3-тарау. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жөнiндегi қызметтi ұйымдастыру
19-бап. Жеке профилактикасы шаралары
1. Жеке профилактикасы шаралары:
1) қадағалаусыз және панасыз қалған;
2) арнаулы бiлiм беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарында және Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарында ұсталатын;
3) адамның психикикасына дене мүшесi функциялары мен мiнез-құлқына керi әсерiн тигiзетiн алкогольдiк iшiмдiктердi, есiрткi құралдарын, психотроптық және өзге де күштi әсер ететiн заттарды шамадан тыс пайдаланатын;
4) дәлелсiз себептермен жалпы бiлiм беретiн оқу орындарына бармайтын;
5) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған, әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе тәрбиелiк ықпал ету шаралары қолданыла отырып тағайындалған әкiмшiлiк жазаны орындаудан босатылған;
6) қылмыстық жауапкершiлiктен немесе ақталмайтын негiздер, оның iшiнде рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiлерi бойынша жазадан босатылған;
7) қылмыстық жауапкершiлiкке тартылатын жасқа толмауына байланысты қылмыстық жауапкершiлiкке жатпайтын немесе психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық дамуының кешеуiлдеуi салдарынан қылмыстық белгiлерi бар әрекет жасаған;
8) қамауға алуға байланысты емес бұлтартпау шаралары таңдап алынған қылмыс жасады деп айыпталған немесе күдiктi болған;
9) жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылған;
10) жазасын өтеу кейiнге қалдырылған немесе үкiмнiң орындалуы кейiнге қалдырылған;
11) қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнен босатылған;
12) ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн сотталған және сот тәрбиелiк ықпал етудiң мәжбүрлеу шараларын қолдану арқылы жазадан босатқан;
13) шартты түрде, қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына, бас бостандығынан айыруға байланысты емес өзге де жазалау шараларына сотталған кәмелетке толмағандарға қатысты жүргiзiледi.
2. Егер кәмелетке толмағандардың ата-аналары, басқа да заңды өкiлдерi оларды тәрбиелеу, оқыту және (немесе) бағып-күту жөнiндегi өз мiндеттерiн орындамаса, олардың мiнез-құлқына терiс әсер етсе, оларға қатысты, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасауға тартып жүрген өзге де адамдарға қатысты да жеке профилактикасы шаралары жүргiзiледi.
Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 176-IV, 2010.11.23 N 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
19-1-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық
бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз
қалудың жеке профилактикасы шаралары
1. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жеке профилактикасы шаралары олардың тарапынан жаңа құқық бұзушылық жасаудың алдын алу, сондай-ақ оларды жасауға итермелейтiн себептер мен жағдайларды жою мақсатында кәмелетке толмағандардың құқықтық санасына және мiнез-құлқына мақсатты түрде жүйелi әсер ету үшiн қолданылады.
2. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жеке профилактикасы шаралары:
1) профилактикалық әңгiмелесу;
2) құқық бұзушылық жасауға итермелейтiн себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс;
3) профилактикалық есепке алу және бақылау;
4) арнаулы бiлiм беру ұйымдарына және ерекше режимде ұстайтын бiлiм беру ұйымдарына жiберу;
5) тәрбиелiк ықпал ету шаралары;
6) қорғау нұсқамасы;
7) әкiмшiлiк жаза қолдану;
8) сот үкiмi бойынша қабылданатын шаралар болып табылады.
3. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жеке профилактикасы шаралары осы шаралар қолданылатын кәмелетке толмағандардың жеке ерекшелiктерi және олар жасаған құқық бұзушылықтың қоғамға қауiптiлiгiнiң сипаты мен деңгейi ескерiле отырып айқындалады.
4. Мүдделi адамдар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жеке профилактикасы шараларын қолдану туралы шешiмге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасауы мүмкiн.
5. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шаралары Қазақстан Республикасының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы заңнамасында белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып қолданылады.
6. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жеке профилактикасы шараларын есепке алу орталық атқарушы органдар белгiлеген тәртiппен олардың құзыретi шегiнде жүзеге асырылады.
Ескерту. Заң 19-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.04.29 № 272-IVЗаңымен, өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.11.23 N 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
19-2-бап. Кәмелетке толмағандар арасында құқық
бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың
жеке профилактикасы шараларын қолдануға негiздер
1. Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың жеке профилактикасы шараларын қолдануға мына мән-жайлардың бiрi:
1) жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары немесе өтiнiштерi, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламалар;
2) құқық бұзушылық жасау не жасауға әрекет ету фактiсiн iшкi iстер органы қызметкерiнiң тiкелей анықтауы;
3) мемлекеттiк органдардан және жергiлiктi өзiн өзi басқару органдарынан түскен материалдар негiз болып табылады.
2. Құқық бұзушылық жасау туралы немесе оны жасау қатерi туралы өтiнiштер мен хабарламаларды мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қарайды.
Ескерту. Заң 19-2-баппен толықтырылды - ҚР 2010.04.29 № 272-IVЗаңымен.
19-3-бап. Профилактикалық әңгiмелесу
1. Профилактикалық әңгiмелесудiң негiзгi мiндеттерi құқыққа қарсы мiнез-құлықтың себептерi мен жағдайларын анықтау, құқық бұзушылықтың әлеуметтiк және құқықтық салдарларын түсiндiру және заңға мойынсынушылық мiнез-құлықтың қажеттiгiне сендiру болып табылады.
2. Профилактикалық әңгiмелесудi құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану құзыретiне жататын кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесiнiң мемелекеттiк органы мен мекемесiнiң өкiлi құқық бұзушылық жасаған немесе оған қатысты құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдануға негiз бар адаммен өткiзедi.
3. Профилактикалық әңгiмелесу кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесi мемлекеттiк органдарының қызметтiк үй-жайларында, сондай-ақ тұратын жерi, оқуы, жұмыс орны бойынша не тiкелей құқық бұзушылық анықталған жерде өткiзiледi және оның ұзақтығы бiр сағаттан аспауға тиiс.
4. Профилактикалық әңгiмелесу өткiзiлетiн кәмелетке толмаған адамға құқыққа қарсы iс-әрекеттердi тоқтату қажеттiлiгi туралы ескертiледi.
5. Кәмелетке толмаған адаммен профилактикалық әңгiмелесу оның ата-анасының, педагогтарының немесе басқа да заңды өкiлдерiнiң қатысуымен өткiзiледi.
Ескерту. Заң 19-3-баппен толықтырылды - ҚР 2010.04.29 № 272-IVЗаңымен.
19-4-бап. Құқық бұзушылық жасауға итермелейтiн себептер
мен жағдайларды жою туралы ұсыныс
1. Құқық бұзушылық жасауға итермелейтiн себептер мен жағдайлар анықталған жағдайда кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесiнiң мемлекеттiк органдары тиiстi ұйымның басшысына немесе лауазымды адамына оларды жою туралы ұсыныс жiбередi.
2. Тиiстi ұйымның басшысы немесе лауазымды адамы ұсынысты алған күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесiнiң мемлекеттiк органдарына ұсынысты қарау нәтижелерi мен қолданылған шаралар туралы жазбаша түрде ақпарат беруге мiндеттi.
Ескерту. Заң 19-4-баппен толықтырылды - ҚР 2010.04.29 № 272-IVЗаңымен.
19-5-бап. Профилактикалық есепке алу және бақылау
1. Профилактикалық есепке алу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген бiрқатар шектеулер белгiленген және бiрқатар мiндеттер жүктелген кәмелетке толмағандарға профилактикалық бақылауды жүзеге асыру мақсатында ақпаратты жинау және тiркеу үшiн жүргiзiледi.
2. Профилактикалық есепке алуға, оларға қатысты:
1) қорғау нұсқамасы шығарылған;
2) олардың бос уақытын өткiзуiне шектеу қою және мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу туралы шешiм қабылданған;
3) жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылғаны туралы шешiм қабылданған;
4) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес, сондай-ақ шартты түрде немесе жазасын өтеу кейiнге қалдырылған жаза белгiленген кәмелетке толмағандар қойылады.
3. Профилактикалық есепке алуды iшкi iстер органдары немесе қылмыстық-атқару инспекциясы жүргiзедi.
4. Профилактикалық бақылау профилактикалық есепте тұратын кәмелетке толмағандардың белгiленген шектеулердi сақтауын және жүктелген мiндеттердi орындауын жүйелi түрде байқау болып табылады. Бұл адамдардың құқықтары мен мiндеттерi, сондай-ақ оларға профилактикалық бақылауды жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен айқындалады.
5. Мүдделi адамдар профилактикалық есепке қоюға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шағым жасауы мүмкiн.
6. Iшкi iстер органдары немесе қылмыстық-атқару инспекциясы кәмелетке толмаған адамға қорғау нұсқамасы шығарылған күнi не соттың шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде профилактикалық есепке қойылғаны туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
7. Профилактикалық бақылау профилактикалық есепке алу қолданылатын мерзiм iшiнде жүзеге асырылады. Белгiленген шектеулердiң қолданылу мен жүктелген мiндеттердiң орындалу мерзiмi бiткеннен кейiн адам профилактикалық есептен шығарылып, оған бұл туралы жазбаша нысанда хабарланады.
8. Профилактикалық есептегi қамтылған мәлiметтер кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөнiндегi мiндеттердi шешу шеңберiнде ғана пайдаланылуы мүмкiн.
9. Профилактикалық есепке алуды жүргiзу Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi және Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi айқындаған тәртiппен олардың құзыретi шегiнде жүзеге асырылады.
Ескерту. Заң 19-5-баппен толықтырылды - ҚР 2010.04.29 № 272-IVЗаңымен.
20-бап. Жеке профилактикасы шараларын жүргiзудiң
негiздерi
Егер осы Заңның 19-бабында көзделген мән-жайлар мынадай құжаттарда:
1) соттың үкiмiнде, ұйғарымында немесе қаулысында;
2) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның, прокурордың, тергеушiнiң, анықтау органының қаулысында;
3) шағымдарды, өтiнiштердi немесе басқа да хабарларды тексерудiң нәтижелерi бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесi органының немесе мекемесiнiң басшысы бекiткен қорытындыда;
4) кәмелетке толмағанның не оның ата-анасының немесе заңды өкiлдерiнiң кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасын жүзеге асыратын органдардың, мекемелер мен өзге де ұйымдардың құзыретiне қатысты мәселелер бойынша оларға көмек көрсету туралы өтiнiштерiнде ресми көрсетiлген болса, олар кәмелетке толмағандарға, олардың ата-аналарына немесе заңды өкiлдерiне, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасауға тартып жүрген өзге де адамдарға қатысты жеке профилактикасы шараларын жүргiзудiң негiздерi болып табылады.
Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 176-IV Заңымен.
21-бап. Жеке профилактикасы шараларын жүргiзу мерзiмдерi
Кәмелетке толмағандарға олардың ата-аналарына немесе заңды өкiлдерiне, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасауға тартып жүрген өзге де адамдарға қатысты жеке профилактикасы шаралары кәмелетке толмағандарға әлеуметтiк және өзге де көмек көрсету үшiн қажеттi мерзiмде немесе кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз, панасыз қалуына, құқық бұзушылықтар немесе қоғамға жат iс-әрекет жасауына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды жойғанға дейiн немесе олар он сегiз жасқа толғанға дейiн немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да мән-жайлар туындағанға дейiн жүргiзiледi.
Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 176-IV Заңымен.
22-бап. Өздерiне қатысты жеке профилактика шаралары
қолданылатын адамдардың құқықтары
1. Өздерiне қатысты жеке профилактика шаралары қолданылатын кәмелетке толмағандар, олардың ата-аналары немесе заңды өкiлдерi, сондай-ақ өзге де адамдар Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде кепiлдiк берiлген құқықтармен және бостандықтармен қамтамасыз етiледi.
2. Арнаулы бiлiм беру ұйымдарында, ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарында және Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталықтарында ұсталушы кәмелетке толмағандардың осы баптың 1-тармағында аталған құқықтармен қатар, белгiленген тәртiппен:
1) өздерiнiң арнаулы мекемелер мен ұйымдарға орналастырылғандары туралы ата-аналарына немесе заңды өкiлдерiне хабарлауға;
2) кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесi органдары мен мекемелерiнiң қызметкерлерi қабылдаған шешiмдерге аталған жүйенiң жоғары тұрған органдарына, сондай-ақ прокуратура органдарына, сотқа шағымдануға;
3) өзiнiң құқықтары мен мiндеттерi, ұстау режимi мен тәртiптiк талаптар туралы ақпарат алуға;
4) арнаулы мекемелер мен ұйымдарда, сондай-ақ олардың орналасқан жерiне, тұрғылықты жерiне не тұрмыстық орналасатын жерiне бара жатқандағы жеке қауiпсiздiгiне;
5) iзгiлiктi, адамның ар-намысын кемсiтпейтiн қарым-қатынас жасалуына;
6) саны шектелмеген телефонмен сөйлесулер және кездесулер арқылы отбасымен байланыс жасап тұруға, саны шектелмеген жөнелтiмдер, бандеролдар, сәлемдемелер алуға және хаттар мен жеделхаттар алуға және жiберуге;
7) Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен нормалар бойынша тегiн тамақпен, киiммен, аяқ киiммен және басқа да заттай ризықпен қамтамасыз етiлуге;
8) ата-анасымен не олардың орнындағы адамдармен, туысқандарымен және өзге де адамдармен кездесуге;
9) түнгi уақытта сегiз сағат ұйықтауға, ал үштен жетi жасқа дейiнгi балалардың күндiзгi уақытта қосымша екi сағат ұйықтауға;
10) ұзақтығы кемiнде екi сағат күнделiктi серуендеуге;
11) арнаулы бiлiм беру ұйымдарында және ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымдарында болу кезеңiнде бастауыш, негiзгi орта, жалпы орта, техникалық және кәсiптiк бiлiм алуға;
12) арнаулы мекемелерде белгiленген iшкi тәртiп қағидаларының және ұстау режимiнiң сақталуы шартымен дiни жоралар жасауға;
13) арнаулы мекемелер мен ұйымдарда бар әдебиеттер мен мерзiмдi баспасөз басылымдарын пайдалануға;
14) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуға;
15) өндiрiстiк практика кезеңiнде атқарған жұмысы үшiн ақшалай сыйақы алуға құқығы бар.
Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
22-1-бап. Кәмелетке толмағандардың жеке қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету
Кәмелетке толмағанның өмiрi мен денсаулығы үшiн қатер төнген кезде арнаулы мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлерi оның жеке қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды шұғыл қабылдауға мiндеттi.
Ескерту. Заң 22-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
22-2-бап. Қорғаушыларымен, туысқандарымен және өзге
адамдармен кездесулер
1. Кәмелетке толмағандар арнаулы мекемелер мен ұйымдарға орналастырылған кезден бастап оларға қорғаушысымен оңаша және жасырын кездесуге мүмкiндiк берiледi.
2. Кездесулер арнаулы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерiнiң бақылауымен жүзеге асырылады. Кәмелетке толмағанға тыйым салынған нәрселердi, заттарды және тамақ өнiмдерiн не қылмыс жасауға ықпал етуi мүмкiн мәлiметтер беруге әрекет жасалған жағдайда, кездесулер мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының шешiмi бойынша шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдiктерiнiң ресми өкiлдерiнiң өзi өкiлi саналатын мемлекеттiң азаматы болып табылатын шетелдiк кәмелетке толмағанға баруға құқығы бар.
Ескерту. Заң 22-2-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
22-3-бап. Хат-хабар алмасу
1. Кәмелетке толмағандарға туысқандарына және өзге де адамдарға саны шектелмеген хат немесе жеделхат алуға, жiберуге рұқсат етiледi.
2. Кәмелетке толмағандардың хат-хабар алмасуы арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкiмшiлiгi арқылы ғана жүзеге асырылады.
3. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандардың атына келiп түскен хаттарды тапсыруды, сондай-ақ оның хаттарын адресаттарға жiберудi арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкiмшiлiгi мереке және демалыс күндерiн қоспағанда, хат келiп түскен немесе оны кәмелетке толмаған тапсырған күннен бастап үш күн мерзiмнен кешiктiрмей жүргiзедi.
4. Жақын туысқанының қайтыс болуы немесе ауыр сырқаттануы туралы мәлiметтер кәмелетке толмағанға олар алынысымен дереу хабарланады.
5. Арнаулы мекемелер мен ұйымдардан кеткеннен кейiн кәмелетке толмағанның атына келген хаттар алынғаннан кейiн үш күн мерзiмнен кешiктiрiлмей, оның кеткен жерiне жiберiледi.
Ескерту. Заң 22-3-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
22-4-бап. Өтiнiштердi жiберу
1. Кәмелетке толмағандардың мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, қоғамдық бiрлестiктер мен бұқаралық ақпарат құралдарына жазған өтiнiштерi арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкiмшiлiгi арқылы жiберiледi.
2. Сотқа, прокуратура органдарына және мемлекеттiк органдарға жазылған өтiнiштердi арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкiмшiлiгi жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей адресатқа жiбередi.
3. Өтiнiштерге келген жауаптар кәмелетке толмағандарға қолхат ала отырып хабарланады және жеке iсiне тiгiледi.
4. Құқықтары мен заңды мүдделерiнiң бұзылуына байланысты жазған өтiнiштерi үшiн кәмелетке толмағандарды кез келген нысанда қудалауға жол берiлмейдi. Мұндай қудалауға кiнәлi арнаулы мекемелер мен ұйымдардың лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
Ескерту. Заң 22-4-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
22-5-бап. Тамақтану, тамақ өнiмдерiн және бiрiншi
кезектегi қажеттiлiк заттарын сатып алу
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандар Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын нормалар бойынша тамақпен, киiммен, аяқ киiммен және жұмсақ мүкәммалмен қамтамасыз етiледi.
2. Тамақтану ойын және жатын бөлмелерден бөлек үй-жайларда (асханаларда) жүзеге асырылады.
3. Арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкiмшiлiгi кәмелетке толмағандарға гигиена, санитария және өрт қауiпсiздiгi талаптарына сай келетiн жағдайлар жасауға мiндеттi.
4. Арнаулы мекемелер мен ұйымдар кәмелетке толмағандарға арналған, гигиена, санитария және өрт қауiпсiздiгi талаптарына сай келетiн, сондай-ақ арнаулы мекемелер мен ұйымдардан кәмелетке толмағандардың өз бетiмен кетiп қалу жағдайларын болғызбайтын ойын залдарымен, жатын үй-жайлармен, тамақтануға арналған үй-жайлармен, оқу сыныбымен және серуендеу аулаларымен жарақтандырылуға тиiс.
5. Кәмелетке толмағандар оқу құралдарымен, әдебиетпен, кеңсе заттарымен және мiндеттi орта бiлiм алу үшiн қажеттi басқа құралдармен қамтамасыз етiледi.
Ескерту. Заң 22-5-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
22-6-бап. Медициналық-санитариялық қамтамасыз ету
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкiмшiлiгi белгiленген санитариялық-гигиеналық және эпидемияға қарсы талаптардың сақталуын, кәмелетке толмағандардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Кәмелетке толмағандарға медициналық, оның iшiнде психиатриялық көмек көрсетудi арнаулы мекемелер мен ұйымдардың медицина қызметкерлерi жүзеге асырады.
3. Ауруханаға жатқызу қажеттiлiгi анықталған кезде кәмелетке толмаған тиiстi медициналық ұйымға жiберiледi.
4. Кәмелетке толмағандар дене жарақатын алған жағдайда куәландыруды арнаулы мекемелер мен ұйымдардың медицина қызметкерлерi шұғыл жүргiзедi. Медициналық куәландыру нәтижелерi белгiленген тәртiппен тiркеледi және жәбiрленушiге, аумақтық қорғаншы және қамқоршы органға немесе ата-анасына не оларды алмастыратын адамдарға хабарланады. Арнаулы мекемелер мен ұйымдар әкiмшiлiгiнiң немесе орган басшысының шешiмi бойынша куәландыруды медициналық ұйымдардың қызметкерлерi жүргiзедi.
5. Кәмелетке толмаған ауыр сырқаттанған не қайтыс болған жағдайда арнаулы мекемелер мен ұйымдардың әкiмшiлiгi бұл туралы жақын туысқандарына, прокуратура органдарына, аумақтық қорғаншы және қамқоршы органға хабарлайды. Қайтыс болған адамның мәйiтi патологиялық-анатомиялық зерттеуден, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген iс-әрекеттер жүргiзiлгеннен кейiн оны сұраған адамдарға берiледi.
Қайтыс болып, мәйiтi сұралмаған кәмелетке толмағанды жерлеу бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
6. Кәмелетке толмағанның қайтыс болуы мүмкiн ауыр науқасы байқалған жағдайда медициналық қорытынды болса арнаулы мекемелер мен ұйымдар әкiмшiлiгiнiң кәмелетке толмағанды ұстау режимiн өзгерту туралы, сондай-ақ емдеуден өту үшiн оны денсаулық сақтау ұйымына жiберу туралы мәселе қоюға құқығы бар.
Ескерту. Заң 22-6-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
22-7-бап. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы
кәмелетке толмағандардың мiндеттерi
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандар:
1) осы Заңда және iшкi тәртiп қағидаларында белгiленген арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұстау режимiн сақтауға;
2) арнаулы мекемелер мен ұйымдар әкiмшiлiгiнiң заңды талаптарын орындауға;
3) гигиена және санитария талаптарын сақтауға;
4) өз өмiрiне және басқа адамдардың денсаулығына қауiп төндiретiн қасақана iс-әрекеттер жасамауға;
5) арнаулы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерiнiң ар-намысын қорлайтын iс-әрекеттер жасамауға;
6) арнаулы мекемелер мен ұйымдар қызметкерлерiне өз қызметтiк мiндеттерiн атқаруына кедергi келтiрмеуге;
7) өрт қауiпсiздiгi қағидаларын сақтауға;
8) арнаулы мекемелер мен ұйымдардың мүлкiне ұқыпты қарауға;
9) оқу сабақтарына баруға мiндеттi.
2. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы кәмелетке толмағандарға адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндiретiн немесе қылмыс құралы ретiнде пайдаланылуы мүмкiн не осы мекемелерде кәмелетке толмағандарды ұстау мақсаттарына кедергi келтiретiн нәрселердi, заттарды және тамақ өнiмдерiн өзiмен бiрге ұстауына тыйым салынады.
3. Кәмелетке толмағандарды оқу-тәрбие процесiне және әлеуметтiк оңалтуға байланысты емес iс-шараларға тартуға тыйым салынады.
Ескерту. Заң 22-7-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
22-8-бап. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда ұсталушы
кәмелетке толмағандарға көтермелеу және жазалау
шараларын қолдану
1. Арнаулы мекемелер мен ұйымдарда мынадай көтермелеу шаралары белгiленедi:
1) ауызша немесе бұйрықпен алғыс жариялау, ол кәмелетке толмағанның жеке iсiне тiгiледi;
2) бұрын тағайындалған жазаны мерзiмiнен бұрын алу;
3) грамотамен марапаттау;
4) Құрмет тақтасына енгiзу;
5) тәрбиеленушiнiң жақсы мiнез-құлқы мен оның оқудағы және еңбектегi жетiстiктерi туралы ата-анасына, олардың орнындағы адамдарға не бұрын оқыған жерiне хабарлау;
6) үздiк сыныпқа немесе топқа жалауша, грамота беру;
7) «Үздiк маман» атағын беру.
2. Режимдi және iшкi тәртiп қағидаларын бұзғаны үшiн кәмелетке толмағандарға мынадай жазалау шаралары қолданылуы мүмкiн:
1) ескерту;
2) ауызша немесе бұйрықпен сөгiс жариялау, ол кәмелетке толмағанның жеке iсiне тiгiледi;
3) кәмелетке толмағандардың, топтың немесе сыныптың жалпы жиналысында, ерекше ұстау режимiндегi бiлiм беру ұйымының не арнаулы бiлiм беру ұйымының педагогикалық кеңесiнде талқылау.
Ескерту. Заң 22-8-баппен толықтырылды - ҚР 2010.12.29 N 375-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
23-бап. Осы Заңның орындалу кепiлдiктерi
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесiнiң органдары мен мекемелерi өз құзыретi шегiнде кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етуге, оларды кемсiтудiң барлық нысандарынан, күш көрсетуден немесе психикалық зорлықтан, қорлаудан, дөрекi қарым-қатынастан, сексуалдық және өзге де пайдаланудан қорғауды жүзеге асыруға, өмiрде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағандарды және тұрмысы қолайсыз отбасыларды анықтауға, сондай-ақ мыналарға:
1) прокуратура органдарына - кәмелетке толмағандардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы туралы;
2) кәмелетке толмағандардың iсi және олардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияларға - кәмелетке толмағандардың бiлiм алуға, еңбек бостандығына, демалуға, тұрғын үйге және басқа да құқықтарының бұзылу жағдайлары туралы, сондай-ақ органдар мен мекемелердiң қызметтерiндегi кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алуға кедергi жасайтын кемшiлiктер туралы;
3) қорғаншы және қамқоршы органдарына - ата-аналарының немесе заңды өкiлдерiнiң қамқорлығынсыз қалған не өмiрiне, денсаулығына қауiп төндiретiн немесе тәрбиесiне кедергi келтiретiн жағдайда қалған кәмелетке толмағандар туралы;
4) iшкi iстер органдарына - қадағалаусыз және панасыз қалған кәмелетке толмағандар, тұрмысы қолайсыз отбасылар, құқық бұзушылық немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасаған (жасап жүрген) кәмелетке толмағандар, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қылмыстық қызмет немесе қоғамға жат iс-әрекеттер жасауға тартып жүрген немесе оларға қатысты басқа да құқыққа қарсы iс-әрекеттер жасап жүрген ата-аналар мен өзге де ересек адамдар туралы;
5) денсаулық сақтау органдарына - алкогольдiк iшiмдiктердi, есiрткi құралдарын, психотроптық және адамның психикасына және дене мүшелерiнiң функциялары мен мiнез-құлқына терiс әсерiн тигiзетiн өзге де күштi әсер ететiн заттарды құмарлықпен салынып пайдалануына байланысты тексерiлудi, қаралуды немесе емделудi қажет ететiн кәмелетке толмағандар туралы;
6) бiлiм беру органдарына - балалар үйлерiнен, мектеп-интернаттардан және басқа да балалар мекемелерiнен өз ерiктерiмен кетуiне байланысты не дәлелсiз себептермен жалпы бiлiм беру орындарындағы оқуларының тоқтатылуына байланысты мемлекеттiң көмегiне мұқтаж кәмелетке толмағандар туралы дереу хабарлауға мiндеттi.
Ескерту. 23-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 176-IV Заңымен.
24-бап. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық
бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз
қалудың профилактикасын жүзеге асыратын
органдардың, мекемелер мен өзге де ұйымдардың
қызметiн бақылау
Мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасын жүзеге асыратын ведомстволық бағыныстағы органдардың, мекемелер мен өзге де ұйымдардың қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бақылауды жүзеге асырады.
25-бап. Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар
арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз
және панасыз қалудың профилактикасы
туралы заңдарын бұзғандық үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы туралы заңдарын бұзуға кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Достарыңызбен бөлісу: |