Алғы сөз.
Жүз бір өлең жазсам да, бір өлең үшін күрестім...
Жүз бір ән-өлең жазсам да, бір ән-өлең үшін іздендім...
Шөмішбай Сариев
Ақындық деген – тәңірдің талантқа берген сыйы. Ақынның әрбір үні, ақындық сыры биік пафос арқылы төгіліп, елеусіз қалмай, шын оқырманын жалт қарататын күйде танылуы керек. Ал пафосты ақындық мінез тудырады.
Ақын сыры, ақын жұмбағы дегендердің бәрі осыдан туындайды.
ХХ ғасырдың 70- жылдары ақындық өнерін бастап, бүгінге дейін белсенді еңбегімен көрініп келе жатқан қаламгерлеріміздің бірі –Шөмішбай Сариев.
«Қыранша қарап қырымға, мұң мен зарды қолға алар,
кектеніп надан зұлымға, шиыршық атар, толғанар», - дейтін
ақын бейнесі, сірә таланттың осындай бір шабытты тұсында туған болуы
керек.
Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы ақын, аудармашы Шөмішбай Сариевтың – 70 жасқа толуына орай құрастырылып отырған «Әсем әуен, сұлу жыр » - атты әдістемелік құралын ұсынады.
Әдістемелік құралда ақын шығармашылығына өмірбаяндық деректеме,
«Шөл даланың ұлымын» - кітап көрмесі, «Сұлулықты, өршілдікті жырлаған ....» - әдеби- сазды поэзия кеші, «Туған жер, жұпар далаңа Жететін бақыт қайда бар?...» - ақынның ән-жырларына арналған викториналық сұрақ-жауап, әдебиеттер тізімі ұсынылып отыр
Ассалауғыма әлейкүм, Елім, Жұртым!
Туған күнім, ағайын, менің бұл күн!
Амандасып қалайын өздеріңмен,
Өзендей өте шығар Өмір бір күн.
Бөледім сансыз мәрте жанды мұңға,
Шомылдым таңғы шық пен Таңғы нұрға.
Өмірге ризамын осы Күнге,
Аман-есен жеткізген Тағдырыма!!!
Тәңірім не жазғанын көремін де,
Ел-жұртым өзі алады керегін де.
Қазақтың жүрегі бар дүрсіл қаққан,
Әрбір жол, әрбір шумақ Өлеңімде!
Бұл өлең кездесіпті он үшімде,
Менімен мәңгі сырды бөлісуге.
Өлеңіме жазылар Шөмішбай деп,
Атым бар қарапайым Ел ішінде!
Көрдім бе, мен білмеймін, көрерімді,
Бердім бе, мен білмеймін, берерімді.
Жетпістегі бала боп алдарыңда,
Тағы оқып,
тұрмын міне, Өлеңімді!
Өмірбаяндық деректеме
Сариев Шөмішбай (15.04.1946 жылы, Қызылорда облысы, Арал ауданы Шөміш темір станциясында туған) Қамбаш орта мектебін бітірген.
Қазалы аудандық «Ленин туы» және Арал аудандық «Толқын» газетінде қызмет істеген. 1965-1971 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде оқып, журналистика факультетін бітірген. 1970 – 1974 жылдары «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі. ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметпен шұғылданады.
«ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы» атты монографиясын жазған. «Ғашықтар жыры», «Бозжорға» атты авторлық бейнетаспасы жарық көрді. Орыс және грузин ақындары Г.Гулиа, И.Абашидзе, орыс ақындары О.Берггольц, С.Викулов, А. Дементьев, Р.Рождественский, авар ақыны Ф.Алиев, молдова ақыны М.Эминеску, т.б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Алғашқы «Арайлы көктем» атты ғылыми сын шығармалары 1974 жылы жарық көрді.
Ақынның алғашқы жыр жинағы «Балдәурен» 1974 жылы жарияланған. «Арайлы көктем» (1975), «Теңізден соққан жел» (1975), «Тағдыр» (1976), «Заула, тұлпар, уақыт» (1979), «Уақыт» (1979), «Өң мен түс» (1980), «Үш өлшем» (1982), «Тағдыр жыры» (1984), «Біздің ғасыр» (1989), «Тамаша, Тамаша, Тамаша» (1989), «Сағынышым - теңіз» (1994) жыр жинақтары басылып шыққан. 1996 жылы «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.
«Салем саған, туған ел», «Домбыра», «Қарағым-ай», «Сарыарқа», «Аралдан ұшқан аққулар», «Атамекен-ай», «Аққу сенім», «Жер-Ана», «Ән жүрегім туған ел», «Үкілі домбыра», «Дос керек», «Бозжорға», атты бірнеше ән-өлеңдердің авторы. 1994 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы өлеңдер томдығы, 1992 жылы «Сүйінші» деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ болып басылған. Қызылорда облысының әкімшілігі (2006) екі томдық таңдамалы шығармаларын жариялады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариев - ақын, аудармашы, филология ғылымының кандидаты, Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың және «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Жыл Адамы - Алтын Адам» сыйлығының иегері.
2008 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша шығарылған. Қорқыт ата кітабы бастаған 100 томдыққа Шөмішбай Сариевтың екі томдық шығармалар жинағы енді.
« Шөл даланың ұлымын»
( кітап көрмесінің үлгісі)
1 Бөлім : «Қос қанатты ақын»
( Бұл бөлімде ақын шығармалары, өмірбаяндық деректемелері қойылады)
Дәйекті сөз:
«Шөмішбай өлеңдері де, негізінен, адам туралы,
оның ісі, еңбегі, ойы мен сезімі жайында.
Ол адамды ұлы санайды, тоқтамайтын өмірдің
мәңгілік иесі деп таниды...»
Серік Қирабаев
2 Бөлім : «Сұлулықты, өршілдікті жырлаған ....»
( Бұл бөлімде шығармалары туралы, сын мақалалар қойылады)
Дәйекті сөз: «Тарих тереңіне бойлау, оның ағыстары мен
толқындарын аңдау - үлкен ойдың, мәдениетті,
білімділіктің белгісі. Шөмішбай ақындығында
осы нышандар анық байқалып отырады.»
Ғафу Қайырбеков
3 Бөлім : « Өлеңнің толқындары, сені іздеп ем...»
( Бұл бөлімде ақынның ән-өлеңдері туралы мақалалар мен әншілердің фотосуреттері қойылады)
« Сұлулықты, өршілдікті жырлаған ....»
(әдеби- сазды поэзия кеші)
Қатысушылар: 1-2 жүргізушілер, кітапханашылар, оқырмандар.
Безендірілуі: Тақырыптық слайд, кітап көрмесі, ақын туралы қанатты сөздер, өлең жолдарынан үзінді, сахналық безендірулер, гүлдермен, музыкалық орталық, басқа да саз аспаптарымен қамтамасыз етіледі.
Қонақтар: ақынның шығармашылығымен тығыз байланыстағы ақын-жазушылар, өнерсүйер оқырмандар, әншілер қатысады.
Ең бастысы:- осы ұсынылып отырған әдеби-сазды поэзия кешімізге кештің қонағы - қазақтың ақындарының бірі композитор - Шөмішбай Сариев ағамызды, мүмкіншілігіне орай кітапханаға шақыруға болады.
Сахнада «Айналдым сенен, Атамекен-ай» - әні орындалады
( сахнаға 1-2 жүргізушілер шығады)
Кітапханашы: Армысыздар, ардақты қонақтар мен оқырмандар, жыр сүйер қауым!
Екі өмірдің көпірі - өр өткелі,
Өлеңде өзге тұлға, бөлек демі.
Жүз жасаған Жамбылдың әруағы
Қолдасын аруағымен демеп мені – деп ақын
Шөмішбай Сариевтың шығармашылығына арналған Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында «Сұлулықты, өршілдікті жырлаған ....» атты әдеби-сазды поэзия кешімізге қош келдіңіздер!
Біздің қазақ елі киелі, ұлы тұлғаларға кенде емес. Солардың бірі - өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен ерекшеленетін, жүректерді жан жылуымен ерітіп, қиялға қанат сермеген қазақ ақындарының бірі - Шөмішбай Сариев.
( « Ән жүрегім, туған ел» - әнін жазған Әсет Бейсеуов)
1-жүргізуші: Ақын Сариев Шөмішбай (15.04.1946 ж.т., Қызылорда облысы, Арал ауданы Шөміш темір станциясында туған) Қамбаш орта мектебін бітірген. Ақын, ғалым, сазгер, филолог ғылым кандидаты. Қазалы аудандық «Ленин туы» және Арал аудандық «Толқын» газеттерінде қызмет істеген. 1965-1971 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде оқып, журналистика факультетін бітірген .
1970 – 1974 жылдары «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі. ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметпен шұғылданады..
«ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы поэзиясы» атты монографиясын жазған. «Ғашықтар жыры», «Бозжорға» атты авторлық бейнетаспасы жарық көрді. Грузин ақындары Г.Гулиа, И.Абашидзе, орыс ақындары О.Берггольц, С.Викулов, А. Дементьев, Р.Рождественский, авар ақыны Ф.Алиев, молдова ақыны М.Эминеску, т.б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Алғашқы «Арайлы көктем» атты ғылыми сын шығармалары 1974 жылы жарық көрді.
2- жүргізуші: Ақынның алғашқы жыр жинағы «Балдәурен» 1974 жылы жарияланған. «Арайлы көктем» (1975), «Теңізден соққан жел» (1975), «Тағдыр» (1976), «Заула, тұлпар» (1979), «Уақыт» (1979), «Өң мен түс» (1980), «Үш өлшем» (1982), «Тағдыр жыры» (1984), «Біздің ғасыр» (1989), «Тамаша, Тамаша, Тамаша» (1989), «Сағынышым - теңіз» (1994) жыр жинақтары басылып шыққан.1996 жылы «Қазіргі қазақ лирикасының ізденістері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.
«Салем саған туған ел», «Домбыра», «Қарағым-ай», «Сарыарқа», «Аралдан ұшқан аққулар», «Атамекен-ай», «Аққу сенім», «Жер-Ана», «Ән жүрегім туған ел», «Үкілі домбыра», «Дос керек», «Бозжорға», атты бірнеше ән-өлеңдердің авторы. 1994 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы өлеңдер томдығы, 1992 жылы «Сүйінші» деген атпен ән өлеңдері жеке жинақ болып басылған. Қызылорда облысының әкімшілігі (2006) екі томдық таңдамалы шығармаларын жариялады. Орыс және әлем классиктерінен, бүгінгі ақындардан бірталай шығармаларды қазақ тіліне аударған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медаль сыйлығының лауреаты (2003), «Тарлан» сыйлығының иегері (2004).
(« Жусан исі» - әнін жазған Сейдолла Бәйтерековтікі орындалады)
Кітапханашы: Ақын жырлары қазақ ақындары ішінен алғашқылардың бірі болып бұрынғы одақтық поэзия тұсында «Литературная газетаға» жарияланды. Москвалық ақындар Владимир Шленский, Станислав Золотцев, Марина Тарасова, Валерий Краснопольский, Александр Князов Қазақстандық ақындар Олег Постников, Надежда Чернова, т.б ақын шығармаларын орыс тілінде сөйлетсе, сол арқылы украин, чех, қырғыз, тәжік, румын, хинди, француз және басқа тілдерге аударылып, әлемге танылды.
Атап айтсақ, «Созвучие» (1983), «Песни сожаления» (1998) атты кітаптарын орыс тіліне, «Теңізден соққан жел» (2002) атты кітаппен хинди тілінде, «Дала желі» (2008) атты француз тілінде, «Струна степей» (1988) атты кітаппен украина және де басқа тілдерге аударылып жарық көрді.
Аудан, облыс, республика көлемінде таныла бастаған Шөмішбай Сариев- махаббатты шәрбатқа теңей отырып,
«Қоштасып жастық қаламыз ба екен біз де осы,
Күзде ұшып кеткен құстарға қарап қалғандай» - деп, поэзияға өзіндік өрнегімен жол тартады. Ақын шығармалары Отанымыздың шежірелі тарихын, ұлт тағдырын, кешегісі мен бүгінін, бүгіні мен ертеңін поэзия тілінде шұрайлы анық жырлайды.
( Баяу « Көңіл толқыны» - күйі орындалып тұрады.)
-
жүргізуші: Осынау сағынышпен Елге еліктім
Киелі топырағын төр көріппін.
Шалғай бір Шөміш атты станцияда
Іңгәлап дүниеге мен келіппін.
Бір адам аян беріп жат көлікті
Түсінде киелі адам бақ көріпті,
Ақбай ағам шешесі түсін жорып,
Шөміш деп маған алғаш ат беріпті.
2- жүргізуші: Түсімде әжем еніп қуатына,
Мінгізді ақ боз тұлпар жыр атына.
Сол атпен келем шауып кең дүниеде,
Жетсем деп ертегідей мұратыма.
Кітапханашы : « Әр күнім менің - мүшәйра» - дейді ақын. «Мүшайра» – жүйрік ақын көңілін уақытпен жарыстырған бәйге. Ақынның пайымдауынша, дүниедегі ең жүйрік - өмірдің өзі. Шөмішбай Сариев - жаңа замандағы соны да, жаңа сезімдерін де, ой-пікірлерін де, философиялық ой-толғамдарын да жаңалықтар бар. Жаңалық бар жерде - өмір бар. Өмір бар жерде поэзия бар екендігі ақиқат екендігін дәлелдейді.
«Өмір деген өзі алып өз бәйгесін,
Адамның ғұмырынан алға озады» -деп атап көрсетеді.
Шөмішбай Сариев армандары мен қиялында қазақтың, ұлт ақыны сезімі айрықша күшті. Ол қонағын жыр дастарханымен қарсы алады, оған қымыз орнына жырын, шұбат, жал-жая орнына өлеңін ұсынып сыйлайды.
«Ақын, ең алдымен, адам, сонан соң өз жерінің азаматы, өз заманының ұлы»,- деген еді ұлы В.Белинский. Ақынның адамгершілігі, өмірге көзқарасы, ойы мен сезімі жалпы адамды тануынан, оны бағалауынан бастау алады.
Адамды тану, онымен сыйласу - адамдықтың басты парызы. Өмір –керуенінің жолында ара қатынасын «бұзып алып, қайта жөндеп», «жүктері ауып қалған» «ата-аналарын қайта теңдеп, артып» жүрген («Керуен сарай») адам –сол өмірдің иесі де.
( «Ойлан, балам» - әнін жазған Кеңес Дүйсекеев)
-
жүргізуші: Зулайды күндер,
Тулайды жүрек бұлқынып.
Өзімде менің,
Көзімде менің мұң тұнып:
Қалады – ау жастық,
Барады – ау өмір ұмтылып.
Зулайды күндер,
Тулайды жүрек бұлқынып.
( «Еркеледін сен» - әнін жазған Кеңес Дүйсекеев)
2- жүргізуші: Толғанамын,
Тебіренем,
Көңілі - әуен, өмір - өлең,
Елжірейді жан жүрегім.
Аққу құстай – ұясынан,
Қыран құстай – қиясынан,
Самғай ұшқан ән жүрегім
Туған ел!
Кітапханашы: Ақын - қазақ табиғатының тамаша жыршысы. Оның өлеңдерінде табиғат пен оның құбылыстары ойлы әрі жанды қалпында суреттеліп, ақын мен оның тікелей тілдесуі, сырласуы күйінде көрінеді.
Табиғаттың әсем, көрікті жағдайларынан жылы әсерленген ақынның өмірдің қайғылы сәттерінен еске алғанда әдемі көріністердің ар жағында жатқан трагедия іздерін танитыны бар. Жұмбағы көп табиғаттың көрер көзге қызғалдағын ұсынуына, қайғының ізін жуып бұлақ ағызғанша күдікпен қарайды. Қызғалдақты боздақтардың қаны ма деп қалса, бұлақ суынан адамның көз жасын көреді. «Мен аунап жатқан мынау жасыл белдер, бабалар денесі ме деп қаламын» дейтіні де бар. Мұның бәрі - табиғат әсемдігіне тамсана бермей, оның бойындағы күрделі шындықты да көре, сол жайлы ойлана білетінін байқатады.
( « Жер – ана» - әнін жазған Жанбота Тұяқбаев)
1- жүргізуші: Жанардың отын жаулаған,
Жыл сайын өсіп қаулаған,
Жусаның қандай, туған жер,
Балалық шағым аунаған.
Далам боп құшақ айқарар,
Желбіреп желмен жайқалар,
Жарықтық иісі-ай жусанның,
Жаның бір толқып жай табар.
Кітапханашы: Адам көңілінің күрделілігін, бұралаң-қалтарыстарын ақын «Көңіл көшесі» өлеңінде әдемі аша білген. Ол адам көңілін көшеге теңейді. Кәдімгі өзінің күнде жүріп өтетін көшесі. Екі қанаты самсаған гүл, ойларының бұтағы толы құс. Қиял кезіп жүрген кездесулер мен қоштасулар. Көңілдің бағдар шамы жол сілтеп, көңіл көшесінде зулап аққан машиналар. Осы тіршілік ортасында ой баққан, сыр аңдыған ақын жер үстіндегідей ала көңіл қалпында көрінеді.
( «Дала гүлі» - әнін жазған Сейдолла Бәйтереков)
2- жүргізуші: Өмірдің ең ғажайып ұлы күші,
Қарапайым, құпия құбылысы.
Қаланың көшесіндей көп екен – ау,
Көңілдің көшесінің бұрылысы.
Еркіндік болмаса егер несі көктем?
Албырттық жастық па әлде есі кеткен.
Көңілдің светофоры қызыл жанып,
Тұрса да, талай жолды кесіп өткем.
( «Күткен ғұмыр сен едің »- музыкасын жазған Алтынбек Қоразбаев)
Кітапханашы: Ақын шығармаларындағы азаматтық үн оның Отан, туған жермен бірге ана тілі туралы жырлары да мұңдалайды. «Ана тілі», «Менің ана тілім ғой», «Ана тілін сүйем ғой» әнінде ананың ақ сүтінен ақын «Қайт, райдан!» өлеңінде ХХI ғасырда халі мүшкіл болып отырған Ана тілін жырға қосты. Атадан балаға мирас болып келе жатқан ана тілінің тағдыры талқыға түскен заманда қазақ тілінің болашағына алаң болған ақын оның жоғын жоқтап, күйін күйттейді.
( «Тіл туралы толғау» - Мемлекеттік тіл құқын алған күні мерекелі кеште алғаш орындалған )
1- жүргіуші: Белгілі ақын Ғ.Қайырбековтың Ш.Сариевті «Қос қанатты ақын» деп атауы да тегін емес. Шөмішбай Сариев – поэзиямызға 70-ші жылдары келген бір топ талантты ақындардың ортасында өз өлең өрнегі, өз дауысы «ә» дегенде белгілі болған ақындардың бірі. Талант жолы деген күрделі.
Үлкен аға, өлең шеберлері, сыншылар - Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Әбу Сарсенбаев, Сағи Жиенбаев ақын шығармашылығы туралы пікірлерінде ақынның азаматтық дауысын әлеуметтік кең тыныстағы толғауларынан, публицистикалық өлеңдерінен танитындарын айтады. Қоғамдық әлеуметтік маңызды оқиғаларға, өз тұсындағы саясатқа үн қатып отыру - әрбір тұлғалы ақынның борышы.
Ақынның поэзиядағы екінші қанаты - ән-өлеңдері. Оның жиырмаға тарта өлеңдер кітабына енген үш жүзден астам ән-өлеңдерін Е.Хасанғалиев, Ә.Дінішев, С.Тыныштығұлова, Р.Рымбаева, Н.Есқалиева, М.Жүнісова сынды қазақтың майталман әншілері орындап, ән сүйер қауымға кеңінен танытып келеді. Ақын осы салада қайрат көрсетіп келе жатқан белді таланттарымыздың бірі. Қазіргі таңда ақындық шеберлігі кемеліне келген, ел туралы жан-жүрегімен мол толғап, салмақты жыр жазған ақын.
«Қазағымның күйлері- ай», «Салем саған туған ел», «Домбыра», «Қарағым-ай», «Сарыарқа», «Аралдан ұшқан аққулар», «Атамекен-ай», «Аққу сенім», «Жер-Ана», «Ән жүрегім туған ел», «Үкілі домбыра», «Дос керек», «Бозжорға», «Өзің куә Алматым», «Ойлан, балам», «Еркеледін сен», «Дала гүлі» - атты бірнеше ән-өлеңдердің авторы.
( « Өзің куә Алматым» - әнін жазған Владимир Питерцев)
-
жүргізуші: Ақынның әдебиетке байланысты, өнерге байланысты
«Орман жыры» деген өлеңінің мазмұнына тоқтала кетсек, орман сыртынан қарасаң керемет, ғажайып, сұлу. Сол орманды араласам екен деп ойлайсың! Соған сені тастап жіберсе, әдебиетке енесің ғой, сол сәттен бастап ол өте үрейлі, қорқынышты. Өйткені оның арыстандары бар, шайнап тастайтын жолбарыстары бар, қасқырлары бар, түлкілері бар, қорқақ қояндары бар, жыландары бар. Бастапқыдағы таңғалып, құмар болған орман сол мезетте тым басқа. Соған ену, алпауыттарын мойындатудан барып еркін әдебиетке енесің.
«Біздің алдымызда Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Әбділдә Тәжібаев, Қалижан Бекқожин, Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Әбу Қайырбеков, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев сынды алыптар болды. Біз ақын боламыз деп келгенде, ол бір қытайдың қабырғасы сияқты еді»,- деп ақын еске алады. Олардың барлығынан өту, өзіңнің ақын екеніңді мойындату үлкен бір күрестен тұрады. Жазушылар Одағына өту, бізге үлкен күш, жетістік болды.
-
жүргізуші: Ақын ағамыз Шөмішбай Сариевтың Бақытжан, Шолпан,
Байсал есімді балалары бар.Үшеуі де кішкентай күнінде өлең, әңгіме жазған. Ақын бір сөзінде, негізінде ақын-жазушылардың балалары жазса, оны «әкесі жазып берген ғой» дейтіні бар. Нашар жазса әкесіне сөз келеді. Сондықтан балаларына, бір үйге бір жын-ойнақ жетеді деген. Айшабибі деген немере қызым 3-сыныпта оқып жүргенде өлең жаза бастады. Менің өзім 5- сыныпта жазғанмын.Содан «Ұлан» газетіне өлеңдері шықты.
Қазірде сиясы кеппеген жырларын, өлеңдерін маған Астанадан жіберіп тұрады деп еске алады ақын ағамыз.
Бүгінде, ақын ұрпақтары барлығы өмірде өз орнын тапқан жандар - заңгер, мұнай саласында қызмет атқарады. Тағы бір еске ала отырып анасы кіші ұлы Бақтыбайдың қолында тұрған, сонда айтады екен: «Ей, Бақтыбай сені қойшы, мен әлі талай тойға барамын, талай жерге барамын сонда соттың шешесі келді деп айтпайды, ақынның шешесі келді деп айтады»,- депті. Айтайын дегенім, ана – құдірет қой. Менің өлең жазғаныма қуанатын бір адам болса, ол – анам еді. Ақын - «Ана» атты тақырыппен ұлы өмірдің негізі, түп-тамыры
«Әйел», «Ана» деген ұлағатты есімде екенін, өмір өркені әйелде екендігін тебірене толқып жыр етеді.
Балалығым жан анам, қалды ұяда!...
Ойың тарап отыр ма әр қияға?
Бірде кетіп қалғың кеп Алматыға,
Бірде кетіп қалғың кеп «армияға» .
Шақтарда хаттар бізден баяулаған,
Тартып кеткің келеді-ау жаяу маған...
Ұл-қызыңның бәрін де жинап алып,
Түс көріп жүр ме екенсің, аяулы анам?!
( «Кешір, Ана» - әнін жазған Төлеген Мұхамеджанов)
Кітапханашы: Құрметті қонақтар, оқырмандар!
« Сұлулықты, өршілдікті жырлаған ....» - атты әдеби- сазды поэзия кешімізде ақын шығармашылығын оқырмандарға насихаттай отырып, Шөмішбай ақынның ең таңдаулы туындылары осы пафос биігінде отырған тұсында туғаны даусыз. Оның ақындық туралы ойлары кең, шабытты шағындағы көңіл күйі дарқан, қиялы үлкен. Ол «Найзағайға темекісін тұтатып», «Көкірегіне бұлт жинап нөсерлетуді» ұнатады. «Қолын күнге созып», «жер қойны тамырынан мықтап ұстайды». Сөйтіп өзін «дауыл соқса да елемей, тастап жатса толқын жырың телегей, ұлы мұхит қақ жарылып жол беріп, келе жатсаң алып атом кемедей» сезінеді.
Ақын ағамызға шығармашылық табыстар тілей отырып мынандай өлең жолдарымен аяқтағымыз келеді.
Сапарды ұзақ-алғыс салғасын ба?
Кеменің мүшкіл халі бар басымда.
Толқиды алай-дүлей толқын өмір,
Тіршілік теңізінің арнасында.
Туыппын толғағы мол теңізде мен,
Теңізбен жаным менің егіз дер ем.
Өмірдің теңізіне сапар шегіп,
Өлеңнің толқындары, сені іздеп ем.
1- жүргізуші: Қанатымен жыр атты ақиықтың,
Жаңа бетін ашатын тарихтың,
Танысалық, кел бермен келер ұрпақ,
Ақыныңмен!
Шөмішбай Сариевпен!-
( «Боз жорға» - әнін жазған Бейбіт Оралұлы әнімен кешімізді аяқтаймыз)
Келесі кездескенше сау-саламат болыңыздар!
« Туған жер, жұпар далаңа
Жететін бақыт қайда бар?...»
( Ақынның ән-жырларына арналған викториналық сұрақ-жауап)
-
Ғажап-ау!
Атамекен ғаламат,
Бір саған!
Тағдырымыз аманат,
Қымбатты- даламыздай,
Сымбатты – анамыздай...
( «Айналдым сенен, атамекен»)
-
Аққу көлі арман көліндей,
Мөлдіреген көңілдей.
Жүзелік өмірде
Аппақ аққу сенімдей....
( « Аққу сенім»)
3.Өзің қандай, шуақта малынғандай,
Сезім қандай, тәңір де табынғандай!....
(«Ғашықтар жыры»)
4. Дән риза менің нәзік гүл жаным,
Таттық біз дәмін, ғұмыр мырза күн....
( «Дос керек»)
5. Жүрегіміз гүлге құмар ғашық па-ау,
Дауыл сезім толқытып сан тасытты-ау.
Келер күнді сағынып біз жүрген шақта
екеуміз,
Балдәуренім қоштасуға асықты-ау...
(«Досқа сыр»)
-
Жайлауы жанның жайланар,
Анамдай сүйіп аймалар.
Туған жер, жұпар далаңа
Жететін бақыт қайда бар?!....
( «Жусан иісі»)
7. Сағынып тағдыр жазбай табысуға,
Өмірдің бәйге жүйрік жарысында.
Біздерді кешір, ана, құстарыңды,
Оралмай кете барсақ ұямызға....
( «Кешір ана»)
8. Жеті өзенді Жетісудай салалы,
Сарыарқаның самалындай самалы,
Дүрілдетіп тебіренткен даланы,
Бабамыздың күніренген зарындай,
Жайығымның жайлап аққан жанындай,
Даламыздың қайнап аққан жанындай,
Қазағымның,
Қазағымның күйлері-ай!...
( «Қазағымның күйлері-ай»)
9. Қайран уақыт, өзіңмен қатар жүрдім,
Шұғыласын көп көрдім батар күннің.
Құпиялы өмірге қадам басқан,
Әр күнімді бақытты сапар білдім....
( «Қайран уақыт»)
10. Көктемде құстар қонғанда,
Оралып сырлы орманға.
Аңсаған жүрек іздей ме?
Сағынып қарап жолдарға....
( «Ойлайсың ба, жаным»)
11. Кеудемде бүршік жарып,
Келген бір көктем бе едің.
Жаныма тылсымдалып,
Ғайыптан жеткен бе едің....
( «Өмірлік әнім болшы» )
-
Жарқырап айлы түнде жұлдыздардай,
Бәлкім сен бақытым боп жана алмассың....
( «Өкінбе сен»)
-
Малынып жалын мұңға,
Өмірдің ағымында.
Сағымдар арасынан,
Сен мені сағындың ба?
Сағындың ба?....
( «Сен мені сағындың ба?»)
Әдебиеттер тізімі
Сариев Ш. Екі томдық шығармалар жинағы: Поэзия: 1 том
/ Шөмішбай Сариев.- Астана: Елорда, 2006.-344б.
Сариев Ш. Екі томдық шығармалар жинағы: Поэзия: 2 том
/ Шөмішбай Сариев.- Астана: Елорда, 2006.-360 б.
Сариев Ш. Біздің ғасыр: Өлеңдер, поэмалар.- Алматы : Жазушы, 1989.-96 б.
Сариев Ш. Заула, тұлпар уақыт.-Алматы: Жалын, 1979.-102 б.
Сариев Ш. Тағдыр.Өлеңдер.Алматы, «Жалын», 1976-52 б.
Сариев Ш. Үш өлшем : Өлеңдер.-Алматы: «Жалын», 1982.-196 б.
Сариев Ш. Шөл даланың ұлымын...: Өлеңдер.-Алматы : Қайнар, 2008.-208 б.
Сариев Ш. Қос қанат: Жүз бір өлең және жүз бір ән-өлең / Шөмішбай Сариев. – Алматы: «Әсем- систем», 2004.-316 б.
Сариев Ш. Өң мен түс.-Алматы : Жазушы, 1980 - 62 б.
Сариев Ш. Сағыныш – теңіз: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы, 1994-320 б.
Сариев Ш. Сүйінші : Замандас композиторлардың әндеріне жазылған өлеңдер.-Алматы : «Ардана», 1992-160 б.
Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2005.-576 б.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті (2001-2011ж.ж).-Алматы: «Арда», 2011.-640 б.
Қазақ әндері / Құраст. Жүсіпова Б.Ж.- Алматы: «Көшпенділер» баспасы, 2011.-704 б.
Қазақ көркем сөзінің шеберлері: Анықтамалық.- Қарағанды: Экожан, 2010.-512 б.
Х Х Х
Сариев Ш. Өзін үлкен санамаған өлең жазып керегі жоқ // Ақынмен сұхбат //Жұлдыздар отбасы.- 2009.-№ 19.-17-22 б.
Сариев Ш. Елдің қамы - Елбасының Жолдауы: Өлең (Ш.Сариев // Егемен Қазақстан.-2010.-2 ақпан.-1 б.
Сариев Ш. С.Дөнентаевтың лирикалары // Қазақ әдебиеті.-2014.-
25 сәуір .- 7 б.
Мазмұны
1. Алғы сөз 1 б.
2. Өмірбаяндық деректеме 3
3. «Шөл даланың ұлымын» -
кітап көрмесі 4
4. «Сұлулықты , өршілдікті жырлаған ....
( әдеби сазды кеш ) 5
5. « Туған жер, жұпар далаңа
Жететін бақыт қайда бар?...»
( Ақын жырларына арналған викториналық
сұрақ-жауап) 12
6. Әдебиеттер тізімі 15
Құрастырған: Шарымбаева Ф.К - Кітапхананы дамыту және
әдістемелік жұмыс бөлімінің
меңгерушісі
Редакторы: Бекмағанбетова С.Б - Оқу залының
кітапханашысы
Достарыңызбен бөлісу: |