Тұрсын ЖҰртбай, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, ф.ғ. д., проф



Дата13.06.2016
өлшемі88.61 Kb.
#131637
«ҚАТИРАЛАР» ҚҰПИЯСЫ

Тұрсын ЖҰРТБАЙ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, ф.ғ.д., проф.

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы түркі бірлігі идеясының, оның ішінде «Алаш» идеясының қалыптасуы әлі де толық зерттелген жоқ. Бұл біздің саяси ойлау қабілетімізді мүлдем жаңа деңгейге шығарған сана құбылысы. Осы реттен алғанда қоғам қайраткері, оқымысты, тәуелсіз Башқортстан үкіметінің (1918-1919) төрағасы Заки Валидовтің «Қатиралары» (Естеліктері) қазақ идеясының қалыптасуына тікелей қатысы бар құнды руханият мұрасы болып табылады. Мұнда «Алашорда» үкіметіне қатысты көмескі қалған қатерлі күндердің деректері барынша пайымды және нақты баяндалады. Бұл «Естелікте» құпия тарихи оқиғаларды түсінуге жол ашатын астарлы тағдыр таңбалары бар. Өйткені кеңес өкіметінің идеологтары мен тарихшылары Башқұрт пен «Алашорда» үкіметінің тарихын бұрмалап, мән-маңызын өшіріп, жеккөрінішті етіп көрсеткені сондай, бостандыққа ұмтылған бодан ұлттардың азаттық күресі мен азаматтық тұлғалары қақында еске алатын ақылға сиымды, шындыққа негізделген саяси тұжырым мен пікір жоқтың қасы. Тіпті қазіргі тәуелсіздік тұсында да қазақ тарихшылары «Алашорданың» кеңес өкіметі жағына шығуының психологиялық қысымдарын толық талдап бере алмай келеді.

Өкінішке орай сол тұстағы булығу мен буырқаныстың ішкі иірімдері жөнінде жазылып қалған естелік те кездеспейді. Тек алаш ардагерлерінің түрме тергеушілеріне берген түсініктемелері, сұраққа жауаптары, көрсетінділері, «салпаңқұлақтар» мен үндеместердің домалақ арызы сақталған. Ал бұлар өткен тарихи оқиға туралы нақты шындықты, пайымды көзқарасты бермейді. Өйткені тұтқындағылар өзін де, өзгені де ұстап бермес үшін жалтарып, сылтау араластырып, мойындаудан бас тарта жауап берген. Бұл астыртын саяси ұйымда жұмыс істегендер үшін жазылмаған заң. Ал «Алашорда» үкіметінің мүшелері эмиграцияға кетуге өздеріне-өздері тиым салған: «Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс» - деп шешкен. Сондықтан да өмірбаяндық естелік жазуға мүмкіндіктері болмады. Оның орынын өзге бір «Тар жол, тайғақ кешулер» толтырды. Сондықтан да «Алашорданың» басына бұлт үйірілгенде қайғы-қасіретті, қуаныш-үмітті, амалды-амалсыз булығуларды бірге өткізген башқұрт азаткері Заки Валидовтің «Қатиралары» сол кезең туралы барынша тиянақты, ықтиятты түрде жазылған еңбектің қатарына жатады. Өйткені бұл естеліктер «Алашорда» тарихы үшін де маңызды.

Заки Валиди (Валидов) Тоған (1891–1970) башқұрттың суықлы қай-оңғұт-уақ тайпаларының құрамасынан шыққан, нағашысы қыпшақ. Қидандардың (кедендердің) тұсында Башқұрт (Бас бөрі) ұрандас жұртпен анда болған. Арғы аталары Күшік сұлтанның тұсында Көшім ханмен бірге орыс отаршылдарына қарсы соғысқан. Атасы Уәлид молла, әкесі Ахметшах медресе ұстаған дінбасы, патша армиясында әскери қызметін өтеген. Арабша, парсыша, орысша сауатты, сирек қолжазбалар мен кітаптарды жинаған және оларды аударған оқымысты әрі ауқатты адамдар болған. Шешесі Уммульхаят та араб, парсы қолжазбаларын таратып оқитын абыстай екен. Маржани мектебінің шәкірті Заки де жасынан руханит тарихына құштар, нақшбандия пәлсафасының ықпалымен тәрбиеленген, араб, парсы, шағатай, орыс жазба тілін еркін меңгеріп өседі, сондықтан да ғұламалық жолды таңдайды. «Қасымия» медресесінде түркі тарихынан дәріс береді. Тарихи тақырыптағы ғылыми зерттеулері тұрақты жариялана бастайды. Түрік халықтары мен мұсылман жұртының отарлау тарихын зерттей келе саяси көзқарасы қалыптасады. Қазан университетінің еркін тыңдаушысы бола жүріп, 1911 жылы «Түріктер мен татар тарихы» атты зерттеу еңбегін жариялайды. Алғашында башқұрт тілінде басылған бұл еңбек түркі зиялыларының арасында үлкен қоғамдық пікір туғызды. Ол, сөйтіп, исі түркі қауымына алғаш рет ғалым ретінде танылды. З.Валидов бұл еңбегінде мұқым түркі жұртының тумысын тұтас алып, ортақ тарих ретінде қарастырды.

1913-1914 жылдары көне қолжазбаларды іздестіріп Түркістанға ғылыми-іздестіру экспедициясына шығып, Ташкенттегі, Самарқандағы, Бұқарадағы, Ферғана ойпатындағы және Душанбедегі көне медреселерден сирек мұрағаттарды тауып, жеке адамдардың қолындағы жазбалармен де танысып, ғылыми айналымға түсіреді. Сол сапарда болашақ саяси әріптестерімен де, қарсыластарымен де танысты. Қазақ хандарының тұқымы Ғалиасқар және Сәлімгерей Жантөриндердің 1905-1907 жылдар арасындағы саяси қозғалыс тұсында жарияланған «Аймақтық автономия» туралы кітапшасы оның болашақ саяси бағдарламасын анықтап береді. Сөйтіп, Заки Валидовтің екпінді саяси өмірі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көсемдерінің ықпалымен басталады. Сонымен қатар империяның бұратана бодан елдерге жүргізіп отырған зымиян саясатын түсіндірген ұстаздарының да рухани жан айқайы оның ұлттық көзқарасын қалыптастыруға негіз қалайды. 1912 жылы Қазан университетінің тарих және археология қоғамының төрағасы, атақты профессор Катанов шәкіртіне:



«Монғолдар мен шығыс түріктерінің ішінен шығыстану жолына үш-ақ адам түстік – Доржи Банзаров, Шоқан Уәлиханов және мен. Бәріміз де өз өмірімізді орыс әдебиетіне арнадық. Мен шамандықтан бас тартып, христиандыкты қабылдадым, олардың ғылымына қызмет етіп жатырмын. Шоқан мен Доржы 35 жасқа жетпестен арақтан өлді, өйткені, орыс әріптестеріміз бізге ішімдіктен басқа ештеңе де үйреткен жоқ. Сен осы ортадағы төртінші адам боласың, бірақ абай бол. Мен туып, өскен ортаның рухы мұсылмандардың руханияты сияқты сондай қуатты емес, біздің халқымыздың тағдыры сорлы тағдыр, орыстардың арасында да біз жат жұрт болып қалдық. Мен сен арқылы аса қуатты мәдениеттің өкілін көріп тұрмын» – деп (2.125-бет) үміт артқан.

Міне, оқымыстылықтан дәметкен сол азаматты тарих толқыны қақпақылап әкеліп ақыры саясат сақнасына шығарды. Бұл сол кездегі Ресей бодандығындағы барлық отар ұлттардың, соның ішінде аз ұлт зиялыларының ортақ тағдыры болатын. З.Валидовтің тарихи еңбегі Әлихан Бөкейхановтың назарын ерекше аударады. «Алашорда» көсемімен Заки Валидовтің өте тығыз достық әрі ғылыми қарым-қатынаста болған. Саяси ортаға белсене араласқан Заки Валидов күрескерлік тәжірибе жинақтайды. Солардың ішінде «азербайжан Әлимардан Топшыбашев пен қазақ Әлихан Бөкейхановтың атын алдымен атайды. Олар Россия мұсылмандарының, әсіресе, түркістандықтардың шетін мәселелерімен тереңдеп танысуға көмегін береді».

Ақпан төңкерісі күндері Петроградта болады. Ресей бодандығындағы мұсылмандардың саяси ойлау жүйесін өзгерткен Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына қатысады, сол құрылтайда тұңғыш рет Түркістанға, Қазақстанға, Башқортстанға автономия беру мәселесі көтеріледі. Заки Валидов Уақытша үкіметтің «Орынбордағы, Торғайдың губернаторы болып тағайындалған Әлихан Бөкейхановпен және басқа да қазақтармен келісіп, енді Москвада өтетін мұсылмандар құрылтайында көтерілетін мәселелерді» талқылайды. Соған дайындық ретінде Түркістан мұсылмандарының құрылтайын өткізуге Ташкентке барады. Заки Валидов: Россия – федеративтік мемлекет болуы керек – деген жоба ұсынады. Бұл ұсынысты қоқандық Әмірәли Захири, түрікмен Бердіқожа, қазақтар Тынышбаев пен Әбдірахман Оразаев қолдап шығады. Бұл да тәуелсіз мемлекетке жетудің алғашқы баспалдағы еді. 1917 жылы 20 шілде күні Уфада өтетін Башқұрстанның І құрылтайы шұғыл түрде шақырылды. Дәл сол күндері Жалпылқазақтық І құрылтай да шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сақнасына шықты. Ал кеңес өкіметі тарапынан «Россия халықтары праволарының декларациясы» 1917 жылы 2 қараша күні жарияланды

Бұл - колонизаторлық-миссионерлік, шовинистік езгідегі ұлттарға тәуелсіздік алу мүмкіндігін беретін алғашқы ресми құжат еді. Ұлттар туралы декларация, шындығында да, өзінің тарихи миссиясын орындады. Соны пайдалана отырып 1917 жылы 29-қарашада – Башқұрстан тәуелсіз мемлекеті, 5-желтоқсанда «Алашорда» автономиясы үкіметі жарияланды. Тәуелсіздік жарияланысымен башқұрттар шұғыл түрде ұлттық әскер жасақтады. З.Валидов әскери министр міндетін атқарды. Қалыптасқан әскери қоршау жағдайында Урал мен Қазақстан аймағындағы біріккен мұсылман Мемлекетін құру идеясы да ұсынылды.

Жалпы түркі тектес халықтардың тәуелсіздігі жолындағы саяси стратегиялық іс-қимылдарды реттеп, үйлестіріп, шешім қабылдауда 30-тамыз бен 7-қыркүйектің арасында Орынбор мен Самарада өткен Башқұртстан, Қазақстан, Түркістан үкіметтерінің мүшелері – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Қоқан үкіметінің төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев, сыртқы істер министрі (Қоқан үкіметінің) Мұстафа Шоқаев, Убайдулла Хожаев т.б. қатысқан мәжіліс ерекше орын алады. Онда осы үш үкіметтің негізінде «Оңтүстік-Батыс мұсылмандары федерациясы» құрылып, қазақ-башқұрт біріккен әскерін жасақтау жөнінде ұйғарым жасалды. Сондай-ақ «Социалистердің азаттық партиясының» бағдарламасы түрік халықтарының талабына сәйкес келетіндіктен де, сол партияның айналасына бірігу көзделеді. Мұны Әлихан Бөкейханов және оның жақтастары дерліктей қолдады. Оған өзбектер жағынан Низам Хожаев, Шолпан, Әбділхамит Арипов те қосылды. Ең бастысы: кеңес өкіметі тапапынан қысымға ұшыраған түркі зиялылары Түркістанға шоғырлансын, қандай жағдай болса да күресті ешқашанда тоқтаппау керек деген ұйғарымға келеді.

«Алашорда» үкіметінің кеңес өкіметімен келіссөзге барып, оны мойындауы туралы құжаттар біршама бар және онда үш үкіметтің де (Кеңес, Колчак, Алашорда) көзқарасы қамтылады. З.Валидовтың «Қатирасы» мен «Түркістанның қазіргі (таяу) тарихы» атты монографиясы бұл оқиғаларға өзгеше көзқараспен баға беруге негіз қалайды. Кеңес өкіметі құрған түркі тектес халықтардың автономиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Түрккомиссия», керісінше, жоспарлы түрде оларды бөлшектеуге кірісті. Саяси ойдың орталығы болып табылатын Орынбор қаласы Башқұрт-қазақ автономиясының астанасы мәртебесінен алынып, қазақ, башқұрт, татар, өзбек, түрікмен, әзірбайжан, қырым ноғайлары сияқты тұтасып жатқан, бір-бірімен іргелес бауыр ұлттардың бауырын тіліп, Орынбор өлкесі Ресейдің құрамына енгізілді. Кремльде құрылған «Башқұрт-қазақ комиссиясы» Еділ мен Жайық бойындағы елді ұлы Түркістаннан бөліп тастады. Сол арқылы кеңес өкіметі өзінің түпкі пиғылын жария етті. Бұл – кеңес өкіметінің мүддесі тұрғысынан дұрыс, ал ұлт республикаларының мақсаты-мүддесіне қайшы шара болатын. 1920 жылы 19-мамыр күні «Башқұртстан – Ресейдің автономиялық губерниясы дәргейіндегі құрылым» деп жарияланады. 1919 жылы наурыз айында «автономиялы үкімет» ретінде мойындалып, Ленин мен Сталиннің өзі қолын қойған құжаттан 14 айдан кейін айнып кетуінің мәнін сұраған З.Валидовке Ленин:



«Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісім шартымыз – бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді» - деп (2.365-бет) жауап береді.

Кеңес өкіметінің «Ұлттар декларациясына» сүйене отырып, ортақ Федеративтік Түркістан мемлекетін орнату – қалыптасқан саяси жағдайда нақты шындыққа жақын, аса мүдделі мүмкіндік болатын. «Алашорда» үкіметімен де жасалған келісім шарттың тағдырын дәл осындай опасыздық күтіп тұр еді. Сол жылы қазан айында – Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялық республика болып жарияланды. Бұл «Алашорданың» толықтай тарих бетінен ысырылуы еді. А.Байтұрсыновтың өлкелік революциялық комитеттің мүшелігінен және партия мүшелігінен шығарылуы – Ленин қол қойған «бір жапырақ қағаздың» отқа өртелуі еді. Шындығына көшкенде, қазақ жерге иелік ете ме, жоқ па, Ленинге «бәрібір» еді. Тек орыс пролетариаты билеп-төстесе болды, ал кеңес өкіметінің атынан бүкіл қазақты қырып тастаса тағы да оған «бәрібір» болатын. Әлемдік пролетариат санатында азиялықтар, оның ішінде «молла билеген орта азиялықтар» мәңгілік европалық пролетариаттың протекциясында өмір сүруі тиіс болатын. Сол кездесудегі Лениннің:



«Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыс пролетариатына сүйенетін болады, ал сіздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер, немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті, социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де шығыстағы отар елдерге европалық пролетариаттың – ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың, «басшылығы» жойылмайды» - деген сөзі З.Валидовтің кеңес өкіметіне деген сенімін мүлдем үзеді

Бұл З.Валидов сияқты түрікшіл қайраткердің төзімінің соңғы тамшысын тауысты. Ол:



«Бұл шындық (Лениннің сөзін мекзеп отыр – Т.Ж.) кеңес өкіметіне қарсы пәрменді және ашық түрде күрес жүргізу қажеттігін біздің алдымызға міндет етіп қойды. Сол күндері Ташкенттегі олардың пікірлестері Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркістан комиссиясының және Түркістан атқару комитетінің (ТурЦИК-тің) құрамынан шығарылды. Біз, Ахмет Байтұрсынов екеуміз 29 маусым күні Москвадан кетіп қалуға келістік. Бұған Сталин рұқсат бермеді, бірақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемін – деген сылтау айтып Орталық комитеттің хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдің рұхсатын алдым – деп (2.374-бет) жазды.

Азаттыққа жетудің жолы - оған қарсы күрес екенін түсініп, ол күресті Түркістанда бастау керек – деген шешімге келеді. Сөйтіп, астыртын ұйым құру үшін Түркістанға бет алады. Тарихшылар мен тергеушілер: басмашылар мен «Алашорданың» арасында қандай байланысы болуы мүмкін, бұл негізсіз жала шығар – деп жорамалдап, сол тұстағы Түркістан мен Орталық Азиядағы саяси жағдайлардың басын қосып, ортақ тұжырым жасауға дәрменсіздік танытты. Ал З.Валидовтің «Қатиралары» көлеңкеде қалған сол бір күндерге сәуле түсіреді. Сондықтан да бұл естеліктің ішіндегі қазақ ұлт азаттық идеясы мен тарихына қатысты тұстарын іріктеп, толық нұсқасын түрік тілінен аударып, ғылыми айналымға түсірудің маңызы зор деп есептейміз.

Әдебиеттер:

1.Проф. Заки Валиди Тоған. Қатиралар. Станбол., 1969,



2.Заки Валиди Тоган. Воспоминания. Уфа, 1994, 1-кітап.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет