«жетілмеген елдің баласы » (ЖҮсіпбек аймауытов)



Дата15.06.2016
өлшемі0.49 Mb.
#138152
«ЖЕТІЛМЕГЕН ЕЛДІҢ БАЛАСЫ...»

(ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ)

1.

Сонымен, астыртын контрреволюциялық ұйым ашылмады. Енді тергеушілер де тәсілді күрт өзгертті. Арандаудың ең нәзік әрі жүрек шошытарлық тәсілін тауып, Голощекиннің өзін “қарауылға” алды. Әсірелеу емес, нақ солай:



«Кіші октябрьдің» авторын Голощекинді қастандықпен өлтіруді ойластырды», «далада көтеріліс ұйымдастыруға әрекеттенді», деген айып аяқ астынан табыла кетті.

Бұл идеяның авторы кім? Егер де, Филипп Исаевичтің өзі мақұлдамаса, тергеушілердің бірде біреуі басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлауы мүмкін бе? Қайдам.

Ал, Голощекин бұл лақап арқылы өзінің беделінің өсетінін білді. Біріншіден; бұл кеңес өкіметіне және оның көсемдеріне бұлтартпайтын айғағы бар ашық жаулық. «Айыпкерлердің» кез-келген пікірі айғаққа жарап жатыр. Екіншіден, «социализм дамыған сайын, тап күресі шиеленісе түседі», деген Сталиннің пікірін «дәлелдейді». Үшіншіден: «Голощекинге қастандық жасауға ұмтылуы тегін емес. Демек ұлтшылдардың жанына тиетін бір түйіткілдің болғаны. Ендеше қалайда «Кіші октябрьді» жүзеге асыру қажет», – деп шешкен. Әрине, бұл жай ғана қиял. Бірақ шындықтың да сілемі жоқ емес. Өйткені Голощекин әрбір отырыста өзіне қастандықтың жасалатынын жиі еске салып, мәжілістерде де қайталауды ұнататынын өзгеше қалай түсінуге болады?

Сонымен, Байтұрсынов бастатқан «контрреволюционерлер» Голощекинге қарсы қастандық ұйымдастырды ма, жоқ па? «Ұйымдастырған» екен. Оны да «айтып қойған» – Д. Әділев боп шықты. Бұл жолғы салмақ, яғни, қорғану кезегі – Жүсіпбек Аймауытовқа түсті. 1929 жылы мамыр айында тұтқынға алынған Жүсіпбек Аймауытовқа:

«1927-1928 жылдары қырда қарулы көтеріліс ұйымдастырмақ болған», деген айыптың тағылуы соған дәлел.

Бұл – тергеудің үшінші желісі. Ал, оның қандай тарихи астары бар еді?



Д.Әділев (жалғасы): «Театр директоры ретінде күш-қуатымды аямай жұмыс істедім. Бірақ мен отставкаға сұрандым да Ташкентке кеттім. Орныма Әли Байсейітов тағайындалды. Содан Қаратауға барып қырда біраз дем алдым да, Қызылордаға келген соң Аймауытов екеуміз Мәскеуді көріп келуге кеттік. Мәскеуде Свердлов алаңындағы екі қабатты Кеңес үйінде тұратын Қожановтың пәтеріне түстім. Мәскеуде он күн тұрдым. Қожановтың әйелімен, ұлымен, Түркістандық бір қазақпен үлкен театрға бардым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. «Руслан мен Людмила» операсын көрдім. Келесі күні Қожанов мені шығарып салды. Москваға келе жатқанда поезда Смағұл Сәдуақасовпен кездескемін. Әңгіме барысында ол: өлкелік комитеттің мәжілісінде Голощекинмен және басқа да бюро мүшелерімен қатты ұрысып қалдым, деген болатын. Мен мұны Қожанов айтқанмын. Ол Аспандияровқа және Қазақстанның Москвадағы өкілі Досовқа хабарласты. Олар қонақ үйде біраз әңгімелесті. Аспандияров тапаншаның біренше оғын Қожановқа берді. Қатирада Арыс бекетінен Шымкенке түйемен келіп, одан Әулиеатаға соғып, ауылға бардым...

1927 жылы өзімінің жақын туыстарым Мұқатай Бейсенбаев пен Нұрлан Кәрібаевті ертіп Қызылордаға келдім. Қаладан шеткері орналасқан станцияның түбіндегі Алпысбайдың үйіне орналастым. Сол үйге Дулатов келді. Әңгіме барысында: ССРО мен Англияның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың үзілгенін, соғыс бола қалған жағдайда Кеңес өкіметінің құлайтынын сонда естідім. Байсейітті түрмеден алып шыға алмадық. Коллегия мүшесі Қадырбаевтің кепілдігімен ғана босатты. Кейіннен оның ісін Ақмола уезінде – Петропавл қаласында қарайтыны белгілі болды. Содан кейін Байсейіт елге шығып кетті.

Бұл 1927 жылдың күзі болатын. Біздің ауыл Сарысудағы жайлаудан Шу бойына көшкен еді. Түркістаннан ауылға бір өзбек келіп: Қожанов Мәскеуден келді. Ол: Әділевтер көзге түссе міндетті түрде ұсталады. Неғұрлым шет жүргені дұрыс, – деп сәлем айтыпты. Сонымен 1928 жылдың көктемі де келді. Ауыл солтүстікке қарай жайлауға көшті. Қожанов Ташкентке келді дегенді естіп: мүмкін мені Өзбекстанда қызметке алар немесе шетелге баруға жолдама берер, – деген үмітпен туысым Нұрлан Кәрібаевті ертіп жолға шықтым. Ағабек Байдуллаевтің ауылына келсек Ордабай Жақыпов деген милициядан оның тұтқынға алынғанын естідік. Біз Шымкентке суыт жүріп кеттік.

Жүсіпбек Аймауытов Шымкенттегі Казпедтехникумда сабақ беретін. Ақшамда оның пәтерін тауып алып, терезесінен дауыстап шақырдым. Ол жазуын қоя сап сыртқа шықты. Ол мені дауысымнан таныпты. Ташкентке – Қожановқа жолығуға бара жатқанымды айытым. Ол: сенің ашық жүруің өте қауіпті. Байдуллаевті босатып аламын десең – өзің біл. Бірақ Ташкентке барма. Қожанов пен Дулатовқа айтатын сәлеміңді менен айт, – деді. Біз сонымен тарқастық. Ағабек пен Отарбайды ертіп Сұлтанбекке бардық. Ол: таңертең Ағабек амбулаторияға барады. Сонда атты дайындап қойыңдар да, өздерің оны қаланың сыртынан күтіңдер, – деді. Біз үш атпен Ағабекті күтіп тұрдық. Ол келісімен Темірланға қарай бет алдық. Онда Ағабектің туысының үйіне түстік. Мініске ат берді. Сөйтіп ауылға жеттік».

Бұл көрсетінді Жүсіпбектің өзгелерден бұрын атылып кетуіне тікелей себепкер болды. Өйткені мұнда Голощекинге «жасалған қастандық әрекеті» ашық айтылған. Және Д. Әділевтің берген көрсетіндісін Ж.Аймауытовтың өзі мойындаған. Ол оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай:

Жоғарғы соттың айқындамасынан: «Аймауытов, 1928 жылы көктемде Шымкент қаласында Әділевпен кездескенін мойындады. Ол (Д. Әділев) бұған (Ж. Аймауытовқа) өзінің шет елге кетіп қалуды ойластырып жүргенін айтады және Қожанов арқылы ретін тауып шетелдік паспорт алып беруін өтінеді. Содан кейін өзінің (Әділев) Голощекинді өлтіруді ойлап жүргені жөнінде айта бастайды, бірақ Аймауытов оған бұлай істемеу туралы кеңес береді».

Жүсіпбекке тағылған айыптың бар-жоғы осы. Оның тіпті «контрреволюциялық астыртын ұйымға» да, «қарулы көтеріліске» де қатысы жоқ. Қайта, Әділевті бетінен қайырғаны үшін, алғыс айту керек еді. Ол кезде Жүсіпбек Шымкенттегі Педагогика техникумының оқытушы болатын.

Б.Момышұлы: Ал, түрмеге жабыларда, ЦКАКА-да (қызыл әскер курсында) әдеби қызметкер екен. Ж. Аймауытов бұдан бұрын да бір рет сотқа тартылып, тергеуге түскен. 1922 жылы Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға Семей Губерниясынан мал жиып, оны сонда айдап барады. Жол-жөнекей аштан қырылып жатқан ел-жұрттың үстінен түсіп, ішінара мал үлестіреді. Қолхат алады, бірақ ауылдық советтің мөрі жоқ деген айып тағылып, «мемлекеттің, мүлкін талан-таражға салғаны үшін» сотқа тартылды. Сотта ол «айыпкерден» айыптаушыға айналып, өзін-өзі ақтап шығады.

«Аштарға көмек» комиссиясы ВЦИК-тің жанынан 1921жылы 18 маусымда құрылып, 1922 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеді. Оның бөлімдері барлық республикаларда ашылды. Қазақстандағы комиссияның басты міндеті еуропалық аштарға азық-түлік жөнелтумен шұғылданды. Бір жарым миллион адамның өмірін үзген ашаршылыққа назар аудармастан Аралдың балығы Поволжьеге жөнелтілді. Павлодар уезінде аштарға деп жиналған ет еуропалықтарға жетпей, сасып жатты. Ал онымен жапсарлас Торғай өңірінің қазақтары аштан қырылып, ел кезіп, «без теріп» кетті.

Осыған орай Қазақстан мен Түркістан деңгейінде А.Байтұрсыновтың ұсынысымен «Аштарға көмек» комитеті құрылды. Басында бейтараптық танытқан Өлкелік комитет, ел-жұрттың алдындағы беделінен айырылып бара жатқанын көріп, еріксіз араласады. Ол туралы С.Меңдешевтің өзі:

«Алашордашылар аштарға көмек көрсетуде белсенділік танытып, дербес қимылдап еді, біз олардың бұл әрекетіне қарсы тосқауыл қойып, іске араластық», – деп жазды.

Аштарға көмек көрсетіп, азық-түлік жиып, ажалдан құтқарған адамдарға «тосқауыл қоюдың» өзі қылмыс емес пе?!. Иә, тосқауылды жақсылап тұрып, қойып, алаш ардагерлерінің барлығын кеңес қоғамынан «тазартып», қызметтен қуды, Қазақстанда тұру еркінен айырды, сотқа тартты. Сол «тосқауылдың бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың, Ахсетсафа Юсуповтың үстінен жүргізілген тергеу. Сөйтіп, осындай жазалау әрекеттерін жүргізу арқылы большевиктер өзінің беделін күшпен қалпына келтірген»

Тергеушілер «Алашордашылардың қылмыстық ісіне» Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен жүргізілген бұрынғы сот хаттамаларын да қоса тіркепті. Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған елге Семей мен Керекуден мал жинап апарып, тегін таратқаны Ж.Аймауытовтың өзіне «қылмыс болып тағылған» бұл оқиға жөнінде Міржақып Дулатов «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жазды. Мұның өзі: соттың ісіне қарсы қоғамдық пікір туғызып, қысым көрсетіп, үкімге ықпал ету үшін жасалды, – деп бағаланып, мемлекеттік деңгейдегі қаралаушы О.Исаевқа домалақ арыз жазуға түрткі болды.

Тергеу барысы төрт жылдан астам уақытқа созылды. Істің созылуына әр түрлі жағдайлар әсер еткен. Соның бірі: Жүсіпбек сол кезде Қазақстаннан тыс жерде – Орынборда қызмет істеп жүргендіктен де, сот келесіне уақытында келе алмағандығы еді. Осыған орай оның ерекше маңызды қылмыстық істер жөніндегі тергеушіге жолдаған хатын назарға ұсынуды жөн көрдік.



«Қазақстан Жоғарғы сот мекемесінің ірі қылмыстарын тергеушіге Жүсіпбек Аймауытұлынан Өтініш

Сентябрьдің 27-не шақыруыңызды алып, сол күнге келе алмайтын себебімді айтып, өтініш жазамын. Себебім: әскерлік школде оқу оқытамын, күніне бос емеспін. 2-ден: комиссияның ісін басқарамын. Күнде оқушыларды бақылап, жөн көрсетіп, мәжіліс жасап отыруға тура келеді. Менің орнымда қаларлық қазақ оқытушысы жоқ. Мен кетсем, қызмет, оқу тоқтап қалады. Сондықтан маған жаңа жыл мейрамына шейін пұрсат беруіңізді сұраймын. Екінші шақыру(ды) жібермесеңіз екен, өйткені (онда) декабрь айында келуге міндетті боламын.

Жүсіпбек Аймауытұлы. 18-сентябрь, 1927 жыл».

Жүсіпбектің жаңа жылға дейін «пұрсат сұраған» тілегі орындалмапты. 1927-жылы 3 қазан күні Ерекше істер жөніндегі тергеуші Сейдалин Ж.Аймауытовтан жауап алыпты.



Анкеталық деректер: Ж.Айымауытов сол жылы ол 37 жасқа толыпты. Орынбордың Совет және Инспектор көшесінің қиылысындағы №51 үйде тұрыпты. Семейдегі Мұғалімдер семинариясын бітірген.Әйелі, үш баласы бар. Орынбордағы Казатком атындағы әскери мектепте оқытушы екен.

«Жан жегісі» атты тарауда бұл аттың жай-жапсары, О.Исаевтің баянғаты, Ж.Аймауытовтың соттағы сөзінің М.Дулатов газетке жариялаған нұсқасы толық қамтығандықтан да, бұл арада таратып жатпаймыз. Тек соттағы сөздің қолжазба мәтінін ұсынамыз. Оны тапқан адам – зерделі, сергек ойлы аға, марқұм Бейсенбай Байғалиев. Б.Байғалиевтің Жүсіпбек творчествосындағы ірі-ірі “ақтаңдақтарды” қалпына келтіріп, қолжазбаларын іріктеп, қазіргі әріп жүйесіне көшірудегі еңбегі ұшан-теңіз. Тек қана 480-беттік “Ақбілек” романын қайта жаңғыртуының өзі үлкен парасаттылық. Біз, марқұмның өз қолынан алған Жүсіпбектің сотта сөйлеген сөзінің қолжазбасын келтіріп отырмыз. Ол 1927 жылы Қызылорда қаласында жазып алынған.



Жүсіпбек Аймауытовтың соттағы сөзі: «Бұрынғы берген жауабыма менің артық қосарым жоқ. Мені айыптайтын жері:

1) Мал үлестірген комиссияда болуым.

2) Кейбір оқыған азаматтарға деп мал беруім екен. Бұған менің айтарым мынау:

1) Маған малды тез тапсырып қайту керек болды. Себебі: мал айдауға жалданған бақташылардың бірсыпырасы Ақмолаға шейін, бірталайы Торғай жерінің шегіне шейін келісіп жалданып еді. Олар Торғай жеріне аяқ басқан соң-ақ, қайтар деп арпалысты. Күз түсіп, салқын болып, бақташылар киімі жоқтықтан тоңа бастады. Жолдағы елдерде оба ауруы болып, талай жерде бақташылар қашпақшы да болды, оның үстіне: Торғай аштары кісі етін жеп жатыр, – екен дегенді естіп, үрейленумен болды.

2). Менің мал үлестіргенше бас-көз болуымды Торғай қаласындағы жиналған аш қазақтар шулап тіленіп еді, өйткені, бұған шейін Торғай азаматтары аштарға жәрдембере алмаған, берген жерлерінде қиянатпен үлестірген. Аштар қызмет адамдарына өшіккен. Кіндік өкіметтің берген демін қызмет адамдары оларға бермей тұрған сықылды. Жұрттың, жалпы аштардың рухы сондай екен. Оның үсіне Торғайдағы қызмет адамдарының ішінде ру, ел таласы сықылды негізге тірелген алалық, бірін-бірі көрсету, қуғын-сүргін бар екен. Арғын, қыпшақ жігі бар екен. Сондықтан Торғай аштары өз елінің адамдарына сенімсіз қарайды екен. Бет-ауыздары көнектей іскен, көздері үңірейген, өлім аузында сенделген топты аш қазақтар зарлап, қақсап тұрған соң, дәтім шыдамады. “Мал үлестірген жерде ішінде бол», – деген тілегін орындадым. Міндетім ол емес еді, бірақ адамшылығым, арым аштарды аятқызды. Әуелде де аштарға жаным ашығандықтан, сезімім күштіліктен осындай ауыр міндетті, зор бейнетті мойынға алып, жан ұшырып едім.

3) Мен үлестіру комиссиясына кірмей, малды Торғай адамдарының қолына беріп қоя берсем, малды қол қойып (күш көрсетіп – Т.Ж.) жіберіп, талап алатұғын еді, өйткені малға шапқан елдің беті қойға шапқан аш қасқырдан бетер еді. Ондай талаудың болғаны екінші топ мал үлестіргенде анық көрініп тұрды.

4) Торғай еліндегі бір ғана шет кісі, алыс жерден мал әкеліп, аштарға жақсылық көрсеткен кісі – мен тәрізді көріндім. Мен басы-қасында болсам, бәрі де кенелетіндей, әділдікпен үлестіретіндей көрінді.

Ал енді әрбір оқыған азаматтарға мал берілді деген тақырыпта менің айтарым мынау:

1) Мен Торғайдың кейбірін – оқығандарын ғана білемін, көбін білмеймін. Сондықтан оқығандардың бәріне мен мал бере алмасам керек.

2) Ол азаматтардың кейбірі Орынборда, кейбірі басқа жерлерде қызметте болғандықтан, олардың малды үлестіріп алуы мүмкін де емес.

3) Малды сол адамдардың аш ағайындары алды, мәселен, Жангелді ұлының ағайындары, он бес шақты үй: ашпыз, – деп арыз қылды, тағы сондайлар болды. Ол аштардың ауылнайларына мал берілмейтіні де болғаны бар. Себебі елді аш дегенде, болыс, ауылнай (бойынша есептеп), жалғыз-жарым аштар елеусіз қалған, сондай елеусіз-санаусыз аштар Жалдама, Қараторғай болыстарынан да шұбырып келіп жатты. Соңғы екі болыс (Жалдама, Қараторғай) – Торғай азаматтарының тоқ ел деп тапқан елдері. Сондықтан оқыған азаматтарының аты аталып, олардың аш ағайындарына мал берген, оны маған айтып түсіндірген – тағы да сол Торғай жігіттері, ал үлес беруді ұйғарған – комиссия. Әйтпесе, Міржақып, Ахмет, Жангелді баласы сықылдылар мал алды деп есептеуге болмайды. Алған ба екен, жоқ па, олардың өздерінен сұрауға болар.

Мен өз бетіммен ешкімге мал үлестіргемін жоқ. Өйткені, Торғай елінің бай, кедейін білмеймін. Комиссиясына кірсем де жан ашығандықтан, аяғандықтан, жақсы ниетпен істедім. Пайда, мақтан есімде болған жоқ. Садық деген молданың үйінде болып, бізге бір тоқты сойған-ды, 30-40 аштар келіп, өтініштерін айтып, жығылып кетіп, талып кетіп есеңгіреп отырғанда, алдымдағы ет тамағымнан өтпеді. Аштарды шақырып алып, бәріне үлестірттім, тағы да сондай ауыр әсер берген аштар болды. Сондай аш елді көргенде, бұрынғы істегендерім анық болған соң, тоқ елдің жегені арам екен деген ойлар келді.

Заң тарапынан қарағанда, мүмкін, менің қаталарым бар шығар. Азаматтық, адамшылық жүзінен қаралса, бір кісі аштарға жан салып, қызмет көрсетсе – мендей-ақ көрсетер деп шүкірлік етемін. Мүмкін, менің еткен еңбегім себепті ондаған, жүздеген аштар ажалдан қалған болар, қалмады деп Торғай елі айта алмас.

Еңбегім салауат! Ниетім – арам, жүрегім – қара, қазаққа – зиянды адам болып табылсам, бұ да бір уақыт шығар, жазаға мойнымды ұсынамын. Аштар үшін мен-ақ құрбан болайын. Елімнің заңына көнемін.

Жүсіпбек Аймауытұлы.Тергеуші Сейдалыұлы».

Есіл ағаның аузына: «Мен-ақ құрбандығың болайын”, деген сөз қайдан ғана түсті екен. Араға жыл салып, сол «тілегінің қабыл боларын» білмеді-ау. АСөйтіп, бірінші сотта Жүсіпбек айыпкерден айыптаушыға айналып, өзімен қоса өзгелерді де ақтап алды.

2.

Адалдық пен әділдікті «ар ісіне бағалаған» (Абай) атақты жазушы бұл жолы да ақиқаттың жолын кеспеген. Зады, Д.Әділевтің Голощекинге қастандық жасау ниеті болғанға ұқсайды. Ол өзін театрдың директорлығынан босатқаннан кейінгі ашудан туған, жай ғана айта салған сөз бе, әлде нақты іс-әрекет пе, оны анықтау енді мүмкін емес. Жиырма жеті жасар жас жігіттің аптығын басу үшін айтылған басу сөзі үшін, өзінің ату жазасына бұйырылатынын Жүсіпбек білген жоқ. Білсе, Әділевке айтқан ағалық ақылынан бас тартып, мойындамас па еді, кім білсін.



Жоғары сот анықтамасынан: «ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің секретары Голощекинге қарсы террорлық қастандықты ұйымдастырғаны жөніндегі айыптау да қызыл сөзге құрылған. Тергеудің осы саладағы қорытындыларында Әділевтің өзінің ойын жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекетін және оған Аймауытовтың қатысқандығын дәлелдейтін айғақтар жоқ».

Тергеудің ІІІ томына Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен өзінің шәкірті Қ.Бекдуллаев берген көрсетінді бойынша Ж.Аймауытовқа «көтеріліске шығуға шақырып үндеу жазған» деген айып тағылған кеңес өкіметінің. “ұстазы” өзінің ұстазы Жүсіпбек Аймауытовты “халық жауы” ретінде әшкерелеп ГПУ-ға түсінік берген. Көрсетіндісінде Абайды да “халық жауының” қатарына қосыпты. Соған қарағанда Қ.Бекдуллиетің кәдімгі көп можантопайдың бірі екені байқалады. Мұнда Тәжібаев деген студент те куәға тартылған. Алайда оның көрсетінділерінің “ізі өшкен” яғни, – кейін жойылған. Айбақ-сайбақ жазуының табы іс қағаздан байқалып қалады.



«1929 жыл, 26 маусым.

Қалабай Бекдуллаев, 22 жаста, Қызылорда қаласындағы Атбасар көшесінің 2 үйінде тұрады, 1921 жылдан комсомол, қазақ, батырақ, мектеп мұғалімі, үйленген.

Аймаутов Жүсіпбекті 1921” жылдан (-?- мүмкін 1927-жылдан шығар, жазу бедері өшіңкіреп қалған – Т.Ж.) білемін, өзінің айтуы бойынша оның әкесі Ақмола (-?- Семей губерниясы, Павлодар уезі болуы керек – Т.Ж.) губерниясындағы аса үлкен діншіл-молла екен.

Ол 1926 жыл мен 28-жылдың аралығында Шымкенттегі педагогикалық техникумның оқытушысы болды. Аталған оқу орынында сабақ берген кезінде ол өзін барып тұрған ұлтшыл – алашордашы ретінде көрсетті, барлық жерде және үнемі студенттердің миына ұлтшылдық сананы егуге тырысты. Мысалы, арнайы әдеби бақылау орындары (цензура – Т.Ж.) басып-шығаруға рұқсат бермей қайтарып жіберген әдеби шығармаларын, кітаптарын шәкірттерге оқуға береді. Әсіресе, жоғары класс оқушыларына оқу үшін таратып берген кітаптарының ішінде “Үрбек” («Ақбілек» - ? – Т.Ж.) атты шығармасы ерекше көзге түсетін. Бұл кітап “алашордашылардың” рухында жазылған, онда ескі қазақ зиялыларын бірігуге шақырған. Кеңес өкіметінің олармен күресуге шамасы келмейді – делінген.

Сондай-ақ, ол студенттерге “Ақ жол” газетінің ескі тігіндісін (1923-жылғы ғой деймін) әкеліп, ондағы өзінің “Қилы, қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды” – деген мақаласын оқытты. Ол бұл мақаласында қазіргі қоғамға деген өкпесі мен сенімсіздігін білдірген.

Жоғарыдағы аталып өткен әдеби шығармалардан басқа педтехникумның студенттерінің арасына өзінің “Сылаң қыз”, “Мансапқорлар” т.б. кітаптарын оқуға таратып берді. Бұлар студенттерге қосымша құрал ретінде қолдануға ұсынылды, бірақ та мазмұны жағынан алғанда (ұлтшылдық рухта – Т.Ж.) жазылғандықтан да, ондай кәдеге жарамайтын. Ол туралы “Еңбекші қазақ” газетінде сын мақала жарияланды, ал онда бұл кітаптар кеңес өкіметіне қарсы бағытталғандықтан да қазақ әдебиетіне ешқандай қажеті жоқ – делінген.

Педтехникумда әдебиет пәнінен сабақ беріп жүрген кезінде сол пәннің мұғалімі ретінде студенттердің назарын әр түрлі қажетсіз нәрселерге аударып, түкке де пайдасы жоқ Мағжан Жұмабаев пен Абайдың өлеңдері мен поэзиясынан мысал келтіріп, үзінді оқитын. Жалпы алғанда оның оқыған дәрісінен студенттер ешқандай да пайда алды деп айта алмаймын”.

Дейді сабазың! Бұдан кейін Қалабай мырзаға кінә тағуға да болмас.



«1928 жылы көктемде педтпхникумның студенттері оқу бітіргелі жатқанда белгісіз біреу Шымкент қаласының көшелеріне алашордашылардың үндеуін желімдеп жапсырып кетті. Менің пайымдауымша және оның ықпалындағы (Аймауытовтың – Т.Ж.) студенттердің және Губерниялық соттың қызметкері Досовтың (СО ОО ГПУ тұтқынға алған)* қолымен істелген іс.

Бұл үндеу шыққанға дейін Аймауытов Ербазаров Әлімбек (қазір шет елде жүрген қазақ ұлтшылы Мұстафа Шоқаевтің бауыры) және Хамитов Әлиайдар (Оның да Шоқаевпен туысқандық байланысы бар) сияқты студенттермен ерекше дос болып жүрді. Бұл студенттерді Аймауытов жиі-жиі үйіне қонаққа шақыратын. Үйіне тек молдалар мен байдың баласын ғана қонаққа шақырады. Ленинге арналған қаралы жиында оны мазаққа айналдырған (күліп қойған – Т.Ж.) студенттерді оқудан шығарған соң, оларды Жүсіпбек Аймауытов қайтадан оқуға алдырды.

Егерде ішінара кейбір студенттер оған: Неге сіз бізбен саяси тақырып жөнінде әңгімелеспейсіз – деп сұрақ қоя қалса, ол үнемі: біз саясатқа араласпаймыз, ол жөніндегі біздің құқығымыз шектеулі, – деп жауап беретін» – дейді.
Енді шәкірттердің айналасынан шығып, «ұлтшылдардың» ауқымын кеңейте түседі. Қалабайдың өзінің ұстазы жөніндегі жинаған мағлұматтарының тиянақтылығына қарап, сол оқып жүрген кезінің өзінде, «Үндеместің тыңшысы болмады ма екен?», деген күдік ұялайды.

«Аймауытов, әсіресе, қазақтың ұлттық театрының артистерімен тығыз байланыста болды және олардың арасында беделі зор еді, оның ішінде мемлекеттік ұлттық театрдың директоры Шанинмен, Жандарбеков Құрманбекпен (Аймауытов кезінде сабақ берген Ташкенттегі Қазақ институтының бұрынғы студенті), Байзақов Исамен және Әміремен (екеуі де ұлттық ақындар) ерекше жақын еді. Бұл артистер жақын достары ретінде Шымкент қаласына келген бетте-ақ Аймаутовтың үйінің төрін бермейтін».
Театрдың драматургсіз өлі ұғым екенінен хабарсыз дегенге сену де, мына сөзіне қарап, сенбеу де қиын. Ж.Аймауытовтың театрға ауысуы туралы Д.Әділевпен арадағы хаттары алдыңғы тарауда жарияланған болатын, ал Иса мен Әміре, Жұмат Жүсіпбектің бозбала кезінен бері келе жатқан достары. Оның үстіне өзі да әнші, сері адам. Ұстазы жасаған скрипка мен домбыраның үнін, ол шерткен күйді «шәкірті» естімеді дейсіз бе? Сол кезде Шымкентте бастауыш баспалдақта оқыған Бауыржан Момышұлы марқұм мұны бізге сонау кездің өзінде ерекше ілтипатпен айтқан еді.

«Сонымен қатар Аймауытов Қызылорда қаласында тұратын белгілі ұлтшылдар Байтұрсыновпен, Дулатовпен және басқа да өлкелік оқу орындарының оқытушыларымен тығыз байланыс жасап, сол қалаға барып тұратын. 1926-1927 жылдардың арасында Шымкентте тұрған кезінде ол 4 рет Қызылордаға барып келді».

* Белгілі кеңес қайраткері Ә.Досовтың түрмеге қамалғаны туралы мәлімет жаңсақ сияқты. Мүмкін Елдосты – Елдес Омаров болуы мүмкін. Әлде Досов деген Ж.Аймауытовтың шәкірттерінің бірі ме екен?

Осы ретте Жүсіпбектің өзгелерден бұрын атылып кетуіне себепші болған Қалабайдың көрсетіндісі мынадай:



«1928 жылы Шымкент қаласының көшелеріне ілінген Үндеу туралы педтехникумның студенттеріне ешкімге айтпау туралы ескертілген болатын, сонда да олардың арасында бір-жар ауыз әңгіме айтылып қалып жүрді, ол үндеудің авторы кім екені маған белгісіз, алайда жазу үлгісіне қарап мұны жазған Аймаутовтың жақын араласатын адамдары - Сырдария Губерниялық сотының қызметкері Досов пен студент Ерназаров Әлімбек деген тоқтам жасады».

Бұл үндеуді табуға ұмтылып, барынша зер салсақ та, тергеу ісінен оны кездестіре алмадық. Ал техникум студенттерінің астыртын ұйымы туралы мағлұмат қазір де тым мардымсыз.

Мұндай үндеуді Жүсіпбек Аймауытовтың жазуы мүмкін бе? Голощекин қара бишігін сусылдатып «ұлтшылдардың» басына үйіріп тұрған кезде Жүсіпбектің ондай арандатуға бара қоюы екіталай. Алайда, Ғабит Мүсірепов марқұм көтеріліске шақырған үндеуді өз көзімен оқып шығып: «Бұл Жүсіпбектің жазу мәнері емес, басқа бір ірі жазушының қолы», дегенді айтқан.

Иә, «бір жанға екі өлмек әділет» (Абай) емес еді. Қайтеміз, орны толмайтын азамат опат боп кетті.

Енді Ж.Аймауытовқа: – «Контрреволюциялық үгіт-насихатты таратып, идеологиялық саботаж жасайтын «Алқа» астыртын ұйымына қатысқандығы әшкереленді», – деген үшінші айып тағылды.

3.

Тергеу ісінің ҮІІ томның 372 бетінен бастап Ж.Аймауытовтың өзі жазған немесе өзіне келген хаттар тіркелген және суреті бар. Сурет тура және қырынан түсірілген. Шашы қысқа. Көзі қысылыңқырап тұр. Мұртты. Кеудесінде ақ шүберекте № 2870 деген сан жазылған. Іспен алғаш рет танысқанымызда бұл сурет бар еді. Екі жылдан кейін қайта қолымызға алғанымызда, сурет жоқ болып шықты. Оған не амал бар. Қолма-қол түсіріп алатындай мүмкіндік қазіргіге қарағанда шектеулі болатын.



Істің тігіндісінде тінту кезінде алынған Жүсіпбек Аймауытов пен Молдағали Жолдыбаевтың Мағжанға жазған хаты сақталған. Зады бұл хат «Алқа» әдеби үйірмесін құру мақсатында ниеттеніп жүрген ақынның пікір білдіру туралы өтінішіне жауап болуы да мүмкін. Анығы, «Мағжанның ақындығы» атты мақаласына дайындық тұсында жазылған.

«Орынбор. 1924-жыл. Майдың - 16.

Ардақты Мағжан!

Сенің Мағжан, ақындығыңа тосыннан хат жазып, иманыңа, идтихатыңа қол сұққалы отырмыз.

Ақылды – не ақылы қысқан аға айтады, не жан ашыр дос-жаран айтады. Жүздес, сырлас болмасақ та туыстаспыз. Соған орай қолға қалам ұстап, дос-жарандық білдіргелі, ақындығыңа біз бір ақылсымақ айтқалы келеміз.

Сен ақынсың. Күніміз де, көз алдымызда ұстайтын қазақ әдебиетінің “көгіне өрмелеп шығып күн болатын” үміткер ақын да сенсің. “Жаралы жанды”, “Қорқытты”, “Баянды” берген ақыннан одан да зор күтеміз. Қазақ әдебиетінде артынан мүрида етуге, өзіндік дәуір жасауға сенің қаламыңнан басқасының дәмесі жоқ. Ақындығыңа мін тағуға болмайды. Сенен “әттең ғана” деп табарлық бір кемшілік: сен торығасың, зорығасың, зарланасың. Асау алып жүрегің “сұм өмір” деп жұбаныш таппайды. Келешектен жарық сәуле, жақсы үміт күтпейсің, “бүгіннен» жиренесің, безесің, түңілесің, өткенді жоқтап алданыш етесің. Өмірден түңілген, өмірге қол сермеген сары уайым, сары қайғыға түсіп барасың. Мұндай сары уайымшылық (пессимизм) ақынның бойын өсіре ме? Өріс ұзарта ма? Үмітсіз, тілексіз өмірде не мағына бар?

Сен Байронның рухына түсуге таяусың. Бірақ Байрон заманындағы қара күн (реакция) Байронның шеккен жиһан күйігі (мировая скорбь) бұл күнде бар ма? Қазақтың басына қиын қыстау күндер келген болса, қазақ жұтқа, апатқа, талауға, зорлыққа шалдықса, қайғырса, күйінсе, оны “жиһан күйігі” деп санауға бола ма? Ол тар көзділік болмай ма? Сұр айдың артынан күншуақ болмай тұрған ба? Күннің көзін мәңгілік бұлт басып тұру мүмкін бе?

Рас, қазақ ақынысың. Қазақ мұңын жырлайсың. Қазақты сүйесің, қазақпен бірге күйесің. Қам көңілді қайғыртып, уайым төгіп, қаяу салғаның қалай? “Торықпа, жабықпа, түңілме, алдыңда жарық сәуле бар, жылтылдаған (Короленконың) “от” бар – деп көңілін көтеріп, демеу (ҮІІ том. 153-бет) бермегенің қалай? Болғанды –“болды” деуден болашақты болжау қиын. Әлде болашаққа сендіру, қараңғы тұманда жылтылдаған сәуле көрсету қиын ба? Қазақтың келешегіне һеш бір сенім жоқ болса, жоғалатын елге сұлу сөз – әдебиет неге керек? Біз сенен дертке дәрмен болғандай, рух бергендей, ауыр халдан шара тауып шыққандай, келешекке, мәдениетке, игілікке сүйрегендей сөз іздейміз. Өткенді өткендер де жоқтаған, зарлаған, жырлаған. Қазақтың жұртшылығына одан келген пайда қанша еді?

Пушкинді – Пушкин қылған оның нұрлы ақылы, сергек көңілі, өмірді дұрыс бағалай білгендігі ғой. Сен – туысың қазақтың, адымың – қарға, елің – мешеу болса да, өмірге ашық көзбен қарайтын 20-ғасырдың ұлы емессің бе. “Қу өмір, сұм жалған”, “жауыз жазым” дәуірі сұйылып, өмірдің қожасы, тақтың Алласы – адам болған заманда, адамға жаңа тілек, жаңа арман, жақсы салт-сананың заманында сен сықылды күшті ақынның ( иманына –?) өзгеріс кірмейді деуге көңіл бармайды.

Сарыуайымшыл болса да, бүгінде Байронды төңкеріс ақыны деп санап отыр. Төңкерісшіл болмаған ақынның өркені өспейді. Өркеніңнің өсуіне тілектес болғандықтан, дос-жараның сөз айтып, көңілдегі мүддемізді шығарып отырмыз.

Жүрекке, идтихатқа, иманға қолқа салу кімге болса да зорлық, әсіресе, ақынға зорлық. Сүйтсе де себепсіз нәрсе болмақ емес қой: таяу тұрған нәрсеге түрткідей себеп болсақ, біздің мақсұтымыздың орындалғаны.

Бауырларың: Жүсіпбек, Молдағали”.
Бұл хаттағы жазу үлгісі Жүсіпбектікі емес, зады, Жүсіпбек айтып тұрған да Молдағали жазған болуы керек. Әлде, не бұрын, не кейін біреу көшірді ме екен? Және қадым қарпінің жазу үлгісін пайдаланған. Соған қарағанда, Молдағалидың мәнері. Ал Молдағали – белгілі ағартушы, әдебиетші Молдағали Жолдыбаев па, жоқ па, оны ашып айта алмаймыз. Одан өзге лайықты адамды тағы да болжай алмадық.

Осы томда Жүсіпбек Аймауытовтың әдебиет туралы біраз хаттары, жазбалары сақталған. Алайда тығыз да кесімді уақыт, қысталаң кеңсе оның барлығын көшіріп алуға еркіндік бермеді. Төменде назарға ұсынылып отырған Жүсіпбектің әдебиет туралы екінші хаты. Араб харпінде жазылған қазақша мәтінінің көшірмесі. Жазуы таңба сияқты анық, сұлу. Өкінішке орай хаттың кімге арналғаны туралы бастапқы жолдар таспадан хатқа түсіргенде өшіріліп кетіпті. Негізінен бұл хат Абдолла Байтасовқа, не Қошке Кемеңгеровке жолданған. Алғашқы сөйлемді:



«Әдебиет ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды. Байлар да қайғырады. Әсіресе қазақ өмірінде бұл өте ажыратылмаған іс. Қазақтың тағдыры ортақ. Мен өзім де кедей боп өстім. Сонда көргенім, кедей жігіттері...», – деп бастап, пікірін одан әрі былай жалғастырады.
Сонда көргенім, кедей жігіттері жаман аяғымен, жақсы төсенішін былғайды. Тілегенін сұрайды. Қызының, қатынының қойынына барсам ба деп дәме қылатындар да бар. Осылай жүрген еркектерде байдан бөтен дүниеге көзқарас болуға мүмкін бе? Сірә, біздің жас марксшілер үлкен кітаптарды оқып алады да: мынау қазаққа келеді екен – деп жалшының не мұжықтың көзімен қазақты өлшейді. Марксті біздің жігіттер қазаққа жанастыра алмай, шатақ осыдан туып жүр ғой деп ойлаймын. Қазақ өзгеше (своеобразный) тұрмысты, тарихты, салт-саналы жұрт болуға керек. Қисыншыл (теоретик) болумен тәжірибешіл болудың арасы алыс. Біздің Ғаббас алдыңғысы болар деймін. Әуелі қазақты оқу керек. Қазақты білемін дегенмен көбіміз біле бермейміз, оны мен Бройданың кітабынан көріп отырмын. Біз анық біле алмай, көмескіленген нәрселерді ол анық айтып отыр. Қазақ – ұйымсыз, қазақ берекесіз, қазақ – ұлтшыл емес. Малы қандай болса, мінезі де сондай жұрт. Бұл мәселе түбірленбей тұрғанда біз де даудың шегі болмайды.

Тағы бір қосылмайтын жерім: «Ақын – таптыкі ғана болады. Бірақ кейде тұрмыс жағдайымен, таптан мойыны асқан, тап шарасынан жоғары, өзге таптың да сойылын соғатын бұқарашыл, ұлт санасын меңгерген ақын да болады», – деп Плеханов айтады. Оны Ғаббас жазып отыр. Олай болса, қазақ ақындары тапқа неге қамалып қалды. Неге байшыл, неге діншіл болуға міндетті? Отаршылық зардапты бай, кедей, ұлт болып тартқан жоқ па еді. Жерінен бай да, кедей де қуылған жоқ па еді? Малы жоғалса хохолдан бай да, кедей де таяқ жеп, өлгені өлген жоқ па еді. Ұлт мұңы бұрын бір емес пе еді? Бір болса, Асан қайғысы, Бұқар жырауы, Шортанбайы, Абайы, Ахметі, Міржақыбы, Мағжаны, тағы басқалары отаршылдыққа, орысқа, патша өкіметіне қарсы болып келген жоқ па еді? Осы өткен ақындардың бәрін байшыл, кедейшіл қылып алып, одан кейін Мағжанға, тағы тағыларға келсе, сонда жүлгелі (последовательный) болып сынаған болмай ма, әйтпесе, Мағжан байшыл, (?..) байшыл, Бейімбет кедейшіл деген сөз бола ма? Төңкерістен бұрын деген қара кедей Сәбит Дөнентайұлы да, Бейімбет те бәрі де болып ұлтшыл болып жазып жүрсе, енді кедейді бетке ұстады деп, олар тап ақыны бола қалмақ па? Бояма ақын бола ала ма? Әдебиеттің сұйылуы боялудан шығады деп білемін. Шындап ақын жаза алмаса, ақын емес, етікші. Рас, пікір жүре өзгереді. Орыс жазушылары да төңкерістен кейін кей бірі жарамсақтанған, оларда жарамсақтан аманы да бар. Қазақ ақындарының пікірі соншама күрттен өзгергендей жағдай болған жоқ: өйткені төңкеріске біз көлденеңнен қосылдық. Ащысы, тұщысы тауқымешін-тауқыметін басымыздан көшіргеміз жоқ. Сондықтан тек думанға, дүрмекке қызып, төңкерістің маңызын, дәнін тата алмай (?..) қалдық. Сол дүрмекпен әлі келе жатырмыз. Күшенгенмен сөзіміз үйлеспей жатыр. Мен өз басымдағыны айтайын. Өзім нағыз кедейдің баласымын. Бай туысқандарымнан зорлық, қысым көріп өстім. Балаң орыс болып кетеді, солдатқа алып қояды деп, немере ағам орысша оқытқызбаған. Өз баласын орысша оқытып жүріп, мені оқытпаған. Сөйтіп мен, байға, жуанға өш болып өстім. Бірақ, жүре, оқи, көз ашыла келе, байдың да, кедейдің де орыстан көрген қорлығын көрдім. Шорман ауылының Қаракөл деген ата қонысын, Баян төңірегіндегі қазақтың шұрайлы жерлерін келімсектер алды, оны мен естідім де, көрдім де. Орыс стражниктерінен, полицейлерінен қазақтың талай таяқ жегенін көрдім. Ана жылғы Қарқаралыға хохолдан қорқып, қашып келіп жүрген Жетпісбайлар есімде. Хохол жоғалған малы үшін оның (надан адам ғой) атын тартып алса, ол сотқа берген ғой. Сотқа беретін неме екенсің деп, қақолдар оның аулына жиналып келіп өлтірмек болған. Содан (ҮІІ том 148-бет) қорқып, қыстай үйіне жолай алмай жүрді ғой. Ақмола үйезінде Төкіш деген бір кедей әнші бар еді. Жақ жоқ әнші еді. Соның ауылын малы жоғалған хохолдар шауып, Төкішті тепкілеп өлтірген. Бұлар 22-23 жылдардағы оқиға. Осыларды көріп, естіп тұрып, қалай тапқа кісенделерсің? Кеше ғана осы жылдың сентябірінде Қарқаралының алты кедейі Қояндыдан Орынборға жылқы айдауға бір орысқа жалданып келс, мұнда келген соң орыс ақысын бермей қашқан да кеткен. Олар мені тапты. Біреуі ана жылы Торғайға мал айдауға жалданған, мені білетін Сәбікей деген жігіт екен. Сорлы кедей қаңғып, зарлап қайтып кетті. Қолдарында түк белгі жоқ. Не қыларсың? Осының бәрі жүзден бірі, бәрін көріп, естіп жүрсің. Қай қазақ хохолдың жерін тартып алды, үйінен бездірді? Ауылына ат ойнатты, өлтірді, ақысын бермей, сауырға бір салып қоя берді? Мұнша зорлықты кім істеп отыр? Осының бәрін көре - біле тұра – кімшіл болу керек?. Рас, бұқарашыл болу керек. Байды мақтауға болмайды. Өзім байдан жақсылық көргем жоқ, байды жақтап жазғам жоқ. Бірақ мен тап ақыны бола алармын ба? Менің миымдағы перне шұп-шұбар. Сыртқы әсерден миымдағы іздер де бар. Ол іздермен жүрмесіме мүмкін бе? Ғаббас қалай жүргізбейді екен? Құлағымнан, көзімнен миға хабар жеткізетін жүйкелерімді (нерв) кесіп тастамақ па екен? Әлде, жүйкемді мүлде құртпақ па екен? Көлденең адам жазушыға, ақынға көтен зорлық қылуға жарамайды. Өзінше ойлатам деу қиянат.

Рас, қазақ кедейі теңдікке жетті, жетілді. Жаңа тұрмысқа аяқ басты. Бірақ екі зорлықтан әлі айырылған жоқ, жуықта арыла алмайды – бірі: өз байынан көретін зорлық, бірі жатынан көретін зорлық. Соңғыны айтайын десең, ұлтшыл болып шығасың, ендеше, байшыл боласың. Бастапқыға қанағат етуге болмайды. Қашаннан қалып қалған нәрсе, тұрмыс талқысымен болмаса, бұдан оңай шыға қоймайды. Шыға қойса, әлгі алты кедей неге сандалып қалды? Қағаз жүзі мен өмір жүзін айыру керек. Ғаббас, Әбдірахмандар қағаз жүзін алса, мен өмір жүзін алғым келді. Міне, менің пікірім осы.

Мен осы пікірімді газетке жазуға Смағұлдан рұқсат сұрап, толық хат жазып отырмын. Өріс берер, бермесін білмеймін. Ішімде қайнап жатқанша тым болмаса, сендей жолдасқа ағытайын деп жазып отырмын. Сен бұған өз пікіріңді жаз. Теріс, бұрысын көрсет! Бұл пікірімді Ғаббасқа да айт. Жөні келсе, керек жерін оқып жібер.

Ордадан хат-хабар алмаймын. Сенімен жазысып тұрайық. Сен не оқып жүрсің? Жақсы кітап болса маған жібер. Мұхтардың адресін білсең жазып жібер. Балалар аман. Тұрмыс сәл, жалақы – 72 сом. Тезірек хат жазарсың.

Қош, сүйдім. Жүсіпбегің.

Адрес: Орынбор, Совет көшесі, дом 51. Астыңғы қатар. Маған. Орынбор, 2 январь”.
Жүсіпбектің екінші бір араб қарпінде қара сиямен жазылған хаты да осы адамға арналған. “Кәкебай” дейді. Бұл кім? Қошкеме, жоқ, басқа біреу ме? Тура осы хатқа жауап ретінде жазылғандай мазмұндағы Абдолла Байтасовтың хатының қолжазбасы да іске тіркеліпті. Біз соны назарға ұсынамыз. Өйткені шығармашылық өмір жолы мүлдем ұмыт қалған, тергеудегі жауаптары да қысқа қайырылған Абдолла Байтасовтың ойлау қабілетін аңғарта кетуді мақұл көрдік.
«Жүсіпбек!

Көрмегелі көп айдың жүзі болды” – дегендей, бір-бірімізбен көріспегелі көп уақыттар болып қалды-ау. Сенің биылғы жазған хатың маған кешігіп тиді. Сондықтан саған іле жаза қоймадым. Өйткені сенің адресің өзгерген шығар деп ойладым. Және де Ташкенге барған соң қапшықтың аузын бір-ақ шешіп, жаздайғы бастан кешкенді бір көйтермін-ау деуші едім.



Не керек, жолыға алмадық. Сені Қызылорда да кездестіремін деген оймен Қызылордаға соқтым. Мен келген күні таңертең Жақаңдыкіне барсам, Ж: “Жүсіпбекті шығарып жаңа ғана вокзалдан келдім”, деп отыр. Санды бір-ақ соқтым. Сені Ташкен мен Қызылорданың бірінде болар деп ойлап едім. Болмаған себебіңді Жақаңнан естідім. Ж. айтуынша, “Дәлелі-дәлел”, дейді. Және Женяның (жеңгенің) науқасы Т-т (Ташкент – авт.) әуесін жақтырмайтындығы екінші себеп болса керек еді. Қалайда Орынборда оқшауырақ тұрып қалдың, енді орнығып қалған шығарсың. Әйтсе де, сені Шымкентке шақыртуы күшті көрінеді (Шымкент педтехникумының бастығына жолығып едім), өзің ырза болсаң, олар тұрмыс жағынан мұңсыз қылар едік деп ынтық-ақ болып отыр. Әуесі жақсы жер, барсаң да теріс болмас еді. Әлі де кеш емес қой.

Енді әңгімені өз жағыма аударайын. Жаз ай жарым елде болдым, 2 ай шамасы Қызылжарда болдым. Көңіл-күй жақсы. Әзірше ойлаған нысанаға дәл тиіп келеді. Ана жағын айтам. Бізге қырын қарайтын (өсек айтпаса іші кебетін бір адамдардан келген хабар болса керек ) біреу, ол туралы саған теріс информация берген сықылды. “Онымен мен қосылыппын, ол менен өзгеріп қалса да, сырттағы бір күш еріксі...”, деген сықылды. Бұл сөздердің источнигі атақты қу атышулылардан шыққан көрінеді. Әминаның сіңілісін Байділдин алды. Ол тұқыммен біз ежелден дұрыс болмайтұғынбыз. Дұрысында бұрынғы күйімізден еш бір өзгеріс болған жоқ. Қайта одан көрі өмір қызығырақ болған сықылды. Бірақ саған ол күйді суретті түрде сездіруге қалам шабан ғой. Өзің ауызға салып жіберсең, “иә, солай” дер едім. Қалайда, көңіл тынды. Ресми тұруды оның оқуын бітіруіне байлап қойдық. Ол жағынан қысқаша хал-жайымыз осы.

Мағжанға жолықтым. 15 күндей бірге болдық. Ол саған қатты разы. Жалғыз сын жазғандықтан емес, сенің соңғы жазғандарыңа қанағаттанды. Осы күнге шейін айызым қанған сәулетші қалам “Нұр күйі” болды. қызыққандықтан әлденеше оқыдым”, – дейді. Ақынның мұнысы сен туралы ойлайтын менің ойларымды нық бекітті. Қуандым. Онымен түрлі мәселелер туралы көп кеңестім. Соны пікірлері бар, дүниеге көзқарасы нығайған сықылды. Мұхтар оған: “Түбінде жалғыздар тобы жасайды, біз жалғыздар тобының құрамасымыз”, – деп жазады екен. Бұл пікірді Мағжан да қуаттайды. Екпіні күшті қалам, сиқырлы сөз, негізі берік пікір түбінде алып та, шалып та жығады – деп ақын шалқып-ақ жүрген көрінеді. Оның настроениесін көтеріп отырған Мәскеу. Мәскеуде әдебиет туралы пікір жарысы бар, майдан бар сықылды. Европа әдебиетшілерінің де соны пікірі жарыққа шығып қалатын шақтары болады, – дейді. Марксшылдыққа қарсы пікірді қолдайтын әдебиетшілер де пікірлер ұсынатын сияқты. Тегінде бірезулік қылмай, ғылыми жетіп, сығалап жүріп таңдап ала алса, пікір, пікір тудыратын майдан ашылағандай. Қапелімшіл желөкпелер көп ағымның арасында кез-келгенінің біреуіне қақтығып, саломдай салмақпен біеуіне еріп жүре беретіндей сияқты. Біздің Қызылорданың ВАП-ы да сондай бір ағымға еріп бара жатқандай деседі. Түрлі әдебиет ағымдарымен таныстыру үшін олардың программаларының жинағы басылып шығыпты, Мағжан маған жібермек болды. Сен де сұрап алып таныс.

Мағжан саған жазудан қажитын емес дейді, өзің де енді шет тұрғаннан кейін жазудан тартынбассың. Мағжан, Әлекең (Әлихан Бөкейханов – Т.Ж.) “Восиздаттың” науч. сотрудниктері. Мүмкін бұлар арқылы жазуға кітапта аларсың. Мектеп балалары оқитын әдебиет кітаптарын қазақшаға аудару керек дейді, оларды осы күннен сұрауың керек сықылды.

Мұхтар: әдебиет соңынан жарық алып түстім. Оқимын деп Ленинградқа кетіпті. Оның “Таңдағы” соңғы жазған әңгімелерін оқыған шығарсың. Мен анық байқай алмадым, әйтсе де, жақсы-ау! Мұхтар Мағжанмен жиі жазысып тұрған екен, пікірлерін оқыдым. Олардың енді бір ойы: сол ұйымдардың бір қазаққа қолайлы деген біреуіне қатынасып, қазақ әдебиетіне лайықты жол деген жолдарын ұсынбақ. Баяндамалар жасап, пікірлерін тыңдатпақ. Мағжан жаза бастапты. Мәскеуде бірнеше қырғыз, қазақ тілдерінде шыққан әдеби кітаптарға сын жазған екен, олар да басылыпты. Мағжан биыл бұл жағына күрделі кірісемін деп отыр.

Ташкенде тұрмыс жағынан биыл қыс ауырлық көрмеспіз. Қошке институтқа әдебиет сабағын беремін деп барып еді. “Жәшейке қабыл алмады”, деп жүгермектер қабыл алмады. Қошке военный школға кірді. Мен орыншамын. Менің мұндағы қуанышым: педфак түзеліпті, программа жақсы. Әдебиет тарихы. Тәрбие жағы күшті. Әзірге оқу басталған жоқ.

Жалғызсырайтын емеспіз. Жолдастар бар. Әйтседе, сенің орының бөлек. Биылғы хатың мені көп желпілдірді. Жазып тұр. Не жазайын демессің. Өміріміздің қою-сұйығы, ащы-тұщысы бір-бірімізге мәлім шығар деп ойлаймын. Туғаныңды көргем жоқ, өлгеніңе жыламаймын дейтін жеріміз жоқ. Достық пен махаббатқа сауда жоқ деген иман қайсымызда болса да бар. Достың таза сөзінен қымбат нәрсені мен өзім әзірге білмеймін. Жалғыз-ақ, шын достық санаулы екенін білемін. Бірақ достықты тар кезең, талма жер көрсететін көрінеді ғой.

Жап-жақын жайшылықта көп достарды,

Мен неге жамандықта сирек көрем

дейтін ақынның сөзі сүзіліп өткен таза сөздің нақ өзі шығар деп ұғамын. Сенің жақсылығыңа мерей өсіп қуана алмаған, жамандығыңа жаны ашып күйзеле алмаған ерлігі жоқ ездердің не керегі бар.

Жарайды жазып тұр.

Жәнеге (Женя, Евгения – Жүсіпбектің әйелі – Т.Ж.) жақсылап сәлем айт. Бектұр, Мәруа, Жанақ жолдастарға Абдолладан сүйіп сәлем. Анық адресіңді жазып жібер. Сәлем.(мен) Ғабдолла. 12/ІХ» .
Тергеу хаттамаларының iшiнен жұбайына араша түсiп, оны ақтап алуға тырысқан жалғыз-ақ әйелдiң хаты шықты. Ол Жүсiпбек Аймауытовтың қосағы Евгения Аймауытова едi. Шоқынған қазақ үйiнiң сауатты қызы өзiнiң арыз-арманын Голощекинге жолдап, одан қайрымдылық пен адамгершiлiк танытуды өтiнiптi. Арманда кеткен асыл жарының сол тiлегiмен оқырманды таныстыра кетудi парыз санадық. Хаттың мазмұны мынандай:
«2 / VII – 29.

Голощекин жолдасқа!

Маған көмек көрсететiн бiрден-бiр адам ретiнде Сiзге хат жазып отырмын. Менiң тауқыметтi iсiме сiз ғана көмектесе алады деп көп адамнан естiдiм.

Мәселе мынада. Биылғы жылдың 14 мамыры күнi ОГПУ-дiң агенттерi менiң күйеуiм Жүсiпбек Аймауытовты тұтқындап әкеттi, оған тағылған айыптың бабына қарағанда оның қылмысының саяси астары бар екен. (Менiң күйеуiмдi ұстаған ОГПУ-дiң Шығыс бөлiмiнiң өкiлi, тергеушi Саенко солай деп айтты) Мұның әлде қалай бiр жаңылысу екенiн мен өте жақсы бiлемiн, Өйткенi, менiң күйеуiм саясатпен ешқашанда айналысып көрген емес. Ол тек қана әдеби жұмыспен ғана шұғылданды, оқу-ағарту саласына арнап оқулықтар мен таза көркем шығармалар жазып, кiтап шығарды. Ол қазақтың жаңа қарпiне байланысты Орталық Комитетте жұмыс iстедi, латын қарпiн етене кiргiзуге белсене араласты, газет беттерi арқылы еуропалықтарға қазақ тiлiнен дәрiс жүргiздi. Бұдан басқа ол қазақ ағарту институтында сабақ бердi, демек, оның саясатпен айналысуға ешқандай да уақыты болған жоқ.

Мен сiзден осы iске араласып, тергеудi тездетуге және егер мүмкiн болса тергеу бiткенше кепiлдiк арқылы босатуға рұқсат етуге көмектесуiңiздi қатты өтiнемiн, өйткенi ол ешқайда ешқашанда жасырынып әлек болмайды, себебi ол өзiнiң кiнәсiз екенiн бiледi, өзгесiн былай қойғанда, жазықсыз адамның кәдiмгi қылмыскер сияқты түрмеде отыруының өзi күйiнiштi ғой. Егерде оның денсаулығы маған сенiмсiздiк тудырмағанда, онда мен соттың әдiлдiгiне сенiп, үндемей отыра беруiме шыдамым жетер едi. Алайда ол биыл қыста ғана ауырған сүзектiң зардабынан қос өкпесi қабынып кетiп едi, сол үшiн оны өкпе ауруының емханасына есепке алған болатын. Менiң өзiмнiң де өкпем ауырады, сондықтанда сағат сайын оның өмiрiн қысқартып бара жатқанын жақсы бiлемiн, ол өзiнiң жастығымен, бiлiмiмен және қабiлетiменен қазақ пролетариатына өте зор пайда келтiрген болар едi ғой.

Менiң жан айқайыма құлақ түрiп, бiр жағынан – Қазақстандағы ең ықпалды адам ретiнде, екiншi жағынан – өзге адамның қайғысын түсiне бiлетiн адам ретiнде осы iске араласып, менiң күйеуiмдi босатуға көмектесуiңiздi тағы да өтiнiп сұраймын әрi қатты үмiттенемiн. Менiң өзiм сiзге жолығып бар мұңымды ашып айтсам ба деп едiм, ойындағыңның барлығын қағазға толық түсiре алмайсың ғой, бiрақта оған денсаулығым мүмкiндiк бермедi, менiң өкпем ауырады әрi менiң қолымда үш бала бар.

Оның өзiне де, бүкiл үй-iшiне де не үшiн екенi белгiсiз, осыншама қасiрет әкелген осынау үлкен қателiктiң бетiн қайтаруды сiзден тағы да қиыла өтiнемiн.

Сiздiң кiшiпейiлдi қайырымдылығыңызға деген сенiмiмде қаламын.

Евгения Аймауытова. 15 / VI – 29 жыл.

Шымкент, Пушкин көшесi, 5 үй. Аймауытова».
Қарапайым адамның, оның iшiнде ерiн аялаған әйелдiң үмiтi мен сенiмінен асқан қымбат ештеңе жоқ. Ерлі-зайыптылардың сыйластық сезімі төмендегі қолхаттан анық аңғарылады.

Ескерте кетеріміз, Жүсіпбектің хаттары мен тілшелерінің біразы Д.Әділевке арналған тарауда пайдаланылғандықтан да, бұл арада түрмеден үйіне жолданған жеделхаттарды берумен шектелеміз.

Бұл жеделхаттар Бутыркадан сыртқа шыққан және Жүсіпбектің тірі екендігінен хабардар ететін «жанды куәлік». Сондай-ақ Ж.Аймауытовтың қай камерада жатқанын анықтап береді. Келер күндерде қандай да бір мұрағаттық қажеттілікке жарап қалар деген ниетпен көпшіліктің қаперіне іле кетуді жөн көрдік.

«Бутырка түрмесінің комендатына № 63 камерадағы тұтқын Жүсіпбек Аймауытовтан өтініш

Әйелімнен телеграмма алуыма байланысты оған төмендегі мазмұнда жауап беруге рұқсат етуіңізді өтінемін:

Шымкент, Пушкин 5, Аймауытоваға. Бәрін тапсырып алдым. Аманмын. Бутырка түрмесіндемін. Аймауытов.

Жауап хатқа төленген түбіртекті ұсынып отырмын. Телеграмманы алғаны туралы түбіртекті маған беруіңізді өтінемін.

Аймауытов. 21/ІХ – 29 ж.» ( ҮІІ том, 375-бет).

Бұл әйелі Евгения Аймауытоваға өзінің тірі екендігінен хабардар етіп, белгі бергені. Сондай-ақ тиісті сәлемдемені тапсырып алғанын растайды.

Екінші өтініш те сол мағыналас. Онда:

«Бутырка түрмесінің комендантына Бутырка түрмесінің тұтқыны, 14 дәліздің № 63 камерасындағы Аймауытов Жүсіпбектен өтініш

Көптен бері үй-ішімнен хабар болмағандықтан да, өз есебімнен төмендегі мазмұндағы телеграмманы жолдауға рұқсат беруіңізді өтінемін.

Шымкент, Пушкин 5, Аймауытоваға. Амандықтарыңды хабарлаңдар. Шолақ тон жіберіңдер. Адресім бұрынғысынша. Аймауытов. 3/ХІІ-29 ж.» (ҮІІ том, 382-бет), – делінген.

Өтініштің бас жағына: «Қарсы емеспін 8/ХІІ-29 ж.», деп қол қойылған. Яғни бес күннен кейін барып қана жеделхатты жолдауға пұрсат берілген.

Үшінші өтініш оның жарық дүниедегі соңғы тілектерінің бірі. Өйткені тура сол күндері Ж.Аймауытов ату жазасына кесу туралы айыптау қорытындысы дайындалып, соттың үкім шығаруына ұсынылып қойған болатын.

«Бутырка түрмесінің комендантына Бутырка түрмесінің тұтқыны, 14 дәліздің № 63 камерасындағы Аймауытов Жүсіпбектен өтініш.

Маған әйелімнің жолдаған жеделхатына жауап ретінде почта телеграфы арқылы төмендегі мазмұндағы жауапты ақысыз түбіртек арқылы жолдауыма рұқсат беруіңізді сұраймын:

Шымкент, Пушкин 5, Аймауытоваға. Аманмын. Шолақ тонмен бірге бас киімді де алдым.

Аймауытов. 28/І-30 ж.» (ҮІІ том, 384-бет).

Осы өтініштің шекесіне: «Қарсымын. Басқарма көмекшісі Павлов 2/ІІ-30ж.», деп қол қойған. Бұл өтінішке қарсылық білдіруінің себебі жоғарыда айтылды. Яғни, тергеушілер үшін үкімі қойған Жүсіпбек Аймауытов өлген адаммен тең еді.

Ал өлгендер хат жазып, хабарласпайды.

Сондай-ақ, бұл жеделхат ішінара айтылып қап жүрген: «Жүсіпбек түрмеде ауырып өлген», – деген жорамалдың жалған екендігін дәлелдейді.

Жаны жаннатта болсын, жарықтықтың.
Сегізінші тарау: «АБЫЛАЙША ТІККЕН АҚЫН»

(МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ)

1.

Бәрі де қисынды. «Астыртын ұйым», “қарулы көтеріс”, “Голощекинге қастандық” – қалайда идеологиялық арандатумен аяқталуы тиіс. Сонда ғана тергеудің төрт құбыласы түгелденеді. Сондай-ақ, Мағжан Жұмабаев сияқты «өте қауіпті» творчество иесін, азулы ақынды еркіндікте қалдырудың өзі «мәдениет майданындағы» қылмыс болып табылады. Ал оған себеп дайын, тек қара күйені жағып, тонын теріс айналдыратын протокол ғана керек. Ілік «Алқа» атты әдеби үйірме. Оны ұйымдастырған Мағжан Жұмабаев, ар жағы түсінікті.



Түсініктісі сол, бұл үйірме Совет Одағындағы жүздеген әдеби-творчестволық үйірменің бірі ғана болатын. М.Горькийдің өзі «ОПОЯЗ»-ға жетекшілік етті. Пролетар жазушыларының қазақ ассосациясының құрамына тек қана кедей табынан шыққандар қабылданды. Олар Мағжан, Мұхтар, Жүсіпбек сияқты «оқып туған байшыл-буржуазиялық идеологияның құйыршықтарының тамырына балта шабу үшін» шабуылға шықты. Тіпті Сәбит Мұқановтың балтасының жүзі Абайдың өлеңдерін отап тастады, ұлы ақын есімі «қара тақтаға жазылды». КазАПП-тың жанкешті қарсылығына ұшыраған «байшыл, өткенді көксеген ұлтшылдар» – өздерін де, өнерді де қорғау үшін «Алқа» атты әдеби үйірме ашуға ұмтылды. Оның басты шығармаларын талқыға салу. Мағжанның “Батыр Баяны”, Мұхтардың «Көксерегі», Жүсіпбектің “Күнікейдің жазығы», «Ақбілек» іспетті кесек туындылар сол жылдары жазылды. Үйірме өз алдына саяси мақсат қойған жоқ. Таза өнерді қолдап, таптық мүддеден гөрі көркемдік шеберлікті жоғары қойды. «Жалаң ұраннан арылып, саф өнермен сусындауды” (М. Әуезов) мақсат тұтып, «Сана» мен «Шолпан» журналына жариялау арқылы сол идеяларын жүзеге асыруды ойластырды. Алайда мұның барлығы қиял, жоба күйінде қалды. Жоғарыдағы екі журнал көркемдік-идеялық жат ұстанымы үшін жабылып тынды. «Әйел теңдігі» мен «Жаңа мектеп» журналында жарияланған М.Жұмабаевтің өлеңдері мен Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің әңгімелері, Ә.Бөкейхановтың аудармалары жалғасын, таппай, тоқтатылды.Оның басты себебі, 1927 жылы шыққан КазАПП мүшелерінің «Құс жолы» атты жинағында «Алқа» мүшелерінің «жон терісін сыпырған» бес-алты мақала басылды. Саяси айып тағуға соның өзі де жетіп жатыр еді. Солай болды да. Ондағы айыптаулардың пәрмені сот үкімінен бірде-бір кем соқпады. Әдеби пікір алысудың өзі «жаға жыртысудың» бір түріне айналды. Әсіресе, Мағжанның ақындығы туралы жарыса жарияланған «таңқиттар» (сын) таланттың танауын тіліп жатты. Зияткер қауым еріксіз қаламнан бас тартты. Соған қарамастан көркем өнер туралы пікір таластары ушығып келіп, өлім жазасына ұласты.

Ақыры 1929 жылы 20 шілде күні Мағжан Жұмабаев тұтқындалып, жауапқа тартылды. Тергеу ісіндегі неше түрлі жала мен арыздардың, қолхаттардың, жасанды «доностардың», дәлелсіз қыздырмамен айтыла салған айыптаулардың барлығы да қызыл сөзге, даурықпаға құрылды. Ондағы беттесулердің ішінде аты-жөні кездесіп қалатын ақын-жазушылардың куәландырған көрсетінділері – олардың абырой-атағына көлеңке түсірмесе, көңілді көтермейді. Өкінішті. Бірақ шындық солай.

Жаланың жалынына қанатын күйдірген жалғыз Мағжан емес еді.

Ал, осы төртiншi «майдан мәдениет майданы» саласындағы, «Алашордашылардың» қылмаыстары мынады еді:



1. Жауапты орындарға кiрiп алып, кеңес өкiметiне жат идеяны насихаттап, оны «Алқа» арқылы жүгезе асырды.

2. Жоғары оқу орындарының шәкiрттерiне оқулықтар жазып, арандатуға ұмтылған әрекеттерiн жандандырған.

3. Әдебиеттiң таптық мүддесiн мойындамады.

4. Ұлтшы-буржуазиялық иделогиялыны көркем шығармалары арқылы насихаттаған. Сөйтiп, пролетариаттық мәдеиеттi мансұқ етіп, хандар мен феодалдық еркiндiктi, еркiн замандағы қазақтың бостандығын мадақтаған.

Міне осындай «қылмыстық желеу» олардың тұтқындалуына себеп болған. Мұның барлығы оқырманға таныс байбаламдар. Сондықтан да мәселенi тергеу барысындағы қолға түскен, тәркiге алынған хаттар мен құжаттарға сүйенiп отырып баяндаймыз.

Әрине, «жаппай құрбандық шалу» науқанына ұшырағандардың негiзгi «кiнәсi» ұлтын сүйгендiгi, ұлты үшiн күйгендiгi, ұлтының рухани мұрасын сақтап қалу жолындағы күресi екендiгi түсiнiктi. Бұл ретте тергеушiлердiң тонын терiс айналдырған сөзiн айнаға терiс түскен бейне деп ұққан жөн. Ондай дөрекi бұрмалауларға қосымша түсiнiк берiп жатпаймыз.

Сонымен, «дүние астан – кестен болды». Өмiр де, өнер де тығырыққа тiрелдi. Не iстеу керек? Ұлттың рухын өлтiрмей, жанын қалай таза ұстау керек? Бұл ұлт жазушыларын қатты ойлантты. Соның нәтижесiнде «Алқа» атты әдеби үйiрме құрудың қажеттiгi туралы. Сондықтан да ұлт ақыны:



«Қазақ әдебиетi тоғыз жолдың торабында тұрды. Артында бiр жол, алдында мың жол. Мың жолдың iшiнде өзен өрлегенi де, шөлiркегенi де, барса – келерi де, барса – келмесi де бар. Қазақ әдебиетiн мынау мың жолдың тарауына алып келiп, аңыртып тұрған – тұрмыс. Аңырып тұрған тұрмыс - қазақ тұрмысы орыс тұрмысымен, орыс тұрмысы арқылы Еуропа тұрмысымен соқтығуы; қазақ әдебиетiнiң орыс әдебиетiнiң екпiнiне, орыс әдебиетi арқылы Еуропа әдебиетiнiң екпiнiне кез келуi «тас пен жапалақтың» кез келуi. Жапалақ өлмек.

Әрине, қазақ тұрмысы қирамақ, әрине, қазақ әдебиетi өртелмек. Бiрақ, бiзге молда болатын Еуропа әдебиетiнiң өзi де бiр молда емес, мың молда. Алыстағы анау Еуропаны қоялық, көршiмiз орыс әдебиетiн алалық. Оның да өткен дәуiрлерiн бүркеп, осы күнгi дәуiрiн алалық. Осы күнде пролетариат төңкерiсi дәуiрiнде, кеңес өкiметiнiң өзiнде орыс әдебиетiнiң мың бағыты бар. Бәрiнiң жалауы қызыл, ұраны – төңкерiс, алды – ортақшылдық сықылды... Алайда, искусство, ән – оның бiр саласы. Әдебиет туралы түрлi бағыттың (өзiнше – Т.Ж..) бiр ұғымы бар. Искусство бар, ән болмақ, деген бағыттан бастап; искусство жоқ, ән болмақ емес, бұрын болса да бұдан былай болмақ емес, болуға тиiстi емес, деген бағытқа шейiн бар.

Оның iшiнде, бiз дүние астан-кестен болған заманның адамымыз. Жұмыр жердiң бетiндегi шiрiк қауды өртеп, өртең шығару үшiн қылыш, найзаны қолдан түсiрмей, майданда жүрген әскердеймiз. Әйелiмiз де, ерiмiз де саясатшылмыз, шаруашылмыз, әдебиетшiлмiз, тегiс әскермiз. Әскер болуға мiндеттiмiз. Төңкерiс iсi осыны тiлейдi. Тұрмысы да осыны тiлейдi.

Бiрақ майдандағы әскердiң әрбiр тобының да, әрбiр таптың да бес мiндетi болмақ. Әрбiр топ өзiнiң iсiн дұрыс атқарса ғана, жалпы әскер соғыста ұтып шықпақ. Бұл топ өз мiндетiн атқара алмаса, өз мiндетiн ұмытып, көптiң дүрмегiмен, айғай-аттанның желiгiмен лап қойып кете барса, майдан құр ойранға айналмақ. Қазақтың жазушылары да аз әскердiң кiшкене бiр қанаты. Үркердей бiр тобы. Бiрақ олардың мойнында жалпы әскерлiк мiндеттен басқа бес мiндет бар: Жазушылықтың, ақындықтың өз мiндетi бар. Жазушыларымыз әскерлiк мiндетiн бiлiп, ақындық мiндетiн бiлмесе, атқара алмаса ақын емес. Ақындықты бiлiп, әскерлiктi бiлмесе әскер емес.

Қазақ елi Еуропа мәдениетiнiң көзiмен қарағанда мәдениет қоры, әдебиет қоры жоқ, кедей ел болғандықтан, бiздiң жазушыларымыз әскерлiк, азаматтық мiндетiн ұмытып, құр ақындыққа қадалып қалуы мүмкiн. Әсiресе, ақындық мiндетiн бiле алмай, жалпы айғайдың екпiнiмен кетуi де мүмкiн. Әдебиеттi айғай ғана деп, ақындықты – үгiт-насихат қана деп ұғуы. Мысалы, әдебиет, не дiншiлдiк бәдуамы, не дiнсiздiк деп, әйтеуiр, бәдуәм деп ұғуға мүмкiн... Үлгi боларлық орыс әдебиетiнiң түрлi тарауының тұрақсыз бiр тарауына, не барса келмесiне, не ұзамай құрып кететiн сиырдың шұбырындысына түсiп кетуге мүмкiн. Осы мүмкiндiктердiң шет пұшпағын көрiп, әдебиет қазанының бiр құлағына жармасып жүрген, тоғыз ойланып, тоқсан толғанып, төмендегi пiкiрлердi ортаға салуымызды борышымыз деп бiлдiк.

Бұл құрғанымыз сегiз қанат боз орда, алты қанат ақ отау емес, «абылайша». Майдан анық, жорық дәуiрiнде дағарадай орда да, айдан ақ отау да құрып отыруға болмайды. Аттан дәуiрiне «абылайша» керек. Жорық «абылайшасы» керек (жорықта тiгiлетiн қос). Басы жаңа тұрмыс орынына «абылайша» қалып, бәрiмiз сиятын боз орда тiгiлер. Бұл келешектiкi. Әуелi баспана «абылайша!». Оқушы! Жақсы келдiң. «Табалдырықты» аттап, төрге шық. «Алқаға» кiр!» деп ұран тастады.
Бұл – «Алқа» әдеби үйiрмесiнiң «Табалдырық» атты бағдарламасының кiрiспе үндеуi болатын. Оны жазған – ақын Мағжан Жұмабаев болатын.

Ақындық асқақ көңiлмен екпiндете жазылған бұл үндеудiң астарында терең мән жатыр едi. Ол тұстағы әрбiр науқанның өзiн «майдан» деп атау рәсiмге кiрiп кеткендiктен де, әр саланың адамдары өзiн «әскер есебінде» сезiнуi заңды және мұны Мағжан жарым-жартылай мысқылмен айтып отыр. Негiзгi түйiнi:

Бірінші қалайда Мәскеудегi әріптестерi сияқты бiр көркемдік мақсатты ұстанған өнер адамдарының басын бiрiктiруді тiлеген ниетте жатыр. Өйткенi сол тұстағы жалаң әлеуметшiлдер мен қызыл жалаулы «жасасыншылдар» мәдениеттiң түп тамырына балта шауып, ежелгі мұраның бәрінен бас тартты. Тек қана «жасасынды» желеу еттi.

Бұл өнердi өлтiрудiң ең бір отамалы шарасы едi.

Екiншi, дәл осыны жазардың алдында Мәскеудегi қазақ оқығандары мен студенттерi жиналып, Мағжанның шығармаларын қазақ кедейдерiне қарсы үгіт-насихат құралы, деп есептеп, оны жарияламауға қаулы қабылдап, барлық баспасөздерге хат жазған болатын.

Ақынның намысын қоздырған және оны «Алқа» атты әдеби үйiрме құруға мәжбүр еткен де сол жағдай.

Ол майданға «жеке әскер» ретiнде емес, «абылайшасы» бар әдеби топ ретiнде аттануға қамданған. Сондықтан да ол өзiнiң ойын айқындай жазып, қанаттас қаламгерлерден ақыл-кеңес сұрады.

Тергеушiлерге берген жауабында М.Жұмабаев:



«Алқа» үйiрмесiн құруды студенттердің талқылауынан кейін ойыма алдым және оның «Табалдырық» атты бағдарламасын 1924 жылы желтоқсанның аяғында баста, 1925 жылы қаңтар айының басында жазып бітірдім. Бағдарламаны сол кездегi Мәскеу студенттерi Сәрсенбин мен Сегiзбаевқа оқып берiп, талқылаттым, өзгертулер енгiздім. Содан кейiн барып жан-жаққа тараттым», деп жауап берген.

Әрине, тергеушiлерге: «Алқаның» алдына қойған ешқандай саяси мақсаты жоқ, тек қана әдеби мүддеден туындады, деген лаж айтады. Бұл орынды да, өйткені, негiзiгi мақсат – өнерден туындап отыр. Бiрақ та тергеу барысында анықталғанындай, бұл Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов қағыс қалатындай елеусiз iс емес едi. Мұнда ұлттың мәйектi мүддесi жатқан. Бұл жөнiнде Ахмет Байтұрсынов 1929 жылы маусымның 18 күнi берген жауабында:



«...Қазақ әдебиетiнiң ағымдары туралы мәселенi мен ешкiммен де бiрiгiп талдағам жоқ. Оның iшiнде, Мағжан Жұмабаев жасаған әдеби платформаны Бөкейхановпен бiрiгiп оқыған емеспiн. Қалай болған күннiң өзiнде, мен Мәскеуге барған кезiмде Мағжан Жұмабаевты Бөкейхановтың пәтерiнен көрмегенiм анық, сондай-ақ Жұмабаевтың да пәтерiнде болғаным жоқ… Сондай-ақ, «Табалдырық» әдеби үйiрмесiнiң бағдарын оқығаным да есiмде жоқ. Әрине, әдеби шығармаларды оқыған болармыз, алайда ешқандай қолжазбаның болғаны жадымда сақталмапты, ал Сәрсембиннiң газетте жарияланған мақаласы есiмде. Мен Мәскеуде болған кезiмде оны Жұмабаевпен көрiп қалғаным бар. Орынбор қаласында тұрғанымда Сәрсембин менiң үйiме келген емес. Әйтеуiр, менiң жадымда қалмапты. Тiптi, өлкетанушылардың құрылтайынан кейiн соның өзiн көрдiм бе, жоқ па, бiлмеймiн. Жұмабаевтың әдеби бағдарын талқылауға арналып Алдыоңғаровтың үйiнде мәжiлiс өткендiгiнен бейхабармын, тiптi, Алдыоңғаровтың үйiне бiр рет бас сұққан жоқпын», дейді.
Философия ғылымында «терiске шығуды терiске шығару» деген категория бар. Сөздi ойнату арқылы ұғымды тұмандату сияқты көрiнгенiмен, өмiрдiң қайшылығын терең талдайтын және соны түсiндiретiн қарама-қарсы ойлардың шарпысуынан туған парасаттың пайымы. Ұлттың рухани көсемi Ахмет Байтұрсыновтың жауабынан ғылыми тұжырым суыртпақталып шықпағанымен де, осынау қысқа ғана айғақтан оның ойлау жүйесiнiң күрделi құрылымы мен ақыл сарасы анық аңғарылады. Ол тергеушiлердiң барлық сұрақтары мен боспаларын жоққа шығарып отыр. Сол арқылы өзгенi де, өзiн де оқшаулатып, адамдардың арасындағы көзқарас бiрлiгiн қасақана ыдыратып жiберiп, оларға тағылатын ортақ айыптан құтқаруды көздеген.

«Алаш iсiнiң» жалғасы болатындығын және оның мiндеттi түрде рухани мәселенi қамтитынын бiлген. Сондықтан да, М. Тынышбаевтің, Х. және Ж. Досмұхамедовтердің, М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің, Қ.Кемеңгеровтiң тұтқынға алынуынан бiр жыл бұрын оларды арашалап, екi топтың «қылмыстық iсiн» бір-бiрiне байланыстырмаудың бар шарасын қарастырған. «Алқа» әдеби үйiрмесi мен оның «Табалдырық» атты бағдарламасына ешқандай қатысы жоқ екендiгiн үзілді-кесілді мәлiмдейдi. Бiрақ та өзiнiң көзқарасын ашық айтады. Демен: «Күйсек, бiз күйейiк, сендер өздерiңдi сақтаңдар. Елге екi сөз айта алмаймыз. Ал сендер келешек үшiн керексiңдер», деген сөзiн iс жүзiнде дәлелдеген.

Тiптi, Мағжанның өзiн Әлихан мен Мiржақыптан бөлiп тастайды. Әйтпесе, жоғарыдағы жауаптың әр сөзi «Алқаның» негiзгi бағыттарының бiрi болғандығы бағдарламадан анық байқалады.

Мұны Мағжан да түсiнген. Сондықтан да тергеушiлердi «жалған iзге» салып, әр адамның iс-әрекетiн дербестендiруге тырысқан. Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Мiржақып Дулатов пен Мағжан Жұмабаевтың, Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтiң ұлттық рухани тұтастығын және олардың бiр бағытта, бiр майданда күрескенiн досы да, дұшпандары да мойындады. Алайда саяси күреске әбден шыныққан алаш қайраткерлерi өздерiнiң достығын, ұлы мақсатын ұлтының қаскүнемдерiне ашып бергiсi, Абайша айтқанда, «ақ көңiл, ашық жарқын боламын деп, көрiнгенмен жыртақтағысы» келмедi. Қосақ арасында қоса кетпей, қалайда бiр-бiрiн сақтауға тырысты. «Терiстеудi терiстей отырып», ұлттың мәйегiн аман алып қалуға ұмтылды.



Бұл тәсiлдi жауап беру барысында Мағжан да қолданды. Ол өзiнiң түсiнiктемесiнде:

«Байтұрсынов пен Бөкейхановтың жалпы әдебиет, оның iшiнде әдеби сын туралы көзқарастары менiң пiкiрiммен үнемi қайшы келiп отырды. Өз басым әдебиеттi рухани толысуға, рухқа, рухани құштарлыққа қызмет етедi деп есептедiм, ал жоғарыда аты аталған адамдар: әдебиет – ең алдымен халықты жаңа бағытқа, жаңа iске шақырады, оларды үгiттейдi, – деп түсiнедi. Әдебиеттi – өнер, – деп емес, насихатшы құрал, – деп қабылдайды. Мiне, осындай пiкiр қайшылықтарының нәтижесiнде жолымыз екi айырылды. Осыған орай «Тоқсанның тобы» деген толғау жаздым, мұндағы негiзгi ойым: тоқсан деп көрсеткенiм – қалың бұқара халық, қалған оны – еңбексiз күн көретiн тоғышарлар...

Осы толғау арқылы болып жатқан төңкерiске өзiмнiң көзқарасымды бiлдiрдiм. «Алқа» атты үйiрменiң бағдарламасын сол толғау арқылы насихаттадым. Бұл толғауды Оқу-ағарту халық комиссариатының Ақмоладағы бұрынғы төрағасы Молдағали Жолдыбаевқа жiбердiм. Сонымен қоса «Толғау» атты өлеңмен жазылған бағдарламаны да қоса жолдадым. Ол «Толғау» баспасөзде жарияланбаған күйiнше қалды. Аты аталған ұзақ толғауымда өзiмнiң бүкiл өмiрiмдi, жiберген қателiктерiмдi, оңды-солды толқуларымды, соқпақсыз жолдарымды, тұтастай жалпылама баяндап шықтым.

Ақыры «Алқа» үйiрмесi ұйымдастырылмай, аяқсыз қалды», – деп көрсеттi.
«Алқаның» «Табалдырық» атты бағдарламасын Мағжан Жұмабаевтiң Жүсiпбек Аймауытовқа жiберуi заңды да, орынды да едi. Бұл Аймауытовтың айы оңынан туған дүлдүлдi шағы болатын. Мағжан жолдаған бағдарламаны қалай алғаны туралы түрме тергеушiсiне Жүсiпбек:

«24 / VI – 29 жыл. Мен «Алқа» үйiрмесiнiң бағдарымен бiрiншi рет 1925 жылдың басында Орынбор қаласында мынадай жағдайда таныстым.

Мен Ташкент қаласында шығатын «Ақ жол» газетiнде iстейтiнмiн, содан Орынбор қаласына демалысқа келдiм. Сол жолы редакцияда Сәрсембинмен кездесiп қалдым, ол өзiнiң менде жұмысы бар екендiгiн айтты. Екеумiздiң сөзiмiздi Алдыоңғаров тыңдап отырған болатын, содан кейiн бiз соңғы адамның (Алдыоңғаровтың – Т.Ж.) пәтерiнде кезiгуге уәделестiк. Сәрсембин: «Онда бiзден басқа да бiрнеше адам болады», дедi. Сөйтсем Алдыоңғаров үйiрме бағытымен (платформасымен) таныс екен. Келесi күнi, әлде сол күнi ме, әйтеуiр түс әлетiнде бiз Алдыоңғаровтың үйiнде жолықтық, онда – Сәрсембин, Алдыоңғаров, Сегiзбаев, мен аты-жөнiн бiлмейтiн тағы да басқа адамдар отыр екен. Менiң ойымша, олар қостанайлық студенттер болуы керек. Сәрсембин «Алқаның» бағдарын оқып шығар алдында «Мұны Жұмабаевтың қатысуымен мәскеулiк студенттер жазған» деп түсiнiктеме бердi. Кейiннен Жұмабаевпен хат алысудың барысында ол бағдарды жазған Жұмабаевтiң өзi екенiн бiлдiм, себебi оның маған жолдаған бағдарының үлгiсi әлгiден айнымайды. Бұл iске Бөкейханов Әлихан мен Байтұрсынов Ахметтiң қатысының бар-жоғын бiлмеймiн, ол туралы Сәрсембин ештеңе деген жоқ. Ол маған бұл бағдарды Байтұрсыновқа оқып бергенiн айтты, бiрақ бұл жөнiнде Байтұрсыновтың не дегенiн бiлмеймiн. Бағдарды Сәрсембин тағы кiмге оқып бердi, одан да хабарым жоқ. Бағдарды оқып болғаннан кейiн, өзiм келiспейтiн бiрнеше тармағын қағазға түртiп алдым да, бұл туралы пiкiрiмдi Жұмабаевтың өзiне тiкелей жазып жiберемiн, дедiм. Ол тармақтарда не жөнiнде айтылғаны қазiр есiмнен шығып кетiптi.

Қатысқандар Сәрсембиннен: «Алқа» сияқты үйiрмелер өзге жерде бар ма, ондайды ұйымдастыруға мүмкiншiлiк бола ма?, – деп сұрады. Оларға Сәрсембин: «Мәскеуде орыс жазушыларының «Алқа» iспеттi үйiрмелерi бар, «Алқаны» ұйымдастыратын күш те бiзде бар», дедi. Сөзiнiң соңында Сәрсембин: «Кiмде-кiм үйiрменiң бағдарымен келiспесе және оған мүше болғысы келсе Мәскеудегi Жұмабаевқа не Сәрсембинге хабарлассын», дедi.

Содан кейiн мен өзiмнiң әдеби бағыттардың ағымдарымен таныс емес екенiмдi айтып, Жұмабаевқа осы мәселе турасында жазылған кiтаптарды жiберудi өтiндiм. Ол маған «Символизмнен бастап қазан төңкерiсiне дейiн» деген кiтапты жiбердi...» – деп жауап бердi

Өмiрiнде де, өнерiнде де шындықты ту қып ұстап өткен Жүсiпбек Аймауытовтың бұл жауабында ешқандай жала да, жалтаң сөз де жоқ. Олар «Алқа» үйiрмесiнiң бағыт-бағдарын ашық мәлiмдеп, ондай ниеттiң болғанын бiр ауыздан тайсақтамай мойындайды. Өздерiне пәлендей кесiрiн тигiзедi, айып ретiнде тағылады, үйiрменi астыртын ұйым ретiнде бағалайды деп қауiптенбегендерi байқалады.

Алайда, қандай да қолға iлiнетiн суыртпақты iздеген кеңестiң кекшiл тергеушiлерi мұны мүлдем басқаша баяндап, контрреволюциялық ұлтшыл әрекеттiң қатарына жатқызды. Мұны олардың барлығы да кеш, өте кеш, айыптау қорытындысымен танысқанда бiр-ақ бiлдi.

М.Әуезов: «Бұл декларацияның мазмұнынан ұққаным: үйiрме ашық жұмыс iстеу керек екен және баспасөзге араласуы керек көрiнедi, өйткенi өзiнiң бағыт – бағдарынан байқалып тұрғанындай, М. Жұмабаевтiң бұрынғы көзқарастарына қарағанда мүлдем басқаша, мазмұны жағынан солшылдыққа жақын, бүгiнгi күнге бейiмделе жасалған едi. Жұмабаев бұл бағдарлама (платформа) туралы маған баспасөз бетiнде пiкiр бiлдiруiмдi өтiнiптi, бiрақ та мен олай iстемедiм және оған жауап хат жаздым, мазмұны толық есiмде жоқ, бiрақ та: әдеби мектептiң өмiр сүруi аса қажеттi, көкейкестi мәселе. «Алқаның» талап-тiлектерiн қостаймын, кейбiр дiттеген ұсақ мәселелер жазушылардың кеңесiнде талқылануы тиiс – екендiгiн ескерттiм. Жұмабаев екеумiз бұдан кейiн де хат жазысып тұрдық, мен оған шақыру, қалайда кеңесу керек екендiгi туралы жаздым, алайда «Алқа» жөнiндегi мәселе бiрте-бiрте өшiп тынды. Қандай да бiр астыртын ұйым туралы ештеңе естiгенiм де жоқ, бiлмеймiн де».

Қат-қабат хатталған көп томдық тергеу iсiнiң iшiндегi жауаптардың арасынан «Алқа» әдеби үйiрмесi жөнiндегi барынша толық тоқталған жауаптың бiрi осы. Мұнда Мұхтар Әуезов өзiнiң көзқарасын ашық бiлдiредi. «Алқаны» ешқандай күдiксiз-ақ ақтап шығады. Тергеу iсi жаңа басталғандықтанда, бұл мәселеге Голощекиннiң және барлық жазалау мекемелерiнiң қандай астарлы мән берiп отырғандығын аңғармаса керек. Кейiнгi тергеулердегi пiкiрлерiнде оған барынша елеусiз етiп жауап берген.
3.
Жоғарғы соттың анықтамасынан: «...Жұмабаевты, Омаровты, Байтасовты және Жәленовті “Алқа” атты жасырын, ұлтшыл бағыттағы әдеби үйірмені ұйымдастырды және оның жұмыстарына қатысты деген айып та негізсіз. Бұл әдеби үйірме болғандықтан да, өзінің алдына совет өкіметін құлатуды, немесе оған қастандық жасап, күшін әлсіретуді мақсат етіп қоймағаны, сондай-ақ контрреволюциялық қылмыстарды жасауға шақырмағаны тергеу материалдарынан-ақ көрініп тұр. Аталған үйірме мүшелерінің әдеби шығармаларында да мұндай іс-әрекетке шақырған үндеулер кездеспейді. М. Жұмабаев осы үйірменің жетекшісі болғанымен де, өзінің алдына контрреволюциялық мақсат қойған жоқ».

Сөйтіп, “Алқа” алқадан тұзаққа айналды.

2.

Әлихан Бөкейхановтың араласуымен Мағжан бір рет тұзақтан құтылды. З.Жұмабаеваның естелігіне жүгінсек: Ә.Бөкейханов Мағжанның зайыбы Зылихаға арыз жазып беріп, оны М.Горькийге және оның әйелі, Қызыл крест қоғамының төрайымы, актриса Екатерина Павловна Пешковаға жолықтырған. Түрлі мекемелерге кіргізген. Қаржылай көмек көрсетіп, кешірім жасалуына дәнекерлік еткен. Сөйтіп, Мағжанға ресми түрде мұрсат беріліп, уақытша бостандыққа шыққан:



«ССР Одақтық орталық атқару комитеті пизидумының 14/ІV – 1934 жылғы мәжілісінің № 72 хаттамасы. «34»

ОГПУ коллегиясының 4/ ІV – 30 ж. күнгі үкімі бойынша 20/ VІ – 29 ж. күнгі қаулысымен 10 жыл концлагерге кесілген Мағжан Жұмабаевқа кешірім жасау туралы ұсыныс (№ П-443-41 іс) мақұлдансын. Концлагердегі тұтқындалу мерзімін жеті (7) жылға қысқартылсын.

ССР Одағының ОАҚ-нің хатшысы үшін: А.Медведов

Көшірме Сибирьлагка жіберілсін» (ҮІІ том, 441-бет).

Бұл Қаулы Мағжанның тұтқында болған Свердловскідегі лагерге жіберіледі:



«ОГПУ-дің Свирлаг басқармасының ПВШ-сына Лодейноеполе қаласы. 28 апрель.

ССР ОАК-нің Призидумы мәжілісінің азамат Мағжан Жұмабаевтің № П-443-41 ісі туралы 1934 жылғы 14 сәуір күнгі № 72-91 қаулысының көшірмесі жолданып отыр.

Анықтама: ОГПУ коллегиясының 26/ІV-34 жылғы қаулысы» (ҮІІ том, 440-бет).

Осы томның 439 бетінде ОГПУ коллегиясының:

«ССР ОАК Президумының 14/ІV-1934ж. Қаулысы орындалуға жіберілсін», - деп жазылған (Осымен қатынаспен ҮІІІ том аяқталады).

Бұл Қаулы араға екі жыл салып барып күшіне енді.

Бір бой жызып қалса да, аңду мен тіршіліктің мұқтаждығынан құтылмаған Мағжанды алда қысқа ғұмырдың күдікті күндері тосып тұрды.

Енді ішінара аталмай қалған екі-үш адам жөнінде мәлімет бере кетейік.


АБДОЛЛА БАЙТАСОВ


Байтасов Абдолла – 1900 жылы Қостанай округінің Бақбаққара ауданында туған. Білімді. «Жас алаш», “Жас қайрат” газеттерінің белсенді авторы. Ағарту, сауат ашу, әр ғылымның саласындағы кітаптар жөнінде мақалалар жазған. Саяси экономия қақында пікір қозғаған.

Абдолла Байтасотың бар айыбы – Даниял Ысқақовпен бірігіп «Көркем әдебиет туралы» мақала жазып, оны « » газетінде жариялаған. Онда әдебиет – адам тағдырын бейнелейтін көркем өнер. Ол адамның психологиясы ұлттан тыс қалыптаспайды. Өйткені ол ұлт ішінде тірбиеленіп өседі. Сондықтан да әдебиет – ұлттық өнер және ол таптық тартыстан, партиялық принциптен тыс болуы тиіс – деген ыңғайда пікір білдіреді.

Әрине «мәдениет майданындағы» мұндай дұшпандық пікірлер жазасыз қалмайды. Алайда А. Байтасовты «ұлтшыл-контрреволюционерлер» мен «басмашылардың» қатарына қосқан өзінің қызылжарлық жерлесі Б.Байғасқиннің:

« », деген көрсетіндісі.

Сол үшін де отызға енді толған есіл ер қалған өмірін айдауда өткізіп, ақыры ату жазасына кесіледі.

Міне, ІІІ томда тіркелген тергеу ісінің реті мен ұзына мазмұны осындай.

Көркем әдебиет, өнер, тарих, оқу-білім, ғылым, баспасөз, ұйым, қарулы көтеріліс туралы түрме әфсаналары М.Тынышбаев, Х. және Ж. Досмұхамедовтер, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев, М.Әуезов бастатқан 30 адамның тергеу ісі қамтылатын екінші кітапта талданатындықтан да, Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаевтің, А.Байтасовтың жауаптары мен көрсетінділерін іркіп қалдық. Тергеу тергеу ісінің расмияттық ретін сақтау үшін ғана қысқаша шолу жасалды.

Арналы әңгіме ... алдағы кітапта.

Eндi тергеу барысында бұдан басқа қандай заңсыздықтар жiберiлгенiне көз жiберейiк.

Қазақ ССР Жоғары сотының анықтамасынан: «Жоғарыдағыларға қоса осы iс бойынша Қылмысты тергеу Кодексiнiң ережесi өрескел бұзылған: қылмысты iс қозғау туралы тиiстi қаулы қабылданбастан-ақ, тергеу жүргiзiлген және ол тек қана айыптау әрекетiн көздеген. Барлық айып тағылғандарды прокурордың санкциясынсыз және соған лайық дәлелдi негiздерi жоқ бола тұра түгелдей тұтқынға алған.


Барлық адамдарға тағылған айып қылмысты iстер жөнiндегi заңға сүйенбестен-ақ жүргiзiлген. Тергеу бiр жылдан аса уақытқа созылса да, алдынала тергеу мен айыпкерлердi арнайы күзетпен түрмеде ұстау туралы кесiмдi мерзiм ұзартылмады. Тергеу барысында контреволюциялық ұйымның болғаны туралы: оның программасы, уставы, iс-әрекет мақсаты және оны жүзеге асыруға ұмтылған нақты шаралары жөнiнде ешқандай да обьективтi деректер анықталмады.

Тергеу аяқталғаннан кейiн оның материалдары айыпкерлерге таныстырылмады және олар өздерiн қорғау құқығынан айырылды. Iс осы қалпымен және айыптау қорытындысы шығарылмастан, сотқа қатысы жоқ мекемелердiң қарамағына жiберiлдi, ал олар сол бойынша «сырттай үкiм шығарды».

Осындай жағдайда Байтұрсынов және басқа да адамдар заңсыз түрде қылмысты iске тартылып, жазықсыз жазаланды.

Жоғарыдағы баяндаған жайдың негiзiнде Қазақ ССР қылмысты iстер кодексiнiң 375 статьясын жетекшiлiкке алып, Қазақ ССР Жоғары сотының қылмысты iстер жөнiндегi коллегиясы мынаны анықтады... »

Соттың ол анықтамасынаң мазмұны бәрiмiзге белгiлi. Сол шешiмнiң арқасында «Алашорда iсiне» қатысты адамдар ақталып, әлеуметтiк әдiлеттiлiк орнады.

Ал, СССР Халық Комиссарлары Советiнiң жанындағы ОГПУ-дың коллегиясының 1930 жылы 4 апрельдегi қаулысы бойынша:


– Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мер – Якуб, Есполов Мырза - Ғазы, Әдiлев Дiнмұхамед (Дiнше), Аймауытов Жүсiпбек, Болғамбаев Хайретдин, Бiрiмжанов Ғазымбек, Ғаббасов Халел, Юсупов Ахмед-Сафа.

– 1921 жылы Орынбор қаласында контреволюциялық ұйым құрып, Орта Азиядағы пантюркистiк ұйымның бастығы Валидовпен байланыс жасағаны үшiн;

– Далаға барып қарулы көтерiлiс ұйымдастыру туралы жиналыс өткiзгенi және далаға сiңiп кетуге дайындалғаны үшiн;

– 1927 жылы ВКП(б) Қазақ өлкелiк комитетiнiң сектетары Голощекинге қастандық әрекет жасауға тырысқаны үшiн;

– Юсупов А. С. – ОГПУ-дiң құпия тыңшысы бола тұра, Бiрiмжановтың Валидовке кеткенiн хабарламағаны үшiн;

РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң

– 58 статьясының 2, 4, 8, 11, 13 тармағы бойынша:



– Ату жазасына кесiлдi.

– Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битiлеуов Дамолла «Алқа» атты жасырын, ұлтшыл үйiрме құрғаны үшiн;

– РСФСР қылмысты iстер кодексiнiң 58 статьясының 4, 11, тармағына сәйкес – Жазаның ең ауыр түрiне кесiлiп, ол жаза 10 жыл концентрациялық лагерьде өтеу туралы үкiммен алмастырылды».

Атуға бұйырылған төрт адамның Ахмет Байтұрсыновтың, Мiржақып Дулатовтың, Мырзағазы Есполовтың, Қазымбек Бiрiмжановтың iсi 1931 жылы 13 қаңтарда қайта қаралып, ең ауыр жаза түрмемен алмастырылды. Олар он жылға бас еркiнен айырылды. Ал, Халел Ғаббасов, Жүсiпбек Аймауытов, Дiнмұхамед Әдiлов, Хайретдин Болғанбаев, Юсупов Ахмед Сафа атылып кеттi. 1920 жылы 3 июндегi ВЦИК-тің президиумының указы бойынша оларға жасалған кешiрiм де сол күйi ескерiлмей қалды.

Отызыншы жылдардағы саяси сахнадағы ойынның шиеленiстi, тартысты болғаны сондай, заң ережесi, адамгершiлiк нормасы, партиямен өкiмет қаулылары аяқ астында тапталып, жаппай жазалауға ұласты. Кiмдi кім жеңдi – мәселе осыған келiп тiрелдi.

Өкiнiшке орай, бұл «қара дауылдың» алғашқы аласапыраны едi.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет