ЖОСПАРЫ:
1 Географиялық зерттелу тарихы
2 Жер бедері
3 Геологиялық құрылымы
4 Климаты
5 Атмосфера айналымы
6 Жануарлары
7 Өсімдіктері
8 Пайдаланылған әдебиеттер
Қазақстанның табиғаты
Қазақстан Республикасының аумағы батысында Еділ өзен алабынан шығысында Алтай тауы шыңдарына дейін, солтүстігiнде Батыс Сібір жазығынан (Солтүстік Қазақстан жазығы) оңтүстігінде Тянь-Шань тауына дейін созылып жатыр.
Географиялық зерттелу тарихы
Еуропа мен Азия елдері арасындағы қарым-қатынастың көпшілігі (керуен жолдары, елшілік көштері, т.б.)ежелгі заманнан-ақ қазіргі Қазақстан аумағындағы жер арқылы өткен. Осыған байланысты Қазақстанның кейбір табиғи нысандары туралы жазба деректер өте ерте кезден белгілі болған. Мысалы, Геродот (б.з.б. 5 ғ.) Каспий теңізінің шығысында шексіз жазық өңір жатқандығын және оны массагеттердің мекендейтіндігін баяндаған. Птолемей (б.з. 2 ғ.) өз еңбектерінде Жайық (Даіх), Жем (Рһyммұс) және Сырдария (Жахартес) өзендері туралы мәліметтер келтірген.
9 – 10 ғасырларда араб ғалымдары Арал теңізіне толық сипаттама беріп, картаға түсірді және гректердің Әмудария мен Сырдария өзендері Каспий теңізіне құяды деген топшылауын теріске шығарып, Арал теңізіне құятынын анықтаған. Арабтардың сол кездегі деректерінде Жайық, Жем, Сағыз өзендері аталған. 13 ғасырда Моңғолияға Италия саяхатшысы Плано Карпини және фламанд саяхатшысы Виллем Рубрук бастап барған елшілер өздері жүрген Қазақстан аумағындағы шөл, шөлейт аймақтардың қысқаша сипаттамасын берген. Олар өздерінің жеке бақылаулары негізінде Каспий теңізінің тұйық алап екендігі туралы маңызды геогр. мағлұматтарды жаңартып толықтырған және Алакөл, Балқаш көлдері, Тарбағатай, Жетісу Алатауы (Еренқабырға) жайында алғашқы деректер келтірген.
15 – 17 ғасырлардағы Қазақстан туралы географиялық мәліметтер Ресей әдебиеттерінде жинақтала бастаған. Бұл мәліметтер Мәскеу мемлекетін және оған іргелес аумақтарды бейнелеген “Большой чертеж” (“Үлкен сызба”) картасында жүйеленген. 1627 ж. шыққан “Книга большого чертежа” (“Үлкен сызба кітабы”) атты еңбекте қазіргі республиканың батыс, оңтүстік және орталық бөліктерінің біршама жерлеріне нақтылы сипаттама берілген. 17 ғасырларда Қазақ ордасына және Орта Азия хандықтары жеріне жасалған орыс саяхатшыларының зерттеулері жиілей түскен. Олардың Жайық өз. сыртындағы дала туралы мәліметтері жинақталып, “Чертеж всей земли безводной и малопроходной каменной степи” (“Бүкіл жері сусыз, өтуге қиын тастақты дала сызбасы”) деген атпен жарық көрген (1697). Бұл туынды С.Ремезов жазған “Чертежная книга Сибири” (“Сібірдің сызба кітабы”) атты орыстың тұңғыш геогр. атласы құрамына енген. Мұнда Қазақстан аумағының көпшілік бөлігі қамтылған. 18 ғ-дыҢ 30-жылдарынан 19 ғ-дың 60-жылдарына дейін созылған Ресейдің Қазақстанды отарлау үрдісі оның аумағының геогр. зерттелуінің сипаты мен барысына әсерін тигізбей қоймады. Бұл кезеңде жаңа қосылған аумақтарда орыс мемлекеті билігін орнату және нығайту мақсатына сай көптеген арнаулы әскери және ғыл. экспедициялар ұйымдастырылды.
"Ертіс өзені"
Ертіс өзені бойында бекіністер салуға және Жоңғар хандығымен дипломатиялық қарым-қатынас орнауына байланысты Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанды тұңғыш топографиялық картаға түсіру ісі жүргізілді. Сонымен қатар Қазақстанның батысында, Каспий мен Арал теңіздері жағалауында, Сарысу, Шу өзендерінің алаптарында картаға қарапайым түсірулер іске асырылды. Бұл түсірулердің нәтижесінде, бір жағынан, Қазақстанның жеке өңірлерінің тұңғыш ірі масштабты карталары жасалса, екінші жағынан, табиғат ерекшеліктері туралы ғылыми мәліметтер жиналды. Қазақстан географиясы туралы алғашқы ғыл. еңбек П.И. Рычковтың 1762 ж. шыққан “Топография Оренбургская” (“Орынбор топографиясы”) атты кітабы болды. Қазақстанның геогр. зерттелу тарихында 1768 – 74 жылдардағы акад. экспедициялар ерекше орын алды. Ресейдің Ғылым және көркемөнер академиясының академиктері мен адъюнктері Қазақстанның Еділ мен Жайық өзендері аралығындағы бөлігін, Маңғыстау түбегін, Ырғыз бен Торғай өзендерінің алабын, Есіл даласын, Ертіс маңы ойпатын, Кенді Алтайды және Қалба жотасын зерттеді.
1820–21 жылдары экспедициялық зерттеулер нәтижесінде “Естественная история Оренбургского края” (“Орынбор өлкесінің табиғат тарихы”) атты 3 томдық еңбек жарияланды. Оның 1-бөлімінде Бат. Қазақстанның табиғат жағдайларына жалпы сипаттама берілді.
19 ғ-дың 1-жартысында қазіргі Қазақстан аумағын зерттеуші экспедициялардың саны артты. 1827 жылдан 1872 жылға дейінгі аралықта Г.С. Карелин өлкені картаға түсірумен бірге әр түрлі аймақтардың (Каспий теңізі жағалауы, Алтай, Тарбағатай, Жетісу Алатауы тауларының) жануарлар мен өсімдіктер дүниесінен коллекциялар жинады. Атақты неміс ғалымы А.Гумбольдт өзінің Алтайға жасаған саяхаты (1829) нәтижесінде “Центральная Азия” (“Орталық Азия”) деген көлемді еңбегін шығарды. 19 ғ-дың 30-жылдарына дейін Қазақстан туралы жиналған географиялық деректер А.И. Левшиннің “Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей” (“Қырғыз-қазақ не қырғыз-қайсақ ордасы мен даласының сипаттамасы”) деген кітабында (1832) қорытындыланды. Бұл кітап Қазақстанның жері туралы берілген алғашқы толық географилық сипаттама болды.
"Балқаш көлі"
1840–50 жылдар аралығында Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Қазақстан өңірлеріне Ресей ботанигі Л.И. Шренк саяхат жасады. Ол Жетісу Алатауына, Балқаш–Алакөл ойысының шығыс бөлігіне физикалық-географиялық сипаттама берді. 19 ғасырдың орта шенінде Арал (А.И. Бутаков) және Каспий (К.М. Бэр, Н.А. Ивашинцов) теңіздері жан-жақты зерттелді.
"Алакөл көлі"
1857 ж. Арал-Каспий атырабына императорлық Санкт-Петербург Ғылым Академиясы ұйымдастырған экспедицияға И.Г. Борщов пен Н.А. Северцов қатысты. Экспедиция жұмыстарының қорытынды деректерінің маңызы өте зор болды. Экспедиция жүмысының нәтижесінде Батыс Қазақстанның жер беті, геологиялық құрылысы, климаты, флорасы және фаунасы туралы нақты деректер кеңейді. Борщов “Материалы для ботанической географии Арало-Каспийского края” (“Арал-Каспий өлкесінің ботаникалық географиясына арналған деректер”) деген классикалық монографиясында Батыс Қазақстанды ландшафтылық-географиялық облыстарға бөлді.
1856–57 жылдары П.П. Семенов (Семенов-Тян-Шанский) Тянь-Шань тауына өзінің әйгілі саяхатын жасады. Ол бұл сапарындағы зерттеу қорытындысында таулы өлкенің орографиясына (таулы жер бедері) жаңаша сипаттама беріп, тұңғыш рет биік тау ландшафтын анықтады. П.П. Семеновтың бұл сапарда ашқан аса маңызды жаңалықтарының бірі – Орта Азиядан тау мұздықтарының табылуы. Ғалымның осы жолғы еңбегі Орта Азия мен Қазақстанның Тянь-Шань сияқты таулы өлкелерін жан-жақты зерттеудің ғылым негізін жасағандығы болды.
"Тянь-Шань тауы"
19 ғ-дың 50–60-жылдарында Жетісу Алатауы мен Іле өңірін қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов зерттеді. Жетісу және Тянь-Шаньның табиғатына ғылыми сипаттама берді. Балқаш көлі мен Алакөлдің пайда болу және қалыптасу тарихының өте ұқсастығын дәлелдеді. Жетісу Алатауы мен Солтүстік Тянь-Шань тауын жануарлардың таралуына қарай биік таулық белдеулерге бөлді. Сонымен бірге осы зерттелген өңірлердің маршруттық және жалпы шолулық карталарын жасады. 19 ғ-дың алғашқы жартысында кен байлықтарын іздеуге байланысты физикалық -географиялық сипаттағы бірқатар жаңа деректер алынды. Әсіресе, Орталық Қазақстан мен Тарбағатай тауының және Маңғыстау түбегінің геологиялық құрылысы, орографиясы туралы нақтылы деректер жиналды.
19 ғ-дың 60-жылдарында Ресейдің Қазақстанды отарлаудың тарихи үрдісі аяқталды. Соған орай кен байлықтары пайдалануға, темір жолдың салынуына және егістік жер қорының кеңеюіне көп көңіл бөліне бастады. Жалпы географиялық зерттеулермен бірге арнаулы геология, топырақтану, ботаника, гидрология, т.б. салалар бойынша жұмыстар жүргізілді. 1865–79 ж. аралығында А.Татаринов Оңт. Қазақстаннан Ленгер, Келтемашат, Боралдай, т.б. қоңыр көмір кен орындарын ашты. Бұрын Маңғыстау түбегінен көмір кенінің ашылуына байланысты мұнда одан әрі барлау жұмыстары жүргізілді. Қазан төңкерісіне дейін Маңғыстау түбегін зерттеу жұмыстарының ең көрнектісі – Н.И. Андрусовтың “Мангышлак” (“Маңғыстау”) атты еңбегі. Мұнда автор түбектің тектоникасы, стратиграфиясы туралы белгілі болған барлық деректерді тұжырымдады.
1865–79 жылдары И.В. Мушкетов пен Г.Д. Романовский Арал маңын, Қаратауды, Тянь-Шаньның солтүстігін, Балқаштың оңтүстігін, Тарбағатайды зерттеп, Түркістан аймағының алғашқы геологиялық картасын (1881) жасады. Онда бүкіл Оңтүстік Қазақстан өңірі камтылды. И.В. Мушкетов Орта Азияның физикалық географиясы мен геологиясына арналған “Туркестан” (“Түркістан”) еңбегін жазды (1886–1906). Ол сонымен бірге 1887 ж. Верныйдағы (қазіргі Алматы) зілзаланың себебін және зардаптарын зерттеді. 19 ғасырдың 90-жылдарында Сібір темір жолын салуға байланысты Солтүстік Қазақстанда көрнекті геолог К.И. Богдановичтің жалпы басшылығымен бірнеше экспедициялық зерттеу жүргізілді. Осының нәтижесінде Солтүстік және Орталық Қазақстанның геологиялық құрылысының негізгі сипаты анықталып, бірнеше көмір кен орындары (Екібастұз, т.б.) ашылды. А.Н. Замятин, Н.Н. Тихонович және С.И. Мироновтың зерттеулері нәтижесінде Ембі мұнайлы өңірінің стратиграфиясы мен тектоникасының жалпы сұлбасы жасалды, мұнайдың жер асты тұз күмбездерімен байланыстылығы анықталды.
Қоныстандыру басқармасының Н.Г. Кассин, А.А. Козырев, П.В. Матвеев басқарған экспедициялары Қазақстанның бірқатар аудандарының жер асты сулары туралы тұңғыш мәліметтер берді. Геология, топырақ тану, ботаника, т.б. экспедициялар өз жүмыстарына қосымша Қазақстанның жер бедері және оның ерекшеліктерінің жалпы сипаттамасы туралы зерттеулер жүргізді. Мысалы, Мушкетов өзінің геологиялық зерттеулерінің нәтижесінде Тянь-Шаньның қазіргі жер бедерінің қалыптасу заңдылықтарын ашты және орогр. құрылысының негізгі белгілерін анықтады. Оның Арал Қарақұмында жүргізген бақылаулары Қазақстан мен Орта Азиядағы қуаң өңірлер жер бетінің өзгеруіне эолдық факторлардың күшті әсер тигізгенін дәлелдеді. Д.Л. Иванов Батыс Тянь-Шаньнның ірі масштабты гипсометриялық картасын жасады. М.В. Баярунас Маңғыстаудың оңтүстігіне жүргізген геологиялық зерттеулері кезінде қосымша геоморфологиялық бақылаулар жүргізіп, Қарақия, Қауынды, т.б. тұйық ойыстарға жан-жақты географилық сипаттама берді. Санаулы ғана арнаулы геоморфологиялық зерттеу жұмыстарының ішінде Л.С. Бергтің еңбегі ерекше. Ол алғашқы болып Солтүстік Арал шөлдерінің жер бедері пішіндеріне геоморфологиялық сипаттама берді.
19 ғ-дың 70-жылдарынан Қазақстан аумағында метеорологиялық бақылаулар жүргізілді, бірақ мұнда метеорологиялық станциялардың саны өте аз болды және аумақ бойынша орналасуы біркелкі болмады.
"Арал теңізі"
1898 – 99 жылдары Берг, П.Г. Игнатьев және В.Д. Елпатьевский Орыс Географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімшесінің тапсырмасымен Солтүстік және Орталық Қазақстанның ірі көлдеріне зерттеу жүргізді. 1899 – 1902 ж. аралығында Берг Арал теңізінің гидрологиясын зерттеді. Нәтижесінде Арал теңізі туралы бұрынғы түсініктер түбірімен өзгертілді. Бұрын бүкіл Тұран ойпатын жауып, шығыста Балқаш көліне дейін созылып жатқан біртұтас Арал – Каспий алабы болды деген ұғым теріске шығарылды. Өз зерттеулерінің нәтижесін Берг “Аральское море” (“Арал теңізі”) монографиясында (1908) қорытындылады. Бұл еңбек өз деректерінің нақтылығымен, ғыл. қорытындыларының маңыздылығымен бүгінгі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Осыдан кейінгі жылдары Берг Балқаш көлін жан-жақты зерттеді.
"Қазақстан өсімдіктері"
20 ғасырдың басында қазіргі Қазақстан жерінде топырақтану зерттеулері етек жайды. Қоныстандыру басқармасы ұйымдастырған экспедицияларға топырақ зерттеушілер С.С. Неуструев, Л.И. Прасолов, А.И. Безсонов, т.б. басшылық етті. Қазақстанның өсімдігін зерттеуге ботаник және географ А.Н. Краснов үлкен еңбек сіңірді. Оның экспедициясы Алтайды, Каспий ойпатын, Шу-Іле тауларын, Іле өзен алабын, Іле Алатауын қамтыды. Ол алғашқылардың бірі болып Тұран шөлін жіктеп, онда шөлдің саздақты, құмайтты, тастақты, сортаң түрлерінің бар екендігін анықтады. Геоботаникалық зерттеулердің ішінде В.В. Сапожников Тянь-Шаньда, Жетісу Алатауында, Алтайда ботаникалық және географиялық зерттеулер жүргізді. Ол бұл тау жүйелеріндегі өсімдіктердің таралуының бірқатар заңдылықтарын ашты. В.М. Савич Батыс Қазақстанда жүргізген геоботаникалық зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, шөл және дала белдемінің ауыспалы сипатта екендігі туралы пікір айтты. 1908 жылғы Торғай экспедициясынан бастап И.М. Крашенинников 30 жыл бойы Қазақстанды геоботан. тұрғыдан зерттеді. Ол өз еңбектерінде, әсіресе, өсімдік ассоциациясының жер бедерімен және топырақпен өзара қатынасын терең талдады.
19 ғ-дың соңы – 20 ғ-дың басында Қазақстан фаунасын зерттеуге көңіл бөліне бастады. Ірі зоологиялық зерттеулерді Арал – Каспий экспедициялары жүргізді. Жаратылыс зерттеушілердің Петербург қоғамы өлкенің жаратылыс тарихын анықтау мақсатында экспедиция ұйымдастырды және Каспий мен Арал теңіздерінің фаунасын зерттеуде бай материал жинақтады. Экспедицияның ихтиологиялық коллекциясын зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, К.Ф. Кесслер жаңа геологиялық уақытта Каспий мен Арал теңіздері арасында болған байланыстылық туралы пікірге алғашқылардың бірі болып өз күмәнін айтты. Северцовтың, А.М. Никольскийдің зерттеулері географиялық тұрғыда жүргізілуімен ерекшеленеді. Северцов “Вертикальное и горизонтальное распределение туркестанских животных” (“Түркістан жануарларының таулы және жазық өңірде таралуы”) деген күрделі еңбегінде (1873) Орта Азияны географиялық аудандастырудың негізін қалады (Оңтүстік Қазақстанды қоса).
Қазақстанның орнитофаунасын алғаш талдап зерттеушілер: Н.А. Зарудный, П.П. Сушкин, В.Н. Бостанжогло. Бұл ғалымдар өздерінің тікелей бақылаулары мен бұрынғы мәліметтерді пайдаланып Қазақстан аумағында кұстардың геогр. таралуын жете түсіндірді. Сондай-ақ, олардың еңбектерінде Қазақстанның жазық бөлігін аудандастыру мәселесі қамтылған. Северцов, Краснов, Берг, Неуструев, Крашенинниковтың еңбектерінде табиғат кешендерінің әр түрлі құраушылары аралығындағы байланыстылық талданып, физикалық-географиялық заңдылық тұжырымдалып, табиғи аудандастыру мәселелері көтерілді. Қазақстан аумағының қазіргі физикалық-географиялық бөлінуінің негізі Бергтің “Опыт разделения Сибири и Туркестана на ландшафтные и морфологические области” (“Сібір мен Түркістанды ландшафтық және морфологиялық аймақтарға бөлу тәжірибесі”) мақаласында (1913) қаланды. Осы жұмысында Берг нақтылы деректер негізінде Қазақстан аумағын ландшафтылық белдемге және морфологиялық облыстарға бөлді. Бергтің аудандастыру туралы еңбегінің Қазақстан аумағы үшін қазірге дейін ғыл. маңызы күшті.
Қазақстан жерінің кеңестік дәуірде зерттелуі Қазақстанның өндіргіш күштерін соц. негізде дамыту мәселелерімен тікелей байланыстырылды. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуы табиғи қорлардың зерттелуімен ұштастырылды. Әрбір ірі құрылысқа байланысты географиялық ортаның элементтері – жер қойнауы, топырақ қабаттары, су қорлары, климаты, т.б. зерттеле басталды. Кен байлықтарын табу және оларды игеру мақсатында геологиялық барлау кеңінен етек алды. Топырақ және өсімдік түрлерін зерттеу экспедицияларының жұмысы жандандырылды. Жаңа қалалар мен елді мекендердің пайда болуына және одан әрі дамуына байланысты Қазақстанның көпшілік бөлігінің климаттық жағдайы зерттелді, су қорларын іздеу жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Дегенмен, республика жерінің географиялық зерттелу барысы әр кезеңде әр түрлі болды. Бұл жағдай ең алдымен республикадағы табиғи ресурстардың игерілу қарқынына, ғылыми мекемелердің жұмыс көлеміне байланысты болды.
Осы шаралардың барлығын жүзеге асыру үшін Қазақстан аумағы геогр. жағынан жан-жақты зерттеле бастады. Зерттеу, әсіресе, 20 ғасырдың 20-жылдарының ортасында елімізде халық шаруашылығын қайта құру және соцоллогиялық экономиканың негізін қалау кезеңінде кең өріс алды. Жеке облыс аумағын жүйелі және жан-жақты зерттейтін ғылыми экспедициялар ұйымдастырыла бастады.
"Минералдық шикізат"
Минералдық шикізаттардың кеңінен іздестіріле барлануына байланысты Қазақстан жерін зерттеуші институттардың, геологиялық партиялардың және трестердің (Сібір , Орталық геологиялық институттың Сібір бөлімі, Алтай полиметалл, Атбасар полиметалл және Қазақ геологиялық барлау трестері, Ауыр өнеркәсіп халкомының Қазақ геология-гидрогеология басқармасы, т.б.) саны көбейе түсті. 1926 ж. КСРО ҒА жанында құрылған одақтас және автономиялы республикаларды зерттеуші арнаулы комитет Қазақстанның жер қойнауын зерттеу жұмысын қолға алды. 1933 жылы Қзақ гидрометеорология басқармасы ұйымдастырылды. 1932 жылы КСРО ҒА-нда Қазақстанның өндіргіш күштерін зерттеуге арналған конференция өтті. Бұл жағдай республикада жүргізілген көптеген зерттеу жұмыстарының бастамасы болды. Сол жылы КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасы құрылды (1939 ж. КСРО ҒА-ның бөлімшесіне айналды).
Геологиялық зерттеулердің басты мақсаты' – еліміздің өнеркәсібіне аса қажет кен орындарын табу және оларды барлау болды. Бұл бағытта В.К. Котульский (Алтайда), В.П. Нехорошев, Н.Н. Горностаев, А.К. Мейстер (Шығ. Қазақстанда), М.П. Русаков, Н.Г. Кассин, Д.С. Коржинский (Орталық Қазақстанда). Замятин (Жем алабында), т.б. еңбек етті. Кен орындарының өнеркәсіптік маңызын анықтай түсу үшін Әулиеата уезінде, Мұғалжарда, Қызылқұмда (И.П. Герасимов, П.К. Чихачев), Солтүстік-Шығыс Қазақстанда (А.А. Козырев), Орталық Қазақстанда (Қ.Сәтбаев) геологиялық зерттеулер іске асырылды. Геоморфологиялық байқаулар Үстіртте (Н.Л. Благовидов), Каспий ойпатында (Герасимов) жүргізілді. Н.А. Копыловтың 1927 ж. шыққан “Материалы по гипсометрии Казахстана” (“Қазақстан гипсометриясы бойынша деректер”) кітабында Қазақстан геоморфологиясы туралы алғашқы маңызды мағлұматтар берілді.
Оңтүстік Қазақстан облыстарының климатын зерттеуде Түркістан метеорологиялық институты елеулі үлес қосты. Түркістан (1924) және Қазақстанның (1925) климаттық жағдайлары туралы еңбектер жарық көрді. Республика аумағын климаттық аудандастыру алғашқы қадамы [1927 ж. шыққан М.Д. Пономарев пен В.Н. Барсуктың “Климатический очерк Казахстана” (“Қазақстанның климаттық очеркі”) еңбегі] жасалды.
Қазақстандағы алғашқы гидрологиялық кешенді зерттеу жұмысы ретінде М.М. Давыдовтың (1925) және Б.Х. Шлегельдің (1926) еңбектерін атауға болады. Бұлар Оңтүстік Қазақстан өңірінің су шаруашылығы жағдайын сипаттады. КСРО ҒА-ның басшылығымен Қазақстан гидрографиясының жоспарлы зерттелуі жолға қойылды, осы мақсатпен республиканың батыс бөлігіне бірнеше экспедициялар шықты. Бұлардың материалы бойынша 1928 ж. П.Н. Лебедевтің “Краткий гидрографический очерк Казахстана” (“Қазақстанның қысқаша гидрографиялық очеркі”) және “Гидрометеорологический очерк Казахстана” (“Қазақстанның гидрометеорологиялық очеркі”) еңбектерін баспадан шығарды. Шу, Талас, Сырдария өзендерінің төм. ағысындағы көлдер зерттелді.
КСРО Географиялық коғамының Верный және Түркістан бөлімдері Кіші және Үлкен Алматы өзендерімен өтетін лай тасқындардың себебін анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын ұйымдастыра бастады. Қоныстандыруға және жер қорын есепке алуға байланысты Қазақстан өңірлерінің топырағын зерттеу кең өріс алды. Республика аумағы топырақ жамылғысының алғашқы сипаттамаларын Р.И. Аболин (1922), К.Д. Глинка (1923) және Л.И. Прасолов (1925) берді. Олардың жұмыстарында топырақ-өсімдік белдемдерінің сұлбасы жасалып жіктелді. Қостанай (В.И. Баранов), Орал (И.И. Фелимонов, И.В. Ларин), Ақтөбе (М.И. Рожанец) және Жетісу (А.Мухли) облыстарының аумағына экспедициялар шықты. КСРО ҒА-ның экспедициялары құрамында Герасимов Үстірттің, Неуструев Каспий ойпатының топырақ жамылғысын зерттеді. Әсіресе, Герасимовтың еңбектерінде (1928–30) бұл өңірлердің топырақ қабаттарының қалыптасу жағдайлары және бұған байланысты өңірді физикалық-географиялық аудандастыру жөнінде құнды деректер берілді.
Геоботаникалық зерттеулердің де өзіндік қолданбалық мақсаты белгіленді. Бұлардың алдына жайылымды, шабындықты және жыртуға жарамды жерді анықтау әрі оларға сипаттама беру міндеті қойылды. Алғашқы жылдары геоботан. жұмыстың көпшілігі Батыс Қазақстанда жүргізілді (И.В. Ларин). КСРО ҒА-ның қазақстандық экспедициясы құрамындағы топырақ-ботаника отряды бұл өңірдің өсімдігін зерттеуге елеулі үлес қосты. Республиканың Жер Халкомы Семей және Павлодар облыстарына экспедициялар жіберді. Бұл саладағы зерттеудің алғашқы жиынтық қорытындыларын (1923–25) Крашенинников жариялады. Ол өз еңбегінде өсімдік жамылғысы географиясын түсіндіруге генетик. принципті пайдалануды және физ-геогр. аудандастырудың алғашқы сұлбасын ұсынды. Осы кезеңде республика фаунасын зерттеуде Д.Н. Кашкаров, В.Н. Шнитников, Б.С. Виноградов, т.б. елеулі үлес қосты.
"Өндіріс орындары"
Өндірісті тиімді де дұрыс орналастырудың маңыздылығы экономиканы қайта құру жоспарын жасау кезінде айқындала түсті. Алғашқы бесжылдық (1929–32) жоспарларында Қазақстанда өнеркәсіп және ауыл шаруашылығының барлық салаларының техникалық базаларын жасау қарастырылды; ол үшін республикадағы геогр. зерттеулерді кеңінен және жан-жақты жүргізу керек болды. Бұл кезеңде (1928–40) экспедициялық зерттеулер кең етек алды. Республикада тұрақты ғылыми-зерттеу мекемелерінің және жергілікті ғылыми кадрлардың көбеюінің нәтижесінде Қазақстан жерінде тұрақты бақылаулар жүргізу жолға қойылды. Геологиялық барлау жұмыстары түсті және сирек металдар, көмір, т.б. кен байлықтарының қоры жөнінен Кеңес Одағы бойынша Қазақстанды жетекші орындардың біріне шығарды. Алтайдың, Орталық Қазақстанның кентастық кен орындарын және Тянь-Шань, Жетісу (Жоңғар) Алатауы, Арал маңы, Мұғалжар тауы, т.б. өңірлердің геологиялық құрылысын зерттеу қарқынды түрде жүргізілді.
Климаттық және гидрологиялық жұмыстар метеорол. және гидрометеорол. ст-лардың көбеюіне негізделе жүргізілді. Су қорларын зерттеу өрістеді. Өндіріс қажеттерін өтеу және салынуға тиісті гидротех. құрылыстардың геогр. жағдайларын анықтау үшін кейбір жеке алаптарға кешенді зерттеулер жүргізілді. Бұлардың нәтижесінде И.И. Фелимоновтың Жайық-Көшім каналы, Орт. Қазақстанды суландыру перспективасы, Б.К. Терлецкийдің Балқаш-Алакөл алабы жөнінде, Солтүстік және Орталық Қазақстан туралы “КСРО су қорларының анықтамасы” жинағының 13-томы, т.б. еңбектері жарық көрді. Арал теңізі мен Балқаш көлін жаңадан зерттеу басталды. Іле Алатауына Н.Н. Пальгов гляциологиялық бақылаулар жүргізді.
2-дүниежүз. соғыс жылдарында (1941–45) жалпы геогр. зерттеулер біршама қысқарды, негізінен майдан мен тыл мұқтажын өтеу ғана ескерілді.
КСРО ҒА-ның Географиялық институтының көпшілік қызметкерлері Алматыға көшіріліп, Топырақ тану және Ботаника институттарымен және басқа жергілікті ғалымдармен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығын өркендетудің қорларын табу және зерттеумен шұғылданды. Дәл геоморфологиялық карталар жасалды, су және топырақ жамылғысының қорлары түбегейлі зерттелді. Солардың нәтижесінде жерді тиімді пайдалануға нақты ұсыныстар берілді. Республика алғашқы рет табиғи мал азығының қоры бойынша аудандастырылды (Л.Г. Соболев), геоморфология бойынша (И.П. Герасимов), агроклиматологиядан (П.Н. Колосков) ірі қорытындылар шығарылды, топырақты зерттеудің геохимиялық тәсілі жасалды (М.А. Глазовская), су ш. қажетін өтеуге катысты табиғат жағдайларының бірнеше карталары (Б.А. Федорович, С.Л. Кушев) құрастырылды. Бұл материалдарды қорытындылай келе А.А. Григорьев өзінің Қазақстан табиғаты туралы очерктерін жариялады. Осы жылдары КСРО ҒА Қазақ бөлімшесінің Геогр. секторын белгілі ғалым Н.Н. Баранский басқарды. Ол республика экономикасын мамандандыруды жетілдіре түсу мақсатында Қазақстанды 5 экономикалық ауданға бөлді. Соғыстан кейінгі жылдары (1945 жылдан бастап) Қазақстандағы геогр. зерттеулерге баса көңіл бөлінді. Халық ш-н қалпына келтіру және одан әрі дамыту үшін табиғи ресурстарды көптеп табу және оларды шұғыл шаруашылыққа пайдалану керек болды. 1946 ж. ҚазКСР ҒА құрылды. Оның кұрамында бірнеше экспедициялар ұйымдастырылып, Арал теңізіндегі Барсакелмес аралының, Балқаш көлінің оңтүстігіндегі шөлдің, Жетісудың геогр. жағдайлары зерттелді. Республика аумағын физикалық-географиялық аудандастырудың алғашқы сұлбасы құрастырылды (Н.Г. Рыбин, 1948). Бұрынғы жүргізілген зерттеу материалдары негізінде республика табиғатының басты кешендеріне тұжырымды сипаттама берілген “Қазақстанның физика-географиялық очерктері” (1952) жарыққа шықты.
Қазақ КСР ҒА-ның Географиялық институты Қазақстан табиғатын зерттеуді одан әрі жалғастыра берді, “Қазақстан. Физика-географиялық сипаттама” (1950) жинақ кітабын шығарды. КСРО ҒА-ның өндіргіш күштерді зерттеу кеңесі игерілуге тиісті жаңа аудандарда кешенді экспедициялық зерттеулер ұйымдастырды. Осы мақсатпен Торғайдың шикізат қоры, Солтүстік және Орталық Қазақстанның минералдық шикізат, гидроэнергетикалық және ормандық қорларын зерттеді. Тянь-Шаньда биік таулық физикалық-географиялық станциясы құрылды. Республика жерін геоморфологиялық зерттеу, әсіресе геоморфологиялық картаға түсіру ісі өрістеді. Жер қойнауын зерттеу тәсілдерінің бірі – геологиялық картаға түсіру жалпы зерттеу процестерінің құрамына енгізілді. Сөйтіп геоморфологиялық карта табиғи аудандастыру мен [ландшафт]]ын зерттеудің негізіне айналды.
"Қазақ КСР ҒА-ның тұңғыш президенті"
Суландыру, орман алқаптарын отырғызу, тың және тыңайған жерді игеру шараларына байланысты республиканың жеке аудандарының микроклиматы және жылу балансы зерттелді. Аңызақ жел, атмосфералық қуаңшылық, жел эрозиясы, топырақ борау, топырақ бетінің тоңдануы сияқты құбылыстар және климаттың өзгеру заңдылықтары зерттелді. Осы зерттеулердің деректері негізінде “Қазақстан климаты” (1959) атты жинақ шықты.
Гидрологиялық зерттеулердің ішінде республика көлдерінің жете тексерілгенін аңғаруға болады. Бұл жұмысты кейіннен КСРО ҒА-ның Көлтану институты айналған көлтану лабораториясы мен Қазақ КСР ҒА-ның географиялық секторының қызметкерлері бірлесе жүргізді. Зерттеу жиынтығын А.В. Шнитников қорытындылады. Көлдердің физикалық-географиялық жағдайымен қоса олардың гидробиол. және экон. жақтары да зерттелді. Көлдердің жалпы кадастры құрастырылды. Жер беті суы қорларын зерттеу нәтижелері тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты біршама толықтырылды. Бірнеше ірі гидрологиялық кешендік зерттеулер жүзеге асырылды және бұлардың деректері “Ресурсы поверхностных вод районов освоения целинных и залежных земель” (“Тың және тыңайған жерді өңірлерінің беткі ағын қоры”), “Ресурсы поверхностных вод СССР” (“КСРО жер беті ағынының қоры”) жинақтарына енгізілді.
Топырақ жамылғысын зерттеген әр саланың ғылыми және өндірістік мекемелердің қорытындылары көп томдық “Почвы Казахской ССР” (“Қазақ КСР-інің топырағы”) басылымында және бірнеше жалпы шолулық карталарда жарияланды. Геоботаникалық және зоогеографиялық зерттеулердің жиынтық деректері жарық көрді. КСРО ҒА-ның аэротәсілдер лабораториясы Солтүстік Қазақстанның табиғи жағдайын зерттеудің аэротәсілін белгіледі. Экономикалық география саласында Қазақстанның табиғатын, халқын, экономикасын және мәдениетін бейнелейтін кешендік еңбектер (И.Т. Тәжиев, М.Ш. Ярмұхамедов, К.Б. Ахмедова, т.б.), өндіргіш күштерді тиімді орналастыруға, экономикалық аудандастыруға және экономикалық аудандарды мамандандыруға, аумақтық-өндірістік кешендердің қалыптасу мәселелеріне, еңбек және табиғи қорларға баға беруге арналған жұмыстар (В.А. Адамчук, Б.Я. Двоскин, Е.Н. Гладышева, С.Әбдірахманов, т.б.) жарық көрді. Республика жерін жан-жақты зерттеу нәтижесінде Қазақстанның және оның жеке аймақтарының кешендік атластары құрастырылды. Тың өлкесінің, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының бірнеше ландшафтылық карталары шықты. Ландшафтылық зерттеулердің кеңінен етек алуына ландшафт танушы ғалымдардың бүкілодақтық 6-кеңесінің (1963) Алматыда өтуі әсер етті. Арал маңы мен Жезқазған өңірінің, Алматы, Қарағанды, Маңғыстау обл-тарыньщ ландшафтылық жағдайы зерттелді ( География және География институты).
Жер бедері
Республика аумағының 10%-ы биік таулы өңірлер үлесіне тиеді, қалған бөлігі – ойпат, жазық, үстірт, қырат жерлер. Оңтүстік-батыс, солтүстік және орталық аймақтарға негізінен теңіз деңгейінен 200 – 300 м ғана биік келген жазық жер бедері тән. Оңтүстік-шығысы биіктігі 5000 – 6000 метрлік таулы өңір болып келген. Яғни, республиканың топографиялық жер бедері оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа және шығыстан батысқа қарай аласарады. Сонымен бірге, Қазақстан жерінде Каспий теңізі, Арал теңізі, Балқаш көлі сынды тұйық сулы алаптар, терең ойыстар мен құрғақ арналар баршылық. Қазақстанның ең биік жері – Хантәңірі шыңы (6995 м). Ол республиканың оңтүстік-шығыс бөлігін қамтитын Тянь-Шань тау жүйесінде. Каспий теңізінің шығыс жағалауында құрлықтық бөлігінің ең ойыс жері, теңіз деңгейінен 132 м төмен жатқан Қарақия (Қаракие) ойысы орналасқан.
Пайдаланылған әдебиеттер
↑ 1,0 1,1 "Қазақ энциклопедиясы
Достарыңызбен бөлісу: |