Жол жүру құжаттарын (билеттерін) сатуды ұйымдастыру кезінде жолаушы тасымалдауларын басқарудың автоматтандырылған жүйесіне қол жеткізу және өзара технологиялық іс-қимыл жасау қағидасын бекіту туралы



Дата04.07.2016
өлшемі160.4 Kb.
#177270
Источник: ИС ПАРАГРАФ, 22.05.2012 12:33:55
Жол жүру құжаттарын (билеттерін) сатуды ұйымдастыру кезінде жолаушы тасымалдауларын басқарудың автоматтандырылған жүйесіне қол жеткізу және өзара технологиялық іс-қимыл жасау қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 19 тамыздағы № 931 Қаулысы

 

«Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 14-бабы 1-тармағының 22) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған Жол жүру құжаттарын (билеттерін) сатуды ұйымдастыру кезінде жолаушы тасымалдауларын басқарудың автоматтандырылған жүйесіне қол жеткізу және өзара технологиялық іс-қимыл жасау қағидасы бекітілсін.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.



 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

 

К. Мәсімов

 

Қазақстан Республикасы



Үкіметінің

2011 жылғы 19 тамыздағы

931 қаулысымен



бекітілген

 

 

Жол жүру құжаттарын (билеттерін) сатуды ұйымдастыру кезінде жолаушы тасымалдауларын басқарудың автоматтандырылған жүйесіне қол жеткізу және өзара технологиялық іс-қимыл жасау қағидасын бекіту туралы

 

1. Жалпы ережелер

 

1. Осы Жол жүру құжаттарын (билеттерін) сатуды ұйымдастыру кезінде жолаушы тасымалдауларын басқарудың автоматтандырылған жүйесіне қол жеткізу және өзара технологиялық іс-қимыл жасау қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Заңының 14-бабы 1-тармағының 22) тармақшасына сәйкес әзірленді және жол жүру құжаттарын (билеттерін) сатуды ұйымдастыру кезінде жолаушы тасымалдауларын басқарудың автоматтандырылған жүйесіне қол жеткізу және жолаушы тасымалдаулары нарығындағы субъектілердің өзара техникалық іс-қимыл жасау тәртібін анықтайды.

2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар пайдаланылады:



1) жолаушы тасымалын басқарудың автоматтандырылған жүйесі - жолаушы тасымалын орталықтан басқару және орындарды электронды резервке қою жүйесі (бұдан әрі - БАЖ);

2) БАЖ жабдығы - үлгілік сертификатталған терминалдық жабдықтар, билет-касса аппаратурасы, анықтамалық қондырғылар, ақпараттық дүнгіршектер, ұжымдық пайдаланымдағы электронды таблолар, билет сату автоматтары мен жол жүру құжаттарын сатуға және жолаушылар тасымалы бойынша анықтамалық ақпараттар алуға арналған басқа да жабдықтар;

3) абонент - БАЖ жабдығымен жабдықталған және БАЖ-ға қосылған жұмыс орны;

4) пайдаланушы - БАЖ-дың ақпараттық ресурстарына қол жеткізу құқығын алған адам;

5) жаңғырту - үлгісі мен зауыттық нөмірін өзгертуге әкеп соғатын БАЖ жабдығын ауыстыру, жетілдіру;

6) көшіру - бір елді мекен шеңберінде басқа пошталық мекенжай бойынша орналасқан ғимаратқа ауыстырған жағдайда пайдалануға қабылданған БАЖ жабдығының орнын ауыстыру.

3. Ұлттық темір жол компаниясы уәкілетті органмен келісім бойынша тасымалдаушылар мен жолаушылар агенттіктерінің БАЖ-ға тасымалдау үдерісіне қатысушылардың барлығына арналған бірдей шарттармен қол жеткізуін ұйымдастырады.



 

 

2. Өтінімдерді ресімдеу және жіберу



 

4. БАЖ-дың ақпараттық ресурстары рұқсаттың мынадай түрлерін ұсынуға мүмкіндік береді:

1) тасымалдау құжаттарын ресімдеуге рұқсат;

2) жолаушы тасымалдауларын басқаруды мониторингтеудің есептік деректерін пайдалануға рұқсат;

3) анықтама-ақпараттық ресурстарға рұқсат (ақпараттық-анықтамалық қызметтер көрсету үшін).

5. БАЖ-ға рұқсат жазбаша өтінімнің негізінде беріледі.

6. Өтінімде мынадай ақпарат көрсетіледі:

жол жүру құжаттарын (билеттерді) сату пунктінің атауы (пункттерінің тізбесі);

жоспарланатын жұмыстардың түрлері;

есепке алу және есептілік топтарының атауы;

4 Тарифтік басшылықтағы темір жол станцияларының алфавиттік тізіміне сәйкес жабдықтарды орнату станциясы;

пошталық мекенжайы (мекенжайлары);

Internet желісіне рұқсаттың болуы;

БАЖ жабдығының болуы, оның үлгісі мен зауыттық нөмірі;

егер терминал қорғалған VipNet желісінде бұрын тіркелмеген болса, онда VipNet бағдарламалық өніміне лицензияның болуы туралы мәлімет; егер терминал қорғалған VipNet желісінде тіркелген болса, онда өтінімде жаңа және ескі каналдық мекенжайлары көрсетіліп, негізгі базаны бір терминалдан екінші терминалға беру жөніндегі талап көрсетіледі;

білікті персоналдың болуы туралы мәлімет.

Өтінімге мынадай құжаттар:

1) мыналардың:

тасымалдаушылар үшін - темір жол көлігімен жолаушылар тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензияның;

жолаушылар агенттігі мен тасымалдаушылар арасында жасалған шарттың (жолаушылар агенттері үшін);

жолаушыларды тасымалдауға белгілі бір маршруттар бойынша тасымалдау құқығын растайтын құжаттың көшірмелерінің;

билет кассалары мен БАЖ жабдығын орналастыруға арналған үй-жайлардың меншік және (немесе) иелену құқығын растайтын құжаттың;

2) егер заңды тұлғаның өкілеттігін бірінші басшы емес немесе бірінші басшының міндетін атқарушы адам, сондай-ақ осы шартқа қол қою кезінде жеке кәсіпкердің мүддесін сенімді адам білдірген жағдайда жолаушылар агенттігі және тасымалдауышы арасындағы шартқа қол қою құқығына сенімхаттың көшірмелері қоса беріледі.

7. Ұлттық темір жол компаниясы өтінімді бес жұмыс күні ішінде қарайды және өз қорытындысын уәкілетті органға келісуге жібереді.



Қорытындыда Ұлттық темір жол компаниясы мынадай деректемелерді көрсетеді:

жолаушылар агенттігінің атауы;

жол жүру құжаттарын (билет) сату пунктінің атауы;

жол жүру құжаттарын (билет) сату пунктінің пошталық мекенжайы;

терминал жабдығын орнату станциясы;

терминал жабдығының каналдық және қаржылық нөмірі;

рұқсат берілген жұмыс және бронь түрлері;

терминал жабдығының белгілері;

тасымалдау бөлімінің нөмірі;

есепке алу және есептілік тобының атауы мен нөмірі;

қаржылық есеп объектісінің коды.

Ұсынылған өтінім осы Қағиданың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда Ұлттық темір жол компаниясы өтініш берушіге өтінімді пысықтау және (немесе) жоқ құжаттарды қоса беру қажеттігін көрсетіп, өтінімді үш жұмыс күні ішінде қайтарады.

Ұлттық темір жол компаниясы осы Қағиданың 6-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілген, пысықталған өтінімді үш жұмыс күні ішінде қарайды және өзінің қорытындысымен бірге уәкілетті органға келісуге жібереді.

8. Уәкілетті орган өтінім келіп түскен сәттен бастап жеті жұмыс күні ішінде Ұлттық темір жол компаниясының көрсетілген тұжырымдарын негізге алып, БАЖ-ға рұқсат алуға өтінімді жазбаша келіседі не келісуден бас тартады.

 

 

3. Шарттар жасасу



 

9. БАЖ-ға рұқсат беруге өтінім уәкілетті органмен келісілгеннен кейін пайдаланушылар Ұлттық темір жол компаниясымен шарттар жасасады:

жолаушылар агенттігі - терминалдарға бағдарламалық-техникалық қызмет көрсетуге;

тасымалдаушы - поездарға бағдарламалық-техникалық қызмет көрсету бойынша ақпараттық қызметтер көрсетуге.

 

 

4. Пайдаланушыларды жолаушы тасымалдауларын БАЖ-ға қосу



 

10. Ұлттық темір жол компаниясы уәкілетті орган келіскен қорытындының негізінде абонент туралы қажетті ақпараттың БАЖ-ға:

жолаушылар агенттігінде - осы Қағиданың 9-тармағында көрсетілген терминалдарға бағдарламалық-техникалық қызмет көрсету жөнінде шарт жасасқан сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде;



тасымалдаушыда - осы Қағиданың 9-тармағында көрсетілген поездарға бағдарламалық-техникалық қызмет көрсету бойынша ақпараттық қызметтер көрсету жөніндегі шарт жасасқан сәттен бастап он бес жұмыс күні ішінде енгізілуін қамтамасыз етеді.

11. БАЖ жабдығын орнатқаннан және оның жұмысқа қабілеттігін тексергеннен кейін құрамында пайдаланушының және Ұлттық темір жол компаниясының өкілдері бар комиссия жаңа сату пунктінің үй-жай мен жабдығын терминалдық жабдықты орнату үшін үй-жайға қойылатын талаптарға, БАЖ терминалдық жабдығына, оны қолдану мен пайдалануға қойылатын талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексереді, терминалдық жабдықты БАЖ-ға қосу (жаңғырту, алмастыру, орнын ауыстыру) туралы актіні 4 данада жасайды және оған қол қояды. Актіні түзетуге рұқсат етілмейді.

12. Қол қойылған актінің даналары: Ұлттық темір жол компаниясына (3 данада), пайдаланушыға жіберіледі.

13. Ұлттық темір жол компаниясы актіні алғаннан кейін, бір тәулік ішінде қаржылық қадағалауды қамтамасыз ету жөнінде Ұлттық темір жол компаниясының бас есептеу орталығына жеделхат жібереді, оның негізінде абоненттің БАЖ-ға кіруіне жол ашылады.

14. Егер пайдаланушы БАЖ жабдығын терминалдың қаржылық нөмірі мен каналдық мекенжайы тағайындалған күннен бастап 2 ай ішінде пайдалануға енгізбесе, бұл терминал БАЖ желісіне қосылған абоненттер тізбесінен және терминалдық кестеден алып тасталады. Босаған каналдық мекенжай және қаржылық нөмір басқа абонентті қосу үшін пайдаланылады.

15. Ұлттық темір жол компаниясы БАЖ-ға рұқсат берілген барлық кезең ішінде жол жүру құжаттарын (билеттерді) ресімдеу технологиясының сақталуын, билет кассаларының жұмысын жылына кемінде бір рет мониторингтеуді жүзеге асырады.



 

 

5. Автоматтандырылған жұмыс орындарына жолаушы тасымалдауларын БАЖ-ға қосу



 

16. Тасымалдаушыларды қосу Ұлттық темір жол компаниясы мен тасымалдаушының арасында жасалған поездарға бағдарламалық-технологиялық қызмет көрсету жөніндегі ақпараттық-есептеу қызметтерін көрсету шарты болған жағдайда орындалады. Бұл ретте тасымалдаушыға өзі жасақтаған поездарға БАЖ-ға рұқсат беріледі, ал жолаушылар агенттігіне тасымалдаушылармен жасасқан шартқа сәйкес беріледі.

17. Автоматтандырылған жұмыс орнындарына БАЖ қосу үшін пайдаланушы өтінім (бұдан әрі - Өтінім) ресімдейді және Ұлттық темір жол компаниясына жолдайды.

18. Ұлттық темір жол компаниясы пайдаланушының Өтініміне сәйкес абонент туралы ақпаратты БАЖ қауіпсіздік жүйесінің тізіліміне енгізуді қамтамасыз етеді, осы Қағиданың 7-тармағының 2-бөлігінде көрсетілген деректемелер мен өкілеттіктерді оған береді, берілген деректерді БАЖ-дың автоматтандырылған жұмыс орнына қосылған абоненттер тізбесіне енгізеді.

19. Пайдаланушы жұмыс орнын дайындағаннан кейін Ұлттық темір жол компаниясы пайдаланушының дербес компьютеріндегі автоматтандырылған жұмыс орындарының клиент бөлігіне инсталляция жасауды және оны ретке келтіруді қамтамасыз етеді.

20. БАЖ деректерін талдау базасының автоматтандырылған жұмыс орындарындағы барлық тасымалдаушылардың поездары жөніндегі ақпаратқа қол жеткізу тек Ұлттық темір жол компаниясына немесе Ұлттық тасымалдаушыға ғана, ал қалған тасымалдаушыларға тек өзі құраған поездарға ғана беріледі.

21. БАЖ автоматтандырылған жұмыс орнына рұқсаты бар қызметкер жұмыстан босатылған жағдайда, пайдаланушы Ұлттық темір жол компаниясына оның IP мекенжайына, кабинет №, лауазымының, құрылымдық бөлімшесінің өзгергені туралы үш күндік мерзімде осы жұмыс орнын ажырату не БАЖ жүйесіне тиісті өзгерістер енгізу қажеттігі туралы жазбаша хабарлайды.



 

 

6. БАЖ жабдығын жаңғырту, орнын ауыстыру, ажырату



 

22. Жаңғыртылған, көшірілген БАЖ жабдығы БАЖ-ға терминал жабдығын қосу (жаңғырту, ауыстыру, көшіру) туралы актіні ресімдеу жолымен пайдалануға қабылданады.

23. БАЖ-дан ажырату мынадай:



1) Ұлттық темір жол компаниясының құрылымдық бөлімшелерінің - олардың жазбаша талаптары негізінде;

2) жолаушылар агенттіктерінің, тасымалдаушылардың - осы Қағиданың талаптарын бұзған жағдайда уәкілетті органның келісімімен Ұлттық темір жол компаниясының жазбаша талаптары негізінде;

3) тасымалдаушымен шарт бұзылған және (немесе) шарттың мерзімі аяқталған жағдайда - тасымалдаушының Ұлттық темір жол компаниясына жазбаша өтінішінің негізінде жүргізіледі. Егер жолаушылар агенттігі бірнеше тасымалдаушыға қызмет көрсеткен жағдайда нақты тасымалдаушының поезына билеттерді сатуға тыйым салу келіссөздер арқылы шешіледі;

4) терминал жабдығын заңсыз түрде (актімен ресімделмеген) жаңғырту, алмастыру, орнын ауыстыру фактілері анықталған жағдайда Ұлттық темір жол компаниясының қызметкерлері жол жүру құжаттарын (билеттерін) сату пунктінің атауын, пайдаланушының, жабдық орнатылған станцияның атауын, терминалдың каналдық мекенжайы мен қаржылық нөмірін көрсетіп акті жасайды.

Пайдаланушыны БАЖ-дан ажыратуға қойылатын талапта мынадай ақпарат:

жолаушылар поездарына жол жүру құжаттарын (билеттерін) сату пунктінің немесе агенттіктің атауы;

жабдықты орнату станциясы, терминалдың каналдық мекенжайы мен қаржылық нөмірі көрсетіледі.

24. Терминалдың каналдық және қаржылық мекенжайын алмастыруды талап етпейтін бір елді мекен шегінде БАЖ жабдығының орнын ауыстыру БАЖ-ға терминал жабдығын қосу (жаңарту, алмастыру, көшіру) туралы актімен ресімделеді.



БАЖ жабдығының орнын бір елді мекеннен екінші елде мекенге ауыстырған жағдайда, бұрынғы пошталық мекенжай бойынша ашылған жол жүру құжаттарын сату пункті жабылады. Жаңа пошталық мекенжай бойынша жаңа жол жүру құжаттарын сату пункті ашылады, ол осы Қағиданың талаптарына сәйкес БАЖ жүйесіне қосылады.

Терминалдық жабдықтарды жаңғыртуға, ауыстыруға, орнын ауыстыруға санкция қойылмағандығы (ресімделмеген актілер) анықталған жағдайда ұлттық темір жол компаниясының жұмысшылары көрсетілген жағдай анықталған кезден бастап бес жұмыс күні ішінде жол жүру құжаттарын (билеттерді) сатып алған бөлімшенің атауын, пайдаланушының, жабдықты қондырған станцияның атауын, каналдық мекенжайын және терминалдың қаржылық нөмірін көрсете отырып акті жасайды және үш жұмыс күні ішінде қолданушыны БАЖ-дан ажырату жүргізіледі.

 

 

7. Жол жүру құжаттарын (билеттерді) сатуды ұйымдастыру кезіндегі өзара іс-қимыл



 

25. Жол жүру құжаттарын (билеттерді) сатуды ұйымдастыру шеңберінде Ұлттық темір жол компаниясы:

1) жолаушылар қозғалысының нақты орындалған көлемдері туралы анықтама жасау жөніндегі талаптарды әзірлейді және бекітеді;

2) пайдаланушылармен бірлесіп, Қазақстан Республикасындағы жолаушылар тасымалдарын БАЖ-ды дамыту жөнінде ұсыныстар дайындайды және талаптарын әзірлейді;

3) барлық тасымалдаушылардан жолаушылар маршруттары бойынша сандық және сапалық көрсеткіштердің орындалуы туралы ақпарат сұратады;

4) пайдаланушылар арасында БАЖ пайдаланумен жолаушылар тасымалдарын автоматтандыру мәселелері бойынша уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жұмыстарын ұйымдастыруды және үйлестіруді жүзеге асырады;

5) тасымалдаушылардан сұрау салулар мен тиісті уәкілетті органдардан келісімдер алған кезде Ұлттық темір жол компаниясы БАЖ-ға:

- қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде қырық тоғыз тәулік (қала маңындағы поездарға он үш тәулік) бұрын, бірақ субсидияларды бөлуге арналған шарттың қолданылу мерзімінен кешіктірмей жол жүру құнының өзгергені; төсек-орын жабдығы мен өзге де сервистік қызметтер құнының теңгеде және швейцария франкінде енгізілгені немесе өзгергені; фирмалық плацкартты, қосылған құн салығының ставкасын, жолаушылар және қала маңындағы поездарға белгіленген мемлекетішілік және халықаралық қатынастардағы тарифтік индекстеу коэффициентін есептеуге арналған индекстеу коэффициентін есепке ала отырып мемлекетаралық жолаушылар тарифінің (бұдан әрі - МАЖТ) базалық тарифін индекстеудің жоғарылату (төмендету) коэффициенттері туралы ақпараттың, билеттерді сату басталатын күні мен поездың жөнелтілу күні, өзгерістердің қолданылу кезеңінің басталуы мен аяқталуы көрсете отырып, енгізілуін;

- поездың жөнелтілу күніне дейін кем дегенде қырық тоғыз тәулік бұрын, бірақ субсидиялар бөлуге шарттың қолданылу мерзімінен кешіктірмей, жолаушылар поездарына «фирмалық» санатын беру (жою) және жолаушылар поездарына белгіленген МАЖТ базалық тарифін индекстеудің жоғарылату (төмендету) коэффициенттерін есепке ала отырып, фирмалық плацкартты есептеуге арналған индекстеу коэффициентінің мөлшері туралы ақпараттың билеттерді сату басталған күні мен поездың жөнелтілу күні, өзгерістердің қолданылу кезеңінің басталуы мен аяқталуы көрсетіліп енгізілуін;

- қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде он бес тәулік бұрын халықаралық және республикаішілік қатынастардағы МАЖТ базалық тарифінің тарифтік индекстеу коэффициенттерінің өзгерістеріне арналған ақпараттың енгізілуін қамтамасыз етеді және темір жол әкімшіліктеріне жүргізілген өзгерістер туралы жеделхаттарды; қосылған құн салығының ставкасын және комиссиялық алымдардың көлемін, артық жүктердің құнын, багаж бен жүкбагаждың ең жоғары салмағын, пошта-багаж, жолаушылар, жүк-жолаушылар және жүрдек поездардың бос жүрген жолының ставкаларын ұлттық валютада және швейцария франкінде жібереді;

- «Р06» жұмыс түрі бойынша БАЖ орындарды қайтаруды жол жүру құжаттарын ресімдеу авариялық технология бойынша орындалып, БАЖ-дағы орындар туралы ақпаратты поездардағы орындардың нақты жағдайына сәйкес келтіру қажет болған жағдайда, сондай-ақ қолдан сату технологиясы бойынша сатылмай қалған орындарды қайтару үшін жүзеге асырылады;

6) Ресей темір жол әкімшілігіне қатынастар мен қашықтықтар кестесін, тасымалдау ақысын және халықаралық қатынастағы поездарға жеңілдіктерді белгілеу үшін ақпарат жібереді және оның БАЖ-ға енгізілуін қамтамасыз етеді;

7) ТМД елдерінің «жазғы (қысқы)»уақытқа көшуіне байланысты жолаушылар поездарына резервте ұстау кезеңінен билеттердің 45 тәулік бұрын алдын ала сатылуын жабады;

8) БАЖ технологиялық параметрлерін қалыптастыру бойынша талаптарды белгілейді және өзгертеді;

9) БАЖ әзірлеушілері пайдаланушыларды БАЖ-ға қабылданған барлық өзгерістер мен толықтырулар жөнінде хабардар етеді.

26. Жол жүру құжаттарын сатуды ұйымдастыру шеңберінде тасымалдаушылар БАЖ-ға енгізу үшін Ұлттық темір жол компаниясына мыналарды:



1) айдың соңғы жұмыс күні жергілікті уақытпен сағат 12-ден кешіктірмей, халықаралық қатынаста жолаушылардың жол жүру, багажды, жүк-багажды тасымалдау құнын, төсек-орын жабдығы мен өзге де сервистік қызметтердің құнын, поштаны тасымалдау ставкасын есептейтін шетел валютасының теңгеге шаққандағы ресми бағамдарының және республикаішілік багажды, жүк-багажды тасымалдау құнын есептеу үшін валюта бағамының өзгергені туралы жеделхаттарды;

2) құрамның, ауыспалы трафарет пен кері шығу орындары нормасының, қатынау кезеңділігінің, өздері қалыптастырған поездарға қозғалыс кестесінің өзгергені туралы ақпаратты;

3) құрамалар схемасының және поездар мен вагондардың қатынау тәртібінің, ауыспалы трафарет пен кері шығу орындары, броньдар нормасының, сатуды реттеу және оның режимінің өзгергені туралы, жолаушылардың ауысып отыруы үшін броньдардың жабылуына арналған байланыстың телеграфтық арналары бойынша жеделхаттарды;

4) жаңа кесте енгізілген кезде поездардың мақсаты туралы ақпараты, броньдық орындардың бөлінгені, броньдарды алып тастау мерзімдері, билеттерді поездарда (вагондарда) сатуды реттеу және оның режимдері, жолаушылар поездарының кестесін әзірлеу туралы бұйрыққа сәйкес мерзімде поездардың қозғалыс кестесінің «жазғы (қысқы)»уақыттарға өзгергені туралы ақпараттан тұратын «Адрес-4» жеделхаттарын;

5) поездардың қозғалыс кестесінің ауысуы арасындағы кезеңде өзгерістер енгізілетін күнге дейін кемінде 5 (бес) тәулік бұрын поездардың, багаж және пошталық вагондардың мақсаты (жойылғаны), қатынау жиілігінің өзгергені, поездардың жүру маршруттарының өзгергені туралы «Адрес-4» жеделхаттарын;

6) өзгерістер енгізілетін күнге дейін кемінде 5 (бес) тәулік бұрын поездардың қозғалыс кестесінің түзетілгені туралы «Адрес-4» жеделхаттарын;

7) қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде 5 тәулік бұрын республикаішілік қатынастағы багаж бен жүк-багаждың жарияланған құны үшін алынатын алымдар сомасы туралы ақпаратты қосылған құнға салық ставкасының, республикаішілік және халықаралық қатынастарда багаж бен жүк-багажды тасымалдауға арналған базалық тарифтерге индекстеу коэффициентінің өзгергенін ескере отырып, ұсынады.

 

 

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет