Әдепкі қайталама, яки анафора (грекше апарһога — биікке шығару) - өлеңнің әр жолы немесе әрбір ой ағымының бір сөзден басталуы. [19, 235]
Кезекті қайталама, яки эпифора (грекше ерірһога — соңынан алып жүру) - өлеңнің әр жолының соңындағы немесе әрбір ой ағымының аяқ жағындағы бір сөздің бірнеше мәрте қайталануы. [3,236]
Ғалым Қ.Жұмалиев анафора мен эпифора жайында: "Анафора - сөйлем басында бір сөздің немесе сөз тіркесінің қайталанып келуі. Өлеңді шығармаларда сөйлемнің әсерлілігін күшейту үшін белгілі бір сөз, сөз тіркесі, жол, тармақ аяғында қайталанады да, эпифора деген атау алады", - деп жазған.[4,135]
Анафоралық және эпифоралық " қайталамаларды сөз колданудың оңтайлы тәсілі ретінде қарастырған академик М.Серғалиев болды. Ол жазушы Ғ.Мүсіреповтің шағын прозасы -әңгімелеріндегі қолданылған қайталамаларды "өзіндік дәстүрі бар тәсіл" деп бағалайды. "Сөйлем басында бір сөздің немесе сөз тіркесінің қайталанып келуі кездейсоқ құбылыс емес. Олар неше рет қайталанып келсе де, тиісті стилистикалық қызмет атқарады. Осындай анафоралық қайталамадагы сөздердің әрқайсысының стилистикалық "жүгінің" салмағы біркелкі болып келе бермейді; әрқайсысының өзіндік қолданылу ерекшеліктері танылып отырады." [5,137] М.Серғалиев анафора мен эпифора поэтикалық шығармаларда ғана емес, прозалық көркем шығармаларда да кездесіп отырады деген пікір берген. Ол осы жайында: "Тегінде, қандай сөйлем болса да — мейлі, өленді сөйлем болсын, мейлі, қара сөзбен келген сөйлем болсын — анафора болуының басты шарты — сол сөйлемнің бірнешеуінің бірдей жеке сөздерден немесе сөз тіркестерінен басталуы болуы керек", - деп жазған.[5,138]
М.Серғалиевтің пікірінше, көркем шығармалардағы анафоралық құбылыстар сөйлем мүшелерінің барлық түрі ретінде келсе, эпифоралық құбылыстарда сөйлем соңындағы сөздердің басым көпшілігі баяндауыш болып келеді. Сондықтан эпифора деп сөйлемнің баяндауышының колданылуын ұғамыз. Өлеңді шығармаларда анафоралық және эпифоралық қайталамаларды сөйлем мүшелері де, сөйлем мүшесі болмайтын жеке сөздер мен сөз тіркестері де тұрғысынан қарастыру жеткілікті болып табылады. [5,141]
Қайталама мәселесі Б.Шалабайдың да еңбектерінде қамтылады. Ол "Көркем проза тілі" атты кітабында: "Шығармада белгілі мақсат көздеп, орынды қолданылған лексикалық қайталамалар көп. Солардың бірі анафоралық және эпифоралық қайталамалар шығарманың көркемдігіне нұқсан келтірмейді, керісінше, текстің көркемдігін арттырып, жазушының дара стилін айқындауға көмектеседі", - дейді. [6,52] Оның пікірінше, анафора мен эпифора жалпы мәтіннің ырғақтық-интонациялық, көркемдік, стильдік бітім-болмысын айқындап тұрады. Ғалым анафоралық және эпифоралық қайталаманың Ғ.Мүсіреповтің шығарма-ларындағы қолданысына талдау жасай келіп, олар шығарма құрылысының ырғақтылығына, әуенділігіне ықпал жасайтындығына назар аударады. "Ырғақтылық - сыртқы әдемілік емес, күшті көркемдегіш әрі мазмұнының оңай ұғынылуына жәрдемші құрал. Өлең құрылысы өзіндік ырғақты, сазды айтылу әуенімен де ерекшеленеді. Ғ.Мүсірепов стиліне тән айрықша ырғақтылық мынадай құралдар арқылы жасалады: авторлық баяндаудағы синтаксистік бірліктердің құрылысы, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, лексикалық және синтаксистік қайталамалар. Көркем шығармадағы лексикалык, қаталамаларды (анафора, эпифора) қолданып, сөйлемнің ырғақтылық әуені бұрынғыдан да күшейе түседі, айрықша екпінді, әуезді болып келеді. Мысалы: "Жылатқан ел, жәбірлеген ел, уатқан ел, еркелеткен ел, сенен ыстық не бар десеңші". Осындағы "жылатқан — уатқан", "жәбірлеген — еркелеткен" деген ұйқасқа құрылған төрт етістікке ел жалпы есімі жеке-жеке тіркесіп, эпифоралық қайталама жасап тұр." [6,66-67]
М.Балақаев пен Е. Жанпейісов "Қазақ тілінің стилистикасы" атты еңбегінде анафоралық және эпифоралық қайталамалар, әсіресе, шешендік өнердің, көркем әдебиеттің өте ұтымды, әрі
әсерлі тәсілінің бірі болады, қайталамалар екі түрлі орайда эмоционалдық-экспрессивтік қызмет атқарады деп санайды. "Анафора қазақ тілінде өленді сөйлемдерде көбірек кездеседі. Мұнда қатар айтылған бірнеше сөйлем, кейде өлең шумағының бірнеше жолы бір сөзден басталады. Сөзді солай қат-қабаттап жұмсау арқылы ойды күшейтуге, әсерлі етуге болады. Эпифоралық қайталамада қатар айтылған сөйлемдердің, өлең жолдарының аяқталуы бірдей болады."[7,178]
М.Балақаев пен Е.Жанпейісов белгілі мақсатпен лайық қайталау бар да, мақсатсыз қайталау бар деп белгілейді. "Мақсатсыз айтылған басы артық сөз көзге шыққан сүйелдей жазу стилін ауырлатып тұрады. Ондайдан безу үшін сөз бен сөзді, жалғау мен сөзді, жалғау мен жалғауды топтастырып, ықшамдау керек, сонда сөзге орын тар болсын, айтқан ойың кең болсын деген мақсат қойылады."[7,179]
Поэтикалық мәтіндегі анафора мен эпифоралардың атқаратын қызмет ауқымы өте кең. Олар бір өлең жолының аясында немесе тұтас бір микромәтінде қайталанып келіп, ойды барынша дәл сол нәрсеге, белгілі затқа аударуды мақсат етеді. Әсіресе, бір өлеңнің аясында бір сөздің бірнеше қайталануы оқырманға заттың, оқиғаның негізгі ұйтқысы болып тұрған сөзді терең жеткізу амалынан туындайды.
Қайталама — мәтін құрылымымен тығыз байланыста болатын құбылыс. Мәтін бар жерде оның құрылымын жетілдіретін қайталамалардың қолданылып отыруы — табиғи нәрсе. Мәтін -мазмұн мен құрылым жағынан аяқталған категория. Мәтіннің мазмұнын мәтін семантикасы десе, оның құрылымын мәтін композициясы деп атайды. Олардың бөлшектенуі — мәтін архитектоникасы деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |