Алма Есенбаева
«Жетісу» облыстық қоғамдық-саяси газет
№ 44 19 сәуір 2008 жыл
“Біз Қазақстан балаларымыз”
атты облыстық форум жеткіншектердің бүгінгі жағдайына
назар аударды
Бүгінде өмірдің түрлі сынағымен бетпе-бет келетін балалар жағдайына көпшіліктің назарын аудару, осы орайда қордаланған мәселелердің ортақ шешімін табу мақсатында “Біз Қазақстан балаларымыз!” атты облыстық форум өтті. Облысымызда алғаш рет қолға алынған шараны облыстық әкімдік пен Алматы облысы бойынша балалардың құқығын қорғау департаменті ұйымдастырды. Форумды ашқан облыс әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Ержанбек Нұрбеков бала тәрбиесі баршаға ортақ екендігін, оны шешуде отбасы, мектеп, қоғам болып бірлесе жұмыс істеу керектігін айтып өтті. Сонымен қатар бүгінгі форумды өткізудегі мақсат – өмірде қиын жағдайға тап болған балалардың құқықтарын қорғау, облыстық деңгейде әлеуметтік жетімдік мәселелерін шешу, осыған орай мемлекеттік органдар мен халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың ведомствоаралық өзара іс-әрекеттерін қамтамасыз ету екендігіне тоқталды.
Бұдан соң жиынға Астанадан арнайы келген ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Раиса Петровна Шер сөз алып, ең алдымен еліміз бойынша балалар мәселесін алғаш көтеріп, бастама жасаған облыстық форум ұйымдастырушыларына алғысын жеткізді. Бұдан соң еліміздегі балалардың жалпы жағдайына қатысты баяндама жасады.
-
Бүгінде елімізде 5 миллионға жуық бала болса, оның 3 миллионы мектеп жасындағылар. Мемлекетіміз осы балалар мәселесіне қашанда ыждаһаттықпен қарап, мүмкіндігінше көңіл бөліп келеді. Соңғы жылдарда балаларға бөлінетін қаржының 4 есеге өсуінің өзі бұған дәлел. Елімізде 9 министрлік, 604 үкіметтік емес ұйым осы балалар мәселесіне қатысты жұмыс жүргізгенімен, уақыт ағымымен туындап отыратын түрлі жағдайлардан оларды арашалау мүмкін болмай отыр. Балалардың еңбегін пайдалану, олардың зорлық-зомбылыққа тап болуы, нашақорлық, СПИД сынды нәубеттерден ешбір мемлекет сақтандырылмаған. Демек, осы жағдайға кез-келген жасөспірім тап болуы мүмкін. Ал одан балаларды қалай арашалаймыз десек, бұл істі мектептен бастаған жөн. Бүгінде білім шаңырақтары өз бағытын осыған сай өзгерте білуі қажет. Оқушыларға бұрынғыдай білім беріп қана кою аздық етеді. Мектеп балаларды бүгінгі өмірге бейімдеп, әлеуметтік ортада өзін жоғалтпай алып жүру мен қоғамдық нәубеттерден сақтану жолдарына, өз құқығын қорғай білуге үйретуі тиіс. Сонда ғана өмірде кездесетін түрлі қиындықтарға қарсы тұратын, жаман әдет-қылықтарға “жоқ” деп айта алатын ұрпақ өсіреміз, – деді.
Форумда сөз алған Алматы облысы бойынша балалардың құқығын қорғау департаментінің директоры Гүлнар Ермекбаева жасөспірімдер арасында соңғы үш жылда белең алған суицид мәселесіне тоқталды. Облыс бойынша көңілді алаңдатарлық деректерді тілге тиек ете отырып, осы тұңғиықтан шығу жолын іздеді. “Қоғам бұл жағдайға қаншалықты мән беріп отыр? Онымен күресу мүмкін бе?” деген сұрақ қоя отырып, “біздің қазіргі кездегі негізгі міндетіміз – өз-өзіне қол жұмсау әрекеттеріне баруы мүмкін балаларды анықтау. Оларға моральдық-психологиялық тұрғыда көмек ұйымдастыру. Өйткені, суицидтің орын алуына отбасындағы кикілжің, мектептегі түсінбестіктер, басқа да балалар мен жасөспірімдер арасында белең алатын жағдайлар себеп болуда. Егер аурудың алдын алсақ, оны болдырмау әбден мүмкін”, – деген пайымдауларын айтты.
Департамент басшысы сонымен қатар, балалар қылмысы жайына назар аударды. Алматы облыстық ІІД-нің қоғамдық қауіпсіздік басқармасында бүгінгі таңда 1618 жасөспірім және 1108 сәтсіз отбасылар есепте тұр. Соңғы жылдары қылмысқа төменгі сынып балаларының қатысуы және қыздар арасында да осы келеңсіз жағдайдың көрініс беруі терең толғантарлық жайт. Ал жасөспірімдердің себепсіз көше кезіп, түрлі жағдайға ұрынуы көбіне ата-аналардың жауапсыздығы, балалар тәрбиесіне өз дәрежесінде көңіл бөлмеуі салдарынан болып отыр.
– Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – осы жағдайларға тосқауыл қоюдың бір жолы. Біз салауатты өмір салтын насихаттап, балалар мерекелерін жиі өткізіп, түрлі іс-шараларды облыстық орталықтар мен қалалы жерлерде ғана емес, шағын ауылдарда да ұйымдастыруды жолға қоюымыз керек. Ол үшін мектепішілік балалар үйірмелерін, аула клубтарын құрып, спорт алаңдары мен жазғы лагерлерді қалпына келтіруіміз қажет. Сонда ғана көшенің көлеңкелі жағын көрсетпей, болашақ ұрпақты жаман-әдет қылықтан сақтандыра аламыз, – деді.
Жиын барысында “ЮНИСЕФ” бағдарламасының үйлестірушісі Татьяна Адерихина “Бала біздің болашағымыз ғана емес, бүгініміз”, Қазақстандағы халықаралық адам құқығы және ҚР заңдарын сақтау бюросының ақпаратты-оқыту орталығының жетекшісі Роза Ақылбекова “Балалардың құқықтарын қорғау бойынша Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдары жұмыс топтарының тәжірибесі”, Халықаралық еңбек ұйымдарындағы балалар еңбегінің ең нашар түрлерін жою жөніндегі жобаның ұлттық үйлестірушісі Дана Жандаева “Қазақстан Республикасында балалар еңбегін жою” тақырыптарында баяндама жасады.
Пленарлық мәжілістен соң форум секциялық жұмыстар бағытында жалғасын тапты. “Қазақстан балалары” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда ведомствоаралық өзара іс-әрекетті қамтамасыз етудің механизмі” тақырыбында 1-ші секцияның жұмысын “Әйелдердің шығармашылық бастамасы лигасы” ќоғамдық бірлестігінің төрайымы Ә.Хайруллина жүргізді. “Қазақстандағы дағдарыс орталығы одағының” құқықтық тұлға бірлестігі басқармасының төрайымы З.Байсақова жетекшілік еткен 2-ші секция “Өмірдің қиын жағдайына тап болған балалардың әлеуметтік оңалуы мен алдын алу жұмыстарын дамытудың негізгі бағыттары” мәселесін қарады.
“Бөбек” ҰҒПББСО жанынан құрылған Адамның үйлесімді дамуы институтының аға ғылыми қызметкері, жоғарғы мектеп лабораториясының меңгерушісі Б.Құдышева жүргізген 3-ші секция жұмысы “Құзіретті білім берудегі “Өзін-өзі тану” курсының рөлі” тақырыбына арналды.
Сонымен қатар форум аясында “Жетісу балалары” атты фотосуреттер, қолданбалы және бейнелеу өнері байқауларының көрмесі өтіп, мини футболдан турнир ұйымдастырылды. Талдықорған политехникалық колледжінде “Сәлеметсіз бе, мен Сіздің балаңызбын!” атты көңілді тапқырлар клубының ойыны өтті. Бикен Римова атындағы облыстық драма театрда Лидия Егембердиеваның “Менің Карлсоным” атты спектаклі ќойылып, жұртшылықты үлкен әсерге бөлеген танымдық кешке ұласты. “Пана” балалар театрының, яғни “Айналайын” балалар үйінің талантты жас дарындары бүгінгі күнде белең алған әлеуметтік жетімдік проблемасын ашып көрсетіп, әкесіз өскен бала тағдырын, оның қоғамдық қиындықпен бетпе-бет келуін, жаны жаралы жасөспірімнің ішкі мұңы мен жан күйзелісін көрермендер жүрегіне жеткізе білді. Осылайша форум жұмысы үлкенге де, кішіге де ой салып, әсерлі қойылыммен аяқталды.
Достарыңызбен бөлісу: |