Жыланкөзова аяла текесбайқызы



бет1/3
Дата13.06.2016
өлшемі0.51 Mb.
#133203
түріДиссертация
  1   2   3


ӘОЖ: 94 (574). 084:63:37 Қолжазба құқығында

ЖЫЛАНКӨЗОВА АЯЛА ТЕКЕСБАЙҚЫЗЫ




Қазақстанда аграрлық білімнің қалыптасуы мен даму тарихы

(1918-1991 жж.)

07.00.02 - Отан тарихы

(Қазақстан Республикасының тарихы)

Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертацияның

А В Т О Р Е Ф Е Р А Т Ы

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2009

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Кеңес дәуіріндегі Қазақстан тарихы бөлімінде орындалды.




Ғылыми жетекшісі:

тарих ғылымдарының докторы, профессор Мажитов С.Ф.


Ресми оппоненттер:


тарих ғылымдарының докторы, профессор Құдайбергенов Ә.Н.
тарих ғылымдарының кандидаты

Прімбетова Е.Ө.


Жетекші ұйым:



«Қайнар» университеті

Диссертация 2009 жылы «25» қыркүйек күні сағат 14-30-да Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңес мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).


Диссертациямен Қазақста Республикасы Білім және ғылым министірлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).


Автореферат 2009 жылы _____________ таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы,

тарих ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева



КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Бүгінгі таңдағы өркениетті даму үрдісіне бет бұрған қазақ қоғамының өткен тарихын саралау үрдісі әр қилы. Тарих тағлымының саясатпен аралас қабаттасқан беттерінің бірі – бұрынғы Кеңес Одағына қараған кезеңіндегі білім беру жүйесінің қалыптасу тарихын өзіндік бағамда зерделеу және оған қазіргі көзқараста баға берудің сұранысы ерекше. Өйткені қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығын және жердің құнарлылығын зерттеу мен оны дамытуға арналған аграрлық білім беру жүйесінің тарихы таптық және партиялық көзқарас арқылы тануға, сондай-ақ осы ұстаным қоғам экономикасы мен әлеуметтік құрылымының болжытпас бірыңғайлы қағидаларына үстем болып жатты. Дегенменде, әрқашанда ұлттық азық-түлік түрлерін өндірудің жаңа технологиясын, емдік-сауықтыру мен жаппай пайдалануға арналған экологиялық таза өнімдерді әзірлеу, табиғат өнімдерін ұдайы пайдалану және қоршаған ортаны қорғауда аграрлық жоғары оқу орындарындағы орман және балық шаруашылығын жүргізу, топырақ құнарлылығын сақтау және пайдалану сияқты көптеген аграрлық ғылымның салаларымен тікелей байланысты.

Тақырыптың өзектілігі. Тәуелсіз Қазақстан өзінің аңсаумен алған азаттығымен қоса тіршілігін біліммен байытып, ғылыммен жетілдіруді мақсат етуі қажет. Егеменді елдің болашақ ұрпақтарын тәрбиелеудегі аграрлық білім берудің мақсаты нарықтық қатынастарды тиімді жолға қоюды көздеген экономикалық өркендеуден де, орасан өзінің қыйындығы мен маңызының тұлғаланып тұрғанын түсінуіміз керек. Осы аграрлық білім беру саласында дербестігімізді алған алғашқы азаттық жылдарында, республикамызда көптеген жұмыстар жасалынды. Күні бүгінге дейін Қазақстанда жоғары аграрлық білім берудің өткені мен бүгінгісін және болашағына кешенді түрде жан-жақты талдау жасалған еңбектердің болмауы, бүгінгі таңда осы салада ғылыми-зерттеу жұмыстарын қажет етеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқына 2005 жылғы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты жолдауында: «Осы заманғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін осы заманғы басқарушыларсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, барлық деңгейдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған тиісті шаралар қолдануымыз шарт» - деп, атап көрсетті [1]. Мұндай ғылыми зерттеу жұмысы аграрлық білім беру жүйесін ұйымдастыруда және жетілдіруде өткендегі қателіктерді қайталамау үшін қажет. Қай кезеңде болмасын аграрлық білім беру жүйесі басқа салаларға қарағанда жоғары қарқынмен дамыды, білікті мамандар даярлауда мол тәжірибе жинақталды. Бұл тәжірибе қазіргі күннің өзінде де көптеген жағдайда ауыл шаруашылығының түпкілікті жұмыс қорытындысы мамандар мен олардың басшыларының ұйымдастыру, саяси және іскерлік қасиеттеріне байланысты екендігін мойындатады. Демек, ауыл шаруашылық кадрларының өндірісті дамытудағы, жаңа технологияны игерудегі белсенділік үлгілерін, өндіріс басшыларының жарқын өмір жолдарын көрсетудің тәуелсіз Қазақстанның ауыл шаруашылық мамандарын тәрбиелеуде айтарлықтай маңызы бар. Екінші жағынан, ауыл шаруашылық мамандары мен басшыларының қызметі өз кәсіпкерліктерімен ғана шектеліп қоймай, міндетті түрде мәдени-тәрбиешілік ісімен де жалғасты. Қоғам олардан ұжыммен жұмыс істей білетін, жоғары мәдениетті және аса білімдар болуларын талап етті.

Алматы қаласындағы аграрлық жоғары оқу орны 1930-шы жылдан бері Қазақстан тарихында ірі ғылыми мектептерімен, көрнекті ғалымдарымен және түлектерімен республикаға танымал ауыл шаруашылық жоғары оқу орындарының көш бастаушысы ретінде қалыптасты. Университеттің негізгі міндеті – Қазақстан экономикасының аграрлық секторына жоғары білікті мамандар даярлауда, әлемдік білім кеңістігінде лайықты орын алды.

Қазақтанда аграрлық білімнің қалыптасуы мен дамуын зерттеуде кеңестік идеология тұрғыда жазылған еңбектерге тән ортақ кемшілік қалыптасқан тарихи тәжірибенің тек қана жағымды жақтары айтылады да, жіберілген кемшіліктер мен орын алған олқылықтардың айтылмайтындығы байқалады. Бұл кемшіліктер 20-шы жылдардың аяғынан бастап, кейбір еңбектерде тіпті күні бүгінге дейін қайталанып келеді.

Аграрлық жоғары оқу орындарының қалыптасуы мен дамуы және ауыл шаруашылық мамандарын даярлауды жетілдірудің болашақ қадамдары тарихи-педагогикалық әдебиеттерде жеткіліксіз зерттеліп, кейбір тарихи фактілерді жинақтаумен ғана шектелген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық кадрларын даярлауды жетілдірудің қажеттілігі әлеуметтік-экономикалық салаларында жинақталған тарихи тәжірибені қазіргі жағдайда Қазақстанның аграрлық білім беру орындарының алдында тұрған жаңа міндеттемелерге сәйкес шығармашылықпен пайдалануды қажет етеді.

Қазіргі жағдайда қоғамда өткен тарихымызды, оның ішінде кеңестік кезеңде жинақталған тәжірибені, біржақты жағымсыз тұрғыдан бағалау аңғарылады. Әсіресе, жоғары білімді дамытудағы тарихи тәжірибемізді, өткен жолымызды бірыңғай қара түспен бояп көрсету, тарихымызды жоққа шығару дұрыс болмаған болар еді. 1924 жылы ауылшаруашылық техникумдары 8 болған. 1936 жылдары Қазақстанда жалпы 14 орта арнаулы білім беретін техникумдар болса, 1930-1940 жылдары республикамызда 12 жоғары оқу орындары болды. Қазақстандағы аграрлық оқу орындарының ашылуы елдің әлеуметтік-экономикасын дамытуға үлкен септігін тигізді. Әсіресе, ашаршылық жылдарында малдың түрлі індеттік жұқпалы аурулардан қырылуы, оның алдын алуда аграрлық мамандарға зәру болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңнен бастап қамтылған және «кемелденген социализм» айдарындағы қоғамдағы зор секірістер белесі, тоқырау қалтарыстары мен 1980-ші жылдардың аяғындағы мезгілдердің өткір мәселелерін талап сүзгісінен өткере қарастыруға негізделген Қазақстандағы аграрлық білім беру жүйесін зерттеу ғылыми тақырып танымына арқау болады.

Еліміздегі жаңару үрдістер өткен тарихымызды объективті тұрғыдан дұрыс бағалауға, мәдени құрылыс саласында, оның ішінде жоғары аграрлық білім берудің тарихын жаңаша көзқарас тұрғысында зерделеуге, егеменді еліміздің бүгінгі күн талаптарына сай нарықтық қатынастарға көшуге байланысты жоғары білімді реформалауға және оның жоғары білім тұжырымдамасын ғылыми негіздеуге мүмкіндіктер мен қолайлы жағдайлар жасалды. Жоғарыда аталған қайшылықтарды болдырмау үшін ауыл шаруашылық мамандарын даярлауда өткен тарихи тәжірибенің жағымды жақтарын пайдалана отырып, бүгінгі талаптарға сәйкес Қазақтанда аграрлық білімнің қалыптасуы мен даму тарихын бір жүйеге келтіру, зерттеу жұмысымыздың өзекті мәселесіне айналып отыр.

Зерттеу жұмысының зеттелу деңгейі. Халыққа білім беру саласының даму жолдары республикамызда осы уақытқа дейін біршама зерттелінген тақырыптардың бірі деуге болады. Алайда зерттеу үрдісінде әрдайым шыншылдық, ғылымилық, объективтілік принциптері қатаң сақталды деп айту қиын. Себебі, отан тарихы еліміздің тәуелсіздігіне дейін жалпыодақтық тарих ғылымының құрамдас бөлігі деп табылып, соның даму арнасымен кете барған болатын. Бұл жағдай өзге де орыс емес ұлттар тарихы секілді қазақ халқының тарихын да екінші дәрежелі сипатта деп ұғуға, барлық прогрессивті оқиғалар мен құбылыстар тек орыс халқы арқасында болды деп түсінуге алып келгені белгілі. Бұқара санасына күштеп сіңірілген мұндай тар таптық, партиялық принциптерге құрылған, шамадан тыс идеологияландырылған тарих аграрлық оқу ісін зерттеуге де өз көлеңкесін түсірмей қойған жоқ. Қазақстандағы аграрлық білім беру жүйесінің қалыптасуы мен даму тарихын зерттеуде бірқатар ғалым-тарихшылар, әдебиет, қоғамтанушы, педагог зерттеушілердің еңбектері жарыққа шығып, әртүрлі кезеңдегі ғылым деңгейінен өзінің қоғамдағы орнын алып жатты. Тақырыптың тарихнамасына тоқталу барысында және шынайы тұжырым орнықтыру үшін пайдаланылған зерттеу жұмыстарын көзқарастық ұстанымдарына қарай топтап қарастыру тәсілі ұстанылды.

Қазақстандағы оқу-ағарту саласындағы реакциялық саясатты алғашқылар болып зерттеген С. Асфендияров, М. Тынышбаевтың [2] еңбектерінде оқу орындарында орын алған қазақ зиялыларының өлкедегі оқу ісі жайына ат салысқаны, орыс оқу орындарының миссионерлік сипаты ашып көрсетілген және оның жергілікті ерекшеліктеріне басты назар аударылған. Сондай-ақ, Т. Тәжібаев, К. Бендриковтың [3] еңбектерін атап өткен дұрыс болар. Дегенменде бұл авторлардың еңбектерінің негізгі идеясы кеңестік идеологияның сұраныстарына сай келгенімен, ондағы келтірілген деректер мұрағат құжаттарынан алынған. Қазақстандағы оқу орындарының бастамасы болып табылатын ХІХ ғ. екінші жартысындағы мұсылмандық оқу орындары туралы жазылғанымен, салыстырмалық талдаулар мен тұжырымдар жасалмаған. Біздің зерттеу жұмысымыздың хронологиялық ауқымынан алшақ болса да, Қазақстандағы білім беру жүйесі туралы жазылған алғашқы еңбектердің бірі болып табылады. Аграрлық жоғарғы оқу орындарының ашылуы Қазақстанда жүргізілген ұжымдастыру мәселесімен тығыз байланысты, өйткені ұжымдастыру тәріздес күрделі де ауыр мәселені дұрыс шешу үшін оның қажеттігін теория тұрғысынан дәлелдеу, оны тәжірибеде шешу жолдарын тұжырымдау, әлеуметтік-экономикалық жақтарының нәтижесін айқындау үшін қажет еді. Алайда, ауылшаруашылық орта арнаулы білім беретін оқу орны 1918 жылы Жетісуда ашылған болатын.

Қазақстандық тарих ғылымында алғашқы аграрлық өзгерістер деп аталатын шараларының жүргізілген уақытын Т. Елеуов [4] кеңес өкіметінің алғашқы жылдарын төрт кезеңге бөліп қарастырған. Онда 1918 ж. жер мәселесін тезірек шешіп, село кедейлерін 1918 жылдың көктемдегі егіске кірісуі, егіс көлемін ұлғайту, жерді мемлекет меншігіне өткізу шараларын іске асыру жұмыстарын бірінші кезең деп алған. Екінші кезеңі деп 1918 жылдың көктемінен 1920 жылдың аяғына дейінгі аралықты қарастырған. Онда жерді тең пайдалану тәртібі мен еңбек бөлінісі мен жекеменшік жерлерді қайта бөлу. Үшінші кезеңді 1921-1922 жж. жер, су реформасының жүргізілуі деп алған. 1924-1927 жж. егістік және шабындық жерлерді қайта бөлу шараларын төртінші кезең деп қарастырған. Сол сияқты Қазақстандағы аграрлық реформаларды Н. Байғабылов [5] өз зерттеулерінде аграрлық өзгерістерді үш кезеңге бөліп қарастырған. Онда 1917-1920 жж. бірінші кезең, 1921-1924 жж. екінші кезең және 1925-1929 жж. үшінші кезең деп алған. Автор аталған жылдар аралығын республикадағы аграрлық өзгерістердің бастамасы, яғни жалпы бірінші кезең деп қарастырған. Сонымен қатар, осы кезеңдегі қабылданған аграрлық реформалар А. Чупековтің [6] тұжырымдауы бойынша, бірінші кезеңге коммунистік партия мен кеңес үкіметінің аграрлық мәселелерді шешу жаппай ұжымдастыруға дейінгі уақыт аралығы алынған. Екінші кезеңі 1925 жылмен аяқталып, үшінші кезең 1925 жылмен басталатындығына назар аудартады. Яғни, 1920-1925 жылдардағы аграрлық заңдар бүкіл республикалық міндеткерлік сипат ала алмады, және ең бастысы төңкеріске дейінгі жерге орналастыру жұмыстарындағы әділетсіздікті жоюға бағытталады деп өзі бөліп көрсеткен кезеңдеріне қысқаша сипаттама берген.

Қазақстандық белгілі тарихшы К. Нұрпейісов [7] жоғарыда аталған үш кезеңді алғашқы аграрлық өзгерістер жүргізілген жылдар деп атамайды, автор оны «Қазақстанның ауылшаруашылығында көпукладтылықты жою және социалистік укладтың жеңу үрдісі» деп тұжырымдаған. Автордың көрсеткен кезеңдері нақты жылдармен белгіленбеген. Аталған кезеңдегі Қазақстан мен Орта Азияда жүргізілген өзгерістерді С. Карамедин екі кезеңге бөліп қарастырған. Бірінші кезеңі 1917-1922 жылдар аралығы, онда отаршылдық аграрлық саясаттың, ірі феодалдық жер иеліктері жойылып, өзіндік ерекшеліктерге ие болды деп көрсеткен. Автордың бір кемшілігі, екінші кезең туралы ештеңе айтпаған және зерттеуде Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнауы жағымды фактор ретінде сипатталған.

Қазақстандағы Кеңес өкіметінің аграрлық саясатын М. Ким екі кезеңге бөліп қарастырған. Онда бірінші кезең 1918-1920 жж. бір тұтас аграрлық саясаттың қалыптаспаған уақыты, жергілікті жерлерде өкімет ұйымдары өз бастамаларымен жер мәселесіне қатысты жүргізу жұмыстары жатқызылған. Екінші кезең – 1920-1921 жж. өлкеде орталықтандырылған биліктің құрылуымен аграрлық саясаттың жалпы кеңестік жер туралы заңдары негізінде іс-жүзінде жүзеге асырылуы, аграрлық реформалардың кең көлемде жүргізіле бастағандығы туралы қарастырылған. Кеңес үкіметінің орнауы жылдар қарсаңындағы ауыл-село халқының санағы А. Алексеенконың еңбектерінде көрсетілген.

Кеңестік дәуірдегі аграрлық реформаларды үш кезеңге бөлумен келісетін болсақ, онда бірінші кезеңге – 1917-1940 жылдар, екінші кезеңге – 1941-1964 жылдар, үшінші кезеңге – 1965-1990 жылдар аралығы деп алсақ, бұл мәселе зерттеу жұмысымыздың хронологиялық ауқымымен тұспа-тұс келмек. Сондықтан осы кезеңдегі аграрлық реформалардың қабылдануы аграрлық білім беру жүйесінің қалыптасуына алғышарт болды. 1929 ж. Қазақстандағы алғашқы Мал дәрігерлік институты мен 1930 ж. Ауылшаруашылық институттарының ашылуы туралы жүйелі зерттеулердің болмауы өкінішті-ақ. Бұл институттардың құрылу тарихы туралы мәліметтерді тек мұрағат құжаттарынан алуға болады.

Қазақстан бойынша аграрлық білім беретін үшінші жоғарғы оқу орны 1952 ж. Семей қаласындағы Семей Зоотехникалық-ветеринариялық институтының ашылуына 50 жыл толу қарсаңында институттың құрылу тарихы мен шығармашылығы жөнінде жазылған кітаптың маңызы зор болды. Осы сияқты С. Сейфуллин атындағы Ақмола Аграрлық университеті, Орал қаласындағы Батыс Қазақстан Ауылшаруашылық институты туралы жинақтарда институттың бүгінгі күнге дейінгі шығармашылық қызметі жазылған [8]. Бұл жинақтарда зерттеу жұмысымызға қатысты көптеген мәліметтер берілген. Әсіресе, өзінің ашылуынан бастап 1967 ж. дейін Ақмола Ауылшаруашылық институтының 25 жыл көлемінде филиалдары болып келген Көкшетау және Қостанай қалаларындағы Ауылшаруашылық институттарының құрылуы мен өз алдына жеке бөлініп шығу кезеңіне дейінгі шығармашылығы бір жүйеге келтіріліп сипатталған. Бұл ғылыми жинақтардың аграрлық мәселені зерттеуге арналған еңбектер жазуда, осы сала бойынша ізденушілердің зерттеу жұмыстарына берері мол.

1946 жылдан еліміздегі колхоздарды ірілендіру тәрізді өзіндік шырқау шегіне жеткен әкімшіл-әміршіл жүйеге тән, терең жан-жақты ойластырылмаған, қисынсыз шараларға жол берілді. Сталиндік асыра сілтеу әрекеттері өз жалғасын тапты. Дегенменде, ауыл шаруашылығы халық сұранысын өтеумен қатар жүргізілгендіктен, осы кезеңде жарық көрген әдебиеттердің көпшілігі кеңестік сипатта болғанымен, ондағы негізгі ауыл шаруашылығын дамытуда іске асырылған шараларды жоққа шығара алмаймыз. Олардың қатарына А. Пронин, Н. Кудрявцев, А. Киселевтың еңбектерін жатқызуға болады. Бұл авторлармен ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп өсіру мен жинауды ұйымдастыру және оның технологиясы зерттелген. Онда еңбекті ұйымдастыру және машина-трактор агрегаттарын құрастыру, кешенді механикаландыру және автоматтандыру ұғымдары ашып көрсетілген, еңбек өнімділігін арттыру және ауыл шаруашылық өнімінің өзіндік құнын арзандату, сондай-ақ ауыл шаруашылық жұмыстарын іске асырудың жоспарлары туралы жазылған.

1940 жж. мал шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері С. Абдулпаттаев, К. Дияровтың, К. Рыспаевтың еңбектерінде қарастырылған. С. Абдулпаттаев мақалаларында мал шаруашылығының ауыр жағдайының себептері жем-шөп базасының жоқтығымен, табиғи шабындықтар мен жайылымдардың нашар пайдалануымен, ауылдық жерлердегі фермаларда ауыр жұмыстар механикаландырылмағандығы және мал шаруашылығында қажетті кәсіби мамандардың жетіспеушілігімен түсіндірген.

Ауыл шаруашылық еңбеккерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, өмір деңгейі және мәдени-тұрмыстық мәселелері А. Аубакиров, С. Баишев, Н. Күзембаев, Х. Абжанов және тағы басқа тарихшылар еңбектерінде қарастырылған. Аталған авторлар зерттеулерінде әлеуметтік талдау арқылы ауыл шаруашылығындағы өзгерістерді көрсете отырып, ауыл шаруашылығының кәсіби мамандардың жетіспегендігіне де тоқталды. Ауыл шаруашылық мамандары арқылы осы ауыл шаруашылығын дамытуды ғылыми жолмен ұйымдастыру ұсынылған. Кеңес үкіметі тұсында жазылған еңбектерде аграрлық мәселелер ауыл шаруашылығын дамыту деп берілген.

А.Н. Құдайбергенов, Б.С. Сүлейменовтың [9] зерттеулерінде Қазақстанның ауыл шаруашылығының даму үрдісі жан-жақты қарастырылған. Авторлардың еңбектерінде жоғарғы оқу орындарымен даярланған ауыл шаруашылық мамандары Қазақстанның ауыл шаруашылығын зерттеуде, оны дамытуда маңызды орын алатындығы туралы айтылды. Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени, тұрмыстық жағдайының көрінісі екендігі туралы бірқатар деректер берілген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын дамыту адамзаттың даму, өсу жолдарымен байланыстырылып, қарастырылған.

1954 ж.СОКП ОК-нің ақпан-наурыз пленумында қолдау тапқан тың және тыңайған жерлерді игеру қолға алынды. Тың және тыңайған жерлерді игерудің келеңсіз салдарына қарамастан экономикалық жағынан тиімділігі – ауыз толтырып айтарлықтай әрі нәтижелі, мардымды болмады. Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игерудің ғылыми негізерін зерттеген В.Е. Казаков , өз еңбегінде осы жылдары Қазақстанға қанша өндіріс техникаларының әкелгендігі (трактор, комбайн, ауыл шаруашылық техникалары) жөнінде нақты сандық көрсеткіштер келтірген. Сонымен қатар, С. Тұрғанбаев пен Б. Қайымовтың зерттеулерінде тың және тыңайған жерлерді игеру мал шаруашылығының дамуына жол берді – деген қарама-қайшы пікірлер айтылған, бірақ бұл кеңес үкіметі тұсында жазылған еңбектердің көпшілігіне таңылатын кемшілік деп қараған дұрыс болар. 1970-ші одақ көлемінде жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін интенсивтендіру жөнінде кең көлемде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілгенімен, Қазақстанда осы мәселе әлі жете зерттелмегені жөнінде айтылған. Осы кезеңде жүргізілген аграрлық саясаттың жергілікті қазақ халқы үшін тиімсіз жақтарын ашып көрсеткен М.Қ. Қозыбаев, М.Қ. Қойгелдиев, Қ.С. Алдажұманов, Ж.Б. Абылхожин [10] және т.б. тарихшылардың еңбектерінде кеңінен қарастырылып, қазіргі көзқарас тұрғысында жаңа тұжырымдар жасалған. Сондай-ақ, Т.О. Омарбековтың, Қ.С. Қаражановтың ғылыми мақалаларында тың игерудің кемшіліктері мен қателіктері ашып көрсетіліп, Қазақстанның 1920-1930 жж. қоғамдық-саяси жағдайы кеңінен зерттелген. Әсіресе, аталған кезеңде аграрлық реформалардың жергілікті халық үшін нәтижелі болмағандығын, қазақ халқының үлесіне берілген жерлер жөнінде шынайы деректер негізінде дәлелдеп, көрсеткен.

Ауыл шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайту, күрделі қаржы бөлу, халық шаруашылығында ғылыми-техникалық прогресті дамыту, совхоздар мен колхоздарды мамандандыруды жетілдіру мәселесі Е. Теміровтың еңбегінде қарастырылған. Автор ауыл шаруашылығын мамандандыруды жүргізу экономикамен тығыз байланыста болатындығын және ауыл шаруашылығын орналастыруды белгілі бағыттағы немесе, әртүрлі маманданған шаруашылықтардың жағрафиялық орны деп көрсеткен. Аталған авторлардың еңбектерінде жер бөлінісін пайдалану ісі осы уақытқа дейін отан тарихы ғылымында зерттелмеген тың мәселелерге арналған. Сондай-ақ, еліміздің әртүрлі аймақтарында ауыл шаруашылығын өркендетуді ғылыми негізде ұйымдастырудағы еңбек өнімділігі, егіншілік мәдениеті жоғары, әрі сапалы, әрі арзан өнім өндірген шаруашылықтардың іс-тәжірибелері де айтылған. Сонымен қатар, В.Г. Шайкин мен М.В. Глинканың зерттеулерінде 1980 ж. дейін жасалған ауыл шаруашылығын дамытудың жоспарлары ендігі жаңа технологиялық жетістіктерге байланыты ескіргендігі, келешекте елдегі ауыл шаруашылықты дамытудың жоспарларын жаңа ғылыми-техникалық құрылымдармен байланыстыра құруға көшу ұсынылған және егістік, бау-бақшалық, фермалық жұмыстардағы еңбек бөлінісінің тиімділігін арттыруда маңызды тұжырымдар берілген.

Ауыл шаруашылығын зерттеуші ғалымдардың бірі Ә. Байжұманов өз еңбегінде мал шаруашылығының ғылыми негізі – зоотехника саласының қызметін қарастырған. Онда мал тұқымын жүйелі түрде асылдандырып, ұтымды жолмен сауықтандыру, бағып-күтуді ұйымдастыра отырып, малдан сапалы, мол әрі арзан өнім алудың тиімді жолдары көрсетілген. Автордың зерттеулері ауыл шаруашылығы малын өсіру пәнінің оқу бағдарламасына сәйкес жазылып, жоғарғы аграрлық оқу орындарындағы зоотехника мамандарын және шаруашылық мамандарына даярлауға ұсынылған.

Қазақстандағы аграрлық ғылымды зерттеу барысында іске асырылған жұмыстар жөнінде Т. Тазабеков пен А. Тазабекованың зерттеулерінде Жетісу жерінде алғаш егіншілікпен айналысқан кезден бастап, топырақ құнарлылығын сақтау және оны игеру туралы агрономиялық ғылымның мол деректі материалдары берілген. Аграрлық жоғары оқу орындарының топырақтану мамандығына арналған еңбекте топырақ процестері мен мәдени өсімдіктердің минералдық қорегін түсіну және игеру мәселелері қамтылған. Сонымен қатар, зерттеу жұмысымызды жазу барысында аграрлық оқу орындарында ауыл шаруашылық мамандарын даярлауға арналған оқу құралдары мен оқу бағдарламаларының да өзіндік орны бар. Онда студенттерге дәріс оқудың немесе, семинар сабақтарын өткізуді жақсарту мақсатында әдістемелік нұсқаулар берілген. Оқу жоспары әрбір оқушылар тобының міндетті түрде орындап отыратын құжаты. Гурьев облысының ауыл шаруашылығын өркендету жүйесіне арналған кітапта, Гурьев облысында агротехника мен жерді суару әдістері 1950 жылдары төмен дәрежеде болғандығы туралы деректер берілген. Сондықтан осы кітапта үлгі боларлық ауыспалы егістер мен агротехникалық нұсқауларды белгілеуге, сол сияқты тыңайтқыштар енгізу, еңбекті көп керек ететін жұмыстарды механикаландыру мәселелеріне, әсіресе суармалы егіншілікке көп көңіл бөлінген. Гурьев облысының ауыл шаруашылығында ұлан-байтақ шөл және шөлейт жерлердің табиғи шабындықтары мен жайылымдарын аз шығынмен неғұрлым толық пайдалануға тиімді мал шаруашылығы негізгі орын алғандығы туралы мәліметтер берілген. Ондағы ет пен сүт өндіруге бағытталған арнаулы сиыр шаруашылығы құрылғандығы, ел экономикасын арттыруға септігін тигізген. Әсіресе, зерттеу жұмысымызды жазуда Орталық Комитетпен қабылданған пленумдардағы ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде қабылданған бағдарламалары көптеген мағұлматтар берді. Мысалы, 1978 ж. Мәскеуде өткен ОК КОКП-ның шілдедегі пленумында қабылданған бағдарламада ауыл шаруашылық ғылымын дамытудың бірнеше жобалары ұсынылған. Осы съезде барлық ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаларға сәйкес аграрлық ғылымды дамытуға жағдайлар жасау туралы ұсыныстар жасалған. Осы уақытқа дейінгі ауыл шаруашылығының жетістіктері аграрлық ғылымның ғалымдарымен ауыл шаруашылығына енгізілген ғылыми жаңалықтары негізінде нәтижелі болып табылатындығы, алдағы уақытта оны дамытуға баса назар аудару қажеттігі айтылған. Жоғарыда аталған еңбектердің барлығы әр кезеңдегі ауыл шаруашылығының даму жағдайына арналған, бірақ бұл зерттеулерде ауыл шаруашылығын дамытудың тиімді жолы білікті мамандар даярлаудағы аграрлық немесе сол кезеңдегі ауыл шаруашылық жоғарғы оқу орындарының маңыздылығы мен атқаратын қызметіне байланысты берілген мәліметтер жоқтың қасы.

Қазақстанда аграрлық ғылыми-зерттеу орталықтарының ашылуы жөнінде тың деректер алғаш рет Аграрлы Қазақстан жинағында берілген. 1957 ж. басында Шортанды ауылшаруашылық тәжірибе стансасының негізінде Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылды, кейін ол Бүкілодақтық астық шаруашылығы ҒЗИ болып қайта құрылған. Оның қызмет көрсету аймағына солтүстік облыстардың барлығы кірген. Су және орман шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау ғылыми-зерттеу Республикалық институттары мен Солтүстік мал шаруашылығы ҒЗИ, ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру тың ҒЗИ, қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ, шабындық жайылым шаруашылығы қазақ ҒЗИ, күріш қазақ ҒЗИ, өсімдікті қорғау қазақ ҒЗИ құрылғандығы жөнінде нақты мәліметтер берілген. Әсіресе, 1974 ж. мал ашруашылығы қазақ ҒЗИ негізінде екі институт ұйымдастырылған: қой шаруашылығы қазақ ҒЗИ және мал шаруашылығы қазақ ҒЗТИ туралы деректер көптеген еңбектерде кездесе бермейді. Біздің қарастырып отырған тақырыбымызға қатысты 1971 ж. Қазақстан мен Қырғызстанда жүргізілетін, ауыл шаруашылығы, су және орман шаруашылығы бойынша ғылыми-әдістемелік басшылық және зерттеулерді үйлестіру үшін ЛБАШҒЗА (ВАСХНИЛ) Шығыс бөлімінің ашылуы, Қазақстанның аграрлық саласын зерттеуде маңызды орын алған.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын, кеңес өкіметінің ауыл шаруашылығын басқаруда жүргізген саясатын ғылыми тұрғыдан зерттеп, арнайы қарастырған С.А. Байтілен, Қ.Қ. Байсарина, А. Прімбетова [11].

С.Ф. Мажитов өз еңбектерінде қазіргі заманда, еліміз егеменді даму кезеңінде ұлттық сананы өркендету үшін тарихшылар қауымының ең өзекті мәселелерінің бірі – тарих ғылымы және тарихи білім беру саласында қоғам мен билік арасындағы қатынасты жүйелеу, жан-жақты зерттеу ісіне ерекше көңіл бөледі [12]. Сондықтан да аграрлық білімнің қоғамда алатын орнын анықтау, оның тарихын зерделеу – тарих ғылымы мен тарихи білім беру салаларын терең дамытуға бейімделген өзекті мәселеге айналады.

Тарихнамалық талдауларды қорытындылай келе, көптеген деректерде аграрлық жоғары оқу орындарының қай жылдары ашылғандығы және нақты территориялық орналасуының сипатталуы ғана айқындалып отыр. Біздің қарастырып отырған Қазақтанда аграрлық білімнің қалыптасуы мен дамутарихы (1918-1991 жж.) туралы нақты зерттеулердің болмауы, бүгінгі таңда отан тарихындағы осындай қалыс қалған тұстарын зерттеуді қажет етеді. Зерттеу жұмысында Кеңес үкіметі кезінде жарық көрген еңбектер мен қазіргі заман тұрғысында жазылған зерттеулер салыстырмалы тұрғыда жүйеленіп, сараланып берілді.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет