«ЖИТС-21 ғасыр дерті»
Қазіргі уақытта көптеген аурулардың алдын ала егілетін вакциналары бар, емі бар. Ал ЖИТС ауруының қауіптілігі – оның емінің табылмай отырғанында. Бұл дүние жүзінің халқын алаңдатып отырған ғаламдық мәселе. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы бойынша жылдың басынан бастап қазан айына дейін 1883 жағдай тіркелсе, облысымызда 14 жағдай тіркеліп отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш Республика көлемінде 67 жағдайға артып , облыс көлемінде 1 жағдайға артып отыр. Бұл 14 жағдай облысымыздың Ақтау , Жаңаөзен, Түпқараған, Мұңайлы аймақтарынан тіркеліп отыр. Жас көрсеткіші бойынша жоғарғы пайызды (66,9%) 20-39 жас аралығы көрсетіп отыр.
Сондықтан әрбір адам осы ауру туралы жан-жақты білсе, мұндай дерттің алдын алуға болады.
ЖИТС (Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы) – иммундық қуаттың әлсіреуінен соқтыратын жұқпалы ауру. Ауру қоздырғышы жыныстық қатынас кезінде және зақымданған тері арқылы қанға түскен соң ағзаның қорғаныс шебі саналатын лимфа жүйесін зақымдайтын аса қатерлі ауру. Вирус жұққан адам – вирус тасымалдаушылар, ЖИТС-пен ауырған адамдар инфекция жұқтыру көзі болып табылады. Ешқандай ауру белгілері байқалмайтындықтан, әсіресе, вирус тасымалдаушылар өте қауіпті.
Вирус көп мөлшерде қанда, спермада, қынап кілегейінде, емшек сүтінде болады. Көз жасында, жұлын сұйығында, сілекейде өте аз мөлшерде болуы мүмкін. Вирус жұққан адамдардың 35-50%-ы ауырады. Қалғандары дені сау, вирус тасымалдаушы болып қалады. ЖИТС немесе қазіргі кезде АИТВ(Адамның иммун тапшылығы вирусы) инфекциясы деп аталатын індеттің тиісті кезеңдеріне қарай әртүрлі белгілері болады. Жұққан сәттен бастап алғашқы белгілері пайда бола бастағанға дейінгі уақыт инкубациялық кезең – бастапқы АИТВ-инфекция) 2-3 аптадан 6-12 айға, кейінгі кездегі мәліметтер бойынша бірнеше жылға дейін созылады. Инфекция кейде белгісіз түрде дамиды. Негізінде науқастанғандардың 1/3-нің дене қызуы көтеріліп, баспа (ангина), бас ауыруы, лимфабездерінің ісінуі, әлсізденуі, терісіне бөртпе шығу сияқты жедел ауру белгілері пайда болуы мүмкін.
Бүкіл дүние жүзіндегі АИТВ-жұқпасымен ауырғандарды зерттеп, және осы ауруға қарсы күресуші ғалымдар мен мамандардың айтуы бойынша АИТВ-жұқпасынан қорғанудың бір жолы бар. Ол – білім. АИТВ-жұқпасының қандай қауіпті ауру екендігін, оның қандай жолдармен жұғып тарайтынын әрбір адам нақты біліп, терең түсінуі қажет. Сондықтан да барлықтарыңызды өз өмірлеріңізге жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Өз денсаулықтарыңыз өз қолдарыңызда.
Маңғыстау аудандық ПСК дәрігері Муханбеткаримова Н.С
Достарыңызбен бөлісу: |