Кендірлі демалыс кешенінің дамуы және туристік ортаның Қалыптасуы



Дата16.06.2016
өлшемі90.3 Kb.
#138929
КЕНДІРЛІ ДЕМАЛЫС КЕШЕНІНІҢ ДАМУЫ ЖӘНЕ ТУРИСТІК ОРТАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Салкынбаева Ф. Д.

О. Тұрмағанбетұлы атындағы Жаңаөзен мұнай және газ колледжі

e-mail: fatima_sd@mail.ru

Туризм қазіргі таңда дүние жүзінде дамыған елдерде экономиканың алдыңғы қатарындағы шаруашылық ретінде танымал.

Туризм түсінігіне ғылыми-теориялық, әсіресе географиялық тұрғыдан нақты анықтама беру әлі де болса толық қарастырылмаған. Халықаралық туристік Академия берген анықтамада (Монте Карло): Туризм – көңіл көтеру, демалу немесе емделу үшін жаяу немесе қандай да бір көлік түрімен жасалатын саяхат.

Маңғыстау облысында туристік кластерді дамыту бағдарламасы бойынша «Кендірлі» туристік демалыс зонасын құру жобасы іске асырылуда, 2005 жылы «IPK International» халықаралық консалтингтік компаниясы және Өнеркәсіп және Сауда Министрлігі бірігіп облыс бойынша туристік кластерді дамыту мүмкіншілігіне зерттеу жүргізген. Еуропадағы өткізілген сұраныс (5 мемлекеттің 3000 тұрғыны) көрсеткендей, сұрастырылған адамдардың 60-63 пайызы Қазақстанның табиғатына, 45 пайызы далалық сафариге қызығушылық білдірді. Сонымен қатар шетел туристеріне Каспий теңізінің жағалаулары да өте аттрактивті көрінеді.Кендірліде суға түсетін маусым жарты жылға дейін болады.

Тарихқа жүгінсек, алғаш рет осы жерді 1714 жылы А.Бекович-Черкасский деген географ картаға түсіріпті. 1873 жылдары орыс әскері Хиуа жорығын осы жерден бастаған екен. Мұнда сол замандарда Форт-Александров – Красноводск аралық байланыс бекеті салынып, балықшы ауылдары қоныс тепкен екен. Қазан төңкерісінен кейін әуелі артель, соңынан ұжымшар құрылып, еңбек көрігі қызған жер болған. Алайда өлкеде өндіріс ошақтары ашы­луына орай кейінгі жылдары олар тарап кетеді. Мұнайлы өлке «қара алтын» өндіре бастағанда 1970 жылдары Кендірліге демалыс, сауықтыру ошақтары салынады.

Елбасының қолдауымен Маңғыстауда инвестициялық ірі жобалар ұзақ мерзімді «Жер-Теңіз-Аспан» ықпалдастырылған бағдарламасына біріктіріліп, жүйелі түрде жүзеге аса бастады. Солардың арасында өндірісті өлке үшін ғана емес еліміздің атағын аспандата түсетіндей «Кереметтей Кендірлі» демалыс аймағындағы халықаралық стандарттарға сай салынатын ондаған құрылыс нысандары да бар.

Табиғаты әсем, құмы таза, суы мөлдір шығанақта 1975-1976 жылдары әуелі мұнайшылар балалары үшін демалыс орындары, одан соң Жаңаөзен мұнайшылары үшін демалыс орындарын салу қолға алынған. Соған орай Жаңаөзен қаласынан 65 шақырым жердегі Кендірліге асфальт жол, жоғары кернеулі электр желісі, су құбыры тартылып, көркі көз тартарлық демалыс үйлері салынып, нағыз жайлы демалыс орнына айнала бастады. Өзінің республикамыздағы теңіз жағасындағы бірден бір келешегі зор туристік кешен болатындығын дәлелдей түсті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары осы жерде Ресей, Орталық Азия мемлекеттері президенттерінің басқосуларын және Шет ел инвесторлары кеңесінің жиынын өткізді.

Үкіметтің 2014 жылғы 19 мамырдағы №508 қаулысымен бекітілген, Қазақстан Республикасында туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес республикада Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан туристік кластерлері құрылған болатын. Соңғы кластерге қарайтын Маңғыстау облысы халықаралық деңгейде туристік ұсынысты дамыту үшін үздік табиғи және мәдени қызығушылықтарға ие. Еліміздің және шетел тұтынушыларының сұранымдарын талдай келе, теңіз жағажайы туризміне, теңіз бойынша круизге, Маңғыстау өңірі бойынша турларға және Ақтау қаласының тұрақты дамуына байланысты бизнес туризміне қызығушылық байқалды. Демек, Қазақ шығанағында халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті жағажай бағытын құру туризм саласының басым бағыттарының бірі болды. Каспий теңізі аумағында демалыс аймағын ашудың қолайлы жағдайының бірі теңіз төңірегінде бәсекелестердің жоқтығы. Бәсекелестік болған жақсы, одан қашпаймыз, әйтсе де Каспий аумағында баламасы жоқ бірегей болғанға не жетсін. Қазіргі таңда жобаны жүзеге асыруға бөлінген 1700 га көлеміндегі жер телімі қандай да бір құрылыстан бос және мемлекеттің меншігінде.

Өңірде Кендірлі курортты аймағын дамыту бойынша отандық, шетелдік инвесторларды тарту жұмыстары жүруде. «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ және «RIXOS» компаниясы тобының арасында төрт және бес жұлдызды 1500 орындық екі қонақүй, көңіл көтеру орталығы құрылыстарын салу туралы келісімге қол қойылды. Аталмыш аймақты электр қуатымен қамтамасыз ету, газбен қамту және автомобиль жолдарының құрылысы сынды сыртқы инженерлік инфрақұрылымның құрылыс жұмыстары жүруде. Өткен жылдың соңында «Окарем-Бейнеу» магистральды газ құбырынан және автоматты газ тарату жүйесінің құрылысы аяқталды. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, трансформаторлық қуаты күшті жаңа кіші стансаның құрылысын бастау, сумен қамтамасыз ету, жолдардың құрылысын салу жұмыстары тұр. «CITIC тобы» қытайлық компаниямен Кендірлі әуежайының құрылысын салу жөнінде келіссөздер жүруде.

Аталған жобаларды жүзеге асыру туризмді дамытудың негізгі тірек нүктесі болып табылады, сондай-ақ, курорт маңына қонақүй, көлік, сауда нысандары, мәдени-сауық мекемелерін шоғырландырып, байланыс, жолдар, т.б. инфрақұрылымның дамуына негіз болмақ. – Көрікті жер, жайлы орында демалу жас таңдамайды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Үкіметтің 2014 жылғы 14 ақпандағы кеңейтілген мәжілісінде Қазақстанда туризмді дамыту, оның ішінде Каспий теңізі жағалауында Маңғыстау облысындағы «Кендірлі» курортының құрылысын жалғастыру және дамытуда жұмыстар жасау, қазақстандықтар үшін, олардың балалар үшін туризмді дамыту қажеттігі туралы атап өткен болатын.

Кендірлі аймағынан туризм басқармасы үшін балалардың денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын салуға 2 га жер телімі бөлінді. Осы жерде спорт инфрақұрылымын дамыту, балалардың толыққанды демалып, сол арқылы денсаулығын нығайтуына жағдайлар жасауды көздеп отырмыз. Бұл шаруалар өңірде балалар туризмін дамытуға серпіліс береді деп күтіледі. Былтырғы жазғы маусымда Маңғыстау облысы аумағында жазғы балалар мен жасөспірімдер демалысын ұйымдастыру бойынша 6 балалар-сауықтыру лагерьлері жұмыс жасады. Маңғыстау облысы білім басқармасының қарамағындағы «Ақбөбек», «Алау», «Волна», «Фламинго», «Шағала», жыл бойы жұмыс жасайтын «Балдәурен» балалар-сауықтыру лагері және Кендірлі аумағында орналасқан «ҚазМұнайГаз» АҚ-тың ведомстволық бағынысындағы «Ақбөбек» балалар-сауықтыру лагерьлері болды.

Өңірде ішкі туризмді, балалар мен жасөспірімдер туризмін, өңірдің инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде туристік нысандарды, оларға апаратын жолдарды жақсарту және жаңғырту – басым бағыттардың бірі. Қазақстанның тарихи-сәулет мұраларының 70 пайызы орналасқан Маңғыстауда 11 мың тарихи ескерткіштер шоғырланған. Бекет ата, Шопан ата, Сұлтан ене жерасты мешіттері, теңіз деңгейінен 132 метр төмен орналасқан туристік керемет ресурс – Қарақия ойпаты, Саура, Тамшалы шатқалдары, Шерқала, Айрақты таулары туристер үшін қызғылықты көріністер болары анық.

Жалпы, өндірістік филиал мұнайшылардың денсаулығын нығайту мақсатындағы жұмыстарды тоқтатқан емес. Алдағы екі жылдың ішінде Жаңаөзенде елу орындық стационары бар медициналық орталық және 250 орынға есептелген балалар сауықтыру лагері бой көтермек. Бұған қоса «Кендірлі» демалыс аймағының бір бөлігі балшық-сазбен емдейтін медициналық-сауықтыру орталығына айналады. Еске салайық, шетелдік кеңесшілер 2020 жылы Кендірлі аймағына келетін туристердің саны жыл сайын 640 мың адамды қамтитынын айтып отыр. Туристердің басым бөлігі Ресейден келеді деп топшылануда. Түркиялық инвестор Rixos Group қазірдің өзінде ынтымақтастық орнату үшін "Самрұқ-Қазына" холдингімен келісімге қол қойды.

Түркияның Анталиясынан кем түспейтін бұл жерге қазірдің өзінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті шетелден келіп демалатындар көп. Жаңаөзен қаласынан – 70, Ақтау қаласынан 210 шақырым қашықтықта орналасқан демалыс орнына 1700 гектар жер бөлінген.

2011 жылдың қыркүйегінде Кендерліде Медикердің медициналық-сауықтыру орталығы ашылды. Мұнда бір жылдың ішінде 3500-ден астам адам денсаулығын түзей алады. Маусым сайын орталықта 1600 адамның демалуына жан-жақты жағдай қарастырылған. Бүгінде меди­циналық оңалту орталығында 70-ке жуық жұмысшы қызмет етеді. Медициналық-сауықтыру орталығы медициналық қызметтер қатарын жыл бойы, үзбей көрсетеді. Онымен қоса аталмыш аймақта дем алып, денсаулығымды түзеймін деген тілек білдіруші жолдаманы «Медикер» медициналық орталығының барлық бөлімшелерінен ала алады.

«Кендірлі» медициналық-сауықтыру орталығы төрт корпустан тұрады. Біріншісі әрі төртіншісі ем шараларын жасау мен физио-бөлмелерге арналса, екінші және үшінші бөлімдері жатын бөлмелерге сай жасақталған. Айта кететін жайт, жатын бөлмелер екі орынды әрі бір орынды болып бөлінеді.

Жақын арада Қазақстан Малайзия және Түркияны тәжірибесін қолдануды жоспарлап отыр. Бұл елдерде туризм аз уақыт ішінде қуатты индустрияға айналған. Мәліметтерге сәйкес, Малайзияға жылына 24 миллионнан астам турист барады. Саладан түсетін табыс мөлшері $20 млрд., бұл 12,5 %-ын құрайды. Ал туристік саланы өзінде елді еңбекке жарамды халының бестен бір бөлігі жұмыс істейді. Бүгінгі таңда туристерді ағымын қамтамасыз ететін басты жобалар белгіленген. Олар елбасының Жолдауында айтылған.

Қазіргі таңда кендірлі демалыс кешенін дамытуда орын алған мәселелер жеткілікті және оларды дамытуға ұсыныстар:

Біріншіден, туристік ресурстарға апаратын жолдарды жөндеп, көлік инфрақұрылымын дамыту, көлікпен жеткілікті түрде қамтамасыз ету туристік ресурстардың алшақтығын жақындастырады. Көлік инфрақұрылымындағы қызмет көрсету деңгейін көтеру қажет. Ақтау қаласын Орталық Азияның ірі айлағына айналдырып, Каспий теңізіне круиз кемелерін салып, өндірістік экскурсиялар ұйымдастырылса;

Екіншіден, ғалымдардың айтуынша, туристік ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру амалдарының бірі туризммен салалас инфрқұрылымдарды дамыту. Мамандардың пікірінше, туристердің 90 % басқа халықтың салт-санасына, дәстүріне, әдеп-ғұрпына қызығушылық танытады екен. Тарихи-мәдени ескертікштерді қайта жөндеуден өткізіп, ескерткіштер бойынша тиімді экскурсиялар жасау қажет.

Маңғыстау облысында туризмді дамытуға кедергі келтіретін мәселелерге тоқталсақ:

- инфляцияның өсуі, әлемдік қаржы нарығының тұрақсыздығы;

- бағдарламаның толыққанды орындалмауы, стратегиялық құжаттардың сапасыз іске асырылуы;

- білікті мамандардың аздығы;

- инфрақұрылымның жеткілікті дамымауы;

- маркетингтік шаралардың жеткіліксіздігі және т.б

Әлемдік телеарналардан Маңғыстаудағы кендірлі демалыс кешенінің әсем жерлері, туристерді қызықтыратын ерекшеліктері туралы деректі фильмдер жасалынуы тиіс.

Кендірлі демалыс кешенінде туризмді дамытудың мақсаты:


  • сапасы, халықаралық туристік нарық жағдайында өндіруге, сатуға және бәсекелестікке төтеп беретін өнім өндіруге және сатуға қабілетті, рентабельді туризм индустриясын құру жолымен туризмді экономиканың табысы жоғары салаға айналдыру;

  • Кендірлі демалыс кешенінің туристік әлеуетін арттыру,

  • тарихи –мәдени және табиғи-рекреациялық ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану;

  • халықтың барлық жіктерінің туристік ресурстарға қол жеткізуін қамтамасыз ету, туристік қызмет көрсетуге деген сұранысты барынша қанағаттандыру;

  • тұрғындардың жұмыспен қамтылуын ынталандыру;

  • мемлекеттік және жеке құрылымдардың туризм саласындағы өзара бірлескен іс-қимылының тиімділігін арттыру;

  • шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту болып табылады.

Италия, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері мен Туркиядағы туристік орталықтар дамуының тәжірибесі айтарлықтай зор. Аталған елдердің туризм индустриясын дамыту негізінде туристік сала инфрақұрылымын, көлікті және қызмет көрсетулер салаларын дамыту жатты.

Туристік орталықтардың белсенді дамуы Италияда (Рим, Венеция, Түркияда (Бодрум, Мармарис, Анталья), АҚШ-та (Лас-Вегас, Гавай аралдары), Египетте (Каир, Гиза, Александрия), Тайландта (Бангкок) байқалды.

Ең біріншіден туристік инфрақұрылымның ең негізгі бағыттарының бірі бұл көлік жүйесі. Көлік түрлерінің дамуы, жолдардың сапасы мен туристердің көлікпен тасымалдануының даму дәрежесіне байланысты. Жолдардың сапасы мен көлік тасымалдануы неғұрлым жоғары болса, көлік түрлерінің дамуы соғұрлым жоғары болады.

Туристік инфрақұрылымның екінші бір негізгі туристерге қызмет көрсетулердің түрі бұл туристерді орналастыру. Ораналастыру туризмнің ең негізгі элементтерінің бірі. Орналастыру индустриясына орналастыру орындар саны, сапасы және онда туристерге көрсететін қызмет көресетулер дәрежесі жатқызылады. Орналастыру орындарына: қонақ үйлер, отельдер, мотельдер, кемпингтер және демалу орындары кіреді.

Енді, туристік инфрақұрылымның тағы бір маңызды қызмет көрсетулердің бірі бұл тамақтану орындары болып табылады екен. Тамақтандыру қызмет көрсету есебімен әрбір туристің физикалық қажеттіліктерін қамтамассыздандырады.

Туристік инфрақұрылымның қосымша қызмет көрсету түрлері: көңіл көтеру индустриясы, танымдық индустриясы, емделу мен сауықтыру индустриясы, оқу индустриясы және денені шынықтыру индустриясын жатқызамыз.

Қазіргі таңда әлемдік экономикада туристік сала – аса жанды және перспективалы салалардың бірі, кейбір елдерде туризм мемлекет кірісінің бірден-бір көзі болып табылады. Бүкіләлемдік туристік ұйымның болжамы бойынша, Қазақстан тұрақты туризмді дамыту үшін болашағы бар елдер сапында. Болашақта кендірлі демалыс кешенін дамыту және әлемнің барлық елдерінен туристерді тартып, сонымен бірге туристік ортаның қалыптасуына еліміздің экономикасының дамуына жағдай жасауымыз қажет.
Әдебиеттер

1 Квартальнов В.А., Романов А.А. Международный туризм: политика развития. – М.: Советский спорт, 1999.



2 Туризм даму туралы семинар материалдары, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, 2013 ж.

3 Александрова А.Ю. Международный туризм. – М., 2002.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет