«Менің атым Қожа» повесінен үзінді
Өзен бойына көз тіксем, қыздар шомылып жүр екен. Мейлі, шомыла берсін, оларға да салқындау керек қой. Ал мен әуелі тамақтанып алайын, ішім итше қыңсылап, түйені түгімен, нарды жүгімен жұтып жібере жаздап келе жатқам жоқ па.
Қораның бұрышын айнала бергенім сол еді, көзім есік алдындағы тажалға түсті. Жүрегім дір етіп, бойымды дереу жиып алғандай болдым. Тажал тапжылар емес. Ежелгі дағдысы бойынша біздің босағаны иіскеп, мелшиіпті де қалыпты. Мотоциклдің иесі — көрші колхоздағы комбайншы жігіт Қаратай. Жігіт деймін-ау, қайдағы жігіт. Беті әжім-әжім, сақалы тікенектей кәрі біреу. Қаратайды мен қандай жексұрын көрсем, жағал мотоциклді сондай жексұрын көрем. Өйткені оны құстай ұшырып зырылдатып, лезде алып келетін осы антұрған емес пе. Бұдан бір жыл бұрын Қаратайдың әйелі дүние салған екен. Әйелі дүние салды деген сөз — өзі бойдақ қалды деген сөз. Ал өзі бойдақ қалғаннан кейін, тағы да үйленбекші. Осы арада кімге деген сұрақ туады. Дүниеде өзге әйел құрып қалғандай, Қаратайдың есек дәме көңілі менің Миллат мамама ауатын тәрізді.
Мен табиғатты сүйемін. Мен шынайы поэзияны сүйемін. Абай мен Қасымды қанша оқысам да, менің сусыным қанбайды. Қайталап оқи бергім келеді, оқи бергім келеді. Мен Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлерін тыңдағанда, өзімді өзім ұмытып кетемін. Махамбет жырының әр сөзінің астынан дүрсілдеген ат дүбірін, қарыш-құрыш сілтескен найза, қылыш үндерін естігендей болам. О, қасиетіңнен айналайын, қазақ жері! Осының бәрі сенің топырағыңда өсіп-өнген кереметтер емес пе...
Машина жолы кезеңнен біздің ауылға қарай тура аса алмайды. Түзкөлді айналып жүреді. Бұл төте жолдай емес, әлдеқайда ұзақ. Бірақ жүрдек машина жер апшысын қуырып, шыдатар емес. Әлгінде ғана мұнартып көз ұшыңда көрінген қара тұмсық енді, міне, сырғанап артта қалып барады. Жол шетіндегі телеграф бағаналары бірін бірі қуалап, қарсы жүгіріп келе жатқандай болады. Әне, алдан Түзкөл көрінді жалтырап. Қара жол соның сортаң жиегімен өтеді. Бір мезетте көл де сырғып кейін қалды. Жол қасқайып шығысқа қарай тура тартты. Спидометрдің қылт-қылт еткен жебесі шұғыл ойысып, елуге тақап барды.
Жұмыр жер күндегі дағдысы бойынша тынбастан зырлап, кіндігін және бір айналып шықты. Тарих тағы бір тәулікке ұзарды. Осы бір тәуліктің, яғни жиырма төрт сағаттың ішінде мынау ығы-жығы күнәһар дүниеде кімнің басынан не кешіп үлгермеді дейсің. Қанша адам өмірге жаңадан келіп қосылды, қанша адам оларға орын босатып, о дүниедегі мәңгілік мекендеріне сапар шекті. Осы бір тәуліктің ішінде қаншама бақытты кеудеде қуаныштың оты маздап жанбады, қатал тағдыр қаншама басы жұмыр пендесін қайғының қара суығында бүрсеңдетпеді. Осы соңғы топқа мен де қосыламын.
Астын үстіне келтіріп дауыл сапырған көк теңіздің тепкісінде жалғыз қайықшы қаңғалақ ойнайды. Бірін бірі тықсырған арқырауық ақжал толқындар әлгіні бірде жаңқадай ұшырып, аспанға алып шығады да, бірде теңіздің шыңырау түбіне тастап келіп жібереді. Қайықшы байғұстың қайраты сарқылған, амалы таусылған. Төніп келген қатерге бақырая қарап тосып алғаннан басқа шарасы жоқ. Тағдырының немен тынарына көзі жетпей, жегідей жеген күйзеліс минуттары...
Клуб жақтан гармонь үні, балалардың шуылдап ойнаған дауыстары естіледі. Бойымда керемет бір жігер оты лапылдап, солай қарай бет алдым. Ай нұрынан орнаған күміс көпір белдеулеп бет алдымда, ауылдың дәл іргесінде өзен жатыр жарқырап. Мөп-мөлдір мына ғажап дүние... «Үш! Самға!» деп, қолтығымнан қанат бітіретін, арман нысанасына қарай алып ұшатын тәрізді. Лаула! Лаула, жігер оты! Самға, қиял құсы!
Асығатыным да, аңсайтыным да ертеңгі болашағым.
Достарыңызбен бөлісу: |