«ЖАҚСЫЛЫҚҚА ШӨЛДЕГЕН ЖҮРЕК...»
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы „Отырар кітапханасы” ғылыми орталығының директоры, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Құдакелдіұлы ЖҰРТБАЙМЕН сұхбат.
-Бүгінгі қазақ әдебиеті туралы не айтар едіңіз? Оның даму барысы кеңес дәуірімен салыстырғанда қандай деңгейде деп ойлайсыз?
-Қазіргі қазақ әдебиеті-өзінің сыртқы шапанын сыпырып тастағанымен де, сол кеңес тұсындағы қазақ әдебиетінің бел баласы күйінде қалып отыр. Өйткені бұл күндері қалам қайратын көрсетіп жүрген қабырғалы қаламгерлер де сол мектептен шыққан. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі талап иелері сөз өнерінің табалдырығын енді аттап жатыр. Әзірше олардың қатарынан қазақ әдебиетінің даму деңгейін анықтайтын шығарма жазған талант иесі шыға қойған жоқ. Әдебиеттің бар жүгін көтеріп тұрған да сол сақа сарбаздар. Олардың иығы әлі рухани салмақтан босаған жоқ. Қайта екінші тыныстары ашылып, бұрынғы арманды мақсаттарын орындауға ұмтылып, талантын барынша байсалдандыра түсуге мүмкіндік алды.
Мысалы, осы жылдары Мұхтар Мағауин мүлде жаңа қырынан көрінді. Енді бұл жазушының шығармашылық өмір жолын „Тамыздан соңғы әңгімелеріне” дейінгі Мағауин және „Тамыздан соңғы әңгімелерінен” кейінгі Мағауин деп бөліп қарастыру қажеттігі айдан анық. Өйткені „Тамыз әңгімелері” мен „Одағай әңгімелердің” кейбірінің тақырыбы романның жүгін көтеріп тұр, орындалу әдіс-тәсілдері де, баяндау мәнері де, ішкі ырғақтары да, түрлік құбылтулары да мүлдем өзгеше. Оның «Жармақ» романында қазақ әдебиетінде жетімсіреп қалған сюрреализм де, экзитенциализм де, модернизм де, постмодернизм де, символизм де, авангардизм де, еркін ырғақ пен кеңістік те, сана ағымы да, эсселік сыйпат та бар. Кейде осыншама көріністердің барлығы бір Мұхтар Мағауиннің әңгімесінің бойынан табылып жатады. Бұл туындылардың ең құбылысты құдіреті сол, мұның барлығы әдейі жасалған „әдеби сынақ” емес, тұтасымен құйылып, келісім тауып тұруында. Мүмкін рухани тәуелсіздіктің көркем сөзге берген ерекшелігі осында шығар. Қ.Жұмәділовтің „Дарабоз” романындағы тарихи көркем талдаудың өзі де қазақтың көркем ойлау жүйесіндегі соны нышан. Сондай-ақ, Т.Нұрмағамбетовтің, Ә.Асқардың, Т.Әсемқұловтың, Нұрғали Ораздың, Т.Зәкеннің, Р.Мұқанованың, М.Омарованың шығармаларының деңгейі жоғары, тілі ұтқыр, тіпті күрелі тіркеспен жазса да Д.Амантайдың көркем әлемі оқшау. Поэзиядағы Ж.Бөдештің, Т.Медетбектің, Н.Айттың, Е.Раушанның, Г.Салықбаеваның жаңа қырынан ашылуы елемейтін әдеби құбылыс емес. Ал Т.Шапайдың сыни көркем көзқарасы қандай да бір ойлы да сыншыл талғамға сай. Бұлардың жазушылық көзінің сұғы адам жанының қалтарыстарына тереңдей қадалған. Қаламы кеңес тұсында қағаздың бетіне сенімді түрде батырыла түскен бұларды қай кезеңнің жазушысына жатқызамыз? Сондықтан да уақыт межесімен бөлгенімізбен де бәрі де қазақ әдебиетінің өкілі болып қала береді.
Менің ойымша, уақыт өте келе көркемсөзді бұлай жіктеу жойылады. Өйткені жалпы көркемсөздің заңдылығы, оған қойылатын талаптар, шығармашылық психологиясы өзгермек емес. Тек идеялық, тақырыптық және көркемдік әдіс-тәсілдердің еркіндігі ғана олардың ара жігін ашады. Том-томдап роман жазу, жоспарлы түрде жариялау, ұқыптылықпен насихаттау дәстүрін өмірдің өзі жағаға қақпайлап шығарып тастады. Енді олай жазу келмеске кетті. Оның есесіне жанама оқиға қосып, айтарыңды бұғып, бұқпантайлап емеуірін танытып көлемді көбейтпей, нысаныңды ашық та көркем баяндау мүмкіндігі туды.
Ал шындығына көшсек, қазір қазақ әдебиетінде бір толқын мен екінші толқынның алмасу кезеңі жүріп жатыр. Екі толқын бір-біріне қосылып үлгергенше оның арасында уақытша бос кеңістік қалатыны белгілі. Мәселе сол үзілістің қаншаға созылатындығында. Өнердегі бұл өтпелі құбылысты саралау үшін сыни пікірді қажетсініп отырғанымыз шындық. Бар кілтипанымыз сонда ашылады. Ал оған уақыт та керек.
-Әдебиетімізді одан әрі дамыту үшін не істеу керек?
-Мұның жолы біреу емес, сан тарау. Әдебиет дегеніміз – тал бесіктен бастап жер бесікке дейінгі адамның ой-сезімін шүйкелеу. Ал ұйымдастыра білумен көркем шығарма жазылмайды. Кез-келген шара туындының жазылуына, басталған шығарманың аяқталуына, басылуына себепкерлік жасауы мүмкін. Бірақ әдебиетке тақтақ жол жараспайды. Тіпті зиянын тигізеді. Онсыз да күлдібадамнан құтыла алмай: қайсысы – шын әдебиетке жатады, қайсысы – желікпен жазылды, соны анықтап, араша тілей алмай жүргенде, үлкен науқанға ұрынып, науқасымызды асқындырып алуымыз мүмкін. Менің ойымша, біз ең бастысы осындай өтпелі тұста талғамымызды төмендетіп алмау үшін күресуіміз керек. Егер көркем ой, көркем талғам, оқырман талабы биік болса, басты табысымыз сол болар еді. Ал әдеби шығарманың өтемі деген-өте күрделі, әрі қат та ділгір мәселе. Егер де шығармасының қаламақысы өзін өзі қамтамасыз етуге жетсе, онда бүгінгідей жазушылардың барлығы жалданып жұмыс істегеннен гөрі, шығармашылықпен бірегей айналысуға, ойын еркін игеріп, алаңдамай жұмыс істеуге мүмкіндігі туар еді. Әрі қарай көркем талғамның өзі іріктеп, әдебиеттегі орынын анықтар еді.
Егер де шын зиялы, бәсекеге қабілетті елдің қатарына қосыламыз десек, онда көркем әдебиетті алға шығаруымыз керек. Көркем ойлау жүйесі қалыптаспаған, көркем ойлау дәрежесі өспеген, көркем түйсігі төмен ел – ешқашан да ақыл бәсекесіне шыдай алмайды. Орташа ғана ойлау қабілетіне ие, өзгеге рухани тәуелді, жалтаңкөз, можантопай мүттайым ұлт боп қала береміз. Надандығымызды, рухани тәуелділігімізді, баспақшылдығымызды бұрын біреуден көріп келдік. Ендігі құлдық психологиямызды кімнен көреміз? Әдебиеттің ендігі даму жолы – еліміздің рухани тәуелсіздігі үшін жасаған батыл қадамдарына, ал еліміз, әдебиеттің көркем ойлау дербестігіне, жұртымыздың – көркем талғамын жоғары деңгейде сақтап қалуына ұмтылуына тікелей байланысты. Бұл – қызыл сөз емес. Бұрынғы отар елдердің басынан кешкен сүркілі. Оны жеңе алмаса – бүгінгі өкінішіміз, ертеңгі күннің ертегісі сияқты көрінуі нақты шындық екеніне еш күмәнім жоқ.
-Талант жайлы пікіріңіз қандай?
-Талант пен бейімділікті еш шатастыруға болмайды. Менің түйсінуімше, талант дегеніміз – табиғатқа, қоғамға, өмірге, жеке адамға деген көзқарас. Ол – әлемді дербес қабылдау, дербес түсіну, дербес қорыту қабілетің. Оған жазуға, сызуға, аспапта ойнауға, ән айтуға деген бейімділік қосылғанымен де, таланттың бағы ашылмайды. Бұған қоса аса қуатты құштарлық керек. Сол құштарлық, Абайдың тілімен айтқанда, „ішкі қуат” алға жетелейді. Барлық азапты ұмыттырып жіберетін де сол құштарлық. Яғни, дүниенің қызығынан жалықпау. Кейде мұның өзі атаққұмарлыққа жетелеуі де ғажап емес. Несі бар, талант қуатын ашып жатса, ол да өнер адамына жарасымды қасиет. Ал тек бейімділік пен қабілет-дербес ойлау жүйесі мен құштарлық болмаса, арбаға жегілген өгіз сияқты тым қарапайым, можантопай көрінеді. Ал көркем ойдың қанаты қашан да қалықтап, жерден биік шарықтап жүруі тиіс. Жер бауырлаған таланттарды жұртшылықтың қабылдай бермейтіні сондықтан.
Ал таланттың ашылуы дегеніміз – уақытқа да, ортаға да, талапқа да, талғамға да, өзіңе де байланысты. Мысалы, Талас Әсемқұлов деген өте талантты жазушы, күйші бар. Бір өнерінен екінші өнері басым түседі. Жан-жақты қабілетті. Домбырашы ретінде, бозбала кезінде ауызға ілігіп, көпке танылды да, Байжігіт күйлерінің тартушысы ретінде өз қолтаңбасын қалдырды. Жанғали сияқты озан домбырашылар оны ұстаз тұтады. Ал қазір сол Таластың атағы осы күйшілік өнерімен қалың қауымға танымал деп айта алмаймын. Ол өзінің бұл өнеріне салақсына, тіпті, немкеттілікпен қарайтын сияқты. Қайта қазір құлақ күйге назар сала бастады деп естідім. Ал енді оның сонау отыз жасында жазған „Шымдан” хикаяты мен қырықтың қырқасында жазған „Талтүс” романы қазақ әдебиетінің жетістіктеріне жататын ындынды туындылар. Романдағы Кетбұға күйші туралы толғаныстарды оқығанда қосалқы пернеден алыс сарынды естіп отырғандай боласың. Шығарманың құрылымы әрі қарапайым, әрі күрделі. Тура шегініспен тартылатын күй сияқты. Игерілген тақырыптың өзінен ескі әуеннің сарыны келеді. Алайда, қалай екенін білмеймін, атақ-даңқты былай қойғанда, жай ғана танылған жазушы деген абырой оған қонбай-ақ қойды. Сол танымал деген сөздің өзі соған жараспайтын сияқты. Өзі де сол талантына немкетті қарап, бойын үйретіп алғандай. Ал талант та, қабілет те, өзіндік ойлау жүйесі де ерекше. Әдеби ортада жүрді, „Жұлдыз” сияқты” басылымда істеді. Танылудың барлық мүмкіндігі болды. Мен осындай құбылыстарға қайран қаламын. Соған қарағанда атақ дегеннің өзі жар таңдай білмейтін қыз сияқты көрінеді маған.
Талант демекші, менің қолыма кейінгі бір жылдан бастап „Әлем әдебиеті” деген газет түсе бастады. Әр санын асыға күтемін. Мені әдебиеттің авангардтық өкілдерінің туындыларымен таңдандыра алудың өзі қиындау болар. Бірақ осыны шығарушы және оған қатысқан авторлардың жаңаша көзқарасы, талғамы, таланттары таңдандырады. Өздерінің ұстанған бағыты бар. Сол талғамын қанағаттандыру үшін да газет ашып отырған сияқты. Міне, талант деп, құштарлық деп соларды айту керек.
– Ақын-жазушы кеңес кезінде сөзі өтімді, ықпалы үлкен тұлға болып саналатын. Бүгінде олардың қоғамдағы орны әлсіреп кеткен сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
– Шын талант иесі қашанда тұлға болып қалыптасады. Оған кез-келген ұлт үнемі мұқтаж. Рас кеңес тұсында идеологияға қатты көңіл бөлінді. Соғыс та, тың көтеру де, халық жауын әшкерелеу де идеология арқылы жүзеге асты. Ал идеологияның қаруы – сөз. Сөз иесіне бедел керек. Сондықтан жазушыларды жұрттың көз алдында ұстады. Екіншіден, оларды шашыратпай үнемі назарда ұстау үшін күшті бірлестік құрды. Қаржылай ынталандыру жолға қойылды. Белгілі бір жүйеге қызмет еткен тұлғалар даярланды. Сол арқылы қоғамға-санаға әсер етті. Ал тәуелсіздік алған соң бұл жүйе ыдырап, бет-бетімен кетті. Еркін сөз билік жүйесіне кедергі жасады. Сондықтан да олардың басын біріктіруі қауіпті еді. Ел мен жазушының екі арасы алшақтады. Соның нәтижесінде жалпы мәдениетке, әдебиетке кері әсерін тигізді. Тіліміз болса тоқырауға ұшырады. Қазір Қытай мен Ресей өз тілдерін насихаттайтын тұрақты бағдарламаларды іске қосты. Соның ішінде көркем әдебиетті алға шығарды. Түптің түбінде біздің жазушыларға да сондай қажеттілік туады. Онсыз ұлттың мәйегі ұйымайды. Екіншіден мұны өтпелі кезеңдегі заңды құбылыс деп ойлаймын. Ал енді қолға алынбаса, ол ұлтты тоқырауға, тұйыққа алып келеді. Сол тұйықтың тоспасы қазірдің өзінде көрініп қалды.
– Сізді жұртшылық көбінесе сыншы ретінде біледі. Қазір сынмен айналысасыз ба, әлде әңгіме жазасыз ба, жалпы шығармашылық жұмысты, дәлірек айтқанда жазуды ұмытқан жоқсыз ба?
– Сын – жеке шығарма, жеке тұлға, жеке құбылыс туралы көзқарас. Кез- келген жас талант өзінің шығармашылық жолын өлең жазумен, сын жазумен бастайды. Мұның өнер жөнінде көзқарасыңды, ұстанымыңды, ой орнықтылығын қалыптастыруда және дамытуда алатын орны зор. Менің алғашқы екі кітабым өлеңдер жинағы болды. Содан прозаға, одан деректі прозаға, одан сынға, одан ғылымға ауыстым. Мұнда белгілі бір заңдылық та, кездейсоқтық та бар. Алайда қазірге дейін жарық көрген 25-тен астам кітаптың дені жеке тұлғалар арқылы өзімнің көзқарасымды білдірген тұлғалық эсселер екен. Демек сыни көзқарастың маған септігі тигендігі. Соңғы жылдары «Ұраным-Алаш!..» атты үш кітаптан тұратын түрме әфсаналары және мен тікелей құрастырып, жетекшілік еткен «Қазақ қолжазбалары» атты 10 томдықтың 4 томы шығыпты. Осыған қарағанда өзімді қол қусырып жүрмін немесе жазуды ұмыттым деуіме еш себеп жоқ сияқты. Әрине, көркем шығарма жазу арманым. Бірақ енді кеш. Сондықтан да өмірбаяндық эсселерге тиянақтағаным заңды болар деп ойлаймын.
-„Отырар кітапханасы” қашан және не мақсатта құрылды? Ол ежелгі Отырар кітапханасының орнын баса алды ма, кітап қоры қанша? Онда қандай шаралар өткізіледі?
- „Отырар кітапханасы” ғылыми орталығының құрылғанына биыл 10 жыл. Оның негізгі мақсаты – еліміздің астанасын қасиеттендіру, мәдени ошақтармен қамтамасыз ету, Қазақстанның тарихына қатысты деректерді бір орталыққа жинастыру, сөйтіп, Еуразия университетінің оқытушылары мен студенттерін қатыстыра отырып сол сирек ғылыми деректерді аударып, жинақ етіп шығару арқылы ғылыми айналымға түсіру. Кітап және жазу мұражайын ашу. Мен келген кезде ғылыми қолжазбалар түгіл қазақ кітаптарының өзі төрт-ақ пайызды құрайтын. Оның өзі кейінгі он жылда жинақталған әдебиеттер еді. Ең алдымен соның есесін толтыру қажеттігі туды. Сондықтан да қазақтың белгілі ғалымдары мен жазушыларының кітапханаларын ұйымдастыруды қолға алдық. Соның нәтижесінде Ә.Марғұланның, С.Бегалиннің, М.Қаратаевтың, Т.Кәкішевтің, Р. Сыздықова мен О.Нұрмағамбетованың, С.Қирабаев пен Ә.Бейсенованың, К.Ақышевтің, А. Сейдімбектің кітапхана қорлары ашылды. Бұл осы саладағы кітап қорының жинақталуына үлкен ықпал жасады. Сондай-ақ „Жазу тарихы мұражайы”, Л.Н.Гумилевтің, Ә.Марғұланның, К.Ақышевтің мұражай-кітапханалары да оқырмандарға есігін айқара ашты. Қазір ғылыми орталықтың қорында 40 мыңнан астам сирек қолжазбалар мен кітаптар бар.
Тек қана кітапхана емес, ғылыми орталық деп аталуының өзінде үлкен мән бар. Оқырмандарға қызмет көрсете отырып, ғылыми жұмыспен де айналысамыз. Сирек қолжазбалар мен кітап қорының ішінде ғылыми зерттеу бөлімі, қолжазбалар бөлімі және кітаптану бөлімі бар. Мұнда академиктер мен профессорлар, ғылым докторлары мен кандидаттар, аудармашылар жұмыс істейді. Солардың еңбегінің нәтижесінде ғылыми орталық соңғы 10 жылдың ішінде бұрын ғылыми айналымға түспеген немесе басылмаған 71 кітапты оқырмандар назарына ұсыныпты. „Жетінші қазына” атты дастандар жинағындағы оқиғалар хұн заманынан бастап кешегі қуғын-сүргін кезеңіндегі қасіреттерді жырға қосады. Зар заман әдебиетінің соңғы тегеуірінді өкілі Нарманбеттің де жырлары жеке жинақ болып шықты. Орыс зерттеушілері „даланың ұлы жыршысы” деп баға берген, ал қазақтар үшін мүлдем беймағлұм болып келген соқыр ақын Ноғайбайдың бір томдығын дайындадық. Біз өзіміздегі кітапхана қорлары бар қайраткерлердің де шығармашылығын назарда ұстаймыз. Мысалы, Қ.Мұхамедхановтың 9 томдық еңбегі жарық көрді. С.Бегалиннің 7 томдығын жариялауды аяқтадық. Кәрібай Таңатарұлы сияқты трагедиялық тұлғалардың бір томдығы баспадан шықты. Алаш қайраткерлерінің түрмедегі тағдыры жөнінде 3 томдық деректер жинағы әзір. С. Кенжеахметовтің қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, дастарханы туралы жазылған 3 томдық еңбегі қазір „бестлерге” айналып кетті. Ақмолалық, марқұм Х.Тәкежановтың осы өңірдің тұрмысы негізінде жазылған, ешқайда басылмаған „Қазақтың салт-дәстүрі” атты еңбегінің маңызы зор. Әттең, оған ешкім назар аударып, пікір білдірмеді. Енді қытай, араб, парсы тілдеріндегі қазақ тарихына қатысты көне қолжазбалардың каталогін жасап, солардың негізінде жинақ шығарсақ па деген ой да бар. Қазақ мәдениетіне қатысты біздің жыл қайыруымыздан бұрынғы Х ғасырдан бастап ХХ ғасырға дейінгі аралықтағы көне әфсаналарымызды, әдеби, жазба үлгілерді жинақтап, 10 том етіп оқырмандар назарына ұсынуды қолға алдық. Биыл алғашқы 4 томы шықты. Міне, мұның өзі де үлкен табыс. Биылдың өзінде бұрын ешқайда жарияланбаған 5 жинақты баспаға ұсынсақ деп отырмыз.
Ғылыми орталыққа арналған жаңа кітапхана ғимаратын салу ісі жыл сайын кейінге ысырылып келеді. Бұл жүзеге асса біздің мүмкіндігімізді бұрынғыдан да молайта түседі. Қазірдің өзінде бізде кітап алмасу жиілігі өте жоғары. Біз қаншама жоғары нәтижеге жеткенімізбен де ежелгі Отырар кітапханасының орыны ешқашанда толмайды. Өйткені бір жоқтың орынын екінші жоқ толтыра алмайды. Ғылыми орталық заман талабына сай жаңа бағыттағы ғылым ошағы болуға ұмтылып отыр. Алла ісімізді оңғарса, бізді әлі талай жетістіктердің күтіп тұрғаны анық.
– Әдебиет – ардың ісі. Бұл көптен бері айтылып келе жатқан пікір. Өкінішке орай қазір жазғыштар көбейіп кеткен сияқты. Соларға қалай тосқауыл қоюға болады?
– Арымен ойнап жүрген таланттар бұрын да болған. Қазір де бар. Келешекте де болады. Таланттың басты белгісі-өзінше көркем ойлау қабілетінің болуы және оны жүйелей білу парасатына ие болу. Өзгеге не айтқың келді, өзгеден қалай асырып айттың, ұлт үшін қандай рухани жаңалық әкелдің? Осыны саралау. Өкінішке орай өзінің көргенін көпсініп, білгенін бәлсініп, соны кітап етіп шығаруға құлшынатындар, тіпті сол жолға құныға түсіп алғандар да бар. Өзінің ақшасына сеніп дүние жүзін шарлап шыққанын жұртқа көрсету үшін арнайы журнал шығарып отырғандар да бар. Араласын. Көрсін. Жазсын. Бірақ соны, Абай айтқандай, „Өзімде бармен көзге ұрып, өзгеден артылам деу” үшін емес, еліме не үлгі беремін деп шығарса ғой, сонда үлкен мазмұнға ие болар еді. Оны ешкім сөкпес еді. Қазіргі дарақылығымызда шек жоқ. Сондықтан да күлдібадамға тосқауыл қою үшін күрескенше, өзіңнің тиісті жұмысыңды атқарып, жүйкеңді тоздырмағаның жөн-ау деймін.
– Еліміздегі кітап шығарудың жайы қалай? Шығып жатқан кітаптар төңірегіндегі ойыңызды ортаға салсаңыз?
– Қазіргі ең үлкен кілтипан – баспа мен оқырман, жазушы арасындағы байланыстың үзіліп қалуы. Соны қалпына келтіруге тырысып отырған баспа орындары шамалы. Үкіметтің тапсырысы бар. Сол қаражатты игердік дейді. Оның нәтижесін кітапхана мен кітап дүкендерінің сөресінен көрмейсің. „Мәдени мұра” бағдарламасымен өте қажетті де маңызды басылымдар жүзеге асты. Ал оны қай сөреден көрдіңіз? Бұл мәселені жолға қоймай мәдениетті өсіремін деу далбасалық. Жақсы кітаптар баршылық. Тек соларды өзгеден бөліп, саралап, оқырмандардың назарын аудару қажет.
– Әдебиетшілердің, ақын-жазушылардың ынтымағы туралы не айта аласыз? Ара-тұра баспасөз беттерінен өзіміз мақтан тұтып жүрген бетке ұстар ағаларымыздың бірін-бірі жамандап-ғайбаттаған сөздерін оқып таң қаласың. Бұл көре алмаушылық па, қызғаныш па, әлде пендешілік пе?
– Үшеуі де бар. Десем де мұның түбінде – бір-бірін мойынсынбаушылық, шыдамсыздық, ұзақ жылдардан бері созылған сыз және жанды жеріне тиіп кеткендегі ашыну бар. Сондай-ақ өзімшілдік те бар. Мұндай айтыстар бұрынғы кеңес республикаларының бәрінде де орын алған. Қазір де тыныштала қойған жоқ шығар. Орыс, Еуропа әдебиеттері де мұны басынан кешкен. Тургенев пен Достоевский, Достоевский мен Толстой, Пушкин мен Булганин ... Айтыс-тартыстар қазақ әдебиетінің тарихынан да орын алған. Сәкен мен Нәзірдің айтысын алыңыз. Ал Золяның бүкіл француз сотымен соттасып жеңгенін білеміз. Бірақ олар қоғамды айыптау үшін соттасты. Бізде...басқаша. Жалпы пікірталас - өнер сынының бір жанры. Оны әсірелеп те қабылдауға болмайды, ескермей кетуге тағы да келмейді.
Негізінен алғанда көзқарас үшін пікір таластырғандарды айыптамаймын. Ол оқырманға да, қоғамға да керек. Тек мәдениетті түрде айтыса білу де өнер. „Дулыға” мен „Бесігіңді түзе!..” атты еңбектерімнің мазмұнын орысшалатып, кісі жалдап жаздырып, кітап етіп шығарғандарды менің де сынап жазып, сотқа бергім келді. Ұятсыздықтары сондай, 13 жерден сөзбе сөз көшіріп отырып, менің жазғанымды мазмұндап шығып, ең болмаса, сілтеме жасамайды. Оны жазған адамның өзі қазақша білмейді. Сонда деректерді қайдан алды? Қазақ әдебиетіне жаны ашығансып жалдамалы іздеп жүрген жалдап кінәлі ме, жоқ, біле тұрып ақшасын төлеп, асты-үстіне түсіп көпірте насихаттаған көбікауыз кінәлі ме? Ары ойлап, бері ойлап: жазасын Алла берсін,-деп қалыс қалдым. Міне, айтыс-тартыс осындай ашынудан туындайды. Үшіншіден, біреудің еңбегін оқып, біліп, іштей мойындай отырып соны қасақана назарға ілмеушілік әдеті бар бізде. Сондай қыстығуды көрген талант иесі бір күні ызадан жарылып кетіп, бар уытын өзінің туындысына төгеді. Оның кермек татып тұратыны рас, бірақ ащы да болса шындық.
– Жақсылық жайлы түсінігіңіз қалай? Сізге кімдер жақсылық жасады? Шығармашылық өсуіңізге, өмірдің қиын сәтіндегі қысылыстардан шығуға кімдер қол үшін берді? Өзіңіз кімдерге жақсылық жасадыңыз?
– Бір адамның ғұмырлық мақсаты мен өмір жолын қамтитын кең сұрақ екен. Қазып айтуға уақыт тапшы. Айтпауға ар аманаты жібермейді. Жалпы алғанда, жақсылыққа жарымаған адамнан жазушы шықпайды. Менің өз жеке басымды алсам, өзімнің үстімнен арыз жазған ағайындарға да өкпе сақтамаймын. Сын бөлімінде 11 жыл жұмыс істеген адам үшін кез-келген әккі таланттың бір қапысын табатындай мүмкіндігі болады. Көзінше айтып, мінез көрсетсем, көрсеткен шығармын. Еруліге қарулы қайтарған емеспін. Көбі қыздырмалы қызыл сөзге құрылып, менің жеке басыма деген жеккөрініштен туса да, солардың пікірінде түймедей болса да шындық жатады. Соны екшеп, өзіңе ой қорытасың. Сені ойландыруға мүмкіндік бергенінің өзі жақсылық емес пе?
Ал шындығына көшсек, менің осы жарық дүниеге келгеннен бергі басты жұбанышым – адамдардың маған істеген жақсылықтары болды. Мені жардан итеріп жіберуге мүмкіндігі бола тұра, өзін-өзі ұстаған адамдарға деген ықыласым да зор. Дегенмен де өмірдің диірмені кейде қатты жаншып жібергенде көптеген игі әсерлердің елеске айналып, ұмытылып кететіні бар. Әдебиеттегі алғашқы тұсауымды кескен О.Бөкейдің, Р.Нұрғалидың, С.Мұратбековтің, Б.Тілегеновтің, К.Сегізбаевтің, ұстаздарым Х.Бекхожиннің, С.Қирабаевтің, марқұм Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың менің әдеби-ғылыми тағдырыма ықпалы ерекше болды. Кіші деп емес, кісі деп қарап сенім білдіріп қиын жұмыстарға салған, өгейсітпей еркелеткен Ә.Әбішев, О.Сүлейменов, Қ.Ысқақов, Ә.Тарази, М.Мағауин, Т.Ибрагимов, А.Сейдімбек, Қ.Салғара, С.Әшімбаев, Ж.Әбдірәшев сияқты ағалардың алақанының жылуы қолымда. Соның ішінде ең бастысы Астанада төрт жыл үйсіз жүргенде баспана алып берген Иманғали Тасмағамбетовтің жақсылығын қалай ұмытуға болады. Ал достарымнан менің жолым болды. Олардың өзі бір әлем. Жастайымнан тәрибиелеп ер жеткізген туған апайым Айымханның жан жылуы бүкіл өмірімнің жұбанышы болды. Әттең, арманына енді жете бергенде үміт жібі үзіліп кетті. Шеше орнына тәрбие берген Түбітқан апайым, әкемнің орнында жүріп сесімен еркелете білген ағайым Нұрғазы мен Сәметтің жақсылығын әлі де талай көремін деп ойлаймын. Солардың дені сау, аман-есен жүргенінің өзі маған істеген жақсылықтары деп есептеймін. Дәл қазір бұл адамдардың аттарының барлығы жай ғана тізім сияқты көрінгенімен, оның астарында үлкен тағдырлы жақсылықтар, жан жылытар жанашырлықтар жатыр. Орайы келгенде арнайы тоқталатын ұмытылмас айшықты мезеттер олар.
Мен жанымның жабыққанын жанарымнан танып, түсінген адамдардың барлығын да жанымның жанашыры, жақсылықтың бейнесі деп білемін. Үйден қиналып жүргенімде қабырғалары қайысып, қабақтары қиылып кететін Қойшығара ағайым мен журналист қарындасым Лазиза Имашеваны жақсылықтың қарлығаштары деп білемін. Мінсіз таза қуаныш деген сондай-ақ болар.
Ал мен кімге жақсылық жасадым? – дегенге келетін болсақ, мұның жауабын өзгелер беруге тиісті сияқты. Менің өмірлік ұстанымым: игілікке жарайтын бар нәрсе – барлық адамдарда болса екен. Болмасын – деген адам оңбасын – деген мәтел. Өзгелердің тілеуін тілеп жүруімнің өзі – жақсылық шығар. Мінезі құрғырдың кейде шарасынан асып кететіні болмаса, адам баласына қараулық істемек түгіл, ол туралы ойлаған да емеспін деп кесіп-пішіп айта аламын. Тек Тайыр ақынның:
Жан сүйер сөз саулықта,
Айтыла бермейді екен ғой.
Жандарыңды жай уақта,
Азырақ ұққан екем ғой,-
деген өлеңі жиі еске оралады. Біз қаншама адамнан жақсылық күтіп жүрміз, бізден қаншама адамдар жақсылық күтеді. Соның бәрі де орындалса екен. Сонда ғана жақсылыққа шөлдеген жүректің сусыны бір қанатын шығар.
– Үлгі тұтар ұстаздарыңыз бар ма? Сіз оларды не үшін өнеге тұтасыз?
– Ұстазсыз менің өмірім тұл болар еді. Әр адам өзінің бойындағы әр қасиетін мақтан етеді. Ал мен ұстаздарымды мақтан тұтамын және ұстаздардан жолым болды деп есептеймін. Өмір-ұстаз қатал қарады дегенмен де, сол өкініштердің есесін ұстаздарымның мейірі толтырып отырды. Ең бірінші бойыма оқуға деген құштарлықты оятқан Жәңгір, Жәмилә, Исабек, Сағынтай, Тәуірбек сияқты мектептегі ұстаздарыма алғысым мол. Солардың тәлімі арқасында бағыт-бағдарымды анықтап, кітапқа деген мәңгілік аңсарды бойыма сіңірдім. Мысалы, Сағынтай мұғалімнен мектепте алған тарихи дәрістерімнің арқасында кейін КПСС тарихынан бастап диамат пен исматтан да қиналмай емтихан тапсырып жүрдім. Өйткені ол кісі маған тарихи ойлау, түйсіну, ой қорыту жүйесін үйретті. Қазіргі менің тарихи тақырыптарға ден қойып жүргенім де соның нәтижесі. Ал университетте маған Рымғали Нұрғали мен Мәлік Ғабдуллиннің ықпалы ерекше болды. Қазақтың тұңғыш журналист-профессоры Хайыржан Бекхожиннің маған жасаған ұстаздық тәлімі және оның кейінгі шығармашылық тағдырыма жасаған әсері ұмытылмақ емес. Рымғали аға Сапарғали Бегалин мен Сәду Машақовтың үйінде сақтаулы тұрған Ақаңның, Міржақыптың, Мағжанның, Жүсіпбектің шығармаларын алып келіп, үйінде қондыра жатып оқытатын. Майталман қаламгер Жанболат Әуіпбаев, ақын Несіпбек Айтов, Жүрсін Ерманов, журналистер Құрманғазы Бексайынов, Айтуған Шәйімов, Нұрқасым Әмірғалиев бәріміз араб тілінен тіл жаттықтыру үшін ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөліміне барып, „Қазақ”, „Айқап”, „Ақ жол”, „Таң”, „Шолпан” сияқты басылымдарды оқитынбыз. Х.Бекхожиннің жетекшілігімен „Айқап” журналындағы «публицистика” деген тақырыпта курс жұмысын орындадым. Ол студенттердің олимпиадасында бәйге алды.
1970 жылы екінші курстың басында „Ақбас бура” (Несіпбектің қойған аты) – Х.Бекхожин мені оңаша шақырды. Әңгіме қысқаша алғанда былай өрбіді:
– Сен ақынсың ба? Өлең жазасың ба?
– Иә. Сол өлеңнің арқасында оқуға түстім емес пе. Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев, сіз үшеуіңіз іздеп жүріп шығармадан әрең үш қойдырдыңыздар ғой.
– Ой, ол қателесіп кеткендіктен. Біз бес қойдырамыз деп іздеткеміз. Жалпы ақындар ақымақ келеді. Ақымақ болма. Ана Қалижан мен Сырбайды білесің бе? Менің інілерім. Екеуі де ақымақ. Жә, қиқақты қой. Сен маған шәкірт боласың ба?
– Оқып жатырмыз ғой енді.
– Шын айтамын. Менің қарыздар ұстаздарым бар еді. Солар ұмытылып барады. Ұмытылмайтын қасиетті адамдар. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов...
-Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышбаев деген бе?
-Әй, оларды былай жеңіл атауға болмайды. Бұрын бір шәкірт (Захан Тамшыбаев, қазір Қызылжарда – Т.Ж.) тәрбиелегем. Ол қазір баспасөзден алыстап кетті. Енді солардың мұрасының жатқан жерін саған көрсетем. Бәрін оқисың. Шартым дымыңды шығармайсың. Күндері туады олардың. Келістік пе. Ендеше жүр,-деп әуелі Тауман Амандосовқа, Темірбек Қожакеевке апарып: -Мына балада жұмыстарың болмасын. Сендердің лекцияларыңсыз да жұмысы көп, –деді. Қожакеев сөйлей беріп еді, таяғын көтергенде: – Қойдық енді, қойдық,– деп, өтірік қорыққансыды. Сол бетімен университеттің ректоры Ө.Жолдасбековке алып барды. Табан астында оған ұлттық кітапхананың сирек қорлар бөліміне қатынас жаздырды. Сол бетімізбен кітапханаға келдік. Ол кісі бірден арнайы құпия бөлімге тартты. Бір кезде өжет әйел (М.Ақынжановтың қызы, қазақтың алғашқы ғылым кандидаттарының бірі Е.Масановтың әйелі Сәуле апай екен) шығып екеуі қатты қалжыңдасты. Соңында:-Әнеукүнгі айтқан балам мынау, – деп мені көрсетті. Сәуле апай лезде бойын жиып алып: -Қарағым, жаңағы есікті аш та басыңды көрсет. Содан кейін сирек қорға барып отыр. Кітапты өзім апарып беремін,-деді. Барып отырдым. Апай өзгелермен амандасқан болып жүрді де менің алдыма бір кітапты қоя салды. Оның ішінде Әлихан Бөкейхановтың қазақтар туралы мақаласы бар екен. Шығарда столдың үстіне қойып, тағы да басымды қылтиттым. Кітапты өзі алып кетті. Қойшы, сонымен келесі көктемде апай: -Ана шалға барып айт. Мұндағы материалдар бітті. Шампанын дұрыстап қойсын де,-деді. Хайрекең „Қарлығаш” кафесіне алып барып менен емтихан алды. -Енді тыныш жүр,-деді. Содан диплом қорғайтын кез келді. „Қазақ” газеті туралы дайындығым күшті. Қиналмадым. Жазып тастадым. Қорғауға он күн қалғанда кафедраға бардым. „Ақбас бурам” алдымнан шыға келді. Меймана сөйлесіп ішке кірдік. Өзімсіне: - Рецензияңызды қашан жазып бересіз? - деп едім жалт қарап: - Өй, сенің тақырыбыңды кім бекітті, не туралы, жетекшің кім? - демесі бар ма. Мен де қитыға қалып: «-Жетекшім професор Хайыржан Бекхожин. Тақырыбым „Қазақ” газетінің шығу тарихы...»,-дей бергенімде иегі кемсеңдеп, көзі ақшиып, қолындағы таяғын көтере бергенде...мен де есікке ұмтылдым. Таяқ та ұшып келеді маған. Таяқпен қоса „Сатқын – подлец! Уәде қайда”- деген қырылдаңқы дауыс та жетті. Есікті жауып үлгеріп, қабырғаға сүйене қалдым. „Өзімнің рұқсатымсыз Алашқа жолама”, -деп сөз алғаны есіме түсті. Ал мен тақырыпты да, жетекшіні де өзім „бекітіп” кафедрадан өткізіп жібергем. Енді не істеймін. Сәтін салғанда әлгі қабырғада диплом тақырыптарының тізімі тұр екен. Қарап жіберсем, „Сырбай Мәуленов – публицист” деген тақырыпты ешкім алмапты. Есікті қайтара аштым да: "Қателесіппін. Сырбай Мәуленов– публицист” деген тақырып екен!»- дедім. Күліп жіберді де: - Ә, солай ма. Ол ана Қалижан екеуі ақын ғой. Менің інілерім. Ақындар ақымақ келеді (Баяғы сөзін сөзбе сөз қайталады). Бірақ қазір ол Бас редактор. Сен барып жолығып кітаптарын сұрап ал да, тездетіп жаз. Қазір бар,-деді. Сырағаңа кірдім. Жөнімді айттым. – Бала! Мына алақанды көрдің бе, бүгілмейді. Сондықтан мен қалам ұстамаймын. Менде айғырдай кісінеген пәленбай ұл бар. Соларды асыру үшін таңертең „Қаламгерден” 150 грамм коньякты тартып аламын да ана есік алдындағы әйелге диктауайт етемін. Оның бар құпиясы осы. Ал жетекшің кім?- деді. – Професор Хайыржан Бекхожин!- дей бергенімде орнынан атып тұрды да алдындағы қағаздарын жиыстырып: - Болды, бала. Болды. Ендігісін сол Хайрекеңнің өзі бітіреді. Бар, бар,- деп мені кабинеттен жетелегендей етіп шығарып жіберді. Қап, мені өзі жек көретін адамға жібергені несі – деп шағыну үшін кафедраға қайта келсем отыр екен. - Мұныңыз не, мені жек көретін адамыңызға жұмсап. Кабинетінен қуып шықты. „Қазақ” газетінен қорғаймын - деп бұртия бергенімде есіктен қолтығында „кулогы” бар Сырбай Мәуленов: - Арысым-оу, алашым-оу! Арыстарымның көзі-ау сол. Біз сияқты ақымақтарды да адам қатарына қосыпсыз ғой. Жаңа бір бала келді. Дипломын қойшы, Сіздің назарыңызда ұстағаныңыз қаншалық – деп кулогын ашып ішінен коньяк пен бәлішті шығара бастады. Өзі ашып жатып маған бір қарап қойып, ишара жасады. Ақбас бура мәз. Хайрекеңді қасиет тұтатынына риза болып жаңа тақырыпты қалай жазып шыққанымды өзім де білей қалдым. Кейін бұл білімім іске асты. Жоғарыдағы жайдан хабары бар Олжас Сүлейменов маған Алаш ардагерлерін ақтау туралы мәселе көтеруге тапсырма берді. 1987 жылы Жоғары Сотта олардың шығармаларына пікір білдіретін әдеби кеңесші болдым. Араға жыл салып барып арнайы комиссия құрылды. Ал арыстан ақын Қалижан Бекхожин менің осы әңгімемді естігеннен кейін көз жасына ерік беріп жылап алды да: - Хайрекеңнің көзі деп саған сәлем беріп тұрамын, – деді. Шындығында да мені көргенде тырпылдай басып қолын ұсына жүгірген болады. Өзім жүгіріп барсам ұрсады: -Сәлемді саған емес, Хайрекеме беріп тұрмын,–деп. Кейін бой үйреніп алған соң: -Неге сәлем беріп тұрмайсыз,– дейтін де болдық. Міне, менің ұстаздарымның тәлімі. Осы айтылған оқиғада тәлім де, тәрбие де, білім де, ұстаздық қамқорлық та бар. Қазір осы тізімге Серік Қирабаев қосылды. Ол адамға алғысым да мол, еркелігім де көп. Ұстазсыз менің өмірім тұл дейтінім де сондықтан.
Сұхбатты жүргізген Есенгелді СҮЙІНОВ.
//Есіл газеті. -№8-9 – тамыз-қыркүйек 2011 жыл. – 2-4 бет.
Достарыңызбен бөлісу: |