Жас Алаш. – 2013. - №13.- 19 ақпан
Байбосын С.
Шетелден келген мал шекемізді қыздырмады
Керісінше шығынға батырды. Кешегі және бүгінгі министрлердің қай сөзіне сенеміз?
Солтүстік өңірлердегі жаппай мал қырғыны жайлы шу толастамай жатып Солтүстік Қазақстан облысында былтыр ғана шетелден әкелінген асыл тұқымды малдар жөнінде тағы бір айқай шықты. Қысқаша қайырсақ, былтыр ғана Австриядан 1 миллион 700 мың евроға сатылып әкелінген 722 бас малдан "аз зерттелген Шмалленберг вирусы" атты ауру табылып, енді түгелдей жойылмақ. Осы мәселе жөнінде былайғы жұртқа түсініксіз жайлар да жетерлік. Мысалы, "Полтавская" серіктестігінің директоры Елтай Закарин қарамағындағы малының ауру екенін ақпарат құралдарынан оқып білгенін айтады. "Малымыздың кеселге ұшырағаны жайлы министрлік бізге бір жапырақ қағаз да берген жоқ" депті өз сұхбатында Е.Закарин. Сондай-ақ, малы дертті деп табылған сол жердегі "Леонов" шаруа қожалығындағы жағдай да тура осындай.
Ауру деген малдардың қаны Ресейдің Владимир және Новосибирск қалаларының арнаулы зертханаларында тексеріліп, Шмалленберг ауруы жоқ деген қорытынды шыққан. Мал сатушы Австрия жағы да осылай дейді. Бір қызығы, "науқасқа ұшыраған" малдар бүгінде қол-аяқтары балғадай төл әкеліп, жайбарақат күйсеп тұрғанын көрдік. Тіпті жаппай қырып тастауға, көзің қимайды. Бірақ ауылшаруашылығы министірі Асылжан Мамытбековтің айтуынша, олар тегіс жойылмақ. Обал-сауапты ойлап жатқан министр жоқ. Мемлекет бюджетінен далаға кеткен есепсіз қаржы шығынын айтпағанда, осы екі шаруашылықтың біржола тұралап, көптеген адамның жұмыссыз қалатыны айқын. Малдан бөлек, техника сатып алуға, мал қораларын жөнге келтіруге, мал азығын дайындауға кеткен қаржы да ұшан-теңіз. Сұрауы жоқ соншама неткен ақша дейсіз де қоясыз. А. Мамытбековтің осы тірлігі миллионер әкенің ақшасын онды-солды шашып жүрген ерке баланың қылығынан айнымайды. Оған әзірше қой дейтін "әкесі" көрінбейді.
Министрдің ауру малдардың Қазақстанға келуіне сатушы елдің ветеринарлық қызметі кінәлі, шығынды мал басын жеткізуші венгрлік компания өтейді дегені бос сөз болып шықты. Венгрия елшілігі оның айтқанын ресми түрде теріске шығарды.
А. Мамытбеков "КазАгро" Ұлттық холдингін басқарып жүрген кезде, бұл саладан хабары бар небір мамандар ауыл шаруашылығын дұрыс жолға қою туралы талай мәрте өз ұсыныстарын айтып және шетелден мал тасу бастамасының нәтижесіз боларын ескерткен. Өкінішке қарай, Мамытбе- ков мырза олардың бірін де құлаққа ілмеді. Санаспаудың соңы сан соқтырды.
.
Бұдан басқа Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданындағы "Мамай" ауылында 2010 жылы АҚШ-тан әкелінген жүздеген бас мал тұр. Енді осы жақтан бір шу шығып жүрмесін деңіз. Оның үстіне ресми емес ақпарат көздерінің айтуынша, миллиардтаған сомаға әкелінген малдарды бір серіктестік болмашы қаржыға меншіктеп алса керек. Өткен күзде біраз шығын болды дегенді де естіп едік. Биылғы көктемде осы малдар үшінші рет төл бермекші. Егер шетел малының пайда әкелетініне көз жеткізгісі келген адам болса, "Мамайдағы" осы малдардың үш жылда берген нәтижесін тексеріп көрсін. Шығыны көп пе, әлде зияны ма? Сонда бәрі ай- қындалады.
2010 жылы шетелден мал тасу "ойыны" басталғанда "Жас Алаш" бірінші болып дабыл қаққан еді. ("Шетелден келген мал шекемізді кыздыра ма, әлде шығынға батыра ма?" №47(15055). Соңынан іле-шала, осы саланың білікті маманы, Алматыдағы Қазақ ұлттық аграр- лық университетінің стандарттау, метрология және сертификаттау кафедрасының профессоры Ағыбай Смағұлов бізбен хабарласып, арнайы сұхбат ұйымдастырған едік. "Аналық малды жаппай басқа елден тасу экономикалық тұрғыдан да, селекциялық-асылдандыру жағынан да өзін-өзі ақтамайды. Бұл - ғылыми түрде дәлелденген нәрсе. Етті іріқара өсірудегі және мал шаруашылығының басқа саласындағы көпжылдық тәжірибе аналық малдан гөрі, шеттен асыл тұқымды еркек мал әкеліп, сол арқылы жергілікті тұқымдарды жетілдіру көп тиімді екенін дәлелдеп берді" деген еді сонда Ағыбай Құсманұлы.
Ең қызығы, осы мақалалардан соң, сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев "Жас Алашқа жауап мақала бергені есімізде. Содан үзінді келтірейік: "Біріншіден, біз өндіріп отырған мал өнімдерінің сапасы төмен, әсіресе, олардың денсаулыққа қауіпсіздігі халықаралық талаптарға сай емес. Екіншіден, бізде мал өнімдері жыл он екі айда біркелкі қарқынмен өндірілмейді, яғни онда үлкен маусымдық ауытқулар байқалады. Себебі мал басының 85 пайызы үй жене қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған, ал ол жерлерде өндіріс технологияларын сақтау арқылы тұрақты түрде жыл бойы сапалы өнім өндіріп, оны нарыққа шығару мүмкін емес екені баршаға мәлім. Яғни, біз осы мәселелерді шешу арқылы мал өнімдері бойынша да экспорттық елге айналуға тиістіміз. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан соңғы уақытта істелініп жатқан істер негізінен осыған бағытталған" – деген Күрішбаев шетелден мал тасымалдауды қолдайтын сыңай білдірген.
Астанадағы агроуниверситеттің ректоры қызметін атқарып жүрген А.Күрішбаев жақында "Интерфакс- Казахстан" агентігіне төмендегідей пікір айтыпты:
- Осыдан екі жыл бұрын "КазАгро" ұлттық холдингі осы шаруаны қолға алғанда, сол кездегі Ауыл шаруашылығы минстрлігінің жетекшілігі мен аграрлық саланың ғалымдары шетелден жаппай мал тасуға қарсы болып едік, - дейді.
Сонда А.Күрішбаевтың өзі басқарған министрлікке қарасты холдингтің басшысына сөзі өтпеген бе? Дегенмен сол кезде АШМ-ның ішкі жағдайынан хабары бар кейбіреулер: "Күрішбаев - шаруашылықтың маманы емес, ол ғылымның адамы. Ал Мамытбеков оны министр ретінде тіпті мойындамайды, себебі оның қолдаушысы күшті" дейтін. Сол сөз рас шығар, әйтпесе, министр өзі қарсы тұрған шаруға сол кезде тоқтау салар еді ғой.
Сараптап қарасақ, еліміздің кең байтақ даласындағы табиғи жайылымдарды тиімді пайдалану және де мал шаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшіру арқылы біздің әлемдік нарыққа мал өнімдерін көптеп шығаратын елдердің қатарына қосылуға толығымен мүмкіншілігіміз бар. Айналамыздағы көршілес елдердің көпшілігі мал өнімдеріне өте мұқтаж және де өздеріндегі ішкі сұранысты қамтамасыз ету мақсатында оларды басқа елдерден әкеледі. Мәселен, Ресей мемлекеті жыл сайын шеттен, негізінен Аргентина мен Бразилиядан 1,5 млн. тоннадай етті сатып алады. Осы жерде көршілес жатқан бізден неге алмайды деген сұрақ туындайды.
Оған жауап - жоғарыда айтқандай еттің маусымдық ауытқулар негізінде тұрақсыз өндірілуі мен төменгі сапасы болып отыр.
Біріншіден, біз өндірілген өнімнің адам денсаулығына қауіпсіздігін халықаралық талаптарға сай қамтамасыз етуіміз керек. Оған тек ветеринариялық-санитарлық талаптарды мал өсірумен қатар оның өнімдерін өңдеу процестерінің барлық кезеңдерінде мүлтіксіз сақтау арқылы ғана қол жеткізуге болады. Соның ішіндегі ең маңыздыларының бірі - малды тек қана мамандандырылған қасапханаларда сою. Себебі, сондай арнайы орындар ғана сапасыз мал өнімдері мен жұқпалы ауруларға тосқауыл қоя алады. Бұл - дүниежүзілік тәжірибе және де мал өнімдерін экспорттаушы елдердің барлығына бірдей берсек, бұл тіпті өзіміздің адамдарымыздың денсаулығын сақтау үшін де өте қажет шара.
Бүгінге дейін бұл мәселеге бізде тиісті көңіл бөлінбей келді. Мал әркімнің өз ауласында сойылғандықтан еті былғанады, яғни сапасы төмендейді. Оның ауру мүшелерін жеген ит-мысықтар, ауруды одан әрі таратады. Ал егер мал ауру болса, ол оны сойған және етін жеген адамдарға жұғады. Сол себептен де мал арасындағы індеттер әлі де тоқтамауда және де олардың адамдарға жұғуы жыл сайын қайталануда. Оның ішінде әсіресе сібір жарасы, туберкулез, бруцеллез, эхинококкоз сияқты аса қауіпті аурулар бар. Осыған нақты дәлел ретінде жуық арадағы Павлодар облысының Жолқұдық ауылындағы адамдардың ауру малдан сібір жарасын жұқтырып, екеуінің қайтыс болғанын айтсақ та жарар.
Достарыңызбен бөлісу: |