ТӨРТІНШІ ТАРАУ: «ЖЕТІЛМЕГЕН ЕЛДІҢ БАЛАСЫ...»
(ЖҮСІПБЕК АЙМАУЫТОВ)
1.
Сонымен, «Дала қарақшысы», «Өзі де – ақ, сөзі де – ақ» атты ілгерідегі бөлімдердің мазмұнын орағытып өтсек, астыртын контрреволюциялық ұйымның қастандық әрекеттері ашылмады. Дінше Әділевтің көрсетіндісі бойынша Міржақып Дулатовпен қоса Жүсіпбек Аймауытовтың «ылаңкестікке, қастандыққа» тікелей қатысы бар екенін анықтай алмаған тергеушілер, енді тергеу тәсілін күрт өзгертті. Арандаудың ең нәзік әрі жүрек шошытарлық тапты. Олар тікелей Голощекиннің өзін “қарауылға” алды. Әсірелеу емес, нақ солай:
«Кіші октябрьдің» авторын – Голощекинді қастандықпен өлтіруді ойластырды», «қырда көтеріліс ұйымдастыруға әрекеттенді», – деген айып аяқ астынан табыла кетті.
Бұл идеяның авторы кім? Егер де, Филипп Исаевичтің өзі мақұлдамаса, тергеушілердің бір де біреуі басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлауы мүмкін бе? Қайдам. Ал, Голощекин бұл лақап арқылы өзінің беделінің өсетінін білді. Біріншіден: бұл кеңес өкіметіне және оның көсемдеріне бұлтартпайтын айғағы бар ашық жаулық. «Айыпкерлердің» кез-келген пікірі айғаққа жарап жатыр. Екіншіден: «социализм дамыған сайын, тап күресі шиеленісе түседі»,– деген Сталиннің пікірін «дәлелдейді». Үшіншіден: «Голощекинге қастандық жасауға ұмтылуы тегін емес. Демек ұлтшылдардың жанына тиетін бір түйіткілдің болғаны. Ендеше қалайда «Кіші октябрьді» жүзеге асыру қажет», – деп шешкен. Әрине, бұл жай ғана болжам. Бірақ шындықтың да сілемі жоқ емес. Өйткені Голощекин әрбір отырыста: өзіне қастандықтың жасалатынын жиі еске салып, мәжілістерде де қайталауды ұнататынын басқаша қалай түсінуге болады?
Ең шетін мәселе – Байтұрсынов бастатқан «контрреволюционерлер» Голощекинге қарсы қастандық ұйымдастырды ма, жоқ па? «Ұйымдастырған» екен. Оны да «айтып қойған» – Д. Әділев боп шықты. Бұл жолғы салмақ, яғни, қорғану кезегі – Жүсіпбек Аймауытовқа түсті. 1929 жылы 20 мамыр күні тұтқынға алынған Жүсіпбек Аймауытовқа:
«1927-1928 жылдары Әділевтің бандысымен астыртын байланыс жасап қырда қарулы көтеріліс ұйымдастырмақ болған», – деген айыптың тағылуы соған дәлел.
Бұл – тергеудің үшінші желісі. Ал, оның қандай тарихи астары бар еді?
Д.Әділев (жалғасы): «Театр директоры ретінде күш-қуатымды аямай жұмыс істедім. Бірақ мен отставкаға сұрандым да Ташкентке кеттім. Орныма Әли Байсейітов тағайындалды. Содан Қаратауға барып қырда біраз дем алдым да, Қызылордаға келген соң Аймауытов екеуміз Мәскеуді көріп келуге кеттік. Мәскеуде Свердлов алаңындағы екі қабатты Кеңес үйінде тұратын Қожановтың пәтеріне түстім. Мәскеуде он күн тұрдым. Қожановтың әйелімен, ұлымен, Түркістандық бір қазақпен үлкен театрға бардым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. «Руслан мен Людмила» операсын көрдім. Келесі күні Қожанов мені шығарып салды. Москваға келе жатқанымызда, жолда поезда Смағұл Сәдуақасовпен кездескемін. Әңгіме барысында ол: өлкелік комитеттің мәжілісінде Голощекинмен және басқа да бюро мүшелерімен қатты ұрысып қалдым, – деген болатын. Мен мұны Қожановқа айттым. Ол содан кейін Аспандияровқа және Қазақстанның Москвадағы өкілі Досовқа хабарласты. Олар қонақ үйде біраз әңгімелесті. Аспандияров тапаншаның біренше оғын Қожановқа берді. Қайтарда Арыс бекетінен Шымкенке түйемен келіп, одан Әулиеатаға соғып, ауылға бардым...
1927 жылы өзімінің жақын туыстарым Мұқатай Бейсенбаев пен Нұрлан Кәрібаевті ертіп Қызылордаға келдім. Қаладан шеткері орналасқан станцияның түбіндегі Алпысбайдың үйіне орналастым. Сол үйге Дулатов келді. Әңгіме барысында: ССРО мен Англияның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың үзілгенін, соғыс бола қалған жағдайда Кеңес өкіметінің құлайтынын сонда естідім. Байсейітті түрмеден алып шыға алмадық. Коллегия мүшесі Қадырбаевтің кепілдігімен ғана босатты. Кейіннен оның ісін Ақмола уезінде – Петропавл қаласында қарайтыны белгілі болды. Содан кейін Байсейіт елге шығып кетті.
Бұл 1927 жылдың күзі болатын. Біздің ауыл Сарысудағы жайлаудан Шу бойына көшкен еді. Түркістаннан ауылға бір өзбек келіп: «Қожанов Мәскеуден келді. Ол: Әділевтер көзге түссе міндетті түрде ұсталады. Неғұрлым шет жүргені дұрыс», – деп сәлем айтыпты. Сонымен 1928 жылдың көктемі де келді. Ауыл солтүстікке қарай жайлауға көшті. Қожанов Ташкентке келді дегенді естіп: «Мүмкін мені Өзбекстанда қызметке алар немесе шетелге баруға жолдама берер», – деген үмітпен туысым Нұрлан Кәрібаевті ертіп жолға шықтым. Ағабек Байдуллаевтің ауылына келгеннен соң Ордабай Жақыпов деген милициядан оның тұтқынға алынғанын естідік. Біз Шымкентке суыт жүріп кеттік.
Жүсіпбек Аймауытов Шымкенттегі Казпедтехникумда сабақ беретін. Ақшамда оның пәтерін тауып алып, терезесінен дауыстап шақырдым. Ол жазуын қоя сап сыртқа шықты. Ол мені дауысымнан таныпты. Ташкентке – Қожановқа жолығуға бара жатқанымды айытым. Ол: «Сенің ашық жүруің өте қауіпті. Байдуллаевті босатып аламын десең – өзің біл. Бірақ Ташкентке барма. Қожанов пен Дулатовқа айтатын сәлеміңді менен айт»,– деді. Біз сонымен тарқастық. Ағабек пен Отарбайды ертіп Сұлтанбекке бардық. Ол: «Таңертең Ағабек амбулаторияға барады. Сонда атты дайындап қойыңдар да, өздерің оны қаланың сыртынан күтіңдер», – деді. Біз үш атпен Ағабекті күтіп тұрдық. Ол келісімен Темірланға қарай бет алдық. Онда Ағабектің туысының үйіне түстік. Мініске ат берді. Сөйтіп ауылға жеттік».
Бұл көрсетінді Жүсіпбектің өзгелерден бұрын атылып кетуіне тікелей себепкер болды. Өйткені мұнда Голощекинге «жасалған қастандық әрекеті» ашық айтылған. Және Д.Әділевтің берген көрсетіндісін Ж.Аймауытовтың өзі мойындаған. Ол оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай:
Жоғарғы соттың айқындамасынан: «Аймауытов, 1928 жылы көктемде Шымкент қаласында Әділевпен кездескенін мойындады. Ол (Д.Әділев) бұған (Ж.Аймауытовқа) өзінің шет елге кетіп қалуды ойластырып жүргенін айтады және Қожанов арқылы ретін тауып шетелдік паспорт алып беруін өтінеді. Содан кейін өзінің (Әділев) Голощекинді өлтіруді ойлап жүргені жөнінде айта бастайды, бірақ Аймауытов оған бұлай істемеу туралы кеңес береді».
Жүсіпбекке тағылған айыптың бар-жоғы осы. Оның тіпті «контрреволюциялық астыртын ұйымға» да, «қарулы көтеріліске» де қатысы жоқ. Қайта, Әділевті бетінен қайырғаны үшін, алғыс айту керек еді. Ол кезде Жүсіпбек – Шымкенттегі Педагогика техникумының оқытушысы болатын.
Ал, бірінші рет «Торғай ісіне» байланысты жауапқа тартыларды ЦКАКА-да (қызыл әскер курсында) әдеби қызметкер екен. Ж. Аймауытов бұдан бұрын да бір рет сотқа тартылып, тергеуге түскен. 1922 жылы Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтарға Семей Губерниясынан мал жиып, оны сонда айдап барады. Жол-жөнекей аштан қырылып жатқан ел-жұрттың үстінен түсіп, ішінара мал үлестіреді. Қолхат алады, бірақ ауылдық советтің мөрі жоқ деген айып тағылып, «мемлекеттің, мүлкін талан-таражға салғаны үшін» сотқа тартылды. Сотта ол «айыпкерден» айыптаушыға айналып, өзін-өзі ақтап шығады.
«Аштарға көмек» комиссиясы ВЦИК-тің жанынан 1921 жылы 18- маусымда құрылып, 1922 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеді. Оның бөлімдері барлық республикаларда ашылды. Қазақстандағы комиссияның басты міндеті – еуропалық аштарға азық-түлік жөнелту болды. Бір жарым миллион адамның өмірін үзген ашаршылыққа назар аудармастан Аралдың балығы Поволжьеге жөнелтілді. Павлодар уезінде аштарға деп жиналған ет еуропалықтарға жетпей, сасып жатты. Ал онымен жапсарлас Торғай өңірінің қазақтары аштан қырылып, ел кезіп, «без теріп» кетті.
Осыған орай Қазақстан мен Түркістан деңгейінде А.Байтұрсыновтың ұсынысымен «Аштарға көмек» комитеті құрылды. Басында бейтараптық танытқан Өлкелік комитет, ел-жұрттың алдындағы беделінен айырылып бара жатқанын көріп, еріксіз араласады. Ол туралы С.Меңдешевтің өзі:
«Алашордашылар аштарға көмек көрсетуде белсенділік танытып, дербес қимылдап еді, біз олардың бұл әрекетіне қарсы тосқауыл қойып, іске араластық», – деп жазды.
Аштарға көмек көрсетіп, азық-түлік жиып, ажалдан құтқарған адамдарға «тосқауыл қоюдың» өзі қылмыс емес пе?!. Иә, тосқауылды жақсылап тұрып, қойып, алаш ардагерлерінің барлығын кеңес қоғамынан «тазартып», қызметтен қуды, Қазақстанда тұру еркінен айырды, сотқа тартты. Сол «тосқауылдың бірі – Жүсіпбек Аймауытовтың, Ахсетсафа Юсуповтың үстінен жүргізілген тергеу. Сөйтіп, осындай жазалау әрекеттерін жүргізу арқылы большевиктер өзінің беделін күшпен қалпына келтірген».
Тергеушілер «Алашордашылардың қылмыстық ісіне» Жүсіпбек Аймауытовтың үстінен жүргізілген бұрынғы сот хаттамаларын да қоса тіркепті. Торғайдағы ашаршылыққа ұшыраған елге Семей мен Керекуден мал жинап апарып, тегін таратқаны Ж.Аймауытовтың өзіне «қылмыс болып тағылған» бұл оқиға жөнінде Міржақып Дулатов «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жазды. Мұның өзі: «Соттың ісіне қарсы қоғамдық пікір туғызып, қысым көрсетіп, үкімге ықпал ету үшін жасалды», – деп бағаланып, мемлекеттік деңгейдегі қаралаушы О.Исаевқа «Баянхат» (докладная записка) арыз жазуға түрткі болды.
Тергеу барысы төрт жылдан астам уақытқа созылды. Істің созылуына әр түрлі жағдайлар әсер еткен. Соның бірі: Жүсіпбек сол кезде Қазақстаннан тыс жерде – Орынборда қызмет істеп жүргендіктен де, сот келесіне уақытында келе алмағандығы еді. Осыған орай оның ерекше маңызды қылмыстық істер жөніндегі тергеушіге жолдаған хатын назарға ұсынуды жөн көрдік.
«Қазақстан Жоғарғы сот мекемесінің ірі қылмыстарын тергеушіге Жүсіпбек Аймауытұлынан Өтініш
Сентябрьдің 27-не шақыруыңызды алып, сол күнге келе алмайтын себебімді айтып, өтініш жазамын. Себебім: әскерлік школде оқу оқытамын, күніне бос емеспін. 2-ден: комиссияның ісін басқарамын. Күнде оқушыларды бақылап, жөн көрсетіп, мәжіліс жасап отыруға тура келеді. Менің орнымда қаларлық қазақ оқытушысы жоқ. Мен кетсем, қызмет, оқу тоқтап қалады. Сондықтан маған жаңа жыл мейрамына шейін пұрсат беруіңізді сұраймын. Екінші шақыру(ды) жібермесеңіз екен, өйткені (онда) декабрь айында келуге міндетті боламын.
Жүсіпбек Аймауытұлы. 18-сентябрь, 1927 жыл».
Жүсіпбектің жаңа жылға дейін «пұрсат сұраған» тілегі орындалмапты. 1927-жылы 3 қазан күні Ерекше істер жөніндегі тергеуші Сейдалин Ж.Аймауытовтан жауап алыпты.
Анкеталық деректер: Ж.Айымауытов сол жылы ол 37 жаста. Орынбордың Совет және Инспектор көшелерінің қиылысындағы №51 үйде тұрады. Семейдегі Мұғалімдер семинариясын бітірген. Әйелі, үш баласы бар. Орынбордағы Казатком атындағы әскери мектепте оқытушы екен.
«Жан жегісі» атты тарауда бұл соттың жай-жапсары, О.Исаевтің баянхаты, Ж.Аймауытовтың соттағы сөзінің М.Дулатов газетке жариялаған нұсқасы толық қамтылғандықтан да, бұл арада таратып жатпаймыз. Тек соған қосымша «Торғай ісі» туралы ресми мағлұмат ретінде Қазақ өлкелік комитетінің бір мүшесінің баянхатындағы төмендегі деректермен шектелеміз. Онда: :
«1922 жылы Қазақстанның негізгі бөлігі, соның ішінде Торғай мен Қостанай уезі қатты аштыққа ұшырады. Тоқшылықта отырған Семей губерниясынан 8 мың ірі қара жиналды. 2 табынға бөлінген малды Торғайға Семейдегі аштарға көмек комитетінің атынан Аймауытов пен Тоқтарбеков айдап әкелді. Торғайда малды мұқтаждарға үлестіріп беретін арнайы комиссия құрылды. Комиссияның құрамына: уездік аткомның төрағасы Жүсіпов, БКП(б) укомының хатшысы Байменов, уездік бөлімнің меңгерушісі Әбдіғапаров, Семей губерниялық Аштарға көмек көрсету комитетінің өкілі Аймауытов және уәкіл Құлжанов кірді. Мал таратылып болғаннан кейін кедейлердің арызы бойынша мал бөлісі жөнінде тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша: комиссия мүшелері мен уәкіл Аймауытов мал үлестіру барысында мал басын иемденіп, шығынға ұшыратып, талан-таражға салғаны үшін, малды байларға немесе мұқтаждығы жоқтарға үлестіріп бергені үшін жауапқа тартылды. Тергеу 4 жылға созылды. Алдын-ала тергеу кезінде және сот барысында комиссия мүшелері 5–9 қараны иемденгені, шығынға ұшыратқаны (темекі сатып алған, жорға майлаған), 15-тен астам қараны олардың Орынбор мен Семейде тұрғанына қарамастан туыстары мен таныстарына (Дулатовтың, Қадырбаевтің, Құлжановтың, Бірімжановтың) таратқаны расталды (мұны өздері де жоққа шығармайды), ал 5 жаны бар кедейлерге екі жасар бір тайыншадан ғана берген. Комиссия белгілеген мал үлестіруші уәкілдердердің көпшілігі ауқатты адамдар (олардың ішінде мешіттің бір молласы да бар), дені комиссия мүшелерінің ағайындары мен құдалары (мысалы, айыпталып отырған Сарыбай Жүсіповтің туыстары 100 қара алған). Мал Жер жөніндегі халық комиссариятының телеграфпен берген өкімінен тыс үлестірілген, Жүсіпов, Байменов және Құлжанов соған мәжбүр еткен», – деп («Алашорда қозғалысы», 3 том, 1-кітап, 289-бет) көрсетілген.
Бұған қандай уәж айтуға болады? Оның барлығы Ж.Аймауытовтың соттағы сөзінде дәлелмен келтірілген. Дегенмен де тілмарсып мынадай сауалдар қоюға болады: жаз айында екі жарым – үш мың шақырым жерге 8 мың мүйізді ірі қараны (!) оқыралатпай, шыбындатпай, ит-құсқа талатпай жеткізгені үшін бақташылардың еңбекақы алуға, үш уақыт тамақтануға, насыбай-темекі атуға құқы бар еді. Ал мұнша сиырды шашыратпай жеткізу үшін жүрдек ат қажет шығар. Бақташыларға арнап жолақы төлемегені анық. Екінші бір уәж: қазақ жолына келсең, бар қазақ ағайынды. Бірақ Торғайдағы ақ пен қызыл боп бөлінген арғын мен қыпшақтың ата дауы ашаршылық тұсында тіпті араны ашылып кетті. Мұны Жүсіпбек Аймауытов төбе шашы тік тұрып еске алады. Тіпті солай болған күннің өзінде де, ашаршылыққа көппен бірге ұшыраған Байтұрсыновтың, Дулатовтың, Қадырбаевтің, Бірімжановтың, Жангелдиннің, Имановтың руластыр мен ағайындары мал үлесінен неге шеттетілуі тиіс? Солардың қара шаңырағы ретінде 15 үйге 15 қара үлестірілсе, ол да айып па? Осылай шексіз тілмарси беруге болады. Ашығына көшкенде оларға себеп емес, салдар ғана қажет болатын. Оған сылтау да даяр тұрды.
Жүсіпбектің бейнесін қысым жылдары да ұмытпай, оның есімін үнемі еске алып, ол жинақтаған Сұлтанмахмұттың қолжазбаларын қайта бастырған шегенді ұстаз Бейсенбай Кенжебаев өзінің жазып кеткен естелік мақаласында аталмыш сот күндеріндегі Жүсіпбектің көңіл-күйі туралы:
«Соттың бірінші мәжілісі аяқталған соң, Жүсіпбек Әуеш арқылы менен «Сана» журналының бір санын сұратып алды. Онда Жүсіпбектің психология жайында жазған «Әдет заңы» деген мақаласы болушы еді. Сот үш күнге созылды. Үшінші күні Жүсіпбек соңғы сөзін сөйледі. Оны түгел жазып алған екен, мәнерлеп оқып шықты. Залдағы отырған көпшілік өте риза болды. Соңғы сөзін Жүсіпбек түгелдей қазақ халқының әдет заңының негізінде құрған еді. Асылы былай болды: «Қазақ ежелден қарыз беріп, қарыз алады, құн беріп, құн алады, қалыңмал береді, қалыңмал алады. Сонда ол бірінен-бірі ешуақытта қолхат алмайды, ешбір протокол жасамайды, бәрін ауызша, сөзбен жүргізеді. Бұл әбден әдет болып кеткен. Аштарға жәрдем үлестіргенде менің бойымда да, ойымда да осы заң күшті болды. Мен атам қазақтың осы заңын ұстандым. Аштарға не берсем де, ешқайсысынан қолхат алмадым. Хат білмейтін, аштан көзі қарайып, өлейін деп отырған адамнан қолхат сұрауды қолайсыз көрдім», – дегенді айтты. Осылай Жүсіпбек ақталып шықты.
Түрмеден шыққан соң бір күні Жүсіпбек редакцияға келді. Біз – Ахмет, Әуеш, Аманғали, Мерғали, мен бәріміз ортаға алып, біраз әңгімелесіп отырдық. Көбінше оған сұрау бердік. Ол бізге жауап берді. Сол сұрақ-жауаптың кейбіреуі әлі есімде:
– Ал, түрмеде көпшілік арасында кілең бұзықтармен жатқаныңыз қалай?
-
Әдейі жаттым. Оларды білгім келді. Бұзақылар өмірінен бірдеңе жазбақ ойым болды», – деп жауап берді», – деп (Бейсембай Кенжебаев, Телегей теңіз, «Лениншіл Жас» 1989, 6 қаңтар) еске алыпты.
Жоғарыдағы мағлұматтарға жауап есебінде Жүсіпбек Аймауытовтың соттағы сөздің қолжазба мәтінін ұсынамыз. Оны тапқан адам – зерделі, сергек ойлы аға, марқұм Бейсенбай Байғалиев. Б.Байғалиевтің Жүсіпбек творчествосындағы ірі-ірі “ақтаңдақтарды” қалпына келтіріп, қолжазбаларын іріктеп, қазіргі әріп жүйесіне көшірудегі еңбегі ұшан-теңіз. Тек қана 480-беттік “Ақбілек” романын қайта жаңғыртуының өзі үлкен парасаттылық. Біз, марқұмның өз қолынан алған Жүсіпбектің сотта сөйлеген сөзінің қолжазбасын келтіріп отырмыз. Ол 1927 жылы Қызылорда қаласында жазып алынған.
Жүсіпбек Аймауытовтың соттағы сөзі: «Бұрынғы берген жауабыма менің артық қосарым жоқ. Мені айыптайтын жері:
1) Мал үлестірген комиссияда болуым.
2) Кейбір оқыған азаматтарға деп мал беруім екен. Бұған менің айтарым мынау:
1) Маған малды тез тапсырып қайту керек болды. Себебі: мал айдауға жалданған бақташылардың бірсыпырасы Ақмолаға шейін, бірталайы Торғай жерінің шегіне шейін келісіп жалданып еді. Олар Торғай жеріне аяқ басқан соң-ақ, қайтар деп арпалысты. Күз түсіп, салқын болып, бақташылар киімі жоқтықтан тоңа бастады. Жолдағы елдерде оба ауруы болып, талай жерде бақташылар қашпақшы да болды, оның үстіне: Торғай аштары кісі етін жеп жатыр, – екен дегенді естіп, үрейленумен болды.
2). Менің мал үлестіргенше бас-көз болуымды Торғай қаласындағы жиналған аш қазақтар шулап тіленіп еді, өйткені, бұған шейін Торғай азаматтары аштарға жәрдембере алмаған, берген жерлерінде қиянатпен үлестірген. Аштар қызмет адамдарына өшіккен. Кіндік өкіметтің берген демін қызмет адамдары оларға бермей тұрған сықылды. Жұрттың, жалпы аштардың рухы сондай екен. Оның үсіне Торғайдағы қызмет адамдарының ішінде ру, ел таласы сықылды негізге тірелген алалық, бірін-бірі көрсету, қуғын-сүргін бар екен. Арғын, қыпшақ жігі бар екен. Сондықтан Торғай аштары өз елінің адамдарына сенімсіз қарайды екен. Бет-ауыздары көнектей іскен, көздері үңірейген, өлім аузында сенделген топты аш қазақтар зарлап, қақсап тұрған соң, дәтім шыдамады. “Мал үлестірген жерде ішінде бол», – деген тілегін орындадым. Міндетім ол емес еді, бірақ адамшылығым, арым аштарды аятқызды. Әуелде де аштарға жаным ашығандықтан, сезімім күштіліктен осындай ауыр міндетті, зор бейнетті мойынға алып, жан ұшырып едім.
3) Мен үлестіру комиссиясына кірмей, малды Торғай адамдарының қолына беріп қоя берсем, малды қол қойып (күш көрсетіп – Т.Ж.) жіберіп, талап алатұғын еді, өйткені малға шапқан елдің беті қойға шапқан аш қасқырдан бетер еді. Ондай талаудың болғаны екінші топ мал үлестіргенде анық көрініп тұрды.
4) Торғай еліндегі бір ғана шет кісі, алыс жерден мал әкеліп, аштарға жақсылық көрсеткен кісі – мен тәрізді көріндім. Мен басы-қасында болсам, бәрі де кенелетіндей, әділдікпен үлестіретіндей көрінді.
Ал енді әрбір оқыған азаматтарға мал берілді деген тақырыпта менің айтарым мынау:
1) Мен Торғайдың кейбірін – оқығандарын ғана білемін, көбін білмеймін. Сондықтан оқығандардың бәріне мен мал бере алмасам керек.
2) Ол азаматтардың кейбірі Орынборда, кейбірі басқа жерлерде қызметте болғандықтан, олардың малды үлестіріп алуы мүмкін де емес.
3) Малды сол адамдардың аш ағайындары алды, мәселен, Жангелді ұлының ағайындары, он бес шақты үй: ашпыз, – деп арыз қылды, тағы сондайлар болды. Ол аштардың ауылнайларына мал берілмейтіні де болғаны бар. Себебі елді аш дегенде, болыс, ауылнай (бойынша есептеп), жалғыз-жарым аштар елеусіз қалған, сондай елеусіз-санаусыз аштар Жалдама, Қараторғай болыстарынан да шұбырып келіп жатты. Соңғы екі болыс (Жалдама, Қараторғай) – Торғай азаматтарының тоқ ел деп тапқан елдері. Сондықтан оқыған азаматтарының аты аталып, олардың аш ағайындарына мал берген, оны маған айтып түсіндірген – тағы да сол Торғай жігіттері, ал үлес беруді ұйғарған – комиссия. Әйтпесе, Міржақып, Ахмет, Жангелді баласы сықылдылар мал алды деп есептеуге болмайды. Алған ба екен, жоқ па, олардың өздерінен сұрауға болар.
Мен өз бетіммен ешкімге мал үлестіргемін жоқ. Өйткені, Торғай елінің бай, кедейін білмеймін. Комиссиясына кірсем де жан ашығандықтан, аяғандықтан, жақсы ниетпен істедім. Пайда, мақтан есімде болған жоқ. Садық деген молданың үйінде болып, бізге бір тоқты сойған-ды, 30-40 аштар келіп, өтініштерін айтып, жығылып кетіп, талып кетіп есеңгіреп отырғанда, алдымдағы ет тамағымнан өтпеді. Аштарды шақырып алып, бәріне үлестірттім, тағы да сондай ауыр әсер берген аштар болды. Сондай аш елді көргенде, бұрынғы істегендерім анық болған соң, тоқ елдің жегені арам екен деген ойлар келді.
Заң тарапынан қарағанда, мүмкін, менің қаталарым бар шығар. Азаматтық, адамшылық жүзінен қаралса, бір кісі аштарға жан салып, қызмет көрсетсе – мендей-ақ көрсетер деп шүкірлік етемін. Мүмкін, менің еткен еңбегім себепті ондаған, жүздеген аштар ажалдан қалған болар, қалмады деп Торғай елі айта алмас.
Еңбегім салауат! Ниетім – арам, жүрегім – қара, қазаққа – зиянды адам болып табылсам, бұ да бір уақыт шығар, жазаға мойнымды ұсынамын. Аштар үшін мен-ақ құрбан болайын. Елімнің заңына көнемін.
Жүсіпбек Аймауытұлы.Тергеуші Сейдалыұлы».
Есіл ағаның аузына: «Мен-ақ құрбандығың болайын”, – деген сөз қайдан ғана түсті екен. Араға жыл салып, сол «тілегінің қабыл боларын» білмеді-ау. Сөйтіп, бірінші сотта Жүсіпбек айыпкерден айыптаушыға айналып, өзімен қоса өзгелерді де ақтап алды.
2.
Адалдық пен әділдікті «ар ісіне бағалаған» (Абай) атақты жазушы бұл жолы да ақиқаттың жолын кеспеген. Зады, Д.Әділевтің Голощекинге қастандық жасау ниеті болғанға ұқсайды. Бұл өзі Әлихан Бөкейханов: «Қазақта террор жасайтын ержүрек жігіт жоқ», – деп айтты-мыс деген сөзге намыстанған өжет жігіттің жауап әрекеті ме? Әлде Қара – Ноғай үшін түбінде бір түрмеге түсетінін біліп, не де болса тәуекелге бел буғаны ма? Әлде қызба жігіттің ет пен терінің арасындағы желігі ме? Ол өзін театрдың директорлығын өткізіп бергеннен кейінгі аш-үрейден туған, жай ғана айта салған сөз бе, әлде нақты іс-әрекет пе, оны анықтау енді мүмкін емес. Жиырма жеті жасар жас жігіттің аптығын басу үшін айтылған басу сөзі үшін, өзінің ату жазасына бұйырылатынын Жүсіпбек білген жоқ. Білсе, Әділевке айтқан ағалық ақылынан бас тартып, мойындамас па еді, кім білсін.
Әлқисса, осы арада бір оқшау түсінік бере кетудің орайы келіп тұр. Біз екінші рет, яғни, 1990 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы Праволық комиссияның төрағасы ретінде Қауіпсіздік комитетіндегі құпия құжаттармен танысқанымызда жазушы Дүкенбай Досжан да рұқсат алды. Құжаттарды қатар қараған кезіміз де болды. Соның нәтижесінде тездетіп «Абақты» атты кітабы жарық көрді. Жүрдек қалам иесінің мақалалары да 10-15 күннен кейін баспасөзде жарияланып жатты. Ал ,іздің Мұхтар Әуезовке қатысты «Талқы» атты зерттеуіміз 1997жылы ғана басылым көрді. Біз көшіріп алған құжаттар осы «Ұраным – Алаш!..» атты әфсанада барынша толық қамтылып отыр. Құжаттардың аудармасын салыстыра отырып, кейбір мәтіндерді Д.Досжанның жарияланымы бойынша деп ұсынуды мақұл көрдік. Түпнұсқа біреу болғандықтан да салыстыру барысында байқалған деректік ауытқуларды өзіміздің қолымыздағы көшірмеге сүйеніп жүйеге түсірдік. Сондай-ақ ол деректер автордың стилі мен шығарманың ырғағына қарай жинақтала баяндалды.
Сонымен, Д.Досжанның жарияланымында: Қызылорда қаласы, Карл Маркс көшесі 54-үйде тұратын Жүсіпбек Аймауытовтың үйіне 1929 жыл 14 мамы күні жүргізілген тінтуде тәргіленген заттар: 1.Хаттар, барлығы – 88 дана. 2.Екі фотосурет.3.Жеке басының құжаттары – 20 дана. 4. Аймауытовтың қолжазбалары және газет қиындылары – 34 бума. 5. Қалың дәптердегі қолжазбалар – 33 дана. 6. Кітапта – 6 дана. Куә ретінде азамат Ысқақов қатысқан. Тұтқындаған – Дінше Әділевті Бетпақдалада қуғындап жүріп, атыс үстінде қолға түсірген ОГПУ-дің өкілетті өкілі И. А. Шумилов, – деп көрсетілген.
Жүсіпбек Аймауытовтың тергеу ісінің өзге алаш қайраткерлерінен оқшау жүргізіліп, кейін олардан бөлек тізімге ілініп, атылып кетуіне әскери тергеушінің айыптауы бойынша тұтқындалғаны себепкерлік етсе керек. Ал Евгения Аймауытованың кхатында А.Саенко тінту жүргізген – делінеді. Бұл оқиғаның мазмұны Д.Әділевке қатысты тарауда толық қамтылғандықтан да, хаттамамен қысқарта таныстырамыз. «Тергеу хаттамасы. 29 жыл, 16 мамырда толтырылағн. Тергеуді ОГПУ-дің өкілі Саенко жүргізген.
Анкеталық анықтама: Жүсіпбек Аймауытов – 40 жаста, қазақ. Семей губерниясына қарасты Павлодар уезі Қызылтал болысының 1 ауылында туған. Әке-шешесі орта шаруа. Әйелі, 3 баласы бар. Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітірген. Арнайы орташа білімі бар. Қазір партияда жоқ. 1920-22 жылдары ВКП(б) мүшесі болды, басқа партияға мүше болған емес. Өз еңбегінің табысымен күн көреді. Мамандығы – мұғалім. Халық комиссарлары автономиялық Орталық Комитетінде қызмет істеді. 1926 жылы Қылмыстық кодекстің 113 статьясы бойынша істі болған, кейін ақталған. Әке-шешесі кедей шаруа. Ол кісілер қайтыс болған. 16 жасқа дейін туысқандарының қолында өскен.
Хаттаманың мәтіні алдыңғы және кейінгі бөлімдерде дәлел ретінде келтірілгендіктен де төлеу сөз ретінде қысқартып береміз:
Семей семинариясында оқып жүрген кезінен шығармашылықпен айналысқан. 1918 жылдан бастап негізінен Семейдегі семинарияда оқитын қазақ жастарының «Жанар» атты мәдени-ағарту қоғамының ұсақ қарыз серіктестігінің қаржысына басылған «Абай» журналының шығарушысы болды. Бұған Тұрғанбаев жетекшілік етті. Алғашқы кезде «Абай» журналын қолжазба күйінде шығару ұйғарылса да, кейін ұсақ қарыз серіктестігінің мәдени, оқу-ағарту ісіне арналған қаржысы пайдаланылды. Журнал өзінің 12-ші саны шыққаннан кейін қаржы тапшылығынан жабылып қалды. Оның үстіне «Сарыарқа» газеті журналға кырын қарады. «Сарыарқа» газетінің екінші санына «Тұр бұқара, жинал кедей, ұмтыл жастар» деген ұзақ мақаласы жарияланды. 19-жылы семинарияны жақсы бітірді. Колчак үкіметі құлағаннан кейін Семейдегі төңкерісшіл губерниялық комитетте істеді әрі «Кедей таңы» атты жаңа газеттің редакторы болды. Осы кезде ВКП(б) мүшелігіне өтті. 1920 жылдың қазан айында Қазақ Атқару комитетінің мүшесі және оқу-ағарту наркомының орынбасары болып сайланған.
Ж.Аймауытов (жалғасы): «21-жылдың қыс айында Ысқақов пен Сәрсеновтің үйінде, кімнің ұсынысы бойынша жиналғанымыз есімде жоқ., партияда бары және жоғы аралас, ішінде алашорда көсемдері де бар, Семейдегі қазақ қызметкерлері бас қосқанымыз бар. Алашордашылардан Дулатов, Ғаббасов, Тұрғанбаев қатынасты, өзгесі жадымда қалмапты. Әңгіменің ешқандай қортындысы болмады, бір шешімге келе алмай тарқастық. Осын басқосуда болар-болмасы белгісіз, әлі нақты белгіленбеген қызметке кейбір кісілерді ауызша тағайындап жатқаны маған түсініксіз көрінді. Сіздің сұрағыңызға орай айтарым, жиналыста ВКП(б) мүшелігіне кабылдау мәселесі қаралды ма, жоқ па, ол арасы анық есімде қалмапты».
Ал 1929 жыл 23 мамыр күнгі тергеуде Дінше Әділев туралы көрсетінді береді. «Дала қарақшысы» атты таруда баяндалғанындай Ж.Аймауытов (Д.Досжанның жарияланымы негізінде):
Достарыңызбен бөлісу: |