп, неғұрлым әлеуметтік маңызды нысандарға басымдық беріліп отыр. Кейінгі 1,5 жылда 13 жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге жергілікті бюджеттен 54 млн.600 мың теңге бөлінді. Бұл – өңіріміздің дамуының негізі, елеулі инвестициялар көзі болып табылады. Қазіргі уақытта жобалар қаржыландырылып, іске асуда.

Үстіміздегі жылы Абай орта мектебінің қазандық құрылысы және Георгиевка орта мектебін қайта жарақтау жұмыстары басталады. Бюджет мүмкіндігі шеңберінде Жаңғызтөбе кентінде 120 мың текше метрлік тұрмыстық-қатты қалдықтар полигонын салу; Қалбатау ауылында арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ретінде ғимаратты қайта жаңарту жұмысы қарастырылады.

Қалбатау ауылындағы стадион құрылысы бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірленді.

Республикалық бюджеттен қаржыландыруға «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Жаңаөзен ауылы мен Суықбұлақ кентіне су құбырларын салу, Қалбатау ауылында 16 пәтерлі, 2 қабатты екі тұрғын үй құрылысы және оған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу бойынша тиісті құжаттар ұсынылды.

Алдағы жылдары іске асыру үшін «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Жарық, Аршалы, Қаратөбе ауылдарына су құбырын тарту; Шалабай ауылындағы тұрмыстық-қатты қалдықтар полигоны; Суықбұлақ кентінде 80 орындық балабақша нысандары бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Қалбатау ауылы мен Шар қаласының бас жоспарының бекітілуіне байланысты, егжей-тегжейлі (детальный) жоспарлар және осы 2 елді мекенде екі пәтерлі жиырма тұрғын үйдің құрылысы және оған инженерлік-коммуникациалық инфрақұрылымды жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірлеу жоспарлануда.

Жаңғызтөбе және Суықбұлақ кенттеріне құрылыс жобасын әзірлеу (схема застройки) қарастырылуда.

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары мен жобалық-сметалық құжаттардың уақытында аяқталмауы сияқты келеңсіз жағдайлар орын алуда. Осыған байланысты, 2014 жылы ауданның атқарушы мемлекеттік органдарының талап арызы бойынша сот органдарында 18 азаматтық іс қаралып, мемлекет пайдасына 29 млн. 371 мың теңге (2013 жылы - 21 млн. 646 мың теңге) өндірілді. Қаражаттың орынды жұмсалу мәселесіне алдағы уақытта да қатаң қадағалау жасалады.

Алдағы уақытта аудан аумағында автокөлік жолдары, теміржол желісі құрылыстары салу жоспарлануда, бұл өз кезегінде үлкен көлемде құм, қиыршық тастар түрлері сынды бір қатар құрылыс материалдарын қажет етеді.

Жергілікті кәсіпкерлер, жол жөндеу мекемелері осыны мүмкіндігінше ескеріп, қажетті материалдар шығаруды осы бастан қолға алып, сұранысқа қарай жұмыстарын жетілдірулері тиіс.

Жеке тұрғын үй құрылысы саласында да мәселе жоқ емес. Олардың көбі сәулет-құрылыс талаптарына сай келе бермейді. Құрылыс бөлімі, тиісті құрылымдар, округ әкімдері бұл мәселеде жұмыс жүргізулері қажет.

Жоғарыда аталған жұмыстарды (4 нысанда - құрылыс, 1 нысанда – қайта жаңғырту жұмыстары, 12 жобалық – сметалық құжатты әзірлеу) атқаруға бағытталған 2014 жылғы даму бюджетінің көлемі 1 млрд. 115 млн. теңгені құрады.

5 млрд. 252 млн. теңгені құрайтын аудан бюджетінің кіріс бөлігінің 25 пайызын меншікті кірістер құрап, үлес салмағы 2 пайызға артты. Жалпы меншікті кірістер көлемі 1 млрд. 313 млн. теңгеге жеткізіліп, былтырғы жылдың деңгейіне 110 пайызды құрады.

Субвенция үлесі 51 пайызды, республика және облыстық бюджеттен түскен нысаналы трансферттердің үлесі 24 пайызды құрап, жалпы былтырғы жылдың үлесінен 2 пайызға азайды.

Аудан бюджетінің шығыс бөлігінің көлемі 5 млрд. 289 млн. теңгені құрап, оның ішінде 55,2 пайызы білім саласына, 8,9 пайызы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына, 6,6 пайызы – құрылыс саласына бағытталды.

Елбасының Жолдауында белгіленгендей, шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін ұлғайтылуы тиіс.

Ауданда 2 391 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген (өткен жылға - 101,2%). 89 орта кәсіпорынның 60-ы белсенді жұмыс істейді. Олар өнеркәсіп өндірісі көлемінің – 35, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің - 34 пайызын құрайды. Салық түсімдеріндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі - 27%.

Былтырғы жылы кәсіпкерлер палатасы, Қалбатау ауылы және Шар қаласында кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылды.

2014-2016 жылдарға кәсіпкерлікті дамыту картасы аясында қызмет көрсету, қайта өңдеу саласында 173 жоба іске асырылды.

«Даму-Өндіріс» бағдарламасы бойынша банктер қарауына жалпы құны 62,0 млн. теңгені құрайтын 3 жоба бойынша құжаттар тапсырылып, 1 жоба (жиҺаз жасау цехы) мақұлданды.

Ауданның қолайлы географиялық жағдайына қарай, транзиттік туризмді дамыту бойынша - Аршалы, өлкетану туризмі бойынша – Делбегетей ауылдық округтерінде жобалар әзірленуде.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша 540 шағын және орта бизнес субъектілерімен меморандум бойынша жалпы сомасы 107,2 млн. теңгенің іс-шаралары атқарылды.

Былтырғы жылы шағын және орта бизнес саласында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының бірінші бағыты шеңберінде (пайыздық мөлшерін субсидиялау) жеңілдікпен несие алуға ұсынылған жобалар көлемді болмағандықтан, қолдау тапқан жоқ.

Кәсіпкерлік бөлімі, округ әкімдері шағын және орта бизнес өкілдерімен бірге осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет.

Инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлік үшін мол мүмкіндік ашылмақ, біз оны тиімді пайдалана біліп, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асыру үшін әлеуетті жобаларды іріктеп, ұсыну, белсенді кәсіпорындар санын арттыра отырып, өнеркәсіп және басқа салалар бойынша кәсіпкерлік субъектілері өнімінің үлесін одан әрі көбейту; аудан бюджетіне түсетін түсімнің үлесін 30 пайыздан асыру бойынша шараларды іске асыруымыз қажет.

Сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, негізгі азық-түлік тауарлары бағаларының деңгейі бойынша кәсіпкерлік бөлімі, округ әкімдері кәсіпкерлермен бірлескен жұмыстар жүргізуі тиіс.

Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласында өткен жылы автокөлік жолдарын, су жүйелерін жөндеу, қалыпта ұстау, жарықтандыру бойынша жалпы көлемі 500,2 млн. теңгенің жұмыстары атқарылды. Жергілікті бюджеттен Қалбатау ауылының Абай көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарлама аясында Шар қаласының Тәуелсіздік көшесіне республикалық және аудандық бюджеттен орта жөндеу жұмыстары атқарылды. Қалбатау ауылының, сондай-ақ Шар қаласының Тұрғамбаев және Жамбыл көшелеріне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Амангелді және Қорықшар ауылдарының көпірлері, Жарма кентінің көшелері, Жайма-Суықбұлақ және Терістаңбалы ауылдарына баратын жолдар ағымды жөндеуден өткізілді.

Аймақтарды дамыту бағдарламасы аясында Қызылжұлдыз ауылын, аудандық бюджеттен Былқылдақ, Қапай батыр, Егінбұлақ және Малай ауылдарын жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Шар қаласындағы Тәуелсіздік көшесіне көше жарығы орнатылды.

Аудан бойынша 12 елді мекен орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған (Қалбатау, Салқынтөбе, Қаражал, Үшбиік, Жайма, Белтерек, Шуақ, Әуезов, Жарма, Жаңғыз - төбе, Шалабай, Шар), таза сумен қамту деңгейі - 74,2%, бұл облыстық көрсеткіштен (84%) 10%-ға төмен.

«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Бірлік ауылында су құбыры тартылып, пайдалануға берілді.

2014 жылы аудан бойынша 76,1 млн. теңгеге су құбырларын тарту, ағымды, күрделі, су ұңғымасына және су таратқыш бағандарына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қалбатау ауылында Киселев көшесіне – 4 шақырым және Шар қаласының Лекеров, Амангелді көшелеріне – 4 шақырым су құбыры тартылды. Жаңғызтөбе кенті мен Қалбатау ауылының су құбырларына, Белтерек ауылының су жүйесіне ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қызылағаш, Қоңырбиік, Малай ауылдарының су ұңғымалары және су таратқыш бағандары жөндеуден өтті.

«Аумақты дамыту» бағдарламасы аясында Қаражал ауылының су жүйесіне ағымды жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.

Қалбатау ауылындағы Достық көшесінің бойына абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

2015 жылы Ақжал-Бөке бағытындағы көпірді, Шар-Кезеңсу су құбырын ағымды жөндеу; Қалбатау ауылындағы Бабатайұлы көшесін орта жөндеу; Жаңғыз-төбе кентінің жолдарын ағымды жөндеу; 6 елді мекенге (Шар қаласы, Қалбатау ауылы, Үкілі, Асқаралы, Қарасу, Көшек ауылдары) жарықтандыру бағандарын орнату жоспарланған.

Аудандағы су жүйесінің жұмысын одан әрі жақсарту мақсатында қаржы қарастырылды. Оның ішінде Шар қаласындағы Қабанбай көшесінің 3,5 шақырым су құбырына жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Салқынтөбе ауылының су құбырын жөндеуге, Қалбатау, Жаңғыз - төбе ауылдарының су мұнараларын ауыстыруға және Жаңғыз - төбе кентінің су құбырын жөндеуге қаражат бөлінді.



Абаттандыру бойынша Қалбатау, Шуақ, Жаңғызтөбе ауылдарына демалыс орындарын, балалар ойын алаңын салу қарастырылып отыр.

Тұрғын үй-коммуналдық қызмет саласында тарифтер мен тұтыну нормаларын бекіту, су ақысының төлемін жинау, қатты қалдықтар полигонының жұмысы, көп қабатты үйлерде тұрғын үй иелері кооперативтерін құру, терможаңғырту жұмыстарын жүргізу, елді мекендерді тазарту жұмыстарына барынша назар аудару қажет.

Экономикалық өсім, инфрақұрылымды дамыту және басқа бағдарламалардың жүзеге асырылуы жұмыспен қамтуға, әлеуметтік міндеттемелерді орындауға мүмкіндік туғызады.

Аудан бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,5%, ресми түрде тіркелген жұмыссыздар саны – 140 адам,  ресми тіркелген жұмыссыздық деңгейі – 0,6 % құрап, былтырғы жылдың деңгейінде қалыптасты. Жыл басынан 1 545 адам тұрақты және уақытша құрылған жұмыс орындарына орналастырылып, өткен жылдан 0,3 % артқан.

Тұрмыс жағдайы төмен тұратын азаматтардың саны 2013 жылмен салыстырғанда 5%-ға азайып, 2 118 адамды құрады.

Жұмыссыздарды әлеуметтік қорғауға бағытталған іс-шараларға аумақтарды дамыту бағдарламасы және «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламалары кескінінде жергілікті бюджеттен 68 735,0 мың теңге, республикалық бюджеттен 17 772,0 мың теңге жұмсалып, жұмыссыздар санатынан ақылы қоғамдық жұмыстарға – 1 959, кәсіби даярлауға - 113, әлеуметтік жұмыс орындарына - 75, «Жастар іс-тәжірибесі» бағдарламасына 49 адам қатыстырылды.

Аз қамтылған азаматтарды қолдауға бағытталған әлеуметтік төлемдерге жергілікті бюджеттен 37 590,1 мың теңге қарастырылып, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 485  адамға – 2013 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 128 адамға аз, 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы 1 406 алушыға (460 адамға азайды), тұрғын үй көмегі 1 081 алушыға (2013 жылғыдан 60 адамға кем) тағайындалып төленді.

2014 жылы енгізілген «Өрлеу» шартты ақшалай көмек пилоттық жобасы бойынша 90 жанұядағы 394 алушыға республикалық бюджеттен 5 998,0 мың теңге тағайындалып төленді.

«Қайырымдылық айлығы» іс-шарасы аясында аудан бойынша демеушілердің көмегімен қосымша 1 318 адамға 4 248,1 мың теңгенің түрлі көмектері көрсетілді.

Жергілікті атқарушы органдардың шешімі негізінде ҰОС-ың қатысушыларымен оларға теңестірілгендерге, көп балалы аналарға, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматарға, аз қамтылған отбасылардан шыққан студенттерді оқу ақысын төлеуге облыстық және аудандық бюджеттен барлығы 59 432,0 мың теңгенің көмектерімен төлемдері тағайындалып төленді.

Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығының ветеринария саласы қызметкерлеріне отын сатып алуға 15 817,0 мың теңге көмектері төленді.

Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, 32 мүгедекке протездік-ортопедиялық бұйым, 21 мүгедекке  тифлотехникалық құрал, 5 мүгедек  сурдо құрал, 57 адам гигиеналық құралмен, 15 адам кресло-арбашалармен қамтамасыз етілді. 15 мүмкіндігі шектеулі адам санаторлық-курорттық емдеуге жіберілді.

Үйден оқытылатын 37 мүгедек балаларға 6 593,1 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек төленді.

Аудан бойынша барлығы 290 жалғызілікті қарттар мен мүмкіншіліктері шектеулі адам арнаулы әлеуметтік қызметпен қамтылып отыр, оларды қолдауға жергілікті бюджеттен өткен жылы 45 071,0 мың теңге бөлінген.

Сондай-ақ, 2014 жылы құрылған «Жарма ауданының әлеуметтік серіктестік орталығы» қоғамдық қоры мемлекеттік тапсырыс негізінде қосымша 45 адамды арнаулы қызметпен қамтыды.

Сонымен қатар, қызмет көрсету ғимараттарын мүмкіндіктері шектеулі адамдарға бейімдеу (пандус, поручень, пиктограммалармен жабдықтау) жұмыстары жеткіліксіз. Осыған байланысты, аудандық бюджеттен мемлекеттік мекемелерге 556 мың теңге қаражат бөлініп, 10 мекеме ғимараты арнайы жабдықтармен қамтылды. Осы бағытта кәсіпкерлермен жұмыс жүргізіліп, жаңа ғимараттардың құрылыс стандарттарына сәйкестігі қадағалауға алынуы қажет.

Өткен жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысуға 778 адам өтініш білдіріп, 578 адаммен әлеуметтік келісім-шарт жасалып, тиісті әлеуметтік қолдау көрсетілді. Оның ішінде нысаналы топ қатарынан 434 жұмыссыз, 144 өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, олардың қатарында - 122 аз қамтылған және 15 мүгедек жан бар.

«Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бірінші бағыты шеңберінде 2014 жылы 7 аумақтық бірлікте (Үшбиік, Ақжал, Салқынтөбе, Белтерек, Делбегетей ауылдық округтері, Шар қаласы мен Жаңғызтөбе кенті) қызмет көрсету нысандарына республикалық бюджеттен жалпы құны 30 млн. теңгенің 11 жобасы іске асырылды. Құрылыс – жөндеу жұмыстары барысында жалпы уақытша ашылған жұмыс орындар саны – 92, оның ішінде жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен – 49 адам уақытша жұмысқа орналасты.

Осы бағдарлама аясында блок-модульдар (мал өсірушілерге вагон) сатып алынып, Қалбатау ауылындағы техникалық қызмет көрсету станциясына (ТҚС) су құбырын тарту үшін жобалық-сметалық құжат әзірленуде.



«Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» екінші бағыты шеңберінде 2014 жылы ауданға барлығы 240,0 млн. теңге, оның ішінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 140,0 млн. теңге және СПК «Ертіс» АҚ-мы арқылы 100,0 млн.теңге бөлініп, 242,1 млн теңгені құрайтын 110 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде мал шаруашылығы бойынша – 79 жоба 168,6 млн теңгеге, қызмет көрсету саласы – 14 жоба 35,5 млн теңгеге, өнім өндіру, қайта өңдеу саласы – 17 жоба 38,0 млн теңгеге. Қалбатау мен Шар қаласында қоғамдық монша, Қалбатау ауылында кондитерлік цех, пластикалық цех, Жаңғызтөбе кентінде фотосалон ашылып, қызмет көрсетудегі көптеген өзекті мәселелер шешімін тапты.

«Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» үшінші бағыты шеңберінде «Қолдан ұрықтандыру», «Плотник – бетоншы», «Даяшы», «Администратор», «Тігінші», «Аспазшы», «Автоматтандырылған бақылау-өлшеуіш аспаптарының слесары», «Бағдарламашы» мамандықтары бойынша кәсіби оқытудан өткізілді.

Аталған бағыттың 2-ші компоненті бойынша жұмыс берушінің 10% қоса қаржыландыруы арқылы «Жарма Құрылыс – Газ» ЖШС-гі 2 пәтерлі 5 үй салып, өз қызметкерлерінен 10 жанұяны қызметтік тұрғын үймен қамтыды.

«Жұмыспен қамту 2020 жол қартасы» бағдарламасының ережесіне сәйкес, екінші бағыт шеңберінде несие алушылар салық басқармасында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, міндетті зейнетақы жарналарын аударулары қажет, сондықтан бұл мәселе жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, округ әкімдері тарапынан қадағаланып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс.



Білім деңгейі, халық денсаулығы – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты әлеуметтік көрсеткіштер.

Аудандағы 41 мектеп, 2 мектеп-балабақша кешенінде 7 466 оқушы білім мен тәрбие алуда.

Сонымен қатар, өнер мектебі, балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, «Мейірім» спорттық-сауықтыру лагері, 5 балабақша жұмыс істейді.

Аудан мектептерінде 1 060 педагог еңбек етуде. Жоғары және 1-ші категориялы мұғалімдер үлесі 36 пайызды құрайды.

2014 жылы білім беру жүйесін қаржыландыруға 2 млрд 621 млн. теңге бағытталса, 2015 жылы бюджеттен 2 млрд. 985,6 млн. теңге бөлінді.

Апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу үшін 2014 жылы республикалық бюджет есебінен 2 елді мекенде, Шар қаласында және Жаңғызтөбе кентінде 300 орынға арналған мектеп құрылысы жүргізілуде.

Апатты жағдайдағы Кентарлау ауылындағы Шар негізгі мектебі, Қапай батыр ауылындағы Васильковка негізгі мектебіндегі орын тапшылығын жою шаралары қарастырылуда.

Бүгінгі күні білім беру мекемелеріне ағымды және күрделі жұмыстар жүргізуге үлкен көңіл бөлінуде. 5 білім беру мекемесі (2-уі – күрделі, 3-еуі ағымдық) жөндеуден өтті. Атап айтқанда, Уәлиханов орта мектебінің ғимаратына, Крупская атындағы орта мектеп ғимаратының төбесіне және спорт залына күрделі жөндеу, Абай атындағы мектеп-гимназия интернатының ғимараты, Карелин атындағы орта мектеп бас корпусының төбесіне, кіші корпусының төбесі мен спортзалына ағымдық жөндеулер жүргізілді. Бұдан тыс жергілікті бюджеттен 19 білім беру нысанына ағымды жөндеу жүргізілді.

Қазіргі уақытта білім беру мекемелерінің 23-інде физика кабинеті, 15-інде химия және биология кабинеттері жабдықталған. Республикалық бюджеттен 12 млн 291 мың теңгеге 3 химия кабинеті (Суықбұлақ, Крупская атындағы, Абай атындағы мектеп балабақша кешеніне) алынса, жергілікті бюджеттен 9 млн. теңгеге Көбдіков атындағы орта мектепке физика кабинеті, Хасенұлы атындағы және Жамбыл атындағы орта мектептеріне биология кабинеті сатып алынды.

2015 жылы жергілікті бюджеттен 4 мектепке мультимедиялық кабинет алу үшін қаржы қарастырылды.

Мектепке дейінгі тәрбие және оқумен қамтылған балалар үлесі жыл сайын артуда. Ауданда 5 балабақша, 2 мектеп-балабақша кешені, 39 білім беру мекемелерінде кіші орталықтар жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында Қаражал ауылында 21 орындық толық күнді кіші орталық ашылса, Қалбатау ауылында 50 орындық жекеменшік балабақша құрылысы жүргізілуде.

Облыс бойынша мектепке дейінгі 3-6 жастағы балалардың негізгі ұйымдарға қамтылуы 98,2 пайызды құраса, біздің ауданда бұл көрсеткіш 100 пайыз. Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдарға қамту жарты күнді кіші орталықтар есебінен өсіп отырғанын айта кетуіміз керек.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылға дейін 3-6 жастағы балаларды 100 пайыз қамту үшін мектепке дейінгі мекемелерді ашу мен енгізу туралы қадамдық жоспары құрылған.

2015 жылы Әуезов кентінде жекеменшік әріптестік негізінде, меморандум бойынша «Аққу» балабақшасы күрделі жөндеуден өткізілуі, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту мәселесін шешеді. Жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры шығындары 2014 жылы 41 млн теңгені құрап, 1,8% болса, 2015 жылы міндетті орта білім беру қорына 60 млн тенге бөлініп, 1,4%-ға өсті. Мектептерде 1-4 сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасы балалары 100 пайыз тегін тамақпен қамтамасыз етілген (облыстық көрсеткіш - 97 пайыз). Ас мәзіріне бала денсаулығына пайдалы бал және сүт өнімдері енгізіліп, 100 пайыз қамтылса, облыстағы көрсеткіш 89,2%. Кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарымен жасалған меморандумдар бойынша балалардың сапалы тамақтануына қосымша көмек берілді.

Сонымен қатар қосалқы шаруашылықты дамыту талабы алға қойылып, 23 мектепке жер телімі бөлініп, 32 тонна өнім алынды.

Қосымша білім берумен барлық оқушылардың 49%-ы қамтылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 7 пайызға өсті.

Білім сапасын арттыру – білім саласындағы басты міндет. 2013-2014 оқу жылын 3 990 оқушы жақсы және өте жақсыға аяқтады, бұл барлық оқушылардың 60,6 пайызы. Мектеп бітірушілердің 69,8 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын тапсырып, орташа 76,06 балды құрады немесе 10,1 балға өсті.

2014 жылы әртүрлі деңгейдегі олимпиадалар мен конкурстарға 3 846 (58 %) оқушы қатынасып, оның 2 029-ы жүлдегер атанды. 2 оқушы республикалық пән олимпиадасында жүлделі орындарға ие болды. Жарма ауданы облыс бойынша дарынды балаларды анықтау, қолдау және дамыту бойынша үздік 5-тік қатарында.

Аудан бойынша Интернет желісіне қосылған мектептер үлесі 21 пайыз, бұл көрсеткіш бойынша әлі де жұмыстар жүргізу керек.

Бүгінгі таңда елімізге білікті, жоғары білімді кадрлар ауадай қажет, яғни олардың Қазақстанның бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға ықпалы зор. Бұл ретте бірінші кезекке оқушылардың білім сапасын қоятын болсақ, оның алдында ұстаздар қауымының білімділік деңгейі тұр.

Бізде ҰБТ қорытындысы бойынша мектептердің білім сапасында елеулі айырмашылық бар. Мысалы, Георгиевка орта мектебінде ҰБТ қорытындысы бойынша өткен жылғы орташа балдық көрсеткіш 87,3 пайызды құраса, өзге мектептердің білімдік деңгейі аталған көрсеткіштен аспады.

Атап айтқанда, нашар нәтиже көрсеткен Қалматаев атындағы орта мектеп, Абай атындағы мектеп - балабақша кешені, Теряев, Ақтайлақ би, Крупская атындағы, Суықбұлақ, Бақыршық орта мектептері басшыларына білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жетілдіру қажет.

Осы орайда білім бөлімі тарапынан бақылауды күшейтіп, орташа балдың облыстық көрсеткіштен төмен болмауын, нәтижені жақсарту үшін мұғалімдердің кәсіптік біліктілігін жетілдіруде семинар, оқыту курстарын ұйымдастыру; түлектердің жоғары оқу орындары жанында ұйымдастырылатын репетиторлық мектептерде қосымша білім алуын, аудан орталығында академиялық сабақтарды ұйымдастырып, жүргізу қажет.

Білім бөлімі әр ұстаздың жұмысын түбегейлі қолға алып, олардың біліктілігін нәтижелерімен саралап, дамыту жүйесін қалыптастыруды ойластыруы тиіс.

Кәсіби бағдар беру – білім саласындағы өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта инженер, мал мамандары, механизатор мамандықтары ауадай қажет. Білім беру бөлімі осыны негізге ала отырып, мамандар қажеттігіне сараптама жасап, алдағы жұмысын бағдарлап, түлектер мен олардың ата-анасына бағыт беріп, мақсатты жұмыс жүргізуі қажет.

Білім беру саласы бойынша білім сапасын арттыру, дарынды балаларды қолдау, дамыту бағыты бойынша оқушылардың жетістіктерін жоғарылату, мектепке дейінгі тәрбие мен оқуды сапалы қамтамасыз ету, оқушылардың жазғы демалысын, сауықтырылуын, еңбекпен қамтылуын сапалы ұйымдастыру міндеттері алға қойылады.



Денсаулық сақтау саласында аудандық және Шар қалалық ауруханасы, 11 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 33 медпункт және 1 жекеменшік дәрігерлік амбулатория бар, оларда 72 дәрігер, 310 орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Орталық аурухана жанынан әлеуметтік-психологиялық бөлімшесімен отбасылық денсаулық орталығы құрылып, тиісті штаттармен толықтырылды.

Демографиялық көрсеткіштер бойынша өмір сүру ұзақтығы артты – 69,0 жас (2013 жылы – 67,6), өлім-жітім деңгейі азайды – 313 жағдай (2013 жылы -365), 2009 жылдан бері ана өліміне жол берілген жоқ. Туу көрсеткіші біршама азайғанмен – 746 (2013 жылы – 816), табиғи өсім оң көрсеткішке ие – 365 (2013 жылы – 355). Нәресте өлімі кеміді – 7 жағдай (2013 жылы - 11).

Әлеуметтік мәнді аурулардың таралуы мен одан қайтыс болу жағдайлары жалпы азайғанмен, туберкулезге шалдығу жағдайы кеміген жоқ, алдыңғы жылғы деңгейде. Сондықтан, емдеу мекемелері алдын алу жұмыстарын кешенді түрде жүргізулері қажет.

Денсаулық сақтау саласының бюджеті жылма-жыл өсе түсуде. Оның шеңберінде материалдық базаны жақсарту мақсатында аудандық және Шар қалалық ауруханаларына, жедел жәрдем бөлімшесі мен дәрігерлік амбулаторияларға жиыны 6 қызметтік автокөлік бөлінді. Аудандық аурухананың шатыры, су жүйелері, кәрізі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа рентген аппараты, эндоскопиялық жабдық, наркоз-тыныс алу аппараты, Шар қалалық ауруханасына флюро-рентген аппараты орнатылды.

Аудандық, Шар қалалық ауруханаларына, Жаңғызтөбе, Қапанбұлақ, Шалабай, Суықбұлақ дәрігерлік амбулаториялары мен Белтерек дәрігерлік пунктіне – күрделі, 12 емдеу мекемесіне – ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық басқармаға тапсырылды.

Бұл салада қызмет сапасын арттыру мақсатында тұрғындармен денсаулықтарына бірлескен жауапкершіліктері бойынша жұмыс жүргізу; науқастарды емдеу және тексеру саласында озық медициналық технологияларды енгізу; медициналық кадрлардың біліктіліктерін арттыру жұмыстарын жүргізу; қызмет аудитін сапалы және уақтылы жүргізу қажет.



Мәдениет саласында аудандық және Шар қалалық Мәдениет үйі, тарихи-өлкетану мұражайы, 21 ауылдық клуб және жастар үйі, 13 кітапхана, соның ішінде аудандық орталықтандырылған кітапхана мен Шар қалалық кітапханасы халыққа мәдени қызмет көрсетуде.

Бірлік ауылында, сондай-ақ «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде ағымды жөндеуден өткен Жарма кенті мен Үшбиік ауылдық клубтары іске қосылды. Мәдениет бөлімінің ғимаратына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аудандық Мәдениет үйіндегі «Кәусар» халық ұлт-аспаптар оркестрі, «Айқаракөз» фольклорлық-этнографиялық халық ансамблі, «Сұлуым» эстрадалық қыздар тобы, Шар қалалық «Ардагерлер хоры» әр түрлі деңгейдегі мәдени шараларға белсене қатысады.

Облыстық «Туған ел – алтын бесігім» акциясы аясында өткен көркемөнерпаздар байқауында жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін, аудан 1 орынды жеңіп алып, арнайы дипломмен марапатталды.

Аудандық көркемөнерпаздар байқауында аудан әкімінің «Ауыспалы өнер кубогын» Шар қаласының өнерпаздары жеңіп алса, екінші орынды - Қалбатау, үшінші орынды Қызылағаш ауылының өнерпаздары иеленді.

Ауданның бас киіз үйі Қытай Халық Республикасы Шәуешек қаласында, Астана қаласында өткен Шығыс Қазақстан облысының күндеріне тігіліп, жұртшылық назарына ұсынылды.

Жарма аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап қоры - 142 979 дананы құрайды. Аудан бойынша оқырмандар саны -10 429, қатынау саны – 140 691, кітап берілімі – 261 604. 2014 жылы «Ирбис» бағдарламасы бойынша, электронды катологқа 3 345 кітап енгізілді, оның ішінде қазақ тілінде – 2 563, орыс тілінде -690, ағылшын тілінде - 92 дана.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Жарма және Үшбиік кітапханалары жаңа орынға көшіріліп, жылу жүйесімен, жаңа стеллаж, кеңсе жабдықтарымен қамтамасыз етілді.

Мәдениет саласында «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы», «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «Конституцияның 20 жылдығы», «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы», «А. Құнанбаевтың 170 жылдығы» мерейтойларына арналған іс-шаралар жоспары аясында мәдениет мекемелерінің жұмысын тұрғындардың талабы мен талғамына сай, эстетикалық жағынан жоғары деңгейге жеткізу міндеті тұр.

Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту үшін 89 спорт нысаны, оның ішінде 26 спортзалы (мектептерде), спорт мектебінде 3 зал, спорт кешені, 50 жазықтық ғимарат, 9 хоккей қорапшасы жұмыс істейді. Қалбатау ауылында «Туған жерге - тағзым» акциясы аясында әйгілі жерлесіміз Даулет Тұрлыхановтың қаражатына 400 орындық спорт кешені салынды. «Шалабай» ЖШС-нің демеушілігімен Шалабай ауылында хоккей қорапшасы, бюджет қаражатына Көбдіков, Шәкенов атындағы және Қарасу орта мектептеріне шағын футбол алаңдары салынды.

2014 жылы ауданда 22 191 адамды қамтыған облыстық және аудандық деңгейде 92 жарыс өткізілді (2013 жылы 21 083 адам қатысқан 89 жарыс өткізілді). Оның ішіндегі ірі шаралар: аудан әкімінің жүлдесі үшін ІХ Халықтық спорт ойындары, ХІ балалар спорт ойындары, қазақ күресінен «Жарма барысы» турнирі, ат спорты түрлерінен спартакиадалар, «Тай жарысы», мемлекеттік қызметшілер спартакиадасы, «Денсаулық фестивалі», мүмкіншіліктері шектеулі балалар арасында «Спешиал Олимпикс» спорттық мерекесі.

Ауданда 12 675 адам спортпен тұрақты айналысады, бұл жалпы тұрғындардың санының 30 пайызы (2013 жылы - 10 135 адам немесе 22,5 пайыз).

Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен оның 12 филиалында 40 жаттықтырушы 11 спорт секциясында 1 194 баланы спортқа баулуда.

Еркін күрестен Азия Чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері Расул Калиев, кадеттер арасында еркін күрестен әлем чемпионатының қола жүлдегері Ербұлан Сарқытбаев, республикалық турнирдің жеңімпазы, спорт шебері Жұпар Төлеубекова, бокстан республика чемпионы Нығметолла Молдашев сынды жастар – болашағынан мол үміт күттіретін спортшылар.

Соңғы жылдары салынған спорт нысандарын саралайтын болсақ, спорт модулі, облысымыздың өзге аудандарында теңдесі жоқ үлкен спорт кешені бой көтерді, бұл өз кезегінде қоғамдық спортты жетілдіруге мол мүмкіндіктер ашады.

Сондықтан, бұл салада көрсеткіш санынан сапасына қарай ден қойып, спорттың әр түрінен жоғары дәрежелі спортшылардан құралған ауданның құрама командасын қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізу қажет.

Сондай-ақ, грек-рим, еркін күрес, бокс, волейбол секцияларымен қатар, көп қосымша қаржыны талап етпейтін қазақ күресі, гир спорты және жеңіл атлетика, футбол секцияларын жандандырып, қажет мамандарды тартуды ойластыру керек.

Дене шынықтыру және спорт бөліміне ауданның спорт объектілерін төлқұжаттау бойынша жұмысты аяқтау; дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысатын барлық жастағы адам санын ұлғайту, ұлттық спорт және қысқы спорт түрлерін дамыту бойынша жұмысты жалғастыру; округтердің аймағында орналасқан спортзалдардың сабақтан тыс уақытындағы жұмысын және тиімді пайдалануын бақылауға алу; ауданның құрама командаларының облыстық жарыстарға тыңғылықты дайындығын қамтамасыз ету міндеті жүктеледі.

Құқық бұзушылықтың және қылмыстың алдын алу, жедел жағдайды тұрақтандыру, қылмыстың өсуіне жол бермеу мақсатында бірқатар ұйымдастырушылық жедел іс-шаралар жүргізілді.

2014 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша аудан аумағында барлық қылмыстардың жасалуы өткен жылмен салыстырғанда 23,4 % төмендеген (542-ден 415-ге). Оның ішінде жалпықылмыстық істер 22,6 % (505-ден 391-ге) төмендеген. Жалпы қылмыстық істердің ашылуы 66,4 %-ды құрады, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 8,6% -ға жоғары (2013 жылы - 57,8%).

Ауыр дәрежедегі қылмыстар (37-ден 27-ге) төмендеп, ашылуы 77,4% құрады. Аса ауыр дәрежедегі қылмыстар (5-тен 4-ке) азайып, ашылуы 100,0%-ды құрады.

Барлық қылмыстардың ашылу көрсеткіштері орта облыстық көрсеткіштерден жоғары.

Жеке қылмыс түрлерінің төмендегені байқалады: жалпы ұрлық 28,6%-ге (273-тен 195-ке) төмендеп, ашылуы 7%-ға өсіп, 53,6%-ды құрады. Мал ұрлығы 13,7% (51-ден 44-ке) төмендеп, ашылуы 42,6% құрады, пәтер ұрлығы 37,9 % (58-ден 36-ға) төмендеп, ашылуы 80,5% құрады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде аудандық комиссия тарапынан 3 отырыс өткізіліп, онда тиісті мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмыстары тыңдалып, талдау жасалды. Жыл ішінде 1 мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық бойынша қызметтен босатылды.

Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында, аумақтық бірліктер әкімдері, учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, ауыл тұрғындары арасынан «Сарбаздар» және ерікті жасақ топтарын құрып, әр елді мекендерде бұл жұмыстарды жандандыру керек.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік мекемелерде жоспарлы түрде оқу сабақтары, семинар-кеңестер мен дәрістер жүргізілуін жергілікті әкімдер, басшылар қатаң қадағалауы қажет.

Қоғамдық-саяси ахуал тұрақтылығын сақтап, нығайтуда қоғамдық ұйымдармен, тұрғындардың түрлі санаттарымен жұмыс басты назарға алынған. Ауданда ресми тіркелген 7 қоғамдық бірлестік бар. Олардың ішінде «Келешек-Будущее», «Ауғанстан соғысы ардагерлерінің Жарма ауданындағы ұйымы» қоғамдық бірлестігі, «Жарма ауданының әлеуметтік серіктестік орталығы» қоғамдық қоры белсенділіктерімен танылуда.

Жыл ішінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуының 25 жылдығына арналған мерекелік шара, Жастар форумы, Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысушылармен, аудан орталығы мен Шар қаласында, Жаңғызтөбе кентінде этнотоптар өкілдерімен кездесулер өткізілді.

Үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жарма ауданының әлеуметтік серіктестік орталығы» қоғамдық қоры ұйымы арқылы ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынастарды нығайту, жастардың белсенділіктерін арттыру, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлық, есірткі бизнесі және басқа теріс әдеттердің алдын алу жөніндегі шаралар ұйымдастырылды.

Облыстық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысында «Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі жұмыстар туралы», «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша шалғайдағы ауылдардың ауыз сумен қамтамасыз етілуі туралы» өзекті мәселелер қаралып, талқыланды.

Республика Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру жөнінде ауданның елді мекендерінде, ұжымдарда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары А.А.Милютин, З.А.Саяповалармен, облыстық, аудандық ақпараттық-насихат тобы мүшелерімен кездесулер болып өтті.

Жастар саясаты шеңберінде аудан әкімімен кездесу, «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша дөңгелек үстел, «Толағай» отбасылық сайысы, ақындар мүшайрасы, экологиялық акция, «Әскерге шақырылушы күні», аудан әкімінің жүлдесіне «Туған жер-алтын бесігім» атты «Жайдарман» фестивалі және басқа әлеуметтік мәнді шаралар өткізілді.

Ауданда барлығы – 11, оның ішінде ислам бағытындағы – 9, католик бағытындағы – 2 діни бірлестік филиалдары тіркелген. Жыл ішінде мешіттер қатары Жарма кентінде ашылған тағы бір діни ғимаратпен толықты.

Діни экстремизмнің, теріс діни ағымдардың алдын алу, рухани құндылықтарды насихаттау бойынша «Дін саласындағы мемлекеттік саясат» тақырыбына 100 дана кітапша әзірленіп, таратылып, «Рождество», «Мәуліт», айт мерекелері жұртшылықтың кеңінен қатысуымен аталып өтуде.

«Туған жерге – тағзым» акциясы шеңберінде жыл басынан бері 49 жоба іске асырылып, 162 млн. 211 мың теңгенің қаржысы игерілді.

Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығына орай, халықаралық қордың қолдауымен ғылыми-тәжірибелік конференция, ұлттық ат спорты ойындары, мәдени шаралар өтіп, жиналған қауым батыр рухына тағзым етті.

Қоғамдық-саяси ахуал тұрақтылығын нығайту мақсатында тиісті бөлімдерге, округ әкімдеріне тұрғындардың түрлі санаттарымен тұрақты түрде атаулы жұмыстар өткізу; жергілікті жерлерде жастармен жұмысты жетілдіру;діни ахуалды бақылауда ұстап, алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу; 2015 жылы атап өтілетін мерейтойлық шараларды жұртшылықтың қатысуымен барлық әкімшілік-аумақтық бірліктерде жоғары деңгейде ұйымдастыру тапсырылады.

Аудан әкімінің өткен жылғы есепті кездесуі барысында шағын ауылдырды жарықтандыру, интернет желісін, ұялы телефон байланысын орнату, жол жөндеу, жедел жәрдем көлігін шешу, фельдшерлік пунктерді медбикемен қаматамасыз ету, мектептерге жерлес атақты тұлғалардың атауын беру, жер және ауыз су мәселелері бойынша 51 ұсыныс-тілек айтылды. Олар бақылауға алынып, іске асырылды.

Жыл басынан бері жеке қабылдауда болған 185 азаматтың әлеуметтік сала бойынша (31,9%), тұрғын үй (20,8%), жер (14,1%) және басқа мәселелер бойынша өтініштері қаралып, түсінік беріліп, тиісті шаралар қабылданды.

2014 жылы жеке және заңды тұлғаларға барлығы 77 935 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде білім бөлімі - 7 645, жер қатынастары бөлімі – 509, дене шынықтыру және спорт бөлімі – 9, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі – 48 429, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі – 8 197, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі – 169, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі – 52, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі – 33, қала, кент, ауылдық округтер әкімі аппараттары – 14 892.

Мемлекеттік қызмет көрсетуді уақытында атқару, қызмет сапасын жетілдіру мәселесі бақылауда ұсталуда.

Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың, аумақтарды дамыту шараларының шеңберінде, атқарушы, өкілді органдардың және ауданның өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, әлеуметтік саласы өкілдерінің, қоғамдық ұйымдардың бірлескен іс-қимылы арқасында іске асты.



Аудан әкімдігі 2015 жылы Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында экономикалық өсімді сақтап, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында жүйелі жұмыстарды жалғастыратын болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет