Барысы. Жарақатсыз перикардиттің өту барысы оның пайда болу себептеріне байланысты. Құрғақ перикардитпен ауырған малдар қысқа мерзім аралығында жазылып кетуі де мүмкін. Жалқықты перикардит ұзаққа созылады, ауыр өтіп, көбінесе өлім-жітіммен аяқталады. Жарақаттан болған перикардит малдың жанына қатты батып, ұзаққы созылады (бірнеше аптадан бірнеше айға дейін). Кей кездерде жүректің еті мен ішкі қабаты зақымданса, ауру тез өтіп, бірнеше тәуліктердің ішінде-ақ ауру мал өледі. Өте сирек жағдайларда жарақаттанған бөтен үшкір заттар жүрек қабының қуысынан кеуде қабаты арқылы сыртқа шығып кетіп, мал өздігінен де айығып кетуі мүмкін.
6
Анықтау. Құрғақ перикардит, жүрек тұсының ауырғыштығы, үйкеліс шуылының пайда болуы, жүрек түрткісінің күшеюі, жүрек соғуының жиілеуі және басқа да тән белгілері арқылы анықталады. Жалқықты перикардит жүрек түрткісінің нақтылы орнын өзгертіп, күшінің әлсіреуімен, түрткісінің жайылып кетуімен, салыстырмалы және абсолюттік дүңкілдердің бірыңғайланып, көлемінің ұлғаюымен, жүрек соғу дыбыстарының бәсеңдеп күңгіртенуімен, тездетілуімен, шалпыл дыбыстарының пайда болуымен, мойын көк тамырының толып кернелуімен, ісіктермен бейнеленеді. Рентгенмен тексеру ауруды анықтауды құнды мәлімет береді. Онда жүректің көлемі қатты ұлғайып, оның кескіні қозғалысқа келмейді, жүрек пен көк ет (диафрагма) үшбұрышының көлемі көрінбей, көмескіленіп кішірейеді, жүрек тұсының үстіңгі жағындағы көрініс жарықтанады (жүрек қуысына газдың жинақталуынан).
Ауруды анықтаудағы дұрыстыққа күдік туған жағдайда күмәнданбас үшін жүрек қабының қуысын зарарсыздандырылған инемен сол жағындағы төртінші қабырғаның арасынан, иық буыны мен шынтақ арқылы өтетін түзулердің ортасынан теседі. Дұрыс нәтиже алу үшін қуысты новокаинмен блокада жасайтын инемен тескен жөн.
Саралау. Жалқықты перикардитті перикард шеменімен плевраның (көкіректің сірі қабы) жалқықты қабынуынан саралайды. Құрғақ перикардит пен жалқықты перикардиттің басталу кезін құрғақ плеврит пен жіті өтетін миокардит және эндокардиттерден саралайды. Перикардит шеменінің перикардиттен айырмашылығы, жүрек тұсын басқанда ауырсынбайды, дененің қызуы көтерілмейді, ал жалқықты перикардитте дүңкілдің дыбыстары көлденең түзу сызық бойынша күңгірттенеді. Құрғақ плевритте үйкеліс шуы дем алу ырғағына сәйкестелінеді. Миокардит пен эндокардит өздеріне тән белгілермен өтеді.
Достарыңызбен бөлісу: |