Жат қолында Қазыналы қарашаңырақ



Дата25.02.2016
өлшемі44.48 Kb.
#19232

Жат қолында

Қазыналы қарашаңырақ

XIX ғасырдың екінші жартысында «Орынбор және Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының далалық аймақтарын басқару жөніндегі уақытша ереже» бойынша Орталық Қазақстан жері Ақмола және Семей облыстарының құрамына енді. Бұл бұрындары шалғайдан отырып бас-көз болатын әкімшілік биліктің елдің бел ортасына сыналай енгенін көрсетеді. Өңірдің жерасты қаз6а байлықтарын зерттеу жаппай қолға алынды. Қарағанды басынан тас көмір табылғаннан соң, араға көп уақыт салмай орыс көпесі С.Попов Берікқара жайлауынан (қазіргі Қарақаралы ауданы) мыс және күміс-қорғасынның мол орнын ашты. Осы және басқа да жайлар шетелдік алпауыттардың Қарағанды өңіріне деген қызығушылығын одан бетер арттырды. Сондықтан 1856 жылдың наурыз айында Петропавл көпесі аймақты жете зерттеп, байлықтың молдығына көз жеткізген соң келер күнді бағдарлай отырып, өндірісші көпестер Рязанов, Зотов және басқалармен бірлесе Қарағанды басындағы көмір табылған аймақты арзан бағаға сатып алады.

Бұл өңірдің атадан балаға мирас етіп иеленіп келе жатқан қожасы, тарихтан есімі жақсы танымал Игілік Өтепов болатын. Советтік құрылыс тусында Игілік байға сол кездің көзқарасы бойынша баға беріліп, оның үстем тап өкілі ретінде танылып келгені анық. Алайда өткендегі көзқарас өзгерген тұста Игілік Өтепов қазақтың іскер адамы, ел билеген тұлға ретінде оң бағасын алды.(«Орталық Қазақстан», 2003 жылғы 25 қаңтар)

Қалай демейік, жерді сату-сатып алу туралы шарттың басқа емес, осы Игілік Өтепов пен орыс көпестері арасында жасалуы оның шын мәнісінде осы өңірдің қожасы, иесі, заңды іс-қағаздарға қол қоюға құқығы бар көшелі адам болғанын көрсетеді.

Бәрімізге жақсы белгілі Қарағанды көмір кенін сату туралы акт сақталып, ол бүгінгі күнге жетті. Осы келісім-шартта «..Осы жерді өз еркімен бергені үшін көпес Ушаковтан 250 сом алды және олар да, мирасқорлары да Ушаков пен компаниядан ештеңе талап етпеуге тиіс...» делінген. Жерге иеліктің ресми құжаттары хатталысымен-ақ кәсіпкерлер бірден көмір өндірісін қолға алған. Сол 1856 жылы «Қара за-бой» деп аталған ашық карьер пайдалануға беріліп, жыл ішінде 116,3 пұт көмір шығарды. Міне, осы жылды Қарағанды көмір бассейніндегі тұңғыш тас көмір өндіріле бастаған жыл деп есептеп жүрміз. Көмірдің басты энергия көзі 6олуы өндірістің басқа салаларын дамытуға жол ашты. Тиісті орындардан көпес Н.Ушаков осы төңіректен мыс қорыту заводын ашуға рұқсат алады. Қарағанды көмір кенішінен 40 шақырым жердегі ол ашқан өндіріс орны - Спасс мыс қорыту заводы болып тарихта қалды. Оған мыс кені Нілді қойнауындағы Өспен руднигінен жеткізілсе, тас көмір Қарағанды-басындағы ашық карьерден тасылған. Осылайша Қарағанды көмір кеніші циклды өндіріске айналады. Кен де, көмір де Сарыарқадан шығарылып, Спасск заводы мыс қорытатын болды. Сөйтіп Қарағанды көмір кеніші өндірістің отын базасына айналады.

Сол кездің техникалық жарақтандырылуы, өндірістік қуат, әрі тұтыну қажеттілігінің төмендігінен 1856 жыл мен 1886 жыл аралығында барлығы 302,8 мың тонна ғана көмір өндіріледі.

Бастапқыда өңірді ғылыми тұрғыда зерттеу, көмірді' ретімен алу деген болмады. Алпауыттар ен жатқан байлықты жапа тармағай қармап қалуға, жіліктің майлы басын иеленуге тырысты. Ұланғайыр өлкені жалпы Ресей экономикасының құрамдас бөлігіне айналдыру осы өңірдің шексіз байлықтарының жыртқыштықпен талануына әкеліп соқты.

Дегенмен жол қашықтығы, білікті мамандардың болмауы, адам күшінің жетіспеуі, өнімнің әлемдік рынокқа шығарылмауы орыс көпестерінің байлыққа белшесінен батуына мүмкіндік бермеді. Тіпті кірген кірістен де шығыстары артып, 1886 жылы патша өкіметі Далалық аймақтардағы тау-кен кәсіпорындарын уақытша тоқтатуға шешім алды. Сөйтіп осы өңірге тұңғыш рет өндірістің лебін әкелген, жұмысшы табының апғашқы легін қалыптастыра бастаған Спасск мыс қорыту заводы мен Өспен руднигі 12 жыл қаңтарылып тұрды.

Кейін орыс кәсіпкерлері осы кенішті жаңғыртып. өндірісті дамытуға талай рет әрекет те жасап көрді. Алайда қаражат тапшылығы, жалпы Ресейдін, экономикалық дамуының төмен деңгейі олардың адамын жаздырмады. Орыстар Сарыарқа төсіндегі ен байлықты игере алмайтындықтарын сезді. Бұл жайдан Еуропа алпауыттары да хабардар болатын. Ендігі жерде орыстардың осал тұсын пайдаланып француздар байлығы мол өңірді өзіне қаратып алуға ұмтылды. Осы жолда олар сан қилы айла-шарғыға, мол ақша ұсынуға дейін барады. Не нәрсенің болмасын жоғарыдан шешілетіндігі белгілі. Кенді өңірдің тағдыры патша сарайының төңірегінде шешіліп жатты. Жергілікті халық, жалпы қазақтар одан мүлдем бейхабар болды. Сөйтіп 1904 жылы Францияның бұрынғы президентінің ұлы Клод-Эрнест Жан Карно көптен армандаған мақсатына жетті. Ол Николай - II патшаның сарайындағы тамыр-таныстығын пай-даланып, біреулерге пара беріп, тағы біреуге күш көрсетіп, енді біреулерге жағынып, өзінің ақсүйек тобына жататындығын алға тартып, не керек орыстарды Қарағанды кенішін өзіне сатуға көндіреді. Егер осыдан жарты ғасыр бұрын орыстар Игілік байдан осы өңірді небәрі 250 сомға сатып алса, француздарға 766 мың сомға өткізеді.

Француздар да кенішті өз деңгейінде дамыта алмады. Жер астының адам нанғысыз мол байлығы қызықтырғанымен жол қашықтығы, өңірдің теңіз жолынан алыстығы, дамымай артта қалуы адымды аштырмады. Бұл өңірді игеру бірлі жарым адамның қолынан келмейтін шаруа еді. Ол үшін негізгі берік аса ірі бірлестік, әрі мол капитал қажет болды. Француздар бұл ауыр істі орындай алмайтындықтарын дер кезінде түсінді. Сөйтіп сатуын сатып алса да құтылуға асығып, араға жыл жарым уақыт салып ағылшындарға өткізеді.

Осылайша Қарағанды кеніші және қолға алынғанымен игерілмей орта жолда қалған басқа да кәсіпорындар 1907 жылдың шілдесінде Джим Роберт ұйымдастырған негізгі капиталы 3 млн. фунт стерлинг болып табылатын Лондондағы «Спасск мыс кені» акционерлік қоғамның иелігіне өтеді. Обалы нешік, ағылшындар іске жоғары жауап-кершілікпен кіріскен. Құлазыған дала төсіне жан кіріп, бір кездегі құрылысы басталған өндіріс орындарының тамырына қан жүгіре бастайды. Соның көрінісі деу керек, Спасск заводын негізгі отын базасы саналатын Қарағанды кенішімен жалғастыратын ұзындығы 40 шақырымдық Қарағанды - Спасск тар табанды темір жолы салынды. Бұл 1908 жыл болса, араға сегіз жыл салып, яғни 1916 жылы Өспен руднигінен солтүстік-шығысқа қарай Жақсы Сарысу бойынан Сарысу байыту фабрикасы іске қосылған.

Тұтынушылар табылып, қажет етушілер молайған сайын Қарағанды аймағындағы тас көмір шығару көлемі де арта түсті. Жоғары деңгейде демесек те, шахталарда еуропалық үлгідегі жұмыс процесі қолданылды. Шахтаға жергілікті тұрғындар да тартыла 6астады.



Осылайша Қарағанды кеніші өзінің қалыптасу тұсында қолдан қолға өтіп, әркімнің иелігінде, жат қолында болды. Бұл - аймақтың бірырғақты, алдын ала белгіленген жоба бойынша дамуына кедергі келтірді. Жұмыс негізінен стихиялы түрде өрбіді. Бар мақсат кеннің қалың қабатын шапшаң сыдырып алып, тез баю болды.
Аман ЖАНҒОЖИН,

Ермагамбет Л¥ҚПАНОВ.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет