Тақырып: «Жүктілік диагностикасы. Жүкті әйелді тексеру әдістемесі»
Жоспар:
1. Жүктілік белгілері
2. Баланың жатырда орналасуы
3. Жатырдағы баланың қимыл қозғалысы
4. Жатырдағы баланың жүрек соғуы
5. Жатырдың жүктілік мерзіміне сәйкес өсуі
6. Гравидограмма
7. Жүктілік мерзімі, декреттік демалыс және босану күні
8. УДЗ, эхография, ФКГ, амниоскопия
1. Имплантация процесінің аяқталуымен дамитын жүктілік 280 күнге, немесе 10 акушерлік айға, немесе 39-40 аптаға созылады.
Осы уақыт ішінде әйел организмінде жүктілікке тән белгілер өз реттілігімен пайда болады. Бұл белгілер 3 топқа бөлінеді:
1) Жүктіліктің күмәнді белгілері - жүктіліктің ерте мерзімінде пайда болады: Оған:
- ас қорыту жүйесіндегі өзгерістер: таңертеңгілік жүрек айну, аш қарынға құсу, тәбеттің өзгеруі, иісшілдік, жеріктіктің пайда болуы;
- нерв жүйесі жағынан болатын өзгерістер: ұйқышылдық, көңіл күйдің тез құбылуы, тез шаршағыштық;
2) Күмәнсіз белгілер - жүктіліктің ерте мерзімінде анықталады. Оған:
- етеккірдің тоқтауы;
- омыраудың ісінуі, емшек үрпісі мен ареоланың гиперпигментациясы, уыз сияқты сұйықтың бөлінуі жатады.
- жатыр мойны, қынап кілегейінің цианозы (қынапқа айна салып қарау арқылы анықталады);
- бимануалды тексеру кезінде анықталатын Пискачека белгісі (жатыр ассиметриясы), Горвиц-Гегар белгісі (жатыр мойындылығының жұмсаруы), Снегирев белгісі (жатырдың тітіркеніп қатаюы), Гентер белгісі (жатырдың алдыңғы қабырғасында тігінен орналасқан жота) жатады.
3) жүктіліктің айқын белгілері - жүктіліктің екінші жартысында анықталады. Оған:
- әйелдің бала қимылын сезінуі;
- әйел ішін сипап қарау арқылы (Леопольд-Левицкий тәсілімен) баланың дене мүшелерін сезу;
- ішті тыңдап, баланың жүрек соғуын есту;
- әйел ішінің жүктілік мерзіміне сәйкес өсуі жатады.
2. Жүкті әйел ішін Леопольд-Левицкий тәсілімен сипап тексеру арқылы баланың орналасу бағытын, позициясын, позиция түрін, кіші жамбас кіреберісінде жатырған дене мүшесін анықтауға болады.
Баланың орналасу бағыты деп бала өсі мен жатыр өсінің бір-біріне қатынасын айтады. Бала өсі оның төбесінен, өкшесіне қарай тігінен өтеді.
Жатыр өсі – жатыр түбінен мойнына тіке түседі. Бала жатырда тігінен, көлденеңінен, қиғашынан орналасуы мүмкін.
Жатыр өсі мен бала өсі бір бағытта орналасса - тігінен орналасу, бір-біріне тік бұрыш жасап орналасса - көлденең орналасу, сүйір бұрыш жасап орналасса - қиғаш орналасу болады.
Позиция дегеніміз- бала арқасының жатырдың оң немесе сол жақ қабырғасына қатынасы. Осыған байланысты бала екі позицияда орналасуы мүмкін.
І-ші позицияда бала арқасы жатырдың сол жағына, ІІ-ші позицияда оң жағына қарап жатады. Сипау кезінде бала арқасы алақанға тегіс дене болып сезіледі. Ал оған қарсы бетте кедір-бұдырлы аяқ-қолы жатады.
Позиция түрі дегеніміз - бала арқасының жатырдың алдыңғы, не артқы қабырғасына қатынасы. Бала екі түр позицияда орналасуы мүмкін. Алдыңғы түр позицияды - бала арқасы жатырдың алдыңғы қабырғасына қарап, ал артқы түр позицияда артқа (омыртқаға) қарап жатады.
Баланың жатырған бөлігі дегеніміз - әйелдің кіші жамбас кіреберісіне қарап орналасқан баланың дене мүшесі. Кіші жамбас кіреберісіне баланың басы немесе бөксесі қарап жатуы мүмкін. Егер басы орналасса, ол алақанға дөңгелек, қатты, шекарасы айқын дене болып сезіледі. Ал бөксесі орналасса, жұмсақ, көлемді, шекарасы айқын емес дене болып сезіледі.
Леопольд-Левицкий тәсілі жүктіліктің 36 аптасынан бастап жүргізіледі. Себебі оған дейін анықталған мәлімет баланың жие қозғалуынан өзгеріп отырады да, зерттеудің мағынасы болмайды. Ал 36 аптадан бастап баланың жатырда орналасуы тұрақталып, әрі қарай өзгермейді. Сол себепті тексеру нәтижесі тұрақты болады. Қалыпты жағдайда бала жатырда тігінен орналасуы, І немесе ІІ-ші позицияда, басымен кіші жамбас кіреберісіне қарап жатуы керек.
3. Жатырда өсіп келе жатқан бала жатыр қабырғасын түртіп, қимылын анасына сездіреді. Алғаш босанушы әйел нәресте қимылын жүктіліктің 20 аптасында, ал қайталап босанушы әйел 18 аптада сезеді. Егіз жүктілікте 16 аптада сезіледі. Жатырдағы баланың қимылын әйел 24 аптадан бастап байқап жүруі керек. Қалыптыда 1 сағат ішінде бала 4-тен көп белсенді қимыл жасауы керек. Егер аз қимылдаса, келесі сағатта бақылауды жалғастыруы керек. Ол кезде де бала қимылы сирек болса, дәрігерге қаралуы тиіс.
4. Жүктіліктің 18 аптасынан бастап, әйелдің ішін стетаскоп құралымен тыңдау арқылы баланың жүрек соғуын естуге болады. Дегенмен практикада баланың жүрек соғуын жүктіліктің 24 аптасынан бастап тыңдап, бағалап, құжатқа тіркейді. Баланың кеудесі аяқ-қолымен және басымен жабылып жататындықтан, жүрек соғуын арқа жағынан анық естиді. Баланың жүрек соғуын іштің төрт нүктесінен тыңдайды: кіндіктен төмен (баспен келуде), кіндіктен жоғары (бөксемен келуде), сол жағынан (І-ші позицияда), оң жағынан (ІІ-ші позицияда). Тыңдау алдында әйел қуығын босатып жатуы керек. Жүрек соғуын толық 1 минут тыңдайды. Қалыпты жағдайда жатырдағы баланың жүрегі минутына 110-160 рет соғуы, анық естілуі, ырғақты болуы керек. Бала гипоксиясында жүрек соғуы қалыпты көрсеткіштен азайып немесе жиелейді, реттілігі бұзылады, анық естілмейді.
5. Жүктілік мерзімі өскен сайын жатыр көлемі де ұлғаяды. Бимануалды тексеру кезінде 4 апталық (1ай) жүктілікте жатыр биіктігі 7-8 см болса, 8 апталық жүктілікте (2ай) 9-10см, 12 аптада (3ай) 12-13см-ге биіктейді.
Ал 16 аптадан бастап (4 акушерлік ай) жатыр түбі кіші жамбастан жоғары көтеріліп, әйелдің іш пердесін сыртынан басып қарау арқылы анықталады. 16 апталық жүктілікте жатыр түбі шат қырынан 6 см биік тұрады.
20 аптада (5 акушерлік ай) жатыр биіктігі - 12см,
24 апта (6 акушерлік ай) – 20см,
28 аптада (7 акушерлік ай) - 24см,
32 аптада (8 акушерлік ай) - 28-30см,
36 аптада (9 акушерлік ай) - 32-34см,
40 аптада (10 акушерлік ай) – 30-32см-ге тең болады.
Жатыр биіктігі 8 айлық мерзім мен 10 айлық мерзімде бірдей шамада болады, бірақ іш айналымдары әр түрлі болады. 8 айлық жүктілікте жатыр айналымы 80-85см, ал 10 акушерлік айда 95-98см болады.
Достарыңызбен бөлісу: |