«Жетісу» газеті 17-мамыр 2008 ж. № 55
АТА-АНАНЫҢ
ҚАМҚОРЛЫҒЫНСЫЗ ҚАЛҒАН
балалар саны артуда
«Бала – бауыр етің» деп қазақ бекер айтпаса керек. Тар құрсағыңды кеңітіп, тоғыз ай он күн көтерген баланың болашақ тағдырына жауапты ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандардың саны артып отыр. Қазақстан бойынша 5 миллионға жуық бала болса, оның 3 миллионы мектеп жасындағылар. Балалар мәселесіне қашанда ыждағаттылықпен қараған мемлекетіміз бар мүмкіндігінше көңіл бөлуде. Мәселен, соңғы жылдары балаларға бөлінетін қаржының көлемі де 4 есеге ұлғайған.
| Елімізде 9 министрлік, 604 үкіметтік емес ұйым балалар мәселесіне қатысты жұмыс жүргізгенімен, өмір ағымымен туындап отырған түрлі жағдайлардан арашалап алу мүмкін болмай отыр. Бүгінгі таңда бала атаулының бәрі бақытты, қамсыз десек қателескен болар едік.
Алматы облысындағы халық санының 510 мыңын балалар құрайды. Олардың 3 мыңнан астамы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Күні бүгінге дейін 470 баланы асырап алса, соның 49-ы шет елге кеткендер. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша 651 жасөспірім қылмыс жасауға қатысқан. Тексере келгенде олардың 307-і не оқуда, не жұмыста жоқ. Негізінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тек балалар үйінде тәрбие беріп қана қою жеткіліксіз. Сондықтан да отбасылық тәрбие жүргізудің маңыздылығы артып отыр. Алматы облысы бойынша балалардың құқығын қорғау департаментінің балаларды қамқорлыққа алу және қолдау бөлімі өткізген семинар осы бағытта өрбіді.
«Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық тәрбиеге орналастыру түрлерін дамытуда тәжірибе алмасу, әдістемелік материалдар мен технологияларды пайдалану» атты облыстық семинарға облыстағы департаменттер мен басқарма қызметкерлерімен қатар аудандық, қалалық білім бөлімдерінің балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесімен айналысатын мамандар, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, балалар үйлерінің басшылары мен әлеуметтік педагогтар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Оны Алматы облысы бойынша балалардың құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары Самағат Долаев ашып, жүргізіп отырды. Өткізіліп отырған семирандың басты мақсаты – жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар құқығын қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамалары-ның орындалуы, балаларды отбасына орналастыруда мемлекеттік емес ұйымдардың қызметтерін үйлестіру, мүдделі ведомстволар және үкіметтік емес ұйымдар мен ынтымақтастық жолымен балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша жұмыстарды ұйымдастыру.
Алғашқы сөз кезегін алып, мінбеге көтерілген Алматы облысы бойынша балалардың құқығын қорғау департаментінің балаларды қамқорлыққа алу және қолдау бөлімінің бастығы А.Молотова «Балалардың құқығын қорғау механизмінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуде қорғаншы мен қамқоршы органдарының рөлі» атты тақырыпта баяндама жасады. Оның сөзіне жүгінсек, баланы отбасына тәрбиелеуге берудің ең көп таралған нысандары қамқоршылық пен қорғаншылық болып отыр. Қамқоршылық отбасы баланың қамқоршысымен туыстық байланыстарын жорамалдайды. Қамқоршылыққа, әдетте, ата-ана жағындағы біреуінің тарапынан тікелей туысқандары бар балалар беріледі. Қамқоршының міндетіне баланы тәрбиелеу мен дамыту, оның құқықтарын қорғау кіреді. Қамқоршы кәмелетке толмаған баланың өзі иелігіндегі жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сақтауын және пайдалануын бақылауды жүзеге асырады, бірақ өзінің осы мүлікке иелік етуіне құқығы жоқ. Қорғаншылық ұғымы да қамқоршылыққа жақын. Олардың айырмашылығы мынада: қамқоршылық 14 жасқа дейінгі балалардың санатына, ал қорғаншылық 14-18 жас аралығындағы балалар санатына белгіленеді. Балалар мен ересектердің неғұрлым көп саны қамқоршылыққа қарағанда қорғаншылыққа алынады екен.
Мұнан кейін мінбеге шыққан Білім беру жүйесінің басшылық және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын Республикалық институтының интернаттық мекемелер орталығының меңгерушісі Айжан Құсайынова, балаларды қамқорлыққа алу және қолдау бөлімінің бас маманы Әсел Смағұловалар қорғаншылық пен қамқоршылық жұмысының ерекшеліктеріне кеңінен тоқталды.
Бүгінгі күні Қазақстанда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды азаматтардың отбасыларына берудің әр түрлі нысандары бар. Осындай нысандардың ішінен тұру жағдайлары отбасылыққа неғұрлым жақын халықаралық және ұлттық бала асырап алуды, қамқоршылық пен қорғаншылықты, патронаттық отбасыларын, отбасы үлгісіндегі балалар үйлері, балалар ауылдары жайында әңгімелеген балаларды қамқорлыққа алу және қолдау бөлімінің бас маманы Әсел Әскербекқызы соңғы уақытта отбасы үлгісіндегі балалар үйлерінің қарқынды дамуын, онда қалыпты отбасы өміріне жақын жағдайлар жасалатындығын тілге тиек ете отырып, отбасы үлгісіндегі балалар үйінің негізгі міндеттері балаларды тәрбиелеу, оқыту, сауықтыру үшін қолайлы жағдайлар жасау және отбасы жағдайларында жеке-дара өмір сүруге дайындау болып табылатындығын да атап өтті. Бүгінгі күні жетім балаларға арналған балалар ауылдары әлемінің 120 елінде жұмыс істейді екен. Бүкіл әлемдегі балалар ауылдары қызметінің негізіне мынадай басты қағидаттар кіреді: Балалар ауылындағы ана – отбасының басшысы. Бұл рөлге байқау бойынша бар сүйіспеншілігін қамқорлығынсыз қалған балаларға беруге дайын жалғызбасты аналар іріктеледі. Сонымен қатар тәрбиеші аналар қажетті оқу бағдарламасын меңгереді. Мұнда жас мөлшері әр түрлі балалар тәрбиеленіп, ағайынды және апалы-сіңілілі балаларды ешқашан бөлмейді. Әр отбасы шаруашылығын жеке дара жүргізе отырып, жайлы жеке үйде тұрақты түрде тұрады. Ал, балалар ауылы 12-15 отбасы үйлерінен құралады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда бес-ақ отбасы үлгісіндегі балалар ауылы құрылған. Ал балалар ауылының неғұрлым көп тараған және белгілі нысаны SOS ауылдар болып отыр. Қазақстан Республикасының Үкіметі «SOS Kinderdorf International». SOS – балалар ауылын құру жөніндегі халықаралық қоғаммен шарт жасасып, оны кейіннен бекітті, соның арқасында ҚР-ның аумағында жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін мамандандырылған SOS – балалар ауылдары құрылуда.
Семинарда көтерілген тақырып негізінде жиналғандарға терең ой салып, салиқалы да сындарлы пікір айтқан. Ішкі істер департаментінің кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығының инспекторы Жанар Көптілеуованың: «Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды ең бірінші біздің орталыққа алып келеді. Күні бүгінге дейін осындай балалардың саны артпаса, азайған жоқ. Жұмыс бабымен жүрсек те олардың тағдырлары үшін қатты алаңдаймыз. Мәселен, жуырда ғана орталыққа алып келген ағайынды ұл мен қыздың тағдырлары бізді қатты толғандырды. Ата-анасы ажырасып кеткен де балаларын әкесі бағып қалған. Сөйтіп кейін әкесі де бас тартқан. Олардың күнделікті қоятын сауалы «әкеміз табылды ма ?» деген сөз. Ал, оларға біз «әкең сендерден бас тартты» деп айта алмағандықтан, іштей қынжыламыз. Ертеңгілік жұмысқа келгенімізде ішке ене алмай сыртта ұзақ тұрып қалатынымыз тағы бар. Өйткені есіктен енген бетте «әкеміз табылды ма, жоқ па» деген сөздерін естуге дәтіміз шыдамайды ...» деген сөздерін естіп, аналық ақ жүрегіміз езіліп, жанарымыз жасқа тұнды.
Расында да жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелері әлеуметтік, моральдық және адамгершілік қасиеттердің негізгі түйткілі болып отыр. Сондықтан қозғау салып отырған мәселенің көтерер жүгі ауыр. Баланың қоршаған объективті нақтылықта өзін өзі танытуы үшін тек отбасылық орта ғана мүмкіндік бере алады. Балалардың биологиялық немесе оның орнын алмастыратын отбасылық ортада орналасу мүмкіндіктерін кеңейту бағытындағы жұмыс неғұрлым ерте, барынша түбегейлі және жүйелі жүргізілсе, олардың объективті нақтылық жағдайларын.да өзін-өзі танытуына, жетім балалардың ашық қоғамда әлеуметтік бейімделуге және әлеуметтенуге қол жеткізуі тиімді болмақ.
«Жүректен жүрекке» атты бағдарламаның жобасын жүзеге асыруда ата-аналарының қамқорлығынсыз қалаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау» негізінде әңгімелеген «ҚР Бастамашыл мектептер ассоцияциясы» қоғамының төрайымы, Абай атындағы №1 мектеп-гимназияның директоры Шәмен Ақымбекова да тың ойларымен бөлісті.
Семинарды Алматы облысы бойынша балалардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Самғат садырбайұлы қорытындылады. Құрылғанына біршама ай өтсе де депертамент қызметкерлері талай келелі мәселелерге қозғау салып жүрген шараларының тек орыс тілінде өтетіндігі түсініксіздеу. Бастапқы екі-үш сөзін қазақша айтып, ары қарай орысша желдірте жөнелетіні несі?! Алдағы уақытта осыған ден қойылса екен дейміз.
Сарби Қасымбекқызы
Достарыңызбен бөлісу: |